Заңға сәйкес талан-тараж деп пайдакүнемдік мақсатта айыптының бөтен мүлікті осы мүліктің меншік иесіне немесе өзге иеленушісіне залал келтіре отырып өзінің немесе басқа адамдардың пайдасына заңсыз, қайтарымсыз, тегін алып қоюын және айналдыруын айтамыз. Осындай зандылық түсінік Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 175-бабының ескертуінде арнайы көрсетілген.
Осы анықтамаға сәйкес талан-тараждың негізгі белгілерін анықтауға болады.
Талан-тараждың топтық объектісі меншік нысандары қатынастарының жиынтығы, ал тікелей объектісі болып меншіктің нақты нысандары, мемлекеттік, жеке, коғамдық ұйымдардың меншігі болып табылады.
Талан-тараждың заты болып адам еңбегі арқылы істелген материалдық тұрғыдағы бұйымдар мен заттар, рухани игіліктер, сондай-ақ ақша, басқадай бағалы қағаздар жатады.
Талан-тараждың затына адам еңбегі сіңбеген, сол арқылы жасалмаған әр түрлі табиғи байлықтар жатпайды.
Талан-тараждың объективтік жағының белгілеріне: 1) мүлікті алу, 2) мүлікті заңсыз алу, 3) мүлікті тегін алу жатады.
Бөтеннің мүлкін алу деп осы мүлікті меншік иесінің немесе өзге заңды иеленушінің иелігінен шын мәнінде кінәлінің өзінің немесе басқаның иелігіне алуын айтамыз. Талан-тараждың тағы бір белгісі оның заңсыз істелуі, яғни бөтеннің мүлкін заңға қайшы, негізсіз, меншік иесінің немесе өзге де заңды иеленушінің келісімінсіз басқаның иелігіне көшіру, өткізу болып табылады. Мүлік жөніндегі өзінің нақты немесе болжамды құқығын өз бетінше жүзеге асыру талан-таражға емес, өз бетінше билік ету (327-бап) немесе басқа қылмыс құрамын кұрайды.
Талан-тараждың елеулі белгісі бөтеннің мүлкін тегін алу болып табылады. Тегін алуға мүліктің ешқандай құнын төлемей алу немесе болмашы құнын төлеу арқылы, кұны бағалы мүлікті әдейі құнсыз мүлікке алмастыру арқылы алулар жатады. Бөтеннің мүлкін тегін алу арқылы — меншік иесіне немесе өзге де заңды иеленушіге тікелей материалдық залал келтіріледі. Осы залал келтірілген уақыттан бастап қылмыс құрамы аяқталған деп танылады. Келтірілген залалдың мөлшері талан-таражға ұшыраған мүліктің, заттың құнымен есептелінеді.
Қылмыстық кодекстің 175-бабының ескертуінде:
Меншік құкығында ұйымға тиесілі немесе оның қарамағындағы бөтен біреудің мүлкін ұрлау, алаяқтық жасау, иемденіп алу немесе ысырап ету жолымен жасалған ұсақ-түйек ұрлау қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды. Оны жасауға кінәлі адам заңға сәйкес әкімшілік жауапқа тартылады. Егер ұрланған мүліктің құны әрекет жасалған кезде Қазақстан Республикасының зандарында белгіленген он еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аспайтын болса, ұрлық ұсақ-түйек ұрлау деп танылады", — делінген. Осыған орай заңмен белгіленген 10 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен асқан іс-әрекеттер ғана меншік нысандарына жататын қылмыс болып табылады.
Талан-тараждың міндетті белгілерінің бірі — негізінен заңға Қайшы іс-әрекетімен келтірілген қауіпті зардаптың арасын жалғастыратын себепті байланыс болып табылады.
Талан-тараждың субъективтік жағы кінәлінің тікелей касақаналык нысанымен сипатталады.
Субъективтік жақтың міндетті белгілеріне — пайдакүнемдік ниет және пайдакүнемдік максат жатады. Пайдакүнемдік ниет пен мақсаттың орын алмауы — іс-әрекетті талан-таражды қылмыс құрамына жатқызуға жол бермейді.
Талан-тараждың субъектісі — 14-ке толған адам, ал иеленіп алу немесе ысырап ету арқылы талан-таражға салудың субъектісі болып 16-ға толған арнаулы (сеніп тапсырылған мүлікті иеленген, ысырап еткен) адам танылады.
Қылмыстық заңда бөтеннің меншігіне қылмысты түрде қол сұғу үшін жауаптылық меншік қатынастарына қол сұғу тәсілдеріне байланысты дараланып, жікке, нысанға бөлінеді. Бөтен мүлікті алу ашық немесе жасырын, күш қолданып немесе күш қолданбай, алдау немесе сенімге қиянат жасау тәсілдері арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Мүлікті алудың осындай тәсілдері істелген іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігіне тікелей әсер етеді, сондықтан заң шығарушы казіргі қолданылып жүрген қылмыстық занда талан-тараждың мынадай алты түрлі нысандарын атап көрсеткен: ұрлық, тонау, қарақшылық, алаяқтық, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету.
Талан-тараждың осы көрсетілген нысандарының әркайсысы өзінің ерекшеліктерімен оқшаулану арқылы өзіне ұқсас құрамдардан ажыратылады. Сондықтан да талан-тараждың әрбір нысанына жататын қылмыс құрамының заңдылық белгілерін дұрыс анықтау осы тұрғыдағы қылмыстарды дұрыс саралаудың негізгі кепілі болып табылады.
Ұрлық (175-бап)
Ұрлық дегеніміз бөтен мүлікті жасырын алу, меншік иесінің еркінен тысқары жағдайда, зансыз болып табылады.
Объективтік жағынан ұрлық бөтеннің мүлкін жасырын түрде алумен ұштасады.
