Осындай сағынышын суреткер ғашық:
«Суретіңді сүйемін,
Айналайын, арайлым!
Одан өзге мен сорлы,
Не нәрсеге жараймын?!
Сағынамын, амал жоқ,
Ол күндер кетті келмеске.
Жөнелді жүйткіп, алыстап,
Қайрылып сәлем бермеске»
— деп түйеді.
«Халимаға хаттан» келтірілген бұл үзінділер, онда автордың ынтасының айдай тұлғасын қалай мүсіндегеніне айғақ.
Шерлі сағыныш Әзағаңа енді Халиманың тіршіліктегі қасиет, келбетін қайыра көз алдына әкеледі:
«Есімде, жаным, есімде,
Жымиып қалай күлгенің.
Рас па деймін Өзіңмен,
Ұзақ өмір сүргенім?!»
Бұл бір жағынан Әзағаңның Халима жарының келбет, мінез қылығы былай жыр болып сорғалады:
«Жатсам, тұрсам, күндіз-түн,
Ойымнан бір кетпейсің!
Өзіңнің тірі кезіңдей,
Неге бір сәт жетпейсің?!
Сағындым тәтті үніңді,
Жібектей жұмсақ сөзіңді.
Елжіреп маған қарайтын,
Мейірман қос көзіңді!
Сағындым білек, қолыңды,
Мойныңды — барлық Өзіңді!
Жер басып жүрген Сен жоқта,
Не деген жаным төзімді!»
Ғашық қаламгер ынтызарының кейіпін осылай сипаттай келіп, жырының бір тұсын мынаған әкеліп тірейді:
«Жас күніңде Сен,
Уыздай едің.
Қартайғанда да,
Маған қыздай едің, Халима!
Жек көрген жанға,
Суық мұздай едің.
Қол созғандарға,
Биік құздай едің,
Жақсыларды
Сыйлайтын едің.
Жаманға жұртты
Қимайтын едің, Халима!
Өсек-аяңды
Білмейтін едің.
Алтынды көзге,
Ілмейтін едің, Халима!
Жетім, жесірге
Береген едің.
Болжайтын алды
Көреген едің, Халима!
Ойларың ұшқыр,
Сезімді едің.
Тұрмысқа қиын,
Төзімді едің, Халима!
Ұрыс-керісті,
Білмейтін едің.
Орынсыз ешбір,
Күлмейтін едің, Халима!
Мысқылмен мені,
Түйрейтін едің.
Ақылмен алға
Сүйрейтін едің, Халима!
Жарамсақтықты,
Сүймейтін едің.
Байлыққа бас
Имейтін едің, Халима!
Ешкімге жайсыз,
Тимейтін едің.
Парасатыңмен,
Билейтін едің, Халима!
Осындай асыл
Халимам едің.
Айрылып Сенен
Қан-қайғы жедім, Халима!»
* * *
Бұл сағыныштың аяғы айналып кеп Әзілхан ағаны «Халимаға хатында», әрине, Халимасына деген ғашықтығын қайта-қайта еске алуға мәжбүрлейді.
Сондықтан оның жүрек қаламы «Халимаға хатта» енді:
«Өмір бойы екеуміз,
Ғашық едік тіріде.
Мен ғашықпын мәңгілік,
Жан-жарыма — Күніме!
Ғашықтығым Өзіңе,
Жанға қуат береді.
Өз атыңды әлпештеу —
Маған барлық керегі!
«Сенсің! Сенсің! Халима
Жанымның жарық жұлдызы!
Итальянка емес атақты,
Қазағымның бір қызы!»
* * *
«Сен менің Джакондамсың,
Құшаққа сыймайтұғын.
Қанша жыл өтсе-дағы,
«Өлдіге» қимайтұғын».
* * *
«Сен менің Джакондамсың,
Мәңгілік көкейден кетпес, Халима!
Көктегі жарық жұлдызымсың,
Ұсынсам қолым жетпес, Халима!».
* * *
«Сен менің Тәңірімсің!
Мен Саған сыйынамын!
Сен есіме түскенде,
Өзге ойдан тыйыламын!»
– деп жорғалайды.
Міне, бұлар да Халиманың ғажап бейнесі емес пе? Осылай төгіліп, толқып, тебіреніп отырып, Әзағаң Халимамен екеуінің ғашықтығы бақытты өткенін де айқара алға жаяды:
«Ғашықтар өткен өмірден,
Қозы Көрпеш — Баяндай,
Қыз Жібек пен Төлеген
Сүйіскен олар аянбай!
