Мақсаты: нарықтың жетілмеген бәсеке жағдайындағы түрлерінің қызмет ету ерекшеліктерін қарастыру арқылы олардың монополиялық билігінің көзін анықтау, айырмашылықтарына талдау жасау. Мұндай талдау алдымен оның жетілген бәсеке нарығына ең қарама-қайшы түрі – таза монополия моделінің анықтамасынан, оның баға және өндіріс көлемі жөніндегі мінез-құлқын, экономикалық тиімділігін мен әлеуметтік шығындарын қарастырудан бастаймыз. Осы мақсатқа жету үшін мына сұрақтарға жауап іздеу керек:
Дәріс сабағының жоспары:
1. Таза монополия нарығының моделі және оның шарттары.
2. Таза монополисттің шекті түсімінің қисығы.
3. Таза монополисттің қысқа мерзімдегі пайдасын мейлінше арттыруы және ұзақ мерзімдегі монополиялық тепе-теңдік.
4. Бағалық дискриминация: ұғымдары, шарттары, салдары.
5. Монополиялық билік және оның көрсеткіштері. Таза монополия рыногын мемлекеттік реттеу.
Негізгі ұғымдар: жетілмеген бәсеке;таза монополия, монополиялық билік; нарыққа кіру тосқауылы; ашық монополия; жабық монополия; табиғи монополия; монопсония; екіжақты монополия; монополия және экономикалық тиімділік; монополияның әлеуметтік шығындары; шекті табыс; монополиялық пайда; бағалық дискриминация; бірінші дәрежелі (жетілген) бағалық дискриминация; екінші дәрежелі бағалық дискриминация; үшінші дәрежелі бағалық дискриминация; сегменттелген нарық; Лернер индексі; Херфиндаль-Хиршман индексі; «Х – тиімсіздік»; т.б.
Тақырыптың мазмұны. Монополия – өндірісті, сауданы және қызметтердің басқа да түрлерін жүргізу үшін жеке тұлғаға, белгілі бір адамдар тобына немесе мемлекетке берілетін ерекше құқық.
Басқаша сөзбен айтсақ, монополия – бұл «жалғыз сатушының нарығы».
Қарастырып отырған тауарды өндіретін тек бір ғана жеке фирма бар және осы ауыстыратын басқа тауарлар жоқ деп есептесек, онда мұндай нарық – монополия, ал фирма – монополист деп аталады. Монополист өзінің ерекше жағдайын пайдалана отырып, тауардың бағасын бәсекелес фирманың бағасынан әлдеқайда жоғары деңгейде белгілейді және де бәсекелес фирмаға қарағанда тауарды аз мөлшерде ұсынады.
Таза монополияға тән сипатты белгілер немесе оның шарттары:
1. «Фирма» және «сала» түсініктері түйіседі.
2. Сатып алушыларда тауарды таңдауда мүмкіндіктері болмайды.
3. Таза монополист өнім шығарудың барлық көлемін бақылай отырып, бағаны кез келген бағытта өзгертеді және басқара алады.
4. Монополист берілген тауарды өндіретін жалғыз фирма болғандықтан, оның өніміне деген сұраныс қисығы бір мезгілде нарықтың да сұраныс қисығы болып табылады және ұсынылған тауардың бағасын анықтайды.
5. Таза монополия бәсекелестіктен биік кедергілермен (тосқауылдармен) қорғалады.
