Негізгі қаралатын мәселелер:
1. Ығылман Шөрекұлының шығармашылық өмірбаяны.
2. ХІХ ғасырдағы Ұлт – азаттық қозғалысы.
3. «Исатай-Махамбет» дастаны.
Тапсырмалар:
1. Ығылман Шөрекұлы шығармашылығының зерттелуін зерделеңіз.
2. «Өзім туралы» өлеңін талдаңыз.
3. «Исатай-Махамбет» дастанының сюжетін айтыңыз.
4. Махамбет Өтемісұлы жайлы деректер келтіріңіз.
5. Исатай Тайманұлы басқарған тарихи оқиғалар жайлы айтыңыз.
6. Махамбеттің Жәңгір ханға айтқан сөздерін жатқа айтыңыз.
7. Жәңгір хан жайлы айтыңыз.
Сұрақтар:
1. Ығылман Шөрекұлы қай жылы дүниеге келді?
2. Ақынның өлеңдерін атаңыз.
3. Ақын қанша жасынан хат танып, өлең шығара бастайды?
4. Ақын өлеңдері қай жерде, қандай журналда жарияланған?
5. Ақын «Исатай-Махамбет» дастанын қай жылы шығарды?
6. «Исатай-Махамбет» дастаны қандай тарихи оқиғаны қозғайды?
7. «Исатай-Махамбет» дастаны қанша бөлімнен тұрады?
Ығылман Шөрекұлы «Исатай-Махамбет»дастанын өмірінің соңғы кезеңінде жазған.Ақынның бұл дастаны ғалым-әдебиетшілер тарапынан жоғары бағаланды. Б.Кенжебаев: «Исатай-Махамбет» - халқымыздың тарихында елеуі кезең болып табылатын, көтерілісті баяндайтын тарихи поэма. Поэмада Исатай, Махамбет бастаған осы көтеріліс тарихи мәліметтер негізінде шындық тұрғысынан суреттеледі»,- десе, Б.Аманшин: «Ығылман соңғы екі ғасыр тоғысындағы қазақтың халық поэзиясының көлемінің қомақтылығымен, идеялық–көркемдік салмақтылығымен ерекшеленетін «Исатай-Махамбет» дастанын дүниеге әкелді. Онымен тепе-тең түсетін шығарма кемде-кем»,-деген баға береді. Х.Досмұхамедұлы: «Исатай-Махамбет» қазақ әдебиетіндегі тарихи поэмалардың көлемдісі де көркемі, асыл маржаны»,- деп өз пікірін білдіреді.
Ақын поэмасын Исатайды таныстырумен бастайды.Оның арғы-бергі ата-бабаларын тізеді,жаз жайлау,қыс қыстау қоңыстарына дейін айтып өтеді.Сосын барып батырдың өз басының дара қасиеттерін сипаттайды.
Әділдігін сұрасаң:
Қастаспаған момынға
Жәбір-жапа қылмады.
Қайсарлығын сұрасаң,
Бөксе бұрып орнынан
Хан келсе де тынбады...
Мұндағы мақсаты-оқырманның назарын бірден-ақ Исатайға аудару еді.Оның әр жастағы әрекеттері де айтылады.Нарын жері жайлы терең толғанға келсе,осы жер үшін қолына найза алған Исатай мен Махамбет,Ерсалы,Қабыланбай,Есенқұл,Үбі,Таңатар тәрізді тарихтағы қазақ батырларының есімдері аталады.Дастанның жазылу мақсаты да осы ерлердің есімін тарихқа қалдыру,елге таныстыру екенін ақын өзі де айтып кетеді.
Сөз білгенге борыш деп,
Шықпаққа даңқы өрістеп,
Ерлерімді ескерттім,
Бәйіт етім өлеңмен.
Қалдырмаққа тарихын
Таныстырып ел-елмен...
Ел қамын жеген ерлердің
Сөз білген жанда хақы бар,
Жоқтаған күнде арымды...
