— Ал, жоғарыла, Халима, жол болсын! — дедік біз құшағымызды жайып. Жалғызбысың, біздің үйді қалай тауып келдің? Ташкенттің мына қиқы-жиқы көшелерінен адаспай? — дедім мен.
— Мұқан-ау, мен Ташкент тұрғай, Мәскеуде де тұрдым емес пе? — дейді Халима тағы жымиып.
— Ал, Әзілхан қайда?
— Сарыағашта.
— Сен неге жалғыз жүрсің?
— Курорт маған ұнамады. Сарыағаштан гөрі бес-алты күн сендермен бірге болғанымды артық көрдім.
Бұл Халиманың бізге айтқан әзілі екен. Шынында былай болыпты. Жақында демалуға Сарыағашқа Алматыдан академик
Марғұлан келген екен. Сол кісі төменгі қабаттағы жайсыздау бөлмелердің біріне жайғасыпты. Соған Әзекең қиналады.
Халима оған:
— Әзілхан, сен оған қиналма. Ол кісіге мен өз орнымды берейін. Екеуің бірге жатындар! — деген ұсыныс жасайды.
— Сен қайда барасың, төменгі қабатқа көшесің бе? — дейді Әзілхан абыржып.
— Жоқ. Мен Ташкенттегі Мұқандарға барып, путевка мерзімі біткенше сонда жата тұрайын...
— Оның не? Әлде біреуге өзінің жатқан жылы орныңды беріп, оның дұрыс болмаған, – дедік біз оған.
— Ардақты ағаларды аялай білу керек қой. Сол кісілердің ойынан елге білім тарайды. Мен сияқты қарапайым адамдардың мың күн рахат көргенінен, ғалым кісілердің бір сағат жайлы жерде жатқаны артық қой! Жақсы ағалардың жақсы қасиеттерінің Әзілханға да жұға беруіне көмектесу ғой, менің мақсатым».
Жазбасында Мұқанәлі, сондай-ақ, Халиманы нағыз қарапайым жан ретінде де әдемі мүсіндейді:
«Біз Жарма, Көкпекті, Ақсуат аудандарын аралауға кеттік. Халима ауылда қалды. Бізді Семейден алып шыққан басшымыз Жарма ауданының «Комсомолдың 50 жылдығы» деген совхозға бастады. Директоры Күнсәлім Мұсажанов деген кісі екен. Бізді жылы қарсы алды. Үйіне апарып шай берді... Бір сөздің ретінде мен Әзілханның Алматыдан Халимамен бірге келгенін, оның «Ақбұзауда» қалғанын айттым.
Совхоз директоры елең ете түсті.
— «Махаббат, қызық мол жылдардағы» Меңтай апай сол кісі емес пе? — деді Әзілханға қарап.
— Жоқ, ол басқа адам. Ал, Халима деген апайларың сол романның қосалқы авторы, — дедім мен күліп.
— Қалай?!
— Меңтай бойындағы жақсы қасиеттердің бәрі, сол кісіден алынған.
Директор дереу шоферін шақыртты. Әзілханға «записка» жаздырып алып, шоферді өз «Волгасымен» «Ақбұзау» ауылына жөнелтті.
Екі сағатқа жетпей шофер Халиманы директордың үйіне түсірді.
Бір кезде Күнсәлім:
— Апай, ұят болмаса сұрайын: — Қай жердің қызысыз? — деді.
Халима әдетінше сәл жымиды да:
— Балалар үйінің қызымын, қалқам, — деді. Содан кейін өзінің отыз екінші аштық жылы қалай жетім балалар үйіне түскенін, ал туған жері Абай ауданы екенін айтты.
— Пәлі, сіз менің апам болып шықтыңыз ғой...
Қайтарда директор Халиманың қолына да әйелдің кішкентай алтын сағатын ұстатты.
Халима:
— Мен сіздерге құр қол келдім. Сіздерден мұндай қымбат сыйлық алуым ұят қой, және мен отбасында қарапайым әйелмін. Маған не үшін бересіздер, бұл сыйлықты? — деп тандана үн қатты.
