Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексінде ескі қылмыстық кодекстегі мемлекеттік қылмыстар деген үғым мемлекеттің конституциялық құрылысы мен қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар деген жаңа ұғыммен алмастырылған. Бұл тұрғыдағы қылмыстардың топтық объектісі мемлекеттің конституциялық құрылысы мен қауіпсіздігіне байланысты қоғамдық қатынастарды қорғау болып табылады. Қылмыстық кодекстегі жаңартылып, жетілдіріліп берілген бұл қылмыстық құкықтык нормалар Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 30 тамызда қабылдаған Конституциясында көрсетілген, баянды етілген конституциялық құрылысты, қоғамның ішкі, сыртқы қауіпсіздігін, саяси, экономикалық жүйесін қорғау болып табылады.
Тікелей объектісіне байланысты бұл тарауға енген қылмыстар мынадай түрлерге бөлінеді:
Қазақстан Республикасының сырткы қауіпсіздігіне қарсы кылмыстар: мемлекеттік опасыздық (165-бап); шпиондық (166-бап).
Қазақстан Республикасының саяси жүйесіне қарсы қылмыстар: Қазақстан Республикасы Президентінің өміріне қастандық жасау. (167-бап); өкіметті күшпен басып алу немесе өкіметті күшпен ұстап тұру (168-бап); қарулы бүлік (169-бап).
Қазақстан Республикасының конституциялық кұрылысын күшпен құлатуға немесе бұзуға шақыру (170-бап).
Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетіне қарсы қылмыстар: диверсия (171-бап); жұмылдыруға шақырудан жалтару (174-бап).
Мемлекет құпияларын сактауға қол сұғатын қылмыстар: мемлекеттік құпияларды заңсыз алу, жария ету (172-бап); мемлекеттік кұпиясы бар құжаттарды жоғалту (173-бап).
5 Қазақстан Республикасының сыртқы қауіпсіздігі мен саяси жүйесіне қарсы қылмыстардың жалпы сипаттамасы
Мемлекеттік опасыздық (165-бап)
Өз Отанына сатқындык жасау әр уақытта да ең ауыр мемлекеттік қылмыс ретінде карастырылған. Қазақ КСР-інің 1959 жылғы Қылмыстық кодексінде мүндай кылмыстың атауы — Отанға опасыздық деп көрсетілген еді. 1997 жылғы Қылмыстық кодекс бұл атауды мемлекеттік опасыздық деп жаңа атаумен алмастырды. Өйткені Отан деген ұғым мемлекеттік емес аумақтық ұғымды, яғни адамның туған жерін бейнелейтін ұғым ғана еді. Қазақстан Республикасының азаматы болып оның аумағынан сыртқары жерде тұрған Қазақстан Республикасының азаматтығын алған кез келген ұлттың өкілі танылатыны баршаға аян. Осыған байланысты дүниежүзілік құқық стандарттарына сәйкес Отан деген түсінік мемлекеттік деген түсінікпен алмастырылуы заңды құбылыс.
Мемлекетке опасыздық дегеніміз — соғыс уақытында немесе қарулы жанжал кезінде жау жағына өтіп кетуден, сондай-ақ шпиондық жасаудан, мемлекеттік құпияларды жатқа беруден не Қазақстан Республикасына қарсы дұшпандық әрекет жүргізуден, шетелдік мемлекетке, шетелдік ұйымға немесе олардың өкілдеріне өзге де көмек көрсетуден көрінген, Қазақстан Республикасының азаматы Қазақстан Республикасының сыртқы кауіпсіздігі мен егемендігіне нұқсан келтіру немесе әлсірету мақсатында жасаған қасақана әрекет (165-бап).
Мемлекеттік опасыздықтың тікелей объектісі — Қазақстан Республикасының мемлекеттік қауіпсіздігі болып табылады. Мемлекеттің қауіпсіздігіне оның ең маңызды мүдделері — конституциялық құрылысы, егемендігі, аумақтық тұтастығы, сыртқы және ішкі қауіпсіздігі жатады. Мемлекеттік опасыздыкты жасаған адам басқа бір нақты мемлекеттің пайдасына іс-әрекеттер істейді.
