Саяси элиталардың қалыптасуы мен ауысуы мәселесін дұрыс түсіну үшін ең алдымен олардың пайда болу себептерін анықтау қажет. Саяси элиталардың пайда болуы үшін керекті белгілі бір объективтік алғы шарттар, яғни себептер бар. Бұл алғы шарттарды үш деңгейге бөлуге болады. Бірінші деңгейді қоғамдық еңбек бөлінісі және қоғамның әлеуметтік стратификациясы іспетті себептер құрайды. Еңбек бөлінісі заңы және онымен байланысқан қоғамның әлеуметтік стартификациясы әр түрлі топтар, жіктер орындайтын әлеуметтік функциялардың жіктелуіне септігін тигізеді. Қоғамның өмір сүруі тек еңбек бөлінісінің арқасында ғана мүмкін, әрбір әлеуметтік топ, жік бүкіл әлеуметтік организм үшін аса өміршең маңызды міндеттерді шешуді жүзеге асырады: бірі материалдық игіліктерді өндірумен айналысса, екіншілері – рухани құндылықтарды жасайды, үшіншілері – басқарады және т.с.с. Қоғамдық организмның қалыпты өмір сүруі үшін барлық қызмет түрлерін барынша үйлестіру қажет. Бірақ олардың кейбіреуі осы организм тұрғысынан аса маңызды деп саналса, басқаларының маңыздылығы олардан төмендеу болуы ықтимал. Әлеуметтік функциялар иерархиялары негізінде оларды атқаратын иерархиялық топтар, жіктер мен таптар қалыптасады. Әлеуметтік пирамиданың шыңына жалпы жетекшілік пен басшылықты іске асыратындар отырғызылады, өйткені тек осы функциялар арқылы әлеуметтік организмнің бірлігі қамтамасыз етіледі, өзге де функцияларды табысты орындау үшін қажетті алға шарттар жасалады. Сайып келгенде, элиталардың өмір сүруі басқару еңбегінің қоғамдық маңыздылығының жоғарылылығымен және оның жеңілдіктер жүйесі түрінде ынталандыру және басқа да формалармен түсіндіріледі.
Ынталандырудың мұндай формасы мемлекетті басқарудағы қызметке жоғары уәждеме жасау үшін барлық саяси жүйелерде қолданылады. Алайда, бұл жерде қоғамның, мемлекеттің ұсынған уәждемесі ғана көрініп қоймайды, сонымен бірге жеке адамның «жоғарғы» көтерілуі, мемлекеттегі басқарудағы командалық позицияға жетуге деген құлшыныс ішкі уәждемесінен байқалады. Саяси-басқарушылық еңбек құндылықтар мен ресурстарды бөлумен тікелей байланысқан. Саяси-басқарушылық еңбекті пайдаланудың кең мүмкіндігі маңызды ынталандыру болып табылады. Демек ол басқару элиталарының өмір сүру факторы болып саналады.
Әлеуметтік теңсіздік дегеніміз – мәртебелер теңсіздігі. Мұндай теңсіздік экономикалық себептермен де орнығады. Меншігі бар жеке адамдар және топтар, ең алдымен өндіріс құрал-жабдықтарын меншіктенгендер, басқару саласында, материалдық игіліктерді бөлу және тұтыну саласында үстемдік жағдайға жетеді[118].
Сонымен бірге мұндай теңсіздік жеке адамның қайсыбір әлеуметтік рөлді атқару қабілетінен де келіп шығады. Атап айтқанда, жетік басшының рөлі жоғары интеллектуалдық және ерік-жігер сапаларын, басқару қызметі жөніндегі көлемді білім мен дағдыны талап етеді. Алайда, адамдардың қабілеттері табиғатынан бірдей емес. Сайып келгенде, адамдардың табиғи дарындылығы, психологиялық теңсіздігі қоғамның элита және бұқара болып бөлінуінің екінші маңызды алғы шарты болып табылады.
