Гранулематозды гастрит эпителиоидтық клеткалық гранулемалардың болуымен сипатталады, кейде кілегей қабықтың өз табақшасында эпителиоидты клеткалармен бірге көп ядролы алып клеткалар қоспасы анықталады. Саркоидозда, туберкулезде, Крон ауруында, микоздарда, бөгде денелер барында кездеседі. Симптомдары негізгі ауруға байланысты болады, диспепсиялық белгілер (құсуды қоса), гематомезис байқалады.
Эозинофильдік гастрит асқазанның кілегей қабығында және оның қабырғасының барлық қабатында эозинофильдердің айқын инфильтрациясының болуымен сипатталады. Антральді бөлік басым зақымданады. Сирек кездеседі, әдетте васкулитпен байланысты.
Лимфоцитарлық гастрит асқазанның кілегей қабығының таңдамалы лимфоцитарлық инфильтрациясымен сипатталады. Созылмалы лимфоцитарлық гастриттің дамуында маңызды рольді асқазанның кілегей қабығына кейбір антиген әсер еткенде жауап ретінде пайда болатын иммундық жауап атқарады деген пікір бар. Лимфоцитарлық гастритке тән ерекшелікке кілегей қабықта эрозиялардың болатыны жатады.
Гипертрофиялық гастрит (Менетрие ауруы). Морфологиялық белгілері – тұтқыр кілегеймен жабылған ауқымды қатпарлар. Гистологиялық тексергенде кілегей қабық өте қалыңдаған. Шұңқыршықтар ирелеңдеген, кеңіген, олардың қуысы кілегейге толған. Кисталарға айналған бездер мен кілегей өндіретін клеткалар басым болады.
Ең жиі белгілері – тамақ ішкеннен кейін көп кешікпей пайда болатын ауырғандық, құсу, диарея, дене массасының азаюы, анорексия. Гипопротеинемия, тұз қышқылы секрециясының төмендегені анықталады, рентгенологиялық тексергенде кілегей қабықтың алып қатпарлары көрінеді.
Реактивті гастрит асқазанның кілегей қабығына өттің, ұйқы безі ферменттерінің немесе дәрілердің әсер етуінен пайда болады. Өтпен байланысты гастрит рефлюкс – гастрит (С типті гастрит) деп аталады. Рефлюкс – гастрит жиі асқазан резекциясынан кейін байқалады.
Радиациялық гастрит асқазанның кілегей қабығының коагуляциялық некрозымен және оған екінші ретті қабыну инфильтрациясының қосылуымен сипатталады. Аурудың ауыр түрінде жара, фиброз, тамырлардың облитерациялаушы гиалинозы болады.
Эрозиялы (геморрагиялық) гастрит асқазанда қан айналысының регионарлық бұзылуынан туындайды. Оның нәтижесінде көптеген қанталаған эрозиялар пайда болады. Себептері ішімдікті көп қабылдау және БҚҚ дәрілерін қабылдау болып табылады. Созылмалы гастриттің бұл түрінің клиникалық ерекшелігіне эпигастрий маңының ауыруы (ерте, аш қарынға), қан аралас құсу жатады. Рентгенологиялық тексергенде асқазан қақпасы аймағында кілегей қабықтың бедері өзгерген. Фиброгастроскопияда – беткей гастрит фонында асқазанның шығар бөлігінде көптеген эрозиялар көрінеді.
Диагнозын қою және екшеу-іріктеу диагнозы. Созылмалы гастриттің диагностикалық критерийлері:
1. Аурудың субъективті симптомдары.
2. Инструментальдық тексеру әдістерінің мәліметтері: ФГС, рентгенологиялық тексеру, НР табу әдістері.
3. Асқазан секрециясының өзгеруі.
Созылмалы гастритті іш қуысының көптеген функциональдық немесе органикалық ауруларынан, ең алдымен асқазан ауруларынан (жара ауруы, асқазан рагі, асқазан полипозы) айыра білу керек.
Ең алдымен созылмалы гастриттің екі түрін (созылмалы аутоиммунды гастрит және хеликобактериялық гастрит) бір-бірінен ажырата білу керек (44-кесте).
44-кесте
Гастриттің екі түрінің екшеу критерийлері
Критерийлер | Аутоиммунды гастрит | Хеликобактериялық гастрит |
Морфологиялық белгілер