1867-1869 жылдардағы реформалар арқылы әскери сот комиссиялары мен уездік соттар құрылады, сонымен бірге отарлау саясатына бейімделген билер соты мен қазылар соты сақталады. Дау жанжалды шешкенде, билер соты әдеттегі құқық мен шариғат нормаларына, ал қазылар соты тек шариғат ережелеріне сүйенді.
Мұсылман халқы тығыз орырықшы және көшпелі ауылдарда ғы істі қарайтын халық соттары құрылып, халық өкілдері жасаған қылмыстардың кез-келгенін қарай алатын еді. Сөйтіп, халық соты сол кездегі сот жүйесіндегі төмендегі сатысы болды, жергілікті істерді шешеді. Әрі қылмыстарды обыстық соттар мен мировой судьялар шешті. Сотқа тергеушілері мен мировой судьяларның көмекшілері дайындап беретін. Прокурорлық бақылауды облыстық прокурор мен облыстық танымдағы орынбасары атқарды. Облыстық сот председательдерін әділет министрінің ұсынысы бойынша императорлық өкімет тағайындады. Осы кезеңдегі айтылған өзгерістердің қазақ тілінің лексикалық қоры заңдық ұғымды білдіретін жаңа терминдермен молықты. 1822 жылғы қазақ жерін билеу туралы ережеге байланысты енген кейбір құқықтық мәнді білдіретін сөздер енді ескіріп, историзмге айналды. Сонымен бірге біраз терминдердің қолданнылу аясы кеңіп, терминдік тар шеңберден шығып, жалпы халықтық мәнге ие болды. Қарыз, ақсақал, куә, арыз, шығын, ұры т.б осы тектес сөздер бұл күнде терминдік жүйеден шығып жалпы халықтық лексикалық қордан орын алған.
Осы тұста терминдік мағынаға ие болған мынандай байырғы сөздерді атауға болар еді; дау, бітім, салауат (кешірім), береке бітім, билік, айғақ, куәлі, құн, қалың мал, дүре, жаза, даукер, жауапкер т.б Олар мынандай терминдік дара мағынада қолданыла бастады, айғақ – свидетель, айып – обвинение, жаз – наказание, даукер – потерпевший, жан беру – присягнуть, куәлік – свидетельство, бітім – мир, билік – решение, құн – вид наказания т.б. XIX ғасырда жаңа реформаға сәйкес сот жүйесінде кінәлілерге тағылатын айып пен жазаның түрі мен мазмұны да өзгерді. Мысалы, бұл кезде: билік ат, түйе бастаған бір тоғыз, ат-шапан, ат-шапан айып сияқты жазаның түрлерін білдіретін сөздер заң тенминдері қызметін атқарды. Осы уақыттан бастап сот, судья терминдерінің мағыналық жігі ажарап, даралана бастады. Сот заң ісімен айналасатын мекеме болса, судья заң ісін жүргізетін адам деген ұғымдарды білдіретін болды. Бірқатар етістік сөздер терминдік мән алды: ағарды – был оправдан, күйеді – признается виновным, мойнына түсу – быть виновным т.б
Бұл жылдары, әсіресе, орыс тілінен ауысып келген заң терминдерін көптеп кездестіреміз. Ол сөздер қазақ тілінен фонетикаға сәйкес дыбыстық пішіні өзгертіліп қолданылды; кәтелешке, паспұрт, болыс, майыр, ояз, жандарал, жераба т.б. Бұл кезеңде енді бір топ сөздер қазақ тіліне орыс тілінен дәлме-дәл аудару жолымен енді де, кейін тұрақты заңдық термин болып қалыптасып кетті: іс – дело сөзінің аудармасы, тінту – обыскать, қараңғы үй – темница т.б. Кей кездерде орыс сөздерін қазақ тіліндегі баламасымен жарыстыра қолданушылық та кездесіп қалады: Мысалы, закон – заң, посредник – делдал, уголовный іс – қылмысты іс, назначение – арнау, бекіту т.б
Осы кезде терминдік мән алған "төре" сөзі көбінесе "алу", "беру", "жеу" етістіктерімен тіркесіп жаңа құқықтық ұғымдарды білдіре бастады: пәре алу, пәре беру, пәре жеу. Бұл сөз бұрын бір заттың (нәрсенің) бөлігі деген мағынаны білдірген. Ол бұл мағынада тарихи әдебиеттерде ғана қолданылады. Ал түрік тілінде ақша деген ұғымда айтылады. Қылмыстың бір түрін білдіретін "пәре" термині осы соңғы мағынадан өрбісе керек.
