Тіл-тілде жаңа термин жасау, оның терминологиялық жүйесін реттеудің негізгі көзі, ең алдымен сол тілдің өз сөздік құрамы, жалпы әдеби тілі, ұлттық лексикасы болып саналады. Яғни терминдер де байырғы сөздер секілді тілде бұрыннан бар сөздер мен түбірлер негізінде жасалады.
Терминжасам тәсілдерін талдамас бұрын, осы процеске материал беретін мынадай негізгі үш тірекке назар аудару қажет. Мұны қарапайым тілмен айтқанда, термин сөздердің жасалу көздері болып табылады.
1. Өз сөздік құрамының ішкі мүмкіндігін сарқа пайдаланатын ұлттық тіл; 2. Дайын терминдер беретін, немесе калькалау тәсілін ұсынатын орыс тілі; 3. Дайын күйінде термин беретін немесе калькалау тәсіліне ерік беретін интернационалдық терминдер. Интернационалдық терминдер деп аталып жүрген терминдердің көпшілігі әдетте орыс тілі арқылы енген кірме сөздер. Шет тілінен тікелей енген термин мүлде аз.
Термин жасаудың ең негізгі басты көзі – ұлттық тіліміз болып отыр деп толық айта аламыз. Бұл тұста әдеби тіліміздің барлық қабаты (көркем әдебиет тілі, ауыз әдебиет тілі, фольклор тілі, тіпті диалектілер мен тілде орын тепкен түрлі ерекшеліктер) түгел іске жаратылады.
Қазақ тілінің даму жолы терминжасамның мынадай төрт тәсілі қалыптаса бастағанын байқатады.
I. Ұлттық тіліміздегі қайсыбір сөздердің терминдік мәнге көшуі, яғни мұны мәністік (семантикалық тәсіл) дейміз. Мұны үш түрлі ыңғайда түсіну қажет: 1) әдеби, не жалпы әдеби тіл байырғы сөздерінің терминденуі, 2) диалектілердің терминденуі, 3) бір сала терминдерінің екінші салаға көшуі.
Семантикалық немесе мәністік тәсіл. Бұл қазақ тілінің байырғы сөздері мен ертеден енген араб-парсы сөздерінің арнайы жаңа терминологиялық мәнде жұмсалуы болып табылады. Семантикалық тәсіл дегенде, ең алдымен ұлттық тіліміздің өз мүмкіндігін толығырақ пайдалануды түсінеміз. Қазақ тілінің сөздік құрамында қоғам, отан, ошақ, еңбек, кеңес, мазмұн, түр, атақ, оқу, өнер, мәслихат тәрізді толып жатқан сөздердің терминдік сапаға көшуін біз осы тәсілге жатқызамыз. Келтірілген мысалдың көбі тіліміздің байырғы лексикасына жатады, біразы әбден сіңіп төл сөздер қатарынан орын тепкен араб, парсы кірмелері.
Бұл тәсіл, әсіресе ғылым тілі үшін өте пайдалы, мұны іске қосу арқылы осы тәсілмен термин жасаудың бар мүмкіндігі, ең басты талабы қанағаттандырылады. Сонымен, семантикалық тәсіл терминжасамның негізгі тәсілдерінің бірі ретінде терминологиялық лексика қабатының толыға, байи түсуіне үлкен септік жасайтын негізгі амалдың бірі болып табылады. мұның тағы бір атап айтылуға тиісті ерекшелігі – сол арқылы жасалған терминдер терминжасамның өзге амалдарына қарағанда әрі қысқа, әрі нұсқа болып шығады.
II. Сөзжасам амалдары. Мұның өзі іштей бірнеше жікке бөліп қарауды тілейді. Атап айтқанда: а) морфологиялық немесе синтетикалық (қосымшалар арқылы) тәсілі; б) синтаксистік немесе аналитикалық (сөздерді біріктіру, қосу) тәсілі; в) аббревиациялау (қысқарту) тәсілі.
а ) Морфологиялық немесе синтетикалық тәсіл дегенде әңгіме қазақ тілінің сөз жасауға, сөз түрлендіруге қатыстырылатын қосымшаларының термин жасаудағы рөлі жайында болмақ. Жалпы, қазақ тілінің сөзжасамға қатыстырылатын қосымшалары туралы әңгіме қозғалғанда, мамандар –шы, -ші, -лық, -лік, -шылық, -шілік, -ма, -ме, -ыс, -іс, -с, -ым, -ім, -ыл, -іл, -л, -қы, -кі, -у қосымшаларын өнімділер қатарына кіргізеді.
Ал сөзжасамның синтаксистік, яғни аналитикалық тәсіліне келсек, бұлардың да терминжасамға тигізер септігі мол. Бұл – екі немесе одан да көп сөздердің біріктірілуі арқылы жасалатын тәсіл. Мынадай басты-басты модельдерді іштей жіктеп көрсетуге болады. Біріншіден, термин құрайтын екі компоненттің екеуі де бір-біріне тәуелсіз тең мағыналы төл түбірлер болып келуі мүмкін: көз-қарас (мировоззрение), үш-бұрыш (треугольник), өнер-кәсіп (промышленность), еңбек-ақы (трудодень) немесе біріктірілетін сөздің бірі туынды түбір болып, яғни әлгі лексикалық единицалардың жасалуына морфологиялық амалдар қатысуы арқылы жасалуы ықтимал. Мысалы: сенім хат, көзқарас, қос өкіметтілік, атқосшы, т.б. Бұл ретте кейін күрделі термин жасауға септігі тиген байырғы қос сөздер қатары есте болуға тиіс. Мысалы, тәлім-тәрбие, үгіт-насихат тәрізділер осы ретпен келіп қосылған терминдер.
III. Калькалау тәсілі. Бұл тәсіл бір қарағанда алдыңғы екі тәсілдің екі арасында аралық қызмет атқаратын тәрізді. Яғни кірме сөздер мен алдыңғы екі тәсіл мүмкіндіктері пайдаланылады. Қысқасы, алдыңғы екі тәсіл мүмкіндігі сарқа пайдаланыла отырып, кірме терминдер дайын күйінде қабылданады.
III. Өзге тілдерден дайын термин алу тәсілі. Кірме терминдер делініп жүрген бұл сөздер жүйесі көбіне көп орыс тілі арқылы келген орыс және халықаралық интернационалдық лексика қатарына жатады.
Қазақ терминологиясын жасап, қалыптастыруда тікелей рөлі болған осы жолдар мен амалдарды саралап келгенде көзіміз жеткен бір ақиқат мынау: Термин жасау амалдары мейлі үшеу, мейлі бесеу болсын бәрібір, мұның бәрі де, ең алдымен аударма арқылы, аударма жұмысының өркендеуіне орай пайда болған.