Лекции.Орг


Поиск:




Категории:

Астрономия
Биология
География
Другие языки
Интернет
Информатика
История
Культура
Литература
Логика
Математика
Медицина
Механика
Охрана труда
Педагогика
Политика
Право
Психология
Религия
Риторика
Социология
Спорт
Строительство
Технология
Транспорт
Физика
Философия
Финансы
Химия
Экология
Экономика
Электроника

 

 

 

 


Дәлелдеме түсінігі және түрлері




 

ҚР АІЖК 64-ші бабына сәйкес, заңмен көзделген тәртіпте сот тараптардың талаптары мен қарсылықтарын негіздейтін мән-жайлардың бар-жоғын, сондай-ақ істі дұрыс шешу үшін өзге де маңызы бар мән-жайларды солардың негізінде анықтайтын заңды түрде алынған нақты деректер іс бойынша дәлелдемелер42 болып табылады.

Бұл нақты деректер тараптардың және үшінші тұлғалардың түсініктемелерімен, куәлардың айғақтарымен, заттай дәлелдемелермен, сарапшылардың қорытындыларымен, іс жүргізу әрекеттерінің хаттамаларымен, іс жүргізу әрекеттерінің барысын және нәтижелерін көрсететін сот отырыстары хаттамаларымен және өзге де құжаттармен анықталады.

Тараптардың және үшінші тұлғалардың түсініктемелері соттық дәлелдеудің жеке түрі болып табылады. Дәлелдеу ақпаратының бұл түрі іс жүргізу құқығында «түсініктеме» деп аталуы тегін емес және ол өзгелерінен тек атауы бойынша ғана емес, басқа да құқықтық белгілерімен айрықшаланады. Олар куәнің айғағы болып табылмайды, себебі олай болса, сотта куәнің беретін айғағымен (ҚР АІЖК 79 бабы) деңгейлес болып қалар еді. Іс бойынша түсініктеме алу сот ісін жүргізуде басқаша процедуралар негізінде жүргізіледі.

Түсініктемелерді сотта тараптар және үшінші тұлғалар береді, оларға жалған мәлімет бергені немесе оларды беруден бас тартқаны үшін қылмыстық жауапкершілік жөнінде сот ескертпе жасамайды. Тараптар істің шешілуіне мүдделі тұлғалар болып табылады, сондықтан олардың сотқа берген түсініктемелерін тыңдап, әсіресе дауласушы тараптардың ұстанымдарындағы қайшылықтарды сот сыни тұлғыдан бағалауы тиіс43.

Даудың пәніне қатысты үшінші тұлғалар да мәлімет береді; олардың даудың пәніне қатысты жеке талап қою, не қоймауына қарамастан, олар ұсынған ақпараттары да түсініктеме деп аталады. ҚР АІЖК 78 бабына сәйкес, олардың соттың қарауына ұсынған ақпараттарына қатысты жалпы талаптар қойылады. Мәліметтердің іс үшін маңызы болуы тиіс; олар басқа да жинақталған дәлелдемелермен қатар тексерілуге және бағалауға жатады.

Дәлелдемелік ақпарат ауызша және жазбаша түрде болуы мүмкін. Ауызша мәлімдемелер жазылып алынады, нақты жағдайларда соттардың мәліметті алуы ғана емес, олардың іс жүргізушілік тұрғыдан дұрыс рәсімделуіне де мән беріледі. Мысалы, тараптың талабын немесе қарсылығын негіздейтін фактілерді екінші тараптың мойындауы ол тарапты осы фактілерді одан әрі дәлелдеу қажеттігінен босатады. Тараптың сотта фактіні мойындағандығы сот отырысының хаттамасына енгізіледі және оған фактіні мойындаған тарап қол қояды. Егер фактіні тану жазбаша түрде баяндалған болса, ол іске қосып тігіледі.