Сонымен,XIX ғасырдың екінші жартысында әкімшілік билеудегі сот ісіндегі өзгерістердің нәтижесінде төре, сұлтан, би сөздері қолданылудан шығып, оның орнына болыс, ояз, старшын, майыр, начальник, жандалар, урядник, сражник мировой судья, т.б терминдер пайда болды. Сондай-ақ сияз (съезд), приговор, протокол, губерния, уйез сөздері де заңдық ұғымдарын білдіре бастады. Тағы да осы кездегі тұрмысқа, шаруашылықта, капиталистік қатынастардың өркен жайып өсуіне байланысты, сауд ісінің кең құлаш сермеуінің нәтижесінде осы бағытта құқықтық жағынан қорғайтын заңдар пайда болып, сол ұғымдарды білдіретін терминдік атаулар қалыптасты: алыпсатар, қарыз, борыш, пұл, көтерме сауда, шығын, саудагершілік, жәрмеңке, өсімтарлық, кіріс, үлкен, сарапшы, сауда басқармасы т.б. Бұл атаулардың барлығы да жалпыхалықтық лексиканың негізінде жасалады, содан барып терминдер тобына өтті. Осы кезеңде "қорытынды”, "түсініктеме”, "тәртіп”, "мәлімет”, "жала”, "айыптау үкімі” т.б. осы тәріздес сөздер жаңа мағынада қолданылып заңдық ұғымды білдіруге қызмет етті. "мөр”, "штамп”, "акт”, "подлог”, "әскери қылмыс, "сайлау документтері”, "тізім”,"шарт”, "статья” тәріздес бір топ сөздер де терминдік мәнде халыққа тез тарап кетті.
Сонымен Қазан (1917 жылғы) төңкерісіне дейінгі заң терминдерінің жайы туралы айтылғандарды қорытындыласақ мынандай тұжырым жасауға болады:
а) Бұл уақытта ана тілімізде қолданылған заңдық ұғымдарды білдіретін сөздердің ерекшелігіне қарай олардың қалыптасуының үш кезеңін көрсетуге болады: Бірінші кезең – қазақ хандарының дәуірі. Бұл кезде құқық қорғау мәселесін, әр түрлі дау-шарларды елден шыққан би мен қазылар шешті, олар қараған мәселесін бұрыннан ел ішінде қалыптасқан әдет-ғұрып заңдары мен хандар шығарған заңдарды басшылыққа ала отырып, өз шешімдерін хабварлайтын еді. Сондықтан да қажетті заңдық ұғымды білдіретін атаулар әдет-ғұрып ұғымының негізінде, хандар құжаттарында (”Есім ханның ескі жолы”, ”Қасым ханның қасқа жолы”, ”Тәуке ханның жеті жарғысы” т.б) кездесетін лексималар негізінде қалыптасты. Бұл кездегі атаулардың көп дені қазақтың төл сөздері еді. Екінші кезең 1731 жылдан, яғни Қазақстанның Ресейге қосылуынан басталып, XIX ғасырдың 60 жылдарын қамтиды. Сондықтан да бұл аралықтардағы заңдық ұғымда тек қазақтың төл сөздері ғана емес, сонымен бірге орыс тілінен енген атаулар да пайда болды. Үшінші кезең (XIX ғасырдың екінші жартысында 1917 жылдың Қазан төңкерісіне дейін) империялық отарлау саясатын іске асыру бағытында жүгізілген бірқатар әлеуметтік реформалар іске асырылды. Оның ішінде сот ісін жүргізудің тәртібін, жаңа сот құрылысын белгілеген реформалар да болды. Бұл – қазақ тілінде осы кәсіпке байланысты жаңадан терминдік мәнге ие болған сөздер тобының дараланып шығуына үлкен әсер етті.