Жалпы әлеуметтік және психологиялық факторлармен қатар саяси элиталардың пайда болуы мен өмір сүруіне ұйымдық факторлар да септігін тигізеді. Мемлекеттің ұйым ретінде өмір сүруі билік иерархиясының пайда болуына әкеп соқтырады. Ұйымдардағы билік жүйесі пирамида тәріздес, оның шыңына басқару жүйесі орналасады да, төменіне басқару жүйешелерінің ә түрлі баспалдақтары орнығады. Осы иерархия базасында төменгі буындардың жоғарғы лауазымды құрылым мен адамдарға бағынуын негіздеген өзіндік қызмет тәуелділігі сатылары қалыптасады. Ұйымдағы иерархиялық бір-біріне бағынушылық ортақ мақсатқа жетуді қамтамасыз етеді, ұйымға тұрақтылық пен тиімділік әкеледі. Сайып келгенде, ұйымның өз принципі мемлекетті, партияны, кәсіподақты және т.б. басқарушы азшылық пен басқарылатын көпшілікке бөледі. Басқарушы азшылық дегеніміз ұйымдардың көшбасшылары және әкімшілік (бюрократиялық) аппарат. Ғалымдардың пікірінше, бюрократиялық ұйымның бірден-бір сипатты белгісіне осы аппараттың яғни басқарушылардың шағын тобының қолына биліктің шоғырлануы жатады. Биліктің мұндай шоғырлануының бастапқы қайнар көзі осы әлеуметтік топтың өкілдері игерген басқару жөніндегі мамандандырылған білімнің үлкен рөлінде болып отыр. Маман еместер тарапынан оған бақылау жасау өте шектеулі дәрежеде ғана жүреді.
Осыдан салыстырмалы түрде бюрократияның өмір сүру дербестігі, оның қызметін тұйықтауға тырысуы және ұйымдардың өз шағын топтық мүдделерін мақсат етіп қоюы келіп шығады. Сонымен, билеуші элитаның басты мақсаты – өзінің қажеттіліктерін қанағаттандыру және топтық мүдделерін қорғау. Билік тетіктерін меңгерумен, онда өзінің монополиясын сақтауға тырысумен, қандайда болмасын элитаның позициясын жұмылдыру және орнықтырумен, демек оның әр мүшесінің позициясын нығайтумен байланысқан билеуші элита мүшелерін, ең алдымен мүдде біріктіреді.
Соңында айтарымыз, қоғамның саяси саласының өмір сүру ерекшеліктерінен келіп шығатын таза саяси факторлардың болуы саяси элитаның пайда болуына ықпалын тигізеді. Саясат жаппай қызығушылық танытатын сала емес. Адамдардың көпшілігі үшін саясатқа араласу жанама іс қана. Белсенді саяси қызметпен, әдетте, азшылық айналысады. Сайып келгенде, басты өмірлік мүдделері саясаттан тыс жатқан бұқара халықтың саяси енжарлығы саяси элитаның өмір сүруінің маңызды факторы болып табылады. Тіптен ең дамыған демократиялық елдердің нақты саяси практикасында бұқара халықтың саяси шешім қабылдау үрдісінен және саясатқа бақылау жасаудан қол үзуі жоғары дәрежеде. Халық билігі мен халықты басқару бөлінген.
Бұл жерде саяси билік технологиясының саяси институттардан өз функцияларын қысқа мерзімде орындауды талап етуі шешім қабылдау кезінде халықпен кеңесу механизмін шұғыл шектеуге тірейтіні біршама рөл атқарады. Сондай-ақ, көптеген саяси шешімдерді дайындау арнайы кәсіби білімді талап ететіні де аса маңызды. Бұл билікке «төменнен» бақылау жасауды қатаң шектейді.
Саяси элиталардың пайда болу алғы шарттарынан олардың қалыптасуы мен дамуы келіп шығады. Саяси элиталарды қалыптастыруда олардың құрамын толықтыру жүйесі аса маңызды саналады. Элиталарды толықтыру жүйесі – бұл қажетті өлшем-бірліктерді, тәртіпті және іріктеуді іске асыратын адамдар құрамынан тұратын элита өкілдерін сұрыптау механизмі.
Ғылыми әдебиеттерде саяси элиталардың құрамын толықтырудың (қалыптастыру және жаңарту) екі негізгі жүйесі: «антрепренерлік» деп атайтын ашық және «гильдия жүйесі» деп аталатын жабық жүйелері қарастырылған. Бұлар таза күйінде өте сирек кездеседі. Ашық жүйе демократиялық мемлекеттер үшін тән болса, жабық жүйе авторитарлық, тоталитарлық мемлекеттерге тән құбылыс.
