арау
ТІСТЕРДІҢ ДАМУЫ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫМЫ
1.1. ЖАЛПЫ МӘЛІМЕТ
Тіс қатты тағамды тістеуге, майдалауға, шайнауға арналған ең қатты орган болып келеді.Тістерді 4 топқа бөліп ажыратады: күрек тістер, сүйір тістер[w16], кіші азутістер, үлкеназутістер тобы. Адамның тұрақты тістемінде 32 тіс болады: 8 күрек тіс, 4 сүйір тіс, 8 кіші азутіс, 12 үлкен азутіс. Үшінші үлкен азутіс кейбір жағдайда толық шықпауы немесе болмауы мүмкін.
Ауыз қуысындағы тістің бір бөлігі – тіс сауыты деп аталса, ал жақ сүйекте орналасқан бір бөлігі ―- тіс түбірі деп аталады. Содан басқа сауыт және түбір шекарасындағы сауытты жауып тұрған кіреукенің түбір цементіне ауысатын аздап қысыңқы келген аймақты ― тіс мойыны деп атайды. Тістің қатты тіндеріндегі өзгерістерді дұрыс сипаттау үшін тіс сауыты бөлігін және түбірді үш бөлікке бөлген дұрыс. Тістерде келесі беттерді ажыратады:
• окклюзиялық ―- тістің қарама –қарсы жаққа қараған түйісу беті. Үлкен азу тістерде бұл окклюзиялық үстірт болса, күрек тістерде –бұл ― кесу қыры болып табылады;
• вестибулярлық – алдыңғы тістерде ерінмен жанасқан үстірт ― еріндік, ал артқы тістерде ұртқа қараған беті – ұрттық деп аталады;
• оральды – тістің ауыз қуысына қараған беті. Астыңғы жақтағы тістерде –тілдік, ал үстіңгі жақ тістерде – таңдайлық деп аталады;
• жанасу — тістердің көрші тістерге қараған беті. Бұндай беттер екеу:
медиалды (алдыңғы) және дисталды (артқы).
Тісті пломбылау, реставрациялау, эндодонттық ем жүргізу кезінде тіске сипат беретін негізгі белгілерді еске ала отырып жұмыс істеу керек. Ол белгілер: түбір белгісі, сауыт бұрышы белгісі және сауыт дөңестік белгісі.
Түбір белгісі: түбірдің бойлық өсі (ось) тіс сауытының ось сызығынан қарағанда дисталды жаққа қарай ауытқуы.
Сауыт бұрышы белгісі: күрек және сүйір тістердің алдыңғы беті мен тістеу қыры бүйір беті мен тістеу қырына қарағанда сүйірлеу бұрыш жасай қосылады.
Сауыттың дөңестік белгісі: барлық тістердің ерін және ұрт беттерінің алдыңғы жақ бөлігі (медиалды) бүйір немесе артқы жақ бөлігіне қарағанда дөңестеу болады және көбіне алдыңғы жақ бетіне тіктеу бұрыш жасай, ал артқы жақ бетіне доғалдау бұрыш жасай ауысады. Сыртқы пішіні тіс сауытының вестибуло-оральді және медиодисталды (алдыңғы-артқы) беткейлерінен құралған. Бұл беткейлер аздап дөңестеу және бірінен- біріне өтіп отырады. Сызықтың ең көп дөңестігі экватор деп аталады және шайнау удерісі кезінде пародонт тінінің бүтіндігін қамтамасыз етеді. Күрек және сүйір тістерде [w17] экватор сауыттың вестибулярлы және тілдік жағынан мойын бөлігінің аймағынан өтеді.
Бұл тістердің жанасу беттерінде экватор сызығы ұшы тіс сауытының үштен бір бөлігінде орналасқан доға жасайды. (жанаспалы аймақтық нүкте). Үлкен және кіші азу тістерде экватор сызығы вестибулярлы жағынан сауыттың үштен бір мойын бөлігінен, ал оральді беткейінде сауыттың ортаңғы үштен бір бөлігінде орналасады.[w18] Үлкен және кіші азутістердің медиалды жанасу беткейлерінде экватор сызығы тіс сауытының ортаңғы және окклюзиялық үштен бір бөлігіндегі аймақта орналасқан. Дисталды беткейінде экватор сызығы (тек бірінші кіші азу тістен басқасында) тіс сауытының ортаңғы бөлігінде мойын бөлігіне жақын орналасқан.
