Орнын басатын ем дәрілері қолданылады:
1. Табиғи асқазан сөлінің 1-2 асхана қасығын тамақтану кезінде қабылдау.
2. Ацидин – пепсин немесе бетацид 1 таблеткадан күнге 3 рет.
3. Құрамында протеолиз ферменттері бар дәрілер: пепсидил (1-2 асхана қасығын күнге 3 рет), абомин (1 таблеткадан күнге 3 рет тағам қабылдаған кезде).
Сіңіру жеткіліксіз болған жағдайда орнын толтыру емі ретінде полиферментті препараттар қолданылады: панкреатин, фестал, дигестал, панзинорм, панкурмен, мезим-форте және басқалары; 1-2 дражеден күнге 3 рет тағам қабылдаған кезде.
Ас тұзы қышқылының секрециясын күшейту үшін жолжелкен шырыны (15 мл күнге 2-3 рет тағам қабылдаудан 30 минут бұрын), плантаглюцид (0,5-1 г күнге 2-3 рет тамақ алдында), әр түрлі ашқылтым дәмділер (ащы жусан тұрындысы, үпілдек түбірінің тұрын-дысы т.б.). Метеоризмде ромазулан (түймедақ гүлінен алынған дәрі) жақсы көмектеседі.
Витамин В12 жетіспеушілігінде (қан сарысуындағы деңгейі 150 г/л) оксикобаламиннің 0,1% ертіндісінің 1 мл бұлшық етке күнге 1 рет 6 күн бойы, кейін аптасына 1 рет ай бойы, одан кейін 2 айда 1 рет өмірбақи қолданылады. 3-6 айдан кейін кейбір ауру адамдарда темір жетіспеушілігі байқалады. Ондай жағдайда темір дәрісінің қысқа курс емі қолданылады.
Рефлюкс-гастритті (С гастритті) емдеу. Жеке таңдап тағайындалған диета, тағамды жиі, бөліп қабылдаудың шешуші маңызы болады. Демпинг – синдромының белгілерін әлсірету үшін тағамды жатқан күйде қабылдау жөнді. Гистаминнің Н2-рецепторларының блокаторларын (церукал, эглонил), серотонин антагонистерін (резерпин немесе исмелин, АҚҚ бақылап отыру керек) аз дозада береді. Көмекші ем ретінде полиферменттік препараттар, витаминдер, седативтік дәрілер беріледі.
Қайталамалы қан кетумен асқынған эрозивті гастритте гистаминнің Н2-блокаторлары тағайындалады: зантактың 100 мг 1 рет венаға егеді және 150 мг тәулігіне 2 рет ішке қабылдайды немесе квамателдің 4 мг венаға егеді және 20 мг тәулігіне 2 рет ішке қабылдайды және сукральфат (антепсин, вентер) 1 рет ішке қабылданады (алғашқы дозасы 6 г). Қан кету жалғасқан жағдайда қосымша препараттың 4 г тағы қабылдайды, тәуліктік дозаны 15 г дейін жеткізу мүмкін.
Дәрімен емдеуден нәтиже болмаған жағдайда эрозияны электрокоагуляция жасайды немесе селективті проксимальді ваготомия жасалады.
Гипертрофиялық гастритте (Менетрие ауруында) ішке гастроцепиннің 25 мг (4 рет), немесе пробантиннің 15 мг (4 рет), немесе метациннің 2 мг (4 рет тәулігіне) аурудың белгілері жойылғанға дейін береді. Н2-блокаторларды, вентерді қолдану мүмкін.
Еңбекке қабілеттіліктің қалпына келу критерийлері: аурудың өршуінің клиникалық және эндоскопиялық белгілерінің жойылуы.
Еңбекке қабілетсіздіктің орташа мерзімдері. А типті гастриттің қайталауында және В типті гастриттің жайылмалы түрінің қайталауында – 10-16 күн, антрум – гастриттің қайталауында – 14-22 күн.
