Ауызша сұрау, бақылау жұмыстары, физикалық диктант, тестілік тексеру, зачеттар, емтихандар. Баға критерилері.
Физика бойынша оқушылардың білімдері мен біліктілігін және дағдысын тексеру – оқыту үрдісінің аса қажетті бөлігі. Оның негізгі мақсаты оқушылардың оқу материалын меңгеру деңгейін, әрбір оқушы мен барлық сынып оқушыларының алған білімдері мен біліктілігінің жағдайын анықтау.
Оқушылардың білімдері мен біліктілігін және дағдысын тексеру әрдайым білімдерді қайталаудың, тереңдетудің, тұжырымдап қорытындылаудың және жүйеге келтірудің басты құралы деуге болады.
Тексерудің басты тәсілдері: ауызша (жеке, топтап және жаппай сұрау, сынақтар алу); жазбаша (қысқа мерзімді және қорытындылаушы бақылау жұмыстары, физикалық диктанттар, карточкалармен жұмыс, тест тапсырмалары).
Оқу үлгерімін ауызша тексеру - білім мен біліктілікті анықтаудың өте жиі қолданылатын және ең көп тараған тәсілі. Мұнда оқушынылардың логикалық ойлауы мен сөйлеу қабілетінің дамуын, материалды тізбектеп баяндай білу қабілетін тексеруге мүмкіндік туады.
Ауызша сұрау әдетте жалпы оқушыларға сұрақ қоюдан басталады. Сұрақ нақты, қысқа және түсінікті қойылуы керек. Тақта алдына бір ғана оқушы шақырылса оны жеке сұрау, ал бірнешеуі шақырылса – топтап сұрау деп айтады. Бұл тәсіл көбінесе үй тапсырмасының орындалуын тексергенде қолданылады. Жаппай сұрауда бүкіл сынып оқушылары түгел дерлік қатыстырылады.
Физика курсы бойынша өткізілетін бақылау жұмыстары барлық сынып оқушыларының белгілі тақырыптар бойынша алған білімдері мен біліктіліктерін бір мезгілде тексеруге мүмкіндік береді. Білім мен біліктілікті тексерудің басқа түрлеріне қарағанда жазбаша бақылау жұмысының бірқатар артықшылықтары бар. Біріншіден, мұнда тексерілетін материалдың көлемі едәуір үлкен, екіншіден, тексерудің бұл тәсілі оқушылардың білім деңгейін едәуір объективті анықтауға, алған білімдерді практикалық жағдайда жан-жақты пайдалана білуін байқауға мүмкіндік береді. Өйткені, оқушылардың тапсырманы орындау барысында физикалық құбылыстар мен заңдылықтарды, түсініктерді меңгеру тереңдігі, физикалық шамалардың өлшем бірліктерін бір жүйеден екінші жүйеге көшіре білуі, математикалық есептеулерді дұрыс орындау дәрежесі, графиктер мен схемалар құра білуі және т.б. қасиеттері анық байқалатын болады.
Осындай мүмкіндіктерді өз деңгейінде пайдалану үшін оқытушы бақылау жұмысын өткізуге үлкен жауапкершілікпен қарауы қажет. Мәселен, бақылау жұмысына оқушыларды алдын ала дұрыстап дайындамаса, оның нәтижесі сәтсіз болып шығуы мүмкін, бақылау жұмысының тапсырмаларын әрбір оқушы өз күшімен адал орындамаса, қойылған бағалардың объективтілігі мүлдем төмендеп кетуі мүмкін. Ал олардың жұмыстарын тексеру кезінде бағаның әділетті қойылуына баса назар аудармаса, мұғалімге деген оқушылардың сенімсіздігі туып, оның беделіне біршама нұқсан келуі мүмкін.
Жазбаша бақылау жұмысын бағалау кезінде оқушылардың оны орындауда жіберген қателері мен еренсіздіктерінің сипаты ескеріледі. Осыған байланысты қателерді өрескел, елеулі және шағын деп бөлуге болады [3;4].
Өрескел қатеге жатқызуға болатын оқушылардың мынадай кемшіліктері:
1) ол физикалық заңдар мен теорияларды меңгермеген немесе оларды есеп шығаруға қолдана білмейді;
2) формулаларды білмейді, олармен амалдар қолдана алмайды, графиктер мен схемалар сыза алмайды, т.с.с.;
3) физикалық шамалардың өлшем бірліктерін білмейді және оларды бір өлшем бірліктерінің жүйесінен екінші жүйеге (интернационалдық) көшіре алмайды;
4) есептің шартын дұрыс түсінбеу салдарынан оны дұрыс жолмен шығара алмайды.
