Дәріс мазмұны:
1. Болымды етістік.
2. Болымсыздық категориясы.
3. Амалдың өту сипаты.
Негізгі әдебиеттер:
1. Абдыгалиева Т. Қазіргі қазақ тіліндегі болымдылық-болымсыздық категория. Филол.ғыл.док.дисс. авторефераты. Алматы, 1998.
2. Маманов Ы. Қазіргі қазақ тілі. Етістік. Алматы, 1966.
3. Оралбаева Н. Қазақ тіліндегі етістіктің категориялары. А., 1980.
4. Хасенова А. Етістіктің лексика-грамматикалық сипаты. А., 1971.
Қосымша әдебиеттер:
1. Жолшаева М. Қимылдың басталу фразасын білдіретін аналитикалық форманттар // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 5, 2007, 56-64-б.б.
2. Қапесова Т. Сөйлеу етістіктерінің семантика-грамматикалық ерекшеліктері // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 7, 2002, 60-63-б.б.
3. Мұхамади Қ.Т. Қазіргі қазақ тіліндегі қимылдың тездік тәсілінің мағыналық құрамы мен берілу жолдары. Филол. ғылымд. канд. дисс. авторефераты. Алматы, 1997.
Қимыл әрекет бірде жасалып, шындық өмірден орын алып жатса, бірде жасалмай шындық өмірден орын алмай жататыны белгілі. Осымен байланысты қимылдың болымды және болымсыз түрі бар. Етістіктің болымдылық, болымсыздық мағынасы – бүкіл етістік атаулыға қатысты жалпы грамматикалық мағына. Сондықтан ол етістіктің өзінше жеке категориясы болып саналады. Грамматикалық категория танылу үшін, оның өзіне ғана тән грамматикалық мағынасы болуы керек. Бұл шартқа етістіктің болымдылық, болымсыздық категориясы жауап береді, өйткені категорияның өзіндік мағынасы бар. Ол – болымдылық, болымсыздық мағына. Әр категория жалпы мағынасы болуымен қатар оның ішкі мағыналық құрылымы болу керек деген талапқа да бұл категория сәйкес келеді, өйткені бұл категорияның екі ішкі мағынасы бар, олар болымдылық және болымсыздық мағыналар. Тіл білімінде қалыптасқан заңдылық бойынша категорияның ішкі мағыналық ерекшелігін білдіретін ең кемі екі көрсеткіші болуы керек. Бұл категория осы шартқа да сай келеді. Тілде болымдылық мағына нөлдік жұрнақ арқылы беріледі де, болымсыздық мағына –ма, -ме, -ба, -бе, -па,-пе жұрнағы арқылы және Ø емес, Ø жоқ форманттары арқылы беріледі.
Етістік сөзі лексикалық мағынасы жағынан белгілі іс, болмыс, амал, әрекет және қимылдық процесті білдіреді. Кейде етістіктегі айтылған қимылдық процестің орындалғандығы, орындалып жатқандығы, орындалатындығы қоса көрсетіледі де, кейде сол қимылдың орындалмағандығы, орындалмай жатқандығы және орындалмайтындығы қоса көрсетіледі.
Негізгі және туынды түбір етістіктердің бастапқы мағынасы іс, қимыл, амал-әрекеттің орындалатындығын білдіреді де, болымды етістік деп аталады. Мысалы: бар, кел, жаз, кет.
Етістіктің лексикалық мағынасына қосымша сол іс, амал, әрекет, қимылдық процестің орындалмайтындығы, істің істелмейтіндігі қоса көрсетілсе, етістіктің ондай семантикалық түрін болымсыз етістік дейді.
