Қазақ тіл білімінің дүниеге келуі мен оның қалыптасуына үлкен үлес қосқан проф.Қ.Жұбанов болатын. «Қазақ ССР тарихында» («Социализм дәуірі» деген кітапта) республикамыздағы 30- жылдардағы ғылым мен ағарту жұмыстарының жайы жөнінде кең мағлұмат берілген. Кітаптың осы бөлімінен мынадай жолдарды көре аламыз: «Екінші бесжылдықтың тұсында Қазақтың Абай атындағы педагогтік институты ірі оқу орнына, маңызды мәдени ошаққа айналды... Қазақ әдебиеті мен тіл білімінің, Қазақ ССР тарихының көкейкесті мәселелері осында зерттелетінді. Институт профессоры Қ.Қ. Жұбанов қазақ тілінің ерекшелігіне лайықталған жаңа қазақ жазуы мен емлесін түзіп, қалыптастыруда елеулі еңбек етті. Қазақ тілінің алғашқы оқулықтарын жазу, оның грамматикасы мен тарихын зерттеу Қ.Қ.Жұбанов қаламының үлесі тиген-ді».
Қ.Жұбанов 1899 ж. Орал облысы, Темір уезі, Қусуақтам деген жерде дүниеге келген. Қ.Жұбановтың көзі тірісінде ғалымның әр тақырыпта жазған еңбектері «Қазақ тілі бойынша зерттеулер» деген атпен жеке серия шыға бастаған болатын.Бірақ олардың екеуі ғана жарыққа шығып үлгерген, қалғандары ұшты-күйлі жоқ болған. Сонымен қатарҚ.Жұбановтың 1937 ж. «Ғылыми грамматика материалдары», «Тағы да етістігі хақында» деген еңбектері жарыққа шығуға тиіс болған, бірақ қазір бұл еңбектердің қандай күйде екендігі белгісіз болып тұр.Қ.Жұбанов «Қазақтың күй жанры туралы тарихи–лингвистикалық очерк» (1936, Қызылорда), мұнда автор күй, домбыра, қобыз, толғау, сыбызғы, ән, би т.б. музыкалық терминдерге тарихи-лингвистикалық талдау жасайды. Оның «Из истории порядка слов в казахском предложений» (1936), «Заметки о вспомогательных и сложных глаголах», «Күй» деп аталатын сериясы, түрлі маслихаттар мен съездерде сөйлеген сөздері, «Буын жігін қалай табуға болады», «Жаңа грамматиканың жаңалықтары жайында», шылаулар, қос сөздер, біріккен сөздер секілді қыруар зерттеулері арқылы мамандар арасында зор құрмет пен беделге ие болған. Ол өзінің «Из истории порядка слов в казахском предложении» атты еңбегін қазақ сөйлеміндегі сөздердің орналасу тәртібін зерттеуге арнаған.Сөйлем мүшелерінің барша түркі тілдеріне ортақ бұлжымас заңдылығын былай көрсетуге болады,- деп жазады Қ.Жұбанов, - анықтауыш анықтайтын сөздің алдында, толықтауыш толықталатын сөздің алдында, ал сөйлемнің барлық мүшелері баяндауыштың алдында тұрады.
Қ.Жұбанов орта мектептің 5-6 класстарына арналған қазақ тілі оқулығын алғаш терген авторлардың бірі.Бұл кітабында автор қазақ тіліндегі сөздің құрылымын, фонетикалық құбылыстардың жай-жапсарын жүйелі түрде әңгіме етеді.
Лингвист ғалым өзінің бір тиянақталған еңбегін қазақ сөзінің буынын зерттеуге арнаған. Буын жасауға қатысатын дыбыстардың санына қарай қазақ тіліндегі буынды төртке, ал дыбыстардың буын ішінде орналасу тәртібіне қарай үшке бөледі. Пр.Жұбанов бұл саладағы зерттеулерінде қазақ тіліндегі буындардың бірігуі немесе олардың алмастырылуы, сондай-ақ екпін, әсіресе сингармонизм заңы секілді құбылыстардың һәммесі сөз элементтері арасында берік байланыстың болуы үшін қызмет ететін категориялар деген ғылыми қорытынды жасайды.