Саяси элиталардың ашық жүйесі әр түрлі қоғамдық топтар өкілдерінің вертикальді қозғалу мүмкіндігін сипаттайды. Ол жоғары бәсекелестікпен, өткір қарсыластықпен, ұсынылатын кандидаттар санының көптігімен, аздаған формальды шектеулермен және талаптармен, маңызды тұлғалық сапаларымен, қоғамдық белсенділігімен, тартымды идеяларымен және бағдарламаларымен еліктіру қабілетімен элитаның құрамына халықтың әр түрлі әлеуметтік топтарынан, саяси партиялар мен қозғалыстардан пропорционалдыққа жету мүмкіндігімен айрықшаланады.
Саяси элиталардың жабық жүйесі көптеген формальды «сүзгіштерден» құралып, ол салыстырмалы түрде аз ғана кандидаттардың болуын, қызмет иерархиясының барлық баспалдақтарында олардың бірте-бірте көтерілуін және лауазымды қызмет үшін жоғары талаптарды орындауды талап етеді. Саяси элиталардың ашық жүйесіне қарағанда ол кейде әйгілі бірегей тұлғалардың қызмет бабында көтерілудегі жолын бөгейді және саяси басшылықтың құрамына, әдетте, қажетті кәсіби тәжірибесінің болмауына байланысты жетік емес адамдардың баруына да тосқауыл қояды.
Саяси элиталарды құрамын толықтырудың (қалыптасу, жаңарту) екі жүйесінің жағымды және жағымсыз жақтары болатынын айтуымыз керек. Ашық жүйе (антрепренерлік жүйе) – жас көшбасшыларға және жаңашылдыққа жол беретін жүйе. Алайда, ол үлкен тәуекелдік пен кәсібисіздікке, саясаттағы әлсіз болжаушылыққа, көшбасшыларының сыртқы эффектімен әуестенуіне әкеп соқтырады. Жабық жүйе (гильдилық жүйе) шешімнің байсалды, үлкен кәсіби, мейлінше дау-дамайсыз, саясаттағы болжаушылықпен сипатталады. Оның басты құндылықтары: келісім, кәсіби тәжірибе, сабақтастық, тұрақтылық. Сонымен қатар саяси элиталардың жабық жүйесі бюрократиялануға, консерватизмге және күрделі ішкі иерархия жасауға бейім келеді. Бәсекелестік механизмдерді қолданбайынша ол саяси элитаны тоқырап қалуға жеткізеді, оны жеңілдіктері бар кастаға айналдырады. Сондықтан саяси элиталардың алмасуы қажетті нәрсе[119].
Саяси элиталардың алмасу процесі: өзгеріске баяу және шектеулі формада немесе саяси элита мен контрэлита арасындағы белсенді де шешуші күрес іспетті екі тәсілмен жүреді. Кезінде Г.Моска саяси элиталар эволюциясы «ақсүйектік» және «демократиялық» ағымда болу мүмкіндігін атап көрсеткен еді. Бұлардың алғашқысының басым болуы, оның пікірінше, элиталық жіктің «жабылуын және кристаллизациялануын», элитаның тоқырауын және оның өзін-өзі ұдайы өндіруі арқылы қайта туындауын білдіреді, бірақ бұл жаңа қоғамдық күштердің онымен белсенді күресіне сөзсіз әкеп соқтырады. Екінші ағымның үстем етуі саяси элитаның тиімді басшылық етуіне қабілетін арттыратын төменгі жіктен шыққан қабілетті адамдардың тұрақты толығуы есебінен элитаны жаңалау мүмкіндігімен байланысты.
Контрэлита тұжырымдамасын тұңғыш ұсынған В.Парето элитаның оқтын-оқтын ауысуын немесе «айналып жүруін» сөзсіз қажет деп санады. Өзінің әлеуметтік мәртебесіне немесе басқа да кедергілердің болуына байланысты жетекші функцияларға кіруге қолы байланған контрэлитаны ол саяси элитаның бір бөлігі ретінде қарады. Элитаның айналып жүруі, В.Паретоның пікірінше, билеуші элитанаң тұйықтану нәтижесінде сапасының заңды нашарлауы және контрэлитаның санасының артуы себептеріне байланысты.
