Саяси көшбасшы саяси элитаның маңызды элементі болып табылады. Ежелгі дүниеден адамзат қоғамын саяси көшбасшы феномені қызықтырған. Бұл қоғам өмірі даму процесінде көшбасшы, көсем, батыр және т.б. үлкен рөл атқаратындығымен түсіндіріледі. Сонымен бірге ғасырлар бойы көсемдердің, әскер қолбасшыларының, батырлардың, заң шығарушылардың бейнелері биліктің жанды көрінісі іспетті болды. Қайсыбір билеушіге адамдар тағзым етсе де, одан қорықса да немесе оны көре алмаса да жұртшылық алдында ол қалыптасқан билік жүйесін бейнелейді.
Саяси көшбасшы – көп қырлы ұғым, ол қоғам дамуымен бірге өзгеріске түсіп отырады. «Саяси көшбасшы» ұғымының қазіргі саясаттануда кеңінен қолданылуына қарамастан оған белгілі бір мағыналық анықтама бекітілмеген. Сондықтан қазіргі ғылымда саяси көшбасшы әр түрлі мағынада айтылып, сипатталып келеді[121].
Кейбір зерттеушілер саяси көшбасшыны «ықпал ету» деп анықтаса, екіншілері – «басқару», үшіншілері «шешім қабылдау» деп түсінсе, ал төртіншілері халықты «алға жетелейтін» тек «жаңашыл» көшбасшыларды мойындайды.
Соңғы уақыттағы демократияландыру және орталықтанудан бас тарту үрдісі саяси көшбасшы ұғымының мазмұнын кеңейтті. Мысалы, саяси көшбасшылардың қатарына ресми командалық қызмет атқармайтын, бірақ саяси өмірде танымал әрі ықпалды қатысушыларды, немесе тәуелсіз және жаңаша әрекет ететін аймақтық саяси жетекшілерді жиі жатқызып жүр.
Осымен байланысты «саяси көшбасшы» деп формальды лауазымына қарамастан, қоршаған ортаның күшін біріктіруге және өздерінің белгілеп, алға қойған мақсаттарына жету үшін бұл үрдіске белсенді ықпал етуге (қала, аймақ, ел аумағы шеңберінде) тырысатын және қабілеті бар кез келген саяси процеске қатысушыны айтамыз.
Саяси көшбасшы мәселесі белгілі бір саяси еркіндігі бар елде ғана пайда болады. Оның маңызды шарты – саяси плюрализм. Тоталитаризм және автократизм жағдайында саяси көшбасшы деген мәселе атымен болмайды да, мұнда билікке көшбасшылық заңы арқылы емес, «басып алу құқы» заңына сүйенгендер келетін тек диктатура мен номенклатура мәселесі ғана болады.
Осымен байланысты саяси көшбасшылар өз соңынан әр түрлі адамзат қауымдастықтарын – шағын, белгілі бір адам топтарынан бастап, мемлекеттік деңгейдегі қауымдастықтарын ертіп, ілестіреді. Сонымен саяси көшбасшылар қатарына көбінесе ұйымға, мемлекетке, жалпы қоғамға тұрақты және шешуші ықпал жасайтын тұлғаны жатқызады.
Саяси көшбасшылар халықтың небәрі 5%-ын құрайтыны белгілі. Саяси көшбасшыларды сипаттай келіп, олардың басым көпшілігі ер адамдар екенін айтпай кетуге болмас.
Үлгі-өнеге боларлықтай сирек кездесетін, мысалы, М.Тэтчер (Ұлыбритания), Г.Х.Брудтланд (Норвегия), Б.Бхутто (Пәкістан), И.Ганди (Үндістан) сияқты белгілі әйел-саясаткерлар де шықты. Бүкіл дүние жүзі мемлекеттерінің 40 мың депутатының небәрі 10%-ын әйелдер құрайды, олардың кейбіреуін ғана саяси көшбасшы деп санауға болады. Жалпы әлемде әйелдер саны еркектерден 1 % ғана кем.
Саясат әлемінде өзін мойындату үшін әйел адамға әдетте, әйелдікті сипаттайтын белгілермен шектеліп қалу жеткіліксіз. Консерваторлар партиясының саяси көшбасшысы болу үшін және кейінірек премьер-министр қызметіне келу үшін Маргарет Тэтчер қатаңдықты, тік мінезділікті, табандылықты көрсетуі керек болды. Сол үшін ол «темір леди» деген лақап атты иеленді. Сонымен қатар ол ерекше ерік-жігер, сендіру және қарапайым тілмен өзінің мақсаттарын баяндау қабілеттерін меңгерген. Ол жұмысқа айрықша қабілетті әйел адам.
