Пазырық қорғандары Ресей Федерациясындағы Таулы Алтай аймағы, Улаган ауданындағы Пазырық жазығына орналасқан, теңіз деңгейінен 1600 м биіктікте. Олардың ішінен ірі бес қорған көлемі жағынан ерекшеленеді.
Бірінші Пазырық қорғаны. 1929 жылы М.П. Грязнов 1-ші Пазырық қорғанын зерттеді. Тастан қаланған қорғанның диаметрі 36 м. 4 м тереңдіктегі қабір шұңқырының көлемі 52 кв.м. Шұңқырдың түбіне тас сынықтары төселіп, оған қос қабырғалы, қос шатырлы ағаш бөренелерден жасалған қима таған қойылған. Қима тағанның асты тиіп тұрған еден 19 тақтайдан құралған, төбесіне 196 бөрене тізілген. Қабырғалардың арасы майда уатылған тастармен толтырылған. Төбесіне қойылған бөрененер қалың қайың жапырағымен жабылған. Қиманың солтүстік және оңтүстік қабырғаларына үш-үштен жоғарғы жағы үңгілген тіреулер қойылған. Бұл үңгілген ойықтарға ауыр бөренелер көлденеңінен қойылған. Бөренелердің үстінен қабір шұңқыры 300-ден астам ағаш тақтайлармен жабылған. Қима тағанның қабырғаларының ішінен қара киіз ұсталған, киіздің шеттері ақ киізбен көмкерілген. Бұл киіз ағаш және мыс шегелермен қағылған. Еденге киізден басылған кілем төселген. Қабырға тұсында ұзындығы 3,75 м бүтін самырсыннан үңгіп жасаған саркофаг-астау қойылған. Астаудың қақпағы дәл сондай басқа самырсыннан дайындалған. Саркофаг - астаудың ішіне қос мәйіт: ер адам мен әйел адамның мумияланған денелері қойылған. Қима түбінен қыш ыдыс табылды [68, 137 б].
Қиманың жанына аттар жерленген. Мұнда әр түстегі 10 ат ауыздық, ертоқымдарымен жерленген. Ауыздықтар ағаштан жасалған тау ешкі мен бұғының бейнелерімен әшекейленген сулықтармен сәнделген. Барлық 10 аттың жүгендері бейнелеу өнерінің жоғарғы деңгейіндегі тері мүсіншелер мен қарағайдан жасалған ілдіргілермен әшекейленген. Ілдіргілер, сулықтар, түймешелер бәрі алтын фольгамен қапталып, күміспен апталған. Ертоқымдардың белдемелері де осылайша сәнделген. Ертоқымдардың үстіне тері аппликациялы жабу жабылған. Аппликацияда грифтың бұғыға шабуылы бейнеленген [69, 47 б].
Жылқы жерленген бөлікте ағаш таяқшалардан жасалып, терімен бекітілген қалқандар, ағаш сапты қамшы, жабайы мысықтың бас терісінен тігіліп, ішінен жұпар иісті шөптер толтырылған жастықша-қалташалар табылды. Он жылқының ішінде екеуі ерекше әшекейленген. Олардың құйрықтарына оюланған қобдишалар тағылып, жалына киізден тігіліп ашық қызыл түске боялған тоқыма бахрамалар кигізілген. Табылған заттардың ішіндегі ең кереметтері аттың басына кигізілген маскалар болып табылады. Екі маска да қалың киіз бен теріден тігілген. Бірінші масканың үстіңгі бөлігіне қанатты аң мен жолбарыстың алпарысын бейнелейтін сурет басылған. Екінші масканың тұмсық бөлігіне жолбарыстың мүсіні орнатылып, масканың жоғарғы бөлігіне қалың теріден табиғи көлемдегі бұғы мүйізі ұстатылған. Аттардың қалдықтарын зерттеу барысында олардың асқазанынан жеген шөптерінің қалдықтары табылды. Барлық жылқылар Таулы Алтай мен Түркменстанда кездесетін ахалтеке тұқымынан, мініс аттары екені дәлелденді. 1-ші Пазырық қорғанының тұрғызылуы б.з.б. IV ғасыр деп мерзімделеді [70, 101 б].