Қазіргі кезде Батыстың саяси ғылымында контрэлитаны көбіне-көп билеуші элитамен бәсекелес демократиялық қоғамның саяси тобы ретінде, ал элита алмасуын табиғи бәсекелестік күрестің нәтижесі ретінде қарастырады. Мұндай көзқарас өзінің көрінісін демократиялық элитизм тұжырымдамасынан (Д.Даль) тапқан. Элитанаң құндылықтар теориясын жақтаушылар элитанаң контрэлитаға айналу мәселесін қоғамның бағыт-бағдар құндылықтарының өзгеруі нәтижесінен көреді. Маркстік теорияда жетекші жіктің алмасуы тап күресінің көрінісі, ескі үстем етуші тапты құлатудың нәтижесі және оны жаңамен, төңкерісшілмен және алдыңғы қатарлымен ауыстыру ретінде қарастырылады.
Сайып келгенде, қазіргі саясаттану қоғамда саяси күш – контрэлитаның бар екенін мойындайды. Атап айтқанда, элита мен контрэлита күрестері арқылы кейбір авторлар, мысалы Г.Лассуэлл, элитаның әлеуметтік құрамын түбегейлі өзгеретін актіні білдіретін саяси революцияны қарастырады.
Саяси элиталарды қалыптастыру және алмастыру мәселесі басқарушылар жігінің сапалық сипаты туралы мәселемен тікелей байланысқан. Егерде билеуші элита көбіне-көп кәсіби дайындығы бар, қажетті басқару тәжірибесін иеленген адамдардан тұратын болса, егер оны жоғары іскерлік пен моральдық сапалары ерекшелейтін болса, өзі тұрақты түрде қоғамның әр түрлі жіктерінің аса дарынды өкілдерімен толығып отыратын болса, онда мұндай саяси элитаның қоғамдағы көпшіліктің мүддесі үшін күрделі саяси үрдістерді тиімді басқаруға мүмкіншілігі болады. Сонымен қатар элита қызметінің тұрақтылығы мен нәтижелігі билеуші жіктің ішкі және сыртқы саясатта ұлттық мүддені анық түсінуге, оны білдіруге, әр түрлі қоғамдық жіктермен және топтармен байланыстың қажеттігін мойындауға қабілетті болуы маңызды шарт.
Саяси элита қызметінің тұрақсыздығы, әлсіздігі және тиімсіздігі көбіне оның кәсібилігінің жеткіліксіздігінен, моральдық-этикалық көрсеткіштерінің төмендігінен, артық тұйықталудан, қоғамның өзге бөліктерінен алыстауға тырысуынан, ұлттық-мемлекеттік мүдделерді түсінбеуден немесе жоққа шығарудан туындайды. Ерте ме, кеш пе мұндай элита өзінің орнын әлдеқайда жоғары сапаларын көрсетіп жүрген контрэлитаға береді.
Сайып келгенде, қазіргі қоғам саяси элиталарды қалыптастыру мен алмастыру үрдісінде ашық және жабық жүйелерді үйлестіру қолайлы да тиімді болып саналады. Бұл үрдіс әр елде өзінше сипатталады.
Мысалы, қазіргі Қазақстанның саяси элитасын қалыптастыру мен алмастырудың өзгешелігі оның өтпелі кезеңді басынан кешірумен байланысты. Өзінің басым көпшілігі жағынан ол бұрынғы кеңес, партия, мемлекет номенклатурасында тұрғандардың есебінен қалыптасты. Өзінің жеке басының мүддесін бәрінен жоғары қойған Кеңес Одағының номенклатурасы түп-тамырымен шіріп, социализмнің, өз елінің және одан тыс жерлердің тағдырларына немқұрайлы қарады және өз халқын барынша сендіріп келген барлық идеялар мен мақсаттарды әдеттен тыс оп-оңай сатып жіберді. Оның екі жүзділігі мен жәдігөйлігіне бұдан артық қандай дәлелдер қажет?!
КСРО-ның күреуі, қоғамда және билікте жаппай дағдарыстың орнауы номенклатурадағылардың үлкен бөлігін әрекетсіз қалдырмады. Олар бұрынғы қызмет орындарын белсенді қорғап, жаңа қызмет үшін күресті. Тәуелсіз Елдер Достастығының, Қазақстанды қосқанда, он екі президентінің оны – сол жоғарғы кеңестік номенклатураның өкілдері. Менің есебім бойынша, Қазақстан Президентінің төңірегіндегілердің шамамен 70%-ы кеңестік номенклатурада тұрғандар.
