Жалпы ҚБО өте сирек дамитын сырқат. Оған барлық локализациялы обырдың 1%-ы және обырдан дамитын өлім көрсеткішінің 0,5%-ы тиесілі. ҚБО жаңа жағдайлар жиілігі жылына 100 000 адамға 0,5–10 жағдайды құрайды. АҚШ-та жыл сайын ҚБО-ның жаңа 18 000 жағдайы тіркеліп, жылына 1200 адам дүниеден өтеді. ҚБО көптеген кездерде түйінде жемсаумен сырқаттанған науқастарды диагностикалау барысында анықталады (3.8 бөлімді қараңыз). Жоғарыда көрсетілгендей түйінді жемсау құрылымында ҚБР-ына 1–4 % жағдай тиесілі болады. Басқа сырқаттар әсерінен алынған ҚБ тінін гистологиялық тексеру барысында кездейсоқ анықталған ҚБО жағдайларының жиілігі 10–20%, бірақ мұндай ісіктердің клиникалық маңыздылығ шектеледі. ҚБО жиі 40–50 жас аралығында анықталады, сирек балалар мен жасөспірімдерде дамиды. Жалпы алғанда әйел адамдарда жиі дамиды (2:1 — 3:1), бірақ егде жаста сырқаттанған ерлер саны салыстырмалы жоғары болады (3.33 кесте).
3.33 кесте. ҚБО эпидемиологиясы
ҚБО | ҚБО-ның жалпылама сырқаттануы ішіндегі тиесілі бөлігі | Манифестация жасы |
Папиллярлы | 70-80% | 30-50 жас |
Фолликулярлы | 15% | 40-50 жас |
Медуллярлы | 5% | Спорадикалық: 50–60 жас Отбасылық: 40–50 жас КЭН-2 кезінде: 10–30 жас |
Анапластикалық | <5% | 60-80 жас |
Клиникалық көрінісі
Қазіргі таңда басым жағдайда ҚБО пальпация және ҚБ УДЗ-сі нәтижесінде анықталған науқастарға ЖИАБ-ны жүргізу мәліметтері бойынша анықталады. ҚБО-ның гистологиялық жеке түрлерінің ерекшеліктері төмендегі кестеде көрсетілген (3.34 кесте).
3.34 кесте. ҚБО жеке гистологиялық түрлерінің клиникалық көріністерінің ерекшеліктері
ҚБО | Клиникалық ерекшеліктері |
Папиллярлы | Баяу дамиды, бір сатыда он жылдан астам дамуы мүмкін. Мультифокальды 30 % жағдайда. Науқастардың 95 % жағдайында зақымдану мойын шекарасынан асып өтпейді, науқастардың 15–20% мойын лимфа түйіндеріне метастаз береді. Лимфогенді метастаз беру тән. |
Фолликулярлы | Агрессивті, жиі өкпеге гематогенді метастаз береді. |
Медуллярлы | ҚБ С-жасушаларының мультифокальды гиперплазиясы тән. Үдемелі дамиды; метастаз беру сатысында жиі дамитын симптом — диарея (30 %). Кальцитонин деңгейі жоғарылайды (гипокальциемия дамымайды), басқа гормондар сирек жағдайда жоғарылайды (эктопирленген Кушинг синдромының дамуымен АКТГ). |
Анапластикалық | Тез инфильтративті өседі, кеңірдек, ірі қантамырларды қоршап, респираторлы симптоматиканың дамуына жол ашады. |
Түйінді жемсаумен сырқаттанған науқастардың анамнезін және клиникалық көрінісін зерттеу барысында анықталған түйіннің қатер қаупін жоғарылататын төмендегі белгілерге ерекше назар аудару қажет:
• анамнезінде бас пен мойынның сәулененуі;
• туыстарында дамыған медуллярлы обыр немесе ҚЭН-2;
• 20 жастан кіші немесе 70 жастан жоғары жас шамасы;
• ер адамдар;
• түйінді түзілістің жылдам өсуі;
• түйіннің тығыз немесе қатты консистенциясы;
• мойын лимфаденопатиясы;
• түйінді түзіліс ығысуының болмауы;
• үнемі дауыстың қарлығуы, дисфония, дисфагия немесе ентікпе.
Сирек жағдайда ҚБО, әсіресе жоғары дифференцирленген ҚБО кеш метастаз берумен манифестацияланады, әдетте алдымен мойын лифаденопатиясы дамып, кейіннен УДЗ бойынша ҚБО анықталады.