Салаға кіруге қойылатын тосқауылдар – бұл салаға кіргісі келетін жаңа фирмалардың кіру жолдарына қойылатын кедергілер. Американдық экономист Джо Бейн алғаш рет өзінің зерттеулерінде фирманың салаға немесе нарыққа кіруіндегі тосқауылдардың орын алуын қарастырған болатын. Егер салаға кіру тосқауылдары неғұрлым жоғары болса, онда монополиялық пайда соғұрлым тұрақты сипатта болады. Салаға кіру тосқауылдарының түрлері көп жағдайда мынадай болуы мүмкін:
· өндіріс ауқымының (масштаб тиімділігінің) болуы немесе ірі өндірістің басымдылығы (тосқауылдың аса көп тараған түрі);
· құқықтық шектеулердің болуы: патенттер, лицензиялар, авторлық құқықтар, халықаралық саудадағы тарифтер мен квоталар;
· салаға кірудегі жоғары шығындар – экономикалық шектеулердің болуы. Бірқатар салаларда (мысалы, авиациялық өнеркәсіпте) өндіріспен айналысу өте қымбатқа түсуі мүмкін;
· қажетті шикізат көзіне және ерекше ресурстың түріне деген бақылаудың орын алуы;
· жарнама және өнімнің дифференциациялануы;
· ірі көліктік шығындардың орын алуы;
· бәсекенің әділетсіз жүргізілуі және мафиялық құрылымдардың физикалық қысым көрсетулері; т.б.
Немесе, монополия жағдайында басқаша қарапайым түрде барлық кедергілер былайша екіге ғана бөлінеді:
1. Табиғи (экономикалық) тосқауылдар – бұлар экономикалық себептерден туындайды (өндіріс масштабының тиімділігі, басты ресурстарды бақылау).
2. Жасанды (заңды немесе құқықтық) тосқауылдар – институционалдық жолмен құрылатын, мысалы, үкімет іс-әрекеттерінің салдарынан (патенттер, лицензиялар немесе монополисттің әділетсіз іс-әрекеттері) туындайды.
Таза монополия – бұл жетілген бәсекеге қарама-қарсы болып табылатын нарықтық құрылымның ең шеткі түрі.
Тағы бір айта кететін жайт, монополист-фирмалар өз өнімінің бағасына бақылау жүргізе алғандықтан, оларды «баға іздеушілер» немесе «жетілмеген бәсекелес фирма» деп те атайды. Яғни, монополист жетілген бәсекелес фирмаға («баға қабылдаушыларға») қарағанда өз пайдасын максималды дәрежеге жеткізе алатын тиімді баға деңгейін іздейді және соны саналы түрде тағайындайды.
Нарықты монополиялаудың негізгі себептеріне байланысты монополияның мынадай түрлері болады:
1. Жабық (жасанды) монополия – бәсекелестіктен заңды шектеулер көмегімен қорғалған монополияның бір түрі.
2. Табиғи (мемлекеттік) монополия – белгілі бір өнімнің көлемін бір фирманың өндіруі және оны екі немесе одан да көп фирмаларда өндіргенне гөрі арзанға түсетін өндіріс саласы.
3. Ашық (кездейсоқ) монополия – берілген тауарды өндіретін тек қана бір фирма болып және оның бәсекелестіктен ешқандай арнайы (заңдық шектеулер көмегімен) қорғанышы жоқ болатын жағдай.
Таза монополияның тауарына деген сұраныс қисығы теріс көлбеулі болады, сондықтан фирма өнім шығару көлемін бақылай отырып, бағаға ықпалын тигізе алады. Егер сатушы өз тауарының өндіріс көлемін өзгерту арқылы нарықтық бағаға әсерін тигізе алса, онда ол монополиялық билікке ие болады деп айта аламыз.
Жәй монополия жағдайында тауардың қосымша 1 бірлігінен түсетін түсім (MR) оның бағасынан төмен (бірінші бірлігінен басқасы) болады: MR < P. MR қисығы графикте сұраныс қисығынан төмен орналасады (Сурет 7.1).
P
MR E > 1
E = 1
E < 1
MR D
Q
TR
MR > 0 MR < 0
max
Q
Сурет 7.1 Монополия кезіндегі жалпы түсім, шекті түсім
және сұраныстың бағалық икемділігі
Жоғарыдағы суреттен көріп отырғанымыздай, сұраныстың бағалық икемділігі, жалпы түсімі (TR) және шекті түсімі (MR) көрсеткіштерінің арасында тікелей байланыс болады.