Етістік түбір күйінде де, әр түрлі грамматикалық тұлғаларында да қимылдың, іс-әрекеттің, амал-процестің болуын білдіреді. Сонымен бірге қимылдың, іс-әрекеттің болуы да өмірде болатын құбылыс. Міне, қимыл, іс-әрекеттің, яғни етістік білдіретін мағынаның іске аспауы, болмауы арнайы грамматикалық амал-тәсілдер арқылы беріледі. Сөйтіп, етістік білдіретін қимыл, іс-әрекеттің қарама-қайшы мәні, ол мағынаның болмауы етістік түбірлеріне, етістіктің лексика-грамматикалық категориялары тұлғаларына –ма, -ме, -ба, -бе, -на, -не қосымшасы қосылу арқылы жасалады да, тек етістіктің болымсыздық түрін жасап қоймайды, болымдылық мәнге қарама-қайшы етістіктің болымсыздық категориясын да жасайды.
Болымсыздық категориясының бірден-бір тұлғалық көрсеткіші –ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе болымсыздық тұлғасы. Әрине, етістіктің болымсыздық мәнін беретін басқа да аналитикалық жолдары бар. Атап айтқанда, есімшенің –ған, -ген, -қан, -кен тұлғасы етістікке жоқ модаль сөзі, есімшенің –ған, -ген, -қан, -кен, -атын, -етін, -йтын, -йтін, -ар, -ер, -р, -мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек тұлғалы негізгі етістіктерге емес көмекші етістігі тіркесіп жасалады. бірақ бұлар болымсыздық категориясына жатппайды, оның грамматикалық сипаты сәйкес емес. Болымсыздық категориясы етістіктің лексика-грамматикалық категориясы болып табылады. Себебі, біріншіден, бұл категорияның қосымшасы етістік түбірге жалғанғанда, түбір семантикасына аздап болса да әсер етіп, өзгеріс енгізеді, яғни түбір беретін мағынаның болмайтынын білдіреді, екіншіден, етіс категориясы сияқты түбірдің грамматикалық сиатын сақтап қалады: 1) бұйрық райдың 2-жақ жекеше анайы тұлғасымен сәйкес келіп, онымен омоформа жасайды; 2) тікелей жіктелмейді; 3) сол күйінде қолданылмайды, етістіктің таза грамматикалық категорияларын жасауға негіз болады; рай, шақ тұлғасының үстіне ғана жалғана алады, керісінше болмайды. Сондықтан Т.Маманов «болымсыздық қосымшалар –ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе негізгі етістіктер, яяғни етістіктің лексика-грамматикалық категориясы мен функциялық етістіктердің, яғни етістіктің таза грамматикалық категорияларының шекарасын көрсетіп тұратын белгі ретінде жұмсалады», - деп көрсетеді.
Күрделі етістікте болымсыз форма бірде негізгі етістікке жалғанса, бірде көмекші етістікке жалғанады: айт-па-й жүр, сөйле-ме-й қалды, бер-ме-п еді және айтып жүр-ме, сөйлеп қой-ма, беріп жібер-ме.
Қазақ тіл білімінде қимылдың өту сипаты категориясын ғылымда бірінші дәлелдеген – Н.Оралбаева. Проф. Н.Оралбаева қимылдың өту сипаты категориясын етістіктің аналитикалық форманттарын зерттеуге арналған докторлық диссертациясында дәлелдеген. Бұл теория әрі қарай З.К.Ахметжанова, С.Маралбаева, А.Шарапиденова диссертацияларында жалғастырылып, қазір оны зерттеушілер тобы көбейіп отыр.
Қимылдың тездік тәсілі – қимылдың өту сипаты категориясының бір тәсілі, ол қимылдың тез жасалу мағынасын білдіреді. Бұл тәсілдің осы жалпы мағынасымен бірге іштей күрделі мағыналық құрамы бар. Мысалы, Тез темір қақпақты жаба қойды. Екінші күні барамыз деп тұрғанда, аяқ астынан Ақтастыда тұратын немере қарындасы келе қалды. Қара құстай қалбаң қақтырып, бір-екі рет айналдырды да, бар салмағымен қара жерге қатты ұрып жіберді. Бұл сөйлемдердегі «жаба қойды» аналитикалық етістігі қимылдың жеңіл жасалу мағынасын білдірсе, «келе қалды» деген аналитикалық етістігі қимылдың кенеттен жасалу мағынасын білдіріп тұр. Үшінші сөйлемдегі «ұрып жіберді» аналитикалық етістігі қимылдың батыл жасалу мағынасын білдіреді. Бұл мысалдарды тездік тәсілінің түрлі мағыналық реңктері бары көрініп тұр. Қимылдың тездік тәсілінің мағынасы тек сөйлем ішінде ғана көрінеді.