Жиналып тұрғандар Халиманы: «Алыңыз, апай, алыңыз» деп қыстады.
Халима басын шайқады. Содан кейін сағатты бір қолымен ұстап жүріп, бауырларын беттерінен сүйіп, ризалық білдірді. Сағатты қолына салмай, ақырын ғана қол сумкасына сала салды».
Осы деректі повестей және бір қысқа үзінді:
«Хантай екеуміз Халиманы ортаға алып, екі күн армансыз сырластық. Әшейінде көп үндемейтін Халима сол екі күнде бізбен шешіліп сөйлесті. Соғыс кезінде ол Әзілханнан кешігіп хат келмей қалса, өзінін жанын қоярға жер таппайтынын, тіпті, жылайтынын айтты. Мәскеуде жүрген кезінде әскери цензураға әр ұлттан жиналған қыздар тегіс Халиманы жақсы көріпті. Жақсы көретіндері сондай, Халимаға қарай Әзілхан хатын алып жүгіріп, оған бейне бір алтын сыйлайтындай қуантады екен. Әзілхан хатты қызық етіп жазатын болуы керек. Қыздар оны Халимадан сұрап алып, бірінен соң бірі оқып жүріпті.
Халиманың Әзілханға деген сол бала күнгі, бойжеткен кездегі махаббаты кейін, оның келіншегі болған кезде бұрынғысынан бетер лаулай түсіпті. Әзілхан газет қызметімен жолаушы шығарда Халима:
— Егер мүмкін болса, мен ішімді жарып жіберіп, сені салып алып, қайта тігіп, сыртқа шығармай, жолаушы жібермей, өз бойымда ғана ұстар едім! дейді екен...
Сол екі күнде Халиманың Абай ауданына кеткен Әзілханды ойлап, елегізіп отырғанын бірнеше рет аңдадым.
— Сен неге көңілсіз боп қалдың, Халима? — деп Хантай екеуміз барымызды алдына жайып, бәйек боламыз оған. — Бір жерің ауырып отыр ма? — дейміз.
Халима жымияды да:
— Иә, достарым, сағыныш деген ескі ауруым ұстап отыр, – деді.
— Қойшы, сексенге дейін сағынасыңдар ма, біріңді-бірің?
— Біз жас ғашықтармыз!».
Келтірілген үзінділер Халиманы ғашық ретінде керемет
сипаттау емес пе?!
* * *
Әзілхан аға «Мәңгілік махаббат жыры» туындысының, әсіресе, ІІІ-ші бөліміндегі лебіз, естеліктерде әр «авторластарын» Халимасы тұлғасын әр қырынан мүсіндескен «жазушыларға» айналдырған.
Ол Халима ғашық жарын оның балалық шақтан досы Сәки Бекбаеваға шын патриоттығы, тумысынан сезімталдығы, ақылдығы, ыждаһаттығы, қайсарлығы, аршылдығы, ұятшылдығы, зеректігі, өзіне шын берілгендігі қырынан сипаттатып, бейнелетеді.
Интернаттас жолдасы Ишағы Жағыпароваға Халиманың әскердегі өмірін, ісмер өнерлігін баяндатады.
Майдангер полковник Асқар Рахматуллинге: «Мен ойлаймын: егер Халима алғы шепте ұзақ болса, Мәншүк немесе Әлия сияқты Батыр қыздарымыздың бірі болатын еді. Халиманың патриоттығы, білімі, жігерлілігі сол дәрежеге жеткізуге тиіс болатын. Мұны біздің генералымыз Карпелюк те бағалай білді. Оған Карпелюктің: «Егер сіз біздің дивизияда болған болсаңыз, мен сізді Кеңестер Одағының Батыры атағын беруге ұсынар едім» — деген сөзі дәлел" дегенді айтқызады.
