Бірінші Ақ-Алаха қорымы көлемі әр түрлі 5 қорғаннан және 1 ғұрыптық кешеннен тұрады. Ресей Федерациясының Қазақстанмен шекарасындағы Ақ-Алаха шекара заставасынан 15 шақырым батысқа қарай орналасқан. Бұл қорым 1990 жылы Н.В. Полосьмактың жетекшілігімен ашылыды. Бұл қорымдағы ең ірі ескерткіш № 1 қорған. Зертеуге дейін жер бетінен сәл биіктеу тегіс төмпешікті ұсақ тастардың үйіндісі болатын. Үлкен тастар тек орталық бөлігінде ғана байқалды. Онша терең емес шұңқырдың диаметрі 3 м. Қорған еденін қатты шөп басып кеткен. Қабір шұңқыры 4,80х4,75 м көлемде, 2,60 м тереңдікте. Тоң қабаты материктен 0,50 м тереңдіктен басталды. Қабір шұңқырының тереңдігі 2,90 м болғандықтан мұз тез ери бастады. 1,80 м тереңдікте қиманың үстіңгі бөренелері көрінді [71, 461 б].
Қима тағанның ішкі жағында Пазырық қорғандарындағыдай жерленген аттар табылды. Көлемі 3,70х0,90 м камерада 9 ат жерленген. Олардың тері, жүн, өрілген құйрықтары жақсы сақталған. Барлық аттар маңдайларынан чеканмен ұрып өлтірілген. Мұндай тар камераға 9 атты сыйғызу қиын, олар 2 ярусқа қойылған. Жеті аттың басы батысқа, екі аттың басы шығысқа қаратылған. Аттардың тістеріне қарап И.Е. Гребнев бұл жерлеудің көктемде болғанын мәлімдеді.
Аттар салтанатты әшекейлерімен қойылған. Жүген әшекейлерін ұзын мойынды грифондар құрайды. Екі аттың әшекейлері аққу немесе қаздардың бейнелерінен жасалған. Әшекейлер ағаштан ойылған. Олар бірін-бірі қайталамайды [77, 179 б].
Қару-жарақтардан ат ертоқымдарының астында қалқандар жақсы сақталған. Олар ағаш таяқшаларды теріге орналастыру арқылы жасалған. Көлемі жағынан қалқандар кіші 28,5х37,5 см.
Қима тағанның ішіне табыт астау орналастырылған. Ол қайыңның қалың қабығымен жабылған. Жерлеу камерасы түгел мұз қабатымен толған. Оңтүстік бөлікте екі табыт орналасқан. Біріншісінің ұзындығы 2,70 м, екіншісі 2,60 м. Екінші табыттың қақпағында тұтқалары бар. Мұздың әсерінен олар қисайып, пішінін жоғалта бастаған. Бірақ, алғашқы қалпында аса жоғары шеберлікпен жасалған. Жерлеу камерасының солтүстік-шығысында тамақ салынған ыдыс, екі қыш құмыра, екі қысқа аяқтары бар ыдыс, мүйізден жасалған екі ыдыс табылды. Табақтарға қойдың құйрық бөлігі мен құлынның жамбас сүйектері салынған [34, 125 б].
Үлкен табытқа ер адамның сүйегі қойылған. Жасы 45-50-лер шамасында, европеоид типтес. Басы солтүстік-шығысқа қаратылған, қолдары бүгілген, аяқтары созылған, оң жамбасына жатқызылған. Басына ағаш жастық жасталған. Мойнына ілінген тұмарда ағаштан ойылған екі барстың бір-біріне қарап ауыздарын ашып тұрған бейнесі, олардың ауыздарының арасында бұғының басы көрінеді. Оң құлағына жапырақ пішіндес сырға ілінген. Бас сүйегінде тік, қара шаштары сақталған. Мойнында 14 дана қызыл түске боялған, ұшына киіз домалақтары ілінген бау бар. Беліне тарағы тағылған. Оң жақ аяғының тұсында чекан қойылған, оң жақ бүйірінде темір қанжар, сол жақ аяғының тұсында садақ, бірнеше жебе ұштары. Жерленген адамда алты бөліктен тігілген қызыл шалбар, киіз аяқ киімнің қалдықтары сақталған.
