Парыз намаздарына ермейтін нәпілдер екіге бөлінеді: жеке оқылатын намаздар және жамағатпен оқылатын намаздар.
Жеке оқылатын нәпіл намаздар:
1 - Мешітке сәлем намазы. Бұл - екі рәкат намаз. Әбу Қатада, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(إذا دخل أحدكم المسجد فلا يجلس حتى يصلي ركعتين)
«Сендерден біреу мешітке кірсе, екі рәкат оқымайынша бірден отырмасын» [589]. Кім мешітке намаз оқуға тиым салынған уақыттарда кірсе, оқығаны дұрыс емес. Тек қана Ал-Харам мешітінде оқуға болады. Өйткені оған сәлем намазы Қағбаны тауап етумен жасалады. Ал тауап қай уақытта болсын жасалады.
- адам таң мен екінді намаздарының уақыттары шыққаннан кейін мешітке кірсе, мешітке сәлем намазын оқымайды. Мұндай жағдайда Аллаһты зікір етуімен мешіттің қақын берген болады.
- мешітке кіргенде парыз намазының уақыты кіріп қойса, парызды атқарады. Өйткені парыз намазы мешітке сәлем намазының орнын жауып кетеді.
- мешітке кірген адам уағыз естуі үшін отырса, сәлем намазын енді оқуына болмайды деген сөз жоқ. Мұндай жағдайда кейін оқығаны абзал.
- мешітке қайта-қайта кіріп жүрген адам мешітке сәлем намазын бір мәрте оқыса, бір күнге жеткілікті.
- мешітке кірерде: "اللّهم افتح لي أبواب رحمتك" - «Аллаһым, маған рахым есіктеріңді аша көр»-деу, ал шығарда: "اللّهم إني أسألك من فضلك" - «Аллаһым, кеңшілігіңнен сұраймын»-деу сүннет.
Әбу Асид Ас-Саъиди, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(إذا دخل أحدكم المسجد فليسلم وليقل: اللّهم لفتح لي أبواب رحمتك، وإذا خرج فليقل: اللّهم إني أسألك من فضلك)
«Сендерден біреу мешітке кірсе, сәлем айтып, «Аллаһым, маған рахым есіктеріңді аша көр»-десін. Ал шығарда: «Аллаһым, кеңшілігіңнен сұраймын»-десін [590].
2 - Дәрет намазы. Дәрет алған бетте екі рәкат намаз оқу сүннет. Уқба ибн Амир, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(ما من مسلم يتوضأ فيحسن وضوءه ثم يقوم فيصلي ركعتين مُقبلٌ عليهما بقلبه ووجهه إلا وَجَبَتْ له الجنة)
«Жақсылап дәрет алған соң жүрегі мен жүзін беріп екі рәкат намаз оқыған әр мұсылманға жәннат уәжіп болады» [591].
3 - Дұха намазы. Бұл - төрт рәкат намаз. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(كان رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم يصلي الضّحى أربعاً. ويزيد ما شاء اللّه)
«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) дұха намазын төрт рәкат етіп оқитын және оған қалағанынша қосатын»[592].
Дұха намазының уақыты күн бір найза бойындай деңгейге көтерілгенде кіріп, оның аспан биігіне жетуімен шығады. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) бұл намазда «Шәмс» пен «Дұха» сүрелерін оқитын.
Дұха намазын төрттен он екі рәкатқа дейін оқуға болады. Ең абзалы – сегіз рәкат. Үмму Һания, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(أن النبي صلى اللّه عليه وسلم دخل بيتها يوم فتح مكة. فصلى ثماني ركعات. ما رأيته صلى صلاة قط أخفّ منها. غير أنه كان يتم الركوع والسجود)
«Мекке ашылған жылы пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) Үмму Һанияның үйіне кіріп, сегіз рәкат намаз оқыды. Рүкүғ пен сәждені толық атқарғанымен бір намазды бұлай жеңіл оқығанын ешқашан көрген емеспін»[593].
