Идеология саяси санада маңызды және ерекше орын алады. Идеология саяси идеялардың, көзқарастардың, құндылықтардың және мақсаттардың жиынтығы ретінде, олардың жүйеге келтірілген түрі іспетті, индивидуалдық және қоғамдық сананың құрамды бөлігі болып табылады, онда саяси идеология түрінде көрінеді. Саяси идеология қоғамдық санада өзіндік «саясаттандырылған» сегментті жасайды.
Саяси идеологияны көбінесе саяси сананың «өзегі» деп атайды. Мұнда физикалық әлеммен ұқсастық кездейсоқтық емес. Атомның бүкіл массасы оның ядросына келетін болса, саяси санада идеялар мен тұжырымдамалардың негізгі «салмағы» идеологияларда шоғырланған. Тек солар ғана концептуальды саяси схемаларды жасайды, пайда болған саяси коллизияларды түсіндіреді және анықтайды, халық бұқарасының күңгірт және белгісіз саяси «сезімін» көрсетеді және ұтымды етеді. Саяси сана құрылымында идеологияның ортаңғы орын алуы олардың бастапқыдағы қалыптасуы мен өмір сүруінің айрықша ерекшеліктеріне себепші болады. Мұндай ерекшеліктерге әдетте: идеологияда орныққан білімнің тұтастығы, жүйелілігі, теориялық деңгейде таным құралдарын қолдану; идеологтардың, кәсіби-мамандардың қызметінің нәтижесінде дүниеге интеллектуалдық қызметтің келуі; әу баста өмірде бар саяси қатынастар мен институттарды өзгертуге немесе нығайтуға бағыт ұстау; әр түрлі әлеуметтік топтардың (таптардың, жіктердің, сословиялардың, элитаның және т.б.) мүддесін қамтамасыз ету; бірден-бір басты дәлелдер ретінде қоғамдық өмірдің мақсаттары және құндылықтарына шағым етуге; кейбір «шындықты боямалауға» бейімділік жатқызады.
Идеология саясат субъектісі ретіндегі адамдардың арасындағы институционалдық қатынастарға маңыздылық беруге, нақты қоғамдық-саяси жағдайлардағы саяси шынайылықты түсіндіруге, негіздеуге, ақтауға немесе жоққа шығаруға шақырады. Сонымен бірге идеология қайсыбір идеалдар мен құндылықтарды насихаттаумен, таратумен айналысып қана қоймауы керек, ол азаматтардың, партиялардың және басқа да саяси бірлестіктердің мақсаттық әрекеттері мен істерін ынталандыруы тиіс.
Идеология және саясат – өте жақын, бірақ бір-біріне сәйкес келмейтін әлеуметтік құбылыстар және процестер, әрі ұғымдар. Олар өздеріне ғана тән мән ерекшеліктері мен заңдылықтарын иемденген. Саясат пен саяси идеологияны ұқсастыру саяси қатынастар мен мемлекеттік құрылымды қисынсыз идеологизациялауға әкеп соқтырады. Сонымен бірге саясаттағы идеологиялық компонентті жоққа шығаруда негізсіздік болып табылады.
Дүниежүзілік және отандық тәжірибе көрсеткеніндей, идеологиялық «вакуум» жағдайында адамдардың өмір сүруі мүмкін емес. Идеологияның саясаттағы рөлі табиғи және аса маңызды нәрсе. Саяси идеологияның көмегімен адамдардың дүниетанымы орнығып дамиды, саяси құндылықтар мен құнды бағдарлар жүйесі қалыптасады. Идеология топтық және қоғамдық мүдделерді білдіруді қамтамасыз етеді, саяси және қоғамдық ұйымдардың құралы қызметін атқарады, ал халықтың идеологиялық бірігуі қатаң өмірлік сынау жағдайында талай рет өзінің зор жасампаздық күшін дәлелдеді. Бұған отандық тарихымыздың көптеген тамаша беттері куә.
Сонымен бірге саясаттың жаппай идеологизациялану қаупі туралы да айтуымыз керек. Соның нәтижесінде өзінің көп түрлілігімен көрінетін қоғамның саяси өмірі біртұтас идеологиялық доктринаның негізінде құрылады. Саясатты идеологизациялау көбіне-көп қоғамда идеологиялық монополияның орнауының және идеологиялық плюрализмді жоюдың салдарынан орнығады. Осымен байланысты саясат «идеологияның малайына» айналады, ал идеологиялық доктрина қоғамның қажеттілігі мен мүдделерін бара-бар бейнелемесе, саясат шектен тыс тиімсіз болады және қоғамды терең дағдарысқа соқтырады. Мұндай жағдай біздің елімізде ХХ ғасырдың 80 және 90 жылдары тоғысында қалыптасты. Оған кеңестік қоғам мен одақтық мемлекеттің күйреуімен байланысты пайда болған көптеген ауыр құбылыстар себеп болды.