Санаторийлық – курортты ем созылмалы гастриттің қайталауы жоқ кезде іске асырылады. Арзни, Боржоми, Джермук, Дорокаво, Ессентуки, Железноводск, Миргород, Пятигорск, Трускавец курорттарында емделуге болады.
Прогнозы. Созылмалы гастриттің болжамы жалпы жағымды болып келеді. Жайылмалы гастритте асқазаннан қан кету қаупі болады, секреторлық функция төмендеген созылмалы гастрит асқазан рагі дамуы үшін қауіпті фактор болып есептеледі.
Профилактикасы. Созылмалы гастритпен ауыратын науқас адам диспенсерлік бақылауда болуы керек, ол жылына 2 рет қаралып, рецидивке қарсы ем алады.
Жара ауруы
Жара ауруы – циклді даму барысы бар және асқазан мен он екі елі ішекте жара пайда болатын созылмалы қайталама ауру.
Өнеркәсіпті жетілген елдерде жара ауруы тұрғындардың 3-10% кездеседі. Жара ауруымен әйелдерге қарағанда еркектер жиірек ауырады (қатынас 4:1), он екі елі ішектің жарасы асқазан жарасынан шамамен 4 есе жиі кездеседі. Он екі елі ішектің жарасы көбіне 40 жасқа дейін, ал асқазанның жарасы 40 жастан кейін жиі байқалады.
Этиологиясы және патогенезі. Жара ауруының басты этиологиялық факторлары:
1. Хеликобактерия пилоридін жұқтыру. Он екі елі ішек жарасының дамуы 100% жағдайда helicobacterpilori-ді жұқтырумен байланысты, ал асқазан жарасының дамуы 80-90% жағдайда пилори хеликобактериясымен байланысты.
2. Жедел және созылмалы психоэмоциональдық стресс жағдайлары. Жара ауруының дамуындағы психоэмоциональдық фактордың маңызы Г.Сельенің жалпы адаптациялық синдром және «стрестің» организмге әсері туралы жұмыстарында жақсы көрсетілген.
3. Алиментарлық фактор. Өткір, тітіркендіргіш, қатты, өте ыссы немесе өте салқын тамақ асқазан секрециясын шамадан тыс күшейтеді, оның ішінде тұз қышқылының түзілуін көбейтіп, басқа этиологиялық факторлардың жара түзу әсерлерін арттырады.
4. Алкогольді, кофені шамадан тыс қолдану, шылым шегу. Алкоголь мен шылым шегудің жара пайда болуындағы рөльдері үзілді – кеселді дәлелденген жоқ. Дейтұрғанмен шылым шегетін адамдарда жара ауруы шылым шекпейтіндермен салыстырғанда 2 есе жиі кездеседі. Сонымен қатар, никотиннің әсері жара түзілуіне жағдай жасайды: ол асқазан тамырларының тарылуын тудырып, асқазанның кілегей қабығының ишемиясын дамытады, тұз қышқылының секрециясын күшейтеді, тамақтың асқазаннан эвакуациясын жылдамдатады, дуоденогастральды рефлюкс қалыптасуына жағдай жасайды, асқазанның кілегей қабығының қорғаныс факторларының (асқазанның кілегейі, простагландиндер, ұйқы безінің бикарбонаттары) түзілуін ыдыратады.
Алкоголь де тұз қышқылының секрециясын күшейтеді, қорғаныс факторларының түзілуін төмендетеді және созылмалы гастриттің дамуын тудырады.
Кофе тұз қышқылының секрециясын күшейтеді және асқазанның кілегей қабығының ишемиясын тудырады.
5. Дәрілер. Ульцерогендік әсер ацетилсалицил қышқылында және басқа да бейстероидтық қабынуға қарсы дәрілерде (индометацин т.б.), резерпинде, глюкокортикоидтарда болады.
