Лекции.Орг


Поиск:




Категории:

Астрономия
Биология
География
Другие языки
Интернет
Информатика
История
Культура
Литература
Логика
Математика
Медицина
Механика
Охрана труда
Педагогика
Политика
Право
Психология
Религия
Риторика
Социология
Спорт
Строительство
Технология
Транспорт
Физика
Философия
Финансы
Химия
Экология
Экономика
Электроника

 

 

 

 


Спецификалық инфекциялар. Туберкулез




 

Туберкулез (құрт ауруы) – спецификалық гранулемалардың (туберкулемалардың) дамуымен сипатталатын созылмалы жұқпалы ауру. Бұл ауру кезінде адамның барлық ағзалары жарақаттануы мүмкін, соның ішінде бет аймағы мен ауыз ауыз іші ағзалары да жарақаттануға ұшырайды.

Роберт Кох 1882 жылы туберкулез туындататын микобактерияларды ашқан. Адамға патогенді болып саналатын микобактериялардың (1.адамдарда, 2.бұқаларда) кездесетін екі түрі бар. Адамға ауру ауа, тамақ арқылы және бүтіндігі бұзылған тері мен кілегей қабық арқылы жұғады.

Ауыз кілегей қабығы мен ерін жиектері көбінесе екіншілік жолмен өкпе сүйек және лимфа түйіндері туберкулезі кезінде жарақаттанады және оларға туберкулез микобактериялары қан және лимфа арқылы ауысады. Ауыз кілегей қабығында микобактериялар ұзақ өмір сүре алмайды, тез жойылады. Сондықтан сирек жағдайда жас балалар болмаса, ересек адамдар ауызында біріншілік туберкулез тіптен кездеспейді. Туберкулездің дамуы, оның ағымы және даму барысы организмнің иммундық жағдайымен, реактивтілігімен тікелей байланысты. Туберкулез кезінде Т-лимфоциттердің қатысуымен клеткалы иммундық реакция дамиды және көбінесе туберкулез гранулемасының (беті ашық аймақта бұдырмақтың) пайда болуымен сипатталады.

Туберкулез гранулемасы – продуктивті қабыну ошағы, эпителиоидты және көпядролы алып Лангханс-Пирогов клеткаларынан тұрады. Біраз уақыттан кейін орта бөлігі ірімшіктектес өліеттенуге және ыдырауға (казеозды ыдырау) ұшырап туберкулез жарасына айналады. Туберкулез гранулемасының грануляциялық тінінің құрамында фибробластармен бірге көп мөлшерде лимфоциттер мен плазматикалық клеткалар кездеседі.

Ауыз кілегей қабығы мен ерін жиектерінде екіншілік туберкулез инфекциясы туберкулез жегісі және миллиарлы – жаралы туберкулез түрінде кездеседі. Өте сирек жағдайда скрофулодерма (колликвативті туберкулез) кездеседі.

12-сурет. Туберкулез жегісі
Туберкулез жегісі (туберкулезная волчанка – Lupus vulgaris)(сурет-12). Бұл ауру кезінде ауыз кілегей қабығы мен ерін жиектері жиірек, 70% жағдайда бет терісімен (мұрын, ұрт жоғарғы ерін) бірге жарақаттанады (Скрипкин Ю.К. 1980). Бет терісі мен ауыз кілегей қабығының туберкулезбен жарақаттануы 25% жағдайда өкпе және басқа ағзалар туберкулезімен қатар кездесуі мүмкін (Шапошников О.К. және б., 1987). Ауыз кілегей қабығының жеке жарақаттануы өте сирек кездеседі және көбінесе жоғарғы ерін кілегей қабығында, алдыңғы тістер аймағындағы альвеола өсіндісінде, қатты және жұмсақ таңдайда орын алады. Алғашқы кезде беті жалпақтау, диаметрі 1-3 мм көкшіл-қызыл немесе түсі сарғыш-қызыл, шектелген жұмсақ консистенциялы ұсақ бұдырмақтар (люпомалар) пайда болады.

Олар шоғырлана орналасады, сондықтан жарақат ошағының беті кедір-бұдыр болып келеді. Туберкулез жегісі бұдырмақтарына алма желесі симптомы (симптом яблочного желе) және Поспелов симптомы тән. Егер люпоманың бетін беті тегіс әйнек жолағымен басса, қызыл түсі өзгеріп, сары-қоңыр немесе балауыз түсіне ұқсас түске енеді (алма желесі симптомы). Егер люпоманың ортасын түймелі сүңгімен басса, ол оңай батып кетеді (Поспелов симптомы) және бұдырмақтың орта бөлігінің казеозды ыдырауға ұшырағанын дәлелдейді. Бұдырмақтардың жиектік өсуге ұшырауларына байланысты көлемдері ұлғайып, бір-бірімен қосылып тұтас жарақат ошағына айналады. Бұдырмақтың орта бөлігінің тез ыдырауы әсерінен жиегі тегіс емес (жырылған жарқабаққа ұқсас), аса терең де емес жара пайда болады.

Жара көп ауырмайды, табаны сары түсті қақпен жабылған, кейде жас грануляциялық тін пайда болған кезде таңқұрай жемісінің бетіне ұқсас ашық қызыл түсті түйіршектерден тұрады. Жарақат ошағы қызыл иекте орналасқан жағдайда тістераралық қалқан сүйектер сорылып, тістер қозғалмалы болып, өздігінен түсе бастайды. Ерін жиегінде орналасқан жаралар қанды-іріңді қабықтарымен жабылып, ерін қатты ісініп кетеді де қатты ауыратын тіліктер пайда болады.

Жүре келе жаралар жазылып, орнында беті жазық және нәзік атрофиялы тыртықтар пайда болады. Тереңдеген жаралардың орнында астындағы тіндерге жабысқан тығыз қалың тыртықтар пайда болады. Кейде тыртық бетіне жаңа бұдырмықтар шығуы мүмкін. Ерінде орналасқан жарақат ошақтары оның деформациялануына және ауыздың кішірейуіне (микростома) әкеліп соғады. Ал бет аймағында орналасқан ошақтар жыртықтанып жазылғаннан кейін бет терісін тырыстырып, адамның кейпін танымастай өзгертуі мүмкін. Туберкулез жегісінің ағымы созылмалы болғандықтан аймақтық лимфа түйіндері ұлғаяды және тығызданады. Туберкулез жегісі 1-10% жағдайында қатерлі ісікке (люпус-карцинома)айналуы, тілмемен және кандидозбен асқынуы мүмкін.

Аурудың диагнозын нақтылау аса қиындық туғызбайды. Көпшілік жағдайда Манту реакциясы оң болады, бірақ жарадан туберкулез микобактерияларын бөліп алу оңайға түспейді. Гистологиялық зерттеу кезінде дәнекер тіннің торлы қабатында лимфоциттерден құрылған белдеумен қоршалған, Пирогов-Лангханс алып клеткалар мен плазматикалық және эпителиоидты клеткалардан тұратын бұдырмақ анықталады. Бұдырмақ аймағында эластикалық және коллаген талшықтары бұзылған, шамалы казеозды өліеттену байқалады, ал төңірегінде көптеген ескі және жаңа құрылған қан тамырлар кеңейген.

