Орта ғасыр жазба ескерткіштері – түркі халықтарының өткен тарихы, мәдениеті, әдебиеті, тілі, тұрмыс-тіршілігі, дінінің өткен тарихынан мәлімет алуға мүмкіндік беретін асыл мұрасы. Тілдің уақыт өткен сайын дамуы тамырының тереңдігімен де өлшенеді. Уақыт тезіне шыдас беріп, қазіргі түркі тілдерімен тамырластығын жоғалтпаған тарихи маңызы зор жазба ескерткіштерді зерттеп, қазіргі тілдермен туыстық дәрежесін анықтау – бүгінгі ұрпақтың еншісі. Түптамырын түркі халықтарының тарихи мұраларынан алып, қазіргі тіліміздің пайда болу, өсу, дамуының заңдылықтарын, қалыптасу жолдарын білу үшін ескі түркі жазба ескерткіштерінің тілін жан-жақты зерттеп, қазіргі ана тілімізге қатысы қанша екендігін анықтау қажет.
Халқымыздың өткен тарихын, тілін, мәдениетін білуде, атап өткеніміздей, бұл мұралардың маңызы өте жоғары. Замандар бойы сақталып, бүгінгі күні халқымыздың асыл қазынасына айналған мұраларды халқымызға жеткізу мақсатында қыруар еңбектер атқарылды. Көне түркі тілінің мұралары жинап бастырылып, транскрипциялары, аудармалары беріліп, сөздіктері жасалынды. Руна, көне ұйғыр, араб жазуларымен берілген ескерткіштердің мәтіндері, транскрипциялары, аудармалары беріліп, сөздіктері қазіргі қазақ тілінде де жарық көрді. Бұл ескерткіштердің тілі жөнінде көптеген ғылыми еңбектер, мақалалар, оқу құралдары жазылып, түркологияда қаншама дүниелердің беті ашылды, ең бастысы, тарихи тұрғыдан зерттеудің негізгі бағыттары айқындалды. Уақыттың ұлы көшіндегі түркі халықтары осындай тарихи кезеңдерден бүгінгі ұрпаққа мол мәлімет берерліктей жазба ескерткіштер қалдырды. Түркі халықтарының рухани-мәдени, тарихи өмірінде бұл ғасырларда өмір сүрген ақыл-ой мен білімнің алып тұлғалары, көркем сөз зергерлері мен тілші-ғалымдар түркі тіліндегі көркем әдебиеттің шарықтап, өсіп-өркендеуіне мол үлес қосты. Тамыры терең халқымыздың асыл мұраларына биік баға берген Президентіміз Н.Ә. Назарбаев: «...Осынау апайтөс даланы ежелден мекен етіп келе жатқан халқымыздың тарихи тамыры тым тереңде жатыр. Оның өзіндік терең танымы, қалыптасқан халықтық салт-дәстүрі, өркендеген зор мәдениеті бар. Беймәлімі көп көне ғасырлар қойнауына үңілмей-ақ бергі, тарихқа танымал Түрік қағанаты заманынан түйдегімен жеткен тарихи-мәдени жәдігерлердің үлкен шоғырының өзі-ақ әлем алдындағы түрік өркениетін айғақтар төлқұжаты іспеттес. Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білігі», Махмұт Қашқаридің «Түрік сөздігі», Қожа Ахмет Йассауидің «Даналық кітабы», Ахмет Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» секілді ұлы шығармалары, әлемнің екінші ұстазы атанған Әбунасыр Фарабидің бұған дейінгі біршама игерілген ғажайып мұралары тұғырлы тарихтың, ұлы мәдениеттің, мол біліктің мәңгілік мәуесіндей» – деп, бұл жәдігерліктердің жаңа заманның жеке тұлғасын тәрбиелеуге зор үлес қосатынына назар аударған еді [1, 5-6].
Орта ғасырдағы жазба ескерткіштер – сол дәуірдегі этикалық топтардың сөйлеген тілдері туралы ақпараттарды сақтап қалған бірден-бір тілдік материалдар. Сондықтан оларды жан-жақты зерттеудің нәтижесінде қазіргі түркі тілдерін, соның ішіндегі қазақ тілінің де тарихы туралы нақты мәліметтер ала аламыз. Зерттеуімізде осы кезеңді шартты түрде Х-ХҮ ғасырлар деп бөліп аламыз. Бұл кезеңнің ескерткіштері сан алуан тақырыпта жазылған. Көне қыпшақ тілінде жазылған ескерткіштер негізінен ХІ-ХҮІІ ғасырлар аралығын қамтиды. Олар жазу үлгісіне қарай бес топқа бөлінеді:
1. Готикалық көне шрифтімен жазылған ескерткіштер (ХІІІ – ХІҮ ғасырлар).
2. Араб әрпімен жазылған мұралар (ХІ – ХІҮ ғасырлар).
3. Армян жазуымен берілген мұралар (ХҮ – ХҮІ ғасырлар).
4. Орыс әліпбиімен жазылып қалған деректер (ХІ – ХІІІ ғасырлар).
5. Шығыс Европа аймағын мекендейтін кейбір халықтардың тілінде сақталып қалған және сол елдердің өзіндік жазу үлгілерімен берілген сөздер (адам аттары мен жер-су аттары т.б.).
Сонымен қатар ескерткіштер белгілі бір саяси-әкімшілік орталықтарда туып, солардың талап-тілектеріне сай жазылып отырғандықтан, қазақ ғалымдары (Айдаров Ғ., Құрышжанов Ә., Томанов М.) оларды шартты түрде мынадай топтарға бөліп қарастырады: куман қыпшақтарының тілінде жазылған ескерткіштер, половец қыпшақтарының тілінде жазылған ескерткіштер, Орта Азия қыпшақтарының тілінде жазылған ескерткіштер, Алтын Орда қыпшақтарының тілінде жазылған ескерткіштер, Мамлюк қыпшақтарының тілінде жазылған ескерткіштер, Армян колониясының тілінде жазылған ескерткіштер [2, 10-16].
Орта ғасырларда жазылған ескерткіштерді зерттеп, құнды пікірлер айтқан ғалымдардың тұжырымдарын басшылыққа алған М. Сабыр мынадай екі үлкен топқа бөліп қарастырады:
1. Көне қыпшақ ауызекі сөйлеу тілінде жазылған ескерткіштер.
2. Көне қыпшақ жазба ескерткіштері [3, 6].
Орта ғасыр жазба ескерткіштерін жазылу мақсатына қарай 1) әдеби-діни ескерткіштер; 2) тілдік-грамматикалық зерттеулер (сөздіктер және т.б.); 3) тарихи кезеңге арналған ескерткіштер (хандар шежіресі, жалпы шежірелер, қолбасшылар мен батырлар, жорықтар туралы және т.б.) деп үш топқа бөліп қарастыру да кездеседі.