Екінші Пазырық қорғаны биіктігі 2 м, диаметрі 36 м. Тас үйіндіден тұрады. Тас үйіндінің астыңғы қабатынды 4 м тереңдікте көлемі 7,1х7,8 м қабір шұңқыры бар. Қабір шұңқырының түбіне өзен тастары төселген. Оның үстіне қос қабырғалы ағаш қима таған қойылған. Қима тағанның биіктігі 1,53 м, ішкі көлемі 3,65х4,92 м. Қабырғалары мен төбесі бөренелерден, едені қалың тақтайдан құралады. Қима тағанның төбесі бірнеше қабат қайың қабығымен жабылған. Қабырғаларының арасы қуыс. Қиманың солтүстік және оңтүстік қабырғаларына үш-үштен жоғарғы жағы үңгілген тіреулер қойылған. Бұл үңгілген ойықтарға тоғыз қатардан тұратын ауыр бөренелер көлденеңінен қойылған. Қиманың еденіне қара киіз төселіп, қабырғаларына ені 65 см қара киіз ұсталған. Қима тағанның оңтүстік қабырғасын бойлап ұзындығы 4,2 м, биіктігі 0,72 м, ені 80 см бүтін қарағайдан үңгіп ойылған астау-табыт қойылған. Астау-табыттың үстінен теріден құралған аппликациялы жабу жабылған. Бұл аппликацияда біренен соң бірі жүгірген бұғылар суреттелген. Табыттың түбіне екі бүктелген қара киіз төселген. Киіздің үстіне түгі қалың кілем тасталып, оның үстіне бальзамдалған ер адам мен әйел адамдардың денелері қойылған. Бас сүйектеріне адамдар қайтыс болғаннан соң трепанация жасалған. Әйел адамның кеуде қуысы ашылып, іш құрылыстары алынып тасталғаннан соң, өсімдіктердің тамыры мен өзегі толтырылып тігілген. Белінен төмен жамбас тұсы мен аяқ балтырлары да тілініп бұлшық еттері алынғаннан кейін, оның орны шөппен толтырылып, аттың қылымен тігілген. Ер адамның жасы шамамен 60-та, монголоид типтес. Әйел адам шамамен 40 жастан асқан. Ер адамның денесі фантастикалық аңдардың суреттері салынған татуировкаға толы, бір аяғының балтырында ғана балық және тау арқары бейнеленген [27, 435 б].
Қима ішінде табыттың жанында екі үстел қойылған. Олардың қатарында екі ағаш ыдыс пен қыш құмыра, батыс жағында үшінші үстел. Үстелден аласа, ашылатын қақпақтары бар. Сақталған қалдықтарына қарағанда бұл қақпақты үстелдерге қой және жылқының піскен еттері салынған болуы керек.
Жерлеу камерасының оңтүстік-батыс бөлігіне қола шамдал қойылған, ішінде шөп тұқымдары салынған басқа шамдал жерлеу камерасының батыс бөлігінде тұрды.
Жерлеу камерасының еденінен бұғы мүйізінен жасалған балға, ағаш қобдишалары бар екі пышақ табылған. Осы жерден ортасынан екіге бөлініп сынып қалған арфа секілді музыка аспабы және камераның оңтүстік бөлігінде мүйіз дабыл жатты [71, 220 б].
Астау-табыттан мүйізден жасалған тарақ, ағаштан жасалып алтынмен қапталған бұғы және гриф мүсіндері, тері әмияндар мен сөмкелер, ағаш жастық, арыстанның тау ешкіге шабуылы бейнеленген күміс ілдіргі табылса, тонаушылар қуысынан алтын сырғаның бөліктері, киімнің қалдықтары, киіз бен матаның жұрнақтары табылған. Сондай-ақ, астау ішінде жейде, жеңі мен етегі қымбат терімен көмкерілген әйел адамға тән сырт киім жақсы сақталған. Қиманың әр жерінде, тонаушылар қуысында табылған қызғылт түсті екі жебе, барс терісінен тігілген қабы бар қола айна, бірнеше моншақ, қой терісі мен тұмар жерленген адамдардың ауқатын көрсетеді [72, 48 б].