Сараптамалы диагностикасы. Туберкулез жегісін үшіншілік мерез, алапес (лепра) кезінде шығатын бұдырмақтардан, Капоши саркомасы жағдайында орын алатын түйіндер мен түйіншектерден ажырата білу керек. Аталған аурулардың өзіндік клиникалық ерекшеліктері бар және «алма желесі» симптомы мен «Пирогов» симптомы ешуақытта анықталмайды. Қорытынды диагноз дәрігер-фтизиатрдың көмегімен қойылады.

13-сурет. Миллиарлы туберкулез жарасы
Ауыз кілегей қабығының миллиарлы-жаралы туберкулезі (миллиарно язвенный туберкулез слизистой оболчки рта – Tuberculоsis miliaris ulcerosa mucosae oris) тыныс ағзаларының ашық туберкулезі кезінде қақырықпен бөлінген микобактериялардың кілегей қабыққа енуіне байланысты дамиды. Үнемі жарақатқа ұшырап тұратын аймақтардағы (ұрттың кілегей қабығының тістердің тістесу деңгейі, тілдің бүйір беттері, жұмсақ таңдай, ауыз түбі) кілегей қабыққа микобактериялар оңай еніп, организмнің әлсіздігінен көбейіп жаралы үрдіс туындатады. Микобактериялар енген аймақта сұр-қызыл түсті түйреуіш басының көлеміндей бұдырмақтар пайда болып, тез ыдырап микроабсцестерге айналады және олардың тесілуі нәтижесінде аса терең емес, қатты ауыратын жаралар дамиды. Көбіне жараның саны 1-3 жетеді. Жараның аумағы біртіндеп ұлғайып, көрші жаралармен қосылуы нәтижесінде біраз көлемге (диаметрі 2-3 см) жетеді. Мұндай жаралар тұрақсыз пішінді, жиектері тегіс емес, су шайған жарға ұқсас келеді. Жара беті сары-сұр түсті қақпен жабылған, аздап іріңді жалқық бөлінуі мүмкін, оңай қанайды, кейде әлі ыдырамаған бұдырмақтар әсерінен жара беті түйіршектенеді (13-сурет). Жара табаны мен төңірегінде бірен-саран сары-қызылдау түсті толық ыдырай қоймаған бұдырмақтарды (Трель дәндері – зерна Треля) анықтауға болады. Жаралар қатты ауырып, сөйлеуді, ас қабылдауды қиындатады және баяу жазылады. Осы кезде аймақтық лимфа түйіндері де ұлғайып, элистакалы-тығыздау консистенцияға ие болады және сипап байқаса ауырады. Егер жара ұзақ уақыт жазылмаса, екіншілік инфекция әсерінен қабыну үрдісі қосылып, жиегі мен табаны инфильтраттану әсерінен қалыңдап тығызданады. Қатпарлы тілдің үстінде және ауыспалы қатпарда орналасқан жаралар терең және қатты ауыратын тіліктерге ұқсауы мүмкін. Қызыл иекте орналасқан баяу жазылатын жаралар әсерінен альвеола сүйегі сорылып, периодонт тіні ыдырап, тістер қозғалмалы бола бастайды, кейде өз-өзінен түсіп те қалуы мүмкін.

Мұндай аурулардың жалпы жағдайы өте нашар, қатты жүдеген, тез шаршағыш, терлегіш, тез жүргенде және биікке көтерілгенде ентіге бастайды. Жарадан алған қырманы цитологиялық зерттеуден өткізгенде Пирогов-Лангханс алып клеткалары мен эпителиоидты клеткалар анықталады, ал микробиологиялық зерттеуден өткізсе көп мөлшерде Кох таяқшалары табылады. Кей жағдайларда науқас адам бойындағы басқа ағзаларда туберкулез үрдісінің барлығын өзі де білмеуі мүмкін.

Сараптамалы диагностикасы. Туберкулез жарасын созылмалы зақымдану жарасынан, мерез және обыр жараларынан, трофикалық жарадан, Венсан өліетті жарасынан ажырата білу керек. Аурудың қорытынды диагнозын цитологиялық, бактерологиялық зерттеулер негізінде дәрігер-фтизиатр қояды. Кейде сырқат адам бойында туберкулез үрдісімен жарақаттанған ағзалар барын білмей, алғаш рет дәрігер-соматологқа ауызындағы жараларға шағымдана келуі мүмкін. Сондықтан науқасқа дер кезінде дәрігер-фтизиатрға жолдама беру аурудың диагнозын дұрыс анықтауға қосқан тиімді үлес деп есептеуге болады.

Емі. Мұндай ауруларға емдеу шаралары арнаулы емдеу мекемлерінде (туберкулезге қарсы диспансерлер немесе ауруханалар) емделеді. Осы мекемелерде істейтін дәрігер-стоматолог науқас адамның ауызының дер кезінде сауықтырылуына, ауыз күтімін дұрыс сақтауға мән беріп, туберкулез жарасының жазылуын тездететін емдік шаралар жүргізу және оларды дәрігер-фтизиатрмен ақылдаса отырып іске асыруы керек.

 

Колликвативті туберкулез

Колликвативті туберкулез (колликвативный туберкулез скрофулодерма - Scrofuloderma) ауызда сирек кездеседі. Ауру тілдің немесе ұрттың терең қабатында түйін пайда болудан басталады. Түйін ауырмайды, біртіндеп үлкейеді, төңірегінде қабыну реакциясы болмайды. Біраз уақыттан кейін түйіннің орта бөлігі ыдырап, жыланкөзбен тесіледі және түйіршікті іріңді жалқық бөлінеді де бетінде жаралы аймақ пайда болады. Жара баяу дамиды, табаны бетінде сұр-сары түсті қағы бар грануляциялық тінмен жабылады және бірнеше айдан соң жазыла бастайды.

Колликвативті туберкулезді гуммозды (түйінді) мерезден және актиномикоздан ажырата білу керек.

Мерез түйіні де тіл және ұрттың терең қабаттарында орналасуы мүмкін. Ол ыдырағаннан кейін пайда болған жара кратерге (шұңқырға) ұқсайды және жиегі тығыз білікке ұқсас болады.

Актиномикоз кезінде де өте тығыз түйіндер пайда болады және олар ыдырай бастағанда беттерінде бір немесе бірнеше жыланкөздер ашылады, жара сирек жағдайда пайда болады. Жыланкөзден сұр-сары түсті түйіршікті іріңді жалқық бөлінеді және онда көп мөлшерде сәулелі саңырауқұлақтар друзы (дрозди) анықталады.

 

Мерез

Мерез (Сифилис - Lues) созылмалы жыныстық ауру қатарына жатады және көбіне жыныс жолдары арқылы беріледі. Дж Фраскстороның поэмасындағы бақташы Сифилустың атымен аталған ауру. Ауру қазіргі кезде Қазақстанда кең өріс ала бастады.

1905 жылы атақты ғалымдар Шаудин мен Гофман аурудың қоздырғышын ашқан және оны бозғылт трепонема (бледная трепонема – Treponema pallidum) деп атаған (әртүрлі бояулармен боялмайтын қасиетіне байланысты).

14-cурет. Бозғылт трепонемалар
Трепонема (синонимы спирохета) ұзындығы 14 мкм-ге дейін, 8-12 бұрамадан тұратын спиральға ұқсас бактерия (14-сурет). Адам организміне кілегей қабық пен терідегі аса терең емес жарақат ошақтары (тіліктер, беткей жырымдар) арқылы енеді және 1-2 трепанема ғана ауру туындата алады, организмге енген спирахеталар көбейіп, жауапты реакция дамиды және ол аурудың айқын клиникалық белгілері бар және жоқ кезеңдермен (латентті кезең) алмасып отырады.