Физиологиялық жағдайда тіс сауытының сыртқы дұрыс пішіні пародонттың маргиналды бөлігін физиологиялық ынталандырумен қамтамасыз ету арқылы пародонт тінінің бүтіндігін сақтап отырады. Егер пломбылау, реставрациялау, жасанды сауыт жасау үдерісі кезінде сауыттың сыртқы пішіні артық жасалса, шайнау үдерісі кезінде пародонтқа шеттік физиологиялық әсер ету болмағандықтан, тіс қақтарының пайда болуы, қабыну және өзбетінше тазалану үдерісінің төмендеуі салдарынан тісжегі қақтары пайда болады.
Экваторға артық пішін беру ― жанасу нүктесінің дұрыс қалыптаспауына және амбразура кескінінің өзгеруіне әсер етеді.Міне сондықтан осындай жағдайлар әсерінен тіс қақтарының жиналып, гигиеналық шараларды жүргізу қиындайды.
Егер толық бұзылған тіс сауытын қалпына келтіру барысында сауыттың сыртқы пішіні толықтай пішінделмесе, онда пародонттың маргиналды бөлігі, соның ішінде эпителиалды байламның шайнау кезінде жарақаттануы мүмкін.
Бұдан басқа тіске толық пішін бермеу ― тіс үйлесімінің амбразурасының бұзылуына, жанасу нүктесінің болмауына алып келеді.
Екі көрші тістердің тістер доғасында экваторының түйісу аймағы жанасу нүктесі деп аталады. (1.1-сурет).
1.1.- Сурет Жанасу нүктелерінің орналасуы: а — үстіңгі жақтың окклюзиялық проекциясы; б — үстіңгі және астыңғы жақтың вестибуло-оральді проекциясы; в — астыңғы жақтың окклюзиялық проекциясы;
Әрбір тіс тіс доғасында көрші тістермен медиалды және дисталды беткейлерімен түйіседі. Түйісу алаңы көп жағдайда адамның жасына байланысты болады.
Тіс жарып шыққаннан кейін тістер арасында нүктелі жанасу пайда болады. Уақыт өте келе тістердің қызмет ету үдерісі барысында тұрақты үйкеліс нәтижесі мен тістегі физиологиялық қозғалыс әсерінен жанасу аймағы тегістеліп, алаңға айналады. Жас ұлғаюына байланысты жанасу беткейінің қажалуына қарай тіс доғасының қысқаруы байқалады.
Дұрыс қалыптастырылған және орналасқан жанасу нүктелері даму үдерісі және тісжегімен бұзылған тістерде дұрыс қалыптастырылған жанасу беткейлері еш күмәнсіз тісаралық қызылиек бүртікшелерін сақтай отырып, шайнау үдерісі кезінде пародонт тінін қорғауды қамтамасыз етеді. Одан басқа жанасу нүктелері тіс доғасында тістің тұрақты деңгейін сақтап тұрады.
Жанасу нүктелері күрек және сүйір тістерде вестибулярлы-оралды бағытта күрек тіс сауытының үштен бірінде және де дисталды жанасу нүктесінің астыңғы жақ ортаңғы күрек тістен басқасында аздап мезиальді [w19] төмендеу орналасады. Астыңғы жақ ортаңғы күрек тістерде сауыт бұрышы белгісі толық болмағандықтан жанасу нүктелері бір деңгейде орналасады. Күрек тістерден басқа барлық тістерде жанасу нүктесі окклюзиялық жазықтықта әр түрлі дәрежеде вестибулярлы жаққа қарай жылжығандықтан, тіс сауытының ортаңғы үштен бірінде және вестибулярлы аймақта орналасады. Күрек тістерде жанасу нүктесі сауыттың ортасында орналасқан. Алдын алу шараларын тиімді жүргізу барысында жанасу нүктесін қоршаған кеңістіктің функционалдық маңызын және құрылымын есепке ала отырып, тісжегі (кариес) кезінде қуыстарды егеп- тазалау және пломбылауды жүргізу керек. Міне осындай кеңістіктерге амбразур жатады. (1.2- сурет).
1.2.-Сурет Амбразурлар: 1 — вестибулярлы амбразура; 2 — оральді амбразура; 3 — окклюзиялық амбразура; 4 — тісаралық қызылиектік аралық (қызылиектік амбразура); 5 — жанасу нүктесі; 6 — қызылиек бүртікшесінің вестибулярлы бөлігі;7 — қызылиек бүртікшесінің оральді бөлігі; 8 — қызылиек бүртікшесінің аралық бөлігі
Амбразура — бұл тістердің жанасу нүктесін қоршай орналасқан V- тәрізді кескін көлемі жағынан өте күрделі кеңістік. Олар қалай ашылса ― солай қарай белгіленеді.