Куәлар сотта ауызша ақпарат алудың қайнар көзі ретінде танылады. Сот процесі барысында дәлелдемелік ақпараттың толықтығы және сотпен қаралып отырған дауға қатысты мәліметтердің шынайылығы жиі жағдайда куәға тікелей байланысты болады.

Көптеген істер бойынша куә негізгі (кейде жалғыз) дәлелдеме қайнар көзі болып табылады, кейде іс үшін маңызы бар мән-жайларды басқаша жолдармен алу мүмкіндігі болмағанда куәнің орны ерекше болады.

Куә ретінде сотқа шақырылған адам тағайындалған уақытында келіп, шынайы айғақтар беруге міндетті44.

Көрінеу жалған айғақ бергені және заңда көзделмеген негіздер бойынша айғақ беруден бас тартқаны немесе жалтарғаны үшін куә Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 352, 353-ші баптарында көзделген жауатылықта болады.

Науқастығының, қарттығының, мүгедектігінің немесе басқа да дәлелді себептерінің салдарынан соттың шақыруы бойынша куәның келуге жағдайы болмаса, сот оның тұратын жеріне барып айғақ алуға азаматтық іс жүргізу заңнамасы жол береді. Бұдан тыс, куә оның сотқа шақырылуына байланысты шығындарды өтеттіруге және уақытын жоғалтуына байланысты ақшалай өтемақы алуға құқығы бар. Шығындар мен өтемақылардың мөлшері Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.

Іс үшін маңызы бар мән-жайлар туралы қандай да болмасын мәліметтер өзіне белгілі болған тұлға куә болып табылады. Адамның айғағы, егер ол өзінің хабардар болу көзін көрсете алмаса, дәлелдеме деп танылмайды.

Куә ретінде сотта келесі тұлғалар сұралуға жатпайды:

1) балаларды тәрбиелеу туралы даулар бойынша істерді қоспағанда өзінің жастығына, дене немесе психикалық кемістігіне орай фактілерді дұрыс қабылдауға және олар туралы дұрыс айғақ беруге қабілетсіз адамдар;

2) өкілдің немесе қорғаушының міндетін атқаруына байланысты өздеріне белгілі болған мән-жайлар туралы – азаматтық іс бойынша өкілдер немесе қылмыстық іс бойынша қорғаушылар;

3) шешім немесе үкім шығару кезінде мәселелерді істің мән-жайын кеңесу бөлмесінде талқылау кезінде туындаған мәселелер туралы – судья45;

3-1) аралық судьяның немесе төрешінің міндеттерін атқаруға байланысты өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы – аралық судья немесе төреші;

4) оларға тәубаға келу кезінде сенім білдірген адамдардан белгілі болған мән-жайлар туралы – дін қызметшілері.

Жазбаша дәлелдемелер. Мәтіндікмазмұндағы дәлелдемелер жазбаша дәлелдемелер қатарына жатады. Іс үшін маңызы бар мән-жайлар туралы мәліметтерді қамтитын актілер, құжаттар, іскерлік немесе жеке сипаттағы хаттар жазбаша дәлелдемелер болып табылады.

ҚР АІЖК 82-ші бабы 1-ші бөлігінде жазбаша дәлелдемелерді жинау тәртібі бекітілген. Оған сәйкес, жазбаша дәлелдемелерді тараптар және іске қатысушы басқа да тұлғалар тапсыруы, сондай-ақ олардың өтініші бойынша сот талап етуі мүмкін.

Егер тараптар дәлелдемелерді өз беттерінше алып бере алмайтын болса, сотқа қатысушылардың өтініші негізінде олар сотпен сұратып алынуы мүмкін.

Бұл процессуалдық заң ережесіне заңи әдебиеттерде бірдей баға берілмейді, себебі оның жүзеге асырылуы салдарынан мүдделі тұлғалар арам ниетті мақсаттарды көздеп әрекет етуі мүмкін46. Кез келген уақытта соттың алдында іске қатысатын немесе қатыспайтын тұлғалардан жазбаша дәлелдемелер талап ету туралы өтінім жасайтын тұлға, осы дәлелдемені көрсетуге, оларды өз бетінше алуға кедергі болатын себептерді, өзі дәлелдемелерді сол тұлғаларда деп санайтын негіздерін көрсетуге тиіс.