Бөтен мүлікті жасырын алу екі түрлі — объективтік және субъективтік белгілер бойынша анықталады. Адамның ешкімге сездірмей, білдірмей әрекет істеуі арқылы мүлікті жасырын алуы — объективтік белгіге жатады. Ұрлық жасаған адамның мүлікті меншік иесіне немесе езге иеленушіге сездірмей, жасырын алудамын деген сезімі және осы тәсілмен оны жүзеге асыруды тікелей тілейтіндігі субъективтік белгіге, яғни кінәлінің бөтен мүлікті жасырын алуға байланысты іс-әрекетке деген психикалық көзқарасын білдіреді.
Осыған байланысты жәбірленуші үйде болмауы себепті оның пәтеріндегі заттарын алу, жәбірленушіге сездірмей оның қалтасына түсу, мас адамның, ұйықтап жатқан адамның немесе өте жастығына, психикалық аурулығына, басқадай аурулық жағдайларына байланысты олардың заттарын алу ұрлық болып табылады. Егер мұндай реттерде жәбірленуші немесе басқа адам бұл әрекеттерді көріп қалып, ол жағдайды кінәлі адам сезгенімен қылмысты іс-әрекетін одан әрі жалғастырса, онда оның әрекеті тонауға, ал қылмысты әрекетті кінәлі адам күш қолданумен немесе колданбақшы болып жалғастырса қарақшылыққа ауысып кетуі мүмкін.
Зандылық құрылысына қарай ұрлық материалдық құрамға жатады. Сондықтан да қылмыс құрамының объективтік жағының белгісі — қылмыстың коғамға қауіпті зардабы — мүліктік залал келтіру болып табылады. Осыған байланысты кінәлінің бөтеннің мүлкін алуымен бірге, оған билік етуге нақты мүмкіндік алған уақыттан бастап қылмыс аяқталған деп саналады. Мекеме, ұйым аумағынан немесе күзетілетін объектілерден мүлікті, затты жасырын алып шығу әрекеті ұрлық жасауға оқталғандық деп саналады. Осындай тәсілмен ұрланған заттарды күзетілетін объектілердің аумағынан алып кетуге касақана көмектескен күзетшілер осы қылмысқа қатысушылар ретінде танылады. Егер адам ұрлыққа дайындалу іс-әрекеттерін немесе ұрлық істеуге тікелей бағытталған дайындалу әрекеттерін тоқтатса, не жасырын түрде алған ұрлық затын күзетілетін объектіден, аумақтан шықпай тұрып, осы қылмысын ақырына дейін жеткізу мүмкіндігі бола тұрса да оны істеуден өз еркімен бас тартып, ұрланған затты қайтарса онда кінәлінің әрекеті қылмыс істеуден өз еркімен бас тарту деп танылып, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылады (ҚК-тің 26-бабы).
Ұрлық субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен жа-
салады. Кінәлі адам бөтеннің мүлкін жасырын түрде заңсыз,
тегін алу арқылы меншік иесіне немесе өзге иеленушіге материалдық залал келтіретінін біледі және сондай тәсілмен сол
залалды келтіруді тілейді. Қылмыс пайдакүнемдік ниет және сондай мақсатпен жүзеге асырылады.
Қылмыстың субъектісі болып — 14-ке толған адамдар танылады.
Қылмыстық заңда ұрлықтың ауырлататын жәнеөте ауырлататын құрамдары көрсетілген.
Олар мыналар:
а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
б) бірнеше рет;
в) тұрғын, қызметтік немесе өндірістік үй-жайға, қоймаға заңсыз кірумен жасалған ұрлық — ауырлататын, ал мынадайы:
а) ұйымдасқан топ;
б) ірі мөлшерде;
в) ұрлық не қорқытып алушылық үшін бұрын екі немесе одан да көп рет сотталған адам жасаған ұрлық — өте ауырлататын ұрлық құрамдары болып табылады.
Осы қылмысты бірлесіп жасау туралы күні бұрын уағда-ласқан екі немесе одан да көп адамдар қатысса, ол адамдар тобы алдын ала ұрлықты сөз байласып жасау, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған ұрлық деп (175-баптың 2-тармағының "а" тармақшасы) танылады.
Бірнеше рет жасалған ұрлық. Қылмыстың бірнеше мәрте жасалуының түсінігі Қылмыстық кодекстің 11-бабында берілген. Қылмыстықкодекстің 175-181-баптарындағы бірнеше рет жасалған қылмыс деп осы баптарды, сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 248, 255, 260-баптарында көзделген бір немесе одан да көп қылмыстардан кейін жасалған қылмыс танылады. Бұрын істеген қылмысының аяқталғаны немесе кылмысқа даярланғандығы, оқталғандығы я болмаса қылмысқа кез келген рөлді атқаруға бірлесіп катысуы да қылмысты бірнеше мәрте істегендік деп танылады. Созылмалы, жалғасқан қылмыстар бірнеше рет жасалған қылмыс деп саналмайды.
Тұрғын, қызметтік немесе өндірістік үй-жайларға, қоймаға заңсыз кірумен жасалған ұрлық.
Тұрғын жай дегеніміз адамдардың тұрақты немесе уақытша тұруына арналған немесе олардың демалуға, мүлікті сақтауға, адамдардың басқа да мұқтаждықтарын өтеуге арналған (қойма, балкон, әйнектелген дәліз) құрылыстарды айтамыз. Адам тұруға арналмаған құрылыстар тұрғын жай деп танылмайды) Мысалы: шаруашылық, қоймалары, мал қамайтын сарай, погреб және т.б.). Қызметтік немесе өндірістік үй-жай дегеніміз адамдарды немесе материалдық игіліктерді уақытша немесе тұрақты орналастыруға арналған құрылыстар болып табылады. Бұған жататындар: зауыт, цех, корабль, сақтық кассалары, мұражай, байланыс бөлімшесі, магазин, театр, оқу орындары, спорт құрылыстары және т.б.
Коймаға—тұрақгы немесе уақытша материалдық игіліктерді сақтайтын, қоршалған немесе қоршалмаған күзетпен қамтамасыз етілген, сондай-ақ, осы мақсатқа кызмет ететін арнаулы (сейф, вагон, кассалық аппараттар, контейнер) сияқты объектілер жатады.