Вестибулярлы, оральді, окклюзиялық және қызылиектік амбразуралар болып бөлінеді. Қызылиектік амбразура тісаралық қызылиек аралығында орналасады.
Вестибулярлы амбразурдың шекарасы көрші тістер сауытының вестибулярлы жанасу еңістігінен басталып, жанасу нүктесі аймағында бітеді. Вестибулярлы амбразураның окклюзиялық шекарасы окклюзиялық амбразураға қарай өтіп тіс мойынына (кіреуке дентин шекарасы) қарай бағыт алып, тісаралық қызылиек аралығына ауысады. Вестибулярлы амбразура кең және қысқа болып келеді.
Оральді амбразура шекарасы көрші тістер сауытының жанасу еңістігі болып табылады. Бұл шекарада жанасу нүктесі аймағында аяқталады. Оральді амбразураның окклюзиялық шекарасы окклюзиялық амбразураға ақарай өтіп, тіс мойынына кіреуке дентин шекарасы) қарай бағыт алып тісаралық қызылиек аралығына ауысады.Оральді амбразура тар және ұзын болып келеді.
Окклюзиялық амбразура көрші тістердің сыртқы еңістігінің жиектік білігінде орналасады және жанасу нүктесіне дейін жетеді. Вестибулярлы және оральді бағытта олар оральді және вестибулярлы амбразураға ауысады.
Қызылиектік амбразура, немесе тісаралық қызылиектік аралық ұшы жанасу нүктесінде болатын, екі жағы көрші тістердің жанасу беткейінен тұратын, ал негізін тісаралық альвеолярлы қалқанша құрайтын үшбұрышты кеңістік болып келеді.
Қалыпты жағдайда тісаралық қызылиектік кеңістік [w20] толықтай тісаралық қызылиек бүртікшесімен толықтырылған. Вестибулооральді бағыттағы кесіндіде тісаралық қызылиек бүртікшесі вестибулярлы және оральді бөліктен тұрады және олар жанасу нүктесін қоршап тұрған өзара ертоқымсияқты байланысады.
Ертоқымды ұстатқыштың ұзындығы күрек тістер бағытына қарай қысқарады. Тісаралық кеңістік [w21] қандай да бір әрекет жүргізу кезінде тісаралық қызылиек бүртікшесі арқылы ертоқымды бөлігінің түлемейтін эпителиімен жабылғандықтан жарақатқа беріктігінің төмен екенін ескеру керек. Бұл аймақтың құрылым ерекшелігін тістерді пломбылау кезінде тісаралық матрица және интерденталды сынаны қою кезінде де есепке алып отыру керек.
Жанасу нүктесінен басқа тістер жақтардың жабылуы кезінде де өз ара жанасады. Үстіңгі және астыңғы жақ тістердің жабылу кезіндегі функциональдық қатынасы окклюзия деп аталады.
Окклюзияның негізгі төрт түрін ажыратады: орталық, алдыңғы, оң және сол бүйірлік.
Орталық окклюзия кезінде тістердің өзара жанасуы барынша көп болады. Окклюзия физиологиялық және патологиялық болуы мүмкін. Физиологиялық окклюзия патологиялық окклюзияға қарағанда шайнау, эстетиканы және сөйлеу қызметін толыққанды қамтамасыз етеді.
Амбразураларды, жиектік біліктерді, көрші тістердің окклюзиялық беткейлерінің рельефін және төмпешіктерін, қарсы тістердің және пародонтпен түйісетін тіс сауытының өзара қарым –қатынасының дұрыс қалыптасуына, тістердің шайнау қызметінің толыққанды болуына жағдай жасайды.
Тістерде тісжегінің пайда болуына ықпал етуші әсерлерді нақтылы түсіну үшін тіс тіндерінің дамуына, құрылымына және қасиетіне шолу жасаған дұрыс.
1.2. ТІСТЕРДІҢ ДАМУЫ
Адамда тістердің дамуы шамамен эмбрионалды дамудың 6-7 аптасында басталады. Сыртқы ұрықтық жапырақ (эктодерма) кіреукенің және оны жауып тұратын кутикуланың қалыптасуына қызмет етеді. Цемент, дентин және ұлпа — мезенхиманың туындысы болып келеді (эктомезенхима).