Әдетте амал-әрекет ешқашан біркелкі орындалмайды. Қимыл-әрекеттің шапшаң не баяу, шұғыл не созылыңқы, тыңғылықты не босаң, біркелкі немесе үздік-создық т.б. түрлері кездеседі. Сондықтан тіліміздегі етістіктер өзінен-өзі тұрып мұндай мән-мағынаны бере алмайды. Ондай әрекет-қозғалысты етістіктің грамматикалық формалары ғана аңғарта алады. Негізінен бұған аналитикалық формалар қызмет етеді. Себебі аналитикалық формалардың бойында амалдың жүзеге асуын сипаттайтын грамматикалық мағыналар болады. Мысалы, айт етістігі айта бастады, айта жөнелді, айта салды, айта қойды, айта тұр, айта бер, айта қал дегенде түрлі форманттар жалғанып, айту амалының сан түрлі өту сипатын байқатып тұр.
Қимылдың жасалуындағы осындай алуан түрлі ерекшеліктерді дәлме-дәл көрсететін қазақ тілінің грамматикалық құрылысындағы арнайы категория қимылдың өту сипаты категориясы деп аталады. Оның қалыптасқан көрсеткіштері бар.
Қимылдың өту сипаты категориясы – көп мағыналы категория. Өйткені қимылдың жасалу тәсілі әр түрлі, қимылдың жасалу тәсілі осы категорияның мазмұны болғандықтан, категория – көп мағыналы. Бір қимылдың жасалуына бірнеше тәсіл қатыса береді. Себебі қимыл атаулы өте тез аяқтала бермейді, сондықтан қимыл аяқталғанша бірнеше тәсілден өтуі мүмкін. Осымен байланысты етістіктің құрамында қимылдың өту сипаты категориясының бірнеше көрсеткіштері қолданыла береді. Мысалы, Қалай тез жасап ала қойдың? Ол жығылып қала жаздады.
Осы мысалдардағы жасап ала қойдың, жығылып қала жаздады деген етістіктердің құрамдарында екі-екіден аналитикалық формант бар, жаса етістігінде –п ал, -а қой, жығыл етістігінде –ып қал, -а жазда форманттары бар. Әр етістік құрамындағы екі түрлі форманттардың мағыналары бір-бірінен басқаша. Мәселен, жаса етістігінің құрамындағы –п ал қимылды субъекті өзі үшін жасағанын білдірсе, оған қосылған –а қой қимылдың тез жасалғанын білдіреді. Жығыл етістігіне жалғанған –ып қал форманты қимылдың аяқталуға жақындығын, -а жазда форманты жетімсіз қимылды, яғни қимылдың аяғына жетпей тоқтағанын білдіреді.
Бір етістікпен категорияның бірнеше көрсеткішінің қолданылуы осы категорияның ерекшелігіне жатады. Бұл категорияның көрсеткіштері түбір етістікке тікелей қосылады, етістіктің басқа категорияларының көрсеткіштері қимылдың өту сипаты ктегориясының көрсеткіштерінен кейін қосылады. Басқа категориялардың көрсеткіштері сияқты мұнда да бір көрсеткіш бір сөзде екі рет қайталанбайды. Грамматиканың бұл жалпы заңдылығы қимылдың өту сипаты категориясында да сақталады.
Қимылдың өту сипаты категориясы көп мағыналы болғандықтан, оның көрсеткіштері де көп, олар: 1) қосымшалар яғни грамматикалық жұрнақтар, 2) аналитикалық форманттар.