Мерез туа және жүре дамыған болып екі түрге бөлінеді. Жүре дамыған мерез жыныс қатынастары кезінде, тұрмыстық жағдайларда және қан құю нәтижесінде (қан беруші мерезбен ауру болған жағдайда) жұғады. Туа дамыған мерез іште жатқан балаға ауру анадан жұғу арқылы дамиды. Сонымен қатар кәсіби мамандыққа да байланысты аурудың жұғуы орын алуы мүмкін (нашар заласыздандырылған стоматологиялық аспаптар арқылы, дәрігер-стоматолог ауруға қатысты қауіпсіздік шараларын сақтамаған кезде). Мерез жұғуы үшін терінің немесе кілегей қабықтың беткі қабаттарының бүтіндігі бұзылуы қажет, соңғы кезде бозғылт трепонема бүтін тері немесе кілегей қабық арқылы да өтуі мүмкін деген көзқастар айтылуда.

Инфекцияның жиі жұғуы – ауру бөртпелері ауыз кілегей қабығында, жыныс ағзаларында және тері бетінде орналасқан, бойында мерездің белсенді бірінші немесе екінші кезеңдері дамыған науқас адамдар болып саналады.

Мерез кез-келген жастағы адамдарға жұға береді және ең көп жұғатыны – жыныстық белсенділігі жоғары 20-29 жас арасындағы өкілдер.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Х қайта қарастырылған халықаралық жүйесі (1997 ж) бойынша аурудың төмендегі түрлерін ажыратады.

· ертерек туа дамыған мерез, кешірек туа дамыған мерез;

· ертерек жүре дамыған біріншілік мерез және екіншілік мерез;

· кеш жүре дамыған үшіншілік мерез.

Мерездің ағымы толқынға ұқсас, айқын клиникалық белгілері бар кезеңдері жасырын дамитын кезеңдермен алмасып отырады. Сондықтан аурудың төрт кезеңін ажыратады: инкубациялық, біріншілік, екіншілік және үшіншілік мерез.

Инкубациялық кезең алғашқы ауру жұққан уақыттан (трепонема организмге енген кезден) басталып, бірінші клиникалық белгілері білінген уақытқа дейін (3-4 жеті) созылады. Кейде одан ұзаққа (2-3 айға) созылуы мүмкін, және иммундық қасиеті төмендеген, белгілі бір себеппен антибиотиктер қабылдаған адамдарда орын алады.

Біріншілік мерез (первичный сифилис – syprilis primaria, Lues I) 6-7 аптаға, кейде 2-3 айға созылады.

Аурудың бұл кезеңінде бозғылт трепонема енген жерде ауырусыз қабыну инфильтраты берішті шанкр (біріншілік сифилома) пайда болады. Осыдан 5-7 күн өткен соң аймақтық лимфа түйіндері ұлғаяды немесе аймақтық склераденит дамиды. Ұлғайған лимфа түйіндерінің диаметрі 2-3 см жетеді, консистенциясы тығыз-шеміршектей, бір-бірінен және қоршаған терімен жабыспаған, тері қабатының түсі өзгермеген. Біріншілік мерез кезеңінің аяғында барлық топтағы лимфа түйіндері ұлғаяды (полиаденит) және оларда трепонемалар барынша көбейеді. Берішті шанкр біреу немесе екі-үшеу болуы мүмкін және жиі орналасатын аймағы ерін-жиектері, тілдің кілегей қабығы, таңдай бадамша бездері. Ауыз кілегей қабығында берішті шанкрдың дамуының өз ерекшелігі бар: алғашқы кезде шағын қызару (гиперемия) ошағы пайда болып, қабыну инфильтратының әсерінен тығызданады және көлемі біртіндеп үлкейіп, диаметрі 1-2 см құрайды. Біраздан кейін шанкрдың орта бөлігі өліеттеніп, диаметрі 3-5 мм домалақ немесе сопақ пішінді, шикі ет түстес, аса ауырмайтын, жиектері тегіс және көтеріңкі, табақшаға ұқсас эрозия немесе жара пайда болады. Эрозия немесе жараның табанында сипап тексергенде тығыз шеміршек консистенциялы инфильтрат анықталады және табаны тегіс, жылтыр таза немесе сарғыштау-сұр түсті «майлы» («сальный») қақпен жабылған болады.

Кейбір кездерде берішті шанкрдың атипиялық түрлері кездеседі және әртүрлі пішінге ие болады. Тілде орналасқан берішті шанкр табанындағы қабыну инфильтратының нәтижесінде төңірегіндегі тіндерден биіктеу ораналасады және төңкерілген табақшаға ұқсас келеді. Қатпарлы тілі бар адамдарда қатпарларды қуалай орналасып, саңылауға ұқсайды. Езуде орналасқан шанкр табаны инфильтраттанған ауыздықты еске түсіреді.

Қызылиекте орналасқан шанкр ашық-қызыл түсті, бірнеше тістер аймағында жарты айға ұқсас эрозия түрінде кездеседі.

Бадамша безде орналасқан берішті шанкр үш түрде (жаралы, баспаға ұқсас және аралас беріш) кездесуі мүмкін. Бадамша без көбінесе біржақты жарақаттанады, қызыл-мыс түстеніп ұлғаяды және тығызданады, бірақ ауырмайды. Жаралы беріш кезінде келтірілген негізде жиегі тегіс, сопақ пішінді шикі ет түстес қызыл жара пайда болады. Жара төңірегіндегі кілегей қабық қызарып ісінген, беті іріңді немесе өліетті қақпен жабылған және жара тереңдей береді.

Аурудың диагнозын дұрыс қою үшін берішті шанкрдің бетінен алынған затта бозғылт трепонеманың бар-жоқтығы анықталады және серологиялық реакциялар (Вассерман және тұндырма реакциялар) жүргізіледі. Аурудың дамуының 4-ші аптасынан бастап барлық классикалық серологиялық реакциялар (Вассерман, комплементті байланыстыру, Кан және Закс-Витебский реакциялары) тұрақты түрде оң болады. Осыған байланысты біріншілік мерездің даму уақытын біріншілік серонегативті (аталған реакциялар теріс) және біріншілік серопозитивті кезеңдерге бөледі. Серопозитивті кезең берішті шанкр пайда болғаннан кейін 3-4 аптада басталады және серологиялық реакциялардың оң болуы ұзақ уақыт сақталады. Серологиялық реакциялардың оң болуы организмге енген трепонемаға қарсы антиденелердің көптеп құрылуына байланысты.

Біріншілік мерез кезеңінің соңына қарай жалпы продромальдық белгілер (дымкәстік, дене қызуының көтерілуі, сүйектердің сырқырауы, бас ауруы, еттердің сыздауы, тез шаршау, эритроциттердің шөгу жылдамдығының жоғарылауы, лейкоцитоз) байқалуы мүмкін. Осыдан бірнеше күн өткен соң тері және кілегей қабық беттерінде көптеген розеолалы папулезді бөрткендер шыға бастайды және ол екіншілік мерез кезеңінің басталуының айғақтық белгісі болып табылады.

Сараптамалы диагностикасы. Берішті шанкрды зақымдану жарасынан ажырата білу керек. Зақымдану жарасы кезінде себепті әсер анықталады (ұрып-соғып алу, тістеп алу),жара табаны аса қатты болмайды және дұрыс емдесе тез жазылып кетеді.

