Хал жағдайыңыз қалай?
Сіз емханада деген соң, жеделхат жолдап отырмын. Алла қолдап, дәрігерлер көмектесіп, сауығып шығыңыз. Өзіңізге Мұқан Иманжанов айтқандай: «Туу, бекер әуре болған екенсіз» демеңіз.
Өзіңіздің қолтаңбаңыз бар кітаптарды алғанда төбеміз көкке жеткендей қуандық. Сізге мың мәрте рақмет.
«Мәңгілік махаббат жыры» кітап сөресінде, қасиетті құран Кәрімнен кейінгі орында тұрады. Біз үшін бұл кітап баға жетпес сыйлық, әрі ең қымбат ескерткіш болды.
Ыстық ықыласпен, оқырманыңыз:
Оразбек АЙМАНҰЛЫ.
Астана қаласы.
1. 07.2007жыл.
* * *
РМЕТТІ ӘЗІЛХАН АҒА!
Сіз бен біз туыспыз деп, туыстық сәлем жолдап, тілегіңізді білдіріп қолтаңба жазып берген «Мәңгілік махаббат жыры» кітабыңызға шексіз ризашылдығымды, алғысымды білдіремін.
Кітапты оқып шығып, қазақ қыздарының бірегейі Халимадай Анаға бас иіп, тағзым еттім.
Ары таза, жаны мөлдір, махаббатқа адал, туысқа қамқор, серігіне ақылшы, кеңесші, емші бола білген Халиманың асыл бейнесінен ұлтымыздың ұл-қыздары үлгі-өнеге аларлықтай сомдаған Сізге деніңізге саулық, өміріңізге тыныштық тілеймін! Ұл-қыздарыңыздың, немере-шөберенің ортасында ақылшы болып аман-сау жүріңіз.
Зор құрметпен
Гүлжан СӘДУАҚАСҚЫЗЫ.
филолог-ұстаз,зейнеткер.
Астана қаласы, 2007жыл.
* * *
РМЕТТІ ӘЗАҒА!
Сіздің маған берген «Мәңгілік махаббат жыры» деген кітабыңызды екі күнде оқып шықтым. Оқып отырып, біраз ойға шолу жасап ұққаным да, тұжырымдағаным да мынадай болды:
Иә, Алла тағала, тіршіліктегі барлық ләззат та, адамгершілік те осы шығарманың ішіне сыйғандығы. Және де бұл «Махаббат, қызық мол жылдар» атты кітабыңыздың жалғасы әрі тұжырымдамасы екен.
Шынайы жүректен шыққан өмір тәжірибеңіздегі әр сөз, әр ойыңызды қандай етіп қағазға түсіргенсіз?
Фәни өмірде сирек кездесетін ерлі-зайыпты адамдардың ара қатынасында болатын махаббаттың таңғаларлықтай бірегейі екен. Мұның ұрпаққа деген тәрбиелік мәні зор. Әрі қазіргі осы ХХІ-ші ғасырдағы жастарға керектігі зор.
Мен де Нұрекеңмен (өз жолдасым Нұрғалиды айтамын) 48 жыл қол ұстасып, балалар тәрбиелеп, өмірімізді жақсы өткіздік дейміз ғой. Бірақ, мына «Мәңгілік махаббат жыры» кітабындағыдай болды деп айтуға болмайды.
Сіздің аса бақытты адам екеніңізде шүбә жоқ. Сіздердей екі жұп сирек кездеседі ғой. Лайымда Сіздердей жұбайлар көп болғай деп тілеймін.
Ендігі келешек өміріңіз ойша Халекеңмен бірге жүргендей өтіп, одан қалған бала-шағаңыздың рахатын көргейсіз. Алланың Сізге деген мейірім шуағы төгілгей деп тілей отырып, күшті денсаулық, отбасыңызға амандық, береке тілеймін. Алланың халқыма Әзағадай данышпан ұл бергеніне қуанамын.
Аман болыңыз, замандас келініңіз:
Ділда МАҒАЙҚЫЗЫ.
Айтпақшы: осы шығармаға арнап талай білікті азамат, азаматшалар тұжырымдамалар жазған екен. Бәріде дұрыс. Өзім ішімнен разы болып, талдап оқып шықтым. Бәрінікі де шын ықыласпен жазған көңіл жұбату бола тұра, бұл жастарға ұлағат қой, қазағымның қазаға көңіл айтып, «Арты қайырлы болсын!» деген бір ауыз сөзінде қаншама күш-құдірет бар десеңші!