Бұл кезеңдерде елдегі біраз даулы мәселелерді шариғат заңымен шешуге де жол берілді. Мұның өзі сол уақыттағы заң терминдерінің кейбіреуі араб тілінен енген сөздер болуына жол ашты.
ә) Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ тілі лексикасындағы заңдық ұғымды білдіретін сөздер болды, дегенмен, олар ана тіліміздің лексикалық құрамынан белгілі жүйеге негізделеген терминдік топ құра алмады, оған әлеуметтік жағдай да жоқ еді (құқықтық мекемелер, ғылым, құқықтық оқу орындары т.б).
2 Қазақ және ағылшын тілдеріндегі құқық терминологиясының құрылымдық-семантикалық ерекшеліктері
2.1 Қазақ тіліндегі заң мәтіндерін талдау
“Тіл туралы” Заңның 4-бабында “Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін және іс қағаздарын жүргізу тілі”, – деп жазылған. Бірақ осы қағиданы ойдағыдай жүзеге асыруда мемлекеттік органдарда нақты әрекет тіпті жеткіліксіз [1, 25].
Үкімет мыңдаған заң жобаларының бірде-біреуін мемлекеттік тілде ұсына алмады. Республиканың мемлекеттік органдары мен ұйымдарында заң, ресми құжаттар және барлық қаулы-қарарлар мемлекеттік жауапты адамдардың ойланып-толғанып, тікелей араласуымен жазылмай, орыс тілінде дайындалады. Ресми құжат дайындау ісіндегі мемлекеттік тілдің жай-күйіне нақтырақ тоқталайық.
Ресми құжаттарды әзірлеу ісінде кеңес дәуірінен қалған тәртіп, яғни орыс тілінің үстемдігі бәз-баяғынша сақталып қалса да, енді оның қазақша нұсқасының болуы міндетке айналды. Жалпы, тәуелсіздігіміздің тарихымен есептесек, 90-шы жылдардың алғашқы жартысын ресми аударма дамуының бірінші кезеңі деп айтуға болады. Құжаттың қазақша аудармасы бар ма, бар деген ыңғайда оның сапасына онша мән берілмеуі, аудармашының авторлық стилін ескеру осы кезеңге тән құбылыстар.
Уақыт өте ресми құжаттың, оның ішінде заңнаманың өзіне тән бұлжымас ортақ стилі болатыны, құқық қолдану мәселесі құжат тілін әркімнің стиліне салуды көтермейтіні анықтала түсті. Ресми аударманың көркем аудармадан басты ерекшелігі де осында еді.
90-шы жылдардың одан кейінгі жартысын қамтыған екінші кезеңде аударманың сапасы мен мағынасына мән беріле бастады. Терминкомның жұмысы жанданып, терминологиялық қорымыз біршама байи түсті. Бұл кезеңнің бір кемшілігі – мемлекеттік тілдегі құжаттар заң терминдері мен атау сөздердің баламаларын сынап көретін эксперименттік алаңға айналды. Ол тәжірибені ресми аударманың дамуында орын алған кемшілік десек те, бұл сол кездегі қажеттіліктен туындап еді. Қоғамдық өмірдің сан саласында жоғары қарқынмен жүргізілген реформалар нәтижесінде тілдік айналымға күн санап көптеп енген жаңа сөз тіркестері мен сөз орамдары ғылыми-теориялық, заңгерлік сараптамалық тұрғыдан жүйелі сараптаудың болмауы салдарынан аудармашыны осылайша өз бетінше әрекет етуге мәжбүр етті. Заң нормаларының практикада қолданылуында қиындық туғызатын бұл жағдайдан әлі де толық арыла алмай отырмыз.