Жұбанов тіл білімі мәселелерімен 1920 жылдан бастап шұғылдана бастады. Ол қазақ мектептері мен жоғары оқу орындары үшін қазақ тілін оқыту бағдарламаларын жасап, оқулықтар мен әдістемелік құралдар жазды. Сондай-ақ, оның “Қазақ тілінің ғылыми грамматикасының материалдары” (1-том), “Фонетика” (орыс тілінде), “Қазақ тілі фонетикасының тарихын зерттеуге кіріспе”, “Қазақ тілінің ғылыми курсы жөнінен лекциялар”, “Буын жігін қалай табуға болады”, “Қазақ тілінде біріккен сөздің жазылуы”, “Қазақ сөйлеміндегі сөздердің орын тәртібі”, “Жаңа грамматиканың жаңалықтары жайынан”, т.б. іргелі ғылыми жұмыстары қазақ тіл білімін қалыптастыруға қосылған елеулі үлес болды. 20 ғасырдың 20 – 30-жылдарында Жұбанов қазақ халқының рухани-мәдени өмірінде саяси-әлеуметтік, халықтық мәні зор проблемалардың бірі – жазу, емле, термин мәселелерімен де шұғылданды. 1929 жылы Қызылордада өткізілген тұңғыш ғылыми-терминологиялық конференцияда Жұбанов қазақ тілінің емлесі жөнінде ғылыми негізделген ұсыныстар жасады. 1935 жылы қазақ әліпбиі мен емлесін жақсартудың жобасын ұсынды. Онда халықаралық және орыс тілінен енген терминдерді орысша жазылуына жақындатып таңбалау, кейбір қосар дыбыстарды жалаң әріппен беру, біріккен сөзді қосып жазу туралы пікір айтты. Жұбанов 1933 жылдан саяси қуғын-сүргінге ұшырағанға дейін Қазақстанның Мемлекеттік терминологиялық комиссиясының төрағасы болды. Бұл салада ол термин жасау ісіне мамандарды жұмылдырып, олардың дайындаған материалдарын ғылыми тұрғыдан реттеп, жұртшылық талқысына салып, тәжірибеге енгізуді қадағалады. Жұбанов – 1935 жылы Қазақстан мәдениет қызметкерлерінің съезіне Мемлекеттік терминкомның атынан ұсынылған жобаның негізгі авторы. Ол ұсынған принциптер қазақ терминологиясын жасаудың үлгісі ретінде әлі күнге дейін қолданылып келеді. 1936 жылы ғалымның “Қазақ сөйлем мүшелерінің орны тарихынан” деген кітабы баспадан шықты. Бұл кітабында ол қазақ тіліндегі сөйлем мүшелерінің тарихын басқа түркі тілдерінен бөліп қарамай, өзі еркін игерген түркі халықтары тілдерін бір-бірімен байланыстыра зерттеп, тарихи салыстырмалы әдісті шебер қолданды. Бұл еңбегімен Жұбанов қазақстандық түркітану ғылымының қалыптасуына зор үлес қосты. “Ауыл мұғалімі” (қазіргі “Қазақстан мектебі”) журналында мұғалімдерге арнап қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы, кітапты қалай пайдалану, оқулықтағы материалдарды оқушыларға қалай нәтижелі игерту мәселелерін көтеріп отырды. Осы журналда “Жаңа грамматиканың жақсылықтары”, “Шылаулар”, “Қос сөздер”, “Біріккен сөздер”, “Әдіс, бағдарлама мәселелері”, т.б. мақалаларын жариялады. Жұбанов қазақ әдеби тілі мен музыкалық өнері туралы да келелі пікірлер айтты. Ол өзінің “Абай – қазақ әдебиетінің классигі” (“Әдебиет майданы”, 1934, №11 – 12) атты аяқталмай қалған әдеби-публицистикалық еңбегінде Абайдың қазақ әдеби тілін дамытудағы, әлеуметтік ой-санадағы орнын, ақындық шеберлігін, композиторлығы мен өлең құрылысына енгізген жаңалығын тұңғыш көрсетіп, әділ бағалады.
Қ.Жұбанов орта мектептің 5-6 класстарына арналған қазақ тілі оқулығын алғаш терген авторлардың бірі.Бұл кітабында автор қазақ тіліндегі сөздің құрылымын, фонетикалық құбылыстардың жай-жапсарын жүйелі түрде әңгіме етеді.
Лингвист ғалым өзінің бір тиянақталған еңбегін қазақ сөзінің буынын зерттеуге арнаған. Буын жасауға қатысатын дыбыстардың санына қарай қазақ тіліндегі буынды төртке, ал дыбыстардың буын ішінде орналасу тәртібіне қарай үшке бөледі. Пр.Жұбанов бұл саладағы зерттеулерінде қазақ тіліндегі буындардың бірігуі немесе олардың алмастырылуы, сондай-ақ екпін, әсіресе сингармонизм заңы секілді құбылыстардың һәммесі сөз элементтері арасында берік байланыстың болуы үшін қызмет ететін категориялар деген ғылыми қорытынды жасайды.