Әбу Зар, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(يصبح على كل سُلامى من أحدكم صدقة. فكل تسبيحة صدقة. وكل تحميدة صدقة. وكل تهليلة صدقة. وكل تكبيرة صدقة. وأمر بالمعروف صدقة. ونهيٌ عن المنكر صدقة. ويجزئ من ذلك، ركعتان يركعهما من الضحى)
«Әркім әр буыны үшін садақа беруге міндетті. Әр таспих: «субханаллаһ»-деу - садақа, әр тахмид: «әлхамдулиллаһи»-деу - садақа, әр таһлил: «лә иләһә иллаллаһ»-деу - садақа, әр тәкбир: «Аллаһу әкбар»-деу - садақа. Сондай-ақ жақсылыққа шақыру - садақа, жамандықтан тыю да - садақа. Осының бәрін екі рәкат дұха намазы алмастырады»[594].
4 - Түнгі намаз. Кейбір ғалымдар түнгі намаздың пайғамбарға (саллаллаһу алайһи уа саллам) парыз болғандығын пайымдап, мына аятты дәлелге келтіреді:
﴿يَا أَيُّهَا الْمُزَّمِّلُ {1} قُمِ اللَّيْلَ إِلَّا قَلِيلاً {2}﴾
«Әй бүркенуші! Түннің азынан басқа бөлігін (намазда) тұр!» [595]. Ал үмметі үшін түнгі намаздың үкімі мәндуп.
Түнгі намаз ең азы сегіз рәкат етіп оқылуы қажет. Түннің соңғы бөлігінде оқылғаны мустахап. Бұл намаздың артықшылығын баяндаушы хадистер өте көп. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(أفضل الصلاة بعد الفريضة صلاة الليل)
«Парыз намазынан кейінгі ең абзал намаз - түнгі намаз» [596].
Салман Ал-Фариси, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(عليكم بقيام الليل فإنه دأب الصالحين قبلكم وقربة لكم إلى اللّه عز وجل ومكفرة للسيئات ومنهاة عن الإثم مطردة عن الحسد)
«Сендер түнгі намазды оқуға тиістісіңдер! Расында, ол - алдарыңда өткен ізгілердің қасиеті. Ол сендерді Аллаһ тағалаға жақындатады, жаман істеріңді жойып, күнәдан тоқтатады және іштарлықты қуады» [597].
5 - Истихара намазы. «Истихара» сөзінің мағынасы: жақсылық тілеу. Толығырақ айтқанда, мұсылман бір істі таңдағанда Аллаһ тағаладан жақсы және дұрыс таңдауға жолықтыруын тілеуі керек. Өйткені Аллаһ тағала құлдарына ненің жақсы екенін және ненің жаман екенін толық біледі.
Жәбир, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деген еді: Аллаһтың елшісі (алайһи ас-солату уа ас-салам) құран оқуды үйреткені секілді бүкіл істерімізде истихара оқумызды да үйретіп, бізге былай дейтін:
(إذا همّ أحدكم بالأمر، فليركع ركعتين من غير الفريضة، ثم ليقل: اللّهم إني أستخيرك بعلمك، وأستقدرك بقدرتك، وأسألك من فضلك العظيم، فإنك تَقْدِر ولا أقدر، وتعلم ولا أعلم، وأنت علام الغيوب. اللّهم إن كنت تعلم أن هذا الأمر خير لي، في ديني ومعاشي وعاقبة أمري، أو قال: عاجل أمري وآجله، فاقْدُرْه لي ويَسِّره لي، ثم بارك لي فيه، وإن كنت تعلم أن هذا الأمر شر لي، في ديني ومعاشي وعاقبة أمري، أو قال: في عاجل أمري وآجله، فاصْرِفْه عني واصرفني عنه، واقْدُر لي الخير حيث كان، ثم أرضني به. قال: ويسمي حاجته)
Сендерден біреу бір іспен мазаланса, парыздан бөлек екі рәкат намаз оқып, кейін мына дұғаны айтсын: «Аллаһым, біліміңе сай сәттілікке жолықтыруыңды сұраймын, құдіретіңе сай жақсы тағдыр жазуыңды тілеймін және орасан зор кеңшілігіңнен сұраймын, өйткені Сенің құдіретің (әр нәрсеге) жетеді, ал менің шамам жетпейді және Сен (мен үшін ненің жақсы екенін) білесің, ал мен білмеймін, әрине, Сен - өткен және болатын құпиялардың бәрін білушісің! Аллаһым, Сенің біліміңде бұл іс дініме, өміріме және соңғы сағатыма жақсылық әкелетін болса, (ерте ме кеш пе,- деді ол) дереу оны тағдырыма жаза көр, іске асуын жеңілдетіп, оны маған берекелі ете гөр! Ал Сенің біліміңде бұл іс дініме, өміріме және соңғы сағатыма жамандық әкелетін болса, (ерте ме кеш пе,- деді ол) оның бетін менен аулақ етіп, мені де одан аулақтата көр, сондай-ақ жақсылықты қайда болса да тағдырыма жазып, мені онымен қанағаттандыра көр»-деп, бұйымтайын айтсын,-деді[598].