Қазіргі кезеңді ресми аударма дамуының үшінші кезеңі деп айтуға болады. Бұл терминдерді бір ізге түсіріп, бұрын жаңсақ қолданылғанын түзету, олардың мағынасына көңіл бөлу кезеңі [2, 87].
Осы жерде тағы бір тоқтала кететін маңызды мәселе: бізде ресми аударма ісі, әйтеуір тілден хабары бар ғой деген ниетпен, негізінен журналистер мен филологтарға жүктелген. Ал өз басым заңның мәтінімен жұмыс істейтін адам міндетті түрде заңгер болуы керек, тым болмаса ол құқықтың әр саласынан хабардар болуы керек деп ойлаймын. Өйткені, майталман аудармашы-журналистердің өзі заңның мәтінімен жұмыс істеуге келгенде, сол заңның табиғатын түсіне алмай қиналады. Әрине, бұл олардың кінәсі емес. Бүгінгі күнге дейін солай болып келді, қазір де солай. Сөздің мағынасын жете түсініп, қазақи ұғымға сай сөйлем құрғанымен, әр заң мен құқықтық актіде норма болатынын, әр сөздің болмаса да әрбір сөйлемнің норма жүгін арқалап тұратындығын кез келген аудармашы түсіне бермейді. Ал оны аңдамаған адам қазақшаға еркін аударып, немесе тігісін жатқызып редакциялап, бір қарағанда әп-әдемі, бас-аяғы дұрыс сөйлем құрғанымен, орыс тіліндегі түпнұсқамен салыстырып, заң шығарушының не айтпақ болғанын зерделегенде, оның айтпақ ойын, яғни норманы бұзып алатын жағдайлар да аз емес. Сондықтан заң мәтінімен жұмыс істейтін аудармашы да, редактор да оның табиғатын түсінетін адам, яғни заңгер болуы керек [2, 102].
Қоғамдық қатынастардың бір немесе бірнеше ұқсас саласын реттейтін заңдық бір норманың мәтіндік, редакциялық жағынан өзгеріске ұшырамай, қалыптасқан шаблон секілді қайталанып келуін тезаурус деуге болады. Өкінішке қарай, біздің мемлекеттік тілдегі заң мәтініне тезаурус тән емес.
Тезаурусты былай қойғанда, мемлекеттік тілдегі заң мәтіндерінде терминдер мен атау сөздердің жарыспалы баламаларынан аяқ алып жүре алмайсыз. Тезаурус туралы терминдер бір ізге түсіп, әбден қалыптасып болғанда ғана айтуға болады. Әзірше әңгіме оның алғышарты ретінде терминология туралы болмақ.
Бұл мәселені қозғағанда біз терминдерді ұлттық заңнама терминологиясы шеңберінде қарастыратынымызды бірден айтып өтуіміз керек. Өйткені, заңдар қоғам өмірінің барлық саласын реттейтін жоғары құқықтық акт болып табылады. Сондықтан заңнама терминдері қоғамның тіршілік-тынысының барлық саласын қамтиды. [3,101].