1. Қимылдың өту сипаты категориясын жасайтын жұрнақтар:
1) –ла, -ле, (-да, -де, -та, -те) жұрнағы түбір етістікке жалғанып, оған қайталану мәнін қосады. Мысалы, сипала, сүйреле, сабала, тістеле, қорғала, жанышта, түйреле, т.б.
2) –қыла, -кіле (-ғыла, -гіле) жұрнағы да қимылдың қайталануын білдіреді: атқыла, жұлқыла, шапқыла, тескіле, кескіле, тепкіле, соққыла, тартқыла, үргіле, тілгіле, езгіле, созғыла.
3) –мала, -меле, (-бала, -беле, -пала,-пеле) жұрнағы да қимылдың қайталана созылуын білдіреді: қазбала, қақпала, тықпала, бастырмала, итермеле, көтермеле, тізбеле, жұлмала, бұрмала, кеспеле, үстемеле, термеле, үймеле, жаймала.
4) –ғышта, (-гіште, -қышта, -кіште) жұрнағы да қимылдың қайталануын білдіреді, бірақ қайталанудың сәл бәсеңдігі байқалады: тыққышта, барғышта, келгіште, тілгіште, бөлгіште, түйгіште, қойғышта, үргіште.
5) –ыңқыра, -іңкіре (-ңқыра, -ңкіре) қимылдың жалғаса түсуін білдіреді: сұраңқыра, алыңқыра, үйреніңкіре, түсініңкіре, қосыңқыра, ішіңкіре, созыңқыра, күтіңкіре.
6) –ымсыра, -імсіре (-мсыра, -мсіре) қимылдың жетімсіз, әлсәз екенін білдіреді: жыламсыра, күлімсіре, өлімсіре.
7) –сы, -сі (-сын, -сін) жұрнағы жасалған қимылды жасаған боп көрінуді білдіреді: білгенсі, жазғансы, біілгенсініп, өкігенсіп, жымиғансып қарады.
2. Бұл категорияның ең көп көрсеткіші – аналитикалық форманттар. Қимылдың жасалу тәсіліне қарай аналитикалық форманттардың мағынасы да әр түрлі болады. Бұл етістіктің қимылдың өту сипаты категориясының мағыналық құрамына байланысты. Қимылдың өту сипаты категориясының мағынасы үлкен екі топқа бөлінеді: 1) қимылдың жасалу тәсілі, 2) қимылдың жасалу сатысы.
Қимылдың жасалу тәсілдері мен берілу жолдары. Қимылдың өту сипаты категориясы негізгі мағыналарының бірі – қимылдың қалай жасалғанын сипаттау. Қимылдың қалай жасалғанын көрсететін мағыналық ерекшеліктерді білдіру қимылдың тәсілі аталады. Қимыл әр түрлі тәсіл арқылы жасалынып, әр түрлі тәсіл арқылы білдіріледі. Оларды жинақтағанда 8 түрлі тәсіл: 1) тездік тәсілі, 2) созылыңқылық тәсілі, 3) жасандылық тәсілі, 4) жетімсіздік тәсілі, 5) бағыт-мақсат тәсілі, 6) ынта тәсілі, 7) немқұрайды тәсіл, 8) бейімділік тәсілі.
1. Қимылдың тездік тәсілі. Қимылдың тездік тәсілі қимылдың тез жасалуын білдіреді. Тілді бұл тәсіл - өнімді, көрсеткіштері көп, жиі қолданылатын тәсіл. Қимылдың тездік тәсілін білдіретін аналитикалық формантар мыналар: -а қал (айта қалды), -а қой (жасыра қойды), -а кет (жығыла кетті), -п кет (қысылып кетті), -п жібер (тастап жібер), -п таста (қағып таста), -п түс (тіліп түсті), -а сала (бара сала), -п сал (атып салды), -а түс (айқаса түсті), -п қоя берді (жылап қоя берді), -п кеп қал (итеріп кеп қалды), -п кеп жібер (періп кеп жіберді), -п кеп кет (құйылып кеп кетті), -п ала қой (тығып ала қой), -п жүре бер (құлпырып жүре берді), -п ала жөнел (қуып ала жөнелді), -п кеп қал (шаншып кеп қалды), -п кеп түс (оршып кеп түсті).
