Дәріс мазмұны:
- Зат есімнің жалпы сипаты
- Көмекші есімдер туралы толық түсінік.
Негізгі әдебиеттер:
- Қазақ грамматикасы. Астана, 2002.
- Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. - А., 2007
- Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. А., 1991.
- Төлеуов Ә. Сөз таптары. А., 1982.
- Төлеуов Ә. Қазақ тіліндегі зат есім категориясы. - А., 1971
Қосымша әдебиеттер:
- Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – А., 1992. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – А., 1992.
- Құрманәлиева З.А. Реңк мәнді туынды зат есімдердің мағыналық құрылымы. Филол. ғылымд. канд. дисс. авторефераты. Алматы, 2003.
Айналамызды қоршаған дүниедегі зат пен жан-жануар атаулыға, барша құбылыс пен уақиға, болмыс атаулыға есім, атауыш болып келетін сөздердің бәрі – зат есімдер. Лексикалық тұрғыдан алғанда зат есімдер өз алдына мағыналық дербестігі бар, заттық ұғымды білдіретін сөздер. Лексикалық-семантикалық өрісі аса кең сөз таптарының бірі осы зат есімдер. Зат есім деп аталатын сөздердің өздеріне тән морфологиялық ерекшеліктері бар. Олар, біріншіден, өздерінің лексика-семантикалық сипаттарына қарай сөйлемдегі өзге сөздермен еркін қарым-қатынасқа түсетіндіктен, сол қатынастарға аса қажетті көптік, тәуелдік, септік және жіктік жалғауларын қабылдап, түрленіп отырады; екіншіден, зат есімдердің сөз тудыратын және сөз түрлендіретін арнаулы жұрнақтары бар.
Зат есімдер ғаламзат және адамзат есімдері деп екіге бөлінеді. Адамға қатысты есімдерге кісінің аты-жөнінен бастап оның барлық әлеуметтік, қоғамдық жай-күйін, хал-ахуалын білдіретін (ағайын, жекжат, қарындас, құдаша, дәрігер, қойшы) атаулар жатады да, ал адамнан өзге өлі және тірі табиғат біткеннің бәріне қатысты атаулар (жартас, төбе, шыбын, үміт, талап, қой, қалам, кітап) ғаламзат есімдері делінеді. Зат есімдердің бұл екі тобының бір-бірінен түбегейлі айырмашылығы – адамзатқа қатысты есімдер әлбетте кім? деген сұрақтың, ал ғаламзатқа қатысты есімдер не? деген сұрақтың жауабы ретінде айтылады.
Қазақ тілінде зат есімдер семантикалық сипаты жағынан жалпы есім және жалқы есім деп аталатын екі топқа бөлінеді. Жалпы есім деп бір-біріне ұқсас нәрселер мен құбылыстардың, жан-жануарлардың жалпылама атауышы, ортақ атауы ретінде жұмсалатын сөздерді атайды да, жалқы есім деп жеке адамдарға, дүниедегі жеке заттар мен құбылыстарға атауыш болып келетін сөздерді атайды. Дерексіз ұғымды, жиынтық ұғымды білдіретін зат есімдердің дені де осы жалпы есімдер. Жалпы есім болатын сөздердің тобы жалқы есім болатын сөздердің тобымен салыстырғанда әлдеқайда мол. Жалпы есім мен жалқы есімдердің лексикалық мағынасындағы айырмашылықты былай қойғанда, грамматикалық қасиеттерінде де елеулі ерекшеліктер байқалады. Мәселен, нақтылы жалқылық мәнде жұмсалған жалқы есімдер жекеше түрде ғана айтылып, еш уақыт көптік жалғауын қабылдамайтын болса, ал кейде кісі аттары көптік жалғауында жұмсалса, сол заттың көптігін емес, басқа мәнді білдірсе, мағынасы дерексіз сөздерді есептемегенде, жалпы есімдердің көпшілігінің-ақ екі бірдей тұлғада, әрі жекеше, әрі көпше түрде жұмсала беретінін көреміз. Қазақ тілінде жалқы есім болатын сөздердің мынадай топтары бар:
1. Кісінің аты-жөні мен лақап аты: Мұхтар, Ғабит, Әлия, Жаяу Мұса, Ақан Сері, т.б.
