Сотта өкілдік ету түсінігі
Сотта өкілдік ету институты түрлі салаларға қатысы бар нормаларды, соның ішінде азаматтық және азаматтық іс жүргізу құқығының кешенді нормаларын топтастырады. Материалдық (азаматтық) құқықта өкілдік деп – басқа адамның (өкілдік берушінің) атынан бір адамның (өкілдің) сенімхатқа, заңдарға, сот шешіміне не әкімшілік құжатқа негізделген өкілеттігі күшімен жасаған мәмілесі өкілдік берушінің азаматтық құқықтары мен міндеттерін тікелей туғызуын, өзгертуін және тоқтатуын айтамыз39.
Азаматтық айналымдағы сияқты іске қатысушы тұлғалар өкіл қызметін пайдалана алады, алайда азаматтық іс жүргізуде өкілдік етудің өзіндік ерекшеліктері бар. Азаматтық айналымда әрекетке қабілетті тұлғаның өкілдік етушіге сенім білдірушінің атынан заңи мәні бар әрекеттерді жасауға сенімхат беруі жеткілікті. Сирек жағдайлардан басқа кезде сенім білдіруші кейінгі әрекеттерге өзі қатыспайды, азаматтық айналымда сенімхат берген сенім білдіруші көбінесе өзі берген сенімхат негізінде қандай әрекеттер жасалатындығына материалдық және басқа да қызығушылық танытпайды. Мысалы, автокөлік сатуға сенімхат беру екінші деңгейлі автокөлік нарығында оны сатуды құқықтық рәсімдеудің негізгі тәсіліне айналды; дәл осыдай жағдай үйді, пәтерді, жер учаскесін сатуға қатысты сенімхат рәсімдеуге де қатысты.
Жиі жағдайда өкіл және сенім білдіруші сот ісін жүргізуге бірге қатысуы сотта өкілдік ету ерекшелігінің бірі болып табылады. ҚР АІЖК 58-ші бабының 1-ші бөлігінде азаматтың (тараптың) іске өзінің қатысуы оның бұл іс бойынша өкілін қатыстыру құқығынан айырмайтындығы жөнінде ескертпе жасалған. Іске қатысушы тараптар мен үшінші тұлғалар өзара келісім негізінде сотта істі жүргізуді басқа тұлғаларға тапсыра алады.
Сенімхатқа, заңдарға, сот шешімдеріне, не әкімшілік актісіне негізделген тиісінше рәсімделген өкілеттігі бар әрекетке қабілетті кез келген адам сот процесінде өкіл бола алады. Сенімхат беру өкілдің өкілеттіктерін рәсімдеудің әмбебап тәсілі болып табылады. ҚР Азаматтық кодексінің 167-ші бабына сәйкес сенімхат дегеніміз бір адамның (сенім білдірушінің) өз атынан өкілдік ету үшін екінші адамға (сенім білдірген) берген жазбаша уәкілдігі.
Сенімхат мәтінінде құқықтық сипаттағы қателер болмауы қажет және өз мазмұны бойынша ешқандай күмән туындатпауы тиіс. Іске өкілеттік берілген кәсіби одақтар мен басқа ұйымдар қатысқан жағдайда сотқа нақты іс бойынша олардың өкілдікті жүзеге асыруларына тапсырысты растайтын құжаттарын көрсетулері тиіс.
ҚР АІЖК 58-ші бабының 2 бөлігіне сәйкес, ұйымдардың ісін сотта оларға заңмен, өзге нормативтік құқықтық актілермен немесе құрылтай құжаттарымен берілген өкілеттіктердің шегінде іс-әрекет жасайтын олардың органдары және тиісті өкілеттіктер берілген олардың өкілдері жүргізеді. Заңды тұлғаның органы тиісті өкілеттік берілген басқа өкілдермен бірге іске қатыса алады.
39Гражданский кодекс Республики Казахстан (Общая часть). Комментарий (постатейный). Книга 1. – 2-е изд., испр. и доп., с использованием судебной практики / Ответственные редакторы: М.К. Сулейменов, Ю.Г. Басин. – Алматы: Жеті жарғы, 2003. – С.496 (орыс тілінде).