Екінші табытта оң жамбасына жатқызылған басы солтүстік-шығысқа қаратылған, жасы 16-лар шамасында, европеоид типтес қыз бала жерленген. Оның да басына ағаш жастық жасталған. Бас киімінің кейбір бөлігі ғана сақталған. Оның ұшында құстардың ағаштан жасалған бейнелері алтынмен қапталған үшке бөлініп өрілген ұзын шашы бар. Қыздың құлағында ағаш сырға, мойнында қасқыр бейнесі бар тұмар. Кеуде тұсында ер адамдікі сияқты киіз домалақтар ілінген 5 бау. Жамбас сүйегі тұсында 34 дана теңіз кауриі қабықтары, екі ағаш түйме, қола айна сақталған. Оң жақ бүйірінде темір қанжар, сүйектен жасалған 7 жебе ұшы. Әйел адамның киімдерінің жұрнақтары ғана сақталған. Теріден, жүннен тігілген аяқ киім жұрнақтары да бар [78, 170 б].
Үшінші Ақ-Алаха қорымы 1-ші Ақ-Алаха қорымынан шығысқа қарай 3 шақырым жерде орналасқан. Бұл қорым 1994 жылдан бері зерттеліп келеді. № 1-ші қорғанның диаметрі 18 м, тас үйініндінің биіктігі 0,50 м. 1м тереңдікте жерленген аттардың сүйектері көріне бастады. Мұнда үш ат жерленген. Олардың екеуі қабір шұңқырының солтүстік қабырғасына бірінен соң бірі бастары шығысқа қаратылып, сол жақ жамбастарына жатқызылған. Алдыңғы аяқтары жартылай, артқы аяқтары қаттырақ іштеріне қарай бүгілген. Енді бір жылқы батыс жақ қабырғаға ішімен жатқызылған. Оның да басы шығысқа қаратылып, аяқтары жамбас сүйегінің астына жиналған. Әшекей бұйымдары жақсы сақталмаған, тек бұйымдардың қалдықтарына қарағанда олардың жүгенделген, ерттелген екенін анықтауға болады [78, 126 б].
Аттардың сүйектерінің астынан тас құрылыс көрінеді, тас жәшіктің оңтүстігіне қосымша құрылыс жалғанған. Ол үшбұрышты пішінде тас плиталармен қаланған. Мұнда тонаушылар тиіспеген ыдыс сынықтары, екі темір пышақ, жылқының қабырға және омыртқа сүйектері табылды.
Қабір шұңқыры көне заманда тонауға ұшыраған. Тонаушылар тас плиталарға кезіккен соң оларды жылжытып ішке үңгіп кірген. Осы үңгілген қуыстан адам киіміне тігілген әшекей бұйымдардың элементтері кездеседі [79, 110 б].
Тонауға ұшырау салдарынан бұл ескерткіштегі артефактар жақсы сақталмаған. Қалдықтарды зерттеу нәтижесінде ежелгі Алтай көшпенділерінің жоғарғы дәрежелі мәдениет иесі болғанына толық көз жеткіземіз.
Таулы Алтайдағы тоң басқан қорғандардың бір бөлігі аталған облыстың Қарақол өзенінің Урсул өзеніне құятын тұсындағы Укок үстіртінің Башадар жазығына орналасқан. Башадар қорымында 60-қа жуық қорғандар есепке алынған. Біз солардың екеуіне тоқталып өткенді жөн көрдік.
Бірінші Башадар қорғаны. Аса ірі көлемдегі бұл қорған тас үйіндіні қоса есептегенде биіктігі 10 м, диаметрі 70м.