2. Географиялық атаулар мен әкімшілік-территориялық атаулар, кәсіпорындар мен мекемелердің, қоғамдық ұйымдардың аттары: Ұлытау, Маңғыстау, Сарыарқа, Сыр, т.б.
3. Әдебиет, өнер және ғылым шығармаларының аты: «Абай жолы», «Ер Тарғын», «Саржайлау», «Ақ желкен».
4. Аспан, ғарыш әлеміндегі денелердің жеке аты: Ай, Күн, Үркер, Жетіқарақшы.
5. Тарихи оқиғалардың аты: Ақтабан шұбырынды (1723 жылғы оқиға), Ұлы Отан соғысы (1941-1945 жылдардағы оқиға).
6. Сәйгүлікке, аңға түсетін құсқа, құмай тазыға қойыатын аттар: Тайбурыл, Құлагер, Бөрібасар, Аңсоғар.
Қазақ тілінде сөз тура мағынасында жұмсалғанда, көптік жалғауының жалғанылуын қажет етпейтін біраз сөздер бар. Мұндай сөздердің бірқатары жалпылық мәнде жұмсалып, көптік, жекешелік мағынаға бейтарап боып келеді. Ондай сөздердің басты-басты лексикалық топтары төмендегіше:
Әлеуметтік кәсіп түрінің атауышы болып келетін сөздер: бұған негізінде –шылық, -шілік және –лық... жұрнақтары арқылы жасалатын зат есімдер жатады. Мысалы: егіншілік, ақындық.
Пар нәрселердің атын білдіретін қолғап, етік, сырға, кебіс секілді сөздер де осы топқа жатады.
Сұйық заттардың атаулары: айран, шай, қымыз, шұбат.
Газ тектес заттардың аттары: бу, түтін, тұман.
Уақ, ұнтақ заттардың аттары: ұн, шаң, тозаң, шаш, түбіт, жиде, алша.
Жаратылыс құбылыстарының атаулары: боран, жаңбыр, қар, құйын.
Жалқы есімдердің де көптік жалғауын қажет етпейтіні түсінікті.
Қимылдың, процестің, күй-жайдың атауышы болып келетін зат есімдерде де көптік тұлғада жұмсала бермейді. Мысалы: күлкі, қуаныш, реніш.
Ғылым салаларының аты да үнемі көптік жалғауынсыз айтылады: физика, математика, тарих.
Көптік мағына тудырудың жоғарыда аталған амалдарының бірі – синтаксистік тәсіл. Көптік мағынаның сөз өз бойындағы морфологиялық, яки лексикалық белгілеріне байланысты болмай, оның басқа сөздермен синтаксистік қарым-қатынасы арқылы көрінуі синтаксистік тәсіл деп аталады. Синтаксистік тәсіл арқылы пайда болған көптік мағынасы бар есімдер қатарында мыналарды атауға болады:
Сан жағынан заттың біреу емес, бірнешеу екендігін білдіру үшін оның атауышы болып келетін сөздердің алдына есептік сан есімдерді қойып айту тәсілі: бес кітап, он орындық.
Біраз, бірталай, біршама, бірнеше сөздері зат есімдерге анықтауыш болып келгенде, олардың мағынасында көптік ұғым туады: біраз қой, бірнеше кісі.
Зат есімдер анықталушы сөз ретінде барлық, бар, бәрі, күллі, барша есімдіктермен тіркесіп келгенде де көптік мағынаны білдіреді: барлық ұлт, барша мүлік.
Қос сөз тұлғалы зат есімдер де көптік мағынада жиі ұшырайды.
Эмоция-экспрессия реңді лексика зат есім құрамында да баршылық. Зат есім құрамындағы эмоциялы-экспрессиялы сөздерді мына секілді екі топқа бөлсек болады:
1. Кісінің көтеріңкі көңіл күйіне байланысты қолданылатын сөздер: қуаныш, сүйініш, рахат, күлкі, ізет, құрмет.
2. кісінің көңіл-күйінің кірбіңін танытатын сөздер: қайғы, қасірет, реніш, кейіс, ашу, ыза, зұлымдық.