Көрсетілген объектілерге заңсыз кіру деп тұрғын, қызметтік немесе өндірістік үй-жайға бөтеннің мүлкін жасырын ұрлау мақсатымен кіруді айтамыз. Бұл жерде бөтеннің мүлкін ұрлау мақсаты көрсетілген объектілерге заңсыз кірудің итермелеуші күші болуы керек. Тұрғын, кызметтік немесе өндірістік үй-жайға, қоймаға өзінің қызмет бабына немесе атқаратын жұмысына, сол объектілерге яки бір жолғы кіруге занды негізі болуына байланысты кіріп, ұрлық жасау заңсыз кіру ретінде саналмайды.
Ұрлықтың аса ауырлататын түрі ұйымдасқан топпен жасалған ұрлық болып табылады.
Егер қылмысты бір немесе бірнеше қылмыс жасау үшін күні бұрын біріккен адамдардың тұрақты тобы жасаса, ол ұйым-дасқан топ жасаған ұрлық деп танылады (ҚК-тің 31-бабының 3-тармағы).
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1996 жылғы 25 шілдедегі "Бөтеннің мүлкін ұрлауды саралаудың кейбір мәселелері туралы" №9 қаулысында "Ұйымдасқан Қылмыстық топқа бірнеше қылмыс жасамақшы оймен алдын ала біріккен екі немесе одан да көп адамнан тұратын тұрақты топ жатады, сонымен бірге олар қылмыс істеуге жоғарғы Деңгейдегі ұйымшылдығымен, мұқият дайындығымен, қатысушылардың өзара рөлдерден бөлісуімен айрықшаланады" деп көрсетілген. Ұйымдасқан топ болып ұрлық жасағандардың әрекеті топқа кіргендердің атқарған рөлдеріне қарамастан, Қылмыстың қоса орындаушылары болып танылып, олардың әрекеті Қылмыстық кодекстің 31-бабына сілтеме жасалмастан, тікелей Қылмыстық кодекстің 175-бабы 3-тармағының "а" тармақшасымен сараланады.
Ұрлықтың аса ауырлататын тағы бір түрі — ірі мөлшердегі ұрлық болып табылады. Ірі мөлшердегі ұрлықтың түсінігі Қылмыстық кодекстің 175-бабының ескертуінің 2-тармағында арнайы берілген. Осыған орай осы 6-тараудың баптарындағы ірі мөлшер немесе ірі залал деп қылмыс жасалу сәтіне Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген айлық есептік көрсеткіштен бес жүз есе асып түсетін мүліктің құны мен залалдың мөлшері танылады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1996 жылғы 25 шілдедегі №9 қаулысына сәйкес "Қылмыс объектісі болған мүліктің құны, иесінің оны қандай жағдайда сатып алғандығы ескеріліп, қылмыс жасаған сәттегі мемлекеттік бөлшек, нарықтық немесе комиссиялық бағамен анықталуы тиіс. Бағалы болмаған жағдайда мүліктің құны сарапшы жасаған қорытынды негізінде анықталады. Ұрлықтан келген зиянның орнын толтыру кезіндегі оның мөлшері сот шешім қабылдаған сәттегі бағамен анықталады".
Жиынтығында ірі мөлшерді құрайтын бірнеше рет жасалған ұрлық Қылмыстық кодекстің 175-бабы 3-тармағының "б" тармақшасы бойынша сараланады.
Ұрлықтың аса ауырлататын тағы бір түрі — ұрлық не корқытып алушылық үшін бұрын екі немесе одан да көп рет сотталған адам жасаған ұрлық болып табылады.
Осы тараудың баптарында, сондай-ақ осы Кодекстің баска баптарында ұрлық немесе қорқытып алушылық үшін бұрын сотталған адам деп осы Кодекстін, 175—181, 248, 255, 260-баптарында көзделген бір немесе бірнеше қылмыс үшін сотталған адам танылады (Қылмыстық кодекстің 175-бабының ескертуінің 4-тармағы).
Алаяқтық (177-бап)
Нарықтық экономика жағдайына және кәсіпкерлік қызметтің кең өрістеуіне байланысты талан-тараждың ең көп тараған нысаны алаяқтық болып табылады.
Қылмыстық занда "Алаяқтық, яғни бөтен мүлікті талан-таражға салу немесе бөтен мүлікке құқықты алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы алу",— деп көрсетілген (КК-тің 177-бабы).
Алаяқтықтың заты бөтеннің мүлкі немесе бөтен мүлікке құқық алу болып табылады.
Объективтік жағынан алаяқтық бөтен мүлікті талан-таражға салу немесе бөтен мүлікке кұқықты алу заңда көрсетілген екі тәсіл арқылы: алдау немесе сенімге қиянат жасаумен жүзеге асырылады. Осы қылмысты жасағанда жәбірленуші мүлікті қылмыскерге оған сеніп өз қолымен тапсырады. Алданып немесе сеніп қалған меншік иесі немесе өзге де заңды иеленуші қылмыскерге мүлкін немесе мүлкіне кұқықты өз еркімен тапсырады.
Алаяқтық жолмен алдау дегеніміз шындыққа жатпайтын фактілерді көрінеу бұрмалап, жалған хабар беру, мәлімдеме жасау, жалған құжаттар көрсету арқылы өзін құқық қорғау органының қызметкері етіп көрсету, әртүрлі келісімдер бойынша бұйымның, заттың саны, сапасы, бағасы жөнінде көрінеу шатастыру, жалған сенім хаттар көрсетіп, басқа біреуге тиесілі қаражатты немесе мүлікке құқықты алу, осындай әдіспен біреудің үйін, көлігін және басқа мүлкін сатып, айырбастап жіберу, т.б. болып табылады. Мұндай реттерде жасаған құжаттарды пайдалану алдаудың бір тәсілі болып табылғандықтан кінәлінің іс-әрекеті Қылмыстық кодекстің 325-бабымен қосымша саралануға жатпайды. Алаяқтың жалған құжаттарды пайдалануы көп реттерде заңсыз зейнетақыны, жәрдемақыны, басқа да төлемдерді алуда жиі пайдаланылады. Кінәлі адам осы құжаттарды пайдалану арқылы алаяқтықпен алдауда өзінің жасы, денсаулық жағдайы, еңбек стажы, орташа айлық, жылдық табысы туралы жалған мәліметтер енгізеді. Мұндай реттерде жалған құжаттарды кінәлінің өзі жасаса, онда оның әрекеті қосымша Қылмыстық кодекстің 325-бабымен саралануға жатады.