Тіс тіндерінің қалыптасуы (одонтогенез) үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде тіс ұрықтарының салына бастауы жүреді. Осы кезеңде мезенхима тініне қарай өскен көпқабатты жалпақ эпителий тіс пластинкасын құрайды. Бұл пластинканың кейбір аймақтарында болашақ кіреуке органы ― сүт тістердің ұрығы қалыптасатын эпителий өсіндісі басталады. 10-шы аптада әрбір болашақ кіреуке органы мезенхимаға қарай өсе бастайды. Осыдан бастап тіс бүртікшесі қалыптасады. Осыдан кейін кіреуке органы ұлғаяды және тіс пластинкасынан бөліне бастайды.
Эмбрионалды дамудың 3-ші айының аяғында кіреуке органы кіреуке органының мойыны деп аталатын жұқа эпителиалды тартпа түріндегі тіс пластинкасымен қосылады. Кіреуке органы айналасында бір уақытта мезинхима өсіп, тіс қапшығы құрылады. Кіреуке органы мойынындағы тінінен және тіс пластинкасының бос бөліктегі қалған эпителийден тұрақты тістердің ұрығы қалыптасады.
II кезеңде тіс ұрығының жетілуі (дифференцияциясы) жүреді. Жетілмеген кіреуке органының жасушалары және тіс бүртікшесі тіс кіреукесінің қалыптасуына жауап беретін энамелобласт-жасушаға трансформацияланады. Тіс бүртікшесі жасушаларының жетілу үдерісі кезінде дентин түзуші одонтобласты жасуша преодонтобласттардың түзілуі жүреді.
Осы кезеңде тіс ұрығының пішіні болашақ тіс сауыты бөлігінің түріне сәйкес болады. Бір мезгілде кіреуке органының және тіс бүртікшесі жасушаларының белсенді дифференциялануымен қатар тіс ұрығын қоршаған тіндерде жақ тіні сүйегінің қалыптасуы жүреді. Кіреуке органы мойыны эпителиі осы кезеңде толығымен сорылады және тіс ұрығының тіс пластинкасымен байланысы жойылып, жартылай мезенхимаға ауысады.
III кезең ― гистогенез — кіреуке, дентин, цемент және ұлпаның дамуы пайда болатын соңғы кезең. (1.3-сурет). Гистогенез кезеңі эмбрионалды дамудың 3-ші айының соңында басталып, тістер шыққанға дейін созылады. Осы кезеңде дентин одонтобластарының түзілуі басталады. Одонтобласт талшықтары алғашында[w22] тіс бүртікшесінің ұшында орналасатын коллаген және органикалық дентин матриксы компоненттерін синтездейді.
Пайда болған одонтобластардың шекті өскіндері пайда болған коллагенмен жабылып, дентин түтікшелерін қалыптастырады. Эмбрионалды дамудың 5-ші айында дентиннің органикалық матриксінің минералдануы басталады. Алғашқы дентиннің пайда болуынан кейін кіреуке органының эпителиалды жасушасы есебінен пайда болған кіреуке, тіс бүртікшесі ұшында призматикалық құрылымда көрінеді. Міне, осындай құрылым энамелобластардың дифференциялануының бітуінен пайда болып Томс өсініділерінің пайда болуымен және эндоплазматикалық торлы түтікшелердің көбеюімен, жасушалардың секреторлы қызметінің артуымен сипатталады.
1.3.- Сурет. Гистогенез: 1 — ауыз кілегей қабық эпителиі; 2 — энамелобласттар; 3 — тіс кіреукесі; 4 — дентин; 5 — предентин; 6 — одонтобласт қабаты; 7 — тіс ұлпасы; 8 — кіреуке органының ұлпасы; 9 — сыртқы кіреуке органы;
Кіреукенің қалыптасу үдерісі екі кезеңде жүреді: алдыменен призманың органикалық негізі, ал содан кейін кіреукенің жетілуі пайда болады.
Осы кезеңде энамелобластардың жетілуі әрі қарай жүреді. Екі типті жасушалар қалыптасады.
I типтегі жасушалар кіреукенің бейорганикалық компоненттерін тасымалдауға қатысады. Бұл жасушалар құрамында кальций байланыстырушы ақуыздардың көп болуы тән.
