Алдын алудың ең маңызды шаралары: ауыз күтімін (гигиенасын) дұрыс сақтау, алмалы-салмалы протездерді дұрыс күтіп пайдалану. Ұзақ уақыт антибиотиктермен, антибактериалды дәрілермен, кортикостероидтермен емдеу курсын жүргізгенде, нистатин немесе леворин (тәулігіне 1500.000 ЕД), витаминдер жиынтығын (В1, В2, В6, С, РР) тағайындайды, ауызды сілтілік ертінділермен (сода, бура) шаю, алмалы-салмалы протездерді дұрыс күтіп күю туралы кеңес беріледі.
Аллергиялық аурулар
Қазіргі уақытта аллергиялық аурулар кең жайыла бастады және олардың ағымы да күрделене бастады. ДДҰ-ның мәліметі бойынша жершары тұрғындарының 50% астамында аллергиялық аурулар кездеседі және үлкен әлеуметтік мәселеге айналып отыр. Аллергиялық аурулардың соншалықты жайылуының себебін ғалымдар қоршаған ортаның ластануымен, тұрмыста және өндіресте синтетикалық материалдарды (боялар, лактар, кір жуатын ұнтақтар, косметикалық заттар) пайдаланудың өсуімен, әртүрлі аурулардың көбеюіне байланысты дәрі-дәрмектерді көп, ұзақ және белгілі жүйесіз пайдаланудың нәтижесімен байланыстырады. Дәрілерге жоғары сезімталдықтың дамуы қатарынан негізсіз көп дәрілерді қабылдау нәтижесінде де туындайды (полипрагмазия).
Аллергиялық аурулардың дамуына ауа-райының қолайсыздығы (аса ыстық немесе суықтық, жоғары ылғалдылық), тұқымқуалаушылық, жалпы соматикалық аурулар, тамақтану ерекшелігі де белгілі үлес қосады.
Аллергия – грек сөзінен алынған термин (allos – иное-басқаша, ergon – действую-әсер етем) организмнің антигендік қасиеті бар заттарға аса жоғары сезімталдығы немесе өзгерген жауабы.
Аллергия терминін 1906 ж. австриялық балалар дәрігері К.Пирке енгізген.
Иммундық жүйенің антигенге жауабы қорғаныс қызметін атқарады және организмнен бөгде заттарды ешбір зиянсыз шығарып тастауға арналады. Ал аллергиялық реакция негізінде тіндерде жарақаттану үрдісі орын алады. әртүрлі ауырлықтағы аллергиялық реакциялар организм антигенмен қайта (екінші рет) жанасқан кезде дамиды және бұ антиген -аллерген деп аталады.
Аллергендер екі үлкен топқа бөлінеді: экзоаллергендер организмге сырттан түседі, эндоаллергендер организмнің өзінде пайда болады.
Экзоаллергендердің өзін екіге бөледі: инфекциялық (бактериялар, вирустар, қарапайымдар) және инфекциялық емес (дәрілер, химиялық заттар, шаң-тозаң, тұрмыстық заттар, эпидермалды құрылымдар, азық-түлік өнімдері). Экзоаллергендер организмге әртүрлі жолдармен (тыныс, асқорыту жолдары, тері және кілегей қабықтар) енеді.
Эндоаллергендер әртүрлі жарақаттаушы факторлардың әсерінен (бактериялар, вирустар және олардың уыттары, ыстық пен суық температура, иондаушы радиация) организмнің өз белоктарынан пайда болады.
Толық антигендермен қатар қарапайым құрылымды заттар-гаптендер де аллергендік қасиетке ие болуы мүмкін. Олар аллергиялық реакцияны организмнің өзгерген белогының макромолекуласымен бірігу нәтижесінде туындатады және иммунологиялық реакция гаптенге қарсы дамиды.