Саяси көшбасшы феноменінің маңыздылығына және ерекшеліктеріне де көңіл аудару қажет. Мұны дүние жүзінің тарихи тәжірибесі көрсетумен қатар, Қазақстанның қоғамдық-саяси жағдайының қазіргі дамуы, елдегі әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени өзгерістердің сипаты, бағытталуы мен динамикасы, ағымдағы саяси процестердің мазмұны дәлелдеп отыр.
Саяси көшбасшы ұғымының басты құрамдас бөлімдеріне, біріншіден, саяси көшбасшының жағдайды дәл бағалай білу қабілеті, алда тұрған міндеттердің дұрыс шешімдерін таба білуі, қайсыбір шешімдерді жүзеге асыруда адамдарды жұмылдыру мақсатында олардың ақыл-ойы мен энергиясына ықпал ету қасиеттері, екіншіден, қайсыбір қауым мүшелері мен көшбасшының өзара әрекетінің ерекше механизмі ретінде, қауым мүшелері саяси көшбасшының шешімдері мен әрекеттерін қабылдап, белсенді түрде қолдау, оған саналы және өз еркімен бағыну жатады.
Саяси көшбасшы – бұл саяси процестерге жетекшілік ететін, қоғамды, саяси ұйымдарды немесе қозғалыстарды басқару функциясын жүзеге асыратын жай ғана адам (әйел, еркек) емес. Кім оқиға барысын және саяси процестердің бағытын өзгертуге қабілетті болса, сол – саяси көшбасшы. Сондықтан кез келген премьер-министрдің, монархтың, саяси партия жетекшісінің, әсіресе парламентарилердің саяси көшбасшы болу қолынан келе бермейді. Саяси көшбасшылар қоғамдағы саяси процестерді жандандырады. Олар қоғамның тарихи дамуының барысын анықтайтын бағдарламалар ұсынады. Нақты саясат – саяси процестердегі басты әрекет етуші, олардың негізгі ынталандырушы ретінде көрінетін саяси көшбасшылардың қатысынсыз ешқашан да жүзеге аспаған.
Осымен байланысты заң шығарушы органдардың көптеп саналатын депутаттары, саяси партиялар мен қозғалыстар жетекшілерінің мүшелері, жергілікті билік органдарының басшылары және т.б. саяси көшбасшылардың қатарына жатпайды, оларға тек саяси қайраткерлер ретінде қарайды. Саяси қайраткерлер – ол билік позициясын ұстаған және қоғамға, әлеуметтік топтар мен бірлестіктерге тұрақты әрі шешуші ықпал етуге қабілетті адам.
Саяси көшбасшылар саяси қайраткерлер мен бұқара халықтан өздерінің ерекшелігімен және қасиеттерімен дараланады. Оларды саяси өзінің және ізін қуушылардың саяси инициативалық әрекеті үшін жауап беруге әзірлік, жағдайды алдын ала көре білуге, сезінуге мүмкіндік беретін саяси интуициясы, қасиеттері, интеллектуалдық немесе эмоциональдық құралдар көмегімен адамдарды сендіру, соңынан ерту қабілеті сияқты сапалар айқын ерекшелейді. Әрине, осы сапалардың үйлесім табуы және көріну күші әркімде әрқалай. Сонымен қатар бұл көшбасшыны тікелей қоршаған оның потенциалдық мүмкіндігін күшейтетін немесе әлсірете алатын адамдарға көп байланысты. Көшбасшыға әсіресе, дамыған бюрократиялық немесе мойындалған ортақ нормалар мен қоршаған құрылымдық орта аса күшті ықпал етеді. Ол көшбасшысына белгілі бір тәртіп типін таңуға қабілетті.
Осыған орай саяси көшбасшы мәртебесі оның жеке басының сапаларымен анықталумен қатар, оның биік тұғырға көтерілуіне көмектескендердің мүдделерін қанағаттандыру қабілетімен де айқындалады. Көшбасшысына сыртқы ықпалдың басым болуы оның көшбасшы ретіндегі қажетті тәуелсіздігі мен ынта көрсетуін жойып, өзін қолдағандардың өзіндік «марионеткасына», «қуыршағына» айналады. Мұндай амал нақтылы саясатта кеңінен тараған. Мысалы, АҚШ-та Морган мен Рокфеллер кландарының, Францияда аса бай «екі жүз отбасының», Ресейде Р.Абрамович және басқа да белгілі олигарх топтарының тигізер ықпалы айтарлықтай үлкен.