Қабір шұңқырының солтүстік бөлігіне жеті ат жерленген. Олар бастары шығысқа қаратылып, кейбіреуі оң, кейбіреуі сол жамбастарына жатқызылған. Бес жүгендегі ауыздық темірден, екі жүгендегі ауыздық қоладан жасалған. Бірақ олардың ешқайсысы толық сақталмаған. Бір жұп сулық мүйізден, қалған төрт жұп ағаштан жасалғаны анықталды. Ағаш сулықтар бір жағдайда ғана түзу, қалған үш жұпта образды болып келеді. Олардың ұштары арқардың бастары, құстар, мысық тектес аңдардың бейнесімен әшекейленген.
Аттың маңдайшасына тағылған әшекей керемет композициядан тұрады, мұнда бір-біріне қарама-қарсы екі үйрек және мүйізді, құлақты жыртқыш барс суреттелген. Жыртқыш екі үйректі тістерімен тістеп тұрған секілді. Басқа маңдайшалар дөңгелек пішінді, үлкендерінің диаметрі 7 см, кішілерінің диаметрі 4,2 см ойып салынған лотос тәрізді суреті бар.
2-ші Пазырық қорғаны б.з.б. V ғ. мерзімделеді [73, 178 б].
Үшінші Пазырық қорғаны биіктігі 2,60 м, диаметрі 36 м тас үйіндіден тұрады. Тас үйіндінің астында қабір шұңқыры. Шұңқыр түбінде қарағай бөренелерден жасалған қос қабырғалы қима таған. Қима тағанның ішкі қабырғаларының көлемі ұзындығы 3,38х3,53м, ені 1,83х25,18 м. Қиманың едені тілінген 14 қалың тақтайдан салынған. Қима қабырғаларының арасы тас сынықтарымен толтырылған. Солтүстік және оңтүстік қабырғаларды бойлай үш-үштен жоғарғы жағы үңгілген тіреулер қойылған. Бұл үңгілген ойықтарға ауыр бөренелер көлденеңінен қойылған. Бөренелер ауыр тастарды көтеріп тұру үшін қойылса керек. Осы жаппалардың үсті қарта жоңышқаның (курилский чай) қабатымен, оның асты самырсын қабығымен, содан соң қалың етіліп қайыңның қабығымен төселген.
Қима төбесінің сырты он бес бөренеден, ішкі төбесі он сегіз бөренеден тұрады. Үшінші қорғанның қима тағанының ерекшелігі оның төбелерінің арасында 0,5 м бос кеңістіктің болуы. Қима тағанның оңтүстік қабырғасын бойлау астау-табыт қойылған. Табыттың ұзындығы сыртынан 3,25 м, ішінен 2,75 м. Ол көп жылдық жуан самырсыннан тұтас күйінде ойылып жасалған. Мұнда ұзын бойлы, егде жастағы ер адамның сүйегі жерленген. Қайтыс болғаннан кейінгі жасалған трепанация іздеріне қарағанда адам денесінің мумияланғанын білеміз [71, 448 б].
Жерлеу камерасында өгіз мүйізінен жасалған дабылдың қалдықтары, астары жұқа киізден тігілген тері шлем, ағаш жастық, 24 жебенің ағаштары, киімнің тері және мата қалдықтары, оюланған суреті бар тікбұрышты жібек әмиян табылды.
