Пародонты сырқат адамды тексерудің басты мақсаты - ауруының түрін, ауырлығын, ағым ерекшеліктерін, себептері мен патогенездік механизмін анықтау болып табылады.
Тексеру әдістері:
І. Негізгі тексеру әдістері немесе клиникалық әдістер – пародонты сырқат науқастың шағымын, ауруының даму тарихын, өмір тарихын сұрап тексеру арқылы мәлімет жинаудан және қарап тексеру арқылы пародонт тіндеріндегі өзгерістерді анықтап сараптаудан тұрады.
ІІ. Қосалқы немесе арнаулы тексеру әдістері:
· Рентгендік әдіс.
· Лабораториялық зерттеу әдістері (цитологиялық, микробиологиялық, биохимиялық, иммунологиялық, қан құрамын талдау немесе гемограмма құру).
· Функциональдық зерттеу әдістері (стоматоскопиялық, капилляроскопиялық, биомикроскопиялық, реографиялық, полярографиялық, эхоостеометриялық әдістер).
Сұрап тексеру арқылы пародонты сырқат адамның шағымын анықтайды. Негізгі шағымдары қызылиектің қанағыштығы, ондағы әртүрлі ауыру сезімдері, тістерінің әртүрлі тітіркендіргіштерден ауыратындығы, олардың орындарынан ауытқуы, қозғалмалылығы, қалыпты тістемнің бұзылуы, эстетикалық ыңғайсыздық, ауыздан жағымсыз немесе нашар иістің шығуы, сілекей бөлінуінің бұзылуы.
Аурудың даму тарихы (анамнезі) туралы мәлімет жинаған кезде алғашқы белгілерінің біліне бастаған уақытын, даму барысын, жүргізілген емдеу шаралары және олардың жиілігін (емдеу жүргізілген болса), нәтижелілігін анықтауға тырысады
Пародонты сырқат адамның өмірінен мәлімет жинаған кезде қандай ортада туып-өскені, тамақтану, демалу кестесі, қбылтйтын тағамдарының толыққандылығы, мамандық-кәсіпкерлігі жайлы, зиянды ықпалдар әсерлерінің болу-болмауы туралы, ертедегі және қазіргі кездегі бойындағы ілеспелі сырқаттары, басқа да тұқым қуалайтын аурулары және олардың пародонт ауруларымен байланысын анықтауға тырысу керек. Сонымен қатар зиянды әдеттерінің бар-жоғын да білген жөн.
Қызылиектегі қабыну үрдістерінің ерекшелігін төмендегі белгілермен сипаттайды: түсінің қызаруы, домбығу немесе ісінуі, тістераралық бүртіктердің пішіндері мен көлемдері және қанағыштығы, эпителий қабатының түлегіштігі, жаралануы т.б. Сонымен қатар ондағы атрофиялық және гиперпластикалық үрдістерді де ескереді. Тістер бетіндегі қатты және жұмсақ шөгінділерді Федоров-Володкина (1964) немесе Greene-Wermillion (1960) индекстерінің көмегімен анықтайды. Тіс шөгінділерін бояп анықтау үшін құрамында иод бар арнаулы сұйықтық (кристалды иод - 1 грамм, калий иодиді - 2 грамм, 40 мл дистилденген су) немесе эритрозин таблеткаларын пайдаланады. Қызылиектегі қабыну үрдісінің қарқындылығын гликогеннің жиналу деңгейін анықтау арқылы немесе Шиллер-Писарев сынамасының көмегімен анықтауға болады. Ол үшін жоғарыда келтірілген сұйыққа суланған мақта анжымен қызылиекті сүртеді. Қалыпты жағдайда қызылиек боялмайды, ал қабыну кезінде гликогеннің жиналу деңгейіне байланысты сары түске (жеңіл дәрежелі қабыну) ашық-қоңыр түске (орта дәрежелі қабыну), қоңыр немесе қара-қоңыр түске (ауыр дәрежелі қабыну) дейін боялады. Бұл сынаманы қабынуға қарсы жүргізілген жергілікті емдеу шараларының нәтижелілігін бағалау үшін де қолдануға болады.
Қызылиек қабынуы кезінде қабынудың ауырлық дәрежесін папиллярлы-маргинальды-альвеолалық индексті (РМА) анықтау арқылы бағалауға болады және ол гингивальдық индекс (қызылиек қабынуыны индексі – ҚҚИ) деп аталады. Бұл индексті Pаrma (1960) ұсынған.
Әрбір тістер тұсындағы қызылиектің қабыну аймақтарын сандық көрсеткіштермен белгілейді. Қызылиек бүртігінің қабынуы (Р) 1 баллмен, жиегінің қабынуы (М) 2 баллмен, альвеолалық бөлігінің қабынуы (А) 3 баллмен бағаланады.