Еңлік — Кебек және бар,
Мамыр менен Қалқаман,
Қосылуға зар болып,
Жан-тәнімен аңсаған.
Бірақ, соның бәрі де,
Қыршынынан қиылған.
Біз екеуміз олардан,
Бақытты болдық мың есе!»
* * *
«Қыз Жібек пен Төлеген,
Қозы Көрпеш — Баяндар.
Еңлік — Кебек және бар,
Нендей қызық көрді олар?
Махаббаттың оларға,
Уы ғана бұйырды.
Жастай солып, ерте өшіп,
Қыршынынан қиылды...»
Ал, біздер:
«Кештік махаббат теңізін,
Елу төрт жыл екеуміз.
Жүрегіміз жарасқан
Неткен бақытты едік біз!
Осыны ойлап, Халима,
Шүкіршілік етемін!
Тоқталайын азырақ,
Жылай беріп не етемін?!».
Осылай деп, тәубаға келіп, Әзілхан аға «Халимаға хатында»:
«Өзімді-өзім қамшылап,
Шауып келе жатырмын.
Сексен жастан сырғанап,
Ауып келе жатырмын.
Балалардан рахат,
Тауып келе жатырмын.
Қарызбын, саған, Халима!
Бүгін cay жүргенім үшін!
Қиын-қыстау күндерде,
Ақыл-кеңес бергенің үшін!
Ауыртпалық кезінде,
Артымнан ергенің үшін!
Бар-күш қуатыңды сарқып,
Маған сыйлағаның үшін!
Ажалмен алысып,
Мені өлімге қимағаның үшін!
Бағымды менің асырып,
Атақты еткенің үшін!
Өзіңнің алақаныңда,
Бақытқа жеткенің үшін!
Өтермін жырлап Өзіңді,
Ардақтап, жеткенше күшім!»
— деген тоқтамға тіреледі. Сонан соң бір сәт ойшылға айналып:
«Өмір деген — өкініш,
Тірілікте тұрақ жоқ.
Сен едің, менің нұр сәулем,
Сөнбейтұғын шырақ жоқ!»
* * *
«Мың күн деген сылдырап,
Сырғып аққан су екен!
Жан жарыңсыз ішкен ас,
Зәмзәм емес, у екен!»
«Бақыт деген не десем,
Жарымның жарқын сөзі екен!
Алтын тақ, деген не десем,
Ғашығыңның өзі екен!»
— деп, бәрін тағы сол Халима асылына бағыттай сөйлейді. Әзағаң одан әрі Абайша:
«Сен алысқа кетсең де,
Аяқ жетіп, көз көрмес.
Махаббатым Өзіңе,
Мәңгі бақи өзгермес!»
Бірақ:
«Егер Ертіс суалса,
Арнасы құрғап шаң болып.
Таулар тегіс құласа,
Табиғатқа лаң болып.
Өшер сонда Өзіңе
Махаббатым мәңгілік!
Айтар бізді қосарлап,
Арттағылар ән қылып!».
деп түйеді де, Әзағаңның «Халимаға хатынан» жоғарыда келтірілген саз жырларының бәрі, сайып келгенде оның өз ғашығы—Халиманың тұтас дүние танымдық тұлғасын жасаудың мысалдары. Оның өзінің мәңгі ынтызарының Адамдық ұлы бейнесін жүрек сазымен жасаудың нақты мысалдары:
«Шерімді айтып азайттым,
Жүректегі барымды.
Тоқтағайын осымен,
Жоқтауымды, зарымды!»
— деп тынады...
* * *
Осылай! Бұл келтірілгендер Әзілхан ағаның «Халимаға хаттағы» мәңгі ынтызарына деген жүрек саздарының кейбір мысалдары ғана. Ал, олар сөз етіп отырған поэма-дастанда ұшан-теңіз. Оның бәрін шағын толғауда тұтас алға жаю мүмкін емес!
Оның үстіне, «Халимаға хатта» суреткер-ғашық өзі мен ынтызарының тірліктегі әр айшықты сәттерін: Брест, Псков, Мәскеу, Семей серуендерін, қолбасшы, ойшыл даналармен (мәселен: Мұхтар, Ғабит, Сәбиттермен) кездесулерін, өздерінің бастапқы махаббат Меккесі — «Ақбұзау» атрабындағы сауық сайрандарын жыр кестемен қалдырмай тегіс шежірелеген.