Ацетилсалицил қышқылы мен БҚҚП асқазанның кілегей қабығын зақымдайды, қорғаныс кілегейінің түзілуін бұзады. Резерпин тұз қышқылының секрециясын ширатады, жара дамуына жағдай жасайды.
Глюкокортикоидтар тұз қышқылы мен пепсиннің өндірілуін күшейтеді, микроциркуляцияны бұзып, жара пайда болуына әкеледі.
Жара ауруының дамуында этиологиялық факторлармен қатар жара ауруының туындауына жағдай жасайтын басқа аурулардың да маңызы болады:
1. Созылмалы обструкциялы бронхит, тыныс тұншықпасы, өкпе эмфиземасы (тыныс жетіспеушілігі, гипоксемия кілегей қабықтың ишемиясын және оның қорғаныс механизмдерінің әлсіреуін тудырады).
2. Жүрек-тамыр жүйесінің аурулары асқазанның гипоксемиясы мен ишемиясын тудырады.
3. Бауыр циррозы.
4. Ұйқы безінің аурулары.
Қазіргі кезде жара ауруы асқазан сөлінің агрессиялық факторлары мен кілегей қабықтың қорғаныс факторларының арасындағы тепе-теңдік бұзылғанда дамиды деген пікір бар. Қалыпты күйде бұл факторлардың арасындағы тепе-теңдікті нерв және эндокрин жүйелері арасындағы өзара келісімді іс-әрекет қамтамасыз етеді.
Агрессия факторларына жататындар:
1. Helicobacterpilori, кілегей қабықты зақымдайтын көптеген ферменттер мен цитоксиндер бөледі, басында қабынуды, кейін жара пайда болуын тудырады.
2. Тыстама клеткалардың тұз қышқылын, негізгі клеткалардың пепсинді көп өндіруі.
3. Ульцерогендік алиментарлық факторлар: қатты, өткір, тітіркендіргіш тағамдар.
4. Дуоденогастральды рефлюкс пен гастродуоденальды дисмоторика өт пен панкреас сөлінің асқазанға құйылуын тудырып, онда асқазанның кілегей қабығына зақымдаушы әсер көрсететін изолецитиннің түзілуіне жағдай жасайды. Өт те асқазанның кілегей қабығына зақымдаушы әсер көрсетеді.
5. Сутегі иондарының асқазан құрамынан кілегей қабыққа қарай кері бағыттағы диффузиясы да кілегей қабыққа зақымдаушы әсер етеді.
Қорғаныс факторларына жататындар:
1. Қорғаныс әсері бар кілегей бөгеті (барьер), оның басты компоненттері фугликопротеиндер мен N – ацетилнейрамин қышқылы сутегі иондары мен пепсиногеннің асқазан мен он екі елі ішектің кілегей қабығының ішіне енуіне кедергі тудырады.
2. Беткей эпителийінің активті регенерациясы. Кілегей қабық клеткалары 3-5 тәулік сайын жаңарып тұрады. Бұл процестің бұзылуы кілегей қабықтың атрофиясын тудырады, оның тұз қышқылы мен пепсиннің әсерінен зақымданғыштығын күшейтеді.
3. Асқазан мен он екі елі ішектің кілегей қабығының қанмен қалыпты қамтамасыз болуы. Қан айналысының бұзылуы кілегей қабықтың ишемиясын тудырып, агрессия факторларының әсер етуіне жағдай жасайды.
4. Антродуоденальды қышқыл тежеуіші: асқазан сөлінің қышқылдығы өскен кезде (рН £ 2,5-2,0) тұз қышқылының өндірілуін тежейтін және асқазан құрамының он екі елі ішекке өтуіне кедергі болатын механизмдер қосылады. Ондай механизмдерге гастроинтестинальды гормондар (гомостатиндер, энтерогастрон, секретин және глюкагонға ұқсас пептидтер), қышқылды құрап он екі елі ішекке өткенде жұмысқа қосылатын жабу рефлексі жатады.