Қабір шұңқырының солтүстік бөлігінде 2,25х5,30 м ауданды алып жатқан аттардың мәйіттері табылды. Аттар қалың етіп төселген курил шайының қабатына жатқызылған. Барлық он төрт ат маңдайларынан ұрып өлтірілген. Қайтыс болған адамды о дүниеге жеткізетін бұл аттар бастарымен мойындары арттқа бұрылып, алдыңғы және артқы аяқтары бүгілген күйінде бірнеше қатар етіп жатқызылған. Аттар жерленген жерден ертоқымдар, жүгендер табылды. Аттардың әшекейлері мүйізден және ағаштан жасалған. Мүйізден жасалған әшекейлер қызыл түске боялған, ағаштан жасалған бұйымдар алтын жапырақшалармен қапталған. Әшекейлердің көп бөлігі аң стилінде безендірілген [74, 207 б].
Төртінші Пазырық қорғаны. Пазырық қорымындағы 4-ші қорған айтарлықтай кіші көлемде. Оның диаметрі 24 м, топырақ қабатынан биіктігі 1,40 м. Бұл ескерткіш ерте заманда тонауға ұшыраған. Тас үйіндіден 4 м төменде бір қабат қабырғадан тұратын қима тағаны бар қабір шұңқыры. Ішкі қабырғаларының көлемі 2,14х3,75 м, қима биіктігі 1,20 м. Қима тағанның бөренелі төбесі көлденеңінен жатыр. Ал оның үстіне бір қабат қайың қабығы төселген. Бөренелер мен айтылған қайың қабығының арасынан курил шайының қалдықтары табылған. Қима қабырғалары мен қабір шұңқырының арасы тас сынықтарымен толтырылған. Жерлеу камерасының оңтүстік бөлігінде көп жылдық самырсыннан ойылып жасалған екі табыт-саркофаг қойылған. Көлемі жағынан үлкен саркофаг-табытта басы шығысқа қаратылған, сол жамбасына жатқызылған жасы егде тартқан ер адамның сүйегі жерленген. Екінші кіші табытта басы шығысқа қаратылған, арқасына жатқызылған жасы 15-тер шамасындағы қыз баланың сүйегі жерленген. Екі адамның да бас сүйектеріне қайтыс болғаннан соң трепанация жасалған. Жерлеу камерасынан ағаш үстелдің екі аяғы, ағаш жастық, үстелдің қақпағы, ойылып қызыл түске боялған марал мүйізі, бірнеше моншақтар, ұзындығы 1,41 м бұтақтары тепкішек етіп жасалған ағаш саты табылды [13, 188 б].
Қабір шұңқырының солтүстік бөлігінен жерленген аттар қазылып алынды. Мұнда он төрт ат жерленген. Аттардың ертоқымдары түгел дерлік шіріп кеткен. Тек олардың кейбір әшекейлері ғана сақталған. Мысалы: ілдіргілер, сулықтар, қамшы, белбеу қалдықтары. Әшекейлер алтын фольгамен қапталған.
Бесінші Пазырық қорғаны көлемі жағынан ең үлкені. Оның биіктігі 3,75 м, диаметрі 42 м. Тас үйіндінің астында қабір шұңқыры бар. Қабір шұңқырының көлемі 6,65х8,25 м. Шұңқыр түбінде қос қабырғалы, бөренелі қима таған орнатылған. Қима тағанның едені тілінген 13 тақтайдан, төбесі 18 бөренеден тұрады. Қабырғаларының аралығы бос. Қима төбесі көлемі 5,2х8,2 м екі қабатты қайың қабығымен жабылған. Оңтүстік және солтүстік қабырғаларды болай үш-үштен жоғарғы жағы үңгілген тіреулер қойылған. Бұл үңгілген ойықтарға ауыр бөренелер көлденеңінен қойылған. Қиманың қабырғаларының іш жағына жұқа киіз кілем ұстатылған. Киіз кілем жоғарғы жағынан қабырғаға қағылып, төменгі жағы екі жерінен ағаш қазыққа ұстатылған [75, 11 б].