«Халимаға хатта» шамырқана оқылатын Әзілхан ағаның Халимаға Ақкүмбез орнату хикаясы мен «ғашығының көзі іспетті» — Халиманың тарағына, орамалына, отырған үстеліне, жасап берген ұлтарағына арнаған жыр новелла, балладалары қаншама!
Ал, тірі ғашықтың «Той туралы жыры» (Абайдың 100 жылдығы жайлы) мен Халиманың жан жайлауын жарқырата бейнелеген новелла-поэма «Тәбәрік туралы жыры» және бар.
Бұлардың бәр-бәрін жеке-жеке сөз ету керек-ақ! Оны эссе толғау көлемі көтермейді.
Оның үстіне Әзағаңның Халиманың ғажап тұлғасын қалай жасағанын бағалауға «Халимаға хатта» алда баян етілгендердің өздері-ақ жетіп жатыр.
Ендеше, соларға сүйене айқындасақ халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың «Халимаға хаты» — қазақ тілінде жазылған Әлем көркем әдебиетіндегі XX ғасырдағы шын ғашықтар жайындағы бірден-бір саз дастан! Немесе, бірден бір зар дастан! Ол — «Мәңгілік махаббат жыры» сынды ұлы туындының алтын қазығы! Онда Халиманың pyx келбеті одан әрі тереңдей сомдалған.
Бұдан әрі «Мәңгілік махаббат жырының» композициялық желісі мен авторы, авторластары жайлы бірер сөз.
Өйткені, бұл жайларды біршама толғамай, сөз етіліп отырған шығарманың ұлы туындылық астары толық ашылмайды.
«Мәңгілік махаббат жыры» — күрделі композициялық туынды. Ол үш бөлімді. Оның «Халима. (Өмірінің өшпес өрнектері) деп аталатын І-ші бөлімі іштей сегіз тақырыпты да, «Халиманы еске алу» деп аталатын ІІІ-ші бөлімі іштей жеті тараулы. Ал, ІІ-ші бөлімі «Халимаға хаты» алда сөз еткендей, жеке туынды бөлік.
Осылардың өздерінен-ақ, «Мәңгілік махаббат жыры» деп аталған поэмада әдеттегі көркем туындыларда болатындай унификациалдық, немесе, бірыңғай композициялық желілік жоқ.
Басқаша айтқанда, көркем шығарма ретінде «Мәңгілік махаббат жыры» әдеттегі көркем туындылардағыдай, не бірыңғай прозадан (әңгімелік, повестік, романдық, драмалық қара сөзден) желіленбеген. Ол «поэма» деп аталуына қарамастан: прозадан, поэзиядан, осыларға қоса зерттеуден желіленген.
Оның прозасының өзі: бірыңғай қара сөздік бір хикая емес, аралас — қара сөздік эсселер, новеллалар, балладалар, деректі повестер. Поэзиясы да нақ солай — бірыңғай поэма емес, аралас — жыр өлең, жыр хикая, жыр баллада, жыр саздар (сонеттер).
Сондай-ақ, туындының қара сөздік желісіне көркем публицистика да, сұхбат та, очерк те, тіпті, ғылыми публицистика да — құжат та, хат та, коментарий де, сілтеме де қосылған.
Сонымен, былай қарасақ, «Мәңгілік махаббат жыры» болмысы әртүрлі әдебиет, ғылыми жанрлардың өзара соншалықты қиюласты жымдасқан бір тұтас желісін құраған туынды. Содан жаңа туынды да, оның авторы ұстанған мақсатқа, идеяға лайық өзіндік композициялық (шығармашылық құрылымдық) желі пайда болған.
Бұл — жазба көркем дүние шығарушылық, жазба көркем туынды тудырушылық тарихта бұрын-сонды кездеспеген керемет жаңалық! Шынында да, бұрын-сонды. Қаламгер суреткерлердің шығарушылық тәжірибесінде мұндай жаңалық болып көрген емес!
Бұл біздің халық жазушымыз Әзілхан Нұршайықовтың шығарушылық тәжірибесінде жаңадан туындаған түңғыш жаңалық! Мұндай ерекше жаңалықты өз шығармасында «тудыруға» (шығарма шығарудың осындай түрін пайдалануға) Әзілхан ағаның талантты журналист-публицистігі де, дарынды суреткер жазушылығы да әсерін тигізіп, ықпал еткен болса керек.
