Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов Алматы қаласындағы жоғары, орта оқу орындарының ұжымдарымен жиі кездеседі.
Биылғы 19 ақпанда Абылай хан атындағы халықаралық қатынас және әлем тілдері университетінде (ректоры Әлима Құнанбаева ханым) қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Айбала Қозиәметованың ұйымдастыруымен өте қызықты кездесу өткен еді. Ал сондай бір тағылымды кездесу 6 наурыз күні қаладағы № 53 орта мектепте өткен болатын.
Жазушының тағы бір ғибратты кездесуі 30 наурыз күні № 1 Алматы қазақ мемлекеттік гуманитарлық педагогтік колледжінде (директор қызметін атқарушы Серікгүл Ардабекова ханым) болды. Бұл кездесуді қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқытушысы Еркін Еңсепова ханым ұйымдастырды.
Бұл кездесу жазушының «Махаббат, қызық мол жылдар» романына арналған еді. Колледж шәкірттері роман бойынша әр алуан сахналық көріністер әзірлеген екен.
Ең алдымен Сымбат, Мақпал, Айнұр, Перизат, Жадыра, Қырмызы, Құндыз деген 7 қыз XX ғасыр қыздарының бейнесінде сахнаға шығып, романдағы «Апамның айтқандары» деген тараудағы тамаша нақыл сөздерді нәшіне келтіріп, саңқылдай айтқанда залдағы жұрт зор ризалықпен жиі-жиі қол шапалақтап отырды. Олардан кейін шәкірттер Динара (Меңтай), Айнұр (Зайкүл), Нұрсұлтан (Ербол) сахнада роман кейіпкерлерінің бейнесін сомдап, кітаптың мазмұнын жұртқа жеткізді. Жүргізушілер Жұлдыз Желдірбаева мен Ерлік Боранбаев көркем сөзді шебер айтатын үздік өнерлерін көрсетті.
Бұдан кейін сахнаға жазушы шақырылды. Ол мұндай тамаша кешті ұйымдастырғандары үшін колледж ұстаздары мен шәкірттеріне алғыс айтты.
Содан кейін былай деді:
Мен 14 жасымнан бастап өлең жаздым. Өлеңмен 13 жыл айналыстым. Жазғандарым газет, журналдарда басылып жүрді. Бірақ, жақсы ақын бола алмадым. Жаман ақын болғым келмеді. Сондықтан өлеңді қойып кеттім. Одан кейін очеркпен шұғылдандым. 21 жыл очеркист атанып жүрдім. Роман жазуға батылым бармады. Әдебиетпен айналысқан 34 жылдан кейін алғашқы романым «Махаббат, қызық мол жылдар» жарыққа шықты. Күні бүгінге дейін 50 шақты кітабым қазақ, орыс, украин, чех тілдерінде басылды.
Толстой, Достоевский, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сияқты классик жазушылар қанша кітап шығарса да, жазғандары тегіс халық мұрасы болып қала береді. Мәселен, Лев Толстойдың 90 томы бар. Ол томдар ұлттық, адамзаттық мұра.
Ал біз сияқты классик емес, қатардағы қарапайым жазушылар жазған кітаптарымыздың біреуі немесе екеуі қайта-қайта басылып, халық мұрасына айналса өзімізді бақыттымыз деп білер едік...
Мен жоғарыда аталған 50 шақты кітаптан «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз», «Өмір өрнектері» және «Мәңгілік махаббат жыры» аталатын төрт кітабымның бірі қазақ әдебиетіне атымды сақтап қалса-ау деп армандаймын. Үміттенемін. Бірақ, үміт орындала бермейді ғой. 50 — 60 жылдан кейін атың әдебиеттен өшіп, мүлде ұмытылып кетуің де мүмкін.
Сол үміттенетін кітабымның екеуі туралы айтайын. Біріншісі — «Махаббат, қызық мол жылдар» романым, екіншісі — «Мәңгілік махаббат жыры» прозалық поэмам.
«Махаббат, қызық мол жылдар» романының алғаш басылып шыққанына 40 жылға тақап қалды. Биыл «Санат» баспасы оны оныншы рет қайта басып шығарды.
Бұл романды мен кешегі Ұлы Отан соғысынан келіп, университетке түскенде өзіммен бірге оқыған қыздар туралы жазған едім. XX ғасырдың қыздары жайында.