Кілдік ету түрлері
Азаматтық іс жүргізу құқығында өкілдік етудің екі түрі анықталған: тапсырма бойынша өкілдік ету және сотқа заңды өкілдердің қатысуы.
Тапсырма қатынастары сот ісін жүргізу барысында қалыптасып, азаматтық іс жүргізуде пайда болатын шарттық қатынастардың үлгісі болып табылады. Олар азаматтық заңнамамен реттеледі, ҚР Азаматтық кодексінің 846-шы бабына сәйкес, бір тарап (сенім білдірген адам) басқа таратың атынан және соның есебінен (сенім білдіруші) нақты заңи әрекеттер жасайды.
ҚР АІЖК "Тапсырма бойынша өкілдік ету" деп аталатын 59-шы бабында сотта бөгде адамдардың мүдделерін қорғай алатын тұлғалардың тізімі бекітілген.
Мына адамдар:
1) адвокаттар;
2) заңды тұлғалардың қызметкерлері – осы заңды тұлғалардың істері бойынша;
3) кәсіптік одақтардың уәкілетті адамдары – құқықтары мен мүдделерін қорғауды осы кәсіптік одақтар жүзеге асыратын жұмысшылардың, қызметшілердің, сондай-ақ басқа да адамдардың істері бойынша;
4) заңмен, жарғымен немесе ережемен осы ұйымдар мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау құқығы берілген ұйымдардың уәкілетті адамдары;
5) заңмен, жарғымен немесе ережемен басқа адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау құқығы берілген ұйымдардың уәкілетті адамдары;
6) басқа тең қатысушылардың тапсырмасы бойынша тең қатысушылардың біреуі;
7) іске қатысушылардың өтінуімен сот рұқсат еткен басқа да адамдар тапсырма бойынша сотта өкіл бола алады.
Адвокаттардың тараптардың (үшінші тұлғалардың) өкілі ретінде азаматтық істерге қатысуы осы санаттағы кәсіби заңгерлер қызметінің негізгі бағыты болып табылады. Корпоративтік қауымдастық ішінде олардың қызметі адвокаттық қызмет туралы заңнамамен реттеледі; сот процестерінде (сот ісін жүргізу түріне байланысты) – тиісінше қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу заңнамалары нормаларымен реттеледі. Адвокаттық қызмет лицензияланатын қызмет түріне жатады, оған қосымша адвокаттар тиісті адвокаттар алқасының мүшелері болулары қажет (әдетте олар өзінің тұрақты тұрғылықты жеріндегі адвокаттар алқасына мүше болады).
Іске қатысушылар заңды тұлғалар болған кезде осы ұйымдардың қызметкерлері өкілдер ретінде қатысуы мүмкін. Ірі ұйымдарда, өнеркәсіп орындарында, мекемелерде әдетте штаттық заңгер немесе бірнеше заңгер қызмет ететін заң бөлімі болады. Өздерінің іс жүргізу міндеттемелері бойынша олардың адвокаттардан айырмашылығы жоқ. Әдетте осы штаттық заңгерлер өкілдің міндеттемелерін өте сапалы орындайды, себебі олар жұмыс беруші мекеменің ерекшеліктерін жақсы біледі және өздерінің іс жүргізу қадамдарын жағымды (пайдалы перспективасы бар) болашаққа бағыттайды.
Іс жүргізу кезінде кәсіпорын әкімшілігі сырттан шақырылған (штаттан тыс) заңгермен бір реттік шарт жасай алады. Оның сотта клиент мүддесіне сай өкілдік ету шарттары, өкілеттік шектері, оның қызметі үшін төлем мөлшері шартпен (контрактімен) анықталады.