Сұраныс икемді болғанда MR-дің шамасы оң сан болады да, жалпы түсім өседі. Сұраныс икемсіз болса, онда MR < 0 және TR азаяды. Ал сұраныс икемділігі 1-ге тең болса, онда MR = 0, ал TR – ең жоғары мәніне жетеді. Монополист өнімді сұраныстың икемді болатын бөлігінде ғана шығарады.
Енді, таза монополисттің қысқа мерзімдегі өз пайдасын ең жоғарғы деңгейге қалай жеткізетінін қарастырсақ. Монополист тауар бірлігінің бәріне бірдей баға белгілейтін болғандықтан тауардың бағасы монополисттің орташа түсімін (AR) көрсетеді. Демек, монополиялық фирманың тауарына деген сұраныс қисығы оның орташа түсімінің де қисығы болып табылады. Өнім бірлігінің бағасы монополиялық жағдайда өзгермелі шама болады және өндіріс көлемінің функциясын сипаттайды:
P = P (Q).
Монополист-өндірушінің пайдасы төмендегідей формуламен анықталады:
π = TR – TC = P (Q) . Q – TC (Q).
Ал пайданы барынша көбейту (максималдау) шарты мына формуламен анықталады:
dπ / dQ = dTR / dQ – dTC / dQ = MR – MC = 0
немесе
MR = MC.
Бұдан өндірістің шекті шығындары (МС) шекті түсімге (MR) тең болғанда ғана монополисттің пайдасы ең көп мөлшерде болатынын көреміз.
Төмендегі суреттен көріп отырғанымыз: белгіленетін баға (Pm) оңтайлы өнім көлеміне сәйкес келеді және ол әрқашанда шекті шығыннан (МС) жоғары болады (Сурет 7.2). Бұдан: MC = MR < P – таза монополистің қысқа мерзімдегі (SR) тепе-теңдігінің шарты.
P MC
Pm
D
A
Qm MR Q
Сурет 7.2 Монополистің оңтайлы өнім көлемі мен бағаны белгілеуі
Монополиялық пайданы анықтау үшін баға (Pm) мен орташа шығындардың (ATC) ара қатынастарын білу қажет:
· егер Pm > ATC болса, онда монополист пайдаға ие болады: π = (P – ATC) . Q және оны мейлінше арттырады;
· егер AVC < P < ATC болса, онда монополист шығынға ұшырайды, бірақ оны мейлінше азайта отырып өндірісті жалғастырады;
· егер P = ATC болса, онда монополист экономикалық шығындарын түгелімен өтейді, бірақ экономикалық пайдасы 0-ге тең болады.
Ал енді, біз таза монополистің ұзақ мерзімдегі тепе-теңдігін қарастырамыз. Монополияланған нарық кезінде фирманың өзі саланы құрайды және оған басқа фирмалардың кіруіне жол жоқ, себебі олар кедергілер көмегімен қорғалады. Бұл, әрине монополия жаңа зауыттар енгізе алмайды деген мағына емес. Салынатын зауыттар монополист-фирманың бір бөлігі (бөлімшесі) болады, сондықтан олар да осы фирманың пайдасын арттырады.
Ұзақ мерзімде монополист өндіретін өнімінің ұтымды көлемін
LRMC = MR болғанда анықтайды. Мұндағы LRMC – монополистің ұзақ мерзімдегі шекті шығындары; MR – монополистің шекті түсім.
Ұзақ мерзімде монополист-фирма өзі бақылап отырған өндіріс саласына басқа фирмалардың кіруіне мүмкіндік бермеген жағдайда ғана тепе-теңдікті ұстап тұра алады. Салаға кіруге тосқауыл қою арқылы таза монополия ұзақ уақыт мерзімінде де экономикалық пайда алуға қабілетті болады. Таза монополияның ұсыныс қисығы болмайды, себебі ол Qm өнім көлеміне сәйкес бағаны өзі тағайындайды. Монополистің өнім көлемі (Qm) туралы шешімін сұраныс қисығынан бөліп қарастыруға болмайды.
