КЕЙІНГІГЕ ҮЛГІ
Р. Хорезми бір сөзінде: «Жаны сұлу адам сұлулыққа құмар келеді» — деген екен. Сол сырт келбетінің сұлулығымен бірге жан сұлулығы қатар келген, ақылына көркі сай Халима апайымызбен 54 жыл бірге ғұмыр сүру бақыты Әзілхан Нұршайықов ағамызға бұйырған екен. Ал, сол аяулы да, ардақты Халима апайдың нұрлы бейнесін жан-жақты ашып, оқырманға жеткізе білу тек Әзілхан ағамыздың ғана қолынан келеріне ешкім шүбә келтірмес деп ойлаймын.
Сонымен, қаламгер ағамыз әңгімесінің басын.: «Халима екеуміз 54 жыл бірге өмір сүрдік. Өмірінің соңғы күні, соңғы сағатына дейін екеуміз жұп жазбай, қол ұстасып қатар жүрдік.
Ол менің әйелім ғана емес, әрі редакторым, әрі корректорым, әрі ақылшым, әрі қосалқы авторым, әрі хатшым, әрі курьерім болды», — деп бастап, әрі қарай Халима апайдың адамгершілік қасиеттеріне тоқтала отырып, әңгіме иіріміне өзіңді қоса тартып әкетеді. Бас салып құныға оқыған сайын, шіркін, кітаптың беті таусылмаса екен, ешқашан да соңына жетпесем екен деген іштей тілекте отырасың. Әсіресе, Халима апайдың өсиеті ретінде айтылтан мына сөздерін толық келтіргенді жөн көрдім.
Бірінші айтарым: Мен олай-бұлай боп кетсем, сен жылама. Жыласаң: әрі балаларыңды жасытасың, әрі жұрттың сөзіне қаласың.
Қазақта: «Қатын өлді — қамшының сабы сынды» деген сөз бар. Сен жыласаң, жұрт сені мазақтап кетеді: «Қатыны өлгенге жылаған жаман, жасық неме екен ғой!» дейді. Өзім өлсем де, сенің соңыңнан сөз ермесе екен деймін.
Екінші айтарым: Қазір жұрттың бәрі өтірік болса да, діншіл болып алды. Сен ғылымға сенесің. Жердегі Құдай — дәрігерлер деп білесің. Оның жөн. Бірақ сен мені мұсылманша жөнелт. Мені жөнелту жұмысын Мақыш досымыз Байсейітоваға тапсыр. Жаназамды өзім жақсы көріп, қадірлейтін Асылхан қажыға шығарт. Егер молда шақырмасаң жұрт: әйеліне құран оқытпай, арам өлтірді деп қаңқу қылады. Мен сенің жұрттың осындай жаман, лас сөзіне қалмауыңды тілеймін.
Үшінші айтарым: Сақалыңды өсірме, шашынды қобыратпа, жағаңды қисайтпа. Ұнжырғанды түсірмей, тік жүр. Жұрт сені: әйелі өлгеннен кейін жүнжіп кетіпті демесін!
Төртінші айтарым: Мен ертеден өзім өлсем, саған серік болар қандай әйел бар деп ылғи ойлап жүруші едім. Таба алмадым. Өйткені саған жас әйелдің керегі жоқ. Жас әйелдің жат еркекпен қылмыңдағаның көтере алмайсың — жүйкеңді жұқартасың. Қартаң әйелдер аяқтарын әрең алып жүр. Олардың өздеріне күтім керек. Сен ешкімді күте алмайсың, күтуші бола алмайсың. Енді 80-ге келгенде саған үйленудің қажеті болмас. Бірақ балалар не тамақ жасап берсе, соны іш. «Анау жоқ, мынау жоқ» деп балалардың мазасын алма — жек көріп кетеді, өз балаларыңа ұрыссаң да, келіндерге ұрыспа. Келін — ұрпағыңның анасы ғой!
Бесінші айтарым: Ұлдар арақ ішпесін!
Алтыншы айтарым: Ұлдар, қыздар, келіндер, немерелер сені күтсін. Сені күткені анамыз, әжеміз, енеміз еді деп мені ардақтағаны, менің жайлы жатуыма көмектескендері деп білсін. Саған осыларды айтайын деп шақыртып едім.
Ал енді не айтамын?
Жер аман болсын! Ел аман болсын! Ұлт аман болсын! Ұрпақ аман болсын!
Біз сияқты аға-аналар әркім өз уақытында өмірден өтіп жатады ғой. Оның уақасы жоқ. Барлық ағайын туыс, достарға, қымбат көршілерге сәлем айт. Бәрінің ұзақ өмір сүрулерін тілеймін. Қош бол! Қош. Енді тез балалардың қасына бар. Сені күтіп, үрейленіп тұрған шығар. Бәрінін бетінен сүй. Мен үшін сүй!».
Халима апайдың ешқандай артық-кемі жоқ, өсиетке бергісіз орынды айтылған, осы бір сөздерден кім де болса құп алары сөзсіз деп ойлаймын. Өйткені, бұл ақылға қонымды сөздерден ұлттық үлгі өнеге белгілерінің, халқымыздың әдет-ғұрпына сай ізеттікті, біліктілікті анық байқауға болады.
