Жаратылысы бойынша адамдар өзiне ұқсастармен қарым-қатынасқа мұқтаж. Егер адамдар ұзақ уақыт тiкелей қарым-қатынаста болып, өзара әрекеттессе, онда олар бiр-бiрiнiң бар екендiгiн психологиялық түрде сезiне бастайды. Басқа адамдар ол туралы ойлайтындығын және одан ненi күтетiндiгiн сезiну адамды өзінің мiнез-құлқын өзгертуге мәжбүр етедi. Осы әлеуметтiк процесс топтардың қалыптасуына әкеледi.
Топ – бұл әрбiр тұлға өзгелерге ықпал ете отырып, бiр мезгiлде өзге тұлғалардың ықпалында болатындай бiр-бiрiмен әрекеттесетiн екi немесе одан да көп тұлғалардың бiрлесуi.
Кез келген көлемдегi ұйым бiрнеше топтардан тұрады. Еңбектi көлденеңiнен (бөлiмшелер) және тiгiнен (басқару деңгейлерi) бөлген кезде басшылық өз еркiмен топтарды құрады. Өндiрiс процесiн ұйымдастыру үшiн басшылық еркiмен құрылған мұндай топтар ресми топтар деп аталады. Қаншалықты кiшi болғанына қарамастан, бұлар ұйымға қатысты олардың басты қызметi нақты мiндеттердi орындау мен белгiлiктi, нақты мақсаттарға жету болып табылатын ресми ұйымдар. Ұйымда ресми топтардың үш негiзгi тұрпаты бар:
1) басшылар тобы;
2) жұмысшы топ;
3) комитеттер.
Әмiршiл басшылар тобы басшыдан және, өз кезегiнде олар да басшы болуы мүмкiн, оның тiкелей қарамағындағылардан тұрады.
Жұмысшы (мақсатты) топ әдетте бiр тапсырма бойынша бiрге жұмыс iстейтiн адамдардан тұрады. Оларда ортақ басшы бар болғанымен, бұл топтар өз еңбегiн жоспарлау мен жүзеге асыруда оларда бiршама көп дербестiк болуымен әкiмшiл топтардан ерекшеленедi.
Комитет - бұл қандай да бiр тапсырманы немесе тапсырмалар кешенiн орындау үшiн өкiлеттiк берiлген ұйымның iшiндегi топ. Кейде комитеттер кеңестер, мақсаттық топтар, комиссиялар немесе командалар деп те аталады. Алайда барлық жағдайларда комитеттi өзге ұйымдық құрылымдардан ерекшелейтiн топтық шешiм қабылдау мен iс-әрекеттi жүзеге асыру ұғынылады.
Комитеттердiң екi негiзгi түрi бар:
1) арнайы комитет - белгiлiктi мақсатты орындау үшiн құрылған уақытша топ;
2) тұрақты комитет - нақты мақсаты бар, үздiксiз жұмыс iстейтiн ұйым iшiндегi топ.
Басқарудың бұл тұрпатын бiр басшыға қарағанда бұл жұмысты топ жақсырақ iстей алатын болғанда, немесе барлық билiктi бiр адамның қолына беру тәуекелдi болғанда пайдаланған жөн. Басшылық комитетке жеке адамға сияқты өкiлеттiктi табыстайды. Жекелеген адамдар секiлдi комитеттер де оларға өкiлеттiктердi табыстағандар алдында оларға берiлген тапсырманың орындалғаны туралы есеп беруi тиiс.
Бейресми ұйымдар
Ресми ұйым басшының еркi бойынша құрылады. Алайда құрылған кезден бастап ол сонымен қатар, адамдар басшының ұйғаруынсыз-ақ әрекеттесетiн әлеуметтiк ортаға да айналады. Әлеуметтiк қарым-қатынастардан барлығы да бейресми ұйымды бiлдiретiн көптеген достық, бейресми топтар туындайды.
Бейресми ұйым - белгiлiктi мақсатқа жету үшiн тұрақты қарым-қатынасқа түсетiн, өз бетiмен құрылған адамдар тобы. Әдетте адамдар нелiктен олар ресми ұйымға кiретiндiктерiн бiледi. Негiзiнен олар ұйымның мақсатын жүзеге асырғысы келедi немесе оларға табыс түрiндегi сыйақы керек не болмаса оларды осы ұйымға қатыстылықтан туындайтын бедел түсiнiгi билейдi. Сондай-ақ адамдардың топтар мен бейресми ұйымдарға енуi үшiн де себептерi болады, бiрақ та көбiнесе олар оны жете сезбейдi. Топтарға енудiң маңызды себептерiне қатыстылық сезiмi, өзара көмек, өзара қорғаныс, тығыз қарым-қатынас пен қызығушылық жатады.