Тарих көрсеткендей, ірі масштабтағы жарқын саяси көшбасшылар, әдетте, қоғамдық дамудың дағдарысты, түбегейлі өзгерту кезеңінде суырылып шығады[122]. Олар қоғамның үлкен қиыншылықтарды жеңуіне көмектесетін саяси және экономикалық бағдарламалардың инициаторлары және ұйымдастырушыларына айналады. АҚШ президенті Франклин Рузвельт осындай масштабтағы саяси көшбасшы, «американдық қайта құрудың» серкесі. АҚШ-тың жетекші саясаттанушыларының бірі Роберт Такер оны сирек кездесетін көрегендік және өзге адамдардың пікірімен санасу қабілеті бар саяси көшбасшы ретінде сипаттайды. Ф.Рузвельт өзіндік «ақыл-ой (ми) тресі» іспетті көрнекті мамандардан «команда» құрды. Солармен бірге ол капитализм тарихындағы аса терең экономикалық дағдарыстан елді алып шығудың бағдарламасын жасап, өмірде жүзеге асырды. Ф. Рузвелт дүние жүзілік деңгейдегі саяси көшбасшылардың санатына жатады. Дер кезінде БҰҰ құру тұжырымдамасын да ұсынды.
Саяси көшбасшылар туралы әңгіме еткенде қоғамдық өмірді жаңасына өткізетін саяси жағдайда қайта құратын қайраткерлер жөнінде айтылады. Саяси көшбасшының қарапайым қызметкерден, менеджерлерден, әр түрлі деңгейдегі басшылардан айрықшалайтын басты өлшем осы. ФРГ канцлері Гельмут Коль саяси көшбасшы ретінде тарихқа кірді. Оның күш-жігері мен ақыл-ойы ұзақ ғасырлар бойы мәдениеті, салт-дәстүрі, тарихы бір болған неміс халқының ұлттық тұтастығын қалпына келтіру іспетті тарихи оқиға ықпал етті. Сонымен бірге ол елдегі «үндемес көпшілікпен» жақсы байланыс орната алды және мәмілеге барды, маневр жасады.
Саяси көшбасшы – қоғамдық процестерге ықпал етуді тарихи белгілі бір өзгерістердің қажеттігіне негіздеп түсінген тұлға. Мысалы, Британияны Маргарет Тэтчерсіз көзге елестету мүмкін емес. Оның есімі елдің ұлттық саясатының бет-бейнесін өзгерткен «тэтчеризм» деп аталатын саяси доктринаға және саяси стильге берілді. Экономикалық өмірге мемлекеттің кең араласуын, әлеуметтік қамсыздандырудың қолайсыз жүйесін, әркімнің мүмкіндігін мемлекеттің шектеуін сынап, М.Тэтчер орта тапты дамытуға жан-жақты қолдау көрсететін, индивидуализмді және өз күшіне арқа сүйеуді бекітетін бәсекелестіктің басымдығын, рынок еркіндігін нығайтатын бағдарламаны ұсынды. Оның бағдарламасы мемлекеттің ролін рыноктық күштердің еркін ойыны үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз етуді белгіледі. Мемлекеттік сектор бірқатар қысқаруы тиіс болды. «Халықтық капитализм» қоғамдық құрылыстың идеалды типі деп жарияланды.
Жалпы мемлекеттік, жалпы ұлттық масштабтағы саяси көшбасшылар – бұлар мемлекет және үкімет басылары, ірі партиялардың жетекшілері, қоғамдық-саяси қозғалыстардың көшбасшылары, алуан түрлі қоғамдық бірлестіктердің бастаушылары. Оларды қоғам дамуының стратегиясын анықтау, үкіметті қалыптастыру, министрлер кабинетін бақылау жолдарымен және т.б. саясатқа нақтылы ықпал ету мүмкіндігі сипаттайды.
Осымен байланысты саяси көшбасшыларда негізгі үш: табиғи, адамгершілік және кәсіби сапалар болуы тиіс.
Саяси көшбасшылардың табиғи сапаларын мінез-құлық, ерік-жігер, шешімділік күші, сезімталдық құрайды.
