Дәріс мазмұны:
- Сын есімнің лексика-грамматикалық сипаты.
- Сын есімнің мағыналық топтары.
- Шырай категориясы.
- Адъективтену амалы.
Негізгі әдебиеттер:
- Ақкөзов Ә.Ә. Сапалық сын есімдердің семантикасы және жүйесі. Ф.ғ.к.дис. автореф. Алматы, 2004.
- Есматова М.Т. Есім негізді туынды сын есімнің сөзжасамдық жүйесі. Ф.ғ.к.дис. автореф. Алматы, 2004.
- Мұсабаев Ғ. Қазақ тіліндегі шырай категориясы. А., 1951.
- Шәкенов Ж. Қазақ тіліндегі сын есімдер категориясы. А., 1961.
Қосымша әдебиеттер:
- Есматова М. Қатыстық сын есімнің (-лы, -лі, -сыз, -сіз жұрнақты) семантикасы // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 9, 2002, 49-51-б.б.
- Кенбаева С. Сын есім шырайларының мектеп оқулықтарында берілуі // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 5, 2005, 64-69-б.б.
- Қалыбаева Қ. Қазақ сөйленістеріндегі сын есімдер жайында // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 12, 2000, 48-49-б.б.
- Сыздықова Г. Қазіргі қазақ тіліндегі қатыстық сын есімдердің семантикалық және стильдік сипаты. Ф.ғ.к.дис. автореф. Астана, 2000.
- Мырзатаев Н. Сын есімнің қалыптасуындағы адъективтену құбылысы // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 1, 2004, 97-103-б.б.
Сын есім – семантика, грамматикалық жағынан, яғни морфологиялық ерекшелігі мен сөзжасам, сөз түрлендіру амалы жағынан да, синтаксистік қызметі мен басқа сөздерімен тіркесіп қолданылуы жағынан да қазіргі қазақ тіліндегі өзіне тән еркшелігі бар сөз табының бірі. Сын есім – семантикалық жағынан заттың, құбылыстың түрлі сапа, белгісін, түсін, көлемін, затқа, құбылысқа, іс-әрекетке қатысын білдіретін сөздер. Сын есімнің маңызды белгілері:
- заттың түр-түсін білдіреді: ақ, қызыл, боз, сары.
- Заттың көлемдік, аумақтық, салмақтық белгісін, сынын білдіреді: мол, ауыр, жүйрік, жуас, берік.
- Заттың сапалық белгі, сипатын білдіреді: ақ етті, ашаң жүзді, әдемі, надан.
- Заттың дәмі, иісі және басқа сипаттарына байланысты белгілерін білдіреді: қалың, жұмсақ.
- Затқа, қимыл, іс-әрекетке, мезгіл-мекенге қатысты сынды білдіреді: нұрлы, білікті, атақты, биылғы, жылдағы.
Сын есімнің табиғи қызметі – ешбір өзгеріске түспй-ақ зат есіммен тіркесіп, заттың әр алуан қызметін, сындық белгісін анықтау. Абзал адам азбайды арын сүйген. Жақсы тәртіп әдетке айналса ырыс, жаман тәртіп әдетке айналса – қырсық.
Морфологиялық жағынан сын есім – түрленбейтін сөз табы. Шырай тұлғалары жалпы сын есімге тән түрлену жүйесіне емес, сын есімнің бір ғана мағыналық тобына, сапалық сын есімге ғана тән, ал қатыстық сын есімге шырай тұлғалары жалғанбайды.
Сын есімге септік, тәуелдік, көптік жалғауларының бірі жалғанып қолданылса, онда ол заттанып, зат есімдердің орнына жұмсалады. Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек... (Абай). Балаға тең көрінер бай мен кедей (С.Торайғыров).
Сын есімнің синтаксистік қызметі – зат есіммен сөз байланыстырушы тұлғаларсыз, орын тәртібі арқылы қабыса байланысып, анықтауыш болуы. Құлақтан кіріп бойды алар, Әсем ән мен тәтті күй (Абай). Сын есім етістікпен синтаксистік қатынаста жұмсалғанда адвербиалдық (үстеу) мәнде пысықтауыш қызметін атқарады. Арық сөйлеп, семіз шық.
