Сотпен сараптама тағайындалғандығы барлық кезде күтілгендей нәтиже бере бермейді және сот өз ұйғарымында көрсеткен барлық сұрақтарға толық жауап алмай қалуы мүмкін.
Сараптама тағайындалған соң сотқа сарапшының қорытындысы, немесе қорытынды беру мүмкін еместігі туралы хабарлама келуі тиіс.
Сарапшы қорытындысы (сарапшы актісі) сот ұйғарымының негізінде жүргізілген сараптаманың нәтижесі болып табылады. Бұл сарапшының актісі жазбаша түрде, ҚР АІЖК-нің талаптарына сәйкес жасалған күйінде сараптаманы тағайындаған сотқа жіберіледі.
Қорытынды сарапшының алдына судья (тараптар) қойған мәселелер бойынша дайындалады. Әр сұрақ бойынша жасалған түйіндер жиынтығы іс материалдарымен, заттай дәлелдемелер мен үлгілермен негізделеді.
Қажетті зерттеулер жүргізілгеннен кейін сарапшы (сарапшылар) өз атынан қорытынды жасап, оны өз қолын қоюы және жеке мөрін басу арқылы растайды. Тағайындалған сараптаманы сот сараптамасы органы жүргізген жағдайда сарапшының (сарапшылардың) қолы аталған органның мөрімен куәландырылады.
Сарапшының қорытындысында мына мән-жайлар көрсетілуге тиіс:
- сараптаманың жасалған күні;
- сараптаманың жасалу орны мен мерзімі;
- қандай негіздерге сүйеніп сараптама жүргізілгені;
- сараптаманы тағайындаған сот туралы мәлімет;
- сараптама жасау тапсырылған органның және (немесе) сарапшының (сарапшылардың) (тегі, аты, әкесінің аты, білімі, мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс стажы, ғылыми дәрежесі және ғылыми атағы, атқаратын қызметі);
- көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылығы жөнінде ескертілгені туралы сарапшының қолы;
- сарапшының (сарапшылардың) алдына қойылған сұрақтар;
- сараптама жүргізу кезінде кімнің қатысқаны және қандай түсініктемелер берілгені; сарапшы істің қандай материалдарын пайдаланғаны;
- қандай объектілердің зерттелгені;
- қандай зерттеулер жүргізілгені, қандай әдістер қолданылғаны және олардың қандай дәрежеде сенімді екені;
- қойылған сұрақтарға негізді жауаптар;
- жүргізілген сараптамалық зерттеу нәтижелерін бағалау және сарапшының (сарапшылардың) алдына қойылған міндеттер бойынша тұжырымдар.
Сарапшының қорытындысын бейнелейтін материалдар (фототаблицалар, схемалар, графиктер, таблицалар және өзге де материалдар) сараптамалық орган басшысының қолымен куәландырылып, қорытындыға қосымша ретінде тіркеліп, оның құрамдас бөлігі болып табылады.
Егер сараптама жүргізу кезінде сарапшы іс үшін маңызы бар, олар туралы сұрақ қойылмаған мән-жайларды анықтаса, ол бұларды өз қорытындысында көрсетуге құқылы.
Азаматтық істі шешу барысында сарапшы қорытындысын басқа дәлелдемемен ауыстыру қиын болса да, ол істі қараушы сот үшін қабылдануы даусыз (міндетті) құжат болып табылмайды. Сарапшының қорытындысымен соттың (судьяның) келіспеуінің негіздері шығарылатын шешімде, немесе қайталама сараптама тағайындау туралы ұйғарымда дәлелді түрде келтірілуі тиіс.
Сарапшы сот ұйғарымында атап көрсетілген барлық сұрақтарға немесе олардың кейбіріне жауап бере алмауы мүмкін. Бұл 1) сараптама тағайындалған орынға адамдардың келмей қалуы, 2) қалпына келтірілуі мүмкін емес үлгілердің жоғалуы салдарынан және т.б. себептермен орын алуы мүмкін. Мұндай жағдайда егер сараптама жасауға кедергі келтірген мән-жайлар зерттеу барысында анықталса, онда сарапшының қорытындысында қойылған сұрақтарға жауап берілуі мүмкін еместігін растайтын негіздеме келтірілуі тиіс.
Қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарлама. Егер сарапшының зерттеу жүргізгенге дейін оның алдына қойылған мәселелер өзінің арнайы білімдерінің шегінен тыс екеніне, не оған ұсынылған материалдар қорытынды беру үшін жарамсыз немесе жеткіліксіз екеніне және олардың толықтырылуы мүмкін емес екеніне, не ғылым мен сараптама практикасының деңгейі қойылған сұрақтарға жауап беруге мүмкіндік бермейтініне көзі жетсе, ол қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы дәлелді хабарлама жазып, оны сотқа жібереді.
Сарапшыдан жауап алу
ҚР АІЖК 98-1 бабымен көзделген тәртіппен сарапшыдан алынған жауаптар оның бұрын берген қорытындысын түсіндіру, толықтыру және нақтылау бөлігінде ғана дәлелдемелер болып табылады. Сарапшыны сұрау барысында сот осы талапты орындауы тиіс, олай болмаған жағдайда жоғарғы сот сатысында істі қарау барысында сарапшының қорытындысы жол берілмейтін дәлелдеме ретінде танылуы мүмкін.
Сарапшының қорытындысы жарияланған соң ғана одан жауап алынуы мүмкін. Соттың бұл ережені орындауының қажеттігі тағы да бір процессуалдық шарт болып табылады. Егер қорытынды барынша толық болмаса, онда ақтаңдақтарға жол берілсе, сарапшы сот отырысы барысында сұраққа тартылады, осылайша қосымша зерттеу өткізбей, ол ақтаңдақтардың орнын толтырып, сарапшымен қолданылған әдістер мен терминдер нақтылануы тиіс.
Сонымен қатар сарапшының қорытындысына қатысы жоқ, бірақ оған соттық-психиатриялық, соттық-медициналық сараптама жасау барысында мәлім болған мән-жайлар бойынша жауап алуға іс жүргізу заңы жол бермейді. Сотпен сарапшыдан жауап алу туралы шешім қабылданған жағдайда кімнің өтінішімен сараптама тағайындалса, бірінші болып сол тарап сарапшыға сұрақ қоя алады. Егер сараптама жүргізу бастамасы екі тарапқа да тән болса, немесе ол соттың бастамасы бойынша тағайындалса, онда сарапшыға алдымен талапкер, одан кейін жауапкер сұрақ қоя алады. Сарапшыға сұрақ қоюдағы бұл кезектілігі сотқа таралмайды53.
53Сот сарапшыға сот процесінің кез келген сәтінде сұрақ қоюға құқылы.