1. Әлеуметтанудағы әдіс ұғымы. Әдіс, әдістеме, техника және процедура әлеуметтанулық зерттеудің кұрамдас бөліктері ретінде. Зерттеудің жалпығылыми және әлеуметтанулық принциптері. Әлеуметтанулық зерттеудің этикасы. Әлеуметтанушының алдында тұрған этикалық мәселелер.
2. Негізгі әлеуметтанулық әдістер және олардың қолданылу ерекшелігі. Сұрау алғашкы әлеуметтанулық акпарат жинау әдісі ретінде. Оның жетістіктері мен кемшіліктері. Сұраудың негізгі түрлері. Анкета әлеуметтанулық әдіс ретінде. Сұхбат әдіс ретінде.
3. Құжаттарды зерттеу әлеуметтанулық әдіс ретінде. Құжат әлеуметтанулық
хабардың маңызды көзі. Құжаттар классификациясы. Контенттік-талдаудың
ерекшелігі. Алғашқы әлеуметтанулық акпарат жинаудың тәсілі ретіндегі
бақылаудың жалпы сипаттамасы. Әлеуметтанулық бақылаудың ерекшелігі.
4. Әлеуметтанудағы эксперимент. Әлеуметтанулық зерттеулердегі эксперименталдық әдістің негізгі сипаты.
Қоғамда болып жатқан әлеуметтік процестер мен құбылыстарды жете білу және оларды жан-жақты зерттеу үшін методология мен әдіс(метод), әдістеме(методика) міндетті түрде қажет. Әлеуметтанудың методологиясын әркім әрқалай түсінеді. Методология ұғымы гректің «методос», яғни таным тәсілі және «логос», яғни ілім деген мағына беретін сөздерінен тұрады. Бір сөзбен айтқанда, методология ғылыми зерттеулер принциптерінің жүйесі. Эмпириктер методология туралы айтқанда оны техниканың жиынтығы және әлеуметтікті талдаудың жөні ретінде пайымдайды. Теоретиктер методологияны әлеуметтікке жету үшін арнайы әдіс, әдістеме және техниканы дайындау мен таңдауды қажетсінетін әлеуметтік шындық туралы белгілі бір пікірлер жүйесі ретінде қарастырады.
Әлеуметтанулық сауалнама - әлеуметтанулық ақпарат алудың негізгі әдісі. Әлеуметтанушыға бақылау жүргізу арқылы алуға болмайтын немесе құжаттарда жазылмаған құбылыстар мен процестер туралы ақпараттар өте жиі қажет болады. Мұндай ақпаратты сауалнама әдісін қолдану арқылы алуға болады. Бұл әдіс ғылымда ең кең тараған және барынша жиі қолданылатын әдістеме болып саналады. Оның мұндай дәрежеге көтерілуі әмбебаптығымен түсіндіріледі. Бақылау барысында зерттеуші объектінің тек қана нақты мінез-құлқын белгілейтін болса, сауалнаманың көмегімен ол адамдардың бүгінгі қылықтары туралы кең көлемдегі ақпарат ала алады, сонымен қатар, олардың өткен уақыттағы тыныс-тіршілігімен бірге болашақ жоспары, ниеттері жөнінде де ақпарат алады. Сауалнама әсіресе, индивидтердің субъективті жай-күйі жөнінде мәлімет алу қажет болғанда таптырмайтын ерекше құнды әдіс болып есептеледі. Сұрақтардың жиынтығы бұл әдістің түп негізін құрайды. Сұраулардың көмегімен ақпарат алынады. Ғылымда сауалнаманы жүргізуші адамдарды – анкетерлер, сұрақтарға жауап қайтарушыларды – респонденттер деп атайды. Алынған ақпараттың сипатына және оны алу тәсіліне қарай сауалнама бірнеше түрге бөлінеді.