Сонымен қатар сот азаматтық даудың шешілуіне құжаттың түпнұсқасы қажет болған жағдайда ұйымның (мекеменің) атына құжатты алу жөнінде сұраныс жіберу туралы ұйғарым шығара алады. Мысалы, некені бұзу туралы азаматтық істі қарау барысында неке қию туралы куәліктің түпнұсқасы қажет болады. Соттың шешімі негізінде ажырасқан ерлі-зайыптылар АХАЖ ұйымынан некені бұзу туралы куәлігін алады; осыған орай, мұндай шешім қабылданған соң олардың қолдарында бір-біріне мазмұны қайшы келетін, бір-бірінің күшін жоятын екі құжат, яғни неке қию туралы куәлік және некені бұзу туралы куәлік қалуына болмайды.

Алимент өндіріп беру жөніндегі істерді қарауда баланың тууы туралы куәлігінің түпнұсқасы қажет емес. сот бұл құжаттың түпнұсқасын алып қоя алмайды, себебі құжаттың иесіне оның басқа тұлғамен туыстығын дәлелдеу үшін аталған куәлік кез келген жаста қажет болуы мүмкін.

Құжаттар категориясына сонымен қатар компьютерлік хабарлама материалдары, бейне және кинотүсірілім, үнтаспа, бейнетаспа жатады. Олар ҚР АІЖК 66-шы бабында көзделген тәртіппен (талап етіліп) алынуы тиіс. Дәлелдемені қамтамасыз етуші соттың сұранысы, сондай-ақ сот ұйғарымы мерзімі және өзге де себептері бойынша кейбір кезде орындалмауы да мүмкін. Талап етілген жазбаша дәлелдемелерді сот белгілеген мерзімде табыс етуге мүмкіндігі жоқ тұлғалар бұл туралы себептерін көрсете отырып, сотқа хабарлауға міндетті. Сот хабардар етілмеген жағдайда, сондай-ақ соттың жазбаша дәлелдемелерін табыс ету талабы сот дәлелсіз деп таныған себептер бойынша орындалмаса, іске қатысушы тұлғалар – он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ал соттың қайталама және одан кейінгі талаптарын орындамаған жағдайда, жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Айыппұл салу өзінде жазбаша дәлелдемені ұстап отырған тұлғаны сот талап еткен затты беру міндетінен босатпайды.

Жазбаша дәлелдемелерді сақталып тұрған жерінде қарау және зерттеу. Жазбаша дәлелдемелерді сотқа жеткізу қиын болған ретте сот тиісінше куәландырылған көшірмелерді және үзінділерді беруді талап ете алады немесе жазбаша дәлелдемелерді олар сақталып қойылған жерде қарап және зерттей алады.

Түпнұсқа жазбаша дәлелдемелер оны ұсынған тұлға үшін құнды болуы мүмкін, сондықтан жазбаша дәлелдемелер соттың шешімі заңды күшіне енгенге дейін, егер сот мүмкін деп тапса, оларды табыс еткен тұлғаларға қайтарылуы мүмкін. Ондай дәлелдемелер қатарына істегі фотосуреттер, жеке сипаттағы хаттар, отбасы мұрағатының құжаттары, марапаттау құжаттары, қайтыс болу туралы майданнан келген қаралы хабарламалар және т.б. Түпнұсқа жазбаша дәлелдемелер, сондай-ақ істегі жеке хаттар оларды табыс еткен тұлғалардың өтініші бойынша сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін оларға қайтарылуы мүмкін. Бұл орайда істе жазбаша дәлелдемелердің судья куәландырған көшірмесі қалады.