Конституциялык кұрылыстың ұғымы Казақстан Республикасы Конституциясының 1-бөліміндегі жалпы ережелерде баянды етілген. Конституцияның осы бөлімінде конституциялық құрылыстың басты принциптері, экономикалық қатынастар, қоғамның саяси жүйелері нақтыланған. Осы бөлімде Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылысы (1-баптың 1-тармағы), республика қызметінің түбегейлі принциптері (1-баптың 2-тармағы), республика егемендігінің түсінігі (2-баптың 1-тармағы), мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы халық екендігі (3-баптың 1-тармағы), биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінуі (3-баптың 4-тармағы), идеологиялық және саяси әр алуандылықтың танылуы (5-баптың 1-тармағы), меншіктің әр түрі және оның бірдей корғалатыны (6-баптың 1-тармағы) т.б. мәселелер нақты айқындалған.
Конституцияда көрсетілген осындай және басқа ережелердің мазмұны конституциялық құрылыстың мәнін білдіреді.
Республиканың егемендігі дегеніміз — ел ішіндегі мемлекеттік өкімет билігінің үстемдігі және оның сыртқы саяси жағдайларға тәуелсіздігі болып табылады. Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды (ҚР Конституциясы, 2-баптың 2-тармағы).
Қазақстан Республикасы Конституциясының 2-бабының 2-тармағына сәйкес өз аумағының тұтастығын, оған қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз етеді. Мемлекеттің аумағының түсінігі, оның шекарасы, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік шекарасы туралы" 1993 жылғы 13 қаңтардағы арнаулы Заңында көрсетілген.
Мемлекетке опасыздықтың объективтік жағы Қылмыстық кодекстің 165-бабының диспозициясында көрсетілген. Оған жататындар: соғыс уақытында немесе қарулы жанжал кезінде жау жағына шығып кету; шпиондық жасау; мемлекеттік құпияларды жатқа беру; Қазақстан Республикасына дұшпандык әрекет жүргізу мақсатымен шетелдік мемлекетке, шетелдік ұйымға немесе олардың өкілдеріне өзге де көмек көрсету. Осы іс-әрекеттердін біреуін істеу қылмыстың объективтік жағының орын алгандығын көрсетеді.
Соғыс уақытында немесе қарулы жанжал кезінде жау жағына шығып кету дегеніміз — Қазақстан Республикасы азаматының жау басып алған аумақта орналасқан жау жағына ез еркімен өтуі, жауға көмек көрсетуі, жау жағының тапсырмасымен өзі тұратын аумақта әр түрлі іс-әрекеттер істеуі; жау жағына ерікті түрде шығып кетуі; тұтқын болуы сияқты әрекеттер жатады. Жау жағына өз еркімен өту соғыс уақытында немесе қарулы жанжал кезінде ғана орын алады. Бейбіт кездегі мұндай іс-әрекеттер Қылмыстық кодекстің 330-бабында көрсетілген — Қазақстан Республикасының күзетілетін мемлекеттік шекарасынан әдейі заңсыз өтуі қылмыс құрамын құрайды.
Мемлекетке опасыздықтың бұл түрі — Қазақстан Республикасы азаматының шпиондык жасауы болып табылады. Қылмыстық кодекстің 166-бабында шпиондықтың түсінігі берілген. Бұл түсінік Кылмыстық кодекстің 165-бабындағы шпиондық деген ұғыммен объектісі, объективтік жағы және субъективтік жағы бойынша ұксас. Осы екі бапта көрсетілген ұғымның айырмашылығы тек қылмыстың субъектісінде ғана. Қылмыстық кодекстің 165-бабындағы шпиондық субъектісі — Қазақстан Республикасының азаматы, ал 166-баптағы субъекті шетелдіктер, азаматтығы жоқтар немесе басқа мемлекеттің азаматтары болуы мүмкін. Шпиондықтың түсінігіне Қылмыстық кодекстің 166-бабына талдау жасағанда толық тоқталамыз.