Саяси көшбасшылардың адамгершілік қасиеттеріне қоғамдық міндетіне берілгендік, адалдық, әділдік, адамдарға қоғамды игіліктендіруге қамқорлық жасау саяды.
Өкінішке орай, саяси көшбасшылардың бәріне бірдей жоғары адамгершілік қасиеттер тән деуге болмайды. Саяси көшбасшылардың моральдық саналары туралы айтқанда XX ғасырдың адамзатты жағымсыз көшбасшылық құбылысымен таныстырған жағдайды еске салмасқа амал жоқ. Оған мысал – Адольф Гитлер. Ол тарихи сахнаға Германия үшін дағдарысты кезеңде шықты. Дағдарыстық жағдайдан елді алып шығудың ұрандары мен бағдарламаларын ұсыну арқылы Гитлер өзінің жағына ұлттың үлкен бөлігін тартты. Алайда сайлауда жеңгеннен кейін, ол елде фашистік диктатура орнатты, шамасы 50 млн адам өмірін қиған дүние жүзілік соғыс отын тұтандырды.
Саяси көшбасшының кәсіби сапаларына талдамалық қабілеті, жағдайға байланысты тез әрі дәл бағыт-бағдар анықтау шеберлігі, өзгенің пікіріне дәлелмен қарсы тұра білу, саяси шешім қабылдаудағы саяси ақылдылық, білгірлігі, шешендік өнерді меңгеруі, әзілді түсіну сезімі, сендіре білу қабілеті, энтузиазмге ояту, өзіне адамдарды көптеп тарта білу таланты және соңынан адам ерте білу ептілігі жатады.
Бұлармен қатар, саяси көшбасшылар үлкен беделге ие болуы тиіс, азаматтар арасында барынша танымал болуы керек. Сондай-ақ, практикалық жетістіктер мен табыстар арқылы өз қызметінің тиімділігін тұрақты түрде көрсетіп отыруы қажет.
Саяси көшбасшы өз мансабы процесінен топтарды ұйымдастыру, жетекшілік стильді, модельдерді ұсынудың үлкенді-кішілі әр түрлі типтерінің алмасуы арқылы өтеді. Егер адам белгілі бір ұйымдық жүйеде осындай алмасуларда өзін қайта құра алмаса, онда белгілі кезеңде оның жоғары қарай өрлеуі тежеледі де, көшбасшының одан арғы мансабы тоқтайтын болады немесе тек горизонтальды ғана дамуы мүмкін. Егер де ол әлеуметтендірудің талаптарына аса жоғары және жауапты саяси, әрі саяси процестерде тиімді әрекет етуге қабілетті болса, онда оның нәтижесінде әмбебап типке тез икемделіп, жан-жақты және күшті көшбасшы боп қалыптасуға қол жеткізеді.
Ірі саяси көшбасшы әрқашанда батыл, жарқын тұлға. Ол – коммуникативтік және шешендік қабілетінің арқасында танымалдыққа жетумен қатар, адамдардың мүдделері мен сұраныстарын білдіруге қабілетті адам. Халықтың үлкен қолдауынсыз және онымен тұрақты байланыс орнатпайынша саяси көшбасшының табысқа жетуі шамалы болады.
«Саяси көшбасшы» ұғымы мен «саяси көшбасшылық» түсінігі тығыз байланысқан. «Саяси көшбасшылық» ұғымы теориялық формада алғанда саясат саласында белгілі бір адамдар қауымына жетекшілік ету қызметінің ерекшелікті аспектісі. Бұл саяси билікті жүзеге асырудың механизмі және нақты тәсілдері. Саяси көшбасшылық серкеліктің жоғарғы деңгейін білдіреді, өйткені ол жоғарғы билік құрылымындағы саяси процестер мен қатынастарды көрсетеді, саяси пирамида шыңындағы саясаттың субъектісі мен объектісінің арасындағы биліктік қатынастарды белгілейді. Саяси көшбасшылық үшін көшбасшының адамдардың ақыл-ойына, еркіне, күш-қуатына, саяси белсенділігіне өз басының ықпал етуі тән. Сайып келгенде, саяси көшбасшылық, бұл – күрделі қоғамдық құбылыс, субъект қызметінің ерекшелікті типі қоғамдық қатынастар, әлеуметтік мәртебе және әлеуметтік институт іспетті саяси өмірдің осындай маңызды жақтарының өзара әрекетін көрсетеді. Саяси қоғамдық қатынастар саяси көшбасшылықтың бүкіл аспектілерін интегралдаудың бастамасы болып табылады.
