Сөздіктердің түрлері өте көп, шартты түрде оларды лингвистиқалық, филологиялық және анықтама сипатындағы энциклопедиялық Сөздіктер деп бөледі. Энциклопедиялық сөздіктерде белгілі бір салаға қатысты ұғым, дерек, зат, құбылыстар сипатталса, лингвистикалық Сөздіктер әліпбилік тәртіппен белгілі бір тілдің лексикасы мен фразеологиясын түсіндіруді мақсат тұтады. Мұндай сөздіктер әдеби тілдің әбден қалыптасып, халықтың тіл мәдениеті кемелденген тұста, сөз байлығын нормалық тұрғыдан сипаттау қажеттілігі туындаған жағдайда жасалады. Лингвистикалық сөздіктердің бірнеше түрлері бар: екі тілді не көп тілді аударма сөздіктер, т.б. Аударма сөздіктер бір тілдегі сөздерді басқа тілдің балама сөздерімен беріп, ұлттар арасында сөз алмасу үрдісін, өзара қарым-қатынас жасауды дамытса, түсіндірме сөздіктер сөздердің лексика-грамматикалық сипатын, экспрессивті-эмоционалды бояуын танытып, маңызды ақпараттық дереккөзін сақтаған рухани қазына ретінде қабылданады (қараныз Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі).
Көп елдерде ұлттық тілдің түсіндірме сөздіктерін жасау мемлекеттің тіл саясатының негізгі бөлігі ретінде арнайы мемлекеттік бағдарламаларға енеді. Синонимдер сөздігі сөздің экспрессивті-стилистикикалық реңі мен мағынасын сол сөзге мағынасы жағынан жуық келетін басқа бір сөзбен түсіндіріп, синонимдік шоғыр жиынтығын құрайды. Омонимдер сөздік тұлғасы бір, мағыналары әр түрлі сөздерді, ал антонимдер сөздігі мағыналары қарама-қарсы сөздерді қамтиды. Фразеологиялық сөздіктер тілдегі тұрақты тіркестердің (идиомдар, фразеологизмдер) мағынасын түсіндіріп, стилистик. сипатын айқындайды. Этимологиялық сөздіктер жеке сөздердің тарихын, шығу төркінін ашады. Орфографиялық сөздік сөздердің дұрыс жазылуын, ал орфоэпиялық сөздік дұрыс айтылуын көрсетеді (қараңыз Қазақ тілінің орфографиялық сөздіктері; Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздіктері). Терминологиялық сөздіктер жеке ғылым салаларына байланысты терминдерді түсіндіреді, олардың түрлері кәсіп салаларына қарай ұдайы толығып отырады. Лингвоелтану сөздігі белгілі бір тілде сөйлеушілердің ұлттық ерекшеліктерін сипаттайды. Топонимикалық сөздіктер жер-су аттарын түсіндіруге, қаламгер тілінің сөздігі оның шығармаларының көркемдігін, ұлттық тіл байлығын қолдану ерекшелігін тануға арналған. Мұнан басқа да диалектологиялық, ономастикалық, паронимдік, жиілік, жаңа атаулар, т.б. сөздік түрлері бар. Техниканың дамуына байланысты сөздік түзудің компьютерлік технологиясы жасала бастады. Компакт-дискімен таратылатын немесе компьютерлік жүйенің серверлерінде орналастырылған түрлі электрондық сөздіктер бар.
ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ТҮСІНДІРМЕ СӨЗДІГІ – қазақ тіліндегі сөздердің мәнін ұғындыратын лұғаттық, анықтамалық құрал. Тіліміздің лексика-граммататикалық, мағыналық, стильдік үлгілерін көрсетеді. Сөздік екі рет жарық көрген: 1) екі томдық түсіндірме сөздік (1959 – 61, жалпы редакциясын басқарған – академик І. Кеңесбаев). Мұнда 18135 сөз, 3371 фразеологиялық тіркес қамтылған; 2) он томдық академиялық сөздік (1974 – 86, жалпы редакциясын басқарған – А. Ысқақов). Мұнда 66 мың 994 атау сөз, 24 мың 508 фраезологиялық тіркес қамтылған, барлығы 91 мың 502 лексикалық бірлік алынып, оларға 103 мың 708 мағыналық сипаттама берілген. Сөздердің қазақ тілінің бүгінгі қолданысында бар екендігін дәлелдеу үшін 1089 автордың 2597 кітабынан, 180 жеке кітап пен жинақтан, 12 аударма әдебиеттен, 17 оқулықтан, 14 журнал мен 7 газеттен – барлығы 2827 жазба нұсқадан жалпы саны 250 мыңға жуық мысал-үзінділер келтірілген. Сөздерді дұрыс таңдау, оларды орфография бойынша дұрыс жазу, әрбір атау сөздің қай тілден ауысқандығын, қай сөз табына қатысты екендігін, қай стилдік тармаққа жататындығын білдіру барысында түрлі лексикогр. шартты белгілер қою және мағыналары мен мағыналық реңктерін дәл ашып, айқын түсінік беру арқылы орындалғандықтан, Қазақ тілі түсндірме сөздігі сөздерді дұрыс қолданудың анықтамалығы ретінде де маңызды рөл атқарады.