Ұлттық заңнама терминологиясында шешілмей жүрген бірқатар өзекті проблемалар бар. Оның біріншісі – нормативтік-құқықтық актілердегі атау сөздердің, терминдердің бірізділігі проблемасы. Нормативтік құқықтық актілер жобаларының орыс тілінде әзірленуі, Парламентке келіп түскенше осы жобалардың сол тілдегі мәтіні ғана пысықталып, ал қазақ тіліндегі аударма нұсқасының назардан тыс қалуы, депутаттық жұмыс топтарында да жобамен жұмыстың негізінен орыс тілінде жүргізілуі, жалпы алғанда ұлттық заңнама тілінің, оның терминологиясының орыс тіліндегі нұсқаға байланып қалуы ұлттық заңнаманың тілі мен терминдеріндегі бірізділіктің сақталмауына себеп болып отыр. Тиісті сала маманының, заңгердің тезінен өтпеген ұлттық термин алды-арты, кейінгі қолданылу жағдайы болжанбай, жалғыз аудармашының ой-өресіне байланып, бір қайнауы ішінде, шала-шарпы күйінде кетіп жатады.
Мәселенің түйіні нормативтік құқықтық актілер жобаларын қазақ тілінде әзірлеуде жатыр. Сонда ғана бірнеше сатыда алуан түрлі мамандар талқысынан өткен әмбебап терминдер қалыптасар еді. [3,120]
Кеңес өкіметі тұсында ұлттық терминологиямыз интернационалистік принциппен дамыды. Түбірі сақталып, жалғауы орысшаға бейімделіп өзгертілген халықаралық терминдер, атау сөздер біздің тілдік ортамызға сол күйінше еніп кетті. Бірнеше ұрпақ сол терминдердің тілімен оқып, бұл сөздер әбден құлаққа сіңісті болып қалды. Енді кеп біз оларды жаппай аударуға көштік. Жөні келсе аударған дұрыс, әрине. Бірақ, өкінішке қарай, терминді, атау сөзді аударған кезде көпшілік жағдайда оның кез келген сөз тіркесіндегі әмбебап мағыналық принципі, яғни терминнің аудармасына деген академиялық көзқарас сақталмады. Көпшілік жұрттың оны қалай қабылдайтыны, аударма терминнің тілдік ортаға сіңісу мәселесі ескерілмеді. Содан келіп бір сөзді бірнеше нұсқада аудару проблемасы пайда болды. Академиялық көзқарас соңғы жылдары қаптап кеткен сөздіктерде де сақталмаған. Осыған байланысты академик Ә. Қайдаровтың сонау 90-шы жылдардың басында айтқан: “Қазақ тілі терминологиясы әр түрлі жағдайларға байланысты бүгінде дағдарысқа ұшырап отыр: оның ғылыми принциптері жаңа үрдіске бағыт-бағдар беріп, алда жүріп отырудың орнына артта қалып, термин практикасы аяқ асты болып бара жатыр. Осының салдарынан әркімнің өз білгенінше термин жасауы немесе оны ауыстыруы, алмастыруы тәрізді бейберекет әрекетке (анархия) жол беріле бастады”, – деген сөзі бүгінгі күні күрделі проблемаға айналып, алдымыздан шығып отыр. [4,174]
Осы орайда Терминкомға мемлекеттік мәртебе берілсе, біздің жұртшылыққа тарап, қоғамдық пікір туғызатын ресми құжаттарымыз бен баспа басылымдарымызда бұрыннан екшеліп, електен өтіп, қалыптасқан сөздер мен тіркестерді әркімнің өз бетінше бұрмалап жазуына, жаңа сөздердің баламасын долбарлап жасай салуға да жол берілмес еді-ау деген ой келеді.
