Лекции.Орг


Поиск:




Категории:

Астрономия
Биология
География
Другие языки
Интернет
Информатика
История
Культура
Литература
Логика
Математика
Медицина
Механика
Охрана труда
Педагогика
Политика
Право
Психология
Религия
Риторика
Социология
Спорт
Строительство
Технология
Транспорт
Физика
Философия
Финансы
Химия
Экология
Экономика
Электроника

 

 

 

 


Практикалық сабақ.




Тақырыбы: Нұржан Наушабайұлы шығармашылығы (1859-1919)

Негізгі қаралатын мәселелер:

1.XX ғасыр басындағы тарихи-мәдени процесс және ақын мұрасының зерттелу, жариялану деңгейі.

2.Нұржан өлеңдерінің тақырыптық аясы және көркемдік ерекшелігі. 3.Нұржан айтыстары, дастандары және мысал өлеңдері.

Тапсырмалар:

1. Нұржан мен Сапарғали айтысын оқу, талдау.

2. «Бозаман» дастаны мен «Өгіз бен есек», «Түлкі мен әтеш» мысалдарының мазмұнын талдай отырып, сюжет дәптерге түсіру.

Нұржан Наушабайұлы  - XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында өмір сүрген, қазақ әдебиеті тарихында шартты түрде «ағартушы», «кітаби» деп аталатын акындар катарында өзіндік орны бар болғанымен, шығармалары ғылыми айналымға тұтас енбей, сол себептен толық танылмай жүрген талантты акынның бірі. Ол 1859 жылы қазіргі Қостанай облысының Меңдіқара ауданында Аманқарағой деген жерде туды. Нұржан ақын ауқатты, әлді жерден шыққандықтан жасынан ел аралап, ән шырқайды, ит жүгіріп, құс салады. Б.Кенжебаев «Жас шағында өлеңге, ақындыққа көңіл қоймады: ел қыдырып, салдық қүрып жүреді... Тек отыз жасынан бастап қана өлеңмен айналысып, ақындық жолына түседі» - дейді.

Ақынның шешесі бір жасында қайтыс болып, ол әжесі Ағайманың тәрбиесінде болады. Азан шақырып қойған аты - Нұрмағанбет. Әжесі ерекелетіп Нұржан атап кеткен. Бозбала кезінде Бәтима деген қызға ғашық болып, ол бойжеткен кезінде қайтыс болыпты, соның күйігімен Нұржан 25 жасқа дейін бойдақ жүріпті. Кейіннен Нәзипа сұлуға үйленіп, одан үш бала сүйіпті: Сұлтанғазы, Дәмет, Үміт. Бұл ару да көп ұзамай қайтыс болып, он жылдай төсек жаңғыртпапты. Осы кезеңде өмір жайлы, оның өтпелілігі туралы, адамдар арасындағы қарым-қатынас, байлық пен кедейлік, жалғыздықтың қиындығы туралы өлең жазған.

Уа, тәңірі, құдіретіңе таң қаламын.

Соңынан ғашық жардың зарлатпасын,

Сыртым шоқ, ішім-жалын болды менің.

Сыртыма шығаруға арланамын.

 

Заман-ай, еркін қанат жайдырмайсың,

Не кедей, не белгілі бай қылмайсың.

Қызықтым отыз бесте дидарыңа

Шалқар көл, шұқыр көлге қайрылмайсың.

Іштей құса боп, тек домбыра мен әнді ермек етіп жүрген Нұржанға бірге өскен Сапарғали досы келіп, Нұржанның жақсы көріп жүрген қызы Бибісараға ойламаған жерден хат жазғызады. Бірнеше хат жазып, жауап ала алмай, үмітінің үзілер тұсында қыздан жауап келіп, соңынан сол қызға қосылады. Одан бала болмайды.

Әрі ақын, әрі әнші, әрі күйші Нұржан Наушабайұлы 1919 жылы 60 жасында қайтыс болды.