Өйткені, оған Халима ғашығының да, өзінің де, немесе, қос мәңгі ғашықтың әдеби бейнелерін ғана емес, сонымен қоса олардың тозбас махаббаттарының бұл жалғандағы шынайы көріністерін, сүйіспеншілік «тәжірибелерін» сол күйлерінде тарихқа дәлме-дәл шежіре етіп қалдыру, сөйтіп ғашықтарға мәңгі жазбалық сөздік ескерткіш — Тәж-Махал соғу қажет болған!
Автор алға қойған басты мақсат — мұрат-идея осы болған!
Ал, бұлай жасауға бір ғана көркем әдеби жанрдың, бір ғана бірыңғай композициялық желінің мүмкіндігі жетпеген, оған. Сондықтан, Әзекең өзі ұстанған идеясына — қос ғашықтың мәңгілік азбаған да, тозбаған шынайы махаббаттарын айна қатесіз шежірелеп, оларға сөзден мәңгілік Тәж-Махал ескерткіш орнату идеясына жету үшін тілдегі сөздің түр-түрін, көркем әдебиеттің жанр-жанрын қолдануға мәжбүр болған.
Оған солай жасауға оның журналистік-публицистік, суреткер-жазушылық талант-дарыны тәжірибесі тікелей жетелеген. Сол тәжірибе автор мұратын іске асыруға мүмкіндік берген.
Сонымен, қалай болғанда, Әзілхан ағаның сондай шығармашылық керемет жаңалыққа баруынан қазір қазақтың қалың оқырман қауымы жүрегіне бірден жол тапқан оның соны туындысы — «Мәңгілік махаббат жыры» атты ерек шығармасы дүниеге келіп отыр!
Бұл шығарманың ұлылығының өзі, сайып келгенде, ең алдымен, оның табиғатының осы сонылығында. Сондықтан, бұл туынды бұрын-сонды ешбір көркем туынды да болып көрмеген сол ерек композициялық соны желілі екендігімен де ұлы туынды!
Бұл туындының ұлылығы және онда XX ғасырда ғұмыр кешкен қазақ нәсілді қос ғашықтың тірі ғұмырларында оған еш қылау түсірмей пәк сақтаған мөлдір махаббаттық қатынастары жәй ғана емес, тарихтық мәңгі көркем шежіре етілгендігінде!
Ал, қай шежіре де, әсіресе, көркем шежіре танымдық, тәлім-тәрбиелік мазмұнға ие екені белгілі.
«Мәңгілік махаббат жыры», бірден-ақ, нақ сондай көркем шежірелік туынды екенін танытты. Сондықтан, ол оқырман жүрегіне бірден жол тапты. Ал, оқырман жүрегі ерек сезіммен, ерек сүйіспеншілікпен бірден тек ұлы туындыны ғана қабылдайды. Олай болса, сондай ерек сүйіспеншілікке ие болып отырған «Мәңгілік махаббат жыры» бұл жатынан алғанда да, ұлы туынды!
Және айтатын жай: «Мәңгілік махаббат жырының» композициялық желісіндегі бөлім-бөліктердің бір-бірімен өзара сондайлық сыбайластығы. Сол бөлім-бөліктер былай әр «текті», «қойыртпақ» сияқты. Бірақ, шынында олардың бәрінін бір мезетте әрі ортақ, әрі әр қилы жүк арқалап тұрғандығы.
Мәселен, бір мезетте әрқайсысының әр қилы жүкті арқалап тұрғандығы жағынан ғана алсақ, туындының:
I—ші бөлімі: автордың Халима ғашықтың тіршіліктегі іс-әрекеттерін, мінез-қылықтарын өрнектеген жүктерін көтеріп тұр.
II—ші бөлім: автордың дара өзінің о дүниелік ғашығының ғажап жарқын тұлғасын жырмен сомдаған жүгін арқалаған. (Оған біз алда арнайы тоқтадық);
III—ші бөлім: автордың бақилық ғашығының тіршілік ғұмырындағы автордың өзінің бейнелеу назарынан «тыстау қалған» қылықтары мен қарекет-қасиеттерін оны жетік білетін «авторластарына» мүсіндеткен, сомдатқан, тұлғалатқан жүгін көтерген.
Соған қарамастан, ол бөлімдер бір-бірімен жымдаса байланысқан. Олардың бойларында жазушы Әзілхан аға ұстанған: қос ғашықты мәңгі махаббат иелері етіп бейнелеу идеясы ортақ желі тартқан. Әр бөлім осы ортақ идеяның астарын ашып, соған әр жақтан біріге қызмет жасап тұр.