Шет мемлекетке, шетелдік ұйымға немесе солардың өкіліне мемлекеттік құпияларды беру дегеніміз — Қазақстан Республикасы азаматының мемлекеттік құпия болып табылатын мәліметтерді шет мемлекетке, шетелдік ұйымға немесе солардың өкілдеріне қасақана түрде хабарлауы болып табылады. Мемлекеттік құпиялардың түсінігі Қазақстан Республикасының 1999 жылғы наурыздың 15-індегі "Мемлекеттік құпиялар туралы" Заңында көрсетілген. Осы заңға сәйкес "Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әскери саладағы, сыртқы, саяси, экономикалық, барлау, қарсы барлау және оперативтік іздестіру қызметіне байланысты мәліметтер мемлекеттік құпияларға жатады".
Мемлекетгік құпияларды жатқа беру әр түрлі тәсілдермен — ауызша, жазбаша, схема түрінде, әр түрлі өнімдердің бейнелері арқылы жүзеге асуы мүмкін. Мемлекеттік құпияларды жатқа бергенде кінәлі адам қызметі немесе жұмысына байланысты өзі білетін мемлекеттік құпия мәліметтерді жатқа береді.
Ал шпиондықта мұндай мәліметтерді кінәлі адам жинайды, ұрлайды. Міне осы белгі бойынша бұл ұғымдар бір-бірінен ажыратылады. Қазақстан Республикасына қарсы дұшпандық әрекет жүргізетін шетелдік мемлекетке, шетелдік ұйымға немесе олардың өкілдеріне өзгедей көмек беруге (шпиондық жасау мен мемлекеттік құпияны жатқа беруден басқа) мына іс-әрекеттерді істеу жатады: шетел барлау агентін паналату немесе оны жалған құжаттармен, азық-түлікпен, қорғаныс құралдарымен жабдықтау; баспасөз құралдары аркылы Қазақстан Республикасының сыртқы қауіпсіздігі туралы, халықаралық қатынастардағы оның беделін әлсірететін жалған мәлімдемелер жариялау; республикаға басқыншылық соғысқа әзірленіп жатыр деген жалған жала жабу; мемлекетаралық соғыс өртін насихаттайтын әр түрлі ұйымдарды құру, нәсілдік, ұлттық жікшілдікті тудыратын насихатты өрістету; Қазақстан Республикасын басқа мемлекеттермен қырғи қабақ соғыс жағдайына итермелейтін әр түрлі іс-әрекеттер жасау.
Мемлекеттік опасыздық субъективтік жағынан тек қана тікелей қасақаналық аркылы жүзеге асырылады. Қылмыстық ниет әр түрлі көрініс алады, бірақ та ол қылмысты саралауға әсер етпейді.
Қылмыстың субъектісі болып 16-ға толған Қазакстан Республикасының азаматы ғана танылады.
Қылмыстық кодекстің 165-бабының ескертуіне сәйкес мемлекеттік опасыздықты, сондай-ақ шпиондықты немесе өкіметті күшпен басып алу немесе өкіметті күшпен ұстап тұру қылмыстарын жасаған адам, егер ол мемлекеттік органдарға ерікті және дер кезінде хабарлаумен немесе өзгеше жолмен Қазақстан Республикасының мүдделеріне залал келтіруді болдырмауға жәрдемдессе және оның іс-әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
Шпиондық (166-бап)
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 166-бабына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді шетелдік мемлекетке, шетелдік ұйымға немесе олардың өкілдеріне беру, сол сияқты, оларға бару мақсатында жинау, ұрлау немесе сақтау, сондай-ақ шетелдік барлаудың тапсырмасы бойынша өзге де мәліметтерді Қазақстан Республикасының сыртқы қауіпсіздігі мен егемендігіне зиян келтіре отырып пайдалану үшін беру немесе жинау, егер осы әрекеттерді шетелдік азамат немесе азаматтығы жоқ адам жасаса шпиондық деп танылады.