Мұсылман истихара намазын оқыған соң жүрегіне тыныштық қондыратын таңдауға ереді. Кейбір ғалымдардың айтуынша дұрыс таңдау әбден айқындалуы үшін истихара намазын жеті мәрте оқу қажет.
6 - Мұқтаждық намазы. Бұл бір сәлеммен оқылатын екі немесе төрт, тіпті он екі рәкат намаз. Бұйымтай намазы құптаннан кейін оқылады және соңында сүннетте келген дұғалар жасалады. Абдулла ибн Әбу Ауфа, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
من كانت له إلى اللّه حاجة أو إلى أحد من بني آدم فليتوضأ فليحسن الوضوء، ثم ليصل ركعتين، ثم ليُثن على اللّه، وليصل على النبي صلى اللّه عليه وسلم، ثم ليقل، لا إله إلا اللّه الحليم الكريم، سبحان اللّه رب العرش العظيم، الحمد للّه رب العالمين، أسألك موجبات رحمتك، وعزائم مغفرتك، والغنيمة من كل برّ، والسلامة من كل إثم، لا تع لي ذنباً إلا غفرته، ولا هماً إلا فرَّجته، ولا حاجة هي لك رِضاً إلا قضيتها، يا أرحم الراحمين
Кімнің Аллаһ тағалаға немесе бір кісіге бұйымтайы болса, жақсылап дәрет алсын, кейін екі рәкат намаз оқысын. Кейін Аллаһты дәріптесін және пайғамбарына салауат айтсын. Кейін мына дұғаны жасасын: «Аллаһтан басқа тәңір жоқ. Ол - Мейірімді әрі Жомарт. Ұлы тақтың Раббысы Аллаһ пәк. Әлемдердің Раббысы Аллаһқа мақтау тән. Аллаһым, рахымыңа және кешіріміңе жолықтыратын амалдарды нәсіп етші. Бүкіл ізгі амалмен олжалы етші. Бүкіл күнәдан аман сақташы. Әй рахымдылардың рақымдысы! Сен кешірмеген бір күнәм, Сен сейілтпеген бір уайымым және Сен шешпеген бір бұйымтайым қалмасыншы» [599].
Екінші дұға:
"اللهم أنت تحكم بين عبادك فيما كانوا فيه يختلفون لا إله إلا الله العلي العظيم ، لا إله إلا الله الحليم الكريم ، سبحان الله رب السموات السبع ، ورب العرش العظيم ، والحمد لله رب العالمين ، اللهم كاشف الغم ، مفرج الهم مجيب دعوة المضطرين إذا دعوك ، رحمن الدنيا والآخرة ورحيمهما ، فارحمني في حاجتي هذه بقضائها ونجاحها رحمة تغنيني بها عن رحمة من سواك"
«Аллаһым! Қайшылыққа келген нәрселерінде құлдарыңның арасына билік айтушы - Сенсің. Аллаһтан басқа тәңір жоқ. Ол - Жоғары әрі Ұлы. Аллаһтан басқа тәңір жоқ. Ол - Мейірімді әрі Жомарт. Жеті көктің Раббысы және Ұлы тақтың Раббысы Аллаһ пәк. Әлемдердің Раббысы Аллаһқа мақтау тән. Аллаһым! Сен мұңды жазушысың, уайымды сейілтушісің және қиыншылықта қалған құлдарыңның жалынып тілеген дұғаларына жауап берушісің! Дүние мен ақыреттің - Рахманы мен Рахимысың. Сенен басқаның рахымына мені мұқтаж етпейтін рахымыңмен бұл қажетімді өтеп, табысқа жеткізші».