Кәсіподақ ұйымдарының өкілдері сотқа жұмысшылардың, қызметкерлердің істері бойынша қатысады, олар ортақ кәсіби қызмет принципі бойынша бірлескен адамдар құрған қоғамдық ұйымдары болып табылады. Тәжірибеде кәсіби одақтардың сотқа қатысу құқығын рәсімдеудің түрлі нұсқалары кездеседі. Мысалы, кәсіби одақтың өкілі сотқа
- ұйым Жарғысының көшірмесін;
- аталған кәсіподақта іске қатысушы тұлғаның мүшелігін растайтын анықтаманы;
- бөгде адамдардың мүддесін қорғау мүмкіндігін беретін өз өкілеттілігі туралы анықтаманы;
- кәсіподақ мүшесінің мүддесін сотта қорғау және өкілдік ету бойынша кәсіподақ ұйымы жиналысының шешімін;
- кәсіподақ ұйымы төрағасының жарғылық құжаттар негізінде ұйым атынан берілген сенімхатын ұсына алады.
Құжаттардың толықтылығына байланысты даулы жағдайлар туындамас үшін іске қатысушы тұлғалар, аталған құжаттар «пакетінен» басқа қосымша нотариалдық түрде расталған сенімхат тапсырады. Мұндай сенімхаттың азаматтық істе болуы өкілдің өкілеттіктеріне байланысты түсінбеушіліктерге жол бермеуге ықпал етеді. Кәсіби одақтармен мүдделері қорғалатын бөгде адамдар санаты сол кәсіби одақтардың жарғылық құжаттарымен анықталады.
ҚР АІЖК 60-шы бабымен сотта өкілдер бола алмайтын тұлғалар санаты анықталған. Оған сәйкес судьялар, тергеушілер, прокурорлар мен өкілді органдардың депутаттары, олардың процеске тиісті ұйымдардың уәкілеттік берілген адамдары немесе заңды өкілдер ретінде қатысу жағдайынан басқа жағдайда сотта өкіл бола алмайды.
Аталған санаттағы тұлғалар тек олардың қызметтік міндеттемелерінен туындайтын әрекеттер аясында ғана сот ісін жүргізуге қатыса алады. Олар тек өз балаларының заңды өкілі ретінде ғана азаматтық істің тақылауына ешбір іс жүргізушілік шектеулерінсіз қатыса алады. ҚР АІЖК 60-шы бабының 2-ші бөлігіне сәйкес, адвокатура туралы заңдармен белгіленген ережелерді бұза отырып, заң көмегін көрсету туралы тапсырма алған адвокаттар сотта өкіл бола алмайды. Егер мүдделері өзі өкіл болып отырған адамның мүдделеріне қайшы келетін адамдарға осы іс бойынша заң көмегін көрсетсе немесе бұрын көрсеткен болса, немесе судья, прокурор, сарапшы, маман, аудармашы, куә немесе айғақшы ретінде қатысса, сондай-ақ егер ол істі қарауға қатысушы лауазымды адаммен туыстық қатынастарда болса, тұлға азаматтық процесте өкіл бола алмайды. Мысалы, талап қоюшыдан өкілдік ету өкілеттіктерін қабылдай отырып, кейіннен ол тапсырманы орындаудан бас тартып, өкіл дәл осындай қызметті жауапкерге көрсете алмайды.
Сотта өкілдік етуші кең көлемдегі кешенді өкілеттіктерге ие; ҚР АІЖК 61-ші бабының 1 бөлігіне сәйкес ол:
- талап арызға қол қоюды,
- істі аралық сотқа беруді,
- талапты тануды,
- талаптан толық немесе ішінара бас тартуды,
- талап қоюдың нысанасын немесе негіздемесін өзгертуді,
- бітімгершілік келісім жасауды,
- өкілеттіктерді басқа адамға беруді (сенімді басқа біреуге аудару),
- соттың қаулысына шағым беруді,
- соттың қаулысын мәжбүрлеп орындатуды талап етуді,
- берілген мүлікті немесе ақшаны алуды қоспағанда, өкілдік беруші атынан барлық іс жүргізу әрекеттерін жасауға құқық береді.