5. Простагландиндердің, эндорфиндердің және энкефалиндердің және қорғаныс медиаторларының жергілікті синтезі.
Простагландиндерді (простагландин Е2) негізгі, қосымша және тыстаушы клеткалар өндіреді, олар тыстама клеткалардың активтігін тежеу, кілегей мен бикарбонаттардың секрециясын күшейту, кілегей қабықтағы қан айналысын жақсарту, сутегі иондарының кері диффузиясын төмендету және кілегей қабықтың регенерациясын күшейту арқылы асқазанның кілегей қабығының қорғанысын күшейтеді.
Энкефалиндер тұз қышқылының секрециясын тежейді.
6. Қарсы ульцерогенді алиментарлық факторлар. Оларға құрамында тағамдық талшықтар көп (дақылдардың қабығында, жармаларда көп болатын) тағамдар жатады: қарақұмық және сұлы жармасы, соя және жүгері ұндары. Бұл тағамдарға сүт пен сүзбе де жатады.
Жара ауруы қорғаныс факторлары мен агрессия факторларының арасындағы тепе-теңдік бұзылғанда дамиды. Бұл тепе-теңдіктің бұзылуына тұқым қуалау бейімділігі де қатысады. Осындай жағдайда кез-келген бейспецификалық фактордың (дәрі, стресс т.б.) жара ауруының дамуына әкеліп соқтырады.
Жараның орнына байланысты аурудың даму патогенезінде де кейбір өзгешеліктер болады. Мысалы асқазан денесінің жарасының дамуында маңызды рольді жергілікті қорғаныс механизмінің әлсіреуі мен өт қышқылдары мен изолецитиндердің регургитациясын тудыратын дуоденогастральдық рефлюкс атқарады. Кілегей қабықтың пилородуоденальдық зонадағы жарасының дамуында басты рольді агрессия факторларының активтілігінің күшейгені атқарады.
Патоморфологиясы. Асқазан мен он екі елі ішектің жара ауруының өршуі кезіндегі негізгі морфологиялық субстраты активті гастрит, гастродуоденит, ол кейде рефлюкс – эзофагит фонында анықталатын кілегей қабықтың жара кемістігі (дефектісі), ал ремиссия кезіндегі басты субстрат – жарадан кейінгі тыртықтық өзгерістер және активті емес созылмалы гастрит пен гастродуоденит.
Классификациясы
І Аурудың түрі:
1. Бірінші рет анықталған жара
2. Қайталамалы жара
ІІ Жараның орны:
1. Асқазанда: - кардия және субкардия жарасы
- медиогастральды (асқазан денесінің, кіші және үлкен иінінің жарасы)
- антральдық жара
- пилорус өзегінің жарасы
2. Он екі елі ішекте:
- бульбарлық жара
- постбульбарлық жара
ІІІ Процестің фазасы:
1. Өршуі, қайталауы (жара кемістігі, асқазан мен он екі елі ішектегі қабыну белгілері)
2. Беті қайтқан өршу (жара тыртығы, қабыну белгілері сақталған)
3. Ремиссия (тыртық, қабыну белгілері жоқ)
IV Даму барысы:
1. Ауыр (жыл ішінде 3 рет және одан да көп қайталау)
2. Орташа ауыртпалықты (жылына 2 рет қайталау)
3. Жеңіл (1-2 жылда 1 рет және одан да сирек қайталау)
4. Латентті (клиникалық белгілердің болмауы, жараны кездейсоқ рентгенологиялық немесе эндоскопиялық тексергенде табады)
VСекреторлық функция:
1. Күшейген
2. Қалыпты күйде
3. Төмендеген
4. Ахлоргидрия
VI Асқынулар:
1. Қан кету
2. Перфорация
3. Пенетрация
4. Тыртықты деформация
5. Пилорус бөлігінің стенозы:
- компенсациялы
- субкомпенсациялы
- декомпенсациялы
6. Малигнизация (асқазан жарасының)
Клиника. Жара ауруының клиникасында болатын синдромдар:
1. Ауырғандық синдромы.
