1 - Парыз намаздарындағы кемшіліктердің орнын толтырады. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(إن أول ما يُحاسَب به العبد يوم القيامة من عمله صلاته. فإن صَلحت فقد أفلح وأنجح، وإن فسَدت فقد خاب وخَسِر، فإن انتقص من فريضته شيء قال الربّ عز وجل: انظروا هل لعبدي من تطوع؟ فيُكَمِّل بها ما انتقص من الفريضة، ثم يكون سائر عمله على ذلك)
«Қиямет күні құлдан сұралатын амалдарының әуелгісі - оның намазы. Намазы дұрыс болса, құтылып, табысқа жетеді. Намазы дұрыс болмаса, сәтсіздік пен зиянға ұшырайды. Егер парыз намазында бір кемшілік болса, Аллаһ тағала періштелерге: «Құлымның өз еркімен істеген нәпілі бар ма екен, қараңдар!»-дейді. Бұл нәпілмен парыз намазындағы кемшіліктің орны толтырылады. Кейін барлық амалдарымен осылай жасалады» [566].
2 - Шайтанның үмітін үзеді. Ғалымдардың айтуынша парыз намазына еруші сүннет намазы шайтанның үмітін үзуге арналған. Адам баласының парыз істерді орындағанын көретін шайтан қатты қайғырады. Әбу һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(إذا قرأ ابن آدم السجدة فسجد اعتزل الشيطان يبكي. يقول: يا ويله، أُمِر ابن آدم بالسجود فسجد فله الجنة، وأمرت بالسجود فأبيت فلي النار)
«Адам баласы сәжде аятын оқығанда сәжде жасаса, шайтан аулақ кетіп жылайды және былай дейді: (Қайғыға тап болдым. Адам баласына сәжде бұйырылып еді, бірден сәжде жасады. Енді оған - жәннат. Ал маған сәжде жасауым бұйырылғанда бағынбадым. Енді маған - тозақ)» [567].
3 - Аллаһ тағала жақындатады. Әбу һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты: Аллаһ тағала былай деді:
(من عادى لي ولياً فقد آذَنْته بالحرب، وما تقرَّب إليّ عبدي بشيء أحب إلي مما افترضت عليه، وما يزال عبدي يتقرب إليّ بالنوافل حتى أُحبه، فإذا أحببته: كنت سمعه الذي يسمع به، وبصره الذي يُبصر به، ويده التي يبطش بها، ورجله التي يمشي بها، وإن سألني لأعطينَّه، ولئن استعاذني لأعيذنَّه)
«Мен досыммен жауласқан адамға соғыс жарияладым. Құлым Маған жақындау үшін, алдымен, парыз амалынан сүйкімді амал іздемесін. Егер құлым (парыз амалдарына) қосымша нәпіл амалдарымен Маған жақындауын тоқтатпаса, оны жақсы көретін боламын. Оны жақсы көретін болсам, Мен ұнататын сөзді ғана еститін болады. Және Мен ұнататын нәрсеге ғана қарайтын болады. Және Мен ұнататын нәрсені ғана ұстайтын болады. Және Мен ұнататын жерде ғана жүретін болады. Егер Менен сұраса, сұрағанын беремін. Егер пана тілесе, пана беремін..» [568].
Бекітілген сүннет намаздар. Бекітілген сүннет дегеніміз пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уа саллам) әрдайым істеген іс. Мұндай сүннетті біле тұра істемеу мәкруһ танзиһан.
1 - Таң намазының алдында оқылатын екі рәкат. Бұл екі рәкаттің дәрежесі өте үлкен. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(ركعتا الفجر خير من الدنيا وما فيها)
«Таң намазының екі рәкат сүннеті дүниеден және ондағы бүкіл нәрседен артық» [569].
Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(أن رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم قرأ في ركعتي الفجر: قل يا أيها الكافرون، وقل هو اللّه أحد)
Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) таң намазының екі рәкат сүннетінде «Қул йа әййуһал-кафирун» мен «Қул һуаллаһу әхад» -ті оқыды[570].
Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(أن النبي صلى اللّه عليه وسلم كان يخفِّف الركعتين اللتين قبل صلاة الصبح حتى إني لأقول هل قرأ بأم الكتاب)
«Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) таң намазының екі рәкат сүннеттін жеңіл түрде оқитын. Мен, тіпті ол жайында: «Фатиха» -ны оқыды ма?-деп, ойланып қалатынмын»[571].
Таң намазының екі рәкат сүннетін уақыты кіре сала оқыған абзал. Таң намазының парызы мен сүннеті қаза болған жағдайда күн аспан биігіне жетпей өтеледі. Күн аспан биігінен еңкейгенде парызының қазасы ғана өтеледі.