Ұзындығы 5 м, биіктігі 0,5 м көп жылдық жуан самырсыннан тұтас күйінде ойылып жасалған астау табытта бірінің үстінде бірі екі адамның сүйектері жатты. Ер адамның сүйегі басы шығысқа қаратылып, арқасынан жатқызылған, оның үстіне тонаушылардың ісі болуы керек басы шығысқы қаратылған, арқасына жатқызылған әйел адамның сүйегі. Екі адамның да денесі мумияланған. Трепанация жасалған бас сүйектерінен милары алынып тасталған. Кеуде қуыстары ашылып, іш құрылыстары алынған. Одан басқа кеуде, қол, аяқтарындағы арнайы тілінділерден бұлшық еттері алынып, тек тері мен сүйек қалдырылған, мойын, кеуделеріне тиісті пішін беру мақсатында жылқының қылы толтырылған. Осы жасалған операциялардан соң барлық кесілген жерлер жылқының қылшығынан есілген жіппен тігілген.
Жерлеу камерасынан өгіз мүйізінен жасалған екі бөлікке бөлініп қалған дабыл, хор-хор шегуге арналған бесаяқтың ағаш сынықтары табылды. Қабір шұңқырының солтүстік бөлігінде тоғыз аттың сүйектері, екі кілем, арбаның бөлшектері қазып алынса, шығыс бөлігінен тағы да жеті жылқының сүйектірі анықталды [76, 88 б].
Жылқылар жерленген бөліктен ер, жүген, кеуде және құйрық белбеулерден басқа әр аттың астынан тоқымдар табылды. Ауыздықтардың бәрі темірден жасалған. Бір аттың жалына тері қап кигізіліп, тері мүйіз жасалған, қызыл түске боялған маскасы болғаны анықталды. Қабір шұңқырының солтүстік бөлігінен бүтін бөренеден жасалған саты, арба дөңгелектері, күйме дөңгелектері, атты арбаға қосу үшін қажет құралдар, ішіне марал жүні салынып жасалған төрт аққудың бейнесі, түрлі-түсті барқыт кілем және үлкен (4,5х6,5 м) киіз кілем табылды. Тоқымдар ердің астынан 1 м-ге дейін шығып тұратын ұзын әрі кең киізден бастырылған. Тоқымдарға түсті киізден оюланып жасалған жапсырмалар, төмен жағына шашақтар жасалған. Сондай-ақ олардың жан-жағына сарлық қылшықтарынан төгіліп тұратын бахромалар бастырылған [76, 119 б].
Жылқылар жерленген камерадан жеңіл, төрт дөңгелекті арба табылды. 5-ші Пазырық қорғаны б.з.б. V ғ. мерзімделеді.
Қазақстанның қиыр шығысындағы Өр Алтай – ел аузында жыр болып жырланған, ән болып шырқалған жер жаннаты. Қатон-Қарағай осы асқақ Алтайдың алтын алқасы іспетті. Бұл аймақ ежелден барша түркі жұртының кіндік отаны, ақ жайлау ата-қонысы болғаны да аян. Түгін тартсаң майы шыққан, ағашынан бал тамған қазақтың қасиетті мекені. Орманы нулы, өзені шулы, бұлағы шипалы, ауасы дауалы киелі де әсем жерұйық. Сонымен бірге, Қатон-Қарағай археолог-ғылымдарды табындырған көне тарихтың көзі болып отыр. Кешенді ғылыми зерттеулер жүргізілген Берел обалары әсем таулы жазықтықта, үшінші террасада орналасқан. Бұқтырма жазығының шекарасы Бұқтырма өзеніне құятын Ақ Берел (Ақбұлқақ), Бұланты (Сохатушка немесе Хансу) атты тау өзендерінің аралығы. Ал шығыстан және батыс шекарасы Бітеу, Кемпіртау тауларымен аяқталып, таулар аралас орман (қайың, қарағай, самырсын, және т.б.) жайылымды өсімдіктермен көмкерілген. Жазықта қорғандар мен самырсын мен қайың өскенін байқауға болады. Табиғат бұл өңірде аста-төк құт дарытып, оны жер асты байлықтарымен, көздерімен, әр түрлі аң-жануарлармен, сан қилы өсімдіктермен жарылқаған. Бұның бәрі адамдарға ежелден белгілі еді. Сонау есте жоқ ескі замандардың өзінде адамдар жыл бойы жайылымға жарамды топырағы құнарлы жазық жерлерге қоныс теуіп, аулайтын аңға бай ормандарды игеріп, балығы тайдай тулаған өзендер мен көлдерді жағалай орналасып, тау қойнауларынан мыс пен қалайыға және алтын мен күміске бай кен орындарын таба білген. Осылайша, Еуразия құрлығындағы мәдени диффузиялар түйіскен тұста орналасқан адамдар тіршілігіне ерекше қолайлы бұл өңірдің табиғи-ландшафттық кешенінің жер асты байлықпен үйлескен өте ыңғайлы географиялық жағдайы мыңдаған жылдардың тоқтаусыз тізбегіне жалпы адамзаттық тарихи айтарлықтай байытқан бірегей мәдени құндылықтар жүйесін жасауға игі септігін тигізді [78, 35 б].
