Лекции.Орг


Поиск:




Категории:

Астрономия
Биология
География
Другие языки
Интернет
Информатика
История
Культура
Литература
Логика
Математика
Медицина
Механика
Охрана труда
Педагогика
Политика
Право
Психология
Религия
Риторика
Социология
Спорт
Строительство
Технология
Транспорт
Физика
Философия
Финансы
Химия
Экология
Экономика
Электроника

 

 

 

 


Саяси мәдениеттің типтері мен қызметі




Тарихта саяси мәдениеттің өзгеру процестерін, белгілі бір саяси қауымдастықтың саяси мәдениетінің ерекшелігін бейнелеу үшін саяси мәдениеттің типі деген ұғым енгізілген. Саяси мәдениеттің типі дегеніміз – тарихи уақыттың белгілі бір кезеңдерінде, белгілі бір тарихи ортада өмір сүрген қалыпты дағдыға ие, бір немесе бірнеше мемлекеттің шеңберіндегі оқиғалар мен саяси өрлеуге деген көзқарастары бірдей адамдардың барынша ортақ дағдылары мен саяси санасы болып табылады. Мұндай типтердің ерекшеленіп бөлінуіне негіз болатын объективті және субъективті факторлар болуы мүмкін.

Саяси ғылымда саяси мәдениеттің көптеген типтері бар екенін айта кету керек. Саяси мәдениеттің типтерін тұңғыш рет Американың әлеуметтанушылары Г.Алмонд пен С.Верб тереңдеп зерттеді. 1958 жылдан 1962 жылға дейін олар Ұлыбританияда, Батыс Германияда, Италияда, Мексикада және АҚШ-та саяси мәдениетті кең көлемде салыстыра зерттеу тәсілін қолданды. Олардың зерттеулерінің нәтижелері мен оның негізінде жасалған концепция «Азаматтық мәдениет» деген кітапқа енгізілді. Онда саяси мәдениеттің үш типі: патриархалдық, басыбайлылық және белсенділік ерекше бөлінді.

Саяси мәдениеттің патриархалдық типіне жергілікті құндылықтарға – қауымдастыққа, руға, рулық қауымға, деревняға, тайпаға т.с.с. азаматтардың бағдар алуы тән болып келеді. Сонымен патриархалдық мәдениетті ұстанған адамдар белгілі бір тұлғаға, көсемге, шаманға бағдар ұстанады. Мұндай қауымдастық мүшелерінің саяси жүйе туралы білімнен хабары болмайды, олардың саяси бағдары экономикалық және діни бағдардан ажырамаған. Сондықтан патриархалдық мәдениетті ұстанған адамдар саяси жүйеден ештеңе күтпейді. Мысалы, Африкадағы тайпаларға патриархалдық саяси мәдениет тән. Оларда атқаруға тиіс арнайы саяси роль деген болмайды. Жергілікті көсемдер мен шамандардың орталық үкіметпен ешқандай қатысы болмайды да, олармен қарым-қатынасы белгілі бір нормалармен айқындалмайды. Патриархалдық саяси мәдениет индустриальды дамушы елдерде де сақталып қалуы мүмкін. Мұндағы азаматтардың көпшілігінің көзқарасы өздерінің өңірлері, тұратын қалалары т.с.с. шеңберінен аспайды.

Саяси мәдениеттің басыбайлылық типі дегеніміз – мәдениеттің тәуелді және бағынышты болуы. Саяси мәдениеттің басыбайлы типі саяси институттары, мекемелері мен ұйымдары және т.с.с. бар қоғамдарға тән. Алайда мұндағы саяси билік «жоғарыдан төменге» деген саяси нормаға айналып, игілікке бөленемін немесе жазалауға ұшыраймын деген оймен жоғарғылардың әмірін орындаушылық саяси дағды болып қалыптасады. Мұндай саяси мәдениет азаматтардың саяси белсенділігі барынша төмен дәрежедегі қоғамда орын алады. Ол негізінен бәсең сипатқа ие және адамдарды саяси жүйеге қатысудан шеттетеді. Сөйтіп, адамдар мұнда саяси саналы бола тұра тек қалыптасқан дәстүрді ғана бағдарға алады.

Саяси мәдениеттің белсенділік типі дегеніміз индивидтердің саяси өмірге белсене қатысуымен ерекшеленетін саяси мәдениет болып табылады. Мұнда азаматтар сайлау арқылы өздерінің мүддесін білгірлікпен қорғайды. Мүдделер тобы, партиялар саясатты қалыптастыру процесіне ықпал етеді. Сонымен қатар олар саяси жүйеге өздерінің адалдығын, заңға мойынсұнушылығын және қабылданған шешімдерді құрметтеуін аңғартып отырады.