2. Диспепсиялық синдром.
3. Астеновегетативтік синдром.
Ауырғандық синдром. Жара ауруында болатын ауырғандыққа тән қасиеттер: ырғақтылық (тамақ қабылдаумен байланыс), кезеңділік (ауырсыну сезімінің болуы мен болмауының кезектесуі), белгілі сипаты болу, орны, күші, маусымға тәуелділігі және оларды белгілі дәрі-дәрмекпен тоқтатуға болатыны.
Жара ауруында болатын ырғақтылық – ол ауырғандықтың тамақ қабылдағаннан кейін белгілі бір уақыттан кейін пайда болатыны. Ерте болатын, кеш болатын, түнде болатын және «аш қарынға» болатын ауырғандықты ажыратады. Ерте болатын ауырғандық тамақтан 0,5-1 сағат кейін пайда болады, біртіндеп күшейеді, 1,5-2 сағатқа созылады, асқазан ішіндегі құрамнан босай бастаған кезде ауырғандық та азая бастайды. Жоғары орналасқан асқазан жарасында байқалады. Кеш ауырғандық тамақтан кейін 1,5-2 сағат өткенде пайда болады. Түнде болатын және «аш қарынға» болатын ауырғандық (тамақтан кейін 6-7 сағат өткенде пайда болады) кеш ауырғандыққа жақын болады, оларды тамақ немесе антацид қабылдап тоқтатуға болады. Пилородуоденальды аймақтың жарасына тән.
Ауырғандықтың кезеңдігі аурудың қайталауы (бірнеше күннен 6-8 аптаға дейін созылады) мен ремиссиясының (бірнеше айдан бірнеше жылға созылады) қатаң түрде кезектесіп тұратынында. Ремиссия кезінде ауырғандық толық жойылып кетеді.
Жара ауруында болатын ауырғандықтың сипаттары сыздап ауыру, тесіп ауыру, кесіп ауыру, ұстама ауыру. Ауыратын адамдардың жартысында ауырғандық әлсіз болып келеді, үштен бірінде ауырғандық өте күшті болады.
Ауырғандықтың орны әр түрлі болып келеді және ол жараның орнымен байланысты болады. Жараның кардиальды және субкардиальды орналасуында ауырғандық жиі төс артында немесе оның сол жағында сезіледі және жүрекке қарай тарайды. Асқазанның кіші иіні жарасында ауырғандық эпигастрий аймағында, асқазан қақпасы мен он екі елі ішек жарасында ауырғандық эпигастрий аймағында ортаңғы сызықтың оң жағында, постбульбарлық жарада арқада немесе оң жақ жауырын астында сезіледі.
Жара ауруының қайталауының маусымдық сипаты болады, ол күз бен жазғұтыры байқалады.
Жара ауруында болатын ауырғандық антацид, антихолинергиялық және спазмолитикалық дәрілер әсерінен басылады, сонымен қатар, дұрыс ем қолданғанда ауырсыну синдромы бір апта ішінде бәсеңсиді. Соңғы белгіні екшеу-іріктеу диагнозында қолдануға болады.
Ауруға тән ауырғандық сипатының өзгеруі, оның емге көнбеуі және иррадиацияның пайда болуы жиі жара ауруының асқынуында кездеседі.
Жара ауруында болатын ауырғандықтың патогенезі асқазан мен он екі елі ішектің спазмымен байланысты деп есептейді, ал спазмның өзі қуысты орган ішіндегі қысымның көтерілуімен және тұз қышқылының жоғарғы концентрациясының жара түбінде жалаңаштанған симпатикалық нервке әсер етуімен байланысты болады.