Әз аға! Сіздің Нұршайық әкеңіз асыл адам, тұма таланты бар, әкелік гені күшті, кең қолтықты, жүрегі жұмсақ болған ғой. Сондықтан да текті тұқымнан Алла бізге, қазаққа Сізді сыйлаған ғой. Үйде де, түзде де, майдан алаңында да Өзіңіздің өмірге деген құштарлығыңыз, мұншама ізгілікті іс тындырып, әрі балаларға қамқор әке бола білуіңіз Құдірет емес пе?
Әкеден артық арман жоқ,
Әкеден артық қорған жоқ
Әкеден артық пана жоқ,
Әкеден артық дана жоқ,!
— деген қазағымның даналық сөздерін естіп те, оқып та риза боласың!».
Ділда Мағайқызы Тасмағамбет келіні (Иманғали Тасмағамбетовтың анасы).
Ескерту: Хаттың аяғына жазылған күні көрсетілмепті. Тегі автор ұмытып кеткен болар. Мен бүгін — 31.07.2006 жылы сағат 12-де алдым. Қалалық Әкімшіліктің Мәдениет департаментінің қызметкері Жасұлан Тәжібаев әкеліп берді. Соған Қарағанда хат кеше жазылып, оны «Алатау» санаторийінде жатқан Ділда Мағайқызы кешке халін білуге барған баласы Иманғалидан беріп жіберген сияқты. Иманғали таңертең маған жеткіздіріп беріңдер деп көмекшілерінің біріне тапсырған болса керек. (Әз. Нұршайықов).
Атырау қаласы, МКР,
Ватутин көшесі, № 3А
Ділда Мағайқызына
АСА ҚҰРМЕТТІ ДІЛДА БӘЙБІШЕ!
Сізге сәлем жолдаймын.
Өткен айда Алматы ауруханасында кездесіп, дидарласқанымыз есімде. Одан «Алатау» санаторийіне кеттіңіз. Сонда жатып, менің Өзіңізге сыйлаған «Мәңгілік махаббат жыры» кітабымды екі күнде оқып бітіргеніңіз туралы шағын хат жазып жібердіңіз. Оны маған Иманғалидың көмекшілері әкеп тапсырды.
Хатыңызды оқып, қуанып қалдым. Шын жүректен шыққан Өз бағаңызды беріпсіз: мұның ұрпаққа берер тәрбиесі мол, қазіргі XXI ғасырдағы жастарға өте керек депсіз. Одан әрі менің әкем Нұршайық туралы өте жылы лебіз білдіріпсіз.
Өзім туралы мақтау сөздерді естіп жүрмін ғой. Бірақ, бүйтіп әкемді бағалаған ешкім болған жоқ еді. Көзіме жас келді. Біз әке мен шешенің артқа қалдырған аманатымыз ғой. Мың рақмет Сіздің оларды бағалай білген аналық даналығыңызға!
Сіздер «Алатауға» кеткеннен кейін мен қаладағы «Версаль» деген ресторанға барып, Халиманың қайтыс болғанына бес жыл толуына байланысты жұрт жинап, еске түсіру кешін өткіздім. Алдымен, бірнеше рет қажыға барып келген Үкіжан деген молда бәйбіше құран оқыды. Одан кейін өзім сөйлеп, бес жыл ішінде Халима туралы не істелгенін айттым. Халимаға арнап, Тұрсынғазы Рахимов деген композитор шығарған жаңа ән орындалды. Махаббат туралы тамаша әндер шырқалды. Жиналған жұрт өте разы болып тарады. Менің мақсатым өзім өлгенше әйелімнің атын өшірмеу ғой. Осы кештің ойдағыдай өткеніне қуанып, ауруханаға қайтып, өз палатама жайғастым.
Қазір үйде емделіп жатырмын. Әбден айығып кетуім үшін әлі де бір айдай уақыт керек сияқты.
Хатыңызды оқығаннан кейін Сізге телефон соғып, алғысымды айттым ғой. Сіз 6 тамызда елге қайтатыныңызды айтып, алғысыңызды Атырауға жазып жібергейсіз дедіңіз. Сол уәдемді орындап, Өзіңізге осы хатты жолдап отырмын.
Құрманғали бауырыма, келінге және басқа балаларға менен тілектестік сәлем айтыңыз.
Айтпақшы, Сіз маған жазған хатыңыздың аяғына «Ділда Мағайқызы» деп қол қойыпсыз. Мен Сізге «Ділда Оспанқызына» деп автограф жазып бердім. Маған Гүлнәр Аронова деген дәрігер солай деп айтқан еді. Әлде мен қателестім бе? Егер қателескен болсам, Өзіңіздегі кітаптың автографынан «Оспанқызы» дегенді өшіріп, «Мағайқызы» деп түзетіп қоярсыз.
