Дәлелдемелер қатыстылық талаптарына жауап берулері тиіс. ҚР АІЖК 67-ші бабына сәйкес, егер дәлелдеме іс үшін маңызды мән-жайлардың бар екендігі туралы тұжырымдарды растайтын, теріске шығаратын не оларға күмән келтіретін нақты деректер болса, сот дәлелдемені іске қатысты деп таниды.
Дәлелдемелерге жол беру дегеніміз, егер азаматтық іс жүргізу заңнамада көзделген тәртіппен алынса, дәлелдемеге жол беруге болады деп танылады. Дәлелдемелерге жол беру олардың алынған кезіндегі қолданыстағы заңдармен анықталады.
Заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиіс істің мән-жайлары ешқандай басқа дәлелдемелермен расталуға тиіс емес. Осындай нормативтік талаптар азаматтық заңнамада да көзделген. Қарыз алу (заем) шарты бойынша өндіру талабын қанағаттандыру шарттарына қатысты мысал келтіруге болады. Көлемі жүз есептік көрсеткіштен асатын мәмілелер (жасау сәтінде орындалатын мәмілелерден басқа) жазбаша түрде жасалуы тиіс (ҚР Азаматтық кодексі, 152 бап).
ҚР Азаматтық кодексінің 153 бабаның 1 тармағына сәйкес, мәміленің жай жазбаша түрін сақтамау оның жарамсыздығына алып келмейді, бірақ дау туындаған жағдайда тараптың оның жасалғанына, мазмұнына және орындалуына қатысты куәгерлік көрсету арқылы растау құқығынан айырады. Осылайша, сотта сұралған куәлар талапкер мәлімдеген мән-жайларды растаса да жауапкердің қарыз екендігін дәлелдейтін жазбаша құжат ұсынылмаса сот мәлімдеген талапты қанағаттандыра алмайды.
Дәлелдемені бағалау және іс бойынша шешім шығару кезінде сот азаматтық іс бойынша ешбір дәлелдеменің алдын-ала анықталған заңи күші жоқ деген ережені басшылыққа алады. Бұл жерде материалдық және іс жүргізу нормалары арасындағы белгілі бір коллизияларды байқауға болады, яғни бір нормалар жекелеген дәлелдемелерге қатысты басымдық белгілесе, басқалары ондай бағалауға жол берілмейтіндігін көрсетеді. Мысалы, егер мүдделі тұлға соттың ауызша қайнар көзді қабылдауын талап еткенде процессуалдық принципіне сілтеме жасайтын болса, онда жазбаша дәлелдемелерге ие үшін басымдық берілуі тиіс?
Шындығында да сот ісін жүргізудің ерекшелігі сонда, ол бір дәлелдеме түрінің екінші түрінен нормативтік тұрғыдағы басымдығын белгілемеуі тиіс (жекелеген жағдайда оған жол берілмейді). Егер олай болса судьяның өз білуінше әрекет етуіне жол беріліп, сот әділдігінің мақсаттарына қайшы келуі мүмкін. Жоғарыда қойылған сұраққа жауап бере отырып, ақпарат қайнар көзінің дәлелдемелік күші оның пайда болу негізіне емес, шындыққа үйлесімділігіне қарай бағалануы тиіс екендігін атап өткен жөн. Мұндай жағдайда құжаттардың дәлелдемелік күші олардың артықшылығы емес, заңи мәні бар әрекеттің материалдық құқықпен реттелетін жасалу тәсілімен анықталады, ол дәлелдеуші қайнар көздің құқықтық шынайылығын айқындайды.
ҚР АІЖК 69-шы бабында дәлелдемелер ретінде жол беруге болмайтын нақты деректер тізімі берілген. Яғни, нақты деректер, егер олар заң талаптарын бұза отырып, іске қатысушы тұлғалардың заңмен кепілдік берілген құқықтарынан айыру, немесе оларды ығыстыру арқылы, немесе істі сотта қарауға дайындау кезінде, немесе сотта қарағанда азаматтық процестің өзге де ережелерін бұза отырып алынса, оларға жол берілмейді.
Оның ішінде:
1) күш қолдану, қорқыту, алдау, сол секілді өзге де заңсыз іс-әрекеттерді қолдана отырып;
2) оларға түсіндірмеудің, толық немесе дұрыс түсіндірмеудің салдарынан туындаған іске қатысушы адамдардың өз құқықтары мен міндеттеріне қатысты жаңылуын пайдалана отырып;
3) осы азаматтық іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыруға құқығы жоқ адамның іс жүргізу іс-әрекетін жүргізуіне байланысты;
4) қарсылық білдіруге жататын адамның іс жүргізу іс-әрекетіне қатысуына байланысты;
5) іс жүргізу іс-әрекетінің тәртібін айтарлықтай бұза отырып;
6) белгісіз көзден немесе сот отырысында анықтала алмайтын көзден;
7) дәлелдеу барысында қазіргі ғылыми білімге қайшы келетін әдістерді қолдана отырып алынған болса, олар нақты деректердің растығына әсер етсе немесе әсер етуі мүмкін болса, оларды сот дәлелдемелер ретінде пайдалануға жол беруге болмайды деп танылады.