Диспепсиялық синдром қыжыл, кекірік, жүрек айну және құсу, тәбет пен дәреттің бұзылуы түрінде көрініс береді.
Қыжыл науқас адамдардың 30-80% байқалады, жиі ауырсыну сезімінің эквиваленті болып келеді. Ол өңештің кілегей қабығының асқазанның қышқыл құрамына үстеме сезімталдығы болуының және гастроэзофагеальды рефлюксте өңештің керілуінің нәтижесінде пайда болады.
Кекірік көбіне қышқыл болып келеді, кардия жетіспеушілігі мен асқазанның антиперистальтикасына байланысты туындайды, жиі асқазан жарасында байқалады.
Жүрек айну мен құсу – жара ауруына тән белгілер. Құсу кезбе нерв тонусы көтеріліп, асқазанның моторикасы мен секреторлық функциясын күшейтуіне байланысты пайда болады. Құсу аырғандық күшейіп, шыңына жеткен кезде болады және одан кейін науқас адам жеңілдік сезеді, сондықтан кейбір науқас құсуды өзі тудырады. Жүрек айну медиогастральдық жараға (қосымша гастрит болады) және постбульбарлық жараларға тән, ол он екі елі ішек буылтығының жарасында еш уақытта кездеспейді.
Тамаққа тәбет жара ауруында әдетте бұзылмайды, кейде күшейген болуы мүмкін. Күшті ауырғандықта науқас адам тамақтан бас тартады немесе тамақ қабылдағаннан кейін ауырғандық күшейетіндіктен тамақты аз ішуге тырысады (цитофобия). Тәбеттің төмендеуі сирек кездеседі.
Іш қату науқас адамдардың жартысында кездеседі және кезбе нерв тонусы басым болатындықтан туындайтын спастикалық жиырылулар мен зақымдануды тудырмайтын диетамен және антацидтерді (кальций карбонаты, аммоний гидрототығы) қабылдаумен байланысты болады.
Іш өту жара ауруына тән емес белгі.
Астеновегетативтік синдром жалпы әлсіздік, шаршағыштық, тершеңдік, көңіл-күйдің төмендеуі немесе тез қошғыштық, қолдардың дірілі түрінде көрініс береді.
Науқас адамды тексергенде конституцияның астениялық типі, алақанның салқын және ылғалды болуы, терінің мәрмәр түсті болуы анықталады.
Жара ауруында тіл әдетте таза болады, тілдің жамылғысы болуы гастритте және іш қатуда байқалады.
Пальпация кезінде эпигастрий маңында жергілікті ауырғандық анықталады. Асқазан жарасында ауырғандық эпигастрийде ортаңғы сызық бойында немесе оның сол жағында, он екі елі ішек жарасында ортаңғы сызықтың оң жағында орналасады.
Перкуссиялық ауырғандық – Мендель симптомы, жара дефектісі кілегей қабықпен шектелмей, асқазан мен он екі елі ішектің қабырғасын қамтып, перипроцесс дамығанда анықталады. Алдыңғы іш қабырғасының қорғанысты қатаюы висцеральді ішпердесінің тітіркенуімен байланысты және он екі елі ішек жарасы ауруына тән.
Жүрек – тамыр жүйесі жағынан брадикардия мен гипотензияға бейімділік болады. Ваготониямен түсіндіріледі.
Қосымша тексерулер.
1. Асқазан құрамын зерттеу:
а) медиогастральдық жараларда (асқазан кардиясының, денесінің, кіші және үлкен иіні-нің жаралары) қышқылдылық қалыпты күйде немесе жоғары;
б) пилородуоденальдық жараларда – қышқылдық жоғары.