Ақынның көзі тірісінде жарық көрген кітаптары: «Манзұмат Қазақия» -1903 ж. Қазан. «Жұмбақ. Сапарғали мен Нұржанның жұмбақ айтысы » - 1903 ж. Қазан. «Алаш» - 1910 ж. Қазан.

«Н.Наушабайұлы ақынның бір өзгешелігі - ол өлеңдерінің көбін бұрынғы араб, фарсы, шағатай ақындарының үлгісінде, стилінде жазады: діни сөздерді, араб, фарсы, ескі кітаби сөздерді көп қолданады» (Б. Кенжебаев)

Н.Наушабайұлы педагог ақын Ы. Алтынсариннің ақыл-кеңесін, тәрбиесін көріпті. Мәшһүр-Жүсіп Көпеевпен қарым-қатынаста болған. Абайды ұстаз тұтқан, ұлы ақыннан үйренген, оған еліктеп өлең жазған.

Ақын Алланы пip, Пайғамбарды хақ, Құранды шын деп білген. Алланы бүкіл дүниедегі жанды - жансыздың жалғыз жаратушысы деп түсінген.

«Пендеге пенде қылма жүз салдырып» дейді ақын. Ажал да, азап та, бақ та, сор да кұдіретті бір құдайдың қолында екенін ол өзі ғана мойындап қоймай, қалың жұртқа насихат ретінде жырлайды.

Н.Наушабайұлының әдеби мұрасын алғаш зерттегендер Е.Ысмайылов, С.Мұқанов, Б.Кенжебаев, Ө. Күмісбаев, У.Қалижан.

    Әдебиет жинаушы Б.Байтоғайұлы 1928 жылы «Жаңа әдебиет» журналында жарияланған «Нұржан ақын» деген мақаласында Нұржанның шыққан тегі жайлы, оның өлеңдерінің болашақ ұрпақ үшін, қазақ әдебиеті үшін құндылығын айта келіп, ел арасындағы ақын өлеңдерін білетін адамдарға өтініш жасайды.

      Нұржан өлеңдерінің өз заманында кеңінен таралғандығына, оның есімі сол кездегі белгілі ақындармен қатар аталғандығына М.Дулатовтың төмендегі өлең жолдары да айғақ болмақ.

Торғайда Ақмолла мен Нұржан жатыр,

Шөже, Орынбай, Мәшһүр-Жүсіп о да шықты.

Бұлардың әрбір өзі файдағы асқан,

Һүнерін хатқа жазып, халыққа шашқан.

     Сондай-ақ, А.Байтұрсынов өзінің белгілі «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінде Нұржан өлеңдерінен:

Бұл күнде сөйлей берсек сөз жетерлік,

Білгендер тағылымы бар үлгі етерлік.

Кеңістің көзі ашылған бұлағынан,

Ағызы шұқанақты көл етерлік, -

деген үзінді алып «бейнелеу» тәсілін түсіңдіреді. Мұның бәрі Нұржанның өз заманындағы бағасын байқатады.

 

2. Нұржан өлеңдерінің тақырыптық аясы және көркемдік ерекшелігі

Нұржан шығармашылығының алғашқы кезеңінде жазылған өлеңдері жалынды жастық шақ, адал махаббат, сұлу қыз, жақсы дос, сияқты нәзік сезімді болып келеді. Бірқатары айтыс түрінде де орындалған. Махаббат, жастық шақ хақындағы өлеңдерінің бэрі сыршыл, эсем лирикалық туындылар. Ақынның осы кезеңдегі шығармаларынан халық поэзиясының сүлулыққа сүйсіну, әсемдікті суреттеу мотивтерін, айшықты, көркем образдарды айқын көруге болады. Сонымен қатар ақынның жеке лирикалық түйіні де мен мұндалап түрады.

Мысалы:

Ақ Еділ қамысындай он саусағың,

Жаныма лайық тіл мен жағың.

Шамшырақ жағып қойған қараңғы үйде,

Таусылмас қанша айтсам да сенің бағың,

Ақ жүзің он төртінші туған айдай,

Сөзің бар шаршап келіп ішкен шайдай.