Алайда, саяси мәдениеттің мұндай типтері өмірде таза күйінде кездесе қоймайды[109]. Олар қай уақытта болсын, қай елде болсын бір-бірімен араласып, бірін бірі ығыстырып жатады. Сондықтан да Г.Алмонд пен С.Вербтің пайымдағанындай өмірде олар араласқан түрде көрініс береді. Мысалы, нақты өмірде саяси мәдениеттің патриархалдық және басыбайлылық типтерінің элементтері патриархалды-басыбайлық тип болып, саяси мәдениеттің патриархалдық және белсенділік-патриархалды-белсенділік тип болып, саяси мәдениеттің басыбайлылық және белсенділік-басыбайлы-белсенділік типі болып қалыптасады.

Маркстік әдебиетте, ішінара саяси мәдениет көбінесе дәстүрлік, сословиелік, буржуазиялық, социалистік, т.с.с. болып бөлінеді. Сонымен қатар әдебиетте саяси мәдениет демократиялық, авторитарлық, авторитарлық-патриархалдық, тоталитарлық, сондай-ақ, архаикалық, элитарлық, өкілділік, жоғары азаматтылықтың саяси мәдениеті т.с.с. болып өзге типтерге де бөлінеді.

Саяси мәдениеттің барынша кең тараған түрі авторитарлық, тоталитарлық және жаппай көпшілік саяси мәдениет болып табылады. Саяси мәдениетте өзіндік ерекшелігі бола тұра авторитарлық және тоталитарлық саяси мәдениеттің көптеген ортақ белгілері болады. Сондықтан да әдебиетте олар көбінесе бірге сипатталады. Саяси мәдениеттің авторитарлық және тоталитарлық түріне бір жағынан қоғамдық санаға үстемдік жасайтын көріністер, идеялар, наным-сенім, көсемдердің, адамдар тобының, т.с.с. ерекше қабілеті тән болып келеді. Екінші жағынан мұндай саяси мәдениет адамдардың ортақ қасиеттерінің ерекшелігі билік ететін көсемге, адамдар тобына, партияға, т.с.с. адамдардың саяси іс-әрекетінде басым болып келеді. Мұндай саяси мәдениетке бір мақсатқа жетуге, қарым-қатынастың бірқалыпқа түсуіне және оның іс-әрекетіне, жеке тұлғалардың топтардың ішіне араласып кетуіне, т.с.с. қол жеткізу үшін материалдық, интеллектуальдық және өзге ресурстарға бағыныштылығы тән.

Жаппай көпшілік саяси мәдениет жалпы алғанда бұқара халықтың пайдалануына есептелген мәдени құндылықтар өндірісі түрінде болатынын көрсетеді. Сонымен қатар, жаппай көпшілік саяси мәдениет дегеніміз адамдардың саяси іс-әрекетті тұтынушылығын барынша енжарлы қалыптасатындай болуға және нарық заңы бойынша қалай болса солай пайдаланылатын идеологиялық «рецепт» болуға есептелген – баға берудің, құндылықтардың, дағдылардың үлгілерінің, т.с.с. жиынтығы болып табылады. Жаппай көпшілік саяси мәдениет көбінесе қоғамның жоғары тобына тән элитарлық саяси мәдениетке қарама-қарсы (антикод) ретінде қарастырылады. Шын мәнінде мұндай мәдениеттердің ортақ жағдаяттары аз емес. Мұндай саяси мәдениетті ұстанушылардың түсінігі әдетте өмір шындығын бұрмалауға саяды. Бұл екі саяси мәдениет сән үлгісі мен жарнамадан ажырамайтын тұтынушылық идеясымен тікелей байланысты болып келеді.

Шынайы демократиялық саяси мәдениетке адамдардың қамтамасыз етілуі мен құрметтелу құқы және еріктілігі, халықтың мемлекеттік және қоғамдық істерді басқаруға шынайы қатысуы, шын мәніндегі халық билігінің орнығуы тән болып келеді.

Саяси өмірді қалыптастырудың басым механизмі бойынша саяси мәдениет нарықтық және этатистикалық (мемлекеттік-бюрократтық) болып бөлінеді.