Махаббат туралы ешқандай аксиома да, теорема да жоқ болғандықтан, оның анықтамасын әркім өзінше жеткізіп жатады. Әзілхан ағамыз болса, махаббатты:
1) Бала махаббат;
2) Шала махаббат;
3) Мәңгілік махаббат деп үшке жіктейді. Соның ішінде «мәңгілік махаббат» ілуде біреуде ғана болып, сыңарынан айырылғаны қайтадан тұрмыс құрмай, өмір бойы жан жарын жоқтаумен өтеді екен. Расында да, әр адам өзінше бір қайталанбас тұлға ғой. Алайда, әр адамның жаратылысы да әртүрлі болады емес пе? Оның үстіне сүйекпен бірге бітетін мінез-құлықты қайда қоямыз?
Дегенмен, қаншама асыл қасиеттің бір, адамның бойынан табылатын кезі болады екен. Сондай сирек жаратылыс иелерінің бірі Халима апай. Оған дерек ретінде қаламгер ағамыздың мына сипаттамасынан үзінді келтірейін: Халима менің созсам қолымды, ойласам ойымды ұзартушы еді. Ақылыма ақыл, абыройыма абырой қосатын еді. Жатсам — жастығым, жантайсам — төсегім болушы еді.
Жабырқасам — жадыратушым, жаңылсам — түзетушім еді. Зейін зеректігімен, энциклопедиялық білімімен маған көз жазбай көмектесіп отырушы еді. Менің жан жарым, әдеби серігім, ардақты аяулым, асыл досым Халима осындай кісі еді!» — деп жеткізеді жары өз еңбегінде.
Соншама қиындықты да, ауыртпалықты да көре жүріп, бәріне төзіп қайыспай көтере білген Халима апайдың жарқын бейнесі барған сайын асқақтай түсіп, шындағы шынардай болып елестейді.
Айналып келгенде, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың:
Уақытты тоқтатар шама барма?
Бәрі өтеді, дәуірлер, замандар да.
Менің жаным ашиды мына өмірді
Өтпейтіндей көретін адамдарға.
Өтеді ғой, өтеді барлығы да.
Күн арқалап, кетеді таңды мына.
Менің жаным ашиды барлығына,
Таң нұрына, адамның тағдырына»,
— деп айтқанындай, бәріміздің да уақытқа тәуелді екенбіз, бұл фәниге қонақ екеніміз рас. Бұл өтпелі өмірге кімдер келіп кетпеген десеңші. Ал сонда кейінгіге белгі болып қалар не нәрсе? Меніңше, сол игі істеріңе мәңгілік ескерткіш болып қалар белгілердің бірі кітап болар. Сондықтан да үлгі-өнегесімен тек жақындарының ғана емес, бүкіл қазақ ұлтының мақтан тұтар қыздарының біріне айналған Халима апайдың асыл бейнесін есте қалдыруға баға жетпес ескерткіш ретінде осындай кітап жазып қалдырған халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың да ерен еңбегін атап өткен жөн деп ойлаймын.
Шоқтығы биік туындылардың бірі ретінде, рухани құнды мұралар қатарынан орын алар бұл кітаптың авторына Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының:
«... Тәлім-тағылымы мол, керемет шығарма екен. Дәл қазіргі жастар көбірек оқитын хикая.
Сіздің шығармаларыңыз, ойларыңыз — ел қазынасы. Өміріңіз—үлгі!
Аман-сау болыңыз, Әз-аға.
Аса сыйлайтын Н. Назарбаев.
06.01.2003 жыл» — деген әділ бағасымен аяқтамақпын.
«Ұлттық тәлім-тәрбиелік мәні зор бұл туындының келешек ұрпақ үшін де баға жетпес, құнды мұра болып қалатынын айта келіп, ұлтымыздың ардақты ұлдарының бірі Әзілхан ағамызға шығармашылық табыстар тілеймін», —депті Талғат Төлегенов деген оқырманы Әз ағамыздың таңғажайып, тәлімді еңбегін оқып шығып бір газетке. Халима апамыз 54 жыл Әзілхан ағадай ардақты азаматқа сүйікті жар болып, перзент сүйіп, жасы 76-ға келіп халық ортасында өмірден озды. Ол кісінің жүрген-тұрғаны, айтқан сөзі көзін көргендерге үлгі-өнеге, ал көрермендер асыл жарының осы арнау кітабын оқып тәлім алады. Қазақ топырағында Халима деген адал жар, ардақты ана өткенін білер. Есі бар оқырман болса, біздің қазақта осындай арды ойлаған аналар барын, ұлт мақтанышына айналған Нұршайықовтар отбасындай отбасы болғанын айта жүрер. Кейінгіге үлгі етер, бәлкім.
Сәуле ДОСЖАНОВА.
Алматы қаласы.
Жедел хат
050022, Алматы қаласы,
Құрманғазы көшесі, № 90 үй, пәтер 28
Нұршайықов Әзілханға