Сол сияқты сыни реңі бар армза, пәлекет, жексұрын, малғұн тәрізді кісінің біреуге деген кейістігін, наразылығын танытатын сөздерді де екінші топтағы эмоция-экспрессия реңді зат есімдер қатарында атауға болады.
Көмекші есім дегеніміз – зат есімнің кеңістік ұғымын білдіретін бір тобы. Жеке алып қарағанда, олар – морфологиялық тұрғыдан зат есімдердің түрленуге бейімділігі бар дербес мағыналы сөздер. Көмекшілік қызметте жұмсалған кезде бұл сөздер тәуелдік жалғауының үшінші жағында тұрып тәуелдеулі септеудің үлгісімен септеледі. Көмекші есімдер өзінің алдында тұрған ілік жалғаулы сөзбен әбден жымдасып, сонымен біртұтас семантикалық бірлік түзеді. Сөйтіп, өзінің бастапқы лексикалық дербестігін жоғалтып, көмекші сөздердің өзге түрлері сияқты бейне бір грамматикалық элементке айнала бастайды. Тәуелдік жалғауында тұратындықтан, көмекші есімдер әлбетте ілік жалғаулы сөзбен матаса байланысып, сонымен бір ітркесім құрайды. Көмекші есім деп грамматикалық өзгеріске түсіп дерексізденудің нәтижесінде заттық мағынасынан айырыла бастаған тәуелдік жалғаулы көбіне мекендік септіктерде қолданылып, матаса байланысқан тіркестің екінші сыңары қызметінде жұмсалатын зат есімнің кеңістік мәнді ерекше бір тобын айтады.
Сан жағынан алғанда көмекші есім қазақ тілінде аса көп емес, оған мына секілді сөздер жатады: асты, үсті, алды, арты, жаны, қасы, маңы, түсы, іші, сырты, тысы, арасы, басы, түбі, қарсысы, бойы, төңірегі, айналасы, жан-жағы, беті, шеті, ортасы, соңы. Көмекші есім де зат есім сияқты нақтылы бір ұғымның аты, атауышы болатын сөздер. Бірақ біздің түсінігіміздегі кәдімгі зат есімдерден олардың айырмашылығы мағынасы дерексіз болып келеді және семантикалық тұрғыдан алғанда нақтылы бір ұғымды өзінен бұрын тұрған есім сөзге тіркесу арқылы соның шылауында айтылу арқылы ғана көрсете алады. Шынына келсек, көмекші есім деп отырғанымыздың өзі – дербес лексикалық мағынасы бар сөздер, бірақ тіл дамуы барысында олар бастапқы лексикалық мағынасымен қатар тәуелдік жалғауын қабылдап, соған орай өзінің анықтауышы болатын сөзге селбесіп, соның жетегінде, шылауында айтылатын көмекшіге айналған. Тілімізде тәуелдік жалғауынсыз қолданылмайтын көмекші есімдер де бар: алды, арты, үсті, асты.
Лексикалық жағынан алғанда, қазақ тіліндегі көмекші есімдерді білдіретін мағынасына бір нәрсенің үстіңгі, астыңғы жағын, алдыңғы, артқы жағын, шеті мен жанын, айналасын, ішкергі тұсы мен ортаңғы тұсын білдіретін ыңғайына қарай төмендегіше топтарға жіктедік:
1. Горизонталь бағыттағы кеңістік қатынасты білдіретін көмекші есімдер. Бұған алды, арты, қасы, жаны, маңы, тұсы, шеті, жан-жағы, айналасы, төңірегі секілді сөздер жатады.
АЛДЫ. Адамның беті қараған, белгілі бір нәрсенің алдыңғы жағын білдіреді: Есіктің алды тап-таза.
АРТЫ. Барыс септігінде тұрған артына көмекші есімі істің, қимылдың бір нәрсенің алдыңғы жағына қарама-қарсы мағынада болатындығын білдіреді: Алды өмір, арты ажал.
ҚАСЫ, ЖАНЫ. Бұлар кеңістік мәнді септік жалғауларында қолданылып, негізінде, істің, қимылдың бір нәрсенің маңында, соған таяу жерде болғандығын көрсетеді: Үйдің қасына жақындады. Бұрын қыстаудың жанында бір терең құдық болатын.