Қазақ Алтайында б.з.д. І мыңжылдықтың ортасында және екінші жартысында орын алған мәдени-тарихи процестері қалпына келтіруде көшпелілер ақсүйектерінің жерлеу орындарында аса көркем бұйымдар – скиф-сібір аңдық мәнеріндегі ежелгі көшпелілер өнеріне тән ерекше мәнерде жасалған дүниежүзіне мәшһүр Берелдік қорғандардың материалдары елден ерек.
Микроауданның табиғи-ауа райлық ерекшеліктеріне орай ірі тастардан тұрғызылған кейбір қорғандардың астында тоңазу линзасын құрайтын белгілі бір жағдайлар жасалған, сондықтан жерлеу камераларында көшпелі сақ ақсүйектеріне о дүниеде серік болуға тиісті заттар-киімдер, ат, ат әбзелдері мен ағаш бұйымдар, ертоқым мен маталар, ағаш ыдыстар мен тері және киізден жасалған бұйымдар едәуір жақсы сақталған. Бұндай ескерткіштердің бірегей ерекшеліктері осында.
Қазақ Алтайының ерте көшпелері жайлы мәліметтердің барлығы дерлік археологиялық зерттеулер нәтижесінде пайда болады. Сонымен қатар, Алтайдың табиғатына сәйкес мәңгілік тоңданған обаларды қазуға мүмкіндік береді. Көшпелілердің алтын ұясы – Алтай туралы О. Бөкеев: «Ағызған сары алтынды тастан Алтай...» – деп бекер айтпаған. Аталмыш өңірде Геродоттың жазбаларында кездесетін «алтын қорығын таздар» тайпасы мекен еткен. Тарих атасы Геродоттың «алтын қорыған тазқаралар (грифы)» деп аталатын алыстағы ел туралы дерегі ғылымда көптеген пікірлер мен болжамдар тудырып келеді. Осының дәлелі ретінде Алтай өңіріндегі обалардан ат әбзелі, қару-жарақ және тағы да басқа құралдар мен әшекей заттардың көркі болған сансыз көп фантастикалық бейнедегі аң мен құс бейнелері табылып отыр. Мұндай қиял-ғажайып бейнелер Еуразия даласының басқа да аймақтарынан және де шектес ежелгі дүние мемлекеттері өңірлерінен де кездеседі. Алайда, Алтай өңірі жазба және археологиялық деректер бойынша да «алтын қорыған тазқаралар» елі екенін баса көрсетіп отыр.