Қоғам өмірінің барлық саласындағы, соның ішінде саясат пен идеологиядағы, түбегейлі қайта құрулар, қазіргі Қазақстанның күйін елеулі деңгейде анықтап отыр. Біздің еліміздегі идеологиялық жағдай посткеңестік кезеңде түбегейлі өзгерді, бірақ әлі де өтпелі, тұрақсыздық сипат алуда.
Бүгінде Қазақстан, менің көзқарасымша, әлеуметтік-экономикалық және саяси шым-шытырықтардан гөрі өзінің түп-тамыры мен салдарлары жағынан аса күрделі және шешімі қиын дүниетанымдық дағдарысты басынан кешіруде.
Қазақстанның қазіргі жаңа тарихы дәлелдегеніндей, қоғамның табысты дамуы үшін, оның бірлігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін еліміздің көптеген азаматтарын және саяси күштерін өзінің төңірегіне біріктіретін саяси мақсаттардың, идеялардың және принциптердің қорытындыланған жүйесін жасау қажет. Мұндай жүйе мемлекеттік идеологияны ұлттық-мемлекеттік, баршаға ортақ басымдықтар мен құндылықтар жиынтығының бейнеленуі ретінде көрсете алады. Оның ерекшелігі сол, ол қандай да бір идеялық-саяси ағыммен қатаң байланыспайды және монополия бола алмайды. Осы іспетті идеология қоғамның саяси-идеологиялық құндылықтарының бүкіл жиынтығын өзіне сіңіруі тиіс, мыңдаған жылдар бойы жинақталған рухани-тарихи тәжірибе де ескерілуі керек.
Жүріп жатқан қоғамдық өзгерістермен және Қазақстанның одан әрі дамуы үшін идеялық-саяси бағдар іздестірумен байланысты саяси идеологияны анықтаудың және қазіргі дүние жүзіне кең тараған саяси идеологиялармен танысудың маңыздылығы зор.
Саяси идеология – бұл қайсыбір топтың билікке таласын немесе оны қолдануды негіздейтін және саяси әрекеттердің қайсыбір стратегиясын құрастыратын идеялардың, көзқарастардың, түсініктердің жүйесі. Жалпы саяси идеология мынандай негізгі құрылымдық элементтерден тұрады: біріншіден, бағдарламалық мақсаттар; екіншіден, бағдарламалық мақсаттарды жүзеге асыру стратегиясы; үшіншіден, насихат; төртіншіден, бағдарламаны іске асыру бойынша нақтылы әрекеттер. Анық топтық сипат алған саяси идеология жүргізілетін саяси бағыттардың жағымды бейнесін жасауы қажет, оның қайсыбір топтың, ұлттың, мемлекеттің мүддесіне сәйкестігін сақтауы тиіс[103].
Осыған орай саяси идеологияның негізгі мақсаттары мыналар болып табылады: қоғамдық сананы меңгеру; оған өзінің құнды бағалауларын, саяси дамудың мақсаттары мен идеалдарын енгізу; азаматтардың мінез-құлқын осы бағалаулар, мақсаттар және идеалдар негізінде реттеу.
Саяси идеологиялардың типтері тарихи жағдайға байланысты пайда болды, қалыптасты және дамыды. Олар: либерализм, консерватизм, марксизм (социализм), социал-демократизм және т.б., бұлар саяси сананың идеологиялық компоненті болып саналады.
Либерализм идеологиясы тарихтағы тұңғыш саяси идеология болды. Оны негіздегендер – Дж.Локк, Т.Гоббс және А.Смит. Оның негізгі классикалық принциптері адам және азамат құқы Декларациясында (1789 ж.) жарияланды және Франция Конституциясында (1791 ж.) бекітілді.
Либерализм – бұл саяси партиялар, үкіметтер бағдарламаларына, әлеуметтік-саяси доктриналарына негіз болған принциптер мен мақсаттардың кешені. Либерализм өзінің көп варианттылығына қарамастан белгілі бір тұжырымдамалар, идеялар, принциптер және идеалдар кешенінен тұрады. Индивидуализм, гуманизм және рационализм либерализмнің дүниетанымдық негізі болып табылады. Либерализмнің негізгі ережесі мынаған саяды: жеке бас бостандығын әмбәбап құндылық деп санау; индивидтің өзін-өзі бағалай білу идеясы және оның өз әрекетіне жауапкершілігі; жеке меншікке индивидуальдық еркіндіктің қажетті шарты ретінде қарау; еркін нарық, бәсекелестік және кәсіпкерлік; парламенттік демократия және биліктің бөлінуі; құқықтық мемлекет; тұлғаның негізгі құқығы мен бостандығына кепілдік (ар-ұждан, сөз, жиналыс, ассоциациялар мен партиялар құру және т.б.); жаппай сайлау құқығы; азаматтық қоғам салаларын кеңейту.