Заттай дәлелдемелер дәлелдемелік ақпараттың жеке қайнар көзі ретінде танылады. Бұл материалдық дүние объектілері, нормативтік анықтама бойынша егер заттар өзінің сыртқы түрімен, қасиеттерімен немесе өзге де белгілерімен іс үшін маңызы бар мән-жайды анықтау құралы бола алады деп ұйғаруға негіз болса, олар заттай дәлелдемелер деп танылады.

Сот тәжірибесінде заттай дәлелдемелер сирек жағдайда істе қалдырылады, бірақ жалпы ереже бойынша сот шешімі негізінде заттай дәлелдемелер істе сақталады немесе, айрықша тізілім бойынша соттың заттай дәлелдемелер сақтау камерасына өткізіледі. Сот заттай дәлелдемелерді өзгеріссіз қалпында сақтауға шара қабылдайды.

Сотқа әкелуі мүмкін емес заттар тұрған жерінде сақталады. Оларды сот қарап, хаттамада егжей-тегжейлі сипаттауға, ал қажет болған жағдайда суретке түсіруге және сот мөрімен бекітілуге тиіс. Заттай дәлелдемелерді қарау хаттамасы іске қосып тігіледі.

Тез бүлінетін заттай дәлелдемелерді (мысалы, тез бүлінетін тамақ өнімдері) сот дереу қарап шығады және зерттейді, одан кейін оларды қарап шығуға әкелген адамға қайтарады. Мұндай заттай дәлелдемелерді қарап, зерттеу орны мен уақыты туралы іске қатысушы адамдар, егер олар заттай дәлелдемелерді тұрған жерінде қарау кезінде келе алса, хабарланады. Іске қатысушы адамдардың тез бүлінетін заттай дәлелдеменің тұрған орнына келмей қалуы басқа қатысушыларға ол дәлелдемелерді қарауға және зерттеуге кедергі келтірмейді. Қарау және зерттеу нәтижелері хаттамаға енгізіледі.

Заң бойынша азаматтардың иелігінде бола алмайтын заттар тиісті ұйымдарға беріледі. Заттай дәлелдемелер оларды сот қарап шығып зерттегеннен кейін, егер олар алынған тұлғалар өтініш жасаса және мұндай өтінішті қанағаттандыру істі дұрыс шешу үшін кедергі келтірмесе, іс жүргізу аяқталғанға дейін оларға қайтарылуы мүмкін.

 

42Азаматтық іс жүргізу құқығы бойынша ресейлік оқулықта берілген дефиниция: «Заңмен көзделген тәртіпте сот тараптарының талаптары мен қарсылықтарын негіздейтін мән-жайлардың бар-жоғын, сондай-ақ істі дұрыс шешу үшін өге де маңызы бар мән-жайларды солардың негізінде анықтайтын заңды түрде алынған нақты деректер іс бойынша дәлелдемелер болып табылады». Қараңыз: Гражданский процесс: Учебник для студентов вузов, обучающихся по направлению 521400 «Юриспруденция» / [Абушенко Д.Б. и др.]; отв.ред. – В.В. Ярков. – 7-е изд., перераб. и доп. – М.: Волтерс Клувер, 2009. – С. 228.

43Б.А. Жакуповтың пікірі бойынша, «айтыстан ақиқат туындайды» деген нақыл сөз барлық жағдайларда орынды бола бермейді. Бұны әсіресе сотта азаматтық дауды шешу саласында бұлтарыссыз қабылдауға болмайды. Сотта айтысушы тараптар объективтік ақиқатқа ұмтылмай, тек өздерінің субъективтік мүддесі негізінде мақсат қуады, ал ол мақсаттың сотта қойылуын қарсы тараптың заңсыз әрекеттері жасалғандығымен дәлелдейді. Орыс тілінде: «Известное изречение, что в споре рождается истина, не может быть отнесено в полной мере к деятельности по отправлению правосудия по гражданским делам. Это связано с тем, что спорящие стороны к объективной истине не всегда заинтересованы, поскольку руководствуются субъективным интересом, на их взгляд, нарушенным противоправными действиями другой стороны». Қараңыз: Б.А. Жакупов. Правоприменительная практика судов по разрешению земельныз споров // Эколого-правовая наука Казахстана: проблемы рационального использования и охраны природных ресурсов: материалы международной научно-практической конференции. – Астана, 2005. – С.224.

