Шуағына шомылған шапағаттың, Қызықпаған біріне атақ-даңқтың. Адалдықпен әрқашан өмір кешкен, Кейіпкері Өзіңіз Махаббаттың! Марфуға Айтқожина.
Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов XX ғасырдың екінші жартысы мен XXI ғасырдың басындағы қазақ әдебиетіне тың жанр қосып келе жатқан қаламгер. Жазушының қаламынан туған қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы жайлы «Ақиқат пен аңыз» роман диалогында Отан үшін от кешкен батырдың бейнесін жасау арқылы қазақ халқының патриоттық сезімін, ерлігін, халықтық рухын, қайсарлығын паш етіп, деректі оқиғадан көркем әдеби шығарма жасай отырып, қазақ әдебиетіне жаңа жанр қосқан жазушының «Тоғыз толғау» повесть монологы, «Қаламгер және оның достары» эпистолярлық романы жазушы тарапынан төл әдебиетімізге қосылған жаңалық.
Әзілхан Нұршайықовтың қай шығармасын алып қарасақ та ұлттық тәлім тәрбиелік мәні зор. Жазушының қаламынан туған махаббат тақырыбына жазылған шығармалар бір төбе, ол шығармалар саны жағынан емес, тәрбиелік, рухани мәні тұрғысынан алғанда қазақ әдебиетіне қайталанбас үлес қосатындығымен де құнды. Жетпісінші жылдары «Махаббат, қызық мол жылдар» романын оқып, Меңтаймен Ерболға еліктеп өскен ұрпақ таяуда қаламгердің «Мәңгілік махаббат жыры» атты жана туындысымен қауышты. Жазушының өзі бұл туындының әр тарауы поэма тәріздес, оқырманды бей-жай қалдырмайтын жыр, өлең оқығандай әсерге бөлейді. Шығарманың басты кейіпкері қаламгердің жары, қазақ халқының ұлттық тәлім тәрбиесін бойына сіңіріп өскен тамаша қызы Халима апамыз. Автор шығармасының құндылығы да, тәлім-тәрбиелік мәнінде деп есептейміз. Жиырма бөлімнен тұратын «Халима» атты туынды жайлы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев:
«... Тәлім-тағылымы мол, керемет шығарма екен. Дәл қазіргі жастар көбірек оқитын хикая.
Сіздің шығармаларыңыз, ойларыңыз — ел қазынасы. Өміріңіз — үлгі!» — деп баға берген екен.
Автор шығармасында жарты ғасырдан артық ғұмырын бірге өткізген, өмірінің соңына дейін жұп жазбай қатар жүрген жары Халиманы әйелім ғана емес, әрі шешем, әрі енем сияқты болды дейді.
Халима шын мәнінде от басы, ошақ қасында отырып, тек аналық міндетін, жұбайлық парызын өтеген әйел емес, жоғары білімді, көзі ашық, қазақтың сауатты қызы. Ел басына күн туған шақта ерлермен бірге етігімен су кешкен ер мінезді қыз. Соғыс басталғанда әскери комиссариатқа барып өз еркімен майданға сұранғанды намысты қолдан бермейтін қазақ қызының өжеттігін, батылдығын, өз Отанына деген сүйіспеншілігін паш етіп тұр емес пе?! 10 класс оқушысы Халима Өзбақанова 1942 жылы мектеп бітіре сала өзі сұранып әскерге алынғанда, Чита облысының Борзя стансасы маңындағы әскери бөлімде радистка болған. Ал майданнан оралған соң Қыздар педагогикалық институтын тәмамдап, ұстаздық қызмет атқарған. Автор бұл жайлы өз кітабында:
«Балалар үйінде өскен қыздар өте патриот еді. Олар Отан соғысы басталған күннен бастап, Отан қорғаушылар қағарында болуды арман етті. Военкоматқа үсті-үстіне өтініштер жазды. Ақыры әскерге алынды. Олар: Орынкеш Мысырова, Халима Өзбақанова, Хантай Елубаева, Ишан Жағыпарова... еді. Оларды кезінде военкоматтағылар «Семейдің сегіз патриоты" деп атаса керек», — дейді. Қазіргі жастарға үлгі боларлықтай осы оқиға ғана емес, қазақ қыздарының үлгі боларлық қасиеттері шығарманың негізгі арқауы, автор сондай-ақ Мәншүк пен Әлиядан да басқа қыздардың елеусіз қалған ерліктерін елге жеткізеді.
Халима қазақтың дана қызы. Шығарманы оқи отырып кейіпкердің адамгершілігі зор, адамдармен қарым-қатынаста бауырмал, кішіпейіл, пенделіктен аулақ баршаға мейірман қамқор ана болғандығына тәнті болдық. Бұл жайлар әсіресе Халима апамыздың қамқорлығын көріп, араласқан адамдардың естеліктерінде кеңінен айтылады. Ақын Есләм Зікібаев, жазушы Темірхан Момбекұлы, талым Тұрсынбек Кәкішев сияқты белгілі адамдардың автордың жары Халима жайлы айтқандары кітапта кейіпкердің образын аша түскен.