Кейбір жағдайларда таза монополия бағалық дискриминация жүргізе алады, яғни сатып алушылардың әртүрлі тобына сапасы да, шығындар деңгейі де бірдей тауарларды әр түрлі бағамен сата алады. Кезінде ағылшындық экономист, неоклассикалық теорияның көрнекті өкілдерінің бірі Артур Пигу өткен ғасырдың 30-шы жылдары алғаш рет «бағалық дискриминация» ұғымын микроэкономикалық теория ғылымына енгізген болатын, сонымен қатар, ол бағалық дискриминацияның негізгі үш түрін (немесе дәрежесін) бөліп көрсеткен: 1) бірінші дәрежелі (жетілген) бағалық дискриминация; 2) екінші дәрежелі бағалық дискриминация; 3) үшінші дәрежелі бағалық дискриминация.
Сонымен, бағалық дискриминация дегеніміз – монополист-фирманың сапалары бірдей болып табылатын берілген тауар немесе қызмет бірлігінің көлемін берілген шығындар деңгейінде әртүрлі бағалар бойынша әртүрлі тұтынушыларға сатуын немесе сата алуын сипаттайтын монополиялық тәжірибе.
Бағалық дискриминацияны іске асырудың шарттары:
1. Тұтынушының монополиядан сатып алған тауарын қайтадан сатып жіберуге мүмкіндігінің болмауы.
2. Қарастырып отырған тауарды тұтынатын сатып алушыларды сатып алу қабілетіне қарай түрлі топтарға бөлу мүмкіндігінің болуы.
Егер фирма әрбір сатып алушының тауар үшін қандай деңгейдегі жоғары баға төлеуге дайын екенін білсе, онда бірінші дәрежелі (жетілген) бағалық дискриминация орын алады.
Бағалық дискриминацияның салдары:
1) өнім көбірек өндіріледі;
2) тұтынушының ұтымы есебінен сатушының пайдасы жоғарылайды;
3) қоғамның әл-ауқаты жоғарылайды, себебі тауарға тұтынушылардың көпшілігінің қолы жететін болады.
Бағалық дискриминацияға графиктік тұрғыдан талдау жүргізуге болады (МС – const деп есептейік).
P P
Pm
I II I МС
D, MR
MR
Qm ´ QQm ´´ Q
Сурет 7.3 a Монобағалық саясат Сурет 7.3 ә Бағалық дискриминация саясаты
7.3 a – суретінен көріп отырғанымыз: монополистің пайдасы І тіктөртбұрыштың ауданына тең; штрихталған үшбұрыш – бұл тұтынушының ұтымы; ІІ үшбұрышының ауданы – бұл монополия бағасының салдарынан болатын қоғамның қайтарылмайтын шығындары (залалдары).
Бағалық дискриминация саясатына көшу MR = P екенін білдіреді, ал MR графигі сұраныс графигімен дәлме-дәл келеді. Тұтынушы ұтымы түгелімен сатушыға түсіп, оның пайдасын жоғарылатады (7.3 ә – суретіндегі І үшбұрышының ауданы). Сату нарықтарының кеңеюіне (Qm ´´ > Qm ´) байланысты қоғамның қайтарылмайтын шығындары да жойылады.
Бағалық дискриминация әрдайым немесе уақытша болуы мүмкін. Алайда, кез келген жағдайда да монополист өзінің тауарына деген сұраныс икемділігін ескеріп отырады. Бағалық дискриминация көбінесе сұранысы икемсіз тауарларға қолданылады.
Монополиялық билік – бұл фирманың нарықта сатылатын тауарының санын өзгерту арқылы өзінің тауарының бағасына ықпал ету қабілеті.
Таза монополия шын (толық) монополиялық билікке ие бола алады.
Егер нарықта ұқсас тауарларды өндіретін бір емес бірнеше өндірушілер болса, онда монополиялық биліктің деңгейі өте салыстырмалы болады.
Монополиялық биліктің қажетті алғышарты – фирма тауарының сұраныс қисығы төмен қарай көлбеулі болуы керек.