Бұл баптың ережелері, әсіресе оның «қоспағанда» деген сөзіне дейін баяндалған бөлігі өкілге көрсетілген өкілеттіктердің берілмейтіндігін білдірмейді. Заң шығарушы ол құқықтарды Кодексте арнайы бөліп көрсеткен, себебі өкілдің оларды іс бойынша қолдануы сенім білдірушінің мүліктік мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін.
Өкілдің ҚР АІЖК 61-ші бабының бірінші бөлігінде аталған іс әрекеттердің әрқайсысын жасауға өкілеттігі өкілдік беруші берген сенімхатта арнайы көзделуі тиіс.
Адвокаттың нақты істі жүргізуге арналған өкілеттігі заң консультациясы немесе адвокаттық кеңсе берген ордермен куәландырылады. Адвокаттық ордерде мына мәліметтер болуы тиіс:
- ордердің нөмірі,
- берілген күні,
- адвокаттың аты, фамилиясы, оның лицензиясының нөмірі мен берілген күні,
- сенім білдірушінің аты-жөні, оның іс бойынша іс жүргізушілік мәртебесі40. Адвокат өкілеттігі сондай-ақ оның клиентпен жасасқан шартымен де куәландырылуы мүмкін.
Заңды тұлғалар атынан берілген сенімхаттарға да нотариалды түрде расталған сенімхаттарға41 қойылатын талаптар таралады. Заңды тұлғаның атынан сенімхатты тиісті заңды тұлғаның басшысы немесе өзге уәкілетті адамы береді.
Басқа тең қатысушылардың тапсырмасы бойынша тең қатысушылардың біреуі іс бойынша өкілдік еткен жағдайда оның өкілеттіктері сенімхатпен немесе сенім білдірушінің сотта мәлімдеген ауызша өтінішінде көрініс тауып, сот отырысының хаттамасына жазылуы тиіс.
Заңды өкілдер. Сотта өкілдік етуші бұл тұлғалар санатының іске қатысуы жеке іс жүргізу ережелерімен реттеледі. Әрекетке қабілетсіз азаматтардың, әрекет қабілетіне толық ие емес немесе әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған адамдардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін сотта өздерінің өкілеттіктерін куәландыратын құжаттар негізінде олардың ата-аналары, асырап алушылары, қамқоршылары немесе қорғаншылары қорғайды.
ҚР АІЖК 63-ші бабының ережелеріне сәйкес:
- хабар-ошарсыз кеткен деп белгіленген тәртіппен танылған азамат қатысуға тиісті іс бойынша, оның өкілі ретінде хабар-ошарсыз кеткен адамның мүлкіне қамқорлықты жүзеге асыратын адам қатысады;
- қайтыс болған немесе қайтыс болды деп белгіленген тәртіппен жарияланған адамның мұрагері қатысуға тиісті іс бойынша, егер мұраны әлі ешкім қабылдамаса, мұрагердің өкілі ретінде мұралық мүлікті қорғау мен басқару үшін тағайындалған сақтаушы немесе қамқоршы қатысады.
Кәмелетке толмағандардың мүдделерін қорғау барысында олардың ата-аналары сотқа өз жеке куәліктерін және баланың тууы туралы куәліктерін ұсынулары тиіс. Тууы туралы куәлік бойынша («ата-аналары» деген графаға сүйеніп) сот бала мен оның заңды өкілі арасындағы туыстық байланыстарға көз жеткізеді.
Заңды өкілдер заңда көзделген шектеулерді сақтай отырып өкілдік етушілердің атынан тиесілі (заңда көзделген тәртіппен) барлық процессуалдық әрекеттерін жасайды. Заңды өкілдер істі сотта жүргізуді басқа өкілге тапсыра алады.
40Адвокат ордеріне қосымша өзге де мәліметтер енгізілуі мүмкін.
41Заңды тұлғалар берген сенімхаттарда өкілдің сенімхатының нөмірі, датасы, оның өкілеттіктерінің көлемі мен мерзімі, сондай-ақ өзге де мәліметтер көрсетіледі.