Оғыз мемлекеті (IX-XI ғғ. басы)
Қарлұқ қағанатының солтүстік-батыс жағында, Сырдарияның орта және төменгі бойында, оған жалғасып жатқан Батыс Қазақстан далаларында IX-X ғасырларда Оғыз тайпаларының ежелгі феодалдық мемлекеті қалыптасты. Оғыздардың ата-бабаларының әуелгі қоныстанған жерлері Ыстықкөлдің маңы. Оғыздар IX ғасырда Сырдария бойына келіп орналасады, бірақ ондағы кангар-печенег бірлестігімен ұзақ уақыт соғысуға тура келеді. Махмұд Қашғари Оғыз елінің 22 кейбір деректерде 24 тайпаға бөлінгенін және әр тайпаның өз белгі таңбасы мен туы болғанын айтады.
IX ғасырдың аяғы мен X ғасырдың бас кезінде оғыз тайпалары Сырдарияның орта ағысынан Еділдің төменгі бойына дейінгі орасан кең жерлерді мекендейді. Оғыздардың қоныс өрістері Ырғыз, Орал, Ембі, Ойыл өзендерінің бойларында, Сырдарияның Қаратау баурайлары мен Исфиджаб шегіне дейін жеткен. Олар Сырдарияның орта және төменгі ағысы бойында, арал өңірі мен шығыс Каспий аймағында шоғырланып қоныс тепті.
X ғасырда Оғыз мемлекетінің астанасы – Янгикент немесе Жаңа Гузия деп аталатын қала болды. Ол Қимақ даласы арқылы Сарысу, Есіл және Нұра бойларына баратын сауда жолының үстінде орналасқан. Оғыз мемлекеті өзінің саяси және әлеуметтік тұрмысы жағынан көне феодалдық мемлекет болды. "Жабғы” атағы бар жоғарғы билеуші Оғыз мемлекетінің басшысы болып саналды. Оғыз жабғыларының орынбасарларын Көл-еркін деп атаған. Жоғарғы билеушілер орны мұрагерге беріліп отырған. Оғыз хандарын сайлау кеңестерде өткізілген. Жабғудың "инал” деген атағы бар өз мұрагерлері болған. Жас кезінде оларды тәрбиелеу үшін арнайы қамқоршылар (атабектер) тағайындалған. Оғыз жабғыларының әйелдері сарай маңындағы өмірде айтарлықтай рөл атқарған. Оларға "қатын” деген атақ берілген. Сарайда әскери кеңеске сүйенетін оғыз әскерінің бастығы (Сюбашы) маңызды орын алған.
965 жылы Оғыз жабғуы Киев князі Святослав пен одақтасып хазарларды талқандады. 985 жылы оғыздар Орыс князьдарымен бірігіп, Еділ Булғариясын күйрете жеңді. IX-X ғасырларда Оғыз мемлекетінде ескі рулық-тайпалық институттардың тез ыдырауы жағдайында патриархаттық-феодалдық қатынастар дамыды. X ғасырдың аяғы мен XI ғасырдың бас кезінде Оғыз елінде алым-салықты тиянақты түрде жинап отыру жүйесі орын алды, бұл – мемлекетте тұрақты басқару аппаратының құрылғанын көрсетеді. Оғыздардың көпшілігінің басты кәсібі көшпелі мал шаруашылығы болды. Оғыз тайпаларының бір бөлігі Сырдарияның төменгі бойын қыстап, жайлауға Каспий маңындағы далаға көшкен. Оғыздар негізінен жылқы, қой, ешкі, сиыр, өгіз, түйе өсірген. Әсіресе, қой өсіру шаруашылығы маңызды рөл атқарған. Сондай-ақ оғыз бай-феодалдары жер қайыстырған қалың жылқы үйірлерін ұстаған. Көшпелі оғыздар түйе, оның ішінде айыр өркешті ірі түйелер өсірген. Оғыздар аңшылықпен де айналысты. Оғыз кедейлері Арал теңізінен, Сырдариядан, тағы басқа да өзендерден балық аулап кәсіп қылған. Қалалардағы үйлер көбіне тастан, ағаштан, қамыстан тұрғызылды. Оғыздардың Сырдарияның төменгі ағысында Жанкент, Жент, Жуара, ал Сырдарияның орта ағысында Қарнақ, Сүткент, Фараб, Сығанақ және Сауран т. б. қалалары болған. Оларда қолөнер кәсібі, соның ішінде мал өнімдері мен шикізаттарды өңдеу дамыды. Оғыздарда құмырашылық өндірісі де өркендеді. Олар мекендейтін аумақтарда темір, күміс, алтын, мыс және асыл тастар өндірілді.
XI ғасырдың басында Оғыз мемлекеті құлдырай бастады. Оған алым-салықты жыртқыштықпен аяусыз жинауға наразылық білдірген оғыз тайпаларының көтерілісі себеп болды. Бұл жағдай X ғасырдың екінші жартысында өкімет басына келген Әлиханның билік құрған кезіне жатады. Жабғының өкіметіне қарсы халық наразылығын, Жент маңына келіп қоныстанған салжұқтардың көсемдері пайдаланды. Салжұқ көсемдері Янгикенттегі оғыз билеушілеріне қарсы көтерілісті бастап, Жент қаласын басып алды, бірақ оны ұзақ ұстап тұра алмады. Осы кезде ел басына Әлиханның мұрагері Шахмәлік келіп, мемлекет едәуір кұшейді. 1041 жылы оғыздар Хорезмді жаулап алады. Алайда, арада екі жыл өткеннен кейін оғыздардың соңғы жабғысы Шахмәлік салжұқтардың қолына түсіп өлтіріледі. Салжұқтармен жүргізілген ұзақ жылғы соғыстар Оғыз мемлекетін қатты әлсіретті. Аяғында келіп Жабғы мемлекеті қыпшақ тайпаларының соққысынан біржолата құлады. Оғыздардың бірсыпыра топтары осыдан кейін Шығыс Еуропаға, Кіші Азияға қоныс аударды. Енді біразы Орта Азияға, Оңтүстік Қазақстандағы Қарахан әулетінің және Хорасанның салжұқ билеушілерінің қол астына көшті. Ал XI ғасырдың ортасында қыпшақтар талқандаған оғыздардың кейбір қалдықтары кейін келе Дешті Қыпшақтардың түркі тілдес тайпаларына сіңіп кетті.