Академик Шадыбай Абдуллаевқа Халиманы: «Халекең Әзекеңнің бірінші оқырманы, редакторы, ақылшысы болды. Халекен ЖенПИ-ді салт басты, сабау қамшылы қыздар сияқты емес, төрт баламен жүріп, жақсы бітірді. Мұны Халекеңнің бірінші ерлігі дер едім. Жеті жасынан жетім қалып, жоқшылықта өссе де, Халима дүниеқор болмады. Тамақ, киім, кітаптан басқа ештеңеге ол көңіл аудармады. Бар білімін, санасын, қажыр-қайратын балаларын тәрбиелеп, Әзекенді әлпештеуге жұмсады. Және жемісті жұмсады. Мінеки, Халекеңнің екінші ерлігі деп осыны айтамын» — деп сипаттатты.
Халима тәтейдің мектептес досы Меңсафа мынандай оқиғаны еске алғызып тебіренткен: «Бір жолғы мейрам қарсаңында мектептің үздік оқушысы ретінде Халимаға көйлектік бес метр қымбат мата тиді. Халимаға тиген сол сыйлық мағаны өзімен бір бөлмеде жататын қыз ұрлап алды. Оның ұрлағанын Халима да, бәріміз де білдік. Білсе де Халима ол қызбен шаңқылдап ұрыс шығарған жоқ. Бар айтқаны:
— Өзімнен сұрасаң да мен оны саған беретін едім ғой, Әсима, деді.
Ұрлаған қыз ол мағаны бірнеше күннен кейін қайтіп берді.
— Мен ойнап алып едім, — деді ұялмастан.
Бірақ, ол матаны Халима қайтып алмады.
— Сен қызыққан екенсін, сен ала ғой!
— Өзін қайтесің? — деп біз шу ете түстік.
— Алда тағы мейрамдар бар ғой. Сонда тағы тисе, көйлек етіп тігіп алармын...»
Әзағаңа өзі «біле бермейтін» ғашық жары Халиманың қырларын ашуға тамаша көмектескен «авторластар»: өзінің жиені Серғазы Сарыбаев пен жарының және немере апасы Тоқан Өзіханова, өкіл қызы Зейнеп Қанапиянова, немере сіңлісі Дәмелі Мүсәпірбекова.
Дәмелінің бейнелеуінде Халима тәтей — қайсар. Ол өзін Семейдің көк базарында шемішке сатып жүрген жерінен шырамытып тауып алған Темірхан ағасының:
— Жүр, Аягөзге әкетемін, дегенінде:
— Мен балалар үйінің баласымын. Менің интернаттан басқа туысым жоқ, — деп басын шайқайды. Ермейді...»
Серғазы Сарыбаевтың еске алуында Халима тәтей сонша қарапайым, әрі шаруақор жан: «Халима апай ауылға жаяу келді. Түнде жауын жауған. Жер батпақ болатын. Сол батпақты кешіп, біз он-он бес шақты кішкентай балалар аға мен тәтейді алдарынан күтіп алдық. Бір ауыр үлкен шамадандары бар екен. Сол шамаданды құмырсқадай жабылып, біз көтеріп әкеттік.
Иен үйде мал болушы ма еді. Колхоз тойға соятын қой беремін деп, бермепті. Халима тәтемнің тойы тышқан мұрны қанатылмай өтетін болды. Қайырлы болсын айта келген жұрт, менің шешем қуырып, келіге түйіп қойған құрғақ талқанды асап, бидай жеп үйлеріне қайтып жатты.
Сол күні кешке қарай менің Қалидолла құрдасымның әжесі Тоқтасын шешеміз мүйізінен сүйреп, артынан итеріп, үйіндегі жалғыз ешкісін алып келіп, Халима тәтемнің тойына сойғызады.
Міне, менің есімде осы оқиға сақталып қалды.
Екінші есімде қалғаны Халима тәтемнің жалаң аяқ балшық басқаны.
Зейнеп Қанапиянова өкіл шеше Халиманың ұстамдылығын көз алдына қандай тамаша әкелді: «Ол кісінің ақылдылығы жөнінде есімде қалған бір әңгіме бар. Бір жолы 9-шы мамырда аға мен тәтемнің үйінде бас қостық.