Алаяқтықтың екінші бір тәсілі — сенімге қиянат жасау болып табылады. Сенімге қиянат жасау деп кінәлі адамның меншік иесімен немесе мүліктің өзге де занды иеленушісімен пайда болған әр түрлі сенімге негіз боларлық қатынастарды пайдалану арқылы олардың мүлкін заңсыз иеленуі немесе иеленуге құқық алуы болып табылады. Мысалы, кінәлі адамның әр түрлі азаматтық-кұқықтык келісімдерді пайдалануы: тұрмыстық прокат шарты, сауда-саттықка қарыз берушілер, белгілі бір жұмысты істеуге, бағып-қағуға міндеттемелік шарттар болып табылады. Осындай сенімге ие болу арқылы олар жәбірленушіге қарсы алаяқтық әрекеттер істейді.
Алаяқтықтың кұрамы — материалдық. Оның субъективтік жағының міндетті белгілерінің бірі қылмыстың зардабы — меншік иесіне мүліктік залал келтіру болып табылады. Бұл қылмыс кінәлі адамның иелігіне мүліктің заңсыз етуіне байланысты немесе кінәлінің жәбірленушінің мүлкіне заңсыз кұқық алған уақытынан бастап аяқталған деп сараланады.
Субъективтік жағынан алаяқтық тек қана тікелей касақаналықпен істеледі және қылмыс пайдакүнемдік ниет және мақсатпен орындалады. Бұл қылмыстың субъектісі де ұрлық субъектісімен (175-бап) бірдей:
а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
б) бірнеше рет;
в) қызмет бабын пайдаланып жасалған алаяқтық—осы қылмыстың ауырлататын түрі болып табылады. Қылмыстық кодекстің 177-бабы 2-тармағының "а" жөне "б" тармақшаларының мазмұны ұрлықтың (175-бабы) ауырлататын түрінде көрсетілген осыған ұқсас ұғымдармен бірдей, қызмет бабын пайдаланып жасалған алаяқтық деп (177-бабы 2-тармағының "а" тармақшасы) мемлекеттік кызметтің немесе коммерциялық, өзге де ұйымдардың басқару функциясын атқарған адамдардың қызмет бабын теріс пайдаланып, бөтеннің мүлкін алдау немесе сенімге қиянат, жасау жолымен иеленуі немесе соған иелік етуге құқық алуы болып табылады.
Алаяқтықтың аса ауырлататын түрлері де (ҚК-тің 177-бабының 3-тармағы) ұрлықтың аса ауырлататын түрлерімен (175-баптың 3-тармағы) бірдей, мазмұны да ұқсас.
Сеніп тапсырығган бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету (176-бап)
Иеленіп алу немесе ысырап ету — кінәлі адамға тапсырылған бөтен мүлікті талан-таражға салудың бір нысаны болып табылады.
Қылмыстың объективтік жағы сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иелену немесе ысырап ету белгілерімен сипатталады. Осыған байланысты бүл жерде талан-тараждың екі нысаны: иеленіп алу немесе ысырап ету құрамдары туралы сөз болып отыр.
Иеленіп алу дегеніміз кінәлінің өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін өзінің пайдасына заңсыз айналдыруы мақсатымен оған заңсыз иелік етуі болып табылады. Мұндай ретте иеленген мүлік кінәлінің билігінде болады. Ол меншік иесіне негізсіз қайтарылмайды немесе бөтен адамға берілмейді.
Мүліктің жоғалуы, іріп-шіріп кету, жойылуы, басқа адамның ұрлауы нәтижесінде меншік иесіне кайтарылмаса, онда бұл иеленіп кетуге жатпайды.
Иеленіп кетуді бөтеннің мүлкін уақытша пайдалана тұрумен шатастыруға болмайды. Егер өзіне мүлік сеніп тапсырылған адам оны заңсыз пайдалана отырып, оны заңды иесіне қайтаруға немесе оның құнын төлеуге деген ниетте болса, онда оның әрекеті иеленіп кету емес, нақты жағдайларға қарай Қылмыстық кодекстің 228, 307 немесе 327-баптарымен саралануы мүмкін.
Ысырап етуге кінәлі адамның өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті заңсыз және тегін өзінің пайдалануы немесе басқа біреуге беруі, сыйлауы, сатуы, қарызға беруі және т.б. әрекеттері жатады.
Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иелену мен ысырап етудің негізгі айырмашылықтары мынадай: сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленуде кінәлі адам бөтеннің мүлкін жөнсіз, негізсіз, заңға қайшы әрекеттермен ұстап тұрады, иесіне қайтармайды, ал ысырап етуге осы аталған мүлікті әр түрлі жолмен талан-таражға салуы, пайдаланып кетуі, шашылып-төгілуі, рәсуә болуы, тегін немесе ақысын алып тарату жатады.
Иеленіп алу мен ысырап етудің ортақ белгісі: екі қылмыс құрамы бойынша да кінәлі адамға мүлік уақытша сеніп тапсырылады; мүлікті талан-тараж жасау үшін бұл ретте кінәлі адамдар өздеріне берілген мүлікке иеліктерді қылмысты әрекетке пайдаланады.
Қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналық нысаны арқылы сипатталады. Кінәлі адам өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иеленетінін немесе ысырап ететінін сезеді және ез әрекеті арқылы меншік иесіне мүліктік залал келтіргенін күні бұрын біледі және сондай залалдың болуын тілейді. Бұл жерде кінәлі адам пайдакүнемдік ниетті басшылыққа ала отырып, заңсыз бөтеннің мүлкі есебінен пайда табу мақсатында көздейді.
Қылмыстың субъектісі болып арнаулы субъект — талан-таражға түскен мүлік өзіне заң, шарт, контракт негізінде немесе қызметтік жағдайына байланысты сеніп тапсырылған мүлікке құзыретті адам танылады.
Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап құрамының ауырлататын (176-баптың 2-тармағы) және аса ауырлататын түрлері (176-баптың 3-тармағы) алаяқтықтың ауырлататын және аса ауырлататын құрамдары белгісімен ұқсас, соларға сай келеді, Сондықтан осы құрамдағы белгілердің мәнін кайталап ашып көрсетудің қажеті жоқ.
Тонау (178-бап)
Ұрлыққа, алаяқтыққа, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап етуге қарағанда тонау талан-таражға жататын қылмыс нысандарының қауіпті түрі болып табылады.
Қылмыстық кодекстің 178-бабында "тонау, яғни бөтен мүлікті ашық талан-таражға салу деп" көрсетілген.
Тонаудың тікелей объектісі болып бөтеннің мүлкіне қол сұғу болып табылады. Сонымен бірге тонау көп объектілі қылмысқа жатады. Сондықтан да оның қосымша тікелей объектісі болып жеке адамның денсаулығы, бостандығы да жатады.
Тонау объективтік жағынан белсенді әрекет күйінде бөтеннің мүлкін ашықтан ашық талан-таражға салу арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан да тонаудың объективтік жағының ерекшелігі — кылмыстың істелу тәсіліне, кінәлінің бөтеннің мүлкін ашықтан ашық талан-таражға салуымен ерекшеленеді.
Ашықтан-ашық талан-таражға салу деп танылу үшін біріншіден меншік иесі немесе өзге де иеленуші, сондай-ақ басқа да адамдар кінәлінің кұкыққа қайшы әрекеттерін көріп тұрумен бірге оның қылмыстық мәнін сезінуі кажет, екіншіден кінәлі адам осы жағдайларды сезіп, көріп тұра отырып, соған қарамастан қылмысты әрекет істеуі кажет.
Егер кінәлі адам талан-таражды жасырын түрде жүзеге асыру ниетінде болып, бірақ қылмысты істеу кезінде көзге түсіп калса, соған қарамастан ол өз әрекетін ары қарай жалғастырса, онда онын істеген әрекетін тонау деп бағалау керек. Мұндай ретте, яғни ұрлықтың тонауға ұласып кетуі — мүлікке толық иелік еткенге дейін жүзеге асырылуы мүмкін.
Тонаудың жиі кездесетін түрі бөтеннің мүлкін жәбірленушінің көзінше оған күш қолдану ниетінсіз тартып алып қашу болып табылады. Тонау бөтеннің мүлкіне иелік етумен бірге оған өзінін, қалауынша толық билік жүргізу мүмкіндігін алған уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Бөтеннің мүлкін ашықтан ашық иеленуге бағытталған, бірақ толық іске аспаған әрекет тонауға оқталғандық деп танылады.
Бөтеннің мүлкін қасақаналықпен немесе бұзақылык ниетпен бүлдіру, я болмаса осы мүлікке өзінің нақты немесе болжамалы құқығын өз бетінше жүзеге асыру мақсатымен, сондай-ақ оған уақытша пайдалану ниетімен иелік ету тонау деп қарастырылмайды, мұндай реттерде кінәлінің әрекеті істің нақты жағдайларына қарай Қылмыстық кодекстің 187,257,327-баптары бойынша саралануы мүмкін.
Тонаудың субъектісі болып 14-ке толған есі дұрыс адам танылады.
Субъективтік жағынан тонау тікелей қасаналықпен және пайдакүнемдік мақсатпен сипатталады.
Тонаудың ауырлататын түріне:
а) жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолданумен, не осындай күш колданамын деп қорқыту арқылы;
б) бірнеше рет;
в) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
г) тұрғын, қызметтік, өндірістік үй-жайға не қоймаға рұқсатсыз кірумен жасалған тонау;
Аса ауырлататын түріне:
а) ұйымдасқан топ;
б) ірі мөлшерде;
в) ұрлық немесе қорқытып алушылығы үшін бұрын екі немесе одан да көп рет сотталған адам жасаған тонау жатады.
Тонаудың ауырлататын немесе аса ауырлататын түрлері ұрлықтың (175-бап) осы тұрғыдағы түрлерімен ұқсас. Бірақта тонаудың ауырлататын мына түрлерінің — жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолданумен не осындай күш қолданамын деп қорқыту аркылы; адамдар тобының сөз байласуы бойынша; тұрғын, кызметтік, өндірістік үй-жайға не қоймаға заңсыз кірумен жасалған тонаудың ұрлықтың осындай ауырлататын түрлерінен өзіндік өзгешелігі бар екенін айтқан жөн.
Тонаудың ауырлататын түрі — жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш колдану не осындай күш қолданамын деп қорқыту болып табылады (178-баптың 2-тармағының "а" тармақшасы). Бұл ауырлататын белгіні дұрыс қолдану үшін мынадай үш мән-жайды еске алу керек: біріншіден — жаңа Қылмыстық кодексте күш қолданумен бірге күш қолданамын деп қорқытуды ауырлататын түр ретінде көрсеткен. Бұл жерде күш колдану дегеніміз жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті емес түрде қол тигізу арқылы Қылмыстық кодекстің 105-бабына жатпайтын болмашы жарақат салу, тырнау, дақ түсіру болып табылады.
Жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті емес түрде күш қолданамын деп қорқытуына — кінәлінің сөз жүзінде немесе қысым көрсету арқылы жәбірленушінің немесе басқа адамдардың қарсылығын жоюға бағытталған іс-әрекеттерін жатқызамыз. Мұндай қорқытулар нақты жағдайларға байланысты әр түрлі болып келеді, оны істің нақты мән-жайына қарай тергеу, сот органдары анықтайды.