Саяси мәдениеттің нарықтық типі –саясат дегеніміз – бизнестің түрі» деген мәнде түзіледі. Онда саясаткер дегеніміз бизнесмен, олардың мақсаты барынша пайда алуға қол жеткізу болады. Саяси шешім дегеніміз ынталы жақтардың арасындағы сауда келісімі, саяси мәселелер сату-сатып алу тұрғысынан қарастырылады. Ал, барлық саяси өмір өзара міндет бөлісу жүйесіне негізделіп, саяси партиялар немесе қысым жасаушылар тобы арқылы жүзеге асырылатын жеке мүдделердің орнығуы дегенге саяды. Мемлекеттің рөлі мынандай тұжырыммен түсіндіріледі: «Жақсы үкімет дегеніміз – барынша аз мөлшерде билік ететін үкімет». Осы тұрғыдан алғанда нарықтық саяси мәдениеттің өзіндік сипаты бәсекелестік күреске күшті бағдар алу және барынша айқын көрінетін индивидуализм болып табылады.

Этатистикалық саяси мәдениеттің шеңберінде ең басты роль саяси өмірді ұйымдастыруға және оған жекелеген адамдар мен мемлекеттік институттардың, яғни барлық саяси мәселелерді шешуге ең бірінші кезекте мемлекеттің іс-әрекеті байланысты болатын жағдайларды анықтауға саяды. Бұл өз кезегінде бәсекелестік күреске бақылау орнатып, мүмкіндігінше оны шектеп, саяси қақтығыстарды барынша азайтып, жекелеген адамдар мен топтардың мүдделерінен мемлекеттік мүддені басым етуді орнықтыру болады. Тұтас алғанда саясат «жақсы қоғам» іздестірудегі мемлекеттік қызметтің бір түрі ретінде қарастырылады, мұндағы мақсат – әлеуметтік әділеттілік. Саяси мәдениеттің этатистикалық типі, мәселен, Швеция мен Германияға тән болып келеді.

Жағрафиялық жағдайға, тарихи дамуға орай, ірі саяси оқиғалардың ықпалымен тек қана белгілі бір өңірлердің немесе жекелеген елдердің саяси мәдениетіне тән өзіндік ерекше белгілер қалыптасады. Мәселен, американдық саяси мәдениеттің сипатына саяси іс-әрекеттің нақты мақсат бағдары, оның рухани сипаты, саяси іс-әрекетке қатысушылардың прагматизмі, бәсекелестіктің тұрақты жағдаяттары тән болып келеді. Жапонияның саяси мәдениетіне қазіргі кезеңде либералды-демократиялық үлгідегі дағдысы бар дәстүрлі құндылық бағдары тән екендігі байқалады. Ресейдің саяси мәдениеті саяси белсенділіктің басым көрініс табуымен ерекшеленеді. Ол органдардың, саяси радикализмнің ұжымдық ұйымдастырылуы арқылы көрінеді.

Елдің немесе қоғамның саяси мәдениеті мүлде біркелкі болуы мүмкін емес екенін айта кеткен жөн. Түрлі қауымдастықтардың мүдделерінің алуан түрлілігі бір-біріне ұқсамайтын саяси мәдениеттің үлгілерін туындатады – мұндай үлгілер барлық елдерде болатын субмәдениет болмақ. Субмәдениеттер дегеніміз – жекелеген әлеуметтік жіктердің, топтардың саяси мәдениеттері. Олардың саяси ұстанымдары, идеялары, құндылықтары және дағдылары қоғамда жетекші болып келе жатқандарынан айтарлықтай ерекшеленеді. Сонымен қатар әрбір саяси субмәдениет бүтіндей алғанда қоғамның саяси мәдениетін білдіреді. Демек қоғаммен бірге оның субмәдениетінің де өзіндік ерекшелігі болады. Мәселен, ірі қалалар тұрғындарының саяси субмәдениетінің ауыл тұрғындарының субмәдениетінен айырмашылығы болады. Жастардың саяси субмәдениеті өзіндік ерекшелікпен айтарлықтай айырмашылыққа ие. Жастарға олардың санасында мүмкіндігінше қарым-қатынас жасау, өмір сапасы және өзге де құндылықтардың басым болуы тән.

Саясаттануда барынша айқын көрінетін мынандай саяси субмәдениеттің типтері болатынан айта кеткен жөн: аймақтық, әлеуметтік-экономикалық, этнолингвистикалық, діни, жас мөлшеріне орай[110].