Ғылыми әдебиеттерде «саяси көшбасшы» және «саяси басшы» ұғымдарды да бір-бірінен айырып қарастырады. Жоғарыда айтқанымыздай, саяси көшбасшы – белгілі бір әлеуметтік топтардың немесе жалпы қоғамның мүддесін білдіретін, әлеуметтік қауымдастықтардың қызметін біріктіретін және бағыттайтын, өз саясатын қолдауды және мойындауды қамтамасыз ететін тұлға. Көшбасшы тағайындалмайды, ұсынылады, сайланады, мойындалады. Барлық жағдайда ол көпшіліктің саясаткері болып қалады.
Осымен байланысты кез келген саяси жетекшінің саяси көшбасшы бола бермейтінін айтуымыз керек. Саяси басшының саяси көшбасшыдан айырмашылығы оның үстемдік – бағыныштық қатынастардың қатаң да формальді жүйесін қолдануында[123]. Саяси жетекшілікке ұсыну (жоғарылату) қатаң ережелер мен рәсімдерге бағындырылған. Ол әрдайым сол адамның белгілі бір қызметке, басшылық орынға сәйкес келуі немесе сәйкес келмеуінің кейбір формальді өлшемдерінің болуын ойластырған. Формальді сәйкестік талаптарымен қатар саяси басшылыққа жоғарылауға үміткер өзінің тағайындалуы жөнінде шешім қабылдайтын адамдарға бірде-бір жағымсыздық көрсетпеуі керек. Нәтижесінде көшбасшы сапаларынан жұрдай адамдар немесе көшбасшылыққа өз бейімділігін жасырып қалуға және оны өзіне пайдалы санаған уақытта ашуға қабілеті бар кісілердің жоғарылауға мүмкіндігі артады.
Саяси жетекшілер – бұлар саяси маңызды қызметте отырған немесе саяси маңызды рөлді атқарып жүрген мемлекеттік және партиялық аппараттың қайраткерлері. Олар мемлекеттік әр түрлі басқару органдарының және белгілі бір уәкілдік берілген басқа да саяси институттардың жетекші қайраткерлері болуы мүмкін. Қарапайымдау етіп айтқанда, бұлар жалпы мемлекеттік масштабтағы ірі чиновниктер.
Осындай мәнді айырмашылықтарына қарамастан саяси көшбасшылар мен саяси басшылар жоғарғы саяси басшылар мен қоғамды басқарушылардың көптеген ұқсас функцияларын орындайды да, жинақталып келіп жетекші топты құрады. Саясаттану зерттеулерінде осы топты белгілеу үшін «саяси басшылық» терминін де қолданады. Саяси басшылық, сөйтіп, мемлекеттік және әлеуметтік-саяси институттар аппаратында жоғары қызмет атқаратын саяси көшбасшылар мен қайраткерлерді өзіне қосып алған.
Саяси көшбасшы өзінің сапалық сипаттарын өзгертуге, басқа да ипостасиға айналуға қабілетті. Айталық, авторитарлық және тоталитарлық мемлекеттерден жақсы көрінгеніндей, жағдайды өзі көруіне қарай басшылық етіп, саяси салада қоғамдық пікірдің ықпалын жоққа шығаратын саясаткердің көшбасшылық рөлі тиранның немесе диктатордың тәртібіне айналып кетеді.
Осымен байланысты қоғамның қоғамдық-саяси өміріндегі саяси көшбасшылардың функциясы арнайы қарастыруды талап ететін ерекше мәселе. Саяси көшбасшылардың негізгі функциялары дегеніміз – интеграция, әлеуметтік патронаж, бұқараны жұмылдыру, биліктің заңдылығын қамтаммасыз ету, тиімді саясат жүргізу және т.б. Саяси практиканың көрсеткеніндей, саяси көшбасшылардың бірде-біреуі жоғарыда келтірілген функцияларды жоққа шығара алмайды. Көшбасшылар үшін қоғамдық жіктер мен топтардың мүдделері мен қажеттіліктерін дер кезінде байқап, дәл анықтау және өздерінің саяси бағдарламаларында оны белгілеу үшін олардың жүзеге асуын қамтамасыз ету принципті түрдегі маңыздылық болып саналады.