Азаматтық іс бойынша іс жүргізу кезінде нақты деректерді дәлелдемелер ретінде пайдалануға жол беруге болмайтындығын, сондай-ақ оларды шектеп пайдаланудың мүмкіндігін өз бастамашылығы бойынша немесе іске қатысушы адамдардың өтініші бойынша сот белгілейді. Мысалы, сотқа қатысушы тұлға ұсынған бір дәлелдемені негізсіз деп таныса, осы қайнар көзден алынған басқа дәлелдемелердің заңдылығына қатысты күмән туындайды.
Заңды бұза отырып алынған дәлелдемелер заңдық күші жоқ деп танылады және сот шешімінің негізіне жатқызыла алмайды, сондай-ақ іс үшін маңызы бар кез келген мән-жайды дәлелдеу кезінде пайдаланылмайды.
Әрбір дәлелдеме шынайылық талаптарына жауап беруі тиіс. Тексеру нәтижесінде дәлелдеменің шындыққа сәйкес келетіні анықталса, дәлелдеме рас деп есептеледі48.
ҚР АІЖК 71-ші бабымен көзделген жағдайларда тараптар өз талаптарын дәлелдеуден босатылуы мүмкін. Сот жалпыға белгілі49 деп таныған мән-жайлар дәлелдеуді қажет етпейді. Сонымен қатар соттың бұрын қаралған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен белгіленген мән-жайлар сот үшін міндетті және сол адамдар қатысатын басқа азаматтық істерді талқылау кезінде қайтадан дәлелденбейді.
Алимент өндіру туралы азаматтық істі қарауда (баланың ата-анасы некеге тұрмаған болса) егер заңды күшіне енген әкелігін растау туралы сот шешімі болса, онда талап қоюшы ана жауапкердің әкелігін дәлелдеуге міндетті емес.
Тұрғын үйге құқықтары жоқ тұлғаларды үйден шығару туралы істерді қарауда, егер бұрын шығарылған сот шешімі күшіне еніп, ол даулы үй қайтыс болған мұра қалдырушыдан талапкерге мұраға берілген болса, онда меншік иесі өзінің меншік құқықтарын дәлелдеуге тиісті емес.
Соттың қылмыстық іс бойынша күшіне енген талапты қанағаттандыру құқығы танылған үкімі тұлға әрекеттерінің азаматтық-құқықтық салдары туралы істі азаматтық тәртіпте қарайтын сот үшін міндетті. Заңды күшіне енген сот үкімі мұндай азаматтық істі қараған сот үшін, осы іс-әрекеттер орын алды ма және оларды осы адам жасады ма деген мәселелер бойынша, сондай-ақ үкіммен белгіленген мән-жайларға және олардың құқықтық бағасына қатысты да міндетті болып табылады.
ҚР АІЖК 71-ші бабының бұл ережесіне сәйкес, қылмыстық әрекет жасаған жауапкер оған қылмыстық істен туындайтын талап қойылатын болса, істі қарау барысында өзінің кінәлілігінен бас тарту (дау келтіре) алмайды дегенді білдіреді. Азаматтық іс бойынша шешім шығару барысында жауапкер қылмыс жасады ма, немесе ол кінәлі ме деген сұрақтар талқыланбайды. Сонымен қатар сот үкімімен сотталған жауапкердің әрекеттерін қылмыстық – құқықтық жіктеу мәселелері де талқыланбайды.
Іс бойынша жинақталған барлық дәлелдемелер азаматтық дауды шешу үшін сотпен толық әрі жеткілікті деп танылуы тиіс. Егер іске қатысты қол жетімді және шынайы дәлелдемелер жинақталса; егер олардың көмегімен дәлелдеуге жататын барлық мән-жайлар (әрбір мән-жай) жөнінде шындық белгілене алатын болса, дәлелдемелер жиынтығы толық болып саналады.
Істі қарау барысында жауапкердің заң талаптарын білмейтіндігі туралы түсініктемелері сот тарапынан қабылданбауы тиіс. Іс жүргізу заңымен тұлғаның заңды білетіндігі бекітілген. Мысалы, жауапкердің ескіру мерзімі талаптарын сақтау қажеттілігін білмейтіндігі туралы түсініктері де сот назарына алынбайды. Тұлғаның қызметтік және кәсіби міндеттерін білу-білмеуіне қатысты да осы ережелер таралады.