Туындысында бұған қол жеткізуі, халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың асқан талантын, жаңашыл суреткерлігін айқын танытады.
Нақ осы арада: «автор», «авторластар» деген сөздерді неге қолданып отырғанымыздың мәнісін аша кетпесек және болмайды. Өйткені, кейбір оқырманның: «Халима» хикаясының авторы «Мәңгілік махаббат жырының» авторы
— Әзілхан Нұршайықов екені бесенеден белгілі емес пе?! Ендеше, «Мәңгілік махаббат жырының» авторы да — Әзілхан Нұршайықов екені айдай ақиқат қой! Олай болса оған «авторлас» деген қайдан қосылған нәрсе?! — деп таңданары хақ.
Олай таңдану да — Заңды.
Әрине, «Халима» хикаясының авторы халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов екені қандай ақиқат болса, «Мәңгілік махаббат жырының» авторы да сол сүйікті жазушымыз екені айдай ақиқат!
Бірақ, гәп мынада болып отыр. «Мәңгілік махаббат жырының» үшінші бөлімінің, әсіресе, ІІІ-ші, IV-ші, V-ші тарауларына назар аударыңыз. Оларда таңғажайып Адам — Халима ғашық жайында қаптаған адамдар сөз алып жатқан жоқ па?!
Олар «авторластар» емей, кімдер? Олар, шынында, «бөтен» адамдар емес! Қос ғашықты етене білетіндер! Солардың қанды көйлек достары, жолдастары, жақындары, туыстары!
Әз ағаңның қаламдастары: халық жазушылары — Қабдеш Жұмаділов, Тұрсынхан Әбдірахманова, Мұхтар Шаханов және Сәбит Досанов, Жаппар Өмірбеков, Мыңбай Рәш, Ғаббас Қабышев, Марфуға Айтқожина, Медеу Сәрсекеев сынды белгілі шығармашылар! Және Халима тәтейдің балалық шағының сыныптастары, интернаттастары, мектептестері
— Сәки Бекбаева, Ишаты Жағыпарова, Меңсафа Иляшева! Қос ғашықтың Мұқанәлі Омарбаев (полковник), Асқар Рахматуллин (полковник) сынды майдандас, отбасылық достары!
Бұлардың қай-қайсы да Халима мен Әзағаның ішектерінің қырындысына дейін білетіндер! Бұлар олардың алдымен, пенделік күйлерін де, одан кейін ынтызарлық сүйіспеншілік мөлдір махаббаттарын да «көзбен көріп, қолмен ұстағандар!».
Қос ғашықтың ғажайып қасиеттеріне де күнбе-күн тәнті болғандар!
Біздің «авторластар» деп отырғанымыз, міне, осылар!
Халиманың ұлы тұлғасын, бір-біріне мәңгі ғашықтардың ынтызарлықтарын махаббат хикаяларын, сыр құпияларын бұлар жазбағанда, бұлар баян етіп, бұлар сомдаспағанда, бұлар айқара алға жаймағанда кімдер сомдасады? Кімдер баян етіседі? Кімдер қағазға жазысады? Кімдер қосыла шежірелеседі?
Әрине, мұның бәрін әлгі «авторластар» жасайды.
Сондықтан, оларды әдейі «авторластар» деп отырмыз. Бірақ, олардың аржағында Әзекеңнің өзі тұр. «Авторластардың» қай қайсысының да «авторластар» туындының авторлары емес. Туынды авторы тек Әз аға ғана!
Әзілхан аға алды-артын, жан-жағын кен шолағын, бәрін болжап, барлап, топшылайтын кәрі тарлан ғой! Сондықтан, ол кейінгі замананың, XX ғасырдың жаңа Еңлік — Кебектері, Баян — Қозылары, Жібек — Төлегендері т.т. жайлы ұлы туынды тудыру үстінде өзінің осы тарландығымен соларды тиімді пайдаланған.
Олай жасауға және оны Әзағаңның өз туындысының басты кейіпкерлеріне деген шексіз сүйіспеншілігі де еріксіз мәжбүрлеген.
Сондықтан, ол туындысының басты қос кейіпкерін көркем туындысында нақ өмірдегідей етіп көрсету үшін, оларды сол өмірде бес саусақтай білетін, олармен сол өмірде бірге жасасып, сол өмірдің ыстық-суығын, қызығы-шыжығын бірге бөлісіп, бірге көрісіп келе жатқан әлгі замандастарын қысылмай да, қымтырылмай шығармасына «авторластар» еткен. Немесе, қаншама қаламдастарына, достарына Халима жайлы ақтарыла сыр шерткізген. Осылай ету арқылы Әзағаң оларға өзінің жан жарының өмірдегі жарқын келбетін әр қырынан жарқырата ашқызған.