Әр сөзің көңілімді хош етеді,

Құбыладан жазғы соққан қоңыр майдай...-

деп келетін сыршыл сезімге толы жолдар тыңдарманды елітіп, баурап әкетері сөзсіз. Өмірлік жары Бибісараға хат арқылы өз сезімін білдіруі, «Көкен-ай», «Көңіл ашар», «Жан сәулем», «Асыл-ай», «Мұқидаш», «Бес тілек» сынды әндерінен ақын жанының нәзік сыршылдығы байқалады.

    Ақынның ағартушылық көзқарасының қалыптасуына белгілі ұстаз Ы.Алтынсарин жақсы әсер етеді. Ел арасында той тойлап, сауық-сайран салып жүрген Нұржанның ақындық талантын таныған Ы.Алтынсарин оған бағыт сілтеп, ақыл-кеңес береді. ¥стаздың ұлағатын дұрыс қабылдаған Нұржан ендігі жерде:

Шығарманы жүргізуге білім керек,

Дахида зейініңді бөлу керек.

Мағыналы үлағатпен тізіп қойып,

Байлауға сөзді қысқа білім керек,-

деп, оқу-білімнің пайдасын насихаттаған өлеңдер жаза бастайды.

Қазақ халқы шырайлы жерінен айырылып, күштіден қысым көргенін, халықтың тіршілігі ауырлап, тұрмысы қиындап кеткенін:Ата қоныс кетті қолдан.Бұған бар ма қыларымыз? -деп ашына жырлайды.

Патшаның жарлығымен қазақтың шұрайлы жерлері орыс шаруаларына алынып берілуі, саналы азаматтардың намысын қоздырып, ашу-ыза тудырады. «Күш қазандай қайнағанмен, күресуге дәрмен жоқ» сынды құбылыс Нұржан шығармашылығында төмендегідей өрнектеледі:

Барар жер, басар тауың жоқ,

Деген мақал кез болды.

Бір қауызға қамаған,

Кеңшілік заман табылмас.

немесе «Ағашты алды, жерді алды, Енді алмаған нең қалды?»

   «Зар заман» поэзиясын жан-жақты талдаған Б.Омарұлының: «Нұржан Наушабайұлы - зар заман поэзиясының өлең өрнектерін санаға сіңірген, бұрыннан бар түр - пішінге өзгеше өң берген жыр жүйрігі»,-деген сөзі оның шығармаларына берілген әділ баға.

Нұржанның ақындық талантының тағы бір қыры - қазақ поэзиясындағы ертеден қалыптасқан көркемдік дәстүрді дұрыс пайдалануда және тапталған сүрлеудің тасасында қалып қоймай, өзіндік ой өрнегін, сөз жүйесін тауып, көне дәстүрді өз тарапынан жаңарта, жаңғырта жырлауында жатыр.

   3. Нұржан шығармаларының жанрлық өзгешелігі (айтыстары, дастандары және мысал өлеңдері)

Нұржан мен Сапарғалидың айтысы өз тұстастарымен салыстыра қарағанда жоғары деңгейде өткен, әртүрлі тақырыптарды қамтыған, ақындық шеберлікпен тапқырлықтың озық үлгісін танытатын айтыс. Бұл айтыста дәстүрлі тақырыптармен қатар ел тұрмысына енді ғана ене бастаған жаңа заттарға да ерекше мән беріледі. Айтыстың осы бір ерекшелігі жайлы ғалым М.Жармұхамедов: «Мұнда халық өмірімен біте қайнасып кеткен байырғы заттардан тыс ел тұрмысына енді-енді ене бастаған жаңа мүлік атауларға да мән беріліп отырады. Осы орайда ең алдымен ел ішіне кең тараған «Сапарғали мен Нұржан айтысын да» айрықша атап өткен жөн.