Қазіргі замандағы ғылымда осындай «мәңгілік тоңданған» обалардан алынған материалдар мен адам және жылқы мүрделерінің қалдықтарын молекулярлық биология, генетика, медицина, антропология, палеозоология және т.б. жаратылыстану ғылымдарының ең жаңа жетістіктері арқылы аса жоғары ғылыми деңгейде зерттеп білудің мүмкіндігі бар. Қазақстанда осы тектес ескерткіштерді ашып, кешенді түрде түрде зерттеу жүргізілудің қай жағынан болмасын, мығымдылығы мол, сонымен бірге ол аса маңызды ғылыми әрі практикалық мәнге ие. Себебі, бұл арқылы ең алдымен Еуразиядағы іргелі де ұзақ тарихқа ие қазақ ұлтының энтогенезін, нақтылап айтқанда, қазақ жеріндегі ежелгі тайпалардың генетикалық кодының кейінгі ұрпақтарына ауысыуы мен өзгеріске ұшырауы проблемасын жан-жақтылы зерттеп анықтауға болады. Бұдан сырт, осы заманғы ғылымда археологиялық ескерткіштерді сақтаудың, қалпына келтірудің және зерттеп танудың жаңа әдіс-тәсілдері жарыққа шығып отыр. Бұл да бұрын белгілі және белгісіз болып келген тарихи-мәдени мұрағаттарды жаңа қырынан зерттеп-зерделеп, қазақ мәдениетінің түп төркінін және қалыптасу кезеңдерін одан әрі тереңдей айқындап білудің көкжиегін кеңейте түсер еді.
ХІХ ғ. 60-жылдарында Барнаул аймақтық училищесінің оқытушысы, кейіннен академик атағын алған, В.В. Радлов Қазақ Алтайында алғашқы ғылыми экспедициямен екі үлкен қорғанда және бес кіші қорғанда ауқымды қазбалар жүргізген. Оның бірі Бұқтырма өзенінің бойы, Берел жазығындағы және Қатон өзенінің бойында Қотанда ауылының ауылының маңындағы бұл қорғандар б.з.б. көшпелі ру басыларының бай зираттары еді. 1865 жылы В.В. Радловтың есептерінен ешбір сызба-суретсіз, қорғанның орналасуы, құрылысы, табылған заттар сипаттамасы қысқаша бірнеше мақалада жарық көреді. Үлкен Берел қорғанынан табылған заттар Археологиялық комиссияның сараптамасын өтіп, кейіннен Мәскеудегі публицистикалық мұражайға қойылды. Қазір Мәскеу Мемлекеттік Тарихи мұражайда сақтаулы (54660, 54746). 1884 жылы Лейпцигте В.В. Радловтың, жетінші тарауы 1865-1866 жылдардағы экспедициялық зерттеулерге арналған,»Aus Sibirien»атты еңбегі жарық көреді. Кейіннен, А. Бобринскийдің жетінші бөлімнің орыс тіліндегі аудармасы шығады [77, 15 б]. Кеңес үкіметі кезінде ғылым алдында археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін үлкен мүмкіндіктер ашылып, Алтай жеріндегі ерте көшпелілер дәуірінің қорғандары жүйелі түрде зерттеле бастады.
ХХ ғ. 20-жылдары В.В. Радловтың материалдарына М.П. Грязнов Бірінші Пазырық қорғанының материалдарымен салыстырып, қорымның мерзімделуі мен жерле мазмұнына мән бергендей болады (78, 28 б).
1935 ж. С.С. Черников басшылық еткен КСРО ҒА ЛАИИМК-ның Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясы мен Қазақ КСРО-ның ҒА экспедициялары Калбин және Нарын тау жоталарында археологиялық барлау жұмыстары мен көне қалайы, алтын, мыс кен орындарында зерттеу жұмыстары жүргізілді [75, 62-64 б].
С.И. Руденко мен С.С. Сорокин ХХ ғ. 50-жылдарында бұл зерттеулерді жалғастырып, жергілікті аймақтың сызба карталарын түсірді (қосымшалар). 1959 жылы С.С. Сорокиннің басшылығымен Мемлекеттік Эрмитаждың Оңтүстік Алтай археологиялық экспедициясы құрылады. Бұл экспедициясының ең басты мақсаты көшпелі дәуір өнерінің гүлденуі мен құлдырауын көрсететін материалдар жинау болды. Алғашқы құрылған жылдары экспедиция үлкен Берел қорғанындағы жұмыстарды жалғастыру, сонымен қатар Берел жазығында бірнеше нысандарда қазба жұмыстарын жүргізуді мақсат етті. 1956 ж С.С. Сорокин жетекшілік еткен археологиялық экспедиция үлкен Берел қорғанын соңына дейін зерттеді. 1865 және 1959 жылдары экспедициялар жұмысының нәтижесінде үлкен Берел қорғаны Пазырақ қорғандар тобына кіретін мәдениет екені анықталды. Нәтижесінде, көптеген жылдардың археологиялық есебі ретінде С.С. Сорокиннің «Большой Берельский курган (Полное издание материалов раскопок 1865 и 1959 гг.)» атты мақаласы жарық көрді [80, 70-72 б].
