Үтір намазы мен құптан намазының уақыты бірдей. Бірақ құптаннан бұрын оқуға болмайды. Намазды енді үйреніп жүрген кісі үшін немесе түнде тұруы қиын кісі үшін
үтірді құптан намазынан кейін түннің бірінші бөлігінде ұйқыдан алдын оқығаны дұрыс. Ал енді уақыт өте оны түннің соңғы бөлігінде оқу, ханафи мәзһабінда, - мустахап[555]. Бұл түсінік келесі хадиске негізделеді: Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) үтір намазы жайында былай деді:
(تارة كان يوتر في أول الليل و تارة كان يوتر في وسط الليل و تارة كان يوتر في آخر الليل. ثم صار وتره في آخر عمره في آخر الليل)
«Алғашқы кезде үтірді кейде түннің басында, кейде ортасында, кейде соңында оқитын. Ал ғұмырының соңында түннің соңғы бөлігінде ғана оқитын болды»[556].
Жабир, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(من خاف أن لا يقوم من آخر الليل فليوتر أوله، ومن طمع أن يقوم آخره فليوتر آخر الليل، فإن صلاة الليل مشهودة وذلك أفضل)
«Кім түннің соңында тұра алмаймын деп қорықса, үтірді түннің басында оқысын. Ал кім түннің соңында оқуды құмартса, үтірді түннің соңында оқысын. Расында, түнгі намаздың куәләрі бар және солай істеген абзал» [557].
Үтірді жатар алдында оқып, кейін түн ортасында тәһажжуд оқыған кісі үтірді қайта оқымайды. Талқ ибн Әли әкесінен, Аллаһ тағала оларға разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін жеткізді:
(لا وتران في ليلة)
«Бір түнде үтір екі мәрте оқылмайды» [558].
Тір намазының атқарылу жолы
1 - Үтір намазы үш рәкат және бір сәлеммен аяқталады. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(كان رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم يوتر بثلاث لا يسلم إلا في آخرهن)
«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) үтірді үш рәкат етіп оқитын және сәлемді ең соңында ғана беретін»[559].
Ибн Масъуд пен Ибн Аббас, Аллаһ тағала оларға разы болсын, былай деді:
(كان النبي صلى الله عليه و سلم لا يسلم في ركعتي الوتر)
«Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уа саллам) үтірдің екі рәкәтінда сәлем бермейтін»[560].
2 - Әр рәкәтта «Фатиха» мен қосымша сүре оқылады. Әбу ибн Каъб, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(كان رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم يوتر بـ {سبح اسم ربك الأعلى} و{قل يا أيها الكافرون} و{قل هو اللّه أحد})
Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) үтір намазында «Саббихисма раббика әл-әъла»-ні, «Қул йа әййуһал-кафирун»-ді, «Қул һуаллаһу әхад»-ті оқитын[561].
3 -Екі рәкаттан кейін ташаһһуд оқылады. Үшінші рәкатта «Фатиха» мен қосымша сүре оқылған соң екі қол екі құлақтың деңгейіне көтеріліп тәкбір айтылады. Кейін құныт дұғасы оқылады. Кейін рүкүғ жасалады. Әбу ибн Каъб, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(أن رسول الله صلى الله عليه و سلم قنت قبل الركوع)
Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) үтір намазында құныт дұғасын рүкүғтан бұрын оқитын[562]. Бұл хадисті тағы Ибн Масъуд, Ибн Аббас және Ибн Омар жеткізді. Әли, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) үтір намазында тәкбір айтып қол көтергенін және құныт оқығанын айтты.
Имам Әбу Ханифаның жеке көзқарасында «Фатиха» қалай тұрып оқылса, құныт дұғасы да солай тұрып оқылады. Ал Әбу Юсуп пен Мұхаммедтің көзқарастарында екі қол алақандары аспанға қараған түрде кеуденің тұсына көтеріледі, яғни дұға кезіндегідей.
Ныт дұғасы
Құныт дұғасы үтір намазында оқылады.
Құныт дұғасының бейнесі:
"اللّهم إنا نستعينك ونستهديك ونستغفرك، ونتوب إليك، ونؤمن بك، ونتوكل عليك، ونثني عليك الخير كله، نشكرك ولا نكفرك، ونخلع ونترك من يفجرك، اللّهم إياك نعبد، ولك نصلي ونسجد، وإليك نسعى ونَحْفِدُ ، نرجو رحمتك ونخشى عذابك، إن عذابك الجدّ بالكفار ملحق، وصلى اللّه على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه وسلم"
Имам Әбу Ханифа құныт дұғасының бұл бейнесін Ибн Масъудтан жеткен хабардан алады. Сондай-ақ оны Омардан, Аллаһ тағала оған разы болсын, Әл-Байһақи жеткізеді. Қазақша мағынасы: «Аллаһым! Сенен жәрдем, тура жол және кешірім тілейміз. Саған тәуба етеміз. Саған сенеміз және тәуекел етеміз. Бүкіл жақсылық үшін Сені мақтаймыз. Саған шүкір етіп, қарсы келмейміз. Саған бағынбайтын адамдарды тастап, байланысымызды үземіз. Аллаһым, Саған ғана құлшылық етеміз. Намаз оқып, сәжде жасаймыз. Сені мақсат тұтып, құлшылығыңа асығамыз. Рахымыңа үміттеніп, азабыңнан қорқамыз. Расында, хақ азабың кәпірлердің басына жетеді. Пайғамбарымыз Мұхаммедке, әулетіне және сахабаларына Аллаһтың рахымы мен есендігі болсын».
Сүннетте құныт дұғасының басқа да бейнелері бар. Құныт дұғасын білмейтін адам оны үйренгенге дейін үш мәрте "اللّهم اغفر لي" -деп айтуына болады. Яғни «Аллаһым, кешіре гөр»-деп.
Құныт дұғасына қатысты нәрселер:
1 - Имам да, жалғыз оқушы да құныт дұғасын іштерінен оқиды. Бұл пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Ең жақсы дұға - құпия айтылғаны» деген хадисімен байланысты[563].
2 - Үмметтің басына ауыртпашылық түскен жағдайларда болмаса, үтірден басқа намазда құныт дұғасы оқылмайды. Ханафи мәзһабі бойынша мұсылмандардың басына қасірет түссе, дауыстап оқылатын парыз намаздарында құныт дұғасын оқу мустахап.
3 - Ханафи мәзһабіндағы кісі таң намазын шафиғи мәзһабіндағы кісіге ұйып оқыған жағдайда имамға еруі абзал.
4 - Намаз оқушы үтір намазында құныт дұғасын айтуды ұмытса, сәһу сәждесін жасайды.
5 - Үтір жамағатпен оқылғанда имам құныт дұғасын оқып, рукуғ жасағанда артындағы кісі құныт дұғасын аяқтамаған жағдайда имамға ереді.
6 - Имам құныт дұғасын оқып болғанда жамағатқа қосылған адам қалған екі рәкәтін толықтырғанымен құныт дұғасын оқымайды.