Екіншіден: тонауда күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту кінәлінің пікірінше тонауға нақты бөгет келтіреді-ау деп жорамалданған меншік иесіне, өзге де иеленушіге немесе басқа да адамдарға қарсы бағытталады.
Үшіншіден: тонау арқылы күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту өзінің мәні жөнінен адамның өмірі мен денсаулығына қауіп туғызбайды.
Тонауға байланысты күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту бөтеннің мүлкін алу немесе оны ұстап тұру мақсатымен істеледі. Осыған орай егер кінәлі адам мүлікке күш қолданбастан ашықтан ашық иелік етсе, бірақ өзін ұстау барысында қарсыласып күш қолданса, онда оның әрекеті күш қолданумен ұштасқан тонауға жатпайды. Кінәлі адам мұндай ретте жәй тонағаны үшін (178-баптың 1-тармағы) және жеке адамға қарсы қылмыс істегені үшін жауапқа тартылады.
Тонаудың ауырлататын түрі — адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша қылмыс істеу құрамында ұрлықтағы осыған ұқсас құрамға қарағанда өзгешелігі бар. Бұл жерде адамдар тобы алдын ала тонау құрамын істеу туралы сөз байласады, сондықтан да осы қылмысты істеуге қатысқандардың барлығы да осы қылмыс құрамының (бірге) орындаушылары болып табылады.
Тонаудың тағы бір ауырлататын түрі — тұрғын, қызметтік, өндірістік үй-жайға не қоймаға заңсыз кірумен жасалған қылмыс құрамы болып табылады. Мұндай ретте кінәлі адам тұрғын, қызметгік, өндірістік үй-жайға не қоймаға заңсыз кіріп, бөтеннің мүлкін тек қана ашықтан-ашық талан-таражға салу ниетін басшылыққа алады. Тонауды оған ұқсас қылмыс құрамдарынан ажырата білу керек. Тонау ұрлықтан мүлікті алу тәсіліне байланысты ажыратылады. Тонау мүлікті ашықтан-ашық алса, ұрлықта ол жасырын жүзеге асырылады. Тонау мен қарақшылық бір-бірінен біріншіден күш қолдану мәніне байланысты ажыратылады. Тонау күш қолданбау арқылы да істеледі, ал қарақшылықтың объективтік жағының міндетті белгісі күш қолдану болып табылады. Сондай-ақ тонаудағы күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті емес, ал қарақшылықтағы күш қолдану әрдайым кауіпті. Тонаудың құрамы материалдық құрамға жатады, ал карақшылық формальдық қылмыс құрамына жатады. Яғни қарақшылық шабуыл жасаған уақыттан бастап зардаптың болған болмағанына қарамастан аяқталған қылмыс деп танылады. Тонау мен қорқытып алушылық кұрамдарының да өзара өзгешелігі бар. Тонауға күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту бөтеннің мүлкіне иелік ету немесе оны ұстап тұру үшін қолданылады. Ал қорқытып алушылықта қорқыту қылмыскердің қойған талаптарының жәбірленушінің тез орындауына бағытталған қорқыту кұралы болып табылады. Тонауда қорқыту және мүлікке иелік ету бір мезгілде жүзеге асырылады, ал қорқытып алушылықта бөтен мүлікті немесе мүлікке құқықты беруді қорқыту арқылы талап ету болашақтың ісі болып табылады.
Тонауды бұзақылықтан ажырата білген жен. Тонауда бөтеннің мүлкі кінәлінің пайдасына ашықтан-ашық тегін алынады, ал бұзақылықта меншікке қол сұғу бұзақылық ниет
пен бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру арқылы жүзеге асырылады.
Қарақшылық (179-бап)
Қарақшылық — талан-таражға салудың ең қауіпті түрі болып табылады. Қылмыстық заңда "қарақшылық, яғни бөтен
мүлікті талан-таражға салу мақсатында шабуыл жасауға ұшыраған адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті күш көрсетумен немесе тікелей күш қолданамын деп қоркытумен ұштасқан шабуыл жасау" деп (179-бап) анықталған.:
Қарақшылықтың кауіптілігі бөтеннін меншігіне қол сұғумен бірге, осы қол сұғудың өте қауіпті тәсілі — шабуыл жасауға ұшыраған адамның өмірі мен денсаулығына кауіпті күш Қолданумен немесе тікелей күш қолданамын деп қорқытумен ұштасқанында болып табылады. Қылмыстың бұл түрінің Қоғамға кауіптілігінің көтеріңкі жағдайы оның екі бірдей объектісі — меншікке және адамның өмірі мен денсаулығына бір мезетте қылмысты қол сұғуы арқылы сипатталады.
Қарақшылықтың объективтік жағы адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті күш көрсетумен немесе тікелей осындай күш Қолданамын деп қорқытумен ұштасқан шабуыл жасау арқылы белгіленеді. Осыған орай қарақшылықтың объективтік жағы негізінен екі әрекет аркылы: шабуыл жасау және күш көрсету арқылы жүзеге асырылады.
Шабуыл жасау деп кінәлі адамның жәбірленушіге кенеттен, оның қарсылығын тойтару мақсатында күш қолдануы болып табылады. Шабуылға ашық түрде жасалған зорлық әрекеттерінен бөтен жәбірленушіні ту сыртынан ұру, тасада тұрып оған оқ ату, жәбірленушінің өміріне, денсаулығына қауіп келтіретін жағдайда оған қатты әсер ететін, уландыратын немесе жындандыратын нәрселер беру аркылы оны есеңгірететін жағдайға келтіру сиякты әрекеттер жатады.
