Сот сараптамасы дегеніміз – іс материалдары бойынша нақты мәліметтер мен мән-жайларды анықтау үшін іс жүргізу заңымен көзделген тәртіппен негізделген сарапшы жүзеге асырылатын зерттеу51. Ұсынылған анықтамаға (дефиницияға) сәйкес, егер ол сот ұйғарымы бойынша тағайындалса, сараптама соттық, яғни соттық-медициналық, соттық-автотехникалық, соттық-биологиялық және т.б. деп танылады.
Сараптамалық қызмет лицензияланатын қызмет түріне жатады, ал нақты сала бойынша арнайы білімі бар сот сараптамасын жасау үшін сотпен іске тартылған тұлға сарапшы ретінде танылады.
Азаматтық істі дұрыс шешу үшін арнайы дайындық деңгейі қажет болғанда сараптама тағайындау басты шарт және негіз болып табылады. Жиі жағдайларда сот мүліктік сипаттағы істерді қарау барысында даулы мүлікті бағалау сараптамаларын тағайындайды. Мұндай сараптамаларды сот мұраға қалдырған мүлікті бөлу және некеде тұрған кезде сатып алынған мүлікті бөлу кезінде де тағайындайды. Сонымен қатар өрт, жол көлік оқиғалары, су бөгендерінің ластануы, жердің, топырақтың ластануы, өнімнің бүлінуі бойынша келтірілген мүліктік зиянды бағалау кезінде сарапшының қызметі аса қажет болады.
Денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу, әкелікті анықтау, асыраушының қайтыс болуымен келтірілген зиянды өтеу (өлім себептерін анықтау үшін) туралы азаматтық істерді қарау кезінде сот соттық-медициналық сараптама жүргізу үшін маман-дәрігерді іске қатыстырады. Сотқа қатысушы тараптар, мысалы, жауапкер және талапкер де сарапшы сияқты арнайы білімге ие болулары мүмкін. Бірақ, азаматтық іске қатысушы өзге адамдардың мұндай білімінің болуы сотты тиісті жағдайларда сараптама тағайындау қажеттігінен босатпайды. Іс бойынша тараптар істің шешілуіне мүдделі тұлғалар болып табылады, істің мәні бойынша қарама-қайшы ұстанымда болғандықтан олар сотқа әрдайым шынайы ақпарат бермеулері де мүмкін.
Іске қатысушы тұлғалар іске қатысты ревизия, тексеру актілерінің, ведомстволық инспекциялар қорытындыларының, сондай-ақ мамандардың жазбаша консультацияларының болуына сілтеме жасап, сараптама тағайындауға қарсылық білдірулері мүмкін. Ондай түсініктемелерді судья қабылдамауға құқығы бар, себебі істегі бар құжаттар сарапшының қорытындысын ауыстыра алмайды, олардың іс материалдарында болуы сот сараптамасын тағайындауға кедергі келтірмейді.
Сот сараптаманы тараптың өтінімі бойынша және өз бастамасы бойынша тағайындай алады.
Сарапшы ретінде арнайы ғылыми білімі бар адам тағайындалады, оның іске мүдделі емес адам болуы негізгі талаптар бірі болып табылады.
Сот сараптамасын жүргізу
1) сот сараптамасы органдарының қызметкерлеріне;
2) лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын адамдарға;
3) заң талаптарына сәйкес бір жолғы тәртіппен өзге де адамдарға тапсырылуы мүмкін.
Іске қатысушы тұлғалар соттан сараптаманы жүргізуді арнайы қажетті ғылыми білімі бар нақты адамға тапсыру туралы сұрай алады. Ондай өтініш қанағаттандырылған жағдайда сараптама жүргізу іске қатысушылар ұсынған тұлғалардың біріне тапсырылуы мүмкін. Соттың сараптама жүргізу тапсырылған адамды шақырту талабы аталған адам жұмыс істейтін ұйымның басшысы үшін міндетті.
Сарапшы қорытынды беруге тиіс мәселелердің түпкілікті ауқымын сот белгілейді. Іске қатысушы әрбір адам сарапшының алдына қойылуы тиіс мәселелердің тізімі бойынша өз пікірін айта алады. Тараптар ұсынған мәселелерді қабылдамау себебін сот өз ұйғарымында уәждеп, дәлелдеуге міндетті. Соттың сараптама тағайындау туралы ұйғарымына шағым жасалуы және наразылық келтірілуі мүмкін.
Егер тарап сараптама жүргізуге қатысудан жалтарса немесе оны өткізуге кедергі келтірсе (сараптамаға келмесе, сарапшыларға зерттеу үшін қажетті материалдар бермесе, сотқа жеткізіле алмайтын немесе жеткізілуі қиын өзіне тиісті объектілерді зерттеуге мүмкіндік бермесе), ал істің мән-жайлары бойынша мұндай тараптың қатысуынсыз сараптама жүргізу мүмкін болмаса, сот қай тараптың сараптамадан жалтарғанына, сондай-ақ ол үшін оның қаншалықты маңызы барлығына қарай, сараптама тағайындалған фактіні анықталған немесе жоққа шығарылған деп тануға құқылы.
Сараптама тағайындау туралы ұйғарымында сот соттың атауын, сараптаманы тағайындау уақытын, орнын, қаралып жатқан іс бойынша тараптардың атауын, сараптама түрін, сараптама тағайындау негіздерін, сарапшының алдына қойылған мәселелерді, сот сараптамасы органының атауын немесе сараптама жүргізу тапсырылған адамның тегін, атын және әкесінің атын, сараптама жүргізуге жіберілген объектілерді және істің өзге де материалдарын көрсетеді.
Сараптама органына сот сараптама тағайындау туралы ұйғарымын және оның басшысына қажетті материалдарды жолдайды. Сараптаманы сот ұйғарымында нақты аталған сараптама органының қызметкері жүзеге асырады. Егер ұйғарымда нақты сарапшы атап көрсетілмесе, оны сот сараптамасы органының басшысы таңдайды, ол жөнінде сараптама тағайындаған сотқа хабарлама беріледі.
«Көрінеу жалған қорытынды бергені үшін сарапшы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 352-бабында көзделген қылмыстық жауаптылық туралы ескертілсін» деген сөйлем соттың сараптама тағайындау туралы ұйғарымның қарар (резолюциялық) бөлігіне енгізілуі тиіс.