Экзо және эндоаллергендердің алуан түрлілігіне байланысты организмде дамитын аллергиялық реакциялар да көп түрлі болады, бірақ олардың дамуының патогенетикалық механизмі ортақ болады. Аллергиялық реакциялардың дамуының үш кезеңін ажыратады:
· Иммунологиялық сатысы аллерген бірінші рет организмге енгеннен кейін дамиды және аллергенге қарсы антидене немесе сенсибилизацияланған лимфоциттер пайда болады (сенсибилизациялану сатысы). Аллерген қайта екінші рет әсер еткен кезде ертеде құрылған андиденемен (реагиндер - ZgY) немесе сенсибилизаяцияланған лимфоциттермен қосылып иммундық кешен құрады. Бұған дейін антиденелер қанда еркін айналып жүрген немесе нысана клеткалардың бетіне (толықша клеткалар мен базофилдер) бекіген болатын.
· Патохимиялық сатысы – нысана клеткалар мен лимфоциттердің белсенділіктерінің артуы нәтижесінде дамиды. Базофилдер мен толықша клеткалар дегрануляциялануға ұшырайды және биологиялық активті заттар немесе аллергия медиаторларын (гистамин, серотонин, брадикинин, простогландиндер, кининдер және б.) бөледі.
· Патофизиологиялық кезең – аллергиялық реакцияның клиникалық белгілерінің даму кезеңі. Бұл кезеңде биологиялық белсенді заттардың жарақаттаушы әсерінен организмде әртүрлі өзгерістер туындайды. Олар жазық еттердің жиырылуы, қан айналымының бұзылуы, қан сарысуының құрамының және ұю жылдамдығының өзгеруі, клеткалардың ыдырауға ұшырауы, ферменттер әсерінен тіндердің, соның ішінде ауыз тіндерінің жарақаттануы және б. өзгерістер.
Даму механизімінің ерекшелігіне қарай аллергиялық реакциялар кезінде тіндердің аллергиялық жрақаттануының 4 типін ажыратады:
Реакцияның I типі атопиялық, анафилаксиялық, реагендік немесе дереу дамыған деп аталады және JgE және JgY кластарына жататын антиденелердің немесе реагиндердің пайда болу нәтижесінде дамиды. Реагиндер толықша клеткалар мен базофильді лейкоциттер беттеріне бекиді және жауапкер аллергендермен қосылған кезде гистамин, гепарин, серотонин, простагландиндер, лейкиндер және т.б. медиаторлар бөлінеді, аллергиялық реакцияның клиникалық белгілерін өрістетеді. Бұл типтегі аллергиялық реакциялар аллерген организмге енгеннен кейін дереу немесе 5-20 минуттан кейін дамиды. Бұл типтегі реакцияларға анафилаксиялық естен тануды, Квинке домбығуын, есекжем, демікпе ауруының қозуын, ауыздың вирустық және дәрілер әсерінен қабынуларын жатқызуға болады.
Аллергиялық реакцияның II типі цитотоксикалық деп аталады. Бұл тип кезінде организм тіндерінің клеткаларына қарсы JgY және JgM кластағы антиденелер пайда болады және олар комплементтің белсенділігін арттырады. Бұл типтегі реакциялар кезінде антигендер рөлін организмнің клеткалары мен тіндерінің аутоантигендері және клеткалар жарғағына екіншілей бекіген аллергендер (мысалы, дәрілік аллергендер) атқарады. Антиденелер организмнің өзгеріске ұшыраған (вирустар, әртүрлі микробтарды уыттары әсерінен) клеткаларымен қосылған кезде, белсенді комплемент клетканы жарақаттайды, тіптен бүлдіріп те жібереді. Бүлінген клеткалар фагоцитозға ұшырайды және организмнен аластатылады. Бұл кезде биологиялық белсенді заттар, лизосомальды ферменттер шешуші рөл атқармайды. Бұл типтегі реакцияларға дәрілер әсерін қан элементтерінің бұзылуын, ауыздың өліеттене – жараланып қабынуын, ошақты қызыл жегіні жатқызуға болады.