II типтегі жасушалар кіреукеден органикалық заттарды және суды шығарып тастауды атқарады. Энамелобластар қызметінің ең соңғы кезеңі ― кіреуке кутикуласының пайда болуына қатысуы. Цементтің дамуы тіс түбірі дентині қалыптасқаннан кейін постнатальдық кезеңнен басталады. Мезенхима жасушаларында пайда болған цементобластар түбір дентині сыртын цементпен қоршай бастайды.
1.3. ТІС КІРЕУКЕСІНІҢ, ДЕНТИННІҢ, ЦЕМЕНТТІҢ ҚҰРЫЛЫМЫ
1.3.1. КІРЕУКЕ ҚҰРЫЛЫМЫ
Кіреуке-эмаль (enamelum) организмдегі ең қатты тін болып саналады. Оның микроқаттылығы 1 мм2 алаңға 390 кг артық болып келеді. Кіреуке тіс сауытының сыртын қаптап тұрады.
Кіреукенің қалыңдығы тіс сауытының әрбір аймағында әртүрлі және оның қалыңдығы кіреуке цемент байламында 0,01мм болса, шайнау беткейінде, төмпешіктерде 3,5мм құрайды. Кіреукенің химиялық құрамы: су — 3,8%, органикалық заттар —1,2%, бейорганикалық заттар — 95%, соның ішінде кальций — 37%, фосфор — 17% құрайды. Кіреукенің пайда болуы тіс бүртікшесі ұшында дентиннің пайда болуынан кейін басталады. I кезеңде энамелобластар (амелобласт) коллаген типтес емес ақуыз — амелогениндерді және энамелиндерді бөледі. Кіреукенің негізгі ақуызы барлық ақуыздардың 90% құрайтын энамелобласттар бөлетін амелогенин болып келеді.
Бұл ақуыздар гидроксиапатиттер кристалының ұзындыққа, қалыңдыққа, еніне қарай өсуін реттеп отырады деп есептейді. Кіреукеде ақуыздардың қабаттануымен қатар гидроксиапатит кристаллдарының пайда болуы кіреукенің минералдануына әсер етеді.
Бейорганикалық заттардың негізгі түсу көзі энамелобластар болып табылады. Қайта қалыптасқан кіреуке көптеген органикалық заттардан тұрады. Кіреукенің даму барысында құрамындағы ақуыздар көптеп азая бастайды. Кіреукенің призмалық құрылымы энамелобластарда Томс өсінділерінің пайда болуынан бастап қалыптаса бастайды. Олар кіреукеде заттың бағыттала қабаттану үдерісін реттейді және оны әрі қарай ұйымдастырады. Сонымен қатар призманың қалыптасу кезіне гидроксиапатиттің кристалдарының бағытын реттеп отырады. Орталық бөлімде призма кристалдары өсінің бойымен орналасса, шет жақтарында ретсіз орналасады және призма өсіне тік бұрышпен бағытталуы мүмкін. Тістердің жарып шығуы барысында энамелобластар жетіледі де кіреуке беті жұқа қабықпен кутикулмен жабылады. Кіреуке призмасының диаметрі 4–6 мкм. Кіреуке призмасының негізі дентин-кіреуке байланысында орналасады. Бұл байланыстан призмалар кіреукенің барлық қалыңдығына қарай тарала отырып, тістің беткейіне дейін жетеді.
Кіреуке призмасының жолы шамамен тіс сауыты өсіне негізінен радиальді орналасқандықтан өте күрделі болып келеді. Призманың ұзындығы S- тәрізді имектік болуына байланысты кіреуке қалыңдығынан біршама көп болады. Призмалардың имектігі нәтижесінде кіреукенің тігінен және көлденең кесінді шлифінде призмалардың әртүрлі оптикалық тығыздығы бар екендігі бірін -бірі алмастырып отыратын Гунтер –Шрегер жолақтары деп аталатын ашық және күңгірт аймақтардың әсерінен туындайды.
Кіреукенің тығыздыну үдерісінің ерекшелігі онда Ретциус сызықтарының болуымен сипатталады. Бұл сызықтар тігінен кесінді шлифінде кіреукені қисық бағытта кесіп өтеді, ал көлденең кесінді шлифінде тіс беткейімен параллельді жүретін концентриялық шеңбер түрінде орналасқан.