ФРАЗЕОЛОГИЯЛЫҚ СӨЗДІК — тілдегі сан алуан тұрақты тіркестерді жинап, мағыналық жағынан бір жүйеге түсіретін лексикологиялық еңбек. Фразеологиялық сөздіктің басқа (түсіндірме, терминологиялық, диалектологиялық, аударма, арнаулы, т.б.) сөздіктерге қарағанда өзіндік ерекшеліктері бар. Түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тіл білімінде алғаш рет 11 мыңға жуық фразеологиялық тіркесті қамтитын Фразеологиялық сөздік 1977 ж. акададемик Қ.Кеңесбаевтың авторлығымен жарық көрген. Сөздікке қазақ халқының сан ғасырлық тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін бейнелейтін образды тұрақты тіркестер, жазба әдебиет шығармаларында кездесетін өрнекті сөз орамдары, сондай-ақ ауызекі тілде және мерзімді баспасөз беттерінде кездесетін тиянақты тіркестер тобы енгізілген. Әрбір фразеологизмнің мағынасына түсініктеме беріліп, қолданылу орайы көрсетілген. Сөздікте кездесетін алғыс, қарғыс мәнді, діни мағыналы фразеологизмдерге диалектілік тіркестерге стильдік белгілер қойылады. Фразеологиялық сөздікте тұрақты тіркестердің варианттары мен мағыналас фразеологизмдер арнайы айырым белгімен ерекшеленген. Етістікке бітетін фразеологизм ауызекі тілде, көркем шығармада қалай аталса, өзгеріссіз солай берілген. Етістік тұйық формада емес, көбінесе ашық райда берілген. Мысалы, Жүрегі тас төбесіне шықты. Жүрегі (зәресі) ұшты (шошынды), зәресі кетті. Қатты үрейлену, шошып кетті, қорықты. Менің жүрегім тас төбеме шықты, қалтырап кеттім. (Б.М.) Оқ жыландай ирелеңдеп, жайдың оғы басталды. Жүрегі ұшып Күнайым, Ердің қасын бас салды. (С.М.) Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінен басқа 1988 ж. 2300 фразеологиялық тіркесті қамтитын “Қазақша-орысша фразеологиялық сөздік”, 2002 ж. “Мағыналас фразеологизмдер сөздігі” жарық көрді. Сөздікте жалпы ұғымның әр түрлі түсініктері нақтыланатын 3 мыңға жуық мысал бар.
Одағай, түрлері.
Одағай – толық мағынасы болмайтын, адамның түрлі көңіл күйін білдіретін және жан-жануарларға қаратылып айтылатын сөздер.
Одағайға тән негізгі белгілер:1.Лексикалық мағынасы болмайды;
2.Сөйлемдегі басқа сөздермен грамматикалық байланысқа түспейді;
3.Сөйлем мүшесінің қызметін атқара алмайды.
Одағайдың үш түрі бар: 1) көңіл күй одағайлары; 2) жекіру одағайлары; 3) шақыру одағайлары.
1.Көңіл күй одағайлары шаттану, таңырқау, ренжу, өкіну, қуану мәнінде қолданылады: пәлі, алақай, пай-пай, уһ, әттеген-ай, қап.
2.Жекіру одағайлары тыйым салу, жекіру мәнінде айтылады: тәйт, тек, жә.
3.Шақыру одағайлары хайуанаттарды, жан-жануарларды қуу, шақыру мәнінде жұмсалады. Жылқыға қатысты құрау-құрау, моһ-моһ; сиырға қатысты ауһау-ауһау, әукім-әукім; қойға қатысты пұшайт-пұшайт; түйеге қатысты көс-көс; ешкіге қатысты шөре-шөре; итке қатысты кә-кә, айтақ-айтақ; мысыққа қатысты пырс, т. б. одағайлар қолданылады.
Одағай сөйлем басында да, ортасында да, соңында да кездеседі. Соған байланысты одағайға қойылатын тыныс белгілер төмендегідей:
1.Одағай сөйлем басында келсе, одағайдан кейін үтір қойылады. Мысалы,
Пай-пай, туған жер қандай ыстық! Құрау-құрау, кер бесті! 2.Одағай
сөйлемнің ортасында келсе, одағайдың екі жағынан да үтір
қойылады.Мысалы, Далаға шықсам, ойпырай, батыс жақ от болып жанып
жатқандай...
3.Одағай сөйлемнің соңында келсе, алдынан үтір қойылады. Мысалы, Осы алған бетіңнен танба, бәрекелді! Көз жасыңды көрсетпе, тәйт!
4.Кейбір жағдайда одағай қатысқан сөйлем соңына леп белгісі қойылады. Мысалы: Қазақстан! Пай, пай, пай, ардағым-ай!
Сен менің Шолпанымсың жанған ұдай.
5.Қайталанып айтылған одағайлар дефис арқылы жазылады. Мысалы, Паһ-паһ! Сөз деп осыны айт!