Ресейлік авторлар Н.А. Комарова мен В.З. Лукашевич өз еңбектерінде тараптардың айтысуы принципіне назар аударады. Олардың пікірінше, егер іс жүргізушілік функцияларының бөлінуі есепке алынатын болса, онда айтысушы тұлғалардың бейтарап болуы мүмкін еместігін сөзсіз мойындау керек. Осы себептен авторлар дәлелдеу процесіне соттың өзі қатыспай, іс бойынша әділ шешімге қол жеткізу мүмкін еместігін көрсетеді. Орыс тілінде: С позиций разделения процессуальных функций сторон стороны в гражданском процессе пристрастны и без включения суда в процесс судебного доказывания правильное решение по делу невозможно. Қараңыз: Н.А.Комарова; В.З. Лукашевич. Принцип состязательности и равноправия сторон должен быть эффективным средством установления объективной истины в судебном разбирательстве. // Правоведение. – 2001. - №4. – С.161.

44Сотта сұралып отырған адам өзіне, зайыбына (әйеліне), жақын туыстарына қатысты, яғни заңмен анықталған туыстарына қатысты куәлік етуден бас тартуы мүмкін.

45Бұл ережеге қатысты ерекше ескертпе бар. Судья (алқалық құрамда істі қараған судьялар) ҚР АІЖК-нде көзделген жағдайларда сотпен сұралуы мүмкін. Бұл ерекше ескертпе жойылған сот немесе атқару өндірісін қайта қалпына келтіруге қатысты (ҚР АІЖК 411б. 5т.)

46Мысалы, талап қоюшы (ойдан шығарылған талаптармен) талап қойып, сот сұранысы арқылы қарсы тараптан конфиденциалдық мазмұндағы құжатты алдырып алады. Құжатты алып алған соң ол сот отырысына келуден жалтаруы, ал сот талапты қараусыз қалдыруы мүмкін. Ол құжаттың бөгде адамның қолына түсуі (тіпті көшірмесі болса да) жауапкер үшін қажетсіз салдар туындатуы мүмкін. Осыған байланысты сот өз сұранысында (ұйғарымында) оның орындалу шарттары мен тәртібін атап көрсетуі керек; бұл әрекет іске қатысушы тұлғалардың заңмен қорғалатын мүдделерін қамтамасыз етуі тиіс.

 

Дәлелдеу

 

Сот дауында тараптардың айтысуы принципіне сәйкес, олар қажетті дәлелдемелер топтамасын ұсына отырып, өз ұсынымдарын (талаптарын) жекеше негіздеулері тиіс. Бұл қағида ҚР АІЖК 65-ші бабында нақтыланған, оған сәйкес, әр тарап өзінің талаптарының және қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуі тиіс. Осы ереже іске қатысушы үшінші тұлғаларға да таралады. ҚР АІЖК 66-шы бабына сәйкес, дәлелдемелерді тараптар мен іске қатысушы басқа да тұлғалар береді.

Дәлелдемелердің алғашқы кешенін талап арызға қоса тіркелген құжаттар құрайды. Іс материалдарымен танысқан соң жауапкер талап қоюшының ақпаратын жоққа шығаратын немесе күмән тудыратын өз дәлелдемелерін ұсына алады. Мысалы, талап қоюшы заем (қарыз алу) шартын талап арызымен қоса беріп, осы міндеттеме бойынша қарызды өндіріп беруді талап етеді. Ал талапкер өз кезегінде оның қарызды толық немесе жартылай төлегені туралы талап қоюшының қолхатын ұсына алады. Осылайша екі тарап та ақпарат қайнар көздерін таңдау еркіндігіне ие, бірақ ол ақпараттардан істің дұрыс шешілуіне ықпал ететін мән-жайлар анықталуы тиіс. Істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайларды тараптардың және іске қатысушы басқа да тұлғалардың талаптары мен қарсылықтарының негізінде, сот материалдық және іс жүргізу құқығының қолданылуға тиіс нормаларын ескере отырып анықтайды.