Радикалды қайта құруларды іске асыратын саяси көшбасшылардың қоғамдағы ролі зор. Демократияға өтуді жүзеге асырып жатқан қазіргі Қазақстан қоғамы үшін саяси көшбасшылар мәселесі айтарлықтай қызығушылық тудырып отыр. Себебі өтпелі қоғамдарда саяси көшбасшылар тұрақтылықтың, әр түрлі топтық мүдделерді интеграциялау факторлары ретінде, қайта құрудың бастамалары ретінде жаңа мағынаға ие болған еді. Мұндай жағдайда көшбасшылар саяси бағытты бір өзі бейнелейтін. Өйткені тек солар ғана қоғам дамуының стратегиясын қалыптастырды, оны жүзеге асырудың құралдарын анықтады.
КСРО ыдырағаннан кейін бұқаралық сана елімізге жаңа саяси көшбасшы қажеттігін сезінді. Қазіргі заманға сәйкес, сондай демократияшыл, рухани еркін жаңа саяси көшбасшы бейнесін Нұрсұлтан Назарбаев қалыптастырды.
Қазақстанның Президенті ретінде Н.Назарбаевтың билікке келуі бұқараның көңіл-күйіне үндес жаңа идеяларды іздестіруді талап етті. Бұрынғы саяси басшылықтың авторитарлық мәндегі көптеген әдістерін сақтай отырып, Н.Назарбаев қазақстандық ұлттың өзіндік санасының дәстүрлі құндылықтарына – әділдікке, адалдыққа, ұлттық егемендікке, мемлекеттік мүддеге жүгінді. Осы идеологиялық негізде жаңа саяси элита көшбасшысының бейнесі қалыптасты. Көркем де келісті, мәнерлі сөйлейтін, ашық жүзі мен мейірімді күлкісі қарапайым халыққа жақын, сонымен қатар оны саяси қайраткер ретінде ел үшін маңыздылығы, жоғары жауапкершілігі мен ақылдылығы ерекшелейді.
Сонымен қатар Н.Назарбевтың кеңестік тоталитарлық жүйені қиратудағы рөлі зор екенін атап өткен жөн. Енді қазіргі жағдайда оның көшбасшылық жасампаз күш-қуаты қоғам өмірінің әр түрлі саласындағы, атап айтқанда, ұлтаралық, конфессия аралық келісім орнату, халықтың көпшілігінің өмір деңгейінің шынайы артуы, экономикалық дағдарысты жою және т.б. жағымды өзгерістермен тікелей байланысты. Сонымен Н.Назарбаевтың және Қазақстанның өзге де саяси көшбасшыларының қоғамдық-саяси өмірдегі рөлі мен орнына әділ баға беру үшін уақыт қажет, тарих оларды көптеген жылдардан кейін ғана бағалай алады.
Сонымен бірге, менің ойымша, Қазақстанның әрбір саяси көшбасшысы кеңестік өткеннің барлық жақсыларын алып, нашарларын лақтырып тастауы тиіс. Әрбір саяси көшбасшы шет елге барғанда президентті немесе біздің еліміздің басқа да саяси көшбасшыларын сынамауы, жамандамауы керек. Себебі, ол саяси этика мен мәдениетке жатпайды.
Саяси көшбасшылардың қызметінде олардың басшылық жасау стилі аса маңызды. Басшылықтың саяси стилі көшбасшының тек қана даралығын көрсетіп қоймайды, оның айналасындағылармен өзара әрекеті сипатын, халыққа ықпал ету деңгейін, пайда болған проблемалар мен жұртшылық қажеттіктерін шешу тәсілдерін, саяси бағытты қолдау және жүзеге асыру әдістерін байқатады. Саяси стильдер тиімді және тиімсіз, авторитарлық және демократиялық та болады.
Саяси көшбасшылар саяси басшылықтың әр түрлі стилдерін қолданады. Олардың саяси басшылық стилі бес түрге бөлінеді: параноидальды, қыр көрсететін, компульсивтік, депрессиялық, шизоидальды. Жоғарыда аталған саяси стильдердің идеалды түрлері шынайы саяси практикада өте сирек кездеседі, олар көбінесе ағым ретінде көрінеді.
Жоғарыда барлық айтылғандардың негізінде мынандай қорытынды шығаруға болады: саяси көшбасшылардың мәні мен табиғаты дегеніміз – саяси процесте биліктік шешімдерді қабылдау мен жүзеге асыруда олардың маңызды рөл атқаруына ықпал ететін және қоғамдық, үкіметтік міндеттерін орындайтын топтардың, ұйымдардың, мемлекеттің, қоғамның беделді мүшелері.