Ал, аман-сау болыңыз.
Айтпақшы анада, аурухана балконында Ғалия түсірген суретті әлі шығартқаным жоқ. Кейін жіберермін. Ғалия сәлем. Тәуірленіп қайтты ма?
Құрметпен ағаңыз
Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ.
Алматы қаласы,
050022 Құрманғазы көшесі, 90, пәтер 28
P. S: Жоғарыда Сіздің маған жазған хатыңыздың көшірмесін, керек болар деп Өзіңізге жіберіп отырмын. Хатыңыздың түп нұсқасы менде сақтаулы.
* * *
МАХАББАТ ПОЭМАСЫ
Махаббат адам өмірінде әркімнің басынан өтетін, ұмытылмас әсерлі көңіл күйі. Тарихтан белгілі Ләйлі Мәжнүн, Фархад — Шырын, Қозы Көрпеш — Баян Сұлу, Қыз Жібек — Төлеген, Қалқаман — Мамыр т.т осының айғағы. Адамзат тіршілігінде махаббатсыз өсіп-өну мүмкін емес. Осылай болғанда, қадірлі оқырман, менің сіздер мен пікір бөліскелі отырғаным белгілі қоғам қайраткері, майдангер, Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың соңғы туындысы, жүрек-жарды, үлкен көлемді «Мәңгілік махаббат жыры» — поэмасы.
Әз — аға бұрында, тіпті студент уақытының өзінде де махаббат тақырыбын терең жырлаған жазушы. Ол кісінің «Махаббат, қызық мол жылдар» деген романы көпшіліктің қолдан-қолға тигізбей оқитын шығармасы болатын. Ал, кейінгі, бұл аяулы жары Халима туралы. Сондықтан бұл шығарма тәлім-тағылымы мол және қазіргі жастарға үлгі болар өсиетті туынды.
Махаббатты Әз-ағаң үш түрге жатқызады:
1) Бала махаббат;
2) Шала махаббат;
3) Мәңгілік махаббат.
Олай болса бұл шығарма нағыз «Мәңгілік махаббат жыры». Туынды негізінен екі бөлімнен және қосымша бөлімнен тұрады.
Бірінші бөлімдегі — жиырма сөз деген үлкен тарау жеке-жеке сарапталып, біріншіден — жиырмасыншы сөзге дейін Халима жеңгей" мен Әз-ағаңның қол ұстасып өткен өмір өткелдері туралы жан-жақты айтылған. Әз-аға осы тараудың 58-ші бетінде «Мен Халимаға 9 жыл ғашық болдым. Одан кейін екеуміз қосылып, 54 жыл тату-тәтті, ләззатты өмір сүрдік. Жұбымыз жазылған жоқ» дейді. Міне, қандай үлгілі өмір? Осындай ерекше естеліктің тууы да осы мәңгілік Махаббаттың құдіреті шығар?
Осы бөлімде «Мінәжат», «Сұхбат», «Сұраққа жауап», «Аппақ қардай ақ махаббат болсын», «Баян Сұлуға арналған монолог немесе сөйленбеген сөз», «Әскери жинаққа арналған анықтама», «Соңғы хаттар» деген көп мағыналы жеке-дара, естен кетпестей естеліктер келтірілген.
Махаббат поэмасының екінші үлкен бөлімі 126-шы беттен 302-ші бетке дейін «Халимаға хат» (Сағыныш саздары) деп аталған. Бұл хаттар 80 шақты мұңды жолдаулардан тұрады. Осы жүрек жарды, сағыныш саздарында Әз-ағаң Халимаға арнап:
Қасиеттеп құрметтеп,
Сенің махаббатыңды
Ұрпаққа үлгі болсын деп
Алашқа жайдым атыңды
— деп бастап 176 бет арнауларды өлеңмен жазған.
Олардың ішінде «Сағыну», «Сағыныш», «Сырласу», «Сені кімге теңермін?», «Ылғи жинап қайтамын», «Сен неткен ғажап едің», «Екі жүз жетпіс күн», «Торығу», «Балаларға ат қойдық», «Сенің ұлтарағың», «Сенің орамалың», «Самолетте», «Той туралы жыр», «Тәбәрік туралы жыр», «Мұң шағы», «Тоғыз жүз күн», «Әр күні, әр қағазға түсірілген жаңа шумақтар», «Мың күн», «Тоқтау», «Үш жыл», «Кезекті хат» деген арнау өлеңдерді нағыз махаббат поэмасы деп қалай атамасқа?