Қолда бар дәлелдемелік ақпарат ауқымы жеткіліксіз болуы мүмкін, мұндай жағдайда сот тараптарға және іске қатысушы басқа да тұлғаларға істі дұрыс шешу үшін қажетті қосымша дәлелдемелер табыс етуді ұсынуға құқылы.

Тараптар сот өз бастамасы бойынша дәлелдеме жинамайтындығын ескерулері тиіс, бірақ тараптар мен іске қатысушы басқа да тұлғалар үшін дәлелдемелерді ұсыну қиындық келтірген жағдайда, сот олардың өтінімі бойынша дәлелдемелерді сұратып алдыруға жәрдемдеседі. Дәлелдемелерді сұратып алдыру туралы өтінімде сол дәлелдемелер көрсетілуге, сондай-ақ осы дәлелдеме арқылы іс үшін маңызы бар қандай мән-жайлар анықталатыны немесе бекерге шығарылатыны, дәлелдемені өз бетінше алуға кедергі келтіретін себептер және оның тұрған жері көрсетілуі тиіс.

Соттық дәлелдеу процесі азаматтық іс жүргізу нормаларымен реттелген. Бұл процесс істің нақты мән-жайларын анықтауға және азаматтық іс бойынша дұрыс шешім қабылдау үшін соттың бағалауына ұсынылған таным түрі болып табылады.

Дәлелдеу процесіне кезектілік тәртіп тән. Сотта анықталуы тиіс мән-жайлар тізімін айқындап алу азаматтық іс жүргізу теориясында дәлелдеу процесінің алғашқы кезеңі ретінде танылады. Егер азаматтық іс жүргізуде сот әрекетінің кезектілігі әр кезде қатаң сақталатын болса, бұл пікір орынды болар еді. Соттың ондай әрекеттері дәлелдемелер ауқымын анықтап алудан басталып, дәлелдемелерді жинау және тіркеуді құрайды. Шын мәнінде кез келген соттық процесс (істің санатына және қиындығына байланысты) өз динамикасымен ерекшеленеді. Кейбір жағдайларда талап қоюшының талаптарының өзгеруі мүмкін, немесе талап қоюшы алғашқы талаптық қуынымдарынан бас тартқан жағдайда дәлелдемелер жиналып болғанына қарамастан, қажетсіз болып қалуы мүмкін. Әрине, судьяның анықталуы тиіс мән-жайларды жинау ауқымын анықтауы және қажетті дәлелдемелерді жинау ауқымын белгілеуі бір кезеңге жинақталса, барынша қолайлы болар еді.

Судьяның айғақтар тізімін белгілеуі ойлану процесі болып табылады, оның нәтижесінде соттық дәлелдеу пәні және шектері анықталады. Дәлелдемелерді жинау және оларды іс жүргізу тәртібімен тіркеу (процессуалдық бекітуден өткізу) – соттың және іске қатысушы тұлғалардың белсенді әрекеті болып табылады.

Азаматтық процестегі дәлелдеудің келесі кезеңі – дәлелдемелерді зерттеу болып табылады. Бұл дәлелдеу кезеңінде тараптардың және үшінші тұлғалардың белсенділігі ерекше мәнге ие. Себебі, дәл осы дәлелдемелерді зерттеу барысында олар тек істе бар дәлелдемелер туралы толық мәлімет алып қана қоймай, оларға дау келтіре алады. Тараптар және іске қатысушы өзге тұлғалар бір-біріне, үшінші тұлғаларға, куәларға, сарапшыларға сұрақ қою нәтижесінде істе бар дәлелдемелердің сапасы мен негізділігін анықтау мүмкіндігіне ие болады.