Берішті шанкр бадамша безде орналасқанда баспадан (ангинадан) ажырату керек. Бірақ бұл кезде баспадағыдай емес, ауру сезімі болмайды, жарақат біржақты орналасады.

Ерін жиегінде орналасқан шанкрды қайталамалы ерін герпесі кезіндегі эрозиядан ажырату керек. Герпестік эрозия қызарған және ісінген негізде орналасады және көпіршік бөрткеннің жарылуы нәтижесінде пайда болады (мерез кезінде ешуақытта көпіршік бөрткен шықпайды).

Берішті шанкрды шанкрге ұқсас пиодермиядан ажырату керек. Пиодермияға қабыну үрдісі тән, бетінен іріңді жалқық бөлініп ауырады және дұрыс емделмесе ұзақ сақталады. Жарақат ошағынан көп мөлшерде коктар бөлінеді.

Берішті шанкрды ауыздың қайталамалы афтозды қабынуы кезіндегі афтадан ажырату керек. Бұл ауру кезінде афталар қызарып ісінген, кілегей қабық бетіне шығады және ауық-ауық қайталанып тұрады, серологиялық реациялар теріс болады.

Берішті шанкрды ыдырай бастаған обыр ісігінен ажырату керек. Обыр ісігі тереңдеу орналасады, жараның жиектері тегіс емес, табаны қанағыш келеді. Патогистологиялық және цитологиялық зерттеулер нәтижесінде атипиялық клеткалар анықталады.

 

Екіншілік мерез

Екіншілік мерез (вторчиный сифилис – syphilis secundaria, (LuesII)(сурет-15) орта есеппен алғанда 3-4 жылға созылады. Осы уақыт ішінде патологиялық үрдіс организмге кең жайылады, тері және кілекей қабықтар жарақаттанып, ауруға тән бөрткендер шығады. Аурудың жалпы жағдайы өзгереді (бас ауруы, әлсіздік пен дымкәстік билеу, дене қызуы көтерілуі), ішкі ағзалар, сүйек және жүйке жүйелері де жарақаттануы мүмкін. Мерездің бұл кезеңі «екіншілік жас мерез» («вторичный свежий сифилис»-Lues secundaria recens) деп аталады, бар болғаны 2-3 аптаға созылады және өз бетімен жойылып кетеді. Бұл белсенді кезең жасырын мүлгіген инфекция кезеңіне (Lues II latens) ауысады және ауық-ауық өршіп немесе қайталанып отырады. Аурудың қайталану кезеңі «екіншілік қайталамалы мерез» («вторичный рецидивный сифилис»- Lues II recidiva) деп аталады.

Екіншілік мерез барысында жасырын және қайталамалы кезеңдер бірнеше рет (3-4 немесе одан көп) ауысып отырады. Бұл мерезге байланысты инфекциялық иммунитеттің дербестік ерекшелігінен, және бозғылт трепонеманың инцисттелген белсенділігі азайған және L-формаларының пайда болуынан туындайды.

Сурет -15. Екіншілік папулалы мерез. Диаметрі 7-8 мм жіңішке қызыл жолақпен қоршалған ақшыл сұр түсті қақпен жабылған папулалар тілдің үстіңгі бетінде
Екіншілік қайталамалы мерез кезіндегі бөрткендер екіншілік жас мерез кезіндегі бөрткендерден ерекшелеу болады: розеолалы-папулезді элементтердің саны аздау, бозғылт түстеу келеді, әртүрлі пішіндер жасап немесе өрілген өрнектерге ұқсас топтаса, көбірек үйкеліске ұшырайтын аймақтарда орналасады. Екіншілік мерездің барлық кезеңінде Вассерман және басқа да серологиялық реакциялар оң болады. Бірнеше қайталаудан кейін (емдеу шаралары жүргізілмесе) екіншілік мерез кезеңі ұзақ уақыт белгілі симптомсыз кезеңге немесе кеш дамыған мерез кезеңіне (үшіншілік мерез) ауысады.

Екіншілік мерез аурудың ең жұқпалы кезеңі, тері мен кілегей қабықтарды жиі жарақаттайды және көбінесе екі түрде кездеседі: дақты (макулезді) мерез (пятнистый сифилис) және папулезді мерез (папулезный сифилис).

Дақты мерез жұмсақ таңдайда, таңдай имектерінде және бадамша бездерде жиі орналасады. Бұл кезде ашық қызыл түсті, диаметрі 1-1,5 см, анық шектелген розеолалы бөрткендер шығады және бір-бірімен қосыла отырып, өзгермеген кілегей қабық бетінен анық бөлініп тұрады. Емделмеген жағдайда бір айдан соң өз бетімен жоғалып кетеді.

Эритемалы мерез баспасын (ангинасын) кәдімгі тұрпайы катаралды баспадан, ауыздың дәріден катаралды қабынуынан ажырата білу керек.

Папулезді мерез екіншілік жас және қайталамалы мерез кезінде де ауызда жиі кездеседі. Папулалы бөрткендер ауыз ішінің кез-келген аймағына, оның ішінде жұмсақ таңдайға, бадамша бездерге,таңдай имектеріне жиі шығады. Мерез папулалары домалақ пішінді, тығыз, диаметрі 1-1,5 мм инфильтративті бөртпелер. Көп үйкеліске ұшыраудың және жалқықтану үрдісінің нәтижесінде папулалар ақшыл-сұр түстенеді және шеткейлік өсуге ұшырай отырып, бір-бірімен қосылып, табақшаға (бляшкаға) айналады, кілегей қабық бетінен біраз көтеріңкі орналасады. Қалақшамен қырған кезде папула бетіндегі қақ оңай алынып, етке ұқсас қызыл түсті эрозия беті ашылады. Папуланың төңірегі ашық-қызыл түсті қабыну жолағымен қоршалған, бетінен көп мөлшерде бозғылт трепонемалар бөлінеді.

Тілдің үстінде мерез папулалары шыққан аймақта жіпке және саңырауқұлаққа ұқсас бүртіктер жойылып, папула беттері ерте түлеген ошақтарға ұқсас тегіс және жылтыр болып келеді және төңірегіндегі тіндерден төмендеу тұрады. Мұндай көріністі «ойдым-ойдым шабылған шабындық белгісі» («симптом скошенного луга» - сурет) деп атайды. Ауыз күтімі нашар жағдайлар папулалар жараларға айналып кетуі немесе фузоспирохетозбен асқынуы мүмкін. Бұл кезде аурудың белгілері Венсан стоматитіне ұқсайды, папулалар аймағында ауыру сезімі пайда болып, төңірегіндегі тіндерде қабына қызару белгілері қосылады. Егер папулалар езу аймағында орналасса, тұрақты жарақааттану әсерінен жайыла өсіп, теріге ауысады. Ауызды жиі-жиі ашудың нәтижесінде қалың және тығыз инфильтраттанған езу терісі мен кілегей қабығы жырылып, терең оңай қанағыш және ауырғыш тіліктер пайда болады, беттері кешікпей қанды қабықшалармен жабылады.

Екіншілік мерездің барлық кезеңдерінде аймақтық лимфа түйіндері ұлғайған, тығыз-элкастикалы консистенциялы болады, бір-біріне жабыспаған және сипап байқағанда ауырмайды. Барлық серологиялық реакциялар 100% оң болады.