Қызылиек қабынуының индексі немесе РМА = барлық баллдар қосындысы ×100 барлық тістер саны х3
Әрбір тіс төңірегіндегі қызылиек қабынуының ең жоғарғы сандық көрсеткіштерін қосқан кезде баллдар қосындысы шығады; ал тістер санын 6 жастан 11 жасқа дейін 24; 12 жастан 14 жасқа дейін 28; 15 жастан жоғары 30 деп қабылдайды немесе тексеру кезіндегі ауыздағы тістер санын алады.
Пародонт қабынуы кезіндегі пародонт тіндерінің жағдайын Russel (1956) ұсынған пародондальдық индексті (ПИ) анықтау арқылы бағалайды.
1- кесте
Пародонтальдық индекс (ПИ)
Бағалау | Клиникалық белгілері |
Қабыну жоқ | |
Қызылиек жеңіл қабынған, бірақ тіс төңірегіндегі қызылиек толық қабынбаған. | |
Тіс төңірегіндегі қызылиек толық қабынған, бірақ тіс – қызылиек бекімі бұзылмаған. | |
Альвеола өсіндісінің қыры немесе тістераралық қалқан сүйектердің ұшы сорыла бастаған (рентгендік тексеру арқылы анықталады). | |
Қызылиек қабынған, пародонтальдық қалта бар, бірақ тіс қозғалмайды және шайнау қызметі бұзылмаған. | |
Қызылиек қабынған, пародонтальдық қалта бар, тіс қозғалмалы, орнынан ауытқыған, шайнау қызметі бұзылған (пародонт тіндеріндегі жоғары дәрежелі деструкциялық өзгерістердің нәтижесі). |
ПИ = барлық баллдар қосындысы тістер санына
бөлінеді
ПИ = 0,1-0,2 – қызылиек клиникалық өзгеріске ұшырамаған.
0,1-1,0 – аурудың бастапқы сатысы және I дәрежесі;
1,5-4,0 – аурудың II дәрежесіне тән деструкциялық өзгерістер бар;
4,0-8,0 – аурудың III дәрежесі.
Қазіргі кезде ДДҰ (дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы) эпидемиологиялық тексерулер жүргізген кезде қолдануға ыңғайлы және пародонттағы өзгерістерді емдеудің қажеттілігін көрсететін жаңа индекс (CPІTN) ұсынды.
ДДҰ индексі – CPІTN
Кодтары
0 – пародонт сау.
1 – қызылиек қанағыш.
2 – тіс тасы бар.
3 – тереңдігі 4-5 мм пародонтальдық қалта бар.
4 – тереңдігі 6 мм және оданда терең қалта бар.
Пародонттың жағдайы төменгі тістер тұсында тексеріледі
17/16 11 26/27
47/46 31 36/37
Кодқа байланысты емдеу қағидалары:
1 – ауыз гигиенасын сақтау;
2 – тіс шөгінділерін алу және ауыз гигиенасын сақтау;
3 – тіс шөгінділерін алу және кешенді емдеу (қалталарды ашық немесе жабық кюретаждау);
4 – тіс шөгінділерін алу және кешенді емдеу (қиықтап кесіп тазалау операциясын жасау, ортопедиялық емдеу әдістерін жүргізу.
Қарап тексеру кезінде қызылиектің түсіне, консистенциясына (тығыздығына) жете мән беру керек. Патологиялық үрдістің шектеулі (бір немесе бір топтағы тістер аймағында) немесе жайылмалы (көпшілік тістер аймағында) болуын да анықтау қажет. Қызылиекті сұқ саусақпен сипап басу арқылы қалталардан жалқық бөлінетінін де анықтауға болады.
Қызылиек сайын сүңгілеген кезде қабыну үрдісі бар болса, қанағыштық анықталады, ал қабыну үрдісі жоқ жағдайда қызылиек қанамайды.
Қызылиектің қанағыштығын 16,12,24,32,36,44 тістер тұсында анықтауды H.P.Muhlemann, S.Son (1971) жылы ұсынған. Қанағыштықты бағалау көрсеткіштері (критерийлері):
0 – қанағыштық жоқ;
1 – дәрежелі қанағыштық – қызылиек сайын сүңгілеген кезде нүктелі қан құйылу ошағы пайда болады;
2 – дәрежелі – қанды дақ пайда болады;
3 – дәрежелі – тісаралық кеңістік қанға толады;
4 – дәрежелі – қатты қанағыштық, қан бірден қызылиек сайын толтырып, сыртқа аға бастайды. Ескерте кететін жай, қанағыштық симптомы CPITN индексінің құрамына кіреді.
