Үндістан XXI ғасырда өзінің геосаяси жағдайын байсалды оптимизммен бағалайды. Тәуелсіздік алғаннан бері ол үлкен әрі қиын мәселелерді шеше алатынын көрсетті. Жаһандану заманында ол өзінің ерекшелігін жоғалтпай, тек компьютерлер мен компьютерлік бағдарламалар, жаңа технологиялар саласында ғана емес, сонымен қатар саясат, мәдениет саласында да жөн сілтейтін экономикалық қуатты ракета-ядролық державаға айналды. Алғаш рет Үндістанның ұлы держава статусын иелену идеясын 1954 ж. қыркүйекте Дж. Неру айтқан еді. Ол дамудың қалыпты барысында Үндістан АҚШ, КСРО, ҚХР-дан кейінгі 4-ші ұлы держава болар еді деген болатын. “Үндістанның халықаралық қатынастарда ұлттар арасындағы бейбітшілік пен серіктестікті күшейту ісінде алатын орны оны ұлы держава етеді.” 1994 ж. Үндістан ресми түрде БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты мүшелік туралы мәселені көтерді. Егер халық саны, территория мөлшері, әлемдік өркениетке қосқан үлесі, халықаралық абыройды ескеретін болсақ, бүгінде Үндістан ҚК-де тұрақты мүше орнын иеленуші еді. Белгілі дипломат, Үндістанның бұрынғы премьер-министрі К. Гуджрал мыңжылдықтар бойы Үндістанның білім, философия мен әдебиеттің орталығы болғандығын атап өтті. Көптеген ұлы, тіпті әлемдік діндер Үндістан жерінде пайда болған. Бүгінгі таңда Үндістан 100-ден астам елдерде елшіліктер санатындағы дипломатиялық өкілдіктерге ие халықаралық қатынастардың маңызды субъекті. Сонымен қатар 14 млн-дай адам – осы елдің диаспорасы әлемдегі қосымша «үнділік орнықтылықты» қамтамасыз етеді. Үнді диаспорасы өкілдері, әдетте, өмір сүретін елдердің интеллектуалды, ғылыми, іскер элитасы болып табылады. Мемлекет әлемдік тәртіпті құруда маңызды рөл атқарды және атқарып келеді. Үнді солдаттары неміс фашизмі мен жапон милитаризмін күйретуге зор үлес қосты. 1954 ж. алғашқы болып ядролық сынақтарды доғаруды, 1965 ж. ядролық қаруды таратпау туралы келісімді жасауды, 1978 ж. ядролық қаруды қолданбау туралы келісімді, 1982 ж. ядролық қарулануды «мұздатуды», 1988 ж. ядролық қарусызданудың ортақ жоспарлы үрдісіне көшуді ұсынды. Ракета-ядролық қаруға иелік ету – БҰҰ ҚК-не тұрақты мүше боп кіруге, яғни оны де-юре ұлы держава деп тануға тағы бір дәлелді себеп. Ресей бұл жолда Үндістанға қолдау көрсетуде, алайда АҚШ БҰҰ мүшелеріне қуатты дипломатиялық және қаржылық қысым жасай отырып, бұл әрекетке қарсылық білдіруде.
2012 ж. 27 наурызда Делиде үнді сарапшылары дайындаған «Қосылмау 2.0: XXI ғ-дағы Үндістанның сыртқы және стратегиялық саясаты» баяндамасының презентациясы өтті. Бұл құжатта Қытай экономикалық өсу мен ұлттық қауіпсіздік үшін басты қауіп-қатер ретінде айқындалған. Christian Science Monitor басылымына берген сұхбатында қауіпсіздік мәселелері жөніндегі сарапшы Брахма Челлани қытай қару-жарағының Пәкістанға, Шри-Ланка, Бирма мен Непалға тасымалдануы Делиде қобалжу тудырып жатқандығын баяндады. Ол Үндістанға қарсы Пәкістанды қолдады. Одақтасының мүддесі аясында ол Джамму мен Кашмир штатын ресми мойындауда Үндістанға болыспауда.
Үндістан үшін Үнді мұхитының маңызы артуда. Үндімұхиттық аймақ, ал бұл 2 млрд.-тай адам, шикізат көзі пен арзан жұмыс күші болып табылады. Сол себепті Үндістан, ОАР мен Аустралия өткен ғасырдың соңында Үнді мұхиты жағалаулық мемлекеттерінің аймақтық серіктесітігінің қауымдастығын құрды. Қазірде оған 15 ел мүше. Делидің ұзақ уақыттық мүддесі азиаттық аймақта тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, территориялық мәселелерді соғыспен емес, саяси жолмен реттеу. Сыртқы саясаттағы басым бағыттың бірі – трансұлттық терроризммен күрес. Бұл бағытта ол Ресеймен тығыз байланыстар орнатып, бірлесіп жұмыс атқаруда. Үндістанның үлкен стратегиясы барлық әлемді 3 шоғырлық шығыршыққа бөледі. Бірінші шығыршық шегінде, яғни тікелей көршілер, Дели біріншілікке және үшінші елдер тарапынан қол сұқпаушылыққа вето құқығына ұмтылады. Азиядағы кеңейтілген көршілестік пен Үнді мұхиты жағалауын бойлай екінші шығыршықтың шегі аясында басқа державалар ықпалын теңестіру мен оларға Үндістанның жеке мүдделеріне қысым жасауға жол бермеуді мақсат етеді. Үшінші шығыршықта, яғни күллі әлемдік аренада, Үндістан ұлы жержавалардың бірі және халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілік мәселелерінде басты ойыншы болуға талпынады.
Көпвекторлы үнді саясаты Орталық Азияға басты назар аударуда. Орталық Азия Үндістан мен Еуразия арасындағы «буфер» мен «көпір» болып табылады. «Буфер» ретінде ол:
1) Пәкістанға одақтас «исламдық белдеудің» құрылуына тосқауыл болады;
2) Қытай мен АҚШ тарапынан «қоршап алуға» жол бөгейді;
3) Үндістанның солт. шекараларындағы есірткі терроризмін шектейді.
«Көпір» ретінде үнді экспорты, энергоресурстар импорты үшін кең көлемді нарыққа жол ашады. Алайда бұл аймақта Үндістан мүдделері Қытаймен түйіседі.