7 - Екі рәкат намаз оқу ұнамды болатын жағдайлар:
- Өлім жазасына бұйырылған кісіге, жаза орындалудан бұрын.
- Бір үйге немесе қонақүйге тоқтаған кісіге, отырудан бұрын. Фадала ибн Абид, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(كان رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم إذا نزل منزلاً في سفر أو دخل بيته لم يجلس حتى يركع ركعتين)
«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) сапарында бір үйге тоқтаса, немесе үйіне кірсе екі рәкат намаз оқымайынша отырмайтын»[600].
- Сапарға шығатын және сапардан оралған кісіге. Ибн Масғуд, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(جاء رجل إلى النبي صلى اللّه عليه وسلم فقال: يا رسول اللّه إني أريد أن أخرج إلى البحرين في تجارة. فقال رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم (صلِّ ركعتين)
Пайғамбарға (саллаллаһу алайһи уа саллам) бір кісі келіп: «Әй, Аллаһтың елшісі, мен Бахрейнге сауда ісімен жолға шықпақшымын»-деді. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) оған: «Екі рәкат намаз оқы!»-деді[601].
Каъб ибн Мәлик, ұзақ хадисінде былай деді:
(أن رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم كان إذا قدم من سفر بدأ بالمسجد فركع فيه ركعتين)
«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) сапардан келгенінде, алдымен, мешітке барып, екі рәкат намаз оқитын»[602].
- Күнә істеп қойған кісіге. Әбу Бәкір, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(ما من رجل يذنب ذنباً فيتوضأ فيحسن الوضوء ثم يصلي ركعتين وليستغفر اللّه إلا غفر اللّه له)
«Күнә істеп қойғанда жақсылап дәрет алып, сосын екі рәкат намаз оқып, Аллаһтан кешірім сұрағанда күнәсі кешірілмейтін ешкім жоқ» [603].
8 - Таспих намазы. Таспих намазын мәкруһ уақыттардан басқа кез келген уақытта оқуға болады. Күніне немесе түніне бір мәрте ме, аптасына бір мәрте ме, айына бір мәрте ме, жылына бір мәрте, өмірінде бір мәрте ме, бұл - мұсылманның өз ықтиярында. Ең маңыздысы, оқылуы - мустахап. Өйткені сауабы - шексіз. Таспих намазы - төрт рәкат, бір немесе екі сәлеммен оқылады. Әр рәкатта «Фатиха» және қосымша бір сүре оқылады. Бұл намазда үш жүз мәрте таспих айтылады. Әр рәкатта - 75 мәрте. Таспихтың бейнесі: «Субханаллаһи уәлхамду лиллаһи уә лә илаһа иллаллаһу уәллаһу әкбар». Бұл таспихтың он бесі «намаз ашу» дұғасынан кейін айтылады. Сосын қырағаттан кейін, рукуғта, рукуғтан көтерілгенде, әр сәждеде, екі сәжденің арасында он-оннан айтылады. Намаздың бұл бейнесін Ат-Тирмизи өзінің «Ал-Жамиъ» кітабінда Абдулла ибн ал-Мубарактан жеткізді. Бұл намазды баяндаушы хадистер бірнеше жолмен жеткен және «хасан» дәрежесінде. Намаз ішінде айтылатын таспихтарды саусақпен санауға болмайды.