Белгілі бір аймақта өзіндік саяси субмәдениет болады, сөйтіп ол елдің түрлі өңірлеріне түрліше болып орнығады. Аймақтың саяси мәдениетіне мынандай жәйттер: ауа райы, белгілі бір табиғи ресурстар, осы аймаққа тән экономикалық кәсіптер, олардың жалпы жүйедегі еңбек бөлінісіндегі орны айтарлықтай ықпал етеді. Мұның өзі адамдардың өмір салтына, ортақ мәдениет дәрежесіне және олардың саяси-мәдени дәрежесіне ықпал ететіндей экономикалық айырмашылықты туындатады.

Әлеуметтік-экономикалық саяси субмәдениеттер қоғамда түрлі топтардың – әлеуметтік топтардың, таптардың болуы арқылы орнығады. Бұларда түрлі экономикалық деңгей мен өмір салтындағы айырмашылықтар болып, олар саяси өмірде ерекше маңызға ие болады. Мысалы, кәсіпкерлік топтар үшін экономикалық еркіндік, тұрақтылық, мемлекетке азаматтық қоғам тарапынан бақылау, қабылданған шешімдерге қатысу барынша өзекті саяси құндылықтар болып табылады.

Этнолингвистикалық саяси субмәдениеттер тілмен, тиісті әлеуметтік топтардың этникалық ерекшеліктерімен байланысты болады. Саяси мәдениетке мұндай топтардың ықпал етуі этникалық сана-сезімі және ұлттық сипаттың ерекшелігі арқылы айқындалады. Этникалық факторларға қатысты алғанда мұндағы саяси құндылықтар, құрметтеу және бағдарлау екінші орында тұрады.

Діни саяси субмәдениеттер адамдардың белгілі бір тобының ортақ мәдениетінің негізгі элементтерінің бәріне дін кіріккен жағдайда пайда болады.

Жас мөлшеріне орай болатын саяси субмәдениеттер түрлі ұрпақ өкілдерінде түрлі саяси құндылықтар жүйесінде көрінеді. Негізінен бұл субмәдениеттер саяси жетілген қоғамда болады. Өмірде ескіріп, қолданыстан шығып қалған саяси жағдаяттың тұсында қалыптасқан аға ұрпақтың саяси мәдениеті жастардың саяси ұстанымы жүйесінен бөлектеніп, ескі саяси режимді көксейтіні байқалады. Тұрақты жүйеде жас айырмашылығы саяси мәдениетке айтарлықтай аз ықпал ететін көрінеді.

Қоғам үшін және саяси жүйе үшін саяси мәдениеттің маңызы оның қызметі арқылы көрініс беретінін айтқан жөн. Олар негізгі және қосалқы, жалпы және нақты бола отырып, адамдардың және қоғамдық құрылымдардың саяси іс-әрекетін білдіреді. Ғылыми әдебиетте саяси мәдениеттің мынандай қызметі: танымдық, социализаторлық, аксиологиялық, интегративтік, коммуникативтік, нормативтік, реттеушілік, тәрбиелік және басқалары ерекшеленіп көрсетіледі.

Саяси мәдениеттің танымдық қызметі саяси мәдениетті ұстанушыларды қамтамасыз ететін саяси білімнің барлық жиынтығын қамтиды. Саяси мәдениеттің танымдық қызметі саяси құбылыстардың мәнін түсінуге бейімдей отырып, саяси іс-әрекеттің шеңберін, құқық пен еріктіліктің қолданылу дәрежесін, қоғам өміріндегі саясаттың міндетін, өзге саяси жүйені салыстыру арқылы ұғыну мүмкіндігін туындатады.

Саяси мәдениеттің социализаторлық қызметі белгілі бір саяси сапаны, дағды тәсілдерін, белгілі бір саяси жүйеге бейімдеп, билік орындарының сол кезеңдегі жүйеге қатысты қызметінде өзінің мүддесін қорғай білуді қалыптастырады. Саяси мәдениеттің социализаторлық қызметі отбасы, мемлекет, саяси партиялар, бұқаралық ақпарат құралдары, шіркеулер, мектептер, мешіттер, әскер және т.с.с. әлеуметтік институтар арқылы да жүзеге асып отырады.

Саяси мәдениеттің аксиологиялық қызметі адамдардың күрделі саяси жағдаяттарда қолайлы бағыт алуымен байланысты болады. Саяси мәдениетті меңгерудің көмегімен саяси өмір жағдайында саяси оқиғаларға баға беру және саяси дағдының үлгілерін таңдау жүзеге асады. Мұндайда түрлі тарихи кезеңдерде, адамдардың, алуан түрлі әлеуметтік топтардың саяси баға беруге деген өзіндік көзқарасы болатыны мүмкін болса керек. Мұндай бағыттың ауқымында адамдардың құрмет тұтатын нәрселері мен өздерінің құқы мен міндеттерін жүзеге асыру құралдарын, соған сәйкес бағалай білуге ұмтылысын сипаттайтындай бағдар ұстану қызметін бөліп қарастыруға болады. Мұнда өзіндік жеке тұлғалардың саяси дағдысы үшін қандайда бір баға беру қалыптасатындай өзіндік ұсыныс-пікірге ие болатындай дәрежеде айқындалады.