Сонда Т... деген кісі Әзағаның көңіліне ауыр тиетін сөз айтты:
— Сіздер 9-шы майда немістерді жеңіп келдік деп күпиіп жүрсіңдер ғой. Бірақ, жеңбей-ақ, жеңілгеніміз дұрыс болатын еді. Онда біз енді байып, жырғап отыратын едік.
— Шын айтасың ба? деді Әзілхан аға оған.
— Шын! — деді атаға ана кісі ежірейіп.
— Бұл соғыста менің әкем өлді, ағам оққа ұшты. Мына отырған қыздың ағасы Баймолда сияқты талай боздақтар опат болды, деді аға мені саусағымен нұсқап. Ендеше Жеңіс күнін сен қалай аузың барып жамандайсың?! Өз үйінде соғыста мұрны қанаған бір адам болмағандықтан солай дейтін шығарсың. Сондықтан Жеңіс тойын тойлағың келмейтін болар. Онда есік әне!...
— Кетсек кетеміз!
Сол кезде әшейінде көп үндемейтін Халима тәтем сөзге араласты:
— Отыр, інім! Ешқайда бармайсың! Бұл Жеңіс жалғыз біздің ғана емес, миллиондардың қанымен келген Жеңіс қой! Мұны ешкім де жамандай алмайды. Оны менің бауырым білмейді дейсің бе, Әзілхан? Қазақта әзіл-қалжың деген тамаша дәстүр бар емес пе?! Сол дәстүр бойынша, әрі апам мен жездемнің нервісін тексерейін деп бір ауыз айтқан әзіл болар, бұл. Оған шамданудың реті жоқ. Бір ауыз сөз қате айтылған екен деп қарысып қалудың реті жоқ. Екеуің университетте бірге оқыған доссыңдар! 40 жылға созылған ол қасиетті достықты оп-оңай үзе салуға болмайды. Оған біз келін екеуміз рұқсат етпейміз! Жеңіске жетуімізге көмектескен ел адамдары. Соның бірі өз бауырым... сенін денсаулығың үшін тост көтеремін! Тауысып ішулеріңді сұраймын! Рюмканың түбінде өшпенділік тамшысы қалмасын!...
Егескен екі ағамның алақандары түйістірілді. Содан кейін дастархан басында татулық орнап, көзіміз күлімдеп, көңіліміз жадырап қалды».
Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың «Мәңгілік махаббат жыры» туындысының ұлылық мәні, міне, осы баяндалғандарда.
Сонымен, қорыта айтқанда, қазақ ағайын, қуанайық! Қол шапалақтайық! Бөркімізді аспанға лақтырайық!
Біздің ойымызша Әлемдік көркем әдебиеттік классикаға біздің нәсілдік тараптан да Данте, Петрарка, Мильтон, Сандтардың «Тәнір тәлкегі», «Мадонна Лаураның өмірі мен өлімі», «Жоғалған жұмақ», «Консуэлла» туындыларымен сөреде қатар тұратын «Мәңгілік махаббат жыры» атты ұлы туынды қолымызда! Ол қос ғашыққа көркем сөзден соғылған — Тәж-Махал! Оның авторының өзі де сол туындының басты кейіпкерінің бірі — халық жазушымыз Әзілхан Нұршайықов!
Туындыда қос ғашық — Еңлік — Кебек, Баян — Қозы, Жібек — Төлеген, Мамыр — Қалқаман, сіңлі-інісі — Халима мен Әзілхан! Алты апа-ағаларындай бұлардың да аттары аңызға айналғай!
Иншалла, солай болар да!
Өйткені, «Мәңгілік махаббат жырына» бірінші болып әдебиетіміз бен мәдениетіміздің бас қамқоры Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы «Мәңгілік махаббат жырының» алтын тұғыры «Халима» хикаясында, оның авторына:
«Қурметті Әзеке!
05/01 кездесуде «Махаббат, қызық мол жылдарды», «Халиманы» сыйға тарттыңыз. Біріншісін бұрын оқып едім, екіншісін қолыма алған бойдан бас көтермей оқып шықтым.