Соңғы кезең ретінде – дәлелдемелерді бағалау кезеңі танылады, бұл әрекет тікелей соттың өкілеттігіне жатады, сотқа берілген ақпаратты оның бағалауы нәтижесінде сотта қойылған талаптардың негізділігі (негізсіздігі) анықталып, істің қорытындысы шығарылады.

Сот тек нақты топқа жататын дәлелдемелерді (мысалы, заттай дәлелдемелер, сараптамалық актілер және т.б.) ғана бағалап қоймай, сонымен қатар, іске қатысушы нақты тұлғаның әрекеттерін де бағалайды. Мысалы, жауапкер сотта істің шешіміне ықпал ететін тек жекелеген фактілерді ғана мойындауы мүмкін. Егер сот фактілерді тану істің мән-жайларын жасыру мақсатында немесе алдану, қорқыту, жәбірлеу немесе адастыру жолымен іске асырылғандығына күмән келтірсе, ондай мойындау қабылданбай, ол жөнінде сот ұйғарым шығарады. Бұл жағдайда фактілер жалпы негізде дәлелдеуге жатады.

Сот тарапынан соттық талқылауға қатысудан жалтарып жүрген тараптың тәртібі де бағаланады. Сотқа келуден бас тарту арқылы тұлға өзінде бар ақпаратты жасыру мақсатын көздеуі мүмкін. Сот мұндай жағдайда келесі іс жүргізу ережесін басшылыққа алады: егер тарап сотпен талап етілген ақпаратты ұсынудан жалтарса, ондағы бар мәліметтер оған қарсы тараптың мүддесіне қарсы бағытталған деп саналып, мойындалған болып танылады47.

Дәлелдеу процесіндегі ғылыми-техникалық құралдар. Іске қатысушы адамдар – дәлелдемелерді жинау мақсатында, сондай-ақ сот оларды зерттеу және бағалау мақсатында ғылыми-техникалық құралдарды пайдалануға құқылы. Ғылыми-техникалық құралдарды пайдалану кезінде арнайы дайындық қажет болса, жәрдем көрсету үшін сот маман шақыруы мүмкін.

Сот процесіне шақырылған маман сарапшымен ортақ белгілерге ие, себебі олардың екеуі де нақты саладан арнайы танымдық білімдері бар тұлғалар қатарына жатады. Сот процесіне сараптамалық мекемеде сарапшы болып қызмет ететін тұлға шақырылуы мүмкін. Басқа сөзбен айтқанда сараптамалық мекеменің штаттық сарапшысы сот отырысына маман ретінде қатысуы мүмкін.

Сот талқылауындағы сарапшы мен маманның процессуалдық жағдайы арнайы білімдерімен немесе олардың сарапшылық немесе өзге де мекемеде атқаратын лауазымдарымен анықталмайды. Олардың қызметтік шектеулерін анықтау үшін қандай әрекеттерді жүзеге асыру үшін олардың сотқа шақырылғанын және оларға қандай іс жүргізу талаптары қойылатындығын ескеру қажет.

ҚР АІЖК 99-шы бабына сәйкес, сот ғылыми-техникалық құралдарды қолдануға консультациялар (түсіндірмелер) беру және көмектесу арқылы дәлелдемелерді жинауда, зерттеуде және бағалауда жәрдем көрсету мақсатында сот отырысына немесе іс жүргізу әрекеттеріне қатыстыру үшін істің нәтижесіне мүдделі емес, арнаулы білімі бар кәмелетке толған адамды маман ретінде тартуы мүмкін.

Заңнама маманды сот талқылауына қатысу үшін шақырудың баламалы нұсқаларына (негіздеріне) жол береді. Сот бұл әрекетті өз бастамасымен және тараптардың өтінуімен жүзеге асыра алады. Маманның шақырылуын сот ұйғарыммен рәсімдейді, бірақ ол ұйғарымда маманға сот процесінде қойылатын сұрақтар тізімін көрсету міндетті емес. Бұл сұрақтар (көбінесе кеңес беру сипатындағы) қажет болған реттерде сотпен және іске қатысушы тұлғалармен тікелей сот процесінде қойылуы мүмкін.