Пародонталдық қалталардың тереңдігін ДДҰ ұсынған арнаулы (d =0,5 мм) градуирленген (милиметрлік өлшемдермен белгіленген) сүңгімен (-сурет), штифтермен немесе рентгенайқынды ерітінділердің көмегімен анықтайды.
Пародонтальдық қалтаның тереңдігін әр тістің төрт жағынан (алдыңғы, артқы, ұрт және тіл жақтарынан) қызылиек жиегінен тік бағытта қалта табанына дейін өлшейді және цемент-кіреуке шекарасы (ЦКШ) бастапқы шартты нысана болып саналады. Пародонтальдық қалтаның тереңдігін өлшеуге гуттаперчадан жасалған штифтер қолданған қолайлы болып саналады. Оларды қалтаға біртіндеп қарсыластық кездестіргенге дейін немесе қалта табанына тірелгенге дейін енгізеді. Пародонтальдық қалталардың топографиясын анықтау үшін болашақта компьютерлік - томографиялық әдіс қолданылуға тиіс.
Тістердің патологиялық қозғалмалылығын А.И.Евдокимов әдісі бойынша анықтайды. Стоматологиялық шымшуырдың немесе азу тістердің шайнау беттеріндегі сайлар мен ойықтарға енгізілген сүңгінің көмегімен тісті әртүрлі бағытта қозғап байқайды. Қозғалмалылықтың үш дәрежесін ажыратады: I дәрежесі - тіс ұрт-тіл бағытында 1 мм дейін ауытқиды (көрші қозғалмайтын тіс сауытымен салыстырғанда); II дәрежесі – тіс ұрт-тіл бағытында 1 мм көбірек және алдыңғы-артқы немесе алдыңғы-бүйір бағытта да қозғалады. IIІ дәрежесі – тіс барлық бағытта, тіпті тік бағытта да қозғалады.
Пародонттың қатты тіндеріндегі деструкциялық үрдістердің ауырлығын анықтауда рентгендік тексеру әдісінің маңызы зор. Осы мақсатта ауыз іштік және ауыз сырттық нысаналы ренгенографиялық,үлкейтілген панорамалық ренгенографиялық, ортопантомографиялық, визиографиялық, компьютерлік дентальді ренгенографиялық әдістер қолданылады. Пародонттың қабынуы кезінде рентген суретте сүйек тінінде қабынуға байланысты сорылу үрдісі байқалады және ол альвеола қырының қатты сүйек қабатынан басталып, кемік сүйекке ауысады, ал емдеу шаралары жүргізілмеген жағдайда тістераралық қалқан сүйектердің толық сорылуымен аяқталады.
Егерде ортопантомограф болмаса, пародонттың сүйек тіндері жайлы толық мәлімет алу үшін кемінде 4-6 рентгенсурет жасау керек. Рентгенсуретті арнаулы үлгімен (схемамен) 16,15; 21, 25, 26 және 41, 45, 46; 35,36 тістер аймағында жасаған өте тиімді болады.
Альвеола өсіндісінің сүйек тінінің жағдайын анықтау үшін Фукс индексін қолдануға болады. Бұл индекс сүйек тінінің жойылу дәрежесін тіс түбірі ұзындығымен салыстыра отырып көрсетеді.
Тіс түбірі ұзындығы шартты түрде үш бөлікке бөлінеді, сүйектің сорылу дәрежесі түбір ұзындығына байланысты 4 баллды жүйемен белгіленеді.
4 – альвеола өсіндісінің сүйек тіні өзгеріссіз немесе тіс асқынған тісжегіге байланысты жұлынған;
3 – сүйек тіні түбір ұзындығының ⅓ бөлігіне дейін жойылған;
2 – сүйек түбір ұзындығының ⅓ бөлігінен ⅔ бөлігіне дейін жойылған;
1 – сүйек түбір ұзындығының ⅔ бөлігінен көбірек жойылған.
0 – тіс төңірегінде сүйек толық сорылған немесе тіс пародонт ауруына байланысты жұлынған;
Барлық тістер көрсеткіштерінің қосындысын шығарады немесе тексерілген аймақтағы тістер көрсеткіштерін есептеп төртке көбейтілген тістер санына бөледі және көрсеткішті төмендегі формуламен анықтайды: ФИ = -n:1х4, -n– сүйек тінінің деңгейі.