Атау мен іліктен басқа септіктердің бірінде тұрып заттанып толықтауыш қызметін атқарады. Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат. Сын есім жеке тұрып та, көмекші етістікпен тіркесіп те жіктеліп келіп, сөйлемнің баяндауышы қызметін атқарады. Бұл ауыл – малға бай.
Сын есімнің сөйлемдегі негізгі және басты қызметі – анықтауыш болу. Ол сын есімнің сөз табы ретіндегі маңызды семантикалық белгісі болып табылады.
Семантикалық жағынан сын есімдер екі топқа бөлінеді: 1) сапалық сын есім; 2) қатыстық сын есім. Сапалық және қатыстық сын есімдердің ерекшеліктері, өздеріне тән негізгі қасиеттері үнемі сақтала бермейді. Сондықтан бұларды бір-бірінен ажырататын ең басты белгі – олардың құрылысы мен мағынасы. Құрылысына қарай қатыстық сын есімдер басқа сөз таптарынан сөз тудырушы жұрнақтар арқылы жасалып, заттың, құбылыстың белгісін екінші бір зат, құбылыс не қимылдың қатысы арқылы білдіреді. Ал сапа сындары түбір тұлғалы болып, сындық белгіні тікелей білдіреді.
Сапалық сын есімдер семантикалық жағынан заттың әр алуан сын-сипатын, сапалық белгілерін, шырай тұлғаларымен түрлене алады. Сапалық сын есімдер қосымшасыз тұрып, семантикасы жағынан тікелей заттың сынын білдіреді: Терең ой, терең ғылым іздемейді. Сапалық сын есімдердің морфологиялық сипаты – шырай тұлғаларымен түрлене алуы: әдемілеу, қызғылт, жұп-жұмыр, үлкендеу. Сапалық сын есімдер негізінен түбір сөздер болып келеді. Олардың қатарындағы сөздердің біразы тарихи жағынан туынды түбірлер де, түбір мен қосымшаның жігі ажырамастай бірігіп кеткен.
Қазіргі қазақ тілінде қатыстық сын есімдерге бір заттың белгісін басқа бір заттың, қимыл іс-әрекеттің, сынның қатысы арқылы білдіретін сөздер жатады. Қатыстық сын есімдер көбіне-көп әр түрлі жұрнақтар арқылы басқа сөз таптарынан жасалатын туынды сөздер болады да, сол затқа, қимыл, іс-әрекет, құбылысқа қатысын білдіреді. Қатыстық сын есімдер морфологиялық құрамы жағынан сөзжасам қосымшалары арқылы жасалған туынды немесе күрделі сөздер болып келеді. Мағыналық жағынан қатыстық сын есімдер заттың сынын білдіре отырып, белгілі бір сапалық заттың екінші бір затқа я ұғымға қатысын немесе сондай сапаның жоқтыңын, яғни заттың түрі мен түсіне, сыры мен сынына, я ішкі қасиетіне, сол сияқты мезгіл мен мекенге тағы басқа сол тәріздес белгілеріне қатысты сындық ұғымдарды білдіреді. Қазақ тіліндегі қатыстық сын тудырушы қосымшалар: -лы/-лі, -ды/-ді, -ты/-ті, -лық/-лік, -дық/-дік, -тық/-тік, -ғы/-гі, -қы/-кі, -сыз/-сіз, -шыл/-шіл, -и, -паз, -қой, -ық/-ік, -қ/-к, -ғыш/-гіш, -шақ/-шек, -ғыр/-гір, -қыр/-кір. Бұл сөзжасам қосымшалары зат атауын білдіретін немесе есім мәнді және қимылды білдіретін сөздерге жалғанып, сол сөздің мағынасына қатысты ол ұғымдардың бар я жоқ, соған бейімділік, мекендік т.б. тәрізді сөзжасамдық мағына тудырады да, ол екінші бір затқа қатысы болу арқылы қатыстық сын есім болады.