Либералдық идеология ағылшын-саксондық елдерде, әсіресе АҚШ-та кеңінен тарады. Практикалық өмірде либерализмнің индивидуалистік идеалы өзіндік мәні бар маңыздылыққа жетіп, батыс қоғамының басты мақсатына айналды. Дербестікке және өз күшіне сену, индивидуализм және еркін бәсекелестік бірқатар индустриалды дамыған елдерде өмірлік стандарт деңгейіне дейін көтерілді.
Либерализм идеологиясының дамуының қазіргі сатысы – ол неолиберализм. Неолиберализм идеологиясы мемлекеттің реттеушілік рөлін, азаматтардың әлеуметтік құқықтарын, реформаны жүзеге асырудың қажеттілігін мойындайды.
ХVIII ғасырдың соңына қарай қалыптасқан консерватизм идеологиясының дәстүрі жетерлік. Консерватизм идеологиясын ағылшын ойшылы Э.Берк, француздың қоғамдық қайраткерлері Ж. де Местор және Л. де Бональд жасады. Бұл идеологияның дүниетанымдық негізі дәстүрлі моральмен және материалдық құндылықтарға («өмірлік бастаулар») арқа сүйейтін қоғамды органикалық және тұтас жүйе ретінде мойындауда жатыр. Діни көзқарастарға бағытталған иррационализм және ұлттық құндылықтармен әрі тарихи өмір укладтарымен байланысқан дәстүршілдік консерватизм идеологиясының маңызды түзушілері болды. Сондықтан консерватизм – бұл дәстүрлі ережелерді, нормаларды, билік иерархияларын, әлеуметтік және саяси құрылымдар мен институттарды сақтау қажеттігін жақтайды.
Консерватизмнің саяси бағдарламасы әлеуметтік-саяси өзгерістерді салттарға, ұлттық дәстүрлерге, орнығып қалған қоғамдық-саяси институттарға, елдің социомәдени ерекшеліктеріне бейімдеуге бағыт ұстайды. Онда мемлекет пен отбасын нығайтуға, қауымды сақтауға, шіркеудің ұстанымы мен рөліне, қоғам өмірінің рухани-адамгершілік аспектілеріне үлкен көңіл аударылған. Сонымен бірге қоғамдық тәртіптің заңдары мен ережелерін нығайтуға, патриотизм рухында азаматтарды тәрбиелеуге бағытталған шаралардың да маңызы зор.
Консерватизмнің саяси-идеологиялық құндылықтарын жүзеге асыру күшті мемлекетті қажетсінетін қоғамдық status-quo сақтауға, мәмілені кеңінен қолдануға, радикальды шараларды, әсіресе революциялық сипаттағы шараларды теріске шығаруға, саяси өзгерістердің эволюциялық тәсілдеріне арқа сүйеуге бағытталған.
Қазіргі жағдайда консерватизм дүние жүзіндегі болып жатқан өзгерістерге бейімделіп келеді. Консерватизм дамуында жаңа фаза – неоконсерватизм пайда болды. Неоконсервативтік сана үшін қоғамдық реформаларды іске асыру керектігін, ғылыми-техникалық прогресс табыстарын пайдалану қажеттігін мойындау тән. Оның саяси мақсаттарын прагматизм ерекшелейді.
Марксизм (социализм) идеологиясының айтарлықтай тарихы бар. ХІХ ғасырдың орта тұсында Батыс Еуропада пайда болған маркстік (социалистік) идеология жетілмеген капиталистік қоғамның өткір таптық қарама-қайшылықтары жағдайында қалыптасты. Оның дүниетанымдық негізі диалектикалық-материалистік түсінікпен және әлеуметтік-саяси процестерді таптық тұрғыдан талдаумен байланысқан.
Марксизмнің саяси бағдарламасы биліктік және меншіктік қатынастарды революциялық жолмен өзгертуді талап етеді. Осы өзгертулерге коммунистік партияның жетекшілік жасауы қажеттігі жарияланған, кейін жалпы халықтық мемлекетке ұласатын, капитализмнен социализмге өтпелі кезеңде пролетариат диктатурасының мемлекетін құру идеясын ұсынады. Коммунистік идеалдың негізгісі болып жеке меншік пен таптық айырмашылықтарды жоюмен байланысқан адамдардың жаппай теңдігі, мемлекеттің жойылуы және меншіктен, биліктен, мәдениет табыстарынан шеттетілуді жеңген «жаңа адамды» қалыптастыру саналады.