Исатай батыр тұсында елді Жәңгір хан билейді.Хан қарауында отыз мың үй,сексен мың жаны бар.Халықтан мал салығы,хан салығы деген болады.Әр руды би билейді.Хандықта діңнің орны жоғары еді.Беріш руының биі Балқы би болды.Би халықты емес,ханды жақтайды.Халықпен хан арасы бұзылады.Билік тізгіні қожа,төре,молдаға берілгендіктен халық наразы болады. Тек бұл ғана емес,Еділ бойына қала салынып,бекініс орнатуы,Жайық бойына қазына жері деп жолатпады,міне патшаның қылғаны аз болғандай қалған шұрайлы жерді хан-төрелер меншіктеп алды.Сөйтіп әділ ханы болмағаны аздай, жерінен де айырылады.
Ақын осының бәрін тізе келіп,халықты ханға қарсы көтеріліске шығуына әкеп тірейді.
Сол қорлыққа күйініп,
Съезге қазақ жиылып,
Исатай менен Махамбет,
Ханға қарсы көрінді...
Дәукерлерді айдады
Хан алдында бұйырып,
Бір-екеу ханға жүгінді,
Құлдық қылып иіліп,
Бірі пақыр,бірі мырза.
Мұңдарын айты қиылып.
Батыр ханның әділетсіздігін бетіне басады.Хан да Исатайға: Исатай, жөнсіз ер ме едің?Арданы сендей көрмедім,-дегенде,Исатай «Арда» деп мені сөккенде анаңа барма шөккеннім деп салады.Міне,бар жанжал осыдан басталады.Хан менің анама тіл тигізді деп батырға алпыс атан айып төлетеді.Бұған қатты ашуланған,намыс көрген Исатай батыр әскер жиып Ордаға қайта оралам деп уәде етеді.Айып тартқаны-сүйегіне таңба салынғаны.Сөйтіп,Исатай,Махамбет,Жүніс,Қабыланбай бастап бір мыңдай кісі жол жиып Орданы шаппақ болады.
Махамбет,Үбі,Таңатарлардың елге тартқан ұранына селт етпеген жан қалмайды.Мың кісі сегіз күндік сапарға,Нарыннан Ордаға бет алады.Бұны естіген хан әскер жияды.Орыс-қазақ аралас екі мың кісі Қарауылқожа бас болып қарсы аттанады.Қанды майдан далада Исатай мен Қарауылқожа әскері кезігеді.Қырғын майданда хан әскері кері шегінуге мәжбүр болады.Қырылған әскерін көрген Қарауыл қатты шошиды.Қанша айла құрса да бұл сапарда хан әскері құс алған құрдай тұтылып,жеңіліс тапты.Бұл жеңілісті кейін Жәңгір хан Исатайдан қауіптенеді.
Күзге салым Исатай батыр қайта қол жияды.Жеті күн ішінде 7 мың кісі жиып,тіпті Балқы бидің ағасы Егізді де ертіп алады.Сапар алдында батыр Жақсымбет қартқа келеді.Қарт ақылын айтып,тоқтатпақ болады.Батыр бетінен қайпайды.Егіз би сатқындық жасап Бөкетті Балқыға жіберіп, Исатай батырдың шаппақ болып жатқанын хабарлайды.Хан сасқанынан қашпақ болады.Алайда Шыман ханға тоқтау айтып,қашсаң атаң Нұралы тәрізді айдалып кетесің дейді. Егер жау келсе патшадан әскер келгенше алдандыра тұрамыз деп келіседі.Үш күннен кейін Исатай бастаған қол қаланы қоршайды.Жер қайысқан қалың қолды көрген хан одан ары сасады.Шыман,Бекмағанбет биді ертіп Исатайға сый-тарту алып барып,бітімге келуге шақырады.Бұлар бізді алдап жүр деп Махамбет қанша ескертсе де Исатай оның сөзіне мән бермейді.Елшілерімен бітімге келіп,қол тарқап кетеді.Үш күн өткен соң Оралдан әскер шыққанын естіп батырлар аһ ұрады.Еліне келіп жиылып бәріміз түгел құралсақ,қаладан шыққан әскерге шалдырмай аман тұрсақ,Жайық мұзы қатқанда ар жаққа өтеміз.Осылай Исатай өзіне ергенді қасына жиды.Жолдастарының көбі хан жағына өтіп кетті.Батырға бәрінен осы қиын тиді.Әскері аз болғандықтан әйел адамдарға басына тұмақ кидіріп атқа міндірді.Ерсары,Қалдыбай секілді ерлер оққа ұшты.Түс мезгіліне дейін жаумен беріспей шабысса да,әскерлерінің көбі оққа ұшты.Ақыры қатын-бала,ел-жерін жау қолына амалсыз тастап, қырық кісімен Жайықтың бергі бетіне бағыт алады.