Монополиялық биліктің сандық түрдегі сипаттамасын анықтау үшін төмендегі көрсеткіштер қолданылады:
1. Лернер индексі (IL) – монополиялық биліктің сандық мәнін анықтайтын негізгі көрсеткіш. Кезінде 1934 жылы ағылшын экономисі Абба Лернер алғаш рет монополиялық билікті анықтаудың осындай әдісін ұсынғандықтан, аталған көрсеткіш сол экономистің атымен аталады. Ол мына формуламен анықталады:
IL = (Pm – MC) / Pm = 1 / EdP.
мұндағы, Pm – монополиялық баға, МС – шекті шығын, EdP – сұраныстың бағалық икемділігі.
Жетілген бәсеке жағдайында баға шекті шығындар шамасына тең және осы жағдайда Лернер индексі 0-ге тең болады. Баға көлемі шекті шығындардан асып кеткен жағдайда индекс нөл мен бірдің аралығында (0 < L < 1) орналасқан оң мәнге ие болады. Индекс 1-ге жақындаған сайын фирма монополиялық биліктің үлкен көлеміне жақындайды. Лернер индексінің осы келтірілген формуламен есептеу шекті шығындарды есептеу қиындығына байланысты оңай емес. Сондықтан да, шекті шығындардың орнына орташа шығындар көрсеткіші пайдаланылады:
IL = (Pm – AC) / Pm; IL = (Pm – AC) . Q / (Pm . Q) = π / TR.
Егер алымы мен бөлімін көбейтсек, онда алымында пайда, бөлімінде жалпы түсім көрінеді. Осылайша, Лернерге сәйкес үлкен көлемдегі пайда – фирманың монополиялық билігінің белгісі. Индекс фирманың монополиялық нақты жағдайын сипаттайды.
2. Монополиялық биліктің индексі (М) – бағаның ұзақ мерзімдегі орташа шығындардан асып түсу деңгейін көрсетеді:
(LRAC): M = (P – LRAC) / P.
3. Херфиндаль-Хиршман индексі (IHH) – нарықтағы фирмалардың шоғырлану (концентрация) деңгейін анықтайтын және нарықтың барлық қатысушылары арасында нарықтық билікті бөлуді сипаттайтын көрсеткіш. Индексті есептеу үшін әрбір фирманың нарықтағы жеке үлестері бөлшек ретінде шаршының алынуы керек және мына формауламен анықталып, осы шаршылардың қосындысы арқылы алынады:
IHH = S2 1 + S2 2 +... + S2 n,
мұндағы, IHH – шоғырлану (концентрация) көрсеткіші, S2 1 – ең ірі фирманың нарықтағы пайыздық үлес салмағы, S2 2 – көлемі бойынша келесі фирманың нарықтағы пайыздық үлес салмағы, S2 n – ең кіші фирманың үлес салмағы. IHH -дің ең жоғарғы шамасы – 10000, яғни оның мәні салада тек бір фирма болғанда 10000-ға тең болады, өйткені S2 1 – 100%. Егер салада 100 бірдей фирма болса, онда S2 1 = 1%-ке, ал IHH 100-ге тең болады.
Монополиялық биліктің негізгі факторлары:
1. Фирманың нарықтық ұсыныстағы үлесі.
2. Монополиялық билігі бар фирманың шығаратын тауарларының жақсы алмастырушыларының (субститутарының) болмауы.
3. Нарықтық сұраныстың икемділігі. Фирма тауарларының сұраныс икемділігі неғұрлым төмен болған сайын, осы фирманың нарықтағы монополиялық билігі соғұрлым күшті болады.
Монополиялық биліктің әлеуметтік бағасы – бұл монополиялық биліктің салдарынан қоғамның шегетін зияндары немесе шығындары. Кезінде американдық экономист А. Харбергер 1954 жылы алғаш рет монополияның қоғамға тигізетін зиянын (монополиялық биліктің әсерінен қоғамның зардап шегетінін) анықтап, оның сандық мәнін бағалап көрсеткен болатын. Харбергердің ұсынған теориясын басқаша, «қоғамның өлі шығындары» («мертвый груз») деп атайды.