Теріде аталған мерезбен қатар пустулезді мерез орын алуы мүмкін. Мерез папулалары бас терісіне шыққан кезде ошақты немесе жайыла шаш түсуі байқалады (очаговое или диффузное выпадение волос – alapecio areolaris).

Ауыз ішіндегі мерез папулаларын лейкоплакия ошағынан, қызыл жалпақ теміреткі папулаларынан, ауыз кандидозынан ажырату керек.

Кейбір жағдайларда ақшыл-сұр түсті папулезді мерез ошақтары көптүрлі жалқықты эритема, ауыздың дәріден аллергиялық қабынуларына тән жарақат ошақтарын еске түсіреді.

Бұл аурулар кезінде эрозиялы ошақтардың астында тығыз инфильтрат байқалмайды, кілегей қабықтың қатты қызарып ісінуі, науқастың жалпы жағдайының өзгеруі, ауызда қатты ауыру сезімінің болуы сияқты белгілер байқалады.

Тілдің үстінде орналасқан мерез папулаларын тілдің тілей қабынуы кезіндегі ошақтардан ажырата білу керек.

Кейде беті эрозияланған мерез папулаларын ауыздың қайталамалы афтозды қабынуы кезінде дамитын афталардан ажыратуға тура келеді. Афталардың консистенциялары жұмсақ болады және қатты ауыру сезімі тән, аймақтық лимфа түйіндері ұлғаймауы да мүмкін.

Екіншілік мерездің қорытынды диагнозы клиникалық белгілеріне, папула беттерінен алынған қырмада бозғылт трепонемаларды анықтау, серологиялық реакциялардың (шөгу, Вассерман және бозғылт трепонемаларды иммобилизациялау реакциялары) оң болу нәтижесіне сүйену негізінде қойылады.

Үшіншілік мерез (сурет -16)(третичный сифилис – syphilis tertaria, Lues III) немесе гуммозды мерез ауру басталғаннан 4-6 жыл өткен соң дамиды. Аурудың бұл кезеңінде ауыз кілегей қабығында және теріде бұдырмақтар (бугорки) мен түйіндер (узлы или гуммы) шығып, ауру ондаған жылдарға созылуы мүмкін.

Сурет -16. Мерез гуммасының ыдырауы нәтижесінде жұмсақ таңдайда сопақ пішінді көлемді тесік пайда болған.  
Гуммозды ауыз кілегей қабығының кез келген аймағын жарақаттауы мүмкін, дегенмен гумма – жұмсақ және қатты таңдайға, тілге шығады, саны біреу-ақ болады (сурет). Кілегей қабықтың терең қабатында ауырмайтын түйін пайда болып, біртіндеп көлемі үлкейе береді (3 см аса, кейде грек жаңғағының көлеміндей). Біраз уақыттан кейін орта бөлігі өліеттеніп, гумма жарылуы нәтижесінде терең, ортасында өліетті өзегі бар кратерге (шұңқырға) ұқсас терең жара пайда болады.

Пайда болған жара ауырғыш келеді, тығыз инфильтратпен қоршалған, жиегі тегіс және қаттылау, табаны ашық-қызыл түсті, ұсақ грануляциялық тінмен жабылған. Жара жазылған кезде орнында жұлдызға ұқсас тыртық пайда болады және бұл үрдіс 3-4 айға созылады, науқасты ауыру белгілерімен аса көп мазаламайды. Сирек жағдайда гумма толығымен сорылып кетеді немесе тығыз фиброзды тінмен алмасады. Гумманың мұндай ағымы ол жұмсақ таңдайда және тілде орналасқан кезде байқалады. Тілде жеке түіндер шығуы мүмкін (тілдің түінде қабынуы – узловатый глоссит) немесе жайыла склерозданып қабыну (диффузный склерозирующий глоссит) орын алуы мүмкін. Жарақаттанудың соңғы түрінде тілдің терең қабаттарында плазматикалық клеткалармен жайыла инфильтраттану байқалады, тілдің көлемі ұлғайып, тығызданады, барлық бүртіктері жойылады. Кейіннен клеткалы инфильтрат тыртықтану үрдісімен алмасады, тілдің көлемі кішірейіп және жиырлып, қозғау қиынға соғады. Тілдің үстінде ауыру тұдыратын терең сайлар, тіліктер және трофикалық жаралар пайда болады және кейде олар қатерлі ісікке де ауысуы мүмкін.

Гумма қатты таңдайдың кілегей қабығында орналасқан жағдайда іркілген-қызыл түсті тығыз инфильтрат ошағы пайда болып, аз уақыт ішінде сүйек қабы мен сүйек тіні өзгеріске ұшырауы нәтижесінде өліеттеніп, ыдырай бастайды. Мұның өзі таңдай сүйегінің тесіліп, мұрын және ауыз қуыстарының қосылуына әкеп соғады.

Мерез гуммасын қатерлі және қатерсіз ісіктерден, мишарлы-жаралы туберкулезден ажырата білу керек.

Бұдырмақты мерез (бугорковый сифилис) ауыздың кілегей қабығында сирегірек кездеседі және кез-келген аймағында топтаса шығады. Көбінесе ерін кілегей қабығында, альвеола өсіндісінде және таңдайда орналасады.

Мерез бұдырмақтары – көкшіл-қызыл түсті, ауырмайтын, диаметрлері бірнеше миллиметр, бірігуге бейімсіз, инфильтративті бөртпелер. Жарақат ошағындағы бөртпелер саны оншақты немесе одан көбірек болуы мүмкін. Бұдырмақтар ыдыраған кезде аздап қана ауыратын, кейде тіптен ауырмайтын, көлемдері әртүрлі (жасымық-чечевица көлемінен тасбұршақ көлеміне дейін) жаралар пайда болады. Олардың жиектері тығыз және тегіс, тыртықпен атрофиялаушы, бір рет бұдырмақ шыққан аймақта екінші рет бұдырмақ шықпайды. Ал туберкулез жегісі кезінде бұдырмақтар тыртық аймағына қайта шыға береді.

Бұдырмақты мерезді туберкулез жегісінен ажырата білу керек. Туберкулез жегісінің ағымы ұзақ (бірнеше жылға созылады) және бұдырмақтары жұмсақ болады. Туберкулез жегісі бұдырмақтарының ыдырауынан пайда болған жаралардың жиегі тегіс емес және жұмсақ болып келеді.

Үшіншілік мерез кезінде гумма мен бұдырмақтардан бозғылт трепонемаларды бөліп алу мүмкіндігі болмайды. Сондықтан бұл кезде шешуші рөл атқаратын иммунофлюореценциялау (РИФ) және бозғылт трепонемаларды иммобилизациялау (РИБТ) реакциялары (100% жағдайда оң болады), Вассерман және тұндыру реакциялары науқастардың 50-80% оң болады.

Мерезбен ауырған адамдар арнаулы венералогиялық емдеу мекемелерде емделеді. Дәрігер-стоматолог аурудың ауыздағы белгілерімен келген науқасқа дер кезінде арнаулы зерттеулерге немесе емдеу мекемелеріне жолдама беруге міндетті.