2. Асқазан мен он екі елі ішек рентгеноскопиясы:
а) тура белгісі – ойық;
б) жанама белгілер: ойық бағытта қатпарлардың конвергенциясы, «саусақ» тәрізді тартылу белгісі (де Кервен симптомы), асқазан перистальтикасының күшеюі, он екі елі ішек буылтығының тітіркенісі, асқазанның үлкен иініндегі терең тартылу түрінде оралма бұлшық еттің түйілуі, жара бар орында контрастты заттың дағы болу, гиперсекреция, эвакуацияның өзгеруі.
3. Фиброгастроскопия: белгілі бір орындағы жара ойығы, жараның түбінде некрозды масса болады, ол фибринмен жабылған. Жараның шет жағындағы кілегей қабық қатпар-лары қалыңдаған және бұл қатпарлар жара ойығына қарай жинақталған. Тыртықтану процесі кезінде жара ойығының орнында регенерациялы эпителий мен капиллярлар гиперплазиясы (қызыл тыртық) көрінеді, кейін кілегей қабық «көше тасына» ұқсап өзгереді, капиллярлар босап қалады, олардың саны азаяды, мұның өзі тыртықтың түсін өзгертеді (ақ тыртық сатысы).
4. Қанның жалпы анализі: эритроциттер мен гемоглобин санының болмашы өсуіне бейімділік болады және ЭТЖ баяулайды.
5. Нәжісті жасырын қан табуға тексеру (Грегерсен – Вебер реакциясы). Нағыз оң мәнді реакция болатын жағдайлар: жасырын дамитын асқазан мен он екі елі ішек жарасы, жара ауруының қайталауы, асқазан мен ішек рагі, геморрой, артқы тесік тілігі.
Орнына байланысты жара ауруының дамуының клиникалық варианттары.
Асқазанның кардия бөлігінің жарасы. 40-60 жастағы еркектерде кездеседі. Онша күшті емес, көбіне күйдіру сезіміне ұқсас ауырғандық семсерше өскін астында, төс артында немесе төстің сол жағында орналасады, жүрекке қарай тарайды. Жүрекке байланысты аурудан ерекшелігі тамақ қабылдағаннан 10-30 минут кейін пайда болады, сілтілер ауырғандықты тоқтатады. Асқазанның субкардиальды бөлігінің жарасында болатын ауырғандықтың ырғақтық схемасы: тағамды қабылдау > ерте болатын ауырғандық (тамақтан кейінгі алғашқы 30 минут ішінде) > көңіл-күйдің жақсаруы. Жиі кекірік, қыжыл байқалады, олар кардияның жетіспеушілігіне байланысты. Жиі қан қату және малигнизация түрінде асқынады. Диагнозын қою үшін рентгенодиагностиканың арнайы тәсілдері қолданылады (асқазанды тығыздап толтыру, ауру адамның басын төмен жіберіп қарау).
Асқазан денесінің кіші иінінің жарасы (медиогастральды жара). Жараның ең жиі кездесетін орны. Ауру әдетте 40 жастан жоғары адамдарда кездеседі. Ауырғандық тамақ қабылдағаннан 1-1,5 сағат өткен соң басталады және асқазанның ішіндегі құрамнан толық босағанына дейін жалғасады, одан кейін науқас адамның көңіл-күйі жақсарады. Ырғақтылық схемасы: тамақ қабылдау > жақсы көңіл-күй > 1-1,5 сағаттан кейін іштің ауыруы > тағамның эвакуациясы > жақсы көңіл-күй. Кейде кеш, түнде, аш қарынға болатын ауырғандық байқалады. Сыздап ауырады, ауырғандық онша күшті емес. Жиі қыжыл, жүрек айну, ал кейде құсу болады. 14% жағдайында қан кету түрінде, 8-10% жағдайда – малигнизация, сирек – асқазанның тесілуі түрінде асқынады.
Асқазанның үлкен иінінің жарасы сирек кездеседі, жиі жоғары жастағы еркектер ауырады, клиникасы асқазан жарасының клиникасына ұқсас, 50% жағдайда қатерлі болып келеді.