Шпиондықтың тікелей объектісі болып Қазақстан Республикасының сыртқы қауіпсіздігі танылады. Шпиондықтың затына екі түрлі мәліметтер жатады: 1) мемлекеттік кұпиялар; 2) Қазақстан Республикасының сыртқы кауіпсіздігі мен егемендігіне зиян келтіретін өзге де мәліметтер.
Шпиондықтың объективтік жағының белгілері: мемлекеттік немесе әскери құпияны құрайтын мәліметтерді беру, жинау, ұрлау немесе сақтау, сондай-ақ шетелдік барлаудың тапсырмасы бойынша өзге де мәліметтерді беру немесе жинау.
Бұл жерде беру деп осы бапта көрсетілген мәліметтерді шетелдік мемлекетке, шетелдік ұйымға немесе олардың өкілдеріне кез келген тәсілмен жеткізу, хабарлау болып табылады.
Хабарлау немесе беру — ауызша, жазбаша, телефон арқылы, басқа біреу арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
Жинау дегеніміз осы бапта көрсетілген мәліметтерді әр түрлі тәсілдермен (жеке бақылау арқылы; құпия объектілерді суретке түсіру; дыбыс жазбаларын пайдалану; ақшаға сатып алу) табу немесе алу болып табылады.
Ұрлау деп заңға қайшы әрекеттермен мемлекеттік, құпиялары бар мәліметтерді осы бапта айтылған өзге де мәліметтерді ұйымдардан, кәсіпорындардан немесе жеке азаматтардан тегін алуды айтамыз.
Кінәлі адамның заңда көрсетілген осы мәліметтерді өзі тұратын мекен-жайда немесе басқа жерде (саяжайда, тоғайда, бау-бақшасында) сақтауы да мүмкін.
Шетелдік барлаудың тапсырмасы бойынша мемлекеттік құпиялар болып табылмайтын өзге де мәліметтерді жинау, Қазақстан Республикасының сыртқы қауіпсіздігі мен егемендігіне зиян келтіре отырып пайдалану үшін берсе немесе жинаса ғана іс-әрекет шпиондық үшін белгіленген қылмыс құрамын құрайды.
Субъективтік жағынан шпиондық тек қана тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады. Қылмыстың субъективтік жағының белгісі мемлекеттік құпияларды, өзге де мәліметтерді беру мақсаты болып табылады.
Шпиондықтың субъектісі болып 16-ға толған шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар танылады. Субъекті белгісі бойынша бұл құрамды мемлекеттік опасыздық құрамынан ажыратамыз.
Қазақстан Республикасы Президентінің өміріне қастандық жасау (167-бап)
Қылмыстық кодекстің 167-бабында Казақстан Республикасы Президентінің өміріне қастандық жасағаны үшін жауаптылық белгіленген.
Осы бапта: Қазақстан Республикасы Президентінің өміріне оның мемлекеттік қызметін токтату не осындай қызметі үшін кек алу мақсатында қастандық жасау — он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады делінген.
Қылмыстың тікелей объектісі Қазақстан Республикасы Президентінің қызметін реттейтін қоғамдық қатынастар, қосымша тікелей объектісі Қазақстан Республикасы Президентінің өмірі болып табылады. Қылмыстың жәбірленушісі — Қазақстан Республикасының Президенті. Қазақстан Республикасы Президентінің өміріне мемлекеттік қызметін тоқтату үшін немесе осындай қызметі үшін кек алу мақсатында қастандық жасаудың өзі, мемлекеттің саяси жүйесіне, оның ең жоғарғы мемлекеттік лауазым иесі адамының қауіпсіздігі мен заңды өкілетті билігіне қылмысты қол сұғуды білдіреді.
Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік қызметі Қазақстан Республикасы Конституциясында, Конституциялық зандарда, басқадай нормативтік-құқыктық актілерімен белгіленген.