Тәлім-тағылымы мол, керемет шығарма екен! Дәл қазіргі заманда жастар көбірек оқитын хикая. Сіздің шығармаларыңыз, ойларыңыз — ел қазынасы.
Өміріңіз — үлгі! Аман-сау болыңыз, Әзаға!» деп баға берді де ғой!...
Иә, бұл туындыны қазір де, бұдан былай да, алдымен, ұлтымыздың болашағы — барша қазақ жастары оқысын! Сонда олардың өздері де, жандары да, өмірлері де сонша сұлулана түсері сөзсіз!
Әбілфайыз (Алтай) ЫДЫРЫСОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор,
жазушы.
* * *
«МӘҢГІЛІК МАХАББАТ ЖЫРЫ»
Демалыс күні болатын. Құрылыс дүкендерін аралап жүргем. Қолым қалт еткен кезде кейде осындай әдетім бар, затым әйел болса да, көйлек-көншек, опа-далап сағатын дүкендер мені онша қызықтырмайды. Не болмаса техниканың соңғы шығарылған жабдықтарымен танысам. Қалта телефоным әндетіп сала берді. Алсам — Әзілхан аға. Кәдімгі — Нұршайықов. Үш ұйықтасам ойымда жоқ, үлкен жазушы мені іздейді деген. Амандық-саулық, ауыл-аймақ туралы сұрады. Шығармашылық жайына ойыстық.
— Хан бибі, қарағым, қартпын деп қарап отырмай, жақында «Мәңгілік махаббат жыры» деген көлемі 45 баспа табақтық кітап жазып едім. Естіген боларсың, апаң, яғни менің өмірлік жарым — Халима бұл дүниеден өткен, сол кісіге арналған естелік — эссе, «Мәңгілік махаббат» поэмасы. Сол кітаптың біреуін саған сыйласам деп едім.
— Әрине, әрине, мұндай сыйлықты қуанышпен қабыл аламын. Көп, рахмет, аға!
— Сол кітапты саған қалай жібере аламын?
— Аға, мен қазір Алматыдамын. Еңбек демалысында жүр едім. Үйдің телефонын айтыңыз, сосын кездесерміз, сізді әуре сарсаңға салмай, мүмкін үйіңізге соғып алып кетермін.
— Келістік.
Дүкен-пүкенді қоя салып үйге қарай ұштым. Ойым менен де жүйрік...
... Қазір кітап шықпайды емес, там-тұмдап болса да шығып жатыр. Қал-қадірінше тарап жатыр.
Бірақ, біреуге «өзін жақсы» біреуге «көзің жақсы» деп жүріп таралымға ие болып жатқан кітаптар әр сөйлемнің астын сызып оқитын нағыз оқырманын тауып жатыр ма? Гәп қайда? Авторды мазасыздандыратын да осы сауал болса керек! Қазір іздеп жүріп оқитын кітап құмарлығымыздан айрылып қалдық. Шыққан кітаптарды бұрынғыдай жүйелеп, жіберіп отыратын «кітап палатасы» көзден бұлбұл ұшқалы қай заман. Жақсы кітапты насихаттайтын бұрынғы «Білім», «Кітап құмарлар» қоғамдары да жер жастанған. Адамды кітап оқудан, дербес ойланудан мақұрым ететін ондаған бағдарламасы үздіксіз жұмыс істейтін телеарналардың кітап жарнамалағанын көзіңіздің көргені бар ма?
Әрине, жоқ! Бірақ, қызылды-жасылды жарнамалар тосылып та, таусылып та жатқан жоқ! Қақталған тауық сорпасынан бастап, шетелдің шұбалған кеспесін, тіптен әйелдер пайдаланатын «тақым қағазға» шейін тықпалайтын жарнамалардан жүрек айнитын болып тұрғаны да шындық қой.
Әрине, зиялы қауым үшін!