Тарихи тәжірибе көрсеткендей, марксизмнің саяси бағдарламасын жүзеге асыру өткір таптық күреспен, күштеу әдістерін кеңінен қолданумен, бір партияның саяси монополиясын орнатумен, өндіріс құралдарының мемлекеттендірілуімен, моноидеологияның үстемдік етуімен байланысты болды. Өмірдің материалдық, әлеуметтік және рухани салаларындағы, мемлекеттік құрылыс саласындағы ірі жетістіктер азаматтардың саяси құқығы мен бостандығына белгілі шектеу қоюмен қатар жүргізілді; экономикалық қызмет пен рухани шығармашылық саласында да қатаң әлеуметтік бақылау қойылды. Марксизмнің кейбір концептуальды ережелері (әсіресе футурологиялық аспектіге қатысы бар) практикада керегінше расталмады.
Дүниежүзінде социал-демократия идеологиясы кеңінен тарады. Э.Бернштейннің «Социализмнің алғы шарттары және социал-демократияның міндеттері» (1899 ж.) еңбегінде социал-демократия идеологиясының теориялық негіздері қаланды. Онда ол капитализмнің өзін-өзі дамыту қабілеті туралы тезисті негіздеді. Э.Бернштейннің көптеген идеялары қазіргі социал-демократияның саяси доктринасына енді. Бұл доктрина 1951 жылы Майнедегі Франкфурт қаласында өткен социал-демократтардың құрылтай конгресінде «демократиялық социализм» тұжырымдамасы болып жасалды. Плюралистік дүниетанымға арқа сүйей отырып (ерте марксизм, неокантшылдық, сыншыл рационализм және т.б.), қазіргі социал-демократия бостандықты, әділеттілікті және ынтымақтастықты орталық идеялар ретінде жариялаған. Оның саяси бағдарламасы қоғамдық реформалар жүргізу, әлеуметтік әріптестік, құқықтық мемлекет, әлеуметтік бағыт ұстаған аралас экономика, саяси плюрализм мен демократия талаптарын өзіне қосқан. Социал-демократия идеологиясының маңызды компоненттері болып адамгершілік құндылықтар жүйесі мен саяси қызметтің этикалық ынталандырулары жатады[104].
Социал-демократияның саяси стратегиясы күрестің революциялық әдістерінен бас тарту, саяси қызметтің парламенттік формасының басымдығы, қоғамдық өзгерістердің бірте-бірте жасалуы, мәмілеге келу, кең саяси одақтармен коалициялар құру негізінде құрылады. Практикада бұл бағдарлама индустриалды дамыған елдерде, әсіресе Еуропада, демократия және әлеуметтік әділеттілік идеяларын іске асыру барысында маңызды нәтижелерге қол жеткізді.
Мысалы, демократиялық социализмнің «скандинавиялық моделінің» табыстары көңілге аса қонымды: қысқа мерзім ішінде тиімділігі жоғары экономика жасады; бүкіл еңбекке жарамды халықты жұмыспен қамтамасыз етті; кедейшілікті жойды; дүниежүзіндегі ең дамыған әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесін жасады; сауаттылық пен мәдениеттің жоғарғы деңгейіне қол жеткізді.
Скандинавия елдерінде демократиялық әлеуметтік мемлекет әділеттілікті барынша қамтамасыз ету мақсатында ұлттық табысты бөлу функциясын іске асырады. Сөйтіп аралас, көп укладты экономиканың әлеуметтік бағытталған рынокпен органикалық үйлесімділігіне қол жеткізіледі, әлеуметтік теңсіздік қысқарады, байлар мен кедейлердің арасындағы диспаритет төмендейді.
Социал-демократия идеологиясының күші мен өміршеңдігі оның қалың бұқара халықтың мүддесінен шығатындығында, әлеуметтік өмірден қуат алатындығында, социализмнің игілікті идеалдарына арқа сүйейтіндігінде екенін айтуымыз керек. Жоғарыда аталған негізгі саяси идеологиялармен қатар қазіргі дүние жүзінің саяси санасына, саяси өміріне идеологияның басқа да түрлері белгілі бір ықпал жасайды. Мысалға, саясатпен, саяси санамен тығыз өзара әрекетке түскен ұлтшылдық, радикализм, фашизм, нацизм және өзге де экстремистік идеологияларды айтуға болады.
Саяси идеологиялар адамдардың саяси психологиясына қарама-қайшы келетін болса, олардың қаншалықты терең ойластырылғанына және негізделгеніне қарамастан, бұқара халық олардың бірде-біреуін қабылдамайтын болады. Саяси сананың осы деңгейінде идеологияның ұтымды конструкциясы саяси мінез-құлықтың нақтылы ынталандырушысына, себебіне және мақсаттарына айналады. Сондықтан саяси психологияны саяси сананың маңызды формасы ретінде қарау, зерттеу – саяси ғылымдардың принциптік міндеттерінің бірі.