Қылмыс объективтік жағынан Қазақстан Республикасы Президентінің өміріне қастандық жасау, яғни белсенді әрекет арқылы жүзеге асырылады. Қастандық дегеніміз Республика Президентінің өмірін жою мақсатымен түрлі тәсілдерді қолдана отырып істелген оқталғандық әрекеттер. Қылмысты істеу тәсілдері мен қылмыс істегенде пайдаланылған құралдар іс-әрекетті саралауға әсер етпейді.
Бұлар жаза тағайындағанда есепке алынады. Қылмыстық кодекстің 167-бабы келте қылмыс құрамына жатады. Қылмыс жәбірленушінің өмірін жоюға бағытталған қастандық әрекетін жасаған сәттен бастап аяқталған деп есептелінеді. Осы бапта көрсетілген қылмысты істеуге даярланғандық үшін жауаптылық қылмыстық кодекстің 24-бабы 1-тармағында көрсетілген ережелерге сай жүзеге асырылады. Қьілмыс субъективтік жағынан тек қана тікелей қасақаналықпен істеледі. Субъективтік жақтың міндетті белгісі болып Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік қызметін тоқтату немесе аталған кызметі үшін кек алу ниеті болып табылады.
Қылмыстың субъектісі болып 16-ға толған азаматтар танылады. Осы қылмысқа байланысты 14-ке толған адамдар қылмыстық кодекстің 15-бабының ережелеріне сәйкес адам өлтіруге (96-бап) адам өлтіруге дайындалғаны және оқталғаны (24, 96-баптар) бойынша ғана қылмыстық жауапқа тартылады. Яғни Қылмыстық кодекстің 167-бабындағы әрекеттер тікелей адам өлтіруге бағытталған болса, онда мұндай іс-әрекеттер қылмыстардың жиынтығы (ҚК-тің 167, 24,96-бабының 2-бөлігі "б" тармағы немесе ҚК-тің 167, 96-бабы бойынша 2-бөлігі "б" тармағы саралануға жатады).
Егер қастандық әрекет мемлекет немесе қоғамдық қайраткерлердің өміріне олардың мемлекеттік немесе өзге саяси-қоғамдық қызметіне байланысты болса, онда мұндай іс-әрекет қылмыстың аяқталмау немесе аяқталу сәтіне қарай Қылмыстық кодекстің 24, 96-бабы 2-бөлігі "б" тармағымен немесе 96-баптың 2-бөлігі "б" тармағымен саралануға жатады.
Мемлекеттік немесе қоғамдық қайраткерлердің қатарына жатпайтын мемлекеттік қызметшілердің, қоғамдық ұйымдардың өкілдерінің өміріне қастандық жасалғанда да кінәлінің іс-әрекеті адам өлтіру (96-бап) немесе сот төрелігін немесе алдын ала тергеудің жүзеге асырушы адамдардың өміріне қол сұғу (340-бап), сот төрелігін жүзеге асыруға немесе алдын ала тергеу жүргізуге байланысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері (341-бап) бойынша саралануы мүмкін.
Өкіметті күшпен басып алу немесе өкіметті күшпен ұстап тұру (168-бап)
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 168-бабында Қазақстан Республикасының Конституциясын бұзып
өкіметті күшпен басып алуға немесе өкіметті күшпен ұстап тұруға бағытталған, сол сияқты Қазақстан Республикасының
конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге бағытталған іс-әрекеттер үшін жауаптылық көзделген. Қылмыстың объектісі — республиканың саяси жүйесіне қылмысты қол сұғу болып табылады.
Қылмыстың объективтік жағын: а) Конституцияны бұзып өкіметті күшпен басып алу; б) өкіметті күшпен ұстап тұру, в) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге бағытталған іс-әрекеттер құрайды.
Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша Қазақстан Республикасында билікті ешкім де иемденіп кете алмайды. Билікті иемденіп кетушілік заң бойынша қудаланады.
Халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге Республика Президентінің, сондай-ақ өзінің Конституциялық өкілеттілігі шегінде Парламенттің құқығы бар. Республика Үкіметі мен өзге де мемлекеттік органдар мемлекет атынан оларға берілген өкілеттіктері шегінде ғана билік жүргізеді (3-баптың 3-тармағы).
Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінген (3-баптың 4-тармағы).
Өкіметті күшпен басып алу дегеніміз — адамдар тобы, ұйымы болып өзіне тиісті емес өкімет билігін күшпен, қару қолданып заңсыз басып алуды айтамыз.
Өкіметті күшпен үстап тұру деп — Қазақстан Республикасы Конституциясы талаптарын бұза отырып өзіне заң бойынша тиісті емес өкімет билігін күшпен сақтап қалушылықты айтамыз. Мысалы: Конституциялық өкілеттік мерзімі біткен биліктегі адамның, сайлау арқылы өз өкілеттігін жойған адамның күшпен өкіметті ұстап түру әрекеттері.
Конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге бағытталған іс-әрекеттерге жоғарғы өкімет билігінің, Парламенттің, Президенттің өкілеттік мерзімін өз бетінше өзгерту, мемлекеттік қүрылысты, оның жүйесін өз бетінше күшпен өзгертуге жасалған іс-әрекеттер; Конституцияда көрсетілген өзге де құрылымдардың қызметін елеулі түрде өзгертуге бағытталған әрекеттер жатады. Осы бапта көрсетілген қылмыс құрамы құрылысы жағынан келте қылмыс құрамына жатады. Занда көрсетілген іс-әрекеттің бірін істеуге бағытталған уақыттан бастап қылмыс аяқталған деп танылады.
Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен жөне арнаулы мақсатпен — Конституцияны бұзып өкіметті күшпен басып алу, өкіметті күшпен ұстап тұруға немесе Қазақстан Республикасының Конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге бағытталған әрекеттер жасау арқылы жүзеге асырылады.
Қылмыстың субъектісі болып 16-ға толған адамдар танылады. Өкіметті күшпен ұстап тұруға бағытталған қылмыстың субъектісі — мемлекеттік өкімет билігін Конституция бойынша занды түрде иеленген адамға осы билікті заңсыз түрде беруге әрекет жасаған мемлекеттік органның бұрынғы кызметшісі болып табылады.
Қарулы бүлік (169-бап)
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 169-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын құлату немесе күштеп өзгерту не Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығын бұзу мақсатында қарулы бүлік ұйымдастыру не оған белсенді түрде қатысу қарулы бүлік деп танылады.
Қылмыстың тікелей объектісі болып — Қазақстан Республикасының Конституциясы белгілеген саяси жүйесіне, аумақтық тұтастығына қылмысты түрде қол сұғу болып табылады.
Қылмыс объективтік жағынан: а) қарулы бүлік ұйымдастырудан; б) қарулы бүлікке белсенді түрде қатысудан тұрады. Қылмыс әрекет арқылы істеледі.
Қарулы бүлік ұйымдастыру деп бір немесе бірнеше адамның күш біріктіруінің нәтижесінде заңды өкіметке қарсы адамдарды қасақана түрде қарулы көтеріліс (бүлік) жасауға тарту, сондай-ақ бүлікті басқаруға байланысты әрекеттерді айтамыз. Қарулы бүлік — қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды қолданып жүзеге асырылады.
Қарулы бүлікке белсенді түрде қатысу деп өкіметке қарулы қарсылық көрсету, өкімет өкіліне карсы күш қолдануға қатысу; көлік құралдарын, байланыс жүйелерін, бұқаралық баспасөз құралдарын, мемлекеттік органдардың тұрғын жайларын күш қолданып басып алу және т.б. әрекеттерді айтамыз.
Қылмыс құрамы құрылысы жағынан формальдық құрамға жатады. Қарулы бүлік ұйымдастыру немесе оған белсенді түрде қатысу қылмыстан болған зардапқа қарамастан аяқталған қылмыс деп танылады.
Конституциялық құрылысты кұлату немесе күштеп өзгерту немесе республиканың аумақтық тұтастығын бұзу мақсатында қарулы бүлікті ұйымдастырушылар не болмаса қарулы бүлікке белсенді қатысушылар. Қылмысты субъективтік жағынан тек қана тікелей қасақаналықпен жүзеге асырады.