Мүмкін, Әз-ағаң талай-талай күн мен түнді сарп етіп (кітап жазудың қандай қиын екен екеніндігін біздер білеміз), көзінің майын тауысып жазып шыққан кітабын алдына қойып отырып, осы кітабымды бір адам болса да түсінетін адам оқыса екен деп, армандаған да болар. Оның үстіне жазушы еңбектерін саралап оқитын оқырмандардың дені — Оңтүстікте. Оңтүстік — әлі қаймағы қарпылмаған, ағарғаны сарқылмаған, қазақылығы уыздай ұйып отырған мекен ғой. Сол өлкенің бір өкілі деп мені іздеуі заңды да шығар.
Мүмкін... Тағы бір мүмкіні — қазақтың маңдайына біткен дүлдүл ақыны Мұқағалидың қаламдасы Фаризадан бір ауыз жылы сөз дәметіп, соны ести алмай өмірден озып кеткеніндей, тіршілігімізде иненің жасуындай болса да бір-бірімізден жылы лебіз күтетін шығармыз. Алдымен әдебиетші әдебиетшіні іздеу керек. Шығармаларымызға оң баға беріп, бір ауыз жылы сөзімізді аямасақ, мүмкін азырақ ауырып, өміріміз ұзара түсер ме еді? Осындай самарқаулығымыздың арқасында нарық үстемдік құрған алғашқы жылдарда қаншама қаламдастарымыздан айырылып қалдық!
«Жаңбыр жауса торғай баласын қорғайды, бұршақ жауса басын қорғайдының» керімен бір-бірімізге жаңалық бере алмай, тіптен, мейірім шуағы өзімізден артылмай қалған да кез болған шығар. Дей тұрсақ та, қолына қалам ұстаған — рух қайраткерлері ешкімге салық салмай, қайсар мінезімен, өжет болмысымен, өмірдің өзіндей өткірлігімен, суы қайтқан теңіздің шалдықпас шағалаларындай қанатын өршелене қатып, қомданған қыранға да, жорғалаған жыланға да сыр бермей келгеніміз рас қой! Осы ойлар желкеме мініп алып, мен отырған 536 нөмірлі автобус Алматының ұзын да ұзақ көшесімен әр аялдамаға тұмсық тіреп, бір кідіріп, бір жүріп отырған мимырт жүрісінде де мені тастап кете алмады.
Әз-ағаның жаңа кітабын қолыма ұстап, парақтап оқымасам да жаман шығарма емес екендігіне көзім жеткендей. Әлі күнге оқырманның қолынан түсіп көрмеген «Махаббат, қызық мол жылдар» мен халқымыздың жаужүрек ұлы айбарлы — Бауыржан Момышұлы жайында жазылған «Ақиқат пен аңызы» — Әзілхан ағаның дарынды қаламгер екендігіне берілген гарант.
Қош, сонымен қолыма тиген «Мәңгілік махаббат жырын» бас алмай оқып шықтым. Әз-аға бұрынғы шабысынан жаңылмапты. Тіптен оза шапқан десе де болғандай. Бір ерекшелігі, кітаптың алғы сөзінен кейін:
...Маған «Махаббат,қызық мол жылдарды» сыйға тарттыңыз. Біріншісін бұрын оқыған едім, екіншісін қолыма алған бойда бас көтермей оқып шықтым. Тәлім-тағылымы мол, керемет шығарма екен. Дәл қазіргі жастар көбірек оқитын хикая.
Сіздің шығармаларыңыз, ойларыңыз — ел қазынасы. Өміріңіз — үлгі.
Аман-сау болыңыз, Әз-аға!
Аса сыйлайтын. Н. Назарбаев
06.01.2003 деп қолы қойылыпты.
Автор ендігі жерде сол «Халиманы» ұлғайған түрде үлкен кітап етіп жазып, оқырмандарға ұсынып отыр екен. Кітапта елу төрт жыл бір шаңырақтың астында ың-шыңсыз өмір сүрген ерлі-зайыптылардың, яғни Әзілхан аға мен Халима апайдың бірге бастан кешкен уақыты, қосағынан айрылған қос аққудай, жұбынан көз жазып қалған тұстары «аһ» дегенде Әз-ағаның аузынан қара сөз түрінде де, өлең жыр түрінде де, төгіліп отырған Халима жайлы кітап — «Жоғалған пышақтың сабы алтын» дегендей емес, оқи түскен сайын автормен қосылып егіліп, жылататын әр сөзіне имандай ұйытатын автордың шеберлігі мен өмірдің шындығы қосыла өрілген әдеби әдіпті, ғибраты мол кітап екен.