Бейресми топқа енудiң ең басты себебi адамдардағы ең күштi сезiм қажеттiлiктерiнiң бiрi - қатыстылық сезiм қажеттiлiгiн - қанағаттандыру болып табылады.
Ең жақсысы бағыныштылар өз мәселелерiн шешу немесе кеңес алу үшiн өзiнiң тiкелей басшысына еш қысылмастан өтiнiшпен баратындай мүмкiндiкке ие болуы керек. Егер де олай болмаса, басшы өзiнiң қарамағындағылармен қарым-қатынасын мұқият талдауы тиiс.
Қорғанысқа деген саналы қажеттiлiк адамдардың қайсыбiр топқа енуiнiң маңызды себебi болып отыр.
Адамдар олардың айналасында, әсiресе, егер бұл олардың жұмысына қатысты болса, не болып жатқандығын бiлгiсi келедi. Сонда да көптеген ресми ұйымдарда iшкi байланыс жүйесi бiршама әлсiз, ал кейде басшылық өз қарамағындағылардан кейбiр ақпаратты әдейi жасырады. Сондықтан да бейресми ұйымға қатыстылықтың маңызды себептерiнiң бiрi ақпаратты алудың бейресми арнасы өсектерге қол жеткiзу болып табылады.
Адамдар бейресми топтарға көбiне өзiне ұнайтындарға жақынырақ болу үшiн қосылады.
Бейресми ұйымдардың даму процесi мен адамдардың оларға кiру себептерi оларды ресми ұйымдарға бiр мезгiлде әрi ұқсайтын, әрi ұқсамайтын ететiндей қасиеттердiң пайда болуына жағдай жасайды. Ресми ұйымның тиiмдiлiгiне күштi ықпал ететiндiктен, басқаруға тура қатысы бар бейресми ұйымдардың негiзгi сипаттамаларына мыналар жатады:
Әлеуметтiк бақылау. Бейресми ұйымдар өз мүшелерiне әлеуметтiк бақылау жүргiзедi. Осы бағыттағы алғашқы қадам нормалардың, яғни жарамды және жарамсыз мiнез-құлықтың топтық эталондарын, орнату және бекiту болып табылады. Топқа қабылдану және онда өз жағдайын сақтап қалу үшiн тұлға осы нормаларды сақтауы тиiс.
Өзгерiстерге қарсылық. Бейресми ұйымдарды адамдар сондай-ақ олардың бөлiмiнде немесе ұйымында iс жүзiнде болған немесе болуы мүмкiн өзгерiстердi талқылау үшiн де пайдалана алады. Бейресми ұйымдарда өзгерiстерге қарсылық тенденциясы байқалады. Көбiне ол бейресми ұйымның одан әрi өмiр сүруiне өзгерiстер қатер төндiруi мүмкiн екендiгiмен түсiндiрiледi.
Бейресми лидерлер. Ресми ұйымдар сияқты, бейресми ұйымдардың да өз лидерлерi болады. Бейресми лидер ресми ұйымның лидерi сияқты билiкке жетiп және оны топтың өзге мүшелерiне қатысты қолдана отырып, өзiнiң жағдайына ие болады.
Кез келген ұйымда ресми топтар бейресми топтармен тығыз әрекеттеседi. Ресми және бейресми топтардың әрекеттестiгiн Хоманс үлгiсi түсiндiредi. Бұл үлгiде қызмет түрлерi ретiнде адамдар орындайтын мiндеттер ұғынылады. Осы мiндеттердi орындау барысында адамдар өзара әрекеттеседi, ол өз кезегiнде бiр-бiрiне және басшылыққа қатысты оң және терiс эмоциялардың пайда болуына жағдай жасайды. Бұл эмоциялар адамдар өз қызметiн қалай жүзеге асырып, болашақта қалай әрекеттесетiндiгiне ықпал етедi. Хоманс үлгiсi басқару процесiнен, яғни әрекеттестiктi тудыратын тапсырма мен мiндеттерден, қалай бейресми топтар туындайтындығын көрсетедi. Ол ресми ұйымның тиiмдiлiгiне ықпал ететiн бейресми ұйымды басқару қажеттiлiгiн атап өтедi.