Ескі кеңестік номенклатурамен қатар қазіргі Қазақстан элитасы мейлінше шамданғыш және белсенді жас адамдардың есебінен толықты. Бұлар билікке қоғамның әр түрлі жіктерінен және әр түрлі кәсіби салаларынан, соның ішінде ғылыми салалардан келген әлдеқайда жас ұрпақтың өкілдері.
Кеңестік жүйенің күйреуін көрген олар билікке қол жеткізуге жүгірді, басты мақсаттары материалдық оңай олжа табу болды. Саяси элитаның осы жаңа жігі екі негізгі арна арқылы: жалпыдемократиялық қозғалысқа қосылу, олардың қатарынан шыққан адамдарды айтарлықтай қызметке ұсыну және бизнес өкілдерінің қатарынан толықтыру жолыменжүрді. Қазақстанның саяси элитасына қосылған өздерін демократтармыз және реформаны жақтаушылармыз деп атаған «жаңа шақырудың» өкілдері номенклатураның «ойын ережелерін» тез арада және оп-оңай-ақ игерді. Әйтсе де ескі және жаңа саяси элита мүшелерінің арасында қарама-қайшылық бар. Ол қайшылықтар кейде ашық көрінеді, Сонымен бірге құпия, жасырын формада дамиды. Мұндай қарама-қайшылықтар әр түрлі ұрпақ өкілдерінің әр келкі діліне, олардың әр түрлі біліміне, ой-өрісіне, өмір тәжірибесі мен стиліне байланысты болатыны сөзсіз.
Сонымен бірге Қазақстан саяси элитасының барлық бөлігін сипаттайтын ортақ белгілер де көп. Олардың ең бастысы баюға жұлқына ұмтылу болды. Осы элитаның мүшелері, шетелдік шолушылардың айтыстарына қарағанда, кеңестік жүйенің ыдырауын баюдың жақсы мүмкіндігі, ескі кеңестік номенклатура өкілдері әдетте бақылау жасаған меншікті иеленудің мүмкіндігі ретінде қараған.
Менің көзқарасымша, қазақстандық саяси элита екі басты құндылыққа – билік пен меншікке табынады. Бір қызығы, оның біріншісі екіншісін алуда маңызды саналады. Аталмыш екі құндылықтардың жағдайында өзге құндылықтар, соның ішінде адалдық, әділдік, жоғары кәсібилік, жұмысты беріле істеу, үлестен құр қалып бейшаралық халге түскендерге қамқорлық және т.б. құндылықтар өшіп, жойылған. Қазақстандағы билеуші элита – жалпы Қазақстанның чиновниктері сияқты жемқор элита. Сонымен Қазақстан билеуші тобының құрамына әдеттегідей, қоғамның таңдаулы элементтері емес, керісінше ұятсыздар, мансапқорлар, жемқорлар, халық үшін көк тиын шығармайтын қайырымсыз адамдар кірген.
Қазақстанның саяси элитасының сипатты белгісі – оның Батысқа бағыт-бағдар ұстауы. Бұл жерде әңгіме оның шетелдік жақсы тәжірибелерін қабылдап, Қазақстан топырағында қолдану жөнінде болып отырған жоқ, әңгіме оның көптеген өкілдерінің өз тағдырларын Батыспен байланыстыруында болып отыр. Капиталды шетелге шығаратын, онда жылжымайтын мүліктер сатып алатын, офшорлы компаниялар құратын, өз балалары мен немерелерін аса үлкен ақшаға шетелде оқытатын «жаңа қазақтардың» қатарында қазақстандық саяси элитаның өкілдері де аз емес. Мұндай жағдай элитаның осы бөлігі Қазақстанның тағдырын қаншалықты уайымдап жүр деген табиғи сауалды туындатады.
Қалайда билікті өз қолында ұстап қалуға және жинаған байлығын сақтап қалуға тырысу Қазақстан элитасын біріктіретін тағы да бір маңызды фактор болып табылады. Элитаны біріктіруші, осындай жалғасқан фактордың бірі – өздері жеңіліске ұшырап, билікке жаңа адамдар келсе, көп қасірет шеккен Қазақстанда істеген келеңсіз істері үшін халық алдында жауап беру туралы ұялаған қорқыныш сезімі.