Елеулі қателерге жататын:
1) сызбаларды, графиктерді, схемалады дұрыс сызбау;
2) физикалық шамалардың өлшем бірліктерінің атауларын дұрыс жазбау немесе оларды елемеу;
3) есепті шығарудың тиімсіз жолдарын таңдап алу.
Шағын қателерге мыналарды жатқызуға болады:
1) математикалық түрлендірулер мен есептеу амалдарын тиімсіз жүргізу;
2) тұжырымдамаларда кейбір кемшіліктер жіберу;
3) есептеу сипатындағы математикалық қателер;
4) сызбаларды, схемаларды және графиктерді ұқыпсыз орындау.
Осы қателерді ескере отырып, баға қою шамамен мынандай жағдайларда жүзеге асқаны дұрыс.
"5" бағасы ешбір қатесіз немесе бір ғана шағын қатесі бар жұмысқа қойылады.
"4" бағасы толық орындалған жұмысқа, а) бір елеулі және бір шағын, б) екіден артық болмайтын шағын қателері бар жағдайда қойылады.
"3" бағасы оқушы жұмыстың жартысынан көбірек бөлігін дұрыс орындағанда немесе а) өрескел екі қатеден аспайтын, б) бір-бірден өрескел, елеулі және шағын, в) екі-үш елеулі, г) бір елеулі және үш шағын қателер жіберген жағдайларда қойылады.
"2" бағасы қателердің барлық түрлері мен саны "3" бағасын қою нормаларынан асып кеткенде немесе жұмыстың жартысынан азы ғана орындалған жағдайда қойылады, ал оқушы оны мүлдем орындай алмаса "1" бағасы қойылады.
Баға қоюдың келтірілген бұл нормалары ғылыми-зерттеулер арқылы педагогикалық практикамен тексеріліп, қабылданған. Дегенмен де, егер оқушы жұмысты өте ұқыпты, таза және тиімді тәсілмен орындаса, оқытушы оған келтірілген нормадағыдан жоғарырақ баға қоюға құқы бар.
Қазіргі кезде физика курсын оқытуға бөлінген уақыт шектеулі болғандықтан, бақылау жұмысын арнайы талдауға уақыт жетіспейді. Сондықтан, қойылған баға оқушыларда күдік келтірмес үшін, оқытушы әрбір жұмыста олардың жіберген қателерін нақты көрсетіп, мүмкіншілігіне қарай есептердің шығарылуының дұрыс жолдарын да жазып бергені артық емес.
Осындай шараларды дұрыс орындап, талаптарды сақтаған жағдайда, білім тексерудің басқа түрлеріне қарағанда бақылау жұмысының өзіндік салмағы да жоғарылайды, оны орындауға оқушылар да үлкен жауапкершілікпен қарайтын болады және дайындықты да ертерек бастайды. Сонымен, бақылау жұмыстары оқушыларды саналы түрде білім алуға жетелейтін, оқытудың ең негізгі тәсілдерінің біріне айналады.
12 – дәріс. Физика бойынша факультативтік курстар, олардың міндеттері және түрлері,факультативтік сабақтарды өткізу әдістемесі.
Мектеп практикасына факультативтік курстар 1967 жылдан бастап енгізілді. Физика бойынша да мұндай курстар осы жылдан бастап жүргізіле бастады. Оның негізгі мақсаты - физика пәніне деген қызығушылық білдірген қабілетті оқушылардың талап, тілектерін қанағаттандыру, физиканы және оның техникалық қолданыстарын тереңірек оқыту, оларға кәсіби-техникалық бағдар беру.
Факультативтік курстарды негізгі екі топқа бөлуге болады: 1) негізгі курсқа қосымша тараулар мен тақырыптар; 2) арнайы курстар.
Негізгі курсқа қосымша тараулар мен тақырыптар, оның оқу бағдарламасына сәйкес, ғылыми және қолданбалы тұрғысынан алғанда едәуір маңыздыларын тереңдңтіп оқу үшін таңдалып алынады. Сондықтан ол тақырыптар негізгі курстың оқу материалымен синхронды (бір мезгілде) түрде оқытылып отырады.