Іске қатысушы тұлғалар маман ретінде арнайы білімі бар нақты адамды шақыруды соттан сұрауға құқылы. Маман ретінде шақырылған адамның:

- өзінің шақырылу мақсатын білуге;

- егер арнаулы білімі болмаса, іс жүргізуге қатысудан бас тартуға;

- соттың рұқсатымен іс жүргізу әрекетіне қатысушыларға сұрақтар беруге;

- іс жүргізу әрекетіне қатысушылардың назарын дәлелдемелерді жинауға, зерттеуге және бағалауға жәрдем көрсету кезінде, ғылыми-техникалық құралдарды қолдану, сараптама тағайындау үшін материалдарды дайындау кезінде өзінің іс-әрекетіне байланысты мән-жайларға аударуға;

- өзі қатысқан іс жүргізу әрекетінің хаттамасымен, сондай-ақ сот отырысы хаттамасының тиісті бөлігімен танысуға және өзінің қатысуымен жүргізілген әрекеттердің барысы мен нәтижелері көрсетілуінің толымдығы мен дұрыстығына қатысты хаттамаға енгізілуге тиісті мәлімдемелер мен ескертпелер жасауға;

- соттың іс-әрекетіне шағым жасауға;

- өзінің іс жүргізу әрекеттеріне қатысуға байланысты өзіне келтірілген шығындарға өтем және іс бойынша іс жүргізуге қатысу оның қызметтік міндеттерінің шеңберіне кірмейтін болса, орындалған жұмыс үшін сыйақы алуға құқығы бар.

Азаматтық іс жүргізуге кез келген ғылыми-техникалық құралдар қолданыла бермейді. Арнайы білімі бар маман түрлі құралдарды (химикаттарды, газды) қолданудан және олардың сақталған орнына барудан туындайтын салдар туралы сотқа ескерту жасауы тиіс.

Іс жүргізу талаптарына сәйкес, ғылыми-техникалық құралдарды қолдануға келесі жағдайларда дәлелдеме құралы ретінде қолдануға жол беріледі:

1) заңда тікелей көзделсе немесе оның нормалары мен принциптеріне қайшы келмесе;

2) ғылымилығы жарамды болса;

3) іс бойынша іс жүргізудің тиімділігін қамтамасыз ететін болса;

4) қауіпсіз болса.

Ғылыми-техникалық құралдарды жасырын қолданудың нәтижесі, мұндай қолдануға заңмен жол берілетін жағдайларды қоспағанда, дәлелдеме ретінде пайдаланылмайды.

Азаматтық іс жүргізуде ғылыми-техникалық құралдардың қолданылғандығы тараптар берген анықтамамен немесе тиісті іс жүргізу әрекетінің хаттамасымен рәсімделеді. Ол құжаттарда сотта нақты қандай ғылыми-техникалық құрал қолданылғаны, оларды қолдану шарттары мен тәртібі, нақты объектілерге қатысты оларды қолдану нәтижелері көрсетілуі тиіс.

Ғылыми-техникалық құралдарды пайдалану тәсілімен алынған құжаттар мен өзге материалдарды зерттеу, сақтау және оларға билік ету ҚР АІЖК 87-ші және 89-шы баптарымен көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

 

47Осы сұрақ Ресей Федерациясы азаматтық іс жүргізу заңнамасында да осылай реттелген. Қараңыз: Власов А.А. Гражданский процесс: учебное пособие. – М.: ЭКСМО, 2006. – С. 136.

 





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-02-24; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 6450 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Так просто быть добрым - нужно только представить себя на месте другого человека прежде, чем начать его судить. © Марлен Дитрих
==> читать все изречения...

2439 - | 2195 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.011 с.