Енді таза монополия мен жетілген бәсеке нарықтарынағы тауарды ұсыну көлемі мен оның бағасын график түрінде салыстырып көрейік. Ал басқа шарттардың бәрін тұрақты деп санайық.
Жетілген бәсеке нарығында P = MC (сурет 7.4 а). Штрихталған үшбұрыш А – тұтынушының ұтымы. В үшбұрышы – сатушы ұтымы.
Таза монополия нарығында P > MC (сурет 7.4 ә), тұтынушы ұтымының бөлігі азаяды, ал сатушының ұтымы көбейеді. «D» мен «МС» графиктерінің арасындағы штрихталған үшбұрыш қайтарылмайтын қоғамдық зиянды көрсетеді.
Р МС
а)
A Е
Рk
B
D=AR
Qk Q
ә) MC
Pm A E
B D=AR
Qm MR Q
Сурет 7.4 Монополиялық биліктің салдары
Осы айтылғанның өзі монополиялық нарықтың тиімсіздігін көрсетеді.
Таза монополияның жағымсыз салдарлары:
1. Qm < Qk – өнім көлемін азырақ өндіреді.
2. Pm > Pk – бағаны жоғары белгілейді.
3. Тұтынушыларға монополистермен қарым-қатынасқа түсу экономикалық тұрғыдан пайдасыз. «Х – тиімсіздік» мәселесі орын алады.
4. Монополиялық билік ҒТП-ті тежеу мен өндірісті бюрократизациялаудың тенденциясын қалыптастырады.
5. Монополияның іс-әрекеті табысқа дифференциация жасауды күшейтеді, ал бұдан әлеуметтік шиеленістер туындауы мүмкін.
6. Монополия салаға кіруге тосқауылды сақтап тұру үшін көп шығындар жұмсайды.
Қазіргі уақытта таза монополия нарығын мемлекет тарапынан реттеудің әлемдік тәжірибе тұрғысынан қалыптасқан бірнеше тәсілдері бар, яғни монополиялық билікті қысқартудың негізгі тәсілдері мыналар болып табылады:
1. Монополияға қарсы заңдар – фирмалардың қоғамға зардап шектіретін монополиялық билікті көбейтуіне қарсы бағытталған шаралар. Мұндай заңдылықтардың негізгі мақсаты – ірі фирмалардың бірігуіне, бәсекелетікті әлсіретуге, монополияны орнатуға, яғни олардың бірігуіне рұқсат бермеу арқылы құрылымдық салаларды реттеу.
2. Табиғи монополияларды мемлекет тарапынан реттеу (тікелей және жанама).
Табиғи монополияларды реттеудің моделін график арқылы сипаттауға болады (сурет 7.5).
P
C MC
E
Pm F
P1 R AC
P2
MR D
Qm Q1 Q2 Q
Сурет 7.5 Монополияны реттеу
Тұрақты шығындардың көп болуына байланысты D қисығы орташа шығындар қисығын осы шығындардың төмендеуі кезіндегі нүктеде қиып өтеді. Қызметі мемлекет тарапынан реттелмейтін монополист Qm өнімінің көлемін таңдап, Pm бағасын белгілер еді. Бұл жағдайда ол штрихталған тіктөртбұрышқа тең болатын экономикалық пайда алар еді.
Жетілген бәсеке жағдайында P = МС шарты орындалатыны белгілі; мұндай баға (P2) қоғам тұрғысынан оңтайлы, себебі ресурстарды тиімді бөлуді көбірек қамтамасыз етеді. Егер мемлекет осы бағаны монополистің тауарына белгілесе, фирма шығынға ұшырайды. Реттеуші агенттіктер фирмаға шын мәніндегі пайдасын алатындай орташа шығындар деңгейіндегі Р1 бағаны белгілейді. Мұндай баға оңтайлы жағдаймен (Q1 < Q2) салыстырғанда өнім көлемінің Q1 қысқаруына алып келсе де, тұтынушылар тауарларды реттелмейтін табиғи монополия (Q1 > Qm) жағдайымен салыстырғанда көбірек алады.