Тіліміздегі, оның ішінде ұлттық заңнамадағы терминдерді бір ізге түсіруіміз қажет. Бұл – елдігімізге сын. Ол үшін терминдерді ретке келтіріп алу керек. Содан соң халықаралық теорияның қазіргі принципіне сай терминдерді стандарттау және өзара үйлестіру жұмысына көшуіміз қажет. Себебі, біз халықаралық құқық теориясынан, оның терминологиясынан тыс қала алмаймыз. [5-48б]
Үлкен қиындық туғызып жүрген проблеманың бірі – мемлекеттік тілдегі терминдік қордың әлі жеткілікті деңгейде қалыптаспағаны. Еуропаны айтпағанда бұрынғы ТМД елдерімен салыстырғанда да біз бұл жөнінен көп кенжелеп қалғанбыз. Мысалы, Балтық жағалауы елдерінде мемлекеттік терминология комитеттері бекіткен терминдер саны 200 мыңға таяу болса, біздегі бекітілген терминдер одан шамамен он есеге жуық аз екен. [6,98]
Терминология бүгінгі күні ең күрделі және проблемасы көп сала. Қазір жарыса шығып жатқан жаңа сөздер көп. Сөздіктердің өзі ала-құла. Кәсіби, салалық, ғылыми терминдердің әр жерде әр түрлі жазылуы бәрімізді де жаңылдырады. Заң, медицина, техника, экономика, әлеуметтану, саясаттану, тағы басқа салалардың өзіне тән терминдері мен атау сөздерін бір ізге түсіру де әлі басталмаған жұмыс.
М. Ізімұлының 1999 жылы шыққан “Заңи терминдердің түсіндірме сөздігі” деген еңбегінде “неустойка” сөзі “тұрақсыздық айыбы” (210-бет) деп алынған. Алайда бұл сөз 2000 жылы шыққан 31 томдық сөздіктің “Юриспруденция – Заңтану” атты 30-томында “айып төлеу” (261-бет) деп алынған. “Айып төлеу” дегеніміз “оплата штрафа” емес пе? Ал енді 2009 жылы жарық көрген “Заңдарда жиі қолданылатын терминдер мен сөз тіркестерінің қазақша-орысша және орысша-қазақша сөздігінде” аталған сөз “айып төлеу”, “айыпақы” және “тұрақсыздық айыбы” деп үш түрлі аударылған (13, 299-беттер); [7,300]
Соңғы қабылданған заңдарда “недоимка” сөзі “бересі” деп алынып жүрсе, “Юриспруденция – Заңтану” сөздігінде “алашақ” (257-бет), ал Заңдарда жиі қолданылатын терминдер сөздігінде екі түрлі, атап айтқанда, 37-бетте “сумма недоимки – бересі сомасы”, ал 295-бетте “толық төленбеген төлем” деп алынған.
М. Ізімұлының сөздігінде “доказательство” сөзі “дәлелдеме” деп алынған (115-бет). Оны Терминком да солай бекіткен. Ал Заңдарда жиі қолданылатын терминдер сөздігінде “айғақ” деп аударылған (12-б). “Айғақ” дегеніміз – “показание”, мысалы, осы сөздіктің 325-бетінде “показание” – “айғақ” деп, ал 249-бетінде “доказательство” деген сөз “дәлелдеме” деп алынған. Ресми құжат аудармашылары басшылыққа алатын бір сөздікте бұл сөздің осылайша екі түрлі алынуы өкінішті-ақ. [7-249б]
Енді “осмотр”, “обследование”, “проверка”, “расследование” сөздері жөнінде. “Юриспруденция – Заңтану” сөздігінде “осмотр” – “қарау” (273-бет), “обследование” – “тексеру” (265-бет), “расследование” – “тергеу” (309-бет) деп алынғанына қарамастан, заңдарда жиі қолданылатын терминдер сөздігінің 172 және 311-беттерінде “осмотр”, “обследование”, “проверка”, “расследование” деген сөздер “тексеру” деген бір ғана сөзбен аударылыпты. Мұндағы “тексеру” дегеніміздің өзі “проверка”. Аталған жағдай тәжірибесі аз, жас аудармашыны шатасуға ұрындырады. Осындағы “осмотр” сөзін – “қарап тексеру”, “обследованиені” – “зерттеп тексеру” деп бекіткен жөн болар, “расследование” дегеніміз бұрыннан “тергеу” емес пе. [7,311]