Халима сүйе білген, сүйікті бола білген қазақ қызы. Шығарманың екінші бөлімі «Халимаға хат» деп аталыпты. Бұл хаттар түрі жағынан Петрарканын Лаураға жолдаған сонеттеріне ұқсайды. Петрарканын қолы Лаураға жетпей өмірден арманда өтсе, Халима апамыз бен Әзаға жарты ғасырдан артық бірге тату-тәтті өмір сүрген, ұрпақ өсірген. Жазушының шығармашылықтың шыңына шығуына мүмкіндік жасап, анадай аялап, әкедей қамқор болған. Ауыз әдебиетіндегі махаббаттың символы болып қалған Қозы мен Баян, Төлеген мен Жібек, одан бергі Естай мен Хорлан тек аңызда ғана бар кейіпкер деп ұғатын қазіргі жастарға халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов пен жары Халиманың өнегелі өмірі үлкен тәлім тәрбие.
Менің ойымша бұл шығарманы тек көркем туынды қалпында қалдыру жеткіліксіз, жоғары оқу орындары бағдарламасындағы тәрбие, педагогика пәндеріне қосымша оқулық ретінде пайдаланылса, қазір жиі айтылып жүрген имандылыққа баулу, ұлттық тәрбие сияқты рухани құндылықтарымызды толықтыра түсеріне күмәніміз жоқ. Бұл еңбекте жазылған жайлар ел аузында айтылған жай аңыз емес, ақиқат. Оның кейіпкерлері халыққа белгілі қазақтың аяулы перзенттері. Биік парасат, үлкен жүректілік, адамды адам етіп тұратын адами қасиеттерді бойына сіңіре білудің өзі де ерлік десек өз Отанын сүйетін ұрпақ тәрбиелеуде қатып қалған қағидалардан гөрі қайраткер ұл-қыздарымыздың өмірі арқылы берген тәрбиеміз, оқытқан сабағымыз нәтижелі болары сөзсіз.
Әзілхан Нұршайықов қазақтың проза жанрына жаңалық, әкелген жазушы десек, бұл еңбегінің тағы бір ерекшелігі өзінің жары жайлы осындай шығарма жазған жазушы болған емес.
Ұлы Абайдың қара сөздері біз үшін артында мәңгіге қалдырған, ешкім өзгерте алмайтын моральдық кодекс десек, Нұршайықовтың бұл шығармасы да өз өмірлері арқылы өзгеге үлгі боларлықтай ұлағатқа толы туынды, қазақ әдебиетінде сирек кездесетін шығарма. «Мәңгілік махаббат жыры» басынан аяғына дейін Абайдың қара сөздерінен ұрпаққа ұлағат болып қалған адамгершілік қасиеттерді өмірдің өзінен алып шынайы, ешқандай боямасыз, табиғи бейнеленеді. Еңбек сонысымен де тартымды, сонысымен де өміршең, сонысымен де құнды.
Майдангер жазушы сонау Отан үшін от кешіп жүріп, елдегі қыздарға:
Қайран қыздар сағындық, амал қанша,
Жас қартайдық, көп өмір сүрген жанша.
Жараланған жүректі жақсартатын,
Дәрі жасап қойыңдар біз барғанша,
— деп сәлем жолдаған екен. Дегенмен, жараланған жүректі емдейтін соғыстың алғашқы жылдары аттанып, Жеңіске үлесін қосқан қыздардың қатарынан болды. Әзағаңның осы еңбегінде айтылғандай, алты рет жүректен инфаркт алғанда күні-түні жанында болып, балаша мәпелеп, аятынан тұрғызғаны оқып отырған адамды бей-жай қалдыра алмайды.
Қаламгердің өзі Халима апаларын әрі редакторым, әрі корректорым, әрі ақылшым, әрі қосалқы авторым, әрі хатшым, әрі курьерім болды дейді.
Шығарманың екінші бөлімі «Халимаға хат» деп.аталыпты. Бұл бөлімді оқып шыққан жан сыңарынан айрылған аққудың зарын естігендей күй кешері сөзсіз.
Қасиеттеп, құрметтеп,
Сенің махаббатыңды.
Ұрпаққа үлгі болсын деп,
Алашқа жайдым атыңды, —
деп автордың өзі жазғандай бұл бөлімде жарынан айрылған жазушының жүрегіндегі сағыныш жыр болып төгіледі, алайда солқылдақ, жай жоқтау емес, Италияның атақты ақыны Франческо Петрарканың «Мадонна Лaypa өмірі мен өлімі туралы» атты кітабындағыдай сүйген жардың қасиетін жырмен, мұңмен өрнектеу... Қаламгердің өзі де «Мен өзімді Петрарка талантымен теңестіре алмаймын, бірақ, Халиманың Лаурадан бір елі де төмен емес екеніне бәс тіге аламын», — дейді. «Мәңгілік махаббат жырын» оқып шығып біз де автордың бұл пікірімен үнсіз келістік.
ДОСКЕЕВА Ш. А.,
Қайнар университет! Семей филиалының
аға оқытушысы.
* * *