Арнайы курстар физиканың белгілі бір тарауын тереңдетіп оқуға немесе оның техникалық қолданыстарының маңызды саласын оқытуға арналады. Мәселен, «Термодинамика және молекулалық физика», «Космонавтика негіздері», «Электроника негіздері», «Энергетиканың физикалық негіздері», «Кванттық генераторлар», «Электрондық автоматика негіздері» т. б.
Физиканың факультативтік курстарын оқитын топқа бір немесе бірнеше параллель сынып оқушылары өз еріктерімен жазылады. Топқа оқушыларды физика пәнінің мұғалімі тіркейді және олардың саны мен тізімін мектеп директоры бекітеді, дегенмен ол 10 оқушыдан кем болмауы керек.
Факультативтік сабақтар арнайы тәжірибеден өткен және баспа бетінде жарық көрген, Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрлігі бекіткен бағдарламалар бойынша жүргізіледі. Орта мектепті бітіру жөніндегі аттестатқа оқушының қатысқан факультативтік курсының аты жазылуы тиіс.
Мектеп бойынша факультативтік сабақтардың арнайы кестесі жасалады. Түске дейін оқитын оқушылар үшін ол сабақтар әдетте түстен кейінгі мезгілдерде өткізіледі, немесе керісінше. Сабақтардың өткізілуі жайлы мәліметтер арнайы журналда тіркеледі. Физика бойынша өткізілетін факультативтік сабақтар міндетті түрде физика кабинетінде өткізілуі қажет.
Факультативтік курстарды жүргізудің көп жылдық тәжірибесі оларды төрт түрге бөлуге болатындығын көрсетті: жоғарылатылған деңгейдегі курстар; қолданбалы физика курстары; физика-техникалық модельдеу курсы; арнайы курстар.
Жоғарылатылған деңгейдегі факультативтік курстарды біршама уақыт «Негізгі курсқа қосымша тақырыптар мен тараулар» деп атап келді. Бұл курстар физиканың негізгі курсымен тығыз байланысты және оның оқу бағдарламасымен үйлестірілген, оқушылардың теориялық және эксперименттік дайындығын біріктіреді, олардың сабақта алған білімдерін тереңдетіп, дамытады. Қазіргі кезге дейін әр сыныптың физика курсының жоғарылатылған деңгейдегі факультативтік курстарының оқу бағдарламалары құрастырылып, оларға сәйкес оқулықтар жазылды. Мәселен, 10 сыныпқа арналған осындай үлгідегі факультативтік курс молекулалаық физиканың заттың құрылысы мен түрленуі, термодинамика, электродинамиканың электр өрісі және электр тогы, магнетизм жайлы тереңдетілген материалдан және 11 зертханалық жұмыстардың практикумынан тұрады. Ал 11 сыныпқа арналған курс табиғаттағы тербелістер, толқындар және кванттар мен бөлшектер жайлы тереңдетілген материалдан және11 зертханалық жұмыстан түрады Факультативтік курстар тек жоғарғы сыныптарда ғана емес, физиканы. оқытудың бірінші сатысында да сәтті жүргізілуде. Мәселен, оқушылардың физикаға қызығушылықтарын қанағаттандыру мақсатында 8 сынып үшін жарық құбылыстарын тереңдетіп оқу курсы енгізілді.Ондажарық көздері, жарықтың таралуы, жарықтың шағылуы, айна, жарықтың сынуы, көрінерлік және көрінбейтін сәулелер, көз- оптикалық прибор және көру ағзасы жайлы тереңдетілген оқу материалы мен 7 зертханалық жұмыс қарастырылған /28/.
Қолданбалы физика факультативтік курстарының негізгі міндеттері физикалық заңдар мен құбылыстардың практикалық қолданыстарын пайдаланудың маңызды жолдары мен әдістерін таныстыру және қазіргі техникаға қызығушылығын дамыту. Олардың физиканың техникалық қолданыстарымен байланысты мамандықтарға кәсіби бағыттар беретін ерекшеліктері бар. Мұндай факультативтік курстар да негізгі физика курсының оқу материалымен синхронды түрде жүргізіледі, бірақ олардың мазмұны политехникалық сипатта болады.
Физика-техникалық модельдеу бойынша факультативтік курстардың басты мақсатымектептің физика курсының негізінде техникалық конструкциялау бағытындағы оқушылардың шығармашылық белсенділігін дамыту. Бұл курс техникалық іс-әрекетпен шұғылдануға ыңғайы бар, инженерлік және жұмысшы мамандықтарын таңдауға бет бұрған оқушылар үшін пайдалы болып отыр.