3. Мемлекеттік меншікті қалыптастыру, яғни жеке иеліктегі табиғи монополияны реттеудің орнына, мемлекет өзі монополияны иемденуші бола бастайды. Дегенмен, тәжірибе көрсеткендей, пайдаға ұмтылу – фирманы кәсіби басқарудағы тіректі кепіл болып табылады.
Орытынды
1. Абсолютті (таза) монополия – бұл салалық ұсыныстың барлық көлемін бір ғана сатушы қамтамасыз ететін нарықтың жағдайы.
2. Монополияның пайда болуы салаға кіру тосқауылдарының орын алуымен шартталады, олардың рөлі өндіріс ауқымының едәуір оң тиімділігінен, ерекше құқықтар арқылы, өндірістің аса маңызды деген факторларына бақылау жасаудан көрінеді.
3. Монополиялық биліктің пайда болу себептеріне байланысты монополияның мынадай түрлері бар: а) жабық монополия – бәсекелестіктен ерекше құқықтармен қорғалған нарықтық жағдай; ә) ашық монополия – уақытша сипатқа ие болатын және бәсекелестіктен қорғалмаған нарықтық жағдай; б) табиғи монополия – өндіріс ауқымының тұрақты оң тиімділігіне ие болушы монополия; в) монопсония – сатып алушының монополиялық билікке ие болу жағдайы.
4. Монополиялық фирманың нарықтық билік жүргізуінің көзі болып нарыққа бақылау жасай алу табылады, ол нарықты бақылау арқылы өзінің өндіріс көлемін реттей отырып нарықтық бағаға әсер ете алады.
5. Монополия жағдайында минималды орташа шығындармен өндіруге ынталандыратын нарықтық күштер болмағандықтан, монополист өндірістің кез-келген көлемін таңдай алады.
6. Пайданы максимизациялау ережесіне жүгіне отырып, монополист шекті табыс өндірістің шекті шығындарына тең болғандағы өндіріс көлемін таңдайды. Бұл жағдайда, сұраныс қисығының көлбеулігін ескере отырып монополист бағаны бір өнімге кететін шекті шығындардан жоғары етіп тағайындайды, яғни осы баға оның өніміне деген сұраныс икемділігіне кері пропорционалды олып табылады.
7. Монополисттің өндіріс көлемі туралы шешім қабылдауы шекті түсім қисығының сипатын анықтайтын сұраныс икемділігінің өзгеруіне байланысты болса, онда баға мен ұсыныс көлемі арасында арақатынас орын алмайды, сондықтанда монополия жағдайында ұсыныс қисығы болмйды.
8. Әр түрлі тең жағдайларда монополистің ұсыныс көлемі жетілген бәсекелес фирмаға қарағанда төмен, ал бір өнімге деген монополиялық баға жетілген бәсекелес фирманың бағасына қарағанда жоғары болып табылады, осының салдарынан қоғамдың әл-ауқаты төмендейді.
9. Монополия жағдайында ресурстарды бөлудегі (нарықтық бағалар өндірістің шекті шығындарынан жоғары) және қолданудағы (өндірістің орташа шығындары оның минималды деңгейінен жоғары) тиімсіздіктің орын алуы монополияланған нарықтарға мемлекеттік реттеу жүргізуді талап етеді.
10. Монополиялық іс-әрекеттерді мемлекеттік реттеу салалық ұсынысты ұлғайту мақсатында жүзеге асырылады және ол монополиялық әрекеттерді жоюға бағытталған құқықтық нормалар, монополияның нарықтық билікті жүзеге асыру мүмкіндіктерін шектейтін экономикалық іс-шаралар сияқты әдістер арқылы жүргізіледі.