2. Созылыңқы қимыл тәсілі. Қимылдың жасалуының ұзаққа созылуын білдіретін тәсіл – созылыңқы қимыл тәсілі. Қимылдың жасалуы, ұзаққа созылуы, қайталануы, қимылдың жалғасуы, үстелуі, асығыссыздығы арқылы жүзеге асады. Қимылдың созылыңқы тәсілін мына форманттар білдіреді: -е бер (келе берді), -е түс (күте түс), -а тұр (қала тұр), -а отыр (айта отыр), -а жатар (айта жатар), -а жүр (айта жүрер), -п қал (отырып қалды).
3. Қимылдың жасандылық тәсілі. Жасалмаған қимылды жасағандай болып, керісінше, жасалған қимылды жасалмаған болып көрсетуге тырысу жасандылық тәсіліне жатады. Жасандылық тәсілі –ған бол аналитикалық тәсілі арқылы жасалады: күлген бол, қуанған бол, білген бол, жылаған бол, кеткен бол, асыққан бол, күткен бол.
4. Жетімсіз қимыл тәсілі. Қимылдың жасалуға жақындап барып, жартылай жасалып, аяғына жетпей тоқтауын жетімсіз қимыл тәсілі білдіреді. Жетімсіз, аяқталмаған қимылды –а жазда, -а жаздап барып қалды форманттары білдіреді. Бұл форманттар қимылдың жасанды басталып, аяқталуға жақындағанда тоқтап қалғанын сипаттайды: ауып қала жаздады, ашуланып булыға жаздады, сатылып кете жаздапты.
5. Қимылдың бағыт-мақсат тәсілі. Қимылды субъекті өзі үшін я өзінен басқалар үшін жасауын білдіру қимылдың бағыт-мақсат тәсіліне жатады: оқып ал, біліп ал, үйреніп ал, ұғып ал, жатып ал, түсініп ал, байып ал етістіктерінде қимылды субъекті өзі үшін жасағаны білдірілген. Ал, айтып бер, оқып бер, суреттеп бер, түіндіріп бер, сипаттап бер, шырқап бер, ұғындырып бер, орындап бер, түзеп бер, баяндап бер деген етістіктердегі қимыл субъектіден, сөйлеушіден басқаға бағытталған. Қимылдың бағыт-мақсат тәсілі –п ал, -п бер форманттары арқылы жасалады.
6. Қимылдың ынта тәсілі. Субъектінің қимылды ынта-жігерімен жасағанын білдіретін тәсіл қимылдың ынта тәсілі деп аталады: шыдап бақты, асығып бақты, қорғап бақты, тырысып бақты, ұмтылып бақты, тілеп бақты, жасырып бақты. Қимылдың ынта тәсілі –п бақ аналитикалық форманты арқылы жасалады.
7. Қимылдың немқұрайды тәсілі. Субъектінің қимылды жасауға бар ниетін салып тырыспай, немқұрайды, жол-жөнекей жасауын қимылдың немқұрайды тәсілі білдіреді: айта сал, біле сал, сұрай сал, бере сал, көре сал, тыңдай сал, отыра сал, апара сал, жаза сал, хабарлай сал, жолыға сал. Бұл тәсілде субъекті сөйлеуші қимылдың жасалуын міндетті санамайды, немқұрайды қарайды.
8. Қимылдың бейімділік тәсілі. Қимылдың жасалуға дайын екенін, субъектінің қимылды жасауға бейімделгенін қимылдың бейімділік тәсілі білдіреді: ұйықтайын деді, түсінейін деді, жылиын деді, құрғайын деді, басылайын деді, өсейін деді. Қимылдың бейімділік тәсілі –йын, -йін, -айын, -ейін де форманты арқылы жасалады.