Халима апайдың жібектей мінезіне, әрбір адамға жақсылық тілеп, ізгілік пен кішілік, инабаттылық пен тазалық, мейірім мен бауырмалдық дарытуда қарлығаштай ұшып-ұшып, дәм тұзы біткен күні мәңгілік өмір жұмағындағы мәуліт ағашының бұтағына қонақтағанын елестетіп, мәтініне имандай ұйып, жақын адамыңызды жоғалтқандай күй кешіп, көзіңнен аққан тамшыны байқамағандайсың.
Артық айтсам тілім жазықты, қазіргі заманғы кеше үйленіп, бүгін үйлі-баранды болып, ертең айрылысып жататындарға қарап Қозы Көрпеш — Баян Сұлу, Ендік — Кебек, Қыз Жібек пен Төлегендердің сол кезде кетіп қалғандарына шүкір, әйтпесе мына қоғамда таза масқара болатын еді деген тіміскі ойларды жоққа шығарып, бұл заманда да Еңлік — Кебектердің бар екендігіне көзімізді жеткізеді.
Махаббат майданының шебер суретшісі Әзілхан аға махаббатты үш түрге бөледі:
1. Бала махаббат;
2. Шала махаббат;
3. Мәңгілік махаббат.
Бала махаббат баршада кездесетін шығар, ең қауіптісі — «шала махаббат». Шала махаббаттың буына уақытша шалқығанымен ол еш уақытта мәңгілік махаббатқа алып бара алмайды. Оның тағдыры жарты жолда үзілмек. Бұл жөнінде Халима апай бір құрбысымен сыр бөліскенде:
... «Сенің ғашық болмағаның — жас күніңде, жаны ұқсас адамға жолыққан жоқсың. Жасында кездеспегеннен кейін жаны ұқсас емес кісіге қосылдың. Жаны ұқсамағанымен, жаратылысы, табиғаты ұқсас. Сен табиғат заңын орындадың...» — дейді. Қандай орынды, терең философиялық анықтама!
Әзілхан аға мен Халима апа тоғыз жыл достасады. Арасында соғыс килікпегенде мүмкін ертерек бас қосар ма еді кім білсін, ал сол Ұлы Отан соғысына ағамыз бастан аяқ қатысып, елге аман оралады. Ал Халима апамыз да майданға өз еркімен сұранғанымен, денсаулығы сыр беріп, Мәскеудегі орталық почтада цензура бөлімінде (бұл да әскери қызмет) жұмыс жасайды.
Кітапта Халима апайдың құрттай кезінен тағдырдан көрген теперіштері — жетім қалуы, балалар үйіне сіңлісі екеуінің орналастырылуы, ол жерден сіңлісі екеуін екі айырып, басқа балалар үйіне бөлуі, бауырына деген сағынышы, небәрі бастауыш класс оқушысы болса да, оны іздеп баруы, ондағы тәрбиешілердің «сіңлің кеше қайтыс болды» деген хабарын естуі, оның кіп-кішкентай томпиып жатқан моласына барып егіл-тегіл жылауы — көзге жас алмай оқуға мүмкін емес оқиғалар. Халима апайдың интернатта оқып жүргендегі оқу озаты болуы, маңындағы жетім қыздарға қамқор бола білуі, қолына түскен бүтін құртты бөліп, жарты құртты жарып беруі, жұртқа жақсы болсын деген ақжарма ниеті — мейірімділіктің, адалдықтың, тазалықтың бастау бұлағы. Оның өмірі — қазіргі қазақ қыздарына үлгі, сабақ болатын мәңгі тақырып деп ойлаймын.