Арнайы факультатиивтік курстар оқушылардың ғылыми көзқарастарын қалыптастыруда, физика заңдарының әртүрлі практикалық қолданыстарымен таныстыруда маңызды роль атқаратын физиканың белгілі бір таңдап алынған бөлімі бойынша немесе техниканың перспективті салаларының бірінің физикалық негіздерін тереңдетіп оқуға арналады. Мәселен, қазіргі кездерге дейін «Термодинамика және молекулалық физика», «Космонавтика негіздері», «Оптикалық кванттық генераторлар», «Электроника негіздері», «Энергетиканың физикалық негіздері», «Электрондық автоматиканың элементтері» т.б. факультативтік курстар мектеп практикасында сәтті жүргізіліп жүр. Факультативтік курстың мұндай түрлерін таңдап алу, әсіресе жергілікті орындардың өндірістік ерекшеліктерімен байланысты болғаны дұрыс.
Практикада факультативтік курс үшін физиканың кейбір шағын тақырыбын немесе техниканың кішігірім саласын қамтитын сұрақтарды таңдап алу да жиі кездеседі. Дегенмен, факультативтік курс тақырыбының шағын сұрақтармен шектелуі оның негізгі курспен байланысын нашарлатады. Бұл физикадан білімін тереңдету мақсатымен факультативті таңдап алған оқушылардың оған қызығушылығын төмендетуі мүмкін.
Физика бойынша факультативтік сабақтарды өткізу ерекшеліктері. Факультативтік сабақтарды өткізу ең алдымен оған қатысушы оқушылардың шағын санымен және олардың мақсаттарының бір болуымен сипатталады. Мұндай жағдайда оқушылардың жеке ерекшеліктерін ескеріп, олармен сабақта да, одан тыс уақыттарда да өзіндік жұмыстар ұйымдастыру едәуір жеңілдейді, оқушы мен мұғалім арасында тығыз қарым-қатынас орнайды. Өз еркімен жұмыс істеуге бейім оқушылардың танымдық іс-әрекеті де өнімді, білім алуға деген белсенділігі де жоғары болады.
Осыған байланысты көбінесе мұғалімнің міндетті түрде жаңа материалды баяндауымен және өткенді сұрауымен өткізілетін кәдімгі сабақтары факультативтік сабақтарда оқушылардың физиканың маңызды тақырыптарына жасалған баяндамалары мен рефераттарын семинарларда тыңдаумен, оларды талқылаумен, шығармашылық және эксперименттік есептер шешумен, зертханалық жұмыстар орындаумен, өзіндік зерттемелер жүргізумен ауыстырылады.
Бірқатар жағдайларда факультативтік курстар пән бойынша жүргізілетін үйірмеге ұқсас болуы да мүмкін. Өйткені факультативтік сабақтар да, үйірме сабақтары да оқушылардың қалауы бойынша ұйымдастырылады. Дегенмен, факультатив үйірмеден белгілі бір бағдарлама бойынша оқытудың жүйелілігімен, жұмыс формасының әртүрлілігімен, білімдерді тексеру мен есепке алудың элементтерін қолданумен ерекшелінеді.
Факультативтік сабақтарды жүргізу тәжірибесін қорытындылау және олардың оқу бағдарламаларының мазмұнын талдау факультативтік сабақтарды өткізудің әртүрлі формалары мен әдістері арасында жоғарғы сыныптар үшін мынандай қатынастың тиімді болатындығын көрсетті: дәрістер жалпы оқу уақытының – 20-25 %, семинарлар – 10-15 %, есептер шығару – 25-30 %, фронтальды зертханалық жұмыстар мен физикалық практикум – 35-40 %, экскурсиялар 3-9 %, сынақ алу сабақтары -3-6 %. Сонымен барлық оқу уақытының жартысынан көбі есептер шығару бойынша практикалық сабақтарға және зертханалық жұмыстар орындауға арналады.
Факультативтік курсты жүргізу оның оқу бағдарламасы бойынша күнтізбелік-тақырыптық жоспар жасаудан басталады. Оны жасауда бағдарламада көрсетілген сабақ формаларына бөлінген уақыттың ара қатынасын толық сақтау қажет. Бұдан кейін әр сабаққа арналған жоспар жасалып отыруы керек.