Отандық және дүние жүзілік тәжірибеден белгілі болғандай, үлкен лауазымды қызметке отыру үшін төмендегідей сапалар: орындаушылық, дер кезінде «ие, ие» деп бас шұлғу, жарамсақтану, чиновниктердің айтқанынан шықпау, көзге түсу үшін өтірік белсенді болу, аппараттық тәртіптің бүкіл ережесін сақтау, «мұрнын желге тосу» және т.б. өте қажет.
Осымен байланысты саяси элитаның қалыптасуы мен алмасуының өзінен олардың әлеуметтік функциялары келіп шығатынын айтуымыз керек. Олар көп түрлі, күрделі, әлбетте, үлкен жауапкершілікпен байланысқан. Мұндай функциялар мейлінше көп[120]. Біз солардың аса мәнді стратегиялық, коммуникативтік, ұйымдастырушылық және интегративтік функцияларына тоқталуды жөн көрдік.
Саяси элитаның аталмыш функцияларының арасында бірінші орында стратегиялық функция тұр. Оның мазмұны қоғам дамуының стратегиясы мен тактикасын жасақтау, қимыл-әрекеттің саяси бағдарламасын анықтау болып табылады. Ол қоғамдық түбегейлі өзгертулердің қажеттігін көрсететін жаңа туындаған идеялардан байқалады, қоғамдық дамудың стратегиялық бағытын анықтаудынң пісуі жеткен реформа тұжырымдамасын дайындаудан көрінеді.
Стратегиялық функция ғылыми-зерттеу институттарының, сараптама орталықтарының мамандарын, ірі ғалымдарды пайдаланумен парламентарилер, министрлер кабинеті мүшелері, эксперттер (сарапшылар), президент кеңесшілері, көмекшілері іспетті саяси элитаның тек жоғарғы деңгейінде ғана толық мәнінде жүзеге асады.
Сайып келгенде, саяси элитаның стратегиялық функциясын жүзеге асыру одан жоғарғы деңгейдегі білгірлікті және кәсібилікті талап етеді. Алайда іс бұнымен ғана бітпейді. Ол сонымен қатар батылдықты және шешімділікті, әсіресе, үстем етуші жіктің басым бөлігі оның стратегиялық жоспарымен келіспеген тұста, табандылықты талап етеді. Тарихта мұндай мысалдар аз емес. Сындарлы жағдайға орай қалай-қалай қимыл-әрекет ету керектігінің классикалық үлгісін Ф.Рузвельт әкімшілігі берді. Оның әкімшілігі үстемдік етуші тап өкілдерінің үлкен бөлігінің дағдарыстан шығу туралы түсінігімен сәйкес келмейтін экономикаға мемлекеттің араласуын жедел күшейтуге табанды бағыт ұстады.
Саяси элитаның стратегиялық функциясын табысты жүзеге асыруы елдің саяси бағытын дайындауға қатыстырылатын «ақыл-ой (ми) штабы» құрамындағы кадрлардың сапасымен анықталумен қатар, ол ел ішіндегі қоғамдық пікірдің күйіне, оның саяси шешімдерді қабылдау көрінісіне тәуелді болады. Сонымен бірге саяси элитаның осы функциясын табысты жүзеге асыруда коммуникативтік функция аса маңызды. Саяси элитаның коммуникативтік функциясы халықтың әр түрлі әлеуметтік топтары мен жіктерінің мүдделері мен қажеттіліктеріне (саяси, экономикалық, мәдени, діни, кәсіби және басқа да) саяси бағдарламаларда тиімді көрсетеді, білдіруді және бейнелеуді және оларды практикалық әрекеттерде жүзеге асыруды талап етеді. Бұл функция өзіне әр түрлі әлеуметтік қауымдастықтың көңіл-күй ерекшеліктерін көруді, әр түрлі аса маңызды мәселелер бойынша қоғамдық пікірдегі өзгерістерге тез және дәл жауап беруді қосып алған. Коммуникативтік функция сонымен қатар әлеуметтік мақсаттарды, идеяларды, құндылықтарды (бейбітшілік, қауіпсіздік, жаппай жұмыспен қамтамасыз ету) қорғауды ұйғарады.