 

Ауыз кандидозы

Кандидоз (кандидоз – candidosis, син. – молочница, поверхностный бластомикоз, микоз дрожжевой, кандидомикоз, монилиаз, ондиомикоз, эндомикоз) шартты – патогенді ашытқыға ұқсас саңырауқұлақтар туындататын ауру. Ауыз ішінде ашытқыға ұқсас саңырауқұлақтардың 80-ге жуық түрлері бар. Олардың ішінде патологиялық үрдістерді жиірек туындататындары Candida текті саңырауқұлақтар: Candida albicans, Candida tropicalis, Candida psendotropicalis, Candida crusei, Candida Kephir. Бұл саңырауқұлақтар ауыз кілегей қабығының қатпарларында тісжегі қуыстарында, түбір өзектерінде орын тебеді. Candida albicans адам ауызында резиденттік микрофлора ретінде 50-70% жағдайда кездеседі және ешқандай ауру белгілерін туындатпайды. Сонымен бірге олар сау тері бетінде де кездеседі. Candida текті саңырауқұлақтар бірклеткалы, бүршіктене көбейетін саңырауқұлақтарға жатады, домалақ немесе сопақ пішінді, көлемі 5-7 мкм болып келеді. Олар қышқыл ортаны (рН-5,8-6,5) жақсы көреді және белоктарды, майларды, көмірсуларды ыдырататын ферменттер бөліп шығарады.

Candida текті саңырауқұлақтар сүттен жасалған тәтті тағамдарда, жеміс-жидек, көкөніс беттерінде, өте-мөте бұзылған алма, алмұрт және жүзімде жақсы дамиды.

Candida текті саңырауқұлақтардың жоғары вирулентігі организмнің иммундық қорғанысы әлсіреген кезде байқалады (құрт ауруы, обыр, адамның иммунитет тапшылығы инфекциясы, лейкоз, ұзақ уақыт кортикостероидтар, цитостатиктер, иммунодепрессанттар қабылдаған кезінде, әртүрлі радий және рентген сәулелерімен емдеу жүргізген жағдайларда).

Ұзақ уақыт антибитиктер мен антибактериалдық дәрілер (мысалы, метронидазол) қабылдаған кезде микробтар тепе-теңдігінің жойылуы (дисбактериоз) Candida текті саңырауқұлақтардың көбеюіне жағдай туғызады. Антибиотиктер ауыз ішімен қатар ішек жолында да дисбактериоз туындатады. Соның нәтижесінде В, С, РР витаминдер жетіспеушілігі дамып, ауыз кілегей қабығының функционалдық жағдайы өзгеріп, кандидоз ауруына шалдыққыш болады.

Организмде зат алмасу бұзылуын туындататын аурулар кезінде де (сусамыр, гипопаратиреоз) кандидоз дамуы мүмкін.

Кандидоздың дамуында ауыз кілегей қабығының жағдайы мен жергілікті иммунитетінің деңгейі жетекші рөл атқарады. Ауыз ішіндегі созылмалы қабыну ощақтарында (лейкоплакия, қызыл жалпақ теміреткі, созылмалы зақымдану ошақтары), қышқыл ортаның қалыптасуы саңырауқұлақтардың тез көбейіп, вируленттік қасиеттерінің артуына жағдай туғызады.

Кілегей қабық пен тері беттерінің шамадан тыс ылғалдануы (екі езу аймағында кандидоздық ауыздық дамиды) немесе құрғауы (Шегрен синдромы, сәулелер әсерінен сілекей бездерінің жарақаттануы) ондағы гуморалдық қорғаныс факторларын азайтып, дисбактериоздың туындауына жағдай жасайды.

Ауызда дұрыс күтімі жоқ алмалы-салмалы пластмассадан жасалған протездер саңырауқұлақтардың көбеюіне жағдай туғызады. Протездердің көмірсулы ас қалдықтары көп жиналатын және ылғалды ішкі беттерінде қалыпты дене қызуы жағдайында олар өздеріне ыңғайлы орын тауып, асқан белсендігімен көбейеді.

Ауыз арқылы қабылданатын контрасептивтер мен жергілікті қолданылатын кортикостероидтар да (демікпе ауруы кезінде қолданылатын аэрозльдар) Candida типті саңырауқұлақтардың өсуіне жағдай туғызады.

Сонымен қатар кәсибі мамандығы жеміс-жидек, көкөністерді өңдеумен (консервілеу зауытының жұмысшылары), ылғалды ортамен (бассейн қызметкерлері, мәшине және ыдыс жуушылар) байланысты адамдарда, кондитер фабрикалары мен антибиотиктер шығаратын зауыт жұмысшылары арасында ауыз кандидозы жиірек кездеседі.

Ауыз кандидозымен емшектегі жас балалар мен созылмалы ауыр сырқаттары бар қарт адамдар жиі ауырады. Саңырауқұлақтар жас нәтрестеге ананың босану жолдарымен өткен кезде немесе сәбиді тамақтандыру кезінде гигиена сақтамаған жағдайда жұғуы мүмкін.

Кандидоздық инфекцияның даму патогенезінде Т-лимфоциттер қызметінің нашарлығы белгілі орын алады.

Аурулардың халықаралық жүйесіне (10-шы жүйе) байланысты ауыз кілегей қабығы немесе ауыз кандидозының төмендегідей түрлерін ажыратады:

· ауыздың жалған жарғақты кандидозды қабынуы;

· ауыздың жедел эритематозды (атрофиялаушы) кандидозды қабынуы;

· ауыздың созылмалы гиперпластикалы кандидозды қабынуы;

· ауыздың созылмалы эритематозды (атрфиялаушы) кандидозды қабынуы (протездер астында ауыздың қабынуы);

· тері-кілегей қабық кандидозы;

· ауыздың кандидоздық гранулемасы;

· еріннің езу бөлігінің қабынуы;

Қазіргі уақытта жиі қолданылып жүрген Н.Д.Шеклаков (1976 ж.) ұсынған кандидоздар жүйесі төмендегідей:

· кілегей қабықтар мен тері және тырнақтардың беткей кандидозы;

· созылмалы жайылған (гранулематозды) кандидоз;

· әртүрлі ағзалардың висцералды (жүйелі) кандидозы;

ауыз кілегей қабығының беткей кандидозын төрт түрге бөледі:

· жедел жалған жарғақты ауыз кандидозы (молочница-сүттеме)

· жедел атрофиялаушы ауыз кандидозы;

· созылмалы гиперпластикалы ауыз кандидозы;

· созылмалы атрофиялаушы ауыз кандидозы.

 

Жедел жалған жарғақты ауыз кандидозы (сурет-17) немесе сүттеме (острый псевдомембранозный кандидоз полости рта – candidosis acuta pseudomembranosa, или молочница- soor) – аурудың жиірек кездесетін түрі. Көбінесе емшек жасындағы балалар мен қарт адамдарда кездеседі. Жасы ұлғайған адамдар ішінде бойында созылмалы сырқаты бар (сусамыр, қан аурулары, витаминдер тапшылығы, қатерлі ісіктер, ЖИТС) науқастарда жиірек кездеседі.

Сүттеменің клиникалық көрінісі- аздап қызырған, кілегей қабық бетінде ақ немесе ақ-сұрлау түсті ірімшікке ұқсас түйіршікті құрылымның немесе ұйыған сүтке ұқсас жұмсақ қақтың болуымен сипатталады (сурет). Қақтың құрамына саңырауқұлақ клеткалары, жалған мицелийлер, түлеген эпителий және ас қалдықтары кіреді. Алғашқы күндері қақ оңай қырылып алынады, астындағы кілегей қабықтың аздап қызарып, ісінгені байқалады. Бірнеше күннен кейін қақтың түсі өзгеріп қоңыр-сұрланады және оңайлықпен алына қоймайды. Күшпен алған кезде астындағы тіндердің қатты ісініп қыздырғаны және қанағыштығы анықталады.