Адамның өмірі мен денсаулығына кауіпті күш көрсету, жәбірленушінің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру (103-бап), орташа ауырлықтағы зиян келтіру (104-бап) немесе денсаулықтың кысқа уакытқа бұзылуының немесе еңбек қабілетін айтарлықтай емес тұрақты жоғалтуға әкеліп соққан зиян келтіру (105-бап), сондай-ақ жәбірленушінің өміріне тікелей қауіп тудырған басқадай күш қолданулар жатады.
Өмірге, денсаулыққа қауіпті күш қолдануға адамның тыныс жолдарын бекіту, биіктен жерге тастау, жүріп бара жатқан немесе тұрған көліктен итеріп жіберу немесе жәбірленушіні уландыратын немесе оның нерв жүйесіне қатты әсер ететін нәрселер қолдану жатады. Күш қолданудың осы түрлерін қолданудың өзі жәбірленушінің денсаулығына ешқандай зиян келтірілмегеніне қарамастан қарақшылық әрекеті ретінде сараланады.
Карақшылықтың кұрамын күш қолданумен бірге адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолданамын деп корқытумен де ұштасқан әрекеттер құрайды. Мұндай ретте қоркыту шын мәнінде адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті болуы және қарсыласқан жағдайда ол қорқытудың нақты іс жүзіне асатынына жәбірленушінің ешбір күмәні болмауы керек.
Қарақшылықтағы күш қолдану бөтеннің мүлкіне иелік етудің құралы болып табылады. Сондықтан да күш қолдану иелік етуден бұрын жүзеге асырылады. Егер кінәлі адам бөтеннің мүлкін жасырын түрде ұрлауды жүзеге асыру барысында меншік иесінің немесе өзге де адамдардын, қарсылығына тап болып күш колданса, онда оның әрекеті қарақшылық ретінде сараланады. Егер кінәлі адам бөтеннің мүлкін жасырын ұрлап, бірақ кылмыс істеген жерде көзге түсіп калып, қашып құтылу мақсатымен жәбірлеушіге күш қолданса, онда оның әрекеті қарақшылық емес, ұрлық және жеке адамға қарсы қылмыс ретінде сараланады.
Қарақшылык шабуыл жасаған уақыттан бастап, оның бөтеннің мүлкіне иелік жасағанына немесе жасамағанына қарамастан аяқталды деп саналады. Сондықтан да қарақшылық кұрамы занда формальдық құрам ретінде қарастырылған.
Қарақшылық субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен және пайдакүнемдік мақсатпен сипатталады.
Қарақшылықтың субъектісі болып 14-ке толған есі дұрыс кез келген адам танылады.
Қарақшылық құрамының ауырлататын түрлері болып:
а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
б) бірнеше рет;
в) тұрғын, қызметтік, өндірістік үй-жайға не қоймаға заңсыз кірумен жасалған;
г) қару немесе қару ретінде пайдаланылатын заттарды қолданумен жасалған;
д) денсаулықка ауыр зиян келтірумен жасалған қарақшылық танылады (179-баптың 2-тармағы).
Осы 179-баптың 2-тармағында көрсетілген алдыңғы үш ауырлататын белгілер ұрлықта немесе тонауда айтылған ауырлататын белгілермен мәні бірдей. Бұл жерде қару немесе қару ретінде пайдаланылатын заттарды қолданумен жасалған карақшылыққа ғана тән әрекеттердің мәнін ашу қажет.
Бұл жерде қылмыстың құралы: а) қару; б) қару емес, бірақ қару ретінде пайдаланылатын заттар болып табылады.
Қаруға атылатын және суық қарулар жатады. Атылатын қаруға тапанша, автомат, пулемет, гранотомет, мылтық, гранат, мина және басқа жарылатын заттар жатады. Аңшылық мылтығы, газ пистолеті және баллондары қаруға жатпайды, бірақ қарақшылық істеуде қару ретінде пайдаланылғанда осы құрамның ауырлататын түрін құрайды.
Қару ретінде пайдаланылатын заттарға жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіп туғызатын, соның көмегімен олардың өмірін жоятын, оларға дене жарақатын келтіретін кез келген заттар жатады. Мысалы, балта, тас, балға, отвертка, лом темір, шоқпар, пышақ, сақал, мұрт алғыш және т.б. Осы заттардың алдын ала қарақшылық қылмысын істеуге бейімделуі немесе қылмыс болған жерден кездейсоқ табылып, кінәлінің пайдалануы қылмысты саралауға ешбір әсер етпейді. Ең бастысы осы көрсетілген заттар карақшылықта жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіп келтіретін қару ретінде. Қолдану қажет.
Қаруды немесе басқа заттарды қолдану деп кінәлінің оны адамның денсаулығына зиян келтіру үшін шын мәнінде пайдалануы немесе шабуыл барысында оны дереу қолданбақшы болып қорқытатын әрекеттерді істеуі болып табылады.
Іске жарамсыз қарумен немесе қарудың макеті арқылы жәбірленушіге оның өмірі мен денсаулығына қауіпті дене жа-рақатын салу ниетінсіз қорқыту қару қолданған қарақшылык деп саналмайды. Бірақ та, жәбірленуші мұндай әрекетті өз өмірі мен денсаулығына нақты қауіп тудырды деп санағандықтан, мұндай шабуыл Қылмыстық кодекстің 179-бабының 1-тармағы бойынша сараланады.
Қарақшылықта қару қолданып шабуыл жасаған адам заң бойынша белгіленген тәртіппен қаруды алып жүруге тиісті рұқсаты жоқ болса, онда онын әрекеті қылмыстардың жиынтығы бойынша Қылмыстық кодекстің 179 және 251-баптарымен саралануға жатады.
Денсаулыққа ауыр әсер келтірумен ұштасқан қарақшылық деп, меншік иесіне меншіктің өзге де иеленушісіне немесе басқа адамдарға мүлікке байланысты олардың қарсылығын жою мақсатымен Қылмыстық кодекстің 103-бабында тізбектелген жарақаттардың бірін келтіруді айтамыз. Мұндай ретте кінәлінің әрекеті Қылмыстық кодекстің 179-бабымен тікелей сараланады. 103-баппен косымша саралануға жатпайды.