Шекаралас аймақтарда 1911 ж. А.В. Адрианов Шығыс Қазақстан облысы Майемер жазығында, Нарын өзені бойындағы көне көшпенділер дәуірінің бірнеше қорғандарын қазды. Сонымен қатар, Бұқтырма өзенінің жоғары ағысындағы Черновая ауылы маңында да қазба жұмыстарын жүргізді [78, 9-72 б].
1985-86 жж. А.М. Оразбаев басшылық еткен ҚазМУ-нің Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясы барлау және зерттеу жұмыстарын Қатон-Қарағай ауданындағы Черновая қорымында жалғастырды (80, 70 б).
Революцияға дейінгі және Кеңес дәуіріндегі зерттеулер, әрине, аздық етті, сонымен бірге, материалдық-техникалық жабдықталуы әлсіз болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін, Алтай тау тізбегінің оңтүстік-батыс бөлігінде жатқан, жан-жағынан тау жоталары қоршаған ерте темір және түркі дәуірінің жетпістен астам обалары шоғырланған Берел аңғары да осы мәдениеттің бір тармағына жатады. 1997-99 жж. ҚР БҒМ-нің Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институты, Ресей Федерациясының Мемлекеттік Эрмитажы, әл-Фараби атындағы Қаз-МУ, РФ-ның Камеров мемлекеттік универстеті және Францияның ғылыми-зерттеу ұлттық орталығының бірлескен археологиялық экспедициясы Шығыс Қазақстан облысы Қатон-Қарағай ауданында Майемер, Берел, Тар-Асу қорымдарында жаңа археологиялық зерттеу жұмыстарын бастады. Мұндағы З. Самашев бастаған Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясының кешенді зерттеу жұмыстары 1998 жылдан бері үзілмей жүргізіліп келеді. Осы уақыт аралығында ежелгі көшпелілердің №№11, 18, 31, 32, 34, 36, 71, 23, 10, 9, 4, 72, 73, 74, 75 және т.б. обалар қазылды. Әлемге әйгілі №11 обадан әйел мен еркек мүрделері, қосып жерленген 13 жылқы мүрдесін, сонымен қатар, түрлі аңдық мәнерде жасалған бұйымдар т.б. заттар табылды. Осы зерттеулер кешенді түрде жалғасып, жыл сайын далалық экспедиция ұйымдастырылады. Қорым 4 обалар тобынан, СБ-ОШ бойы сызығымен, тас үйіндісімен және әр түрлі көлемде сипатталатын 70-тен астам қорғандар тұрады. Үлкен Берел обасының қатарындағы ірілі-ұсақты қорғандар бір топты құрайды. Қазіргі таңда Берел, Майемер, Қарақаба қорымдарына археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, жан-жақты жаратылыстану ғылымдарының көмегімен зерттелу үстінде [89, 7-14 б].
Қорытындылай келе, бүгінгі таңда пазырық қоғамының әлеуметтік құрылыс, жерлеу рәсімдерінің элементтерін кешенді сараптау негізінде жақсы зерттелінген. Қоғамның әлеуметтік сатыларын анықтаудың негіздемесі жасалынған. Келесі шешімін күтіп тұрған мәселелер санатына нақты қорымдар бойынша палеодемографиялық сараптама жасау және пазырық қоғамының саяси тарихын сол замандағы нақты тарихи-мәдени жағдайында қарастыру кезегін күтіп тұрған негізгі мәселелердің бірі болмақ. Соған қарамастан соңғы он-он бес жыл көлеміндегі зерттеулер жаңа тың дәйекті тарихи тұжырымдардың түзілуіне игі ықпал етуде.