Қимылдың даму сатысы. Қимылдың даму сатысы (фазасы) деп оның басталуынан аяқталуына дейінгі қалып саналады. Қимылдың басталуы қандай заңды болса, қимылдың аяқталуы да сондай заңды. Басталған қимыл өзінің аяқталу сатысына жетпесе, онда қимыл жасалу үстінде болады. қимылдың дамуына байланысты бұл ерекшеліктер қимылдың бірінші, екінші, үшінші сатысы аталады.
Қимылдың даму сатысы – оның мезгілінен, шағынан, тәсілінен басқа ұғым. Олар әр түрлі көрсеткіштермен беріледі. Әр қимыл сөйлемде бір сатыда ғана қолданылады. Мысалы, Делегаттар ертең келе бастайды, делегаттар келіп жатыр, делегаттар келіп болды. Осы мысалдардағы келе бастайды етістігі қимылдың дамуының бірінші сатысында, келіп жатыр етістігі екінші сатыда, келіп болды үшінші сатысында қолданылған. Етістіктер сатысы көрсеткішімен де, онсыз да қолданыла береді.
Қимылдың дамуының бірінші сатысы қимылдың басталуын білдіреді: жауа бастады, айтыла бастады, жылай бастады, оқи бастады, шаршай бастады, мақтай жөнелді, өзгеріп сала берді, еңіреп қоя берді, өсіп жүре берді.
Қимылдың бірінші сатысы мына аналитикалық форманттар арқылы жасалады: -а баста, -а жөнел, -п сала бер, -п жүре бер, -п қоя бер.
-а баста форманты қимылдың басталуын білдіреді. Мысалы, дауыс шыға бастады. Ымырт үйіріле бастады. Зәреміз енді тіпті қатты ұша бастады.
-а жөнел форманты қимылдың кенеттен, іркілмей тез басталғанын білдіреді. Мысалы, Дәмелінің жүрегі айни жөнелді. Бұны тапқан Дәурен деп қарт мақтай жөнелді.
-п сала бер күрделенген аналитикалық формант қимылдың баяу басталғанын білдіреді. Мысалы, Шәріпжанның түсі суып, сала берді. Тамағы кеуіп, ерні тобарсып сала берді.
-п жүре бер күрделенген аналитикалық форманты қимылдың баяу басталуын білдіреді. Мысалы, Біз құрғақтан суға тастаған балықтай жынданып жүре бердік. Көкек айының өзінде-ақ күн нұрына балқыған сайын шөп түгі тұтамдап өсіп жүре берді.
-п қоя бер аналитикалық форманты қимылдың тез, кенеттен басталғанын білдіреді. Мысалы, Осы сәт қоңырау ап-ащы шылдырап қоя берді. Бір бозторғай жерден арқан бойы көтерілісімен, құйқылжыта сайрап қоя берді.
Қимылдың екінші сатысы қимылдың жасалу үстінде екенін білдіреді. Мысалы, Олар кітап оқып жатқанда, сен келдің. Қимылдың екінші сатысы мына аналитикалық форманттар арқылы жасалады: -п келе жат, -п бара жат, -п бара, -п келе, -п жат, -п тұр, -п жүр, -п отыр: өсіп келе жатты, күйіп бара жатқан, үлкейіп барады, кішірейіп келеді, жанып жатты, жиылып жүргенде, жаза отырды. Бұл форманттардың ішіндегі -п тұр, -п жүр, -п отыр форманттары – нақ осы шақ көрсеткіштері, өйткені олар қимылдың даму үстінде екенін білдіреді, бірақ нақ осы шақта ол мағына сөйлеушінің хабарлау кезімен сәйкес келеді.
Қимылдың үшінші сатысы қимылдың аяқталу кезеңін білдіреді: жазып болды, жазып шықты, зекіп бітті, айтып қойды, жазып болып қалды, байып шықты, қажып болдым, алып қойды, кетіп қалды, жүдеп бітті. Қимылдың үшінші сатысы мына аналитикалық форманттар арқылы жасалады: -п бол, -п шық, -п біт, -п қой, -п кет, -п қал, -п болып қал.
Апта