Жануарлар дүниесінің дамуы жағынан Қазақстан палеоарктикалық-зоогеографиялық облысқа кіреді. Палеоген дәуірінде Қазақстанды тропиктік және субтропиктік жануарлар мекендеген. Олар Үндістан және Африка жануарларының түрлерімен ұқсас болған. Ал мұз басу дәуірінде жылы климатқа бейім жануарлардың кей түрлері қырылып, біразы жылы жаққа қоныс аударған. Олардың кейбір түрлері Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы таулы аймақта (Жетісу Алатауы, Іле Алатауы, Ұзынқара (Кетпен жотасы) сақталып қалып, мұз басу дәуірінен кейін қайтадан дамып өскен. Қарақұйрық, жолбарыс, қабан, марал, бұғы, аққұтан, қызылқұтан сияқты жануарлар түрлері осы топқа жатады. Мұз басу дәуірінде Қазақстанға материктің солтүстігінен суыққа төзімді жануарлар ауысқан. Олардың кейбір түрлері таулы аудандарда әлі де сақталған. Оларға тундра кекілігі, жапалақ, т.б. жатады. Мұз дәуірінен кейін Қазақстанға Орталық Азия жануарлары мен құстары өткен. Оларға құр, тоқылдақ, ор қоян жатады. Кейін олар дала және шөл зоналарына ауысқан.
Қазақстанның жануарлар дүниесі казір сүтқоректілердің 178, құстардың 489, балықтың 104 және омыртқасыздардың 50 мыңнан астам түрлерінен тұрады.
Қазіргі Қазақстанның өсімдік жамылғысы 6000-дай өсімдік түрлерінен тұрады. Басқа көрші елдермен (Ресей, Орта Азия, Кавказ) салыстырғанда бұл онша көп емес. Оған Қазақстан жерінде шөлді, шөлейтті аймақтардың көптігі, топырақ пен климат әсер етеді. Екіншіден, Қазақстанның едәуір бөлігі геологиялық тарихы жағынан жас.
Өсімдігі жағынан бай өлке Қазақстанның таулы аймақтары болып саналады. Әсіресе, Батыс Тянь-Шаньда Орта Азия мен Жерорта теңізінің бай флорасы сақталған. Онда палеоген дәуірінен қалған грек жаңгағы, платон бадамы, түркістан үйеңкісі, алмұрт және т.б. түрлері кездеседі. Сырдария-Қаратау флорасы бұдан да бай. Онда 1000-нан асатын өсімдік түрі, оның 150 түрі тек осы ауданға ғана тән, басқа жерде ұшыраспайтын өсімдіктер. Тянь-Шаньның, Алтайдың, Жетісу Алатауының тау беткейлерінде қылқан жапырақты ормандар таралған. Оларда шыршалардан, май қарағай, бал қарағай, самырсын түрлері өседі. Алтайдың таулы даласында итмұрын, долана, бөріжидек бұталары мол.
Қазақстанда өсімдік дүниесінің 303 түрі Қызыл кітапқа енген және оның сақталуына мемлекеттік қорықтар қамқорлық жасайды.
Қазақстан дүние жүзі бойынша орманы аз елдердің қатарына жатады. Бүкіл аумағының 11,4 млн гектар жерін (4,2%) ғана ормандар алып жатыр. Ол табиғатты тазартуда, топырақты эрозийдан сақтап, оның тамырын бекітуде маңызды рөл атқарады. Ауаны шаң-тозаңнан тазартып, аңызақ желден, құрғақшылықтан сақтауда да ормандар мен жасыл өсімдіктер пайдалы.
Тапсырма. Сөздік жұмысын жасаңыз. Оларға сөйлем құрастырыңыз.
Жануарлар –
Таулы –
Субтропиктік –
Сүтқоректілер –
Топырақ –
Шаң-тозаң –
Тапсырма. Жоғарыдағы мәтіннен зат есімдерді жазып, жалқы және жалпы есімдерге бөліп жазыңыз.
Тапсырма. Төмендегі сөйлемге морфологиялық талдау жасаңыз.
Қазақстанның жануарлар дүниесін қорғау, олардың адам өміріне, халық шаруашылығына келтіретін зиянына қарсы күресу – мемлекеттік шара болып табылады. Жануарлардың сирек және құрып кетуге таяу аз түрі «Қазақстанның Қызыл кітабына» енгізіліп, ерекше қорғауға омыртқалылардың 125 түрі, омыртқасыздардың 96 түрі алынған.
Тапсырма. Сұрақтарға жауап беріңіз.
Біздің елімізде өсімдіктер мен жануарлар қалай қорғалады?
Дәрілік өсімдіктер туралы не білесіз?
Өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің азайып бара жатқаны неліктен?
Тапсырма. Жолбарыс, қабан, марал, бұғы, аққұтан жануарлары туралы білетіндеріңді жазыңыз.
Тақырып. Отбасы. Неке. Етістік.
ОТБАСЫ
Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы баланың азамат болып өсуінің негізі болып табылады.
Отбасының басты қызметі баланы тәрбиелеу. Отбасы тәрбиесі – бұл тәрбиенің ең басты бөлігі. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды.
«Отан отбасынан басталады» деп айтып кеткен ата-бабаларымыздың сөзінде терең мән-мағына жатыр. Шын мәнінде, әрбір отбасы өзінше бір Отан.
Отбасы деген сөздің өзіне терең үңіліп көрейікші. Ол біздің жанымыз жабырқағанда, қуанышқа бөленгенде ішкі тебіреністерімізді бөлісетін және өзімізді еркін, жайлы сезінетін баспана, жылы ұямыз. Отбасы шағын Отан. Оның басшысы отбасының қамқоршысы мен тіреуі – әке. Әке отбасына қатысты бар мәселелерді шешіп, өз отбасының намысын қорғау жолында бар күш-жігерін салады. Сондай-ақ, отбасы мүшелерінің де өзіндік атқаратын міндеттері бар. Баршамыздың осы ұядан ұшып шығатынымыз шындық. Отбасына деген сағыныштың жүрек түкпірінде мәңгілік сақталатыны, оның бізді ақ үрпек балапан шағымыздан жылы бауырына басатыны, бізді мәпелеп, өмірдің қатал заңына тәрбиелейтіні.
Сондықтан отбасы мүшелері бір-бірі үшін жанын қиюға да даяр тұрады. Сол сияқты Отанды қорғау да әр азаматтың азаматтық парызы. Отанымыз алдындағы азаматтық борышымызды орындау мақсатында бар күш-жігерімізді салып аянбай еңбек етсек, бір-бірімізбен етене жақын болсақ, біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін дейтін тамаша бірлікті сақтай алсақ, онда біз бағындырмайтын биік жоқ.
Әрбір отбасы - шағын мемлекет. Онда ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын азамат тәрбиеленеді.