Тас үйіндінің астындағы қабір шұңқырының көлемі 40 шаршы метр. 6 м тереңдіктегі шұңқыр түбінде жуан бөренелерден құралған қабырғалары бір қабатты қима таған қойылған.
Қима тағанның оңтүстік және солтүстік қабырғаларын бойлап жоғарғы жағында крест тәріздес ойығы бар үш бағана қойылған. Ойықтарға көлденеңінен жуан бөренелер қойылып, олардың үстіне жіңішке бөренелер қатар-қатар төселген [34, 140 б].
Қима тағанның ішіне астау табыт орнатылған. Астау табыт көпжылдық бүтін қарағайды ойып жасалған. Табыт ішінен басы шығысқа қаратылып, арқасына жатқызылған жас жігіттің мәйіті табылды. Бас сүйегіне трепанация жасалған із бар. Сондай-ақ, қол, аяқ сүйектерінде бальзамдау үшін консервант сұйықтықтарды енгізуге арналған тесіктер тесілген.
Қабір шұңқырының солтүстік бөлігіне аттар жерленген. Олар әшекей бұйымдармен сәнделген, әбзелдермен жабдықталған.
Бірінші Башадар қорғанының қабір шұңқырын зерттеу барысында алтын әшекейлер, жібек матаның қалдықтары табылған.
Сондай-ақ, қабір шұңқырының оңтүстік қабырғасы тұсынан мүйізден жасалған тоғыз дана жебе ұштары, екі қыш ыдыс алынды [78, 143 б].
Екінші Башадар қорғанының биіктігі 7,5 м, диаметрі 65 м.
Тас үйіндінің астындағы қабір шұңқырында жуан бөренелерден құралған, қабырғалары бір қабатты қима таған қойылған. Қима тағанның еденіне қалың тақтайлар төселген. Қима тағанның төбесіне қырықтан астам қабат қайыңның қабығы төселіп, оның үстіне антисептикалық қасиетке ие қарта жоңышқа (курильский чай) салынған [71, 310 б].
Қима тағанның ішіне екі астау табыт қойылған. Олар көп жылдық самырсын ағашын үңгіп жасалған. Астау табыт ішіне ер адам мен әйел адамның мумияланған денелері жатқызылған.
Астаудың бетін жапқан тақтайға бірінен соң бірі тізбектеліп келе жатқан жолбарыстар бейнесі ойып салынған. Сол жақтағы ең соңғы жолбарыс бейнесінің астына бұғы бейнеленген. Саркофаг қақпағының бетіне ойылып бірінен соң бірі жүріп келе жатқан төрт жолбарыс, екі қабан, үш тау ешкінің бейнелері салынған.
Қабір шұңқырының солтүстік бөлігіне бірнеше қатар етіліп аттар жерленген. Олар әшекей бұйымдармен сәнделген, әбзелдермен жабдықталған.
Екінші Башадар қорғанынан екі жұп ер адамның аяқ киімінің қалдықтары, әр түрлі төрт белбеудің бөліктері, қылшықты кілем қалдықтары табылды [81, 230 б].
Бірінші Башадар қорғаны б.з.д. ІV ғасырдың екінші жартысы, екінші Башадар қорғаны б.з.д. ІІІ ғасыр деп белгіленеді [27, 418 б].
Сақ тайпаларының жерлеу ғұрыптары андроновшылардың жерлеу ғұрыптарынан өзгешелеу. Қола дәуірі ескерткіштеріне мәйітті тас жәшіктерге жатқызып, тас плиталармен қоршау тән болса, Алтай тауларын мекендеген сақ тайпаларына топтық қорғандар мен тас және топырақ үйіндісі биік обалар тән. Үйіндінің биіктігі мен оба диаметрі жерленушінің беделі мен қоғамда алған орнына сәйкес болса керек.