Осыған байланысты Фукс көрсеткіші «0» тең болса, сүйек тіні түбір ұшына дейін сорылған; 0,25 – сүйек тіні түбір ұзындығының ⅔ бөлігіне дейін сорылған; 0,5 – сүйек тіні түбір ұзындығының ⅓ нен ⅔ бөлігіне дейін; 0,75 – сүйек тін түбір ұзындығының ⅓ дейін сорылған; 1 – сүйек тіні қалыпты жағдайда сақталған.
Пародонт қабынуының патогенезінде қан тамырлардың,оның ішінде ұсақ капиллярлардың (қылтамырлардың) өткізгіштігінің бұзылуының және ұзілгіштігінің үлкен маңызы бар. Сондықтан да олардың төзімділігін В.В. Кулаженко (1966) әдісімен анықтайды. Бұл әдіс қызылиекке көрсетілген теріс қысымның (вакуумның) әсерінен ұсақ тамырлар жарылып гематоманың (қан құйылу ошағының) пайда болу уақытын анықтауға негізделген. Бұл аппарат электр жүйесіне қосылғаннан кейін арнаулы іші қуыс шыны түтікті ұшымен қызыл-иекке 720-740 мм сынап бағанасына тең теріс қысыммен (қалдық қысым 20-40 мм сынап бағанасына тең) әсер етуге мүмкіндік туады. Қызылиек шыны түтіктің ішіне сорылып, ұсақ капиллярлар үзіліп, алдымен нүктелі қан құйылу ошақтары және олар біріге келе гематома пайда болады. Қалыпты жағдайда алдыңғы тістер аймағында вакуумдық гематома 50-60 секөндте, азу тістер аймағында 60-80 секөндте пайда болады. Қызылиек пен пародонт қабынулары кезінде гематоманың пайда болу уақыты 3-4 есе қысқарады. Вакуумдық гематомалардың тек диагностикалық қана емес, емдік те әсері бар. Егер әр топтағы тістер аймағында әрбір қабылдауда 4-6 гематома жасайтын болса, біріншіден резервтік капиллярлар (қорда сақталған) іске қосылады, екіншіден қан құйылу ошағында биологиялық белсенді заттар пайда болып, ферменттер қатысуымен жүретін зат алмасу және қайта құрылу үрдістері жеделдейді.
Пародонты сырқат адамды тексеру кезінде қолдануға болатын морфологиялық әдістердің де (қызылиектен алынған биоптатты зерттеу) үлкен диагностикалық маңызы бар (эозинофильді гранулеманы, коллагеноздарды, идиопатиялық ауруларды анықтау үшін).
Мүмкіндік болған жағдайда бактериоцитологиялық зерттеулер әдісін (қызылиек қалталарының микробтық құрамын, эпителийдің жасушалық құрылымдарын, түлеу және жетілу дәрежелерін анықтау) және лейкоциттердің қан тамырлардан сыртқа көшу белсенділігін анықтау әдісін де (М.А.Ясиновский әдісі) жүргізген жөн болады. Нейтрофильді лейкоциттердің қан тамырларынан шығып, қызылиек сайлары арқылы ауыз ішіне көшуі олардың фагоцитоздау үрдісіне қатысатынын көрсетеді. Бұл әдіс лейкоциттердің көшу белсенділігін анықтау үшін қолданылады.
Қызылиек эпителийінің түлеу жылдамдығын анықтау пародонттағы патологиялық үрдістің табиғатын, даму және тұрақтану белгілерін бағалау үшін үлкен көмегін тигізеді.
Зерттеуге керек материалды қызылиек бетінен рәзіңке бағаналардың көмегімен жақпа-таңба, қызылиек иек сайынан біліктердің көмегімен жақпа немесе қырынды-жақпа алу арқылы дайындайды. Дайын препараттарды бояу тәсілдері зерттеу әдісінің мақсатына байланысты: жалпы жасушлық құрылымдарды анықтау үшін дайын препаратты Романовский-Гимза әдісімен, ал нуклеин қышқылдары мен гликогеннің жасушаларда бөліну ерекшелігін білу үшін арнаулы тәсілдерді (Браше және Мак-Манус) қолданып бояйды. Цитоморфологиялық және цитохимиялық көрсеткіштерді бағалау үшін жасушалардың (нейтрофильді лейкоциттердің, эпителий жасушаларының, лимфоциттердің) сандық және сапалық құрамын, гликоген мен нуклеин қышқылдарының жасушаларда бөліну ерекшелігін және мөлшерін анықтайды.
Қалыпты жағдайда ауыз сұйықтығының 1мм³ көлемінде 150-ге жуық лейкоцит, 90-ға жуық түлеген эпителий жасушалары анықталады. Парадонттың жұмсақ тіндеріндегі жалқықтану үрдісінің қарқындылығын анықтау үшін қызылиек сайы сұйықтығының мөлшерін анықтау қажет болады.