Хан Исатай мен Махамбетті ұстауға жарлық шашады.Қанша тарлық көрсе де,батыр бастаған қырық адам қанша көп әскер шықсада бөлінбей,бірге қайрат қылуға тәуекелге бел буады.Жайыққа таяп қалғанда соңынан қуып келген қазақ-орысы бар,Баймағанбет сұлтан қолы бар төрт мыңдай әскер қырық кісіні қамайды.Алайда жау оғы бір адамға тимеді.Қамаудан аман өтіп, Жайықтан бері өтеді.Күн-түн демей жүреді, алдағы елге тезірек жетуді діттейді.Жолда Сәмембет,Шығанақ,Бабат ауылдарында болады.Бұлар әрқайсысы бір-бір аттан сый қылады.Сол жылы қыста құмда қыстап шығады.Көктем шыға Адай,Әлім,Табын руларына бет алады.Үш мыңдай кісі қол жияды.Қиылдан әскер төгіледі.Алдында әскер барын біліп,қол кейін шегінеді.Бар қолын тастап,қасына жүз кісідей ертіп, жауға қарсы аттанады.Атқа мінерде ағасы Есет бармай-ақ қой деп өтінсе де,батыр жолынан таймайды.Қалың қолға ұшырассада ханның мың кісідей адамымен түске шейін айқасады.Абайсызда Исатайдың баласы жау ішінде қалады.Батыр қамалға қайта шабады.Баласы үшін тайсалмай мыңмен жалғыз айқасады,ақыры баласын тауып алады.Бородин деген офицер оғы батыр атына тиіп,жаяу шайқасады.Батырға көмекке келген Үбі мен Махамбеттей жолдастары өз аттарын ұсынып,қашып құтыл,амандылығынды ойла десе де, қашуды намыс көріп, атқа мінбейді.Сөйтіп Үбімен қоштасып,түстен бесінге дейін әскерді жалғыз өзі бөгейді.Жалғыздың аты жалғыз.Бесін уақытында оғы таусылған батыр жалаң қылышпен қарсы шығады.Өле-өлгенше талай жауды мерт қылады.Ақыры,көп әскер жалғыз кісіні қойсын ба, бәрі жабылып,дулығасын қолмен көтеріп,басын шауып алады.Батыр ерлікпен шайт болады.
Ығылман Шөрековтің «Исатай -Махамбет» поэмасы бойынша сұрақтар:
1.Ығылман Шөрековтің «Исатай -Махамбет» поэмасындағы ақынның көзқарасын айқындауда ерекше орын алатын образ.
2.«Исатай -Махамбет» поэмасының негізгі идеясы?
3. «Исатай -Махамбет» поэмасында Исатай батыр ханға шапқанда астындағы тұлпарын қалай суреттеген?
4.«Исатай -Махамбет» поэмасындағы Махамбеттің бейнесін ашып көрсетіңіз. -
5. «Исатай -Махамбет» поэмасы қай жылы басылды? –
6. «Исатай -Махамбет» поэмасының тарихи негіздері..
7. «Исатай -Махамбет» поэмасындағы Исатай күресінің мақсаты не?
8. «Исатай -Махамбет» поэмасының шарықтау шегі?
9. «Исатай -Махамбет» поэмасында көтеріліс қай ордада болған?
Әдебиеттер: Кенжебаев Б. ХХ ғасыр басындағы әдебиет Алматы: Білім, 1993.-243бет. Әбдіманұлы Ө. ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті.-Алматы, 2002ж. Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы А., 1994ж. Қазақ әдебиетінің тарихы. 6-том. Алматы:-Қазақпарат, 2006 ж. Шалабаев Б. Қазақ романының тууы мен қалыптасуы А., 1990ж. Бисенғали З. ХХ ғасырдағы қазақ романы.- А., 1997ж. Ығылман Шөреков Исатай-Махамбет.- Алматы, Өлке, 2003ж. Х.Досмұхамедұлы.- Исатай-Махамбет. – Алматы, 1991ж.