Бұл орайда, әсіресе, Әзағаның Қазақ мемлекеттік университетін өзімен мезеттес тамамдаған жан ұялас досы Мұза Есенғали қызының «Жүректі тұлағады жылы сөзі» деген естелігі мен ғашық зайыптармен қан майданның соқпағын бірге кешкен Мұқанәлі Омарбаевтың «Жан досымның жан жары» атты жазбасы ерекше назар аударарлық.
Бұл атанған екі дүниенің біріншісі — Халима кейіпкердің үлбіреген ішкі сезімін алға жайған тап-тұйнақтай лирикалық әңгіме. Екіншісі — сол кейіпкердің кіршіксіз махаббаты, жан жомарттығы, ақылдылығы жайлы лирикалық повесть.
Мұза Халиманың жарын қалай аялайтынын мына бір штрихпен жеткізеді:
«Біз саяжай маңында көк шалғында отырғанбыз. Қасымыздағы асфальт жолға тоқтаған машинадан Халима апай жоғары қырдағы саяжайына бармай, біздің қасымызға түсіп қалды. Артынып-тартынған. Жүгінің ауыры бес-алты литр сұйық зат сиятын үлкен бидон.
— Халеке, не қаладан ауыз су алып келесіз бе?
— Жоқ. Әзекең сусындасын деп, арпа ұнтағынан пісіріліп, айран, сырок қосқан сусын әкелем. Шөлдеген шығарсыңдар, — деп, дорбасынан кесе алып, оған бетінде тоңазыған сары май түзілген, көбігі бұрқыраған, ашыған, айран көжені құйып берді.
Расында шөліркеп отыр едік. Сіміріп алдық. Маңдайымыздан тер бұрқ етті. Апайға алғысымызды жаудырып жатырмыз. Ол кісі жай ғана жымиды.
Орекең:
— Халима апай, Сіз осы Әзекең ағайды айрықша аялайсыз? Неге олай? — деп сұрады.
— Орақжан-ау! Әзілхан ағаң қаршадайынан төрт жыл майданда болды. Мұз жастанды. Қар жамылды. Толарсақтан саз кеше, зеңбірек сүйреді. Қатты қиналды емес пе? Оған қоса әкесі, ағасы майданда опат болды. Апасы өмірден ерте озды. Осындайдан жалғыздық көрмесін, отбасының күйкі тіршілігінен аулақ жүрсін, еңсесіне ауырлық түспесін деп аялаймын.
... Иә, қандай ізеттілік? Адамға, сүйген жарға осылайша... қамқорлық жасау кез келген әйелдің бойынан табыла қоймас деп ойлаймын».
Шынында да Мұзаның бұл лиризмі ақиқат қой.
Ал, Мұқанәлі болса, деректі лирикалық повестік сегіз бөлікті жазбасында Халиманы: «Сондай сезімтал, сергек, жүріс тұрысы ширақ, бірақ, ешқандай артық қимылы жоқ, алтыннан құйған асықтай, өне бойы жинақы ғажап жар».... «Жылы жүзімен, жібектей мінезімен, дауыс шығармай, жымиып қана күлкінің ишаратын жасайтын әдетімен, мейірімді көз қарасымен, қарапайым кішіпейілдігімен, көрген жұртты бірден баурап әкететін еді» деп сипаттай келіп, оның жан жайсаңдығын, үлкенге инабатын, ақылдылығын былайша суреттеп жеткізеді:
«Әзілхандар Алматыда. Бір жылы Халима екеуі Сарыағашқа курортқа келді. Бір демалыс күні Хантай екеуміз артынып тартынып Халима мен Әзілханға сәлем беріп қайтқанбыз.
Содан он шақты күн кейін, таңертең шай ішіп отырғанымызда Халима күліп, біздің үйдің есігінен кіріп келді.
Отырған орнымыздан атып тұрдық. Артынан Әзілхан да кіретін шығар деп едім, ол көрінбеді. «Е, Халима тегі Ташкенттен бірдеңелер алуға келген ғой» дедім ішімнен. Өйткені, олардың курорттан Алматыға қайтуларына әлі бір аптадай күн бар болатын...