Сауалнама әдісінің екі түрі бар: анкеталық және сұхбатнамалық. Анкеталық сауалнама кӛп жағдайда алдын-ала дайындалған анкетамен жүргізіледі, респонденттің аты-жөні көрсетілмей жүргізіледі. Әдетте анкета үш бөлімнен тұрады: үндеулік, негізгі, төлқұжаттық. Үндеулік бөлімде зерттеудің мақсаты туралы қысқаша айтылып, оның мәні мен маңыздылығы атап өтіледі, анкетаны толтыру ережелері көрсетіледі, қайтарылған жауаптардың құпиялылығы сақталатындығы туралы ескертіледі. Анкетаның негізгі бөлімінде қажетті ақпарат алуға бағытталған сұрақтар орналастырылады. Алғашқы сұрақтар барынша түсінікті және қызықты болуы тиіс. Бұл респонденттердің қызығушылығын арттырады. Төлқұжаттық бөлімде респонденттердің демографиялық мәліметтері (жасы, жынысы және т.б.) жөніндегі сұрақтар қойылады.
Анкетаны құрастыруда сұрақтардың тұжырымдылығына баса назар аударылады. Анкетаны дайындау үшін зерттеуші сауалнаманың мақсаты мен міндеттерін анықтап алады, содан соң логикалық жүйеде сұрақтар құрастырылып, оның жауаптарының түрлері көрсетіледі.
Анкетаның сұрақтары негізгі үш топқа бөлінеді:
1.ашық түрдегі сұрақтар, мұның жауаптары анкетада көрсетілмейді, оны респонденттер өз қолдарымен жазып қайтарады;
2. жабық сұрақтар, мұның жауаптары мен варианттары анкетада жазылып көрсетіледі. Жауап беруші жауаптың астын сызып немесе дөңгелектеп және т.б. етіп белгілейді.
3. аралас сұрақтар, бұл бірінші және екінші топтағы сауалдардың элементтерінен құралып, белгілі бір мөлшерде жауаптары жазылады.
Әлеуметтану ақпараттарының қайнар көзі болып есептелетін құжаттардың алуан түрлі топтамалары бар. Сонымен, құжаттар мынандай топтарға бөлінеді: 1) ақпараттың техникалық құралдарда белгіленуіне орай ерекшеленетін құжаттар. Бұның өзі үш түрді қамтиды: а) жазба түріндегі құжаттар, оған қол жазба мен баспасөз басылымдары жатады; б) стенографиялық құжаттар, бұған кино, фото, бейнелеу, сурет түріндегі құжаттар саяды; в) фонетикалық құжаттар, яғни дыбыспен берілетін магнитофон, күйтабақ жазбалары жатады. Айта кететін бір жай, құжаттық ақпаратты сақтайтындардың жаңа түрлері мыналар: микрофильмдер, ЭВМ дискісі, т.б. Жазба құжаттардың кең тарағаны архив материалдары, статистикалық есептемелер, ғылыми жарияланымдар, баспасөз басылымдары, т.б.; 2) құжаттың түпнұсқасының статусына жатқызылғандар немесе авторына бөлініп берілгендер ресми және ресми емес құжаттарға ажыратылады. Ресми құжаттар деп лауазымды адамдардың, қызметкерлердің арнайы дайындаған құжаттарын айтады. Бұған мемлекеттік статистика мен мемлекеттік архив мәліметтері, жиналыс хаттамалары, т.б. жатады. Ал ресми емес құжаттарды жеке адамдар жасайды, яғни хаттар, күнделіктер, т.б. ресми емес деп атауға боладыы; 3) ақпараттың сақталу көзіне орай ол бастапқы және екінші рет жасалған құжаттар болып екіге бөлінеді. Бастапқы құжаттар – тікелей бақылаудың немесе сауалнама өткізудің негізінде алынған мәліметтер, ал екінші қатардағы құжаттар бастапқы құжаттарды сипаттаушы немесе қорытындылаушы болып саналады; 4) мақсат-міндетке қарай ажыраған құжаттар, бұған зерттеу бағдарламасына сәйкес ғалымдардың күшімен алынған материалдар, басқа да мақсаттар үшін жасалған қолдағы құжаттар жатады; 5) мазмұнына қарай бөлінген құжаттар. Бұлар экономикалық, құқықтық, тарихи, техникалық, т.б. болып топтасқан. Зерттеуші өз қызметкнде көбіне –көп жазба құжаттармен, әсіресе әдебиеттермен және машинкаға басылған материалдармен жұмыс істейді. Ол тұрақты түрде статистикалық түпнұсқалар, есеп беру баяндамалары, мақалалар, сондай-ақ қоғамдық пікірді білдіретін баспасөз және теледидар мәліметтеріне арқа сүйейді.