Ол романда мен XX ғасыр қыздарының бойындағы ғажап қасиеттерді айттым.
Ол қандай қасиеттер еді?
XX ғасырдың қыздары арақ ішпейтін, темекі тартпайтын. Қарқылдап күлмейтін, барқылдап сөйлемейтін. Жай сөйлеп, жылы жымиғанымен жанды ерітетін.
Олар өте инабатты болатын. Үлкендерге көшеде жол, автобустарда орын беретін. Ана тілін туған аналарындай ардақтайтын. Сабақтан тыс жерде — үйде, көшеде, қонақта тек қана қазақша сөйлесетін. Қазақ әдебиетін бас алмастан оқитын. Қазақша әсем әндер шырқап, күмбірлетіп күй тартатын. Қазақтың асыл ғұрыптарын ардақтай білетін. Көшеде анарын ашып, кіндігін көрсетіп жүрмейтін. Аялдамаларда жұрт көзінше жігіттерге бұтын тақап, сыңқылдатып сүйіспейтін.
XX ғасырдың қыздары өте уәдешіл болды. Берген сертін ешқашанда бұзбайтын. Олар ұлттық ар, намыс, абыройды сақтап, пәк қалпында сүйген, уәделескен жігіттеріне тұрмысқа шығатын.
Олар жаны сүйіп қосылған жігітімен мәңгі бірге өмір сүретін. Бүгін қосылып, ертең немесе екі айдан кейін «мінезіміз үйлеспеді» деп ажырасып жатпайтын. Әрқайсысы 3 — 4-тен бала тауып, ұлтты көбейтуге үлес қосатын. 30 — 40 жыл мұғалім, дәрігер, кітапханашы болып қызмет етіп, мемлекетке еңбек сіңіретін. Сөйтіп, әр алуан атақ, ордендар алып, абыройлы өмір сүретін.
Қайран менің замандас, курстас қыздарым-ай, шіркін!
Мінеки, XX ғасырдың қыздары осындай еді. «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабымда мен XX ғасыр қыздарының осы асыл қасиеттері кейінгі қыздарға үлгі болса екен деп армандадым.
Ал «Мәңгілік махаббат жыры» кітабымды өзара 9 жыл ғашық болып жүріп қосылып, 54 жыл бірге бақытты өмір сүрген жан жарым Халимаға арнадым. «Махаббат, қызық мол жылдарда» қазақ қыздарының бойындағы асыл қасиеттерді көрсетуге тырыссам, «Мәңгілік махаббат жырында» сол қыздардың бірі Халиманың әйел, ана, әже болғандағы ұлттық өнеге болуға тұратын қасиеттерін көрсетуге талпындым.
Қазақта: «Қас жаман қатынын мақтайды» деген сөз бар. Соны біле тұра, «Өзім жаман болсам болайын, бірақ жарымның жақсылығын жасырмайын» деп ойладым.
Бұл кітабым да, «Махаббат, қызық мол жылдар» сияқты, оқырмандарға ұнап жатыр. Жарыққа шыққанына 4 жыл ғана болғанына қарамастан, бұл кітап бойынша 2 ән (композиторлар Тұрсынғазы Рахимов пен Ақтоты Райымқұлова) шығарылды, 1 кино-сценарий жазылды (Айгүл Кемелбаева). Қазір Халима туралы деректі фильм түсіріліп жатыр (Сергей Азимов).
Ал «Ақиқат пен аңыз» қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлына арналған болса, 3 томдық «Өмір өрнектері» кітабым менің мөлтек әңгімелерім мен өзім шығарған афоризмдеріме арналған.
Бұдан кейін жазушы оқырмандардың көптеген сұрақтарына тағылымды толық жауаптар берді.
Ең соңында ұстаздар Гүлбибі Сатыбалдиева, Дәмелі Қайырқызы жазушыға жақсы әңгімелері үшін шын жүректен алғыс айтты.
— Біздің колледж қыздарының XX ғасырдың қыздары сияқты арақ ішпейтін, темекі тартпайтын, ұлтжанды ұрпақ болып өсетініне сізді сендіреміз! Осылай ма, қыздар?
— Осылай!
— Дұрыс, — деп залдағы қыздар бірауыздан жауап берді.
Ең соңында жазушы өзінің «Қазақстан картасындағы Жер аман болсын!» деп басталатын бағасын берді колледж қауымына.
* * *