Әрбір мемлекеттің саяси басшылығы әр түрлі әлеуметтік топтармен тығыз байланыс орнату мақсатында тұрақты түрде адамдармен өздерінің кездесулерін, елді аралап көруін және т.б. пайдаланады. Ақпарат келіп түсетін алуан түрлі арналарды – бұқаралық құралдарының хабарлары, қоғамдық пікірді анықтау, почта мен хат алысу және көптеген басқа да арналар қызметін мақсат-мүдделеріне үндестіреді.
Бұл функцияны іске асыру саяси элита өкілдерінін белгілі бір сапаларды, атап айтқанда: адамдармен қарым-қатынас орнату дағдысын, қойылған сауалдарға дәл әрі қызғылықты етіп жауап қайтару, беделді болу, қоғам дамуының бағдарламасын тартымды баяндап беру, ол адамдарды қолдау тудыратындай қабілетін ұштауды талап етеді.
Осымен байланысты саяси элитаның барлық уақытта қоғамды ұймдастыру қажеттігімен яғни ұйымдастырушылық функциясын атқарумен ұшырасатын және онымен кездесе беретінін айту абзал. Потенциалды саяси элиталар (биліктен үміткер топтар) арасында өздерінің бағдарламаларымен халықты қолдауды қамтамасыз етуді барынша алға тартқандары ғана тиімділікке жетеді. Саяси элитаның ұйымдастыру функциясы жасалған бағытты практикада жүзеге асыруды, саяси шешімдерді іске асыруды қарастырады.
Жасалған стратегиялық бағыт әр түрлі саяси шаралар жүйесіне енеді. Оған заң шығару – заңды қабылдау және парламенттің, президенттің, үкіметтің басқа да заң актілері; жұмылдырушы – қоғамдық санаға әр түрлі ықпал ету формалары, адамдарда көңіл-күй, құнды бағыт-бағдар қалыптастыру; реттеуші-материалдық, адамдық, қаржылық ресурстарды бөлу және қайта бөлу; үйестіру-орталық және аймақтық әрекеттерді үйлестіру және бақылау; түзету енгізу және басқалары жатады. Жоғарыда айтылғандардан түйер ойымыз: саяси элитаның ұйымдастыру функцияларын жүзеге асыру – қоғамды интегративтікке жеткізе алатын кәсіби деңгейі жоғары саясаткерлердің ғана қолынан келеді.
Саяси элитаның интегративтік функциясы – саяси ғылымдардың аса маңызды мәселелерінің бірі. Бұл функцияның мәні – қоғамның тұрақтылығын нығайту, оның саяси және экономикалық жүйесінің орнықтылығын арттыру, өткір шиеленістерге, бітіспейтін қарама-қайшылықтарға саяси құрылымның бұрмалануына жол бермеу. Халықтың әр түрлі жіктерін біріктіру, олардың әлеуметтік мүдделерін үйлестіру, келісімге жету, қоғамдағы барлық күштердің ынтымақтастығымен тығыз саяси өзара әрекеті осы функцияның маңызды элементтері болып табылады. Саяси элитаның интегративтік функциясы саясаткерлердің өнерінен, икемділігінен, мәмлегерлігінен, қоғамның барлық жіктерімен байланыс орнатып, өзара әрекет етуінен көрінеді. Саяси элитаның интегративтік функциясының басты міндеті – саяси күштердің тұрақты тепе-теңдігіне жету, тұрақты саяси тәртіп қалыптастыру бұл үрдісте берік саяси жүйе орнату. Саяси элитаның аталмыш функцияны атқаруға қабілетсіздігі, тарихтың өзі көрсеткендей, апатты салдарларға әкеп соқтырады. Барлық «формация аралық революциялар» осының мысалы бола алады.
Саяси элиталардың функциялары және олардың қалыптастыру және алмастыру механизмдерін осы топтардың қоғамдық рөлі мен бейнесіне тікелей ықпал етумен қатар, олардың жекелеген өкілдеріне – саяси көшбасшыларға тән әдеттегі-типтік белгілерді анықтайды. Сондықтан да саяси элиталардың көптеген проблемалары саяси көшбасшылардың мәні мен табиғаты мәселелерімен тығыз байланысты.