Қызылиектің өсе қабынуы (гипертрофический гингивит) – қызылиек құрамындағы дәнекертінді құрылымдардың шамадан тыс көбеюімен (пролиферациялануымен) сипатталатын созылмалы қабыну үрдісі.
Қабыну ошағының аумағына қарай шектеулі және жайылған түрлерін ажыратады.
Шектелген үрдіс тістердің ауытқи немесе өте тығыз сығылысып орналасуы кезінде, салбырата қойылған пломбылар, аса кең немесе терең отырғызылған жасанды сауыттар, кламмерлер иықтары, тістердің жанасу беттерінде орналасқан тісжегі қуыстары тіс шөгінділері қызылиек жиегін толассыз жарақаттауы нәтижесінде дамиды және ертеректе «қызылиек бүртігінің өсе қабынуы» (гипертрофический папиллит) деген атпен белгілі болған.
Қызылиектің жайыла өсе қабынуы көбінесе ішкі бездер қызметінің бұзылуы (жүктілік, климакс, жас өспірімдердің пубертаттық қалыптасуы, жемсау ауруы), қояншық (эпилепсия) ауруы кезінде дифенил құрамды (дифенилгидантоин және б.) және жүктілікке қарсы дәрілерді ұзақ қабылдау, «С» витамині жетіспеушілігі, қан аурулары кезінде орын алады.
Қызылиектің өсе қабынуының екі клиникалық түрін ажыратады: домбыққан және фиброзды.
4-сурет. Қызылиектің өсе қабынуы, домбыққан түрі, жеңіл дәрежесі. |
Қарап тексергенде қызылиек жиегі қатты қалыңдаған, тістераралық бүртіктердің көлемі әртүрлі дәрежеде домбыға ұлғайған, тығыздығы жұмсақтау (борпылдақтау), қызылиек жиегінің үшбұрышты иректі деңгейі бірдей емес, әртүрлі деңгейде өскен бүртіктер тістер сауытын әртүрлі деңгейде жауып, кейде тістеу қыры мен шайнау беттеріне дейін жетіп, тағам шайнағанда жиі жарақаттанады (4-сурет). Ұлғая қабынған қызылиек көкшілдеу – қызыл түсті, беті жылтыр, сүңгілеп байқағанда оңай қанайды және біразға дейін басылмайды. «Жалған» пародонтальдық қалталар анықталады, бірақ тіс-қызылиек бекімінің бүтіндігі сақталған, қызылиек сұйықтығының мөлшері жоғарылаған. Ауа шоғырымен үрлей әсер еткенде, қызылиек бүртіктерінің қозғалмалығы байқалады және тістер сауытынан оңай ажырайды. Доғал аспаппен (түймелі сүңгімен) қызылиек бүртігін басқан кезде шамалы ойық пайда болады. Қызылиек өсе қабынған аймақтағы тістер беттерінде көп мөлшерде жұмсақ және қатты шөгінділер анықталады.
Ұлғайған қызылиек бүртіктерінің ұштары кейде өліеттенуге ұшырап, қызылиектің өліеттене-жаралана қабынуымен асқынуы мүмкін.
Қызылиектің өсе қабынуының үш дәрежесін ажыратады:
1-ші немесе жеңіл дәрежесі - ұлғайған (өскен) бүртіктер тіс сауытының 1/3 бөлігін жабады;
2-ші немесе орта дәрежесі – бүртіктер тіс сауытының ½ деңгейін жаба өскен;
3-ші немесе ауыр дәрежесі – бүртіктер тіс сауытының ½ бөлігінен артық бөлігін жаба өскен.
Қызылиектің өсе қабынуы алдыңғы тістердің ерін жақ бетінде жиірек орын алады.
Жүктілік кезіндегі қызылиектің өсе қабынуы (гингивит беременных) жүкті (ауыраяқ) әйелдің организмінде құрылатын эстроген және прогестерон сияқты гормондардың мөлшеріне байланысты. Қызылиек сұйығында бұл гормондардың мөлшерінің көбеюі әсерінен қызылиек тіні микроорганизмдердің әрекетіне сезімтал бола бастайды. Аталған гормондардың қантамырлардың өткізгіштігін жоғарылатуы нәтижесінде қызылиек тінінде домбығу үрдісі орын алып, простагландиндер және басқа қабыну медиаторларының құрылуы жылдамдайды. Сондықтан жүкті әйелдерде қызылиектің өсе қабынуының домбыққан түрі жиі кездеседі.
Жасөспірімдердің қызылиегінің өсе қабынуының (подростковый-юношеский гингивит), домбыққан түрі жыныс гормондарының әсерінен және ауыз гигиенасын дұрыс сақтамаудың нәтижесінде дамиды.
Қызылиектің климактериялық қабынуы әйел организімінде эстроген мөлшерінің ауытқуына, көбінесе оның аздығына байланысты қызылиек эпителийінде мүйізгектену үрдісінің баяулап, қорғаныс қасиетінің төмендеуі нәтижесінде дамиды.
Қызылиектің өсе қабынуы қан аурулары (лейкемиялық ретикулез, миелолейкоз, лимфолейкоз), Вегенер гранулематозы, қант диабеті сияқты аурулар кезінде де орын алуы мүмкін.