      Нұржанның «Сегіз сері» (Мұхамедқанапия) Баһрамұлы Шақшақовқа арналған дастанында Нұржан Сегіз серінің ерлік істері мен өз жанынан шығарған, ақын-әнші ретінде өңдеп, орындаған көптеген туындыларын сөз қылады. Дастанды жазардан бұрын ақынның ауылында болып, ол жайында деректер жинап, өлеңдерімен танысқан Нұржан тілі көркем, оқиғасы тартымды шығарма жазып шығады. Бірақ бұл туындының көркемдігімен қатар кемшілігі де бар.

Ақынның шығыс әдебиетінің үлгісімен, ұлттық еркшелікті сақтай отырып жазған, шығармашылығының эпикалық сипатын танытатын тағы бір туындысы - «Бозаман» дастаны. Дастанның негізгі өзекті тақырыбы достық, махаббат мәселесі. Дастанның өзге лиро-эпостық туындыларға сюжеті ұқсас болғанымен, оқиғаның аяқталуы өзгеше. Егер басқа ғашықтық дастандардың финалында қыз бен жігіт бір-біріне қосылып бақытты болыпты деп аяқталса, мұнда мүлде басқаша. Дастанның осылай аяқталуының өзі Нұржанның ешкімді қайталамайтын, өзіндік стилі, өзіндік қолтаңбасы бар ақын екенінің бір дәлелі.

Нұржанның мысал жазу саласындағы қол жеткізген жетістігі, «Өгіз бен есек», «Түлкі мен әтеш» мысалдары. Бұл мысалдарда автор екі хайуанның арасындағы іс-әрекет, диалогтары арқылы өзінің жаны қиналса, досын сатып кетер нашар достықты бір сынаса, «басқа бәле тілден» екенін де жанамалай айтып өтеді.

 «Түлкі мен әтеш» мысалында түлкі әтешке келіп «патшадан жаңа низам шықты енді қой мен қасқыр, тазы мен түлкі, қаршыға мен көгершін дос болып, бір үяда өссін депті. Екеуміз де дос болайық, жерге түс» - дейді. Әтеш алысқа көз жіберіп: «Бір қойшы жанында біреу бар келе жатыр» десе, түлкі: «Ойбай-ау ол тазы боп жүрмесін» деп зыта жөнеледі. Сонда әтеш: «Неге қаштың, әлгі сөзің қайда?» десе, түлкі: «Кім білген, мүмкін патша жарлығын әлі ести қоймаған шығар» дейді. Мұндағы түлкі - елді алдап жеуге үйренген жаңа заман адамының типі.

«Өгіз бен есек» мысалында өгіз ұзақ күнге қосқа түсіп, алдындағы шөбін жеуге де шамасы келмей жатқанда, есек оған: «Бір күн шөп жемей ауырған бол, содан соң ауыр жұмыстан құтыласың» дейді. Ертеңіне өгізі тұрмаған соң иесі әлгі есектің өзін соқаға шегіп, ол өле жаздайды. Күн бата өгіз: «Қожайын не айтты» - десе, есек: «Өгіз бүгін де жем жемесе, сойып алмын» деп отыр дейді. Мұны естіген өгіз сол түні шөбін жеп ойнақтап, өкіріп шығады да, соқаға қайта түседі.

Әдебиеттер: Затаевич А.А. 1000 песен казахского народа, (песни и кюии). Издание второе. Москва: Гос. Музыкальное издательство, 1963-605 с.Ауыл кеші көңілді. Алматы: Қайнар, 1991-624 б.Наушабайұлы Н. Алаш. Қостанай: ЖШС «Баспа үйі» 1997-191 б.Омарұлы Б. Зар заман поэзиясы. Алматы: Білім, 2000-368 б.Шәріп А. Қазақ поэзиясы және ұлттық идея. Алматы: Білім 2000-336 6.Мұқанов С. Халық мұрасы. Алматы: Қазақстан, 1974-237 б. Жармұхамедов М. Айтыстың даму жолдары. Алматы: Ғылым, 1976-168 б.

 

 





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2018-10-14; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 598 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Настоящая ответственность бывает только личной. © Фазиль Искандер
==> читать все изречения...

2819 - | 2546 -


© 2015-2025 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.106 с.