Саяси мәдениеттің интегративті қызметі белгілі бір көзқарасты және саяси қарама-қарсылықты реттеуді бағдарға ала отырып, түрлі саяси топтар арасында келісімге қол жеткізу мүмкіншілігін қамтамасыз етіп, жүйенің тұрақтылығына қолдау көрсетіп отырады. Саяси мәдениеттің интегративті саяси қызметі тәжірибелер ортақ болғанда және тарихи тағдырға орай көрініс беріп орнығады. Саяси мәдениет басқарудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Саяси мәдениеттің коммуникативті қызметі саяси процестерге қатысушылар арасында байланыс орнатуға мүмкіндік жасайды, сондай-ақ саяси мәдениет элементтерін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыра (бере) отырып саяси тәжірибелерді молықтыра түседі. Саяси мәдениеттің нормативті қызметі қабылданған құндылықтар, ережелер, саяси дағды-тәсілдер негізінде саяси іс-әрекеттерді реттеп отырады. Бұлардың басым бөлігі елдердің заңдары мен Конституциясында құқықтық норма болып орнығады.

Саяси мәдениеттің реттеуші қызметі қоғамдық санаға қажетті саяси құндылықтарды, ұстанымдарды, мақсаттарды, дағдының себептері мен нормаларын қалыптастырып орнықтырады. Мұндай процесте саяси ойлау тәсілі, тұрақты дәстүрлер мен көзқарастар, барынша мәнді саяси идеялогияның қоғам арасында таралуы және т.с.с. ерекше маңызды болады.

Саяси мәдениеттің тәрбиелік қызметі саяси мәдениеттің табиғатының өзінде болып, оның гуманистік бағытын бейнелейді. Осы қызмет өте күрделі де ізгі өнер[111]. Адамдардың ойлау процесі мен практикалық қызметінде өткен кезеңдегі саяси тәжірибелер мен қазіргі заманғы білімді меңгере отырып, оларды тиімді пайдалануда білгірлігі мен дағдысы қалыптасады, мұндай қасиет өзге адамдармен қарым-қатынас жасағанда үнемі жетіліп отырады. Сонымен қатар мұндайда адам өзін саясаттың толыққанды субъектісі санап, өзін-өзі тәрбиелей отырып, өзгелерді тәрбиелеуге ықпал етеді. Саяси мәдениеттің тәрбиелік маңызы унификациялық және қайта қалыптасу қызметінде байқалады. Мұның біріншісі жалпылама көрініс беріп, белгілі бір мөлшерде біркелкі саяси деңгейде, қалыпты жағдайда саяси өмірге өзгелермен бірдей қатысқанда байқалса, ал, екіншісі шығармашылық кезінде саяси оқиғалардың әлеуеті-күші өзгергенде және олардың бүтіндей орталығы өзгеріске түскенде аңғарылады. Мұнда оның бірінші қырында саяси қызметке қатысушылардың өзін-өзі жетілдіру қажеттігі туындағанда орын алады. Ал, екінші жағынан қарастырғанда өзінің саяси құқын, амбициясын жүзеге асыру жағдайларын жақсарту үшін болатын қайта бейімделу қызметін бағдар етеді.

Саяси мәдениет қызметтері объективті сипатта болатынын айта кеткен жөн. Олар қоғамдық жүйенің тарихи даму барысында сомдалып, орнығып қалады. Алайда, оның қызметіне өзі және қызметтің барлық жиынтықтары нақты саяси жүйеде өзгеріске түсіп, түрлі тарихи жағдайларға орай қызметтің бір түрі жойылып, екіншісі пайда болады. Мұның бәрі саяси мәдениет қызметін талдауға байланысты теориялық және практикалық мәселелердің күрделі екенін көрсетеді, сондай-ақ қоғам өмірінде саяси мәдениеттің қалыптасуы мен дамуының маңызы зор екенін білдіреді.

 





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2016-11-12; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 3715 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

В моем словаре нет слова «невозможно». © Наполеон Бонапарт
==> читать все изречения...

2174 - | 2121 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.009 с.