Егер қарақшылыкпен шабуыл жасау нәтижесінде адамның өміріне қасақана қол сүғылатын болса, онда кінәлінің іс-әрекеті қарақшылық құрамы шегінен шығып кетеді. Мұндай ретте жәбірленушіге қаза келтіру қосымша саралауды қажет етеді. Қарақшылықпен шабуыл жасау кезінде адам өлтіру орын алса, онда кінәлінің әрекеті қарақшылық кұрамымен қоса пайдакүнемдікпен адам өлтіру (96-баптың 2-тармағының "а" тармақшасы) құрамымен қосымша сараланады. Егер кінәлінің ниеті жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтірумен ғана шектеліп, оның адам өлтіруге деген ниеті анықталмаса, бірақ денсаулыққа осындай ауыр зиян келтіруден абайсызда жәбірленушінің өлімі орын алса онда оның әрекеті Қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-тармағының "б" тармақшасы бойынша сараланады.
Қарақшылық құрамының аса ауыр түріне:
а) ұйымдаскан топ;
б) денсаулыққа ауыр зиян келтірумен абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан;
в) мүлікті ірі мөлшерде ұрлау мақсатында;
г) ұрлық немесе қорқытып алушылығы үшін бүрын екі немесе одан да көп рет сотталған адам жасаған қарақшылык, жатады (179-баптың 3-тармағы).
Осы белгілердің біріншісінің және соңғысының мазмұны талан-тараждың басқа нысандарындағы осындай белгілермен бірдей.
Осы белгілердің ішіндегі денсаулыққа ауыр зиян келтіру мен мүлікті ірі мөлшерде талан-таражға салу мақсатындағы қарақшылық құрамдарының өзіндік ерекшеліктері бар.
Мүлікті ірі мөлшерде талан-таражға салу мақсатындағы қарақшылык кұрамдарының өзіндік ерекшеліктері бар.
Мүлікті ірі мөлшерде талан-таражға салу мақсатында жасалған қарақшылықта кінәлі адамның құны айлық есептік көрсеткіштен бес жүз есе асып түсетін мүлкін нақты иеленуі шарт емес. Өйткені қарақшылыктың ауырлататын немесе аса ауырлататын түрлері де оның негізгі құрамы сияқты формальдық құрамға жатады, осыған орай бұл жерде кінәлі адамның ниетінің ірі мөлшердегі мүлікті иемдену мақсатында шабуыл жасауын анықтау ғана жеткілікті.
Карақшылықты қорқытып алушылық құрамынан (181-бап) ажырата білу керек. Қарақшылық жасағанда қылмыстың заты болып тек мүлік, ал қорқытып алушылықта — мүлік, мүлікке құқық, мүліктік сипаттағы басқа да әрекеттер жатады. Қарақшылықта күш қолдану немесе қолданамын деп қорқыту орын алады, ал қорқытып алушылықтың негізгі құралы корқыту арқылы ғана жүзеге асырылады, күш қолдану коркытып алушы-лықтың ауырлататын құрамына ғана жатады. Қарақшылықтағы қорқыту тек қана күш қолданамын деп қорқытумен шектеледі, ал қорқытып алушылықтағы қорқытудың шеңбері одан кеңдеу (масқаралайтын мәліметтерді таратумен, мүлікті жою немесе бүлдірумен қорқыту сияқты әрекеттер).
Карақшылықта мүлікті беруді талап ету шабуыл жасаған уақытпен сайма-сай келеді, ал қорқытып алушылықта мүлікті болашақта беруді талап етеді, қарақшылықтағы күш қолдану өмірге және денсаулыққа кауіпті болады, ал қорқытып алушылықта — кінәлі адам кез келген күш қолдануды, оның ішінде қауіпсізін де қолдануға құқы бар. Қарақшылық шабуыл жасаған уақыттан бастап аяқталған деп саналады, ал қорқытып алушылық бөтен мүлікті немесе мүлікке құқықты беруді немесе мүліктік сипаттағы басқа да іс-әрекеттерді жасауды талап еткен кезде аяқталған деп саналады, Қарақшылық бандитизммен (237-бап) мынадай белгілер бойынша ажыратылады.
Қарақшылықтың тікелей объектісі болып меншік қатынастары саналса, бандитизмнің тікелей объектісіне қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қатынастар жатады.
Қарақшылық жеке орындаушылар немесе адамдар тобы арқылы жасалуы мүмкін, банда құрамының міндетті белгісі ұйымдасқан топ болады. Қарақшылық құрамындағы адамдар тобы қылмыстың ауырлататын түрі болып саналады, ал бандитизмде ұйымдасқан және тұрақты топ қылмыс құрамының негізгі белгісі болып табылады. Қарақшылық қару қолданылып немесе қарусыз жүзеге асырылуы мүмкін, ал бандитизмнің міндетті белгісі — топтың мүшесінің ең болмағанда біреуінің қарулануы болып табылады. Бандитизм құрамындағы қаруға адамды немесе басқа нәрселерді жарақаттауға бейімделген заттар жатса, қарақшылықтағы қару қолдану деп заңда көрсетілген қару түрлерімен қоса қару ретінде пайдаланылатын басқа заттарды айтамыз. Қарақшылық құрылысы жағынан формальдық құрамға жатады. Сондықтан да ол шабуыл жасау сәтінде-ақ аяқталған деп саналады. Бандитизм — келте қылмыс құрамына жатады, ол бандыны ұйымдастыру сәтінде-ақ аяқталған қылмыс құрамы деп танылады. Бұл қылмыс құрамдары мақсатына байланысты да ажыратылады. Қарақшылық тек пайдакүнемдік мақсатпен жасалады, ал банда азаматтарға немесе ұйымдарға шабуыл жасау мақсатында пайдакүнемдік немесе басқадай мақсаттармен жасалады. Қарақшылықтың субъектісі 14-ке толған, ал бандитизмнің субъектісі 16-ға толған адам болады.