Кітаптың үшінші бөлімі — Халиманы еске алуға арналған. Осыған орай «Көңіл айтулар», «Әйел туралы ойлар», «Хаттар, лебіздер, автографтар, естеліктер» келтірілген.
Ағам айтқанда, белгілі жазушылар Қалмұхан Исабайдың «Қайран, Халима», Ғаббас Қабышұлының «Аяулымыз еді», Мұхтар Шахановтың, Жаппар Өмірбековтың, Есләм Зікібаевтың, Кәмен Оразалиннің, Медеу Сәрсекенің, Рысхан Мұсаұлының, т.б зиялы және белгілі азаматтардың жедел хаттары. Кеңес Өмірзақұлының, Өтебай Бейсенғалиұлының. Сандуғаш Малтаждарова, Тұрсынбек Кәкішевтың, Шерияздан Елеукеновтің, Асыл Қайсенова, Мыңбай Рәш, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Сәбит Досанов, Мұхтар Айтқазин, Асылхан Өмірзақұлы, Асқар Рахматуллин, Қабдеш Жұмаділов, Тұрсынхан Әбдірахманова, Сәки Бекбаева, Ишағы Жағыпарова, Шадыбай Абдуллаев, Тоқан Өзіханова т.б ондаған дос-жаран, қымбатты азаматтардың хаттары мен лебіздері.
Естеліктер тарауында Мұза Абдуллинаның «Жүректі тулатады жылы сөзі», Ғабдулсәнә Садықовтың «Халима апай туралы естелік», Мәрияш Жақыпованың «Мәңгі есімізде сақтаймыз», Фермахан Шоеваның «Кейбір сәттер», Бақыш Мерекенованың «Ізгілік шуағы», Мұқанәлі Омарбаевтың «Жан досымның жан жары», Махмұт Қасымбековтың «Аса парасатты жан», Кеңес Сейдалыұлының «Халимаға екі арнау», Сәки Бекбаеваның «Халима айтқан бір сыр», Гүлмәрия Айтмағамбетова — Көпішеваның «Менің кішкентай ұстазым» т.б. естеліктер келтірілген.
VI-шы тарау «Халима» деп аталынып, орысшасы: «Халима. Песнь о вечной любви» деген мағынамен біріншіден жиырмасыншы сөзге толықтай орысша берілген. Бұл аударманың орысша оқырмандар үшін маңызы өте зор. Орысша жазылған бөлімде «Письмо журналиста — писателя Кайсара Алима из Астаны», «Песнь о любви», «Из воспоминаний директора Семипалатинского педагогического училища (колледжа) Асылхан Бекбаева, «Письма Нагаши», Бэлла Баймухамедованың «Издневника», Бақытжан Момышұлының «Отрывок из романа», Махмут Касымбековтың «Такие произведения особенно нужны для нашей молодежи», Жанар Нұршайықованың «О маме», Светлана Кусманованың «О моей свекрови», Құралай Аққошқарованың «Письмо автору» деген жазбалары мен айтылған ой, пікірлері шын-ыңыласпен жүректен шыққан ниеттер.
VII-ші тарау Халима ауруханада жатқанда емдеген дәрігерлер мен медбикелердің аты-жөндері, Халима қайтыс болғанда қазанама, көңіл айту жариялаған газеттер, Халима күмбезін орнатуға үлес қосқан адамдар мен ұжымдар тізімі келтірілген.
Сондай-ақ, кітаптың соңында авторлар мен келтірілген деректер туралы түсініктер де берілген.
Қорыта айтқанда, бұл еңбек Әз-ағаның бұрынғы жарық көрген көп туындыларымен қатар ізденімпаз белгілі қаламгер, еңбекқор, майдангер қазақ жазушысының ұмытылмас аяулы жары Халимаға арнаған шын жүректен сағыныш сезімде жазылған үлкен туындысы.
Әз-аға, қаламыңыз мұқалмай, деніңіз саулықта болып, халық үшін көп жылдар өмір сүре беріңіз.
Сіләмхан ЖАППАРХАНҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті барлаушы геологы,
ғылым мен техника саласындағы
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
Халықаралық информатика Академиясының академигі,
геология-минералогия ғылымдарының докторы,
Қаныш Сәтбаев атындағы
Қазақ Ұлттық техникалық университетінің профессоры.
27.05.2006 жыл, Алматы.
ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВТЫҢ «МӘҢГІЛІК МАХАББАТ ЖЫРЫ»