МАҢЫ//МАҢАЙЫ, ТҰСЫ, ЖАН-ЖАҒЫ, АЙНАЛАСЫ, ТӨҢІРЕГІ. Жоғарыдағы қасы, жаны дегендермен мағыналас көмекші есімдердің бір тобы – осы сөздер. Септік тұлғаларында мына секілді мағыналарды білдіреді.
Барыс септік тұлғалы мұндай көмекші есімдердің негізгі мағынасы – істің, қимылдың бір нәрсенің төңірегіне қарай бағытталғанын білдіру: Ол ошақ маңына отын жинап жүр. Ол асатаяына сүйеніп тұрып айналасына көз тастады. Жауырын тұсына жамау түскен қызыл гүлді шыт көйлегі желбіреп көлбеңдеп жүр.
Жатыс септігі тұлғасында айтылғанда, істің, қимылдың бір нәрсенің жанында, қасында болғанын көрсетеді: Ауылдың тұсында мал көріне қоймады. Сұрақ пен жауап осы мәселе төңірегінде.
ШЕТІ. Дербес мағыналы шет зат есімінің де көмекші есім қызметінде жұмсалуы тілімізде жиі байқалады. Барыс жалғауында айтылған шетінде көмекші есім істің, қимылдың бір нәрсенің шеткей жағына, жиегіне, ернеуіне қарай бағытталғанын білдіреді: Жазушы өзіне келген почтаны да столының сол жақ шетіне қояды екен.
БОЙЫ көмекші есімі іс-қимылдың, бір заттың, нәрсенің, я географиялық объектінің ұзына бойына, өңіріне қатысты екенін білдіреді: Бөлменің ұзына бойына тақтай төсеп шықты.
2. Вертикаль бағыттағы кеңістік қатынасты білдіретін көмекші есімдер. Бұған асты, үсті, беті, түбі секілді көмекші есімдер кіреді.
ҮСТІ. Барыс септікте қолданылған кезде үстіне көмекші есімі іс-әрекеттің бір заттың астына қарама-қарсы жағына, үстіңгі бетіне, жоғары жағына бағытталғандығын білдіреді: Азын-аулақ тағамдарының барлығын үстел үстіне қойды.
АСТЫ көмекші есімі дербес мағыналы сөз ретінде жұмсалған кезде тек грамматикалық септіктерде ғана айтылады.
БЕТІ есімі де кеңістік септіктерде қолданылған кезде үсті көмекші есімі секілді іс-әрекеттің, қимылдың бір нәрсенің бетінде, үстіңгі жағында болғандығын білдіреді.
ТӨБЕСІ көмекші есімі де мағынасы жағынан үсті, беті дегендерге жақын.
ТҮБІ сөзі көмекші есім қызметінде жатыс септігінде жиі қолданылып, іс-қимылдың бір нәрсенің төменгі жағында, жанында, маңайында, ең соңында, ақырында болғандығын білдіреді: Мұхит пен су түбінде әр түрлі балықтар мен жануарлар өмір сүреді.
3. Көлемдік кеңістік қатынасты білдіретін көмекші есімдер. Бұған іші, сырты, ортасы, арасы дегендер жатады.
ІШІ көмекші есімі барыс септікте қолданылғанда іс-қимылдың бір нәрсенің ішкі жағына қарай бағытталғандығын білдіреді.
СЫРТЫ көмекші есімі іс-қимылдың бір объектінің сыртында, сыртқы жағында болғандығын білдіреді: Ол үй сыртында ұзақ тұрып қалды.
АРАСЫ. Барыс септігінде қолданылуына мысал: Текедегі ұлықтар... ел арасына бүлік салып жүр.
ОРТАСЫ: Қаланың ортасына қарай жүрді.
Зат есімнің өзге лексикалық топтарынан көмекші есімдердің басты бір ерекшелігі – оның баршасының тіліміздің байырғы сөздері болуы. Көмекші есімдердің лексикалық құрамында кірме сөз атаулы мүлдем жоқ. Қазақ фразеологизмдерінің, мақал-мәтелдерінің құрамында көмекші есімдерді жиі кездестіретініміз осының айғағы.
Апта