“Юриспруденция – Заңтану” сөздігінің 322-бетінде “соучастие” деген сөз “қатысу” деп аударылған. Ал “қатысу” дегеніміз “участие”. Сонда “участиенің” “соучастиеден” айырмашылығы болмағаны ма. [7,322]
Ал “процесс” сөзінің, қарап отырсақ, кездеспейтін саласы жоқ. Жаратылыстану ғылымында да, гуманитарлық салада да, құқық теориясы мен практикасында да кездеседі. Мағыналық ауқымының кеңдігіне орай бұрын “процесс” деп алынып жүрген осы сөзді Терминком таяуда ғана “үдеріс” деп бекітті. Түбірі қазақ тіліндегі “үдеру” деген сөзден шығатын осы “үдерістің” “процеске” мағыналық жағынан тура балама бола қоярына күмәніміз бар. Жалпы, қандай сөзді алсақ та ол алдымен санада сәулеленеді, яғни белгілі бір құбылыстың, нәрсенің бейнесін береді. Ал “үдеріс – үдеру” деген сөз Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіндегі “үдере көшу” тіркесінен түсінетініміздей, жаппай әрі асығыс жасалып жатқан “үдере көшу” сияқты қарбалас тірлікті көз алдымызға әкелмей ме. Орыс тілінде “процестен” туындайтын “процессуальный” деген сөз бар. Егер “процесс” сөзі “үдеріс” деп алынатын болса, соған сәйкес “процессуальный” дегеніміз “үдерістік” деп аударылады. Сонда “Уголовный процессуальный кодекс” – “Қылмыстық үдерістік кодекс” (үдеру кезеңіндегі кодекс), “процессуальное положение” – “үдерістегі жағдай” (үдеру кезіндегі жағдай), “процессуальные документы” – “үдерістік құжаттар” (үдеру кезіндегі құжаттар) деген тіркестердегі “үдеріс” деген сөз “процестен” өзгеше, мүлдем басқа ұғымға жетелеп тұрған жоқ па. “Процесс” сөзінің осы баламасы жөнінде әлі де жақсылап ойлану керек секілді. Бұл сөз де ендігі жерде әр сөздікке әртүрлі формада кіріп, жарыспалы терминдер қатарын көбейте ме деп қорқамыз. [7,349]
Құрылыс саласындағы “строительство”, “сооружение”, “строение”, “постройка” сөздері көбінесе “құрылыс” деген бір сөзбен алынып жүр. “Сооружение” деген сөзді жеке кездессе “ғимарат” деп, ал осы сөздің тікелей баламасы “здание” деген сөзбен қатар кездессе “құрылыс” деп, ал егер “строительство”, “здание”, “сооружение”, “строение”, “постройка” деген сөздер қатар кездессе, әркім әртүрлі амал жасап, өз бетінше аударып келеді. Осы күнге дейінгі бірде-бір сөздікте аталған сөздерге жеке-жеке балама тауып, бекіту әрекеті жасалған емес.
Мұндай жағдай заң мәтінінің аудармасы немесе терминдері жөнінде дау туа қалса, ең алдымен сөздіктерге жүгінетін заң шығарушыны, яғни депутаттар қауымын бір ұғымның бірнеше атауымен “қаруландыруға” “көп көмегін” тигізіп жүр.
Бұл жерде де Терминкомның рөлі жөнінде айтпай кете алмаймыз. Алдымен осы органға мемлекеттік мәртебе берілуге тиіс. Өйткені, оның шешімдерінің міндетті күші болуы қазір аса зәру мәселеге айналып отыр. Бұл туралы тілдерді дамытудың қазір қолданылып жүрген бағдарламасында да, Мемлекеттік хатшы терминология мәселесі жөнінде 2007 жылы өткізген жиынның хаттамалық тапсырмаларында да айтылған. Бірақ әлі күнге нәтиже жоқ.