Сүттеме қағы көбінесе ұрт, таңдай, тіл, ерін кілегей қабығы беттерінде орналасады, ауыр жағдайларда жұтқыншаққа, көмейге және өңешке қарай жайылуы мүмкін.

Науқас адамдар көбінесе ауызының ысып-күюіне, ашып ауыруына, ащщы тағамдар қабылдағанда ауру сезімінің күшеюіне, жұтынудың қиындағанына шағымданады.

Ауыздың жедел жалған жарғақты кандидозын лейкоплакияның түрлерінен (жазық, веррукозды және жұмсақ лейкоплакия), қызыл жалпақ теміреткіден, екіншілік папулезді мерезден, Фордайс гранулемаларынан ажырата білу керек.

Қызыл жалпақ теміреткі кезіндегі беттері мүйізгектенген папулалар мен лейкоплакия кезіндегі мүйізгектену ошағы (жедел жарғақты кандидоз) көрінісіне ұқсас келеді, бірақ қырып байқағанда беттері алынбайды және Candida текті саңырауқұлақтарды анықтауға арналған бактериоскопиялық зерттеулердің нәтижелері теріс болады.

-сурет. Тілдің жалған кандидозы
Фордайс түйіршектері (гранулы Фордайса, син.-железы Фордайса, болезнь Фордайса) май бездерінің ауытқып орналасуының нәтижесі. Олар – диаметрі 1 мм жуық, кілегей қабықтың эпителий қабатының бетіне жақын біраз көтеріңкі және тары дәніне ұқсас шашырай орналасқан ұсақ май бездері. Фордайс түйіршектері ұрт аймағында (артқы бөліктерінде және тістердің тістесу деңгейінде), ерін кілегей қабығында, жиектерінде жиірек орналасады, бір-бірімен бірге орналасып, табақшаға ұқсас құрылым түзеді. Қырып байқағанда беттері алынбайды және бактериоскопиялық зерттеулер жүргізгенде бірен-саран ғана саңырауқұлақтар анықталуы мүмкін.

Тілдің жалған жарғақты кандидозды қабынуын оның түлей қабынуынан ажырату керек. Бұл кезде тіл үстінде түлеуге дайын ісінген ақ түсті аймақ, төңірегіндегі түлеген аймақтардан көтеріңкі орналасады және 1-2 күннен кейін толық түлеп, шикі ет түстенеді. Бірақ тағы 1-2 күннен кейін қайта қалпына келеді.

Сурет -18. Жедел атрофиялаушы кандидоз
Жедел атрофиялаушы ауыз кандидозы (сурет-18) (острый атрофический кандидоз полости рта – candidosis oris acuta atrophica) кезінде ауызда ауыру, ысып-күю, ашу, құрғау сияқты сезімдер мазалауы мүмкін. Ауыз кілегей қабығы құрғап,от жалыны түстес болып қызарады. Тіл кілегей қабығы жарақаттанған кезде үсті ашық-қызыл түстеніп, құрғап, жылтырланады, жіпке ұқсас бүртіктері атрофиялануға ұшырайды. Жарақат ошағында қақ болмайды, болған күндеде терең қатпарларда сақталады және күшпен алынады.

Аурудың бұл түрін пластмассадан істелген алмалы-салмалы протездерге дамитын аллергиялық реакциялардан, В2 витамині жетіспеушілігі, анемиялар кезінде кілегей қабықта болатын өзгерістерден ажырата білу керек. Аурудың диагнозын нақтылауда оның даму тарихына, қан құрамын және бактериоскопиялық зерттеулердің, одан қалды сынап емдеу нәтижелеріне сүйену керек.

Қазіргі кезде саңырауқұлақтардың ауру тудырғанын анықтауға арналған иммунологиялық зерттеулер қолданыс табуда.

19-сурет. Созылмалы гиперпластикалық кандидоз.сайт- http://zapah-izo-rta.info/
Созылмалы гиперпластикалы ауыз кандидозы (хронический гиперпластический кандидоз рта – candidosis oris hyperplastica) кезінде қатты қызарған кілегей қабық бетінде түйінге немесе табақшаға (бляшкаға) ұқсас қалың және тығыз байланысқан ақ немесе ақ-сұр түсті қақ пайда болады (сурет). Бұл қақ Candida текті саңырауқұлақтардың эпителий қабатына еніп, көптеп көбеюі нәтижесінде пайда болады және көбіне тілдің үстінде, таңдайда орналасады, қырғанда күшпен алынады және астында қатты қызарып, эрозияланған аймақтың беті ашылады. Ауру ұзақ дамыған кезде қақтың құрамына фибрин сіңіп, сары-сұр түсті жарғаққа айналады («кандидозды лейкоплакия» ошағы). Қатты таңдай жарақаттанған жағдайда бүртікті гиперплазиялану үрдісі (папилломатоз) байқалады. Аурудың бұл түрі ұзақ уақыт кортикостероидты дәрілер, иммунодеприсанттар қабылдаған адамдарда дәл уақытында және тиімді емделмеген жедел түрінен дамиды. Науқас адамдар ауыздың құрғауына дәм сезудің бұзылуына, ащы тағам қабылдағанда болатын ауру сезіміне, ауызынан жағымсыз иіс шығуына шағымданады. Бұл кезде тері мен тырнақтар да жарақаттануы мүмкін, аймақтық лимфа түйіндері (көбінесе балаларда) ұлғаяды.

Кандидоздың бұл түрін лейкоплакиядан, қызыл жалпақ теміреткіден ажырата білу керек.

Лейколпакия ошағы түсі өзгермеген кілегей қабық бетінде орналасады, гиперкератозданған эпителий қабаты қырғанмен алынбайды.

Екіншілік папулезді мерез кезінде папулалар ақшыл-сұр түсті, табандары тығыз инфильтраттан тұрады, беттері оңай қырылып, ашық-қызыл түсті эрозияға айналады, полиаденит байқалады және тері де жарақаттануы мүмкін, серологиялық реакциялар оң болады.

 

20-сурет. Созылмалы атрофиялаушы ауыз кандидозы
Созылмалы атрофиялаушы ауыз кандидозы (хронический атрофический кандидоз рта – candidosis oris chronica atrophica) кезінде шағын аймақтар жарақаттануы мүмкін және үштік белгімен сипатталады: 1) алмалы-салмалы протездер астындағы өзгерістер (қызару, құрғау, эрозиялану және папилломатоз); 2) екі езуде тіліктер пайда болуы (кандидоздық ауыздық); 3) тілдің кандидозды атрофиялана қабынуы – тілдің үсті құрғақ, түсі таңқұрай жемісі түстес, бүртіктері атрофияға ұшырғандықтан беті жылтыр. Ақшыл-сұр түсті қақ аз мөлшерде тек терең қатпарларда және тілдің бүйір беттерінде орналасуы мүмкін және күшпен қырғанда ғана алынады. Алынған қақты бактериоскопиялық зерттеуден өткізгенде көп мөлшерде споралар мен жалған мицелий жіпшелері анықталады (сурет).

Кандидоздың бұл түрін ауыздың әртүрлі аллергиялық қабынуларынан (оның ішінде дәрілерден), анемия, екіншілік мерез кезіндегі тілдегі өзгерістерден («ойдым-ойдым шабылған шабындық симптомы») ажырата білу керек.

