Жоспарлаудың негізгі сыңарларына мыналар жатады: тактика, саясат, рәсімдер, ережелер.
Ұйым оның жалпы ұзақ мерзімді жоспарларымен үйлесетін қысқа мерзімді жоспарларды әзірлеуі тиіс. Осындай қысқа мерзімді стратегия тактика деп аталады.
Тактикалық жоспардың сипаттамасы:
- тактиканы стратегияны дамыту үшін әзірлейді;
- стратегияны жоғары деңгейдегі басшылық әзірлейтін болса, тактиканы орта деңгейдегі басшылар жасайды;
- тактика стратегияға қарағанда қысқарақ мерзімге жасалады;
- стратегия нәтижелері бірнеше жылдар бойы білінбейтін болса, тактикалық нәтижелер әдетте өте тез білінеді әрі нақты іс-әрекеттермен оңай салыстырылады.
Ұзақ мерзімді және тактикалық жоспарларды құрған соң басшылық шатасу мен бұл жоспарлардың дұрыс түсінілмеуін болдырмау үшін қосымша бағдарларды әзірлеуге көшуі тиіс. Жүзеге асыру барысындағы мұндай кезең саясатты әзірлеу болып табылады. Саясат - бұл мақсатқа жетуді жеңілдететін іс-әрекеттер мен шешім қабылдау үшін жалпы басшылық ету. Саясат әдетте ұзақ уақыт кезеңіне жоғары басшылықпен тұжырымдалады және ол мақсатқа жету немесе міндеттерді орындау үшін іс-әрекетті бағыттайды.
Басқарушылық іс-әрекеттерді басқару үшін көбіне жалғыз саясат жеткіліксіз болады. Бұл жағдайда басшылық рәсімдерді әзірлейді. Рәсім нақты жағдайда жасалуы тиіс іс-әрекетті бейнелейді, яғни ол бағдарламаландырылған шешім болып табылады. Мұнда әрекет ету еркіндігі аз және баламалар саны көп емес.
Жоспардың сәтті орындалуы тапсырманы дәл орындауға байланысты болған кезде, басшылық таңдау еркіндігін толығымен жоққа шығарады. Мақсатқа жету үшін бағыныштылықтың жоғары деңгейі қажет болғанда басшылық ережелерді пайдаланады. Ереже арнайы жеке-дара жағдайда не істелуі керек екенін анықтайды. Ережелер нақты және шектелген сұраққа есептелген.
Жоспарлау басқару қызметі ретінде микродеңгейде үлкен мәнге ие. Ұйымды басқару қызметі ретіндегі фирмаішілік жоспарлаудың мазмұны оны қамтамасыз етудің материалдық көздері мен нарық сұранысын ескере отырып өндірістің даму қатынастары мен негізгі бағыттарын анықтаудан тұрады. Жоспарлаудың мәні белгіленген мерзімге бүкіл ұйымның және оның бөлімшелерінің жеке-жеке даму мақсаттарын нақтынаудан; шаруашылық міндеттерді, оларға жету құралдарын, іске асыру мерзімдері мен бірізділігін анықтаудан көрінеді. Фирмаішілік жоспарлаудың мақсаттары: фирманың жұмыс істеуіндегі белгісіздік пен құбылмалылықтың теріс әсерін жою; басты міндеттерге назар аудару; үнемді жұмыс істеуге жету мен бақылауды жеңілдету.
Фирмаішілік жоспарлауға мыналар кіреді:
- фирманың сыртқы ортасының даму келешегін айқындау;
- мақсаттар мен ықтимал стратегияларды тұжырымдау;
- бірінші кезектегі міндеттер мен оларға жету жолындағы іс-әрекетті айқындау.
Фирмаішілік жоспарлау басқарудың құрамдас бөлігі ретінде ұйымдастыру нысандарының әр түрлілігімен ерекшеленеді. Бүгіндері ұйым жоспарының айрықша нысаны бизнес-жоспар болып табылады. Әдетте ол 5 жылға не фирма құрылғанда, не әрекет етуінің өзгерісті кезеңінде құрылады. Көбіне бұл шаралар сыртқы жағдайдағы күрделі өзгерістердің алдын алу мақсатын көздейді. Бизнес-жоспардың мақсаты фирманың шаруашылық қызметін тұтынушылардың қажеттіліктеріне және ресурстарды алу мүмкіндіктеріне сәйкес бағдарлаудан, оның нақты түрлерін, өткізу нарықтарын анықтаудан тұрады. Жоспарлардың өзге түрлеріне қарағанда бизнес-жоспардың екі ерекшелігі бар:
1) қайсыбір жобаның пайдалылығын дөлелдеу үшін ол тартымды болуы, барлық қызығушы тұлғаларға артықшылығын көрнекі түрде көрсетуі тиіс;
2) ол бірнеше нұсқада жасалады.
Бизнес-жоспар бірнеше бөлімнен тұрады:
1) онымен одан әрі танысу лайықтылығын анықтайтын кіріспе;
2) негізгі бөлімде мыналар туралы ақпарат болуы мүмкін: кәсіпкерлік қызметтің мақсаттары; ұйымның әлеуеті; қызметшілер; болашақ өндірістік қызмет пен оның қажетті шарттары; өнім немесе қызмет; стратегия мен маркетинг жоспары; өзіндік құн, баға, пайда; тәуекел мен оларды сақтандыру тәсілдері; қаржы стратегиясы;
3) қорытынды бөлім, әдетте, ұйымның қаржы жоспарына арналады.
Тарау