Таң атқан кезде таң намазы оқылғанша сөйлесу мәкрүһ. Өйткені бұл уақытта Аллаһтың әмірімен ауысып жатқан түннің періштелері мен күндіздің періштелері куә болады.
Әбу Убайда, Аллаһ тағала оған разы болсын, Абдулланың, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай дегенін жеткізді:
(تتدراك الحرسان من ملائكة اللّه عز وجل حارس الليل وحارس النهار عند طلوع الفجر واقرؤوا إن شئتم: "وقرآن الفجر، إن قرآن الفجر كان مشهوداً")
«Таң атқанда қорғаушы періштелер түн періштелері мен күндіз періштелері жолығады. Бұл жайында Құранда айтылған: «Таңғы Құран. Расында, таңғы Құранның куәләрі бар» [572].
2 - Бесіннің алдындағы төрт рәкат және бесіннен кейінгі екі рәкат. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(أن النبي صلى اللّه عليه وسلم كان لا يدع أربعاً قبل الظهر)
«Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) бесін алдындағы төрт рәкат сүннетті ешқашан тастамайтын»[573].
Үмму Хабиба, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(من صلى في يوم وليلة ثنتي عشرة ركعة بني له بيت في الجنة: أربعاً قبل الظهر، وركعتين بعدها، وركعتين بعد المغرب، وركعتين بعد العشاء، وركعتين قبل صلاة الفجر)
«Кім күндіз бен түндегісін қосқанда он екі рәкат (нәпіл намаз) оқыса, жәннатта оған арналып үй салынады. Олардың төртеуі бесіннің алдында, екеуі оның артында, екеуі ақшамның артында, екеуі құптанның артында және екеуі таң намазының алдында» [574].
3 - Жұма намазының алдындағы төрт рәкат. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(كان النبي صلى اللّه عليه وسلم يركع قبل الجمعة أربعاً لا يفصل في شيء منهن)
«Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) жұманың алдында төрт рәкат оқитын және оны бөлмейтін»[575].
4 - Жұма намазының артындағы төрт рәкат. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(إذا صليتم بعد الجمعة فصلوا أربعاً فإن عجَّل بك شيء فصلِّ ركعتين في المسجد وركعتين إذا رجعت)
«Жұмадан кейін намаз оқысаңдар, төрт рәкат етіп оқыңдар. Егер сені бір шаруа асықтырса, екеуін мешітте, екеуін қайтып келгеніңде оқы» [576].
5 - Ақшамнан кейін екі рәкағат оқу. Бұл екі рәкат дәрежесі тұрғысынан таң намазы алдындағы екі рәкаттан кейінгі орында. Өйткені Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) бұл екі сүннетті, тіпті, жолаушы кезінде тастамаған.Ақшамның екі рәкат сүннетін ұзақ оқу ұнамды.Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(كان رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم يطيل القراءة في الركعتين بعد المغرب حتى يتفرق أهل المسجد)
«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) ақшамның екі рәкат сүннетін ұзақ оқитыны соншалықты, тіпті, мешіттегі адамдар тарап кететін» [577].
Ибн Масъуд, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(كان يقرأ في الركعتين بعد صلاة المغرب {قل يا أيها الكافرون} و{قل هو اللّه أحد})
«Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) ақшамның екі рәкат сүннетінде «Қул йа әййуһал-кафирун» мен «Қул һуаллаһу әхад» -ті оқитын»[578].
6 - Құптаннан кейінгі екі рәкат. Үмму Хабиба, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(من صلى في يوم وليلة ثنتي عشرة ركعة بني له بيت في الجنة: أربعاً قبل الظهر، وركعتين بعدها، وركعتين بعد المغرب، وركعتين بعد العشاء، وركعتين قبل صلاة الفجر)
«Кім күндіз бен түндегісін қосқанда он екі рәкат (нәпіл намаз) оқыса, жәннатта оған арналып үй салынады. Олардың төртеуі бесіннің алдында, екеуі оның артында, екеуі ақшамның артында, екеуі құптанның артында және екеуі таң намазының алдында» [579].
Бекітілмеген сүннет намаздар. Бекітілмеген сүннет дегеніміз пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уа саллам) бірде істеп, бірде істемеген іс. Істелуі - сауап, істелмеуі мәкруһ емес. Бекітілмеген сүннеттің басқа атаулары: мәндуп, мустахап және әдеп.