Тілдің даму барысында туынды түбір кейбір қатыстық сын есімдер қатыстық мағынамен бірге заттың сапалық сипатын да білдіреді, сөйтіп, бара-бара сапалық сын есімдерге ауысып кетеді. Оны ажыратудың бірден-бір белгісі – мағыналық жағымен бірге шырай қосымшаларының жалғана алуы немесе керісінше жалғана алмауы. Қатыстық сын есімдерге шырай қосымшалары жалғана алмайды. Ал қосымша арқылы жасалған туынды сын есімдерге шырай тұлғалары жалғанса, олар сапалық сын есімдерге ауысқан сөздер болып табылады: өткір, тұнық, ақылды, ақылсыз. Демек, кейбір қатыстық сын есімдер семантикалық жағынан қатыстық мәннен сапалық мәнге ауыса бастайды. Сөйтіп, қатыстық сын есімдер басқа сөз таптарынан жасалған туынды сөздер болып келеді. Қатыстық сын есімдердің бір тобы бір сөзде заттық белгінің бар екенін көрсетсе, екінші бір тобы керісінше оның жоқ екенін, ал үшінші тобы бір затқа, құбылысқа бейімділікті, икемділікті, төртінші тобы қимыл, іс-әрекетке, амалға, мекенге, мезгілге қатыстылықты білдіреді. Бұл мағыналардың қай-қайсысы болсын морфологиялық көрсеткіштер арқылы беріледі.
Қазіргі қазақ тіліндегі сын есімдер морфологиялық құрамы жағынан негізгі және туынды түбір болып бөлінеді. Негізгі сын есімдерге әрі қарай бөлшектеуге келмейтін бір түбір морфемадан тұратын сөздер кіреді: жарық, ақ, көк, мөлдір.
Сын есімнің шырай категориясы лексика-грамматикалық категория, жалпы сын есімнің түрлену жүйесі емес, сапалық сын есімнің семантикалық және грамматикалық тұлғалану сипаты болып табылады. Шырай түрлері туралы қазақ тіл білімінде бірыңғай пікір жоқ. Ең алдымен бірден көзге түсетін ерекшелік – грамматикалар мен оқу құралдарында шырай түрлерін жасауға негіз болатын тұлға деп көрсетілген жай шырай түрін жеке шырай деп көрсетеді. Тек шырай түрлеріне негіз болатын, ал өзі шырай түрлеріне мағыналық жағынан да, тұлғалық жағынан да оппозициялық қатар құрай алмайтын тұлға,ол категорияның ішіне, шеңберіне кіре алмайды. Жай шырай дегенді есептемегенде, бір оқулықтарда екі түрлі – салыстырмалы және күшейтпелі шырайлар, енді біреуінде үш түрлі – салыстырмалы шырай, күшейтпелі шырай және асырмалы шырай, тағы біреуінде төрт түрлі – салыстырмалы шырай, бәсең я шағын шырай, күшейтпелі шырай және асырмалы шырай, тіпті кейбір зерттеулерде одан да көп түрі беріледі. Күшейтпелі және асырмалы деп аталатын шырай түрлерін біріктіріп қарайтын болсақ, (асырмалы деп жүрген шырай түрі де күшейтпелі мәнді білдіреді: өте жап-жақсы), шырайдың сапалық сын есімнің лексика-грамматикалық категориясы ретінде екі-ақ түрін көрсетуге болады: салыстырмалы шырай және күшейтпелі шырай.
Ғ.Мұсабаев өзінің еңбегінде қазақ тілінде бес түрлі шырай бар деп топшылайды да, оларды, біріншіден, салыстырмалы шырай (жақсырақ), екіншіден, бәсең шырай (жақындау), шағын шырай (көкшіл), күшейтпелі шырай (қып-қызыл), үдетпелі шырай (аса жақсы) деген топтарға жіктейді. Ал Ж.Шәкенов аталған еңбегінде қазақ тілінде бес түрлі шырай бар деп есептейді де, оларды, біріншіден, жай шырай («бастапқы қалпында тұрған сапа сындарының барлығы»), екіншіден, салыстырмалы шырай (терең-ірек), үшіншіден, бәсең шырай (бозғыл-дау), төртіншіден, күшейтпелі шырай (қап-қара), бесіншіден, таңдаулы шырай (өте жақсы) деген топтарға бөледі. Ғалым А.Ысқақовтың еңбегінде төрт түрлі шырай бар деп көрсетіледі: жай шырай, салыстырмалы шырай, күшейтпелі шырай, асырмалы шырай.