Ретциус сызығы кіреукенің минералдану үдерісінің біртегіс емес екендігін сипаттайды және энамелобласттардың қызметінің тыныштау кезеңіне сәйкес. Бұл аймақтарда кіреуке аз минералданған. Ретциус сызығы дентин-кіреуке шекарасынан басталып, кіреукенің барлық қабатын қиғаштай өтіп кіріеуке бетінде бір-бірінен өте терең емес төмпешікпен бөлінген білікпен аяқталады.
Сауыттың беткейін толықтай қоршап тұрған және параллельді қатармен орналасқан біліктер – перикимат деп аталады. Кіреуке призмаларында оның тәуліктік минералдануын суреттейтін көлденең жолақтар бар. Призмалар көлденең кескінде көп пішінді, сопақша немесе дұрыс емес пішінді болып келеді. Призмалардың доға тәріздес түрі ең көп кездеседі. (1.4-сурет).
а
1.4.- сурет. Кіреуке призмалары: а — көлденең кесіндіде доға пішінді призма; б — тігінен кесінді;
Бұрын әр призманың айналасында құрамында органикалық материалдар өте көп призмааралық кеңістік деп аталатын қабықша бар деп есептеген.
Заманауй зерттеу әдістері, мысалы электронды микроскопты қолдану барысында призмааралық аймақтың призмадан тек қана гидроксиапатиттердің кристалдарының орналасуымен ғана ерекшеленетінін анықтады. Кіреуке кристалдарының ұзындығы орташа 160, ені -40-69, ал қалыңдығы шамамен -1нм. Кіреукеде байланысқан гидратты судан басқа микрокеңістікте орналасқан бос денелі су кездеседі. Осы суды кіреуке сұйығы деп атайды. Болжамдау бойынша гидратты қабат және кіреуке сұйықтығы қоршаған ортамен және кіреуке кристалдары арасында иондық зат алмасуды қамтамасыз етеді. Қағидаға сүйенсек герероиондық зат алмасу да болуы мүмкін. Мысалы, гидросильді ион фтор ионымен алмасады да, кіреукенің қышқылға беріктігін арттырады. Кіреукенің 75% дан астам апатиттері гидроксиапатит Са10(РО4)6(ОН)2 болып табылады. Фторапатит шамамен 0,7% құрайды. Гидроксиапатиттің құрамында кальций және фтордың молярлы қатынасы 1,67 құрауы, кіреукенің тісжегіге беріктігін қамтамасыз етеді. Бүтін кіреуке шлифінде кіреуке пластинкасы (ламеллалар)және кіреуке шоғырлары анықталады.
Кіреуке пластинкасы дентин-кіреуке байланысынан басталып тіс сауытының беткейіне дейін барады. Олардың ең көп орналасқаны тіс мойыны болып табылады.
Кіреуке шоғырлары дентин-кіреуке байланымын бойлай тек қана кіреукенің ішкі қабатында орналасады. Бұл өсініділер органикалық затқа бай кіреуке аймағы болып келеді.
Органикалық заттар ақуыздардан, липидтерден және көмірсуларынан тұрады. Аминді қышқылды құрамы бойынша кіреуке ақуыздарын кератин тобына жатқызуға болады.
Дентин-кіреуке байланымы талшықты құрылым түріндегі дентинге және кіреукеге бойлай енген көптеген органикалық заттан тұрады. (1.5- сурет).
Тістің бетінде тіс жарып шыққаннан кейін ауыз қуысы ортасы мен тістің қатты тіндеріне әсер ететін әртүрлі құрылымды өсінділер болады.
Тіс жарып шыққанға дейін кіреуке беті екі қабаттан тұратын кутикуламен жабылып тұрады. Ішкі қабат, немесе кутикула энамелобластардың бөліп шығару әсерінен пайда болған жұқа гомогенді қабық қалыптастыратын гликопротеиндерден құрылады.
Сыртқы қабат, немесе екіншілік кутикуланы жетілдірілген кіреуке мүшесінің эпителиі болып саналады. Тіс шыққаннан кейін ас шайнау нәтижесінде кутикула жойылып, жартылай тістің бүйір беткейлерінде және беткей асты қабатында сақталып қалады
1.5.Сурет. Дентин-кіреуке байланысы: 1 — кіреуке; 2 —
дентин; 3 — дентин-кіреуке байланысы
Кіреуке беткейінде пелликула қалыптасады. (жүре пайда болған кутикула). Ол негізінен сілекеймен араласу кезінде пайда болған ақуызды-көмірсулы кешеннен тұрады. Бұл қабық кіреукеге қышқылды диффузияның және кальций, фосфат ионының кіреукеден шығуына кедергі жасайды.