1 - Екінді намазының алдында төрт рәкағат оқу. Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(رحم اللّه امرأ صلى قبل العصر أربعاً)
«Екінді намазының алдында төрт рәкат сүннет оқыған кісіні Аллаһ рахымына бөлесін» [580].
2 - Құптанның алдында төрт рәкағат оқу. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(أن النبي صلى اللّه عليه وسلم كان يصلي قبل العشاء أربعاً ثم يصلي بعدها أربعاً ثم يضطجع)
«Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) құптанның алдында және артында төрт рәкат сүннет оқитын. Кейін ұйықтайтын»[581].
Абдалла ибн Мағфал ал-Мазани, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) үш мәрте былай дегенін айтты:
(بين كل أذانين صلاة. قالها ثلاثاً. قال في الثالثة: لمن شاء)
«Әр азан мен қамат аралығында намаз оқуға болады». Ең соңғысында: «Кім қаласа»-деді[582].
3 - Құптаннан кейін оқылатын екі рәкат бекітілген сүннетке тағы екі рәкат қосу. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(ما صلى رسول الله صلى الله عليه و سلم العشاء قط إلا صلى أربع ركعات أو ست ركعات)
«Пайғамбарымыз құптанды оқып, менің үйіме кіргенде, әрдайым, төрт немесе алты рәкат сүннет оқитын»[583].
4 - Ақшамнан кейін алты рәкат оқу. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(من صلى بعد المغرب ست ركعات لم يتكلم فيما بينهن بسوء عُدِلْن له بعبادة ثِنْتَيْ عشرة سنة)
«Кім ақшамнан кейін алты рәкат оқыса және олардың арасында жаман сөз айтпаса, бұл намазы он екі жылдық құлшылыққа тең» [584].
Ъаммар ибн Ясир, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(من صلى بعد المغرب ست ركعات غُفِرت ذنوبه وإن كانت مثل زَبَد البحر)
«Кім ақшамнан кейін алты рәкат оқыса, күнәләрі кешіріледі. Күнәләрі, тіпті толқып жатқан теңіздің бетіндегі көбіктің санындай болса да» [585].
Бекітілген төрт рәкат сүннет намазының оқылу жолы:
Бұл намаз бір сәлеммен оқылады. Екі рәкәттан кейін бірінші отырыс жасалып, ташаһһуд оқылады. Екінші отырыста ташаһһуд, салауат және дұғалар оқылады.
Бекітілмеген төрт рәкат сүннет намазының оқылу жолы:
Бұл намаз екі рәкат - екі рәкат етіп, сәлеммен бөлініп оқылады.
Бір сәлеммен оқу үшін күндізгі нәпілді төрт рәкаттан, ал түнгі нәпілді сегіз рәкаттан асырмаған абзал. Имам Әбу Ханифаның көзқарасында күндізгі нәпілді де, түнгі нәпілді де төрт рәкатпен бөліп оқыған абзал. Әбу Аюп, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(أن النبي صلى اللّه عليه وسلم كان يصلي قبل الظهر أربعاً إذا زالت الشمس لا يفصل بينهن بتسليم)
«Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) күн аспан биігінен түскенде бесіннің алдында төрт рәкат оқитын және оны (екі рәкаттан кейін) сәлеммен бөлмейтін»[586].
Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(ما كان رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم يزيد في رمضان ولا غيره على إحدى عشرة ركعة، يصلي أربعاً فلا تسأل عن حسنهن وطولهن، ثم يصلي أربعاً فلا تسأل عن حسنهن وطولهن ثم يصلي ثلاثاً)
«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) түнгі намазын рамазан айында болсын, басқа айларда болсын он бір рәкаттан асырмай оқитын. Алдымен, төрт рәкат оқитын. Олардың әдемілігі мен ұзақтығын айтсаңшы! Кейін төрт рәкат оқитын. Олардың да әдемілігі мен ұзақтығын айтсаңшы! Кейін үш рәкат оқитын»[587].
Әбу Юсуп пен Мұхаммедтің көзқарасында түнгі нәпілді екі рәкат, екі рәкат етіп, ал күндізгі нәпілді төрт рәкат етіп оқыған абзал.
Әбу Юсуп нәпіл намазының артықшылығын қиямның ұзақтығымен байланыстырады. Ал Мұхаммед сәжденің көптігімен байланыстырады. Сәубан, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(عليك بكثرة السجود للّه، فإنك لا تسجد سجدة إلا رفعك اللّه بها درجة وحطّ عنك بها خطيئة)
«Аллаһқа көп сәжде жасауың қажет. Расында, жасаған әр сәждең үшін Аллаһ сені бір дәрежеге көтеріп, бір күнәңді өшіреді» [588].