Қылмыстың субъектісі болып 16-ға толған кез келген азамат танылады.
Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен құлатуга немесе өзгертуге не оның аумақтық тұтастығын күшпен бұзуға шақырулар (170-бап)
Қазақ КСР-інің 1959 жылғы Қылмыстық кодексінде бұл құрамдағы қылмыс "антикеңестік үгіт және насихат" деген атпен белгілі болды, оның диспозициясы кең мағынаны білдірумен бірге санкциясы өте қатал болған еді. Осыған байланысты өкіметке, оның органдарына қарсы кез келген көңіл толмаушылықтан шыққан ойлар, пікірлер антикеңестік үгіт немесе насихат ретінде бағаланды (Мысалы, антикеңестік идеяны, көзқарастарды тарату, Кеңестік қоғамдық немесе мемлекеттік қүрылысты жек көру т.б.).
Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексі Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен кұлатуға немесе өзгертуге немесе аумактық тұтастығын күшпен бұзуға арналған бабы осы тұрғыдағы қылмыстың нақты тәсілдерін нақтылаумен бірге шақырулардың мәні мен бағытын нақты айқындап, конституциялық құрылысты күшпен құлатуға немесе өзгертуге не оның аумақтық тұтастығын күшпен бұзуға бағытталған жария түрдегі үндеулерді қылмыс деп таниды.
Қылмыстық кодекстің 170-бабының 1-тармағында осы қылмысқа өкіметті күштеп басып алуға, өкіметті күштеп ұстауға, мемлекет кауіпсіздігіне нұқсан келтіруге немесе конституциялық кұрылысын күштеп өзгертуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тұтастығын және оның аумағының бірлігін күштеп бұзуға жария түрде үндеу жасау, сондай-ақ осындай мазмұндағы материалдарды осы мақсатта тарату деп анықтама берілген.
Қылмыстың объектісі Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы, оның саяси жүйесі, қауіпсіздігі болып табылады.
Объективтік жағынан қылмыс өкіметті күштеп басып алуға, өкіметті күштеп үстауға, мемлекет кауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге, республиканың тұтастығын және оның аумағының бірлігін күштеп бұзуға жария түрде үндеу жасау немесе осындай мазмұндағы материалдарды тарату арқылы жүзеге асырылады.
Жария түрдегі үндеу дегеніміз ауызша немесе жазба түрде адамдардың белгісіз тобын шерулерге, митингілерге, демонстрацияларға, жиындарға шақырып, конституциялық құрылысты, өкіметті күшпен басып алуға, мемлекеттің тұтастығын, аумағының бірлігін күштеп өзгертуге, бұзуға шақырулар болып табылады немесе осы мазмұндағы материалдарды көпшілік арасына тарату болып табылады.
Қылмыс субъективтік жағынан тек қана тікелей қасақаналықпен жасалады.
Қылмыстың субъектісі болып 16-ға толған кез келген адам танылады.
Осы баптың 2-тармағында бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып немесе ұйымдасқан топпен жасалған, сонымен бірге бұрын осы бап бойынша сотталған адам жасаған нақ сол әрекеттер осы қылмыстың ауырлататын түрі ретінде көрсетілген. Бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып жасалған шақыруларға — баспасөзде жарияланған материалдар, радио немесе телехабарда, басқадай бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып жасаған шақырулар жатады. Ұйымдасқан топтың түсінігі Қылмыстық кодекстің 31-бабының 3-тармағында берілген. Бұрын осы бап бойынша сотталған адам деп сотталғандықтан арылмаған немесе сотталғандығы жойылмаған адам танылған.
Өзін-өзі бақылау сұрақтары:
1. Геноцид дегеніміз не?
2. Экоцид дегеніміз не?
3. Басқыншылық соғысты жоспарлау, әзірлеу, тұтандыру қылмысының құрамын көрсет.