Асқазанның антральді бөлігінің жарасы 10-16% жағдайда кездеседі, көбіне жас адамдарда байқалады. Симптоматикасы он екі елі ішек жарасының клиникасына ұқсас. 15-20% жағдайда асқазаннан қан кету түрінде асқынады.
Асқазанның ортаңғы және төменгі үштен бір бөліктерінің жарасында болатын ауырғандықтың ырғағы: тамақ қабылдау > 30 минут – 1 сағат бойы көңіл-күйдің жақсы болуы > 1,5-2 сағат бойы, асқазан толық босағанға дейін ауыру > жақсы көңіл-күй.
Қақпалық өзек жарасы барлық гастродуоденальдық жараның 3-8% құрайды. Даму барысы табанды болып келеді, айқын ауырсыну белгісі болады, ауыру көбіне ұстама сипатты болады, оған қоса қышқыл дәмді құсық байқалады. Табанды қыжыл, ұстамалы түрде шамадан тыс сілекей бөлу байқалады. Көп қайталаудан кейін асқазан қақпағы аймағының стенозы түрінде асқынады. Қақпа өзегі жарасының жиі асқынуларына қан кету, перфорация және ұйқы безіне пенатрация жатады.
Он екі елі ішек буылтығының жарасы көбіне алдыңғы қабырғада орналасады. Жиі 40 жастан жас адамдарда кездеседі, еркектер жиі ауырады. Эпигастрий маңының (жиі оң жағының) ауыруы тамақ қабылдағаннан 1,5-2 сағат кейін пайда болады, жиі түнде ауыру, «аш қарынға» ауыру кездеседі. Құсу сирек кездеседі. Ауру күзде және жазғұтыры қайталайды. Эпигастрий аймағының оң жағында оң мәнді Мендель симптомы анықталады. Жиі жараның перфорациясы түрінде асқынады.
Он екі елі ішек буылтығының артқы қабырғасында орналасқан жараның клиникасы буылтықтың алдыңғы қабырғасының жарасының клиникасына ұқсас болады. Оған қоса, Одди сфинктері спазмының және өт қабының гипотониялық типті дискинезиясының клиникасы байқалады: оң жақ қабырға астында салмақ сезіну немесе тұйық ауырғандық сезіну, ауырғандықтың оң жақ жауырын астына қарай тарауы байқалады. Жиі болатын асқынулары: жараның ұйқы безі мен бауыр – он екі елі ішек жалғамасына пенетрациясы, реактивті гепатиттің дамуы. Он екі елі ішек жарасының малигнизация түрінде асқынуы болмайды.
Пилородуоденальдық жарадағы ауырғандық ырғағы: «аш қарынға» ауыру > тамақ қабылдау > 1,5-2 сағат бойы асқазан толық босағанға дейін жақсы көңіл-күй > кеш ауыру.
Буылтықтан тыс (постбульбарлық) жаралар барлық гастродуоденальдық жаралардың 5-7% құрайды. Көбіне 40-60 жастағы еркектерде кездеседі. Өте күшті ауырғандық оң жақ қабырға астында байқалады, ауырғандық арқаға және оң жақ жауырын астына қарай тарайды. Кеш ауыру, түнде ауыру, «аш қарынға» ауыру түрлерінде кездеседі. Тағам, сүт қабылдау ауырғандықты бірден емес, 15-20 минуттен кейін тоқтатады. Эпигастрийдің оң жағында оң мәнді Мендель симптомы анықталады. Іштің оң жақ тік бұлшық етінің жергілікті қатаюы болады (оң мәнді Глинчиков симптомы). Жиі болатын асқынулары: қан кету, ұйқы безіне пенетрация, он екі елі ішектің тарылуы (стенозы) және бауыр астылық сарғыштық (қабынудың периульцерозды инфильтратының немесе дәнекер тінінің жалпы өт түтігін басып тастауы).