Салыстырмалы шырай бір заттың сынын, я сипатын, түсін,екінші заттың біртектес сынымен, белгісімен салыстырып, сол салыстыратын белгілердің, түрлердің бір-бірінен, я артық, я кем екенін білдіріп, белгілі қосымшалар арқылы жасалады. Ол қосымшалар: а) –рақ, -рек, -ырақ, -ірек: төменірек, жоғарырақ. ә) –лау, -леу, -дау, -деу, -тау, -теу: жалпақтау, аласалау. Сапалық сын есімдерге ғана жалғанып, салыстырмалы шырай жасайтын жұрнақтар да бар. Олар: 1) –ғыл, -гіл, -ғылт, -қылт, -ғылтым,-қылтым: сарғылт, бозғылт. 2) –шыл, -шіл, -шылтым, -шілтім: ақшыл, көкшіл. 3) –ғыш, -ілдір: сарғыш, көгілдір. 4) –ан, -қай, -ша, -ше: қоңырқай, сопақша.
Күшейтпелі шырай бір заттың бастапқы сынын, белгісін күшейтіп, асыра көрсетіп тұрады. Ол, біріншіден, күшейтпелі буын арқылы жасалады: жап-жасыл, қап-қара, топ-толық. Екіншіден, өте, аса, ең, тым, тіпті т.б. күшейтпелі үстеулер арқылы жасалады. Мысалы: өте жақсы, ең ыстық сезім.
Қай тілде болсын, сөз таптары арасында бір-біріне ауысу, алмасу процестері болып отырады. Осымен байланысты сындық белгіні білдіретін сөздер сөйлеу қажеттілігіне қарай заттық ұғымда қолданылады. Сын есімнің көптеліп, септеліп, тәуелденіп келіп, зат есімге ауысып, заттанып қолданылуы – субстантивтену процесі деп аталады. Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат. Өңшең жалбағай тымақтылар тұс-тұсынан қалың қолға қосылып кетті. Осы сегіз үй ішіндегі ең бүтіні және үлкендеуі – ортада тұрған жалпақтау бес қанат үй. Кейбір сын есімдер бүтіндей заттанып біржола субстантивтеніп кетеді. Олар: жас, бала, ауру, жүдеу. Осыған байланысты сын есімдердің көбі уақытша, кейбіреулері толық субстантивтенеді.
Адъективтену – басқа сөз таптарының сын есімге ауысуын білдіретін конверсиялық процесс. Сөз таптарының ішінде адъективтену процесі не зат есімдер мен етістік анағұрлым бейім. Зат есімнен сын есімдерге толық ауысқан сөздер: жамау, бұрау (қамшы), асқақ, көк (аспан, шөп, түс), ақ (түс, ағарған), жас (жас мөлшері, жігіт).
Түбір етістіктерге қарағанда, оның белгілі тұлғалары адъективтену процесіне жиі ұшырайтындығы байқалады. Адъективтенген қимыл есімдері: ұшқыр, тапқыр, білгір, өткір, үшкір. Есімше формаларының адъективтенуі: қиылған (қас), уылжыған (жас), қашаған, сүзеген, тебеген, алаған, береген, ұшқалақ, жаңғалақ, сасқалақ.
Қазіргі қазақ тілінде сын есімдер сөйлемнің барлық мүшелері бола алады.
1) Сын есім ілік септікте тұрып, заттанып келіп те матаса байланысқан анықтауыш болады: Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын.
2) Сын есім табыс, барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерінде келіп заттанып, толықтауыш қызметін атқарады: Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез.
3) Сын есім сөйлемде етістіктің алдында тұрып, қимыл, іс-әрекеттің сынын білдіріп, қалай? деген сұраққа жауап беріп, пысықтауыш болады: Бетті бастым, қатты састым.
4) Сын есім көптік, септік, тәуелдік жалғаулары жалғанса, зат есімнің орнына жүреді. Заттанған сын есім атау септігінде тұрып қолданылса,бастауыш қызметін атқарады: Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік.
5) Сын есім жіктік тұлғада тұрып сөйлемнің баяндауышы да болады: Бақтығұл өзі де кесек, балуан денелі, иықты.
Апта