Сонымен қатар тұлғаның тиісті оқу орнын бітіргендігі, арнайы дайындықтан өтіп, білім алғандығын растайтын тиісті құжат ұсынылмаса сот ол тұлғаның арнайы білімі жоқ деп таниды. Ондай құжат ретінде дәрігер, инженер, дизайнер, заңгер және т.б. кәсіби дайындық жөніндегі диплом танылады. Әсіресе мұндай сұрақтар еңбек даулары бойынша туындайды, кәсіпорын әкімшілігі штатты қысқарту немесе қызметкер санын қысқарту кезінде қай қызметкерге басымдық беру қажеттілігін таңдайды.
Сот тапсырмалары. Дәлелдемелерді алудың мұндай тәсілі бойынша істі қараушы сот іске қатысушы адамның басқа ұалада немесе ауданда дәлелдемелер жинау қажеттігі туралы өтінімін қанағаттандырған жағдайда тиісті сотқа белгілі бір іс жүргізу әрекетін жасауға тапсырма береді. Жиі жағдайда сот тапсырмалары арқылы белгілі себептермен сотқа келе алмайтын куәларды сұрау, құжаттарды алу, объектілерді қарау әрекеттері жүзеге асырылады.
Мүдделі тұлға сот тапсырмасын жіберу қажеттігі туралы тиісті өтініш жасайды. Ондай өтініш қанағаттандырылған жағдайда істі қараушы сот тиісті сотқа белгілі іс жүргізу әрекеттерін жүзеге асыруды тапсырады. Егер дәлелдемелерді Қазақстан Республикасынан тыс аумақтарда (ҚР құқықтық көмек көрсету туралы шарт жасасқан басқа мемлекетте) жинау қажет болса, сот тапсырмасын рәсімдеу және жіберу жасалған халықаралық шарт ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Сот тапсырмасының сапалы орындалуы үшін, тапсырманы орындайтын судья даудың мәнін толық білуі тиіс. Ол үшін соттық тапсырма туралы ұйғарымда
- қаралатын істің мәні;
- тараптар туралы қысқаша ақпарат;
- анықтауға жататын мән-жайлар;
- тапсырманы орындаушы сот жинауға тиіс дәлелдемелер көрсетіледі.
Бұл ұйғарым ол жолданған сот үшін міндетті және ол ұйғарымды алған сот оны 10 күнге дейінгі мерзімде орындауға тиіс.
Сот тапсырмасын орындау тәртібі. Соттың тапсырмасын орындау азаматтық іс жүргізу заңнамада белгіленген ережелер бойынша сот отырысында жүргізіледі. Іске қатысатын тұлғалар отырыстың өтетін уақыты мен орны туралы хабарланады, алайда оған келмеу тапсырманы орындауға кедергі болып табылмайды. Әдетте соттық тапсырманы жіберуге бастама көтерген тұлғалар оның орындалуына өздері қатысуға тырысады, бірақ түрлі жағдайлар салдарынан әрқашан ондай мүмкіндік бола бермейді.
Хаттамалар мен тапсырмаларды орындау кезіндегі жиналған барлық материалдар істі қарап жатқан сотқа дереу жіберіледі. Егер іске қатысатын адамдар немесе тапсырманы орындаушы сотқа түсініктеме немесе айғақ беруші куәлар істі қарайтын сотқа келсе, олар жалпы тәртіпте түсініктеме мен айғақ береді.
48Іс жүргізу әдебиеттерінде «дәлелдемелердің адал сапалылығы» термині қолданылады. Қараңыз: Фаткулин Ф.Н. Общие проблемы процессуального доказывания. – Казань: изд-во Казанского университета, 1976. – С. 190.
49Б. деген азамат халықты әлеуметтік қорғау облыстық басқармасына қарсы өзін Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген тұлға деп тану туралы талап арыз берді (талап арыз әлеуметтік жеңілдіктер алу үшін берілген). Өз талаптарын негіздеу үшін ол өз еңбек кітапшасының түпнұсқасын ұсынды. Онда мынадай жазба енгізілген: «1940 жылы Брянск облысының аумағында жау тылындағы партизан отрядында жас барлаушы міндетін атқарған». Сот оның талаптарын қанағаттандырмады, себебі 1940 жылы Брянск облысының аумағында әскери әрекеттер болмаған еді. Сонымен қатар, сот оның 1934 жылы Қазақстан аумағында дүниеге келгендігін анықтады және өз жасының кішілігіне байланысты әскери әрекеттер аумағына баруы мүмкін емес екендігін дәлелдеді. Еңбек кітапшасын ҚР ІІМ кадрлық қызметінде болған кезінде талапкердің өзі толтырған болып шықты. Қараңыз: 2000 ж. Ақтау (Маңғыстау облысы) қалалық сотының мұрағаты.