Кандидоздық ауыздық (микотическая заеда, син. Ангулярный хейлит – езу тіліктері) 3-10 жас арасындағы балаларда және 60 жастан асқан қарт адамдарда жиірек кездеседі және таңдайдың, тілдің кандидозды қабынуымен қатар дамуы мүмкін.

Ауыздық көбінесе тістерді көптеп жоғалту (алдыру) немесе жүйелі қажалуға ұшырау нәтижесінде беттің төменгі бөлігі қысқарып, мұрын-ерін қатпары тереңдеп, екі езу төмен түсіп, жиі ылғалданатын тері қатпарлары пайда болуы әсерінен дамиды. Жүре келе онда саңырауқұлақтар көбейіп, тері қатпарларында қабыну туындатады және ауызды жиі ашу нәтижесінде тіліктер пайда болады. Науқас адамдар көбінесе езу аймақтарының ысып-күюіне, ауызды ашып-жапқанда ауыратынына шағымданады. Көріп байқағанда екі езу терілері аздап қызарғаны, ақшыл-сұр тұнық қабыршақтарымен, оңай алынатын жұқа қабыршақтармен немесе қақпен жабылған. Оларды алып тастаған кезде көбінесе құрғақ, аздап қана ылғалданатын аса терең емес эрозиялар немесе тіліктер анықталады. Патологиялық үрдіс екі езуде орналасады, кейде еріндердің кілегей қабығы мен жиектеріне ауысып, еріннің кандидозды қабынуын (кандидозный хейлит) туындатуы мүмкін. Бұл кезде ерін жиектері құрғап және қызарып, ақшыл-сұр қабыршақтармен жабылады және ұсақ тіліктер пайда болады.

Кандидоздық тіліктерді микробты тіліктерден, В2 витамині тапшылығы кезіндегі тіліктерден, мерез папулалары езуде орналасқан кезде дамитын тіліктерден ажырата білу керек.

Ауыз кандидозының диагнозы аурудың клиникалық белгілеріне, лабораториялық зерттеулердің нәтижелеріне сүйену арқылы қойылады. Сонымен қатар қанның жалпы құрамын, қантын анықтауды да ұмытпау керек, науқастың терісін, саусақтарын мұқият тексеру керек. Қажет болса, науқасты дәрігер-микологтың, эндокринологтың, гинекологтың тексеруіне жіберу керек.

Ауыз кандидозының диагнозын нақтылауда кілегей қабық бетіндегі жарақат ошағынан алынған қырманы микроскопиялық зерттеуден өткізудің үлкен маңызы бар. Материалды аш қарынға, тістерін тазалағанға дейін немесе ас қабылдағаннан, болмаса аузын шайғаннан кейін 4-5 сағат өткен соң кілегей қабық немесе алмалы-салмалы протез бетінен алады. Лабораториялық зерттеу екі бағытта жүргізілуі керек:

- қырмамен жасалған жағындыны Грам әдісімен, азур-эозинмен, метилен көгінің ертіндісімен бояп, микроскоппен қарап зерттейді.

- қырманы немесе ауыз шайындысын арнаулы ортаға (Сабуро, сусло-агар, етті пептонды бульон) араластырып, саңырауқұлақтар колониясын өсіреді.

Ауызда шартты-патогенді Candida текті саңырауқұлақтар аз мөлшерде домалақ (жас клеткалар) немесе ұзарған сопақ (жетілген) клеткалар түрінде кездеседі. Жеке клеткалардың диаметрі 2-5 мкм, ал бүршіктене көбеюге дайын клеткалардың диаметрі 12-16 мкм тең. Кандидозбен ауырған кезде қырма-препаратта көп мөлшерде бүршіктене бастаған клеткалар мен жіңішке тармақтанған жалған мицелий жіпшелері анықталады. Жалған мицелий жіпшелері клеткалардың ұзара келе бір-бірімен жалғасып, ұзын тізбек жасауы нәтижесінде құрылады. Бұл көрініс көбіне жедел кандидозға тән.

Созылмалы кандидоз кезінде клеткалық құрылымдар саны аздау, көбінесе жалған мицелий жіпшелері кездеседі және олардың саны да аздау болуы мүмкін.

Кандидозды емдеу

Ауыз кандидозымен ауырған науқастарды емдеу кешенді және тиімді жүргізілуі керек. Емдеу шаралары ауру қоздырғышын жоюға, науқас бойындағы жалпы ауруларды емдеуге, организмнің қорғаныс қасиеттерін жоғарылатуға, ауыз ішін сауықтыруға, тиімді ем-дәм тағайындауға бағытталады.

Ауруды емдеу жоспары:

- бойындағы негізгі ауруларды анықтау және емдеу (басқа мамандармен – эндокринолог, гастроэнтеролог, терапевтпен -бірлесе)

- организмді қуаттандыратын дәрілер-витаминдер, макро-микроэлементтер жиынтығын тағайындау;

- көмірсулы тағамдар (тәтті, ұннан, крахмалдан жасалған) шектелген ем-дәм тағайындау.

- жергілікті иммунитетті көтеруге арналған дәрілер тағайындау;

- саңырауқұлаққа қарсы дәрілерді жалпылай және жергілікті қолданып емдеу.

Жалпы емдеу:

o Полиен тобындағы антибиотиктер;

§ нистатин 500.000 бірлік күніне 3-4 рет (сөткелік мөлшері 1.5 00 000 – 3. 000. 000 бірлік). Таблетканы ауызда ұстап сорады немесе шайнап жұтады.

§ леворин 500.000 бірлік күніне 2-4 рет (оны да ұртына қойып сорады)

§ амфотерицин В. - өте ауыр ағымды жүйелі микоздар кезінде қолданады, аса уытты дәрі, сондықтан көктамырға құяды немесе ауызбен жоғарғы тыныс жолдары кандидозы кезінде ингаляциялау тәсілімен қолданады. Ингаляциялауды күніне 1-2 рет 15-20 минуттай уақытша жүргізеді және ертіндіні 50.000 бірлік дәріні 10 мл дистилденген суға қосу арқылы дайындайды.

o Синтетикалық саңырауқұлаққа қарсы дәрілер (имидазол және триазол туындылары);

§ кетоконазол (низорал) күніне 1-2 түймедақтан (0,2-0,4 г) екі апта бойы, одан кейін толық сауыққанға дейін күніне 1 түймедақтан бір рет қабылдайды, миконазол 0,25 г күніне 4 рет қабылдайды; конестенді (клотримазол) осы мөлшерде тағайындайды. Соңғы шығарылған дәрілер: флуконазол (дифлюкан), орунгал, ламизил саңырауқұлақтарға қарсы жоғары белсенділік көрсетеді.

§ декамин карамель құрамында (0,15 мг), әрбір 3-5 сағатта 1-2 карамелден сору керек;

§ миконазол-гель - өлшемді қасық мөлшерінің ½ бөлігін күніне 4 рет қабылдайды және ауызда ұзақ ұстап тұрып жұтады;

o Антигистаминдік дәрілер – супрастин, фенкарол, пипольфен, тавегил 0,025 г күніне 2-3 рет, кларитин бір түймедақтан күніне 1 рет қабылдау керек.

o Иодты препараттар: иодты калийдің 3% ертіндісі, ас қасыu





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2016-03-27; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 3177 | Нарушение авторских прав


Лучшие изречения:

Что разум человека может постигнуть и во что он может поверить, того он способен достичь © Наполеон Хилл
==> читать все изречения...

2457 - | 2271 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.008 с.