Аллергиялық реакцияның III типі – тіндердің иммундық кешенмен жарақаттануы (Артюс типі немесе иммундыкешенді тип). Бұл тип аллергиялық реакция құрамына JgG және JgM класындағы антиденелер бар айналып жүретін иммундық кешеннің құрылуы нәтижесінде дамиды. Бұл кластағы антиденелер антигенмен қосылған кезде преципитат құрады және иммундық кешенің құрылуы антигеннің немесе антидененің шамадан көп болуымен байланысты болады. Бұл кезде аллергендер рөлін бактериялар мен тағамдық заттар орындауы мүмкін. Айналмалы иммундық кешендер (АИК) тіндердің базальды жарғағына шөгуі мүмкін, тромбоциттерді аллергиялап, шағын тробылар құрылуына үлес қосуы мүмкін. Қанға көп мөлшерде аллерген түскен кезде иммундық кешен миокард қылтамырларын, бүйректерді, буындарды жарақаттауы мүмкін. Бұл реакцияның патохимиялық кезеңінде комплементтің, лизосомалды ферменттердің (иммундық кешеннің фагоцитозға ұшырауы нәтижесі) белсенділігі күшейеді. Кининдер қан тамырларының өткізгіштігін жоғарылатып, бронхылардың жазық еттерін жиырып (тырыстырып), лейкоциттердің хемотаксиске ұшырауын жылдамдатады. Гистамин мен серотониннің рөлі аса айқын болмайды.
Бұл типті аллергиялық реакциялар аутоаллергиялық аурулардың (көптүрлі жалқықты эритема, ауыздың қайталамалы афтозды қабынуы, жүйелі қызыл жегі, буынның ревматоидты қабынуы) патогенезінде белгілі орын алады.
Аллергиялық реакциялардың (жарақаттанудың) IV типі немесе баяу дамыған аллергиялық реакцияның (баяу дамыған жоғары сезімталдық, клеткалық жоғары сезімталдық) дамуында сенсибилизацияланған Т-лимфоциттер антидене қызметін атқарады. Олардың жарғағында (мембранасында) арнайы антигенмен әрекетке түсетін рецептрлар бар. Клеткалар бетінде орныққан немесе еріген жағдайдағы антигенмен Т-лимфоциттер қосылған кезде лимфокиндер (клеткалық иммунитет медиаторы) бөлінеді. Қазіргі кезде лимфокиндердің 30-дан аса түрлері анықталған. Лимфокиндер макрофагтар мен басқа лимфоциттерді антиген бар аймаққа шоғырландырып, қабыну үрдісін туындатады. Медиатрлардың негізгі қызметтерінің бірі – лимфацит, сенсибилизацияланған антигенді (микрооргназмдер немесе бөгде клеткаларды) жоюға лимфациттерді тарту. Сенсибилизацияланған организмде баяу дамыған реакция организмге аллерген түскен соң 28-48 сағаттан кейін дамиды және ол көптеген вирустық және бактериялық инфекциялардың (туберкулез, мерез, алапес), трансплантаттың ажырап кету реакциясының патогенезінде белгілі рөл атқарады. Қылша, қорасан кезінде шығатын және қарапайым герпес вирусы туындататын бөрпелер де баяу дамыған аллергиялық реакцияның нәтижесі деуге болады. Мұның себебі-цитотоксикалық Т-киллерлер вирус жұққан клеткаларды жоюға әрекет жасайды.
Қорыта келгенде аллергиялық реакциялардың түрі антигендердің қасиетіне және организмнің реактивтігінің жағдайына байланысты болады және аллергиялық аурулардың клиникалық белгілері мен ол кездегі патоморфологиялық өзгерістер тіндердің бірнеше типті аллергиялық жарақаттануы нәтижесінде дамуы мүмкін.