Дәріс № 1. БАҚ тілі мен стилі пәнінің мақсаты мен міндеттері
1. Баспасөз тілінің жалпы мәселелері
2. Баспасөз тілі – жазба тіл. Әдеби тіл. Тілдік норма
3. Жалпыхалықтық тіл және оның формалары
Баспасөз тілінің жалпы мәселелері
БАҚ тілі мен стилі пәнінің мақсаты: Баспасөз – қай заманда болса да қай кезеңде де қоғамға қызмет ететін өзіндік рөлі бар ақпараттар ағыны. Ал қазіргідей әлемдік ақпарат жүйесінде ең алдымен баспасөздің жеделдігі, нақтылығы, мазмұндағы, дәлділігі басты рөл атқарады. Қоғамда болып жатқан әр алуан, ірілі-ұсақты оқиғалар туралы дер кезінде оқырмандарына мәлімет жеткізу міндетін атқаратын мерзімді басылым, уақыт өте келе баға жетпес құнды деректер көзіне айналды. Халыққа болған оқиға туралы жедел ақпарат таратқан мерзімді басылым, сол оқиға туралы өз бойына қажетті мағлұматтар да жинайды, сөйтіп уақыт өте келе өзі де тарихи дерек көзі ретінде ғылымдарға қызмет етіп, оқиғалардың кейбір қырларын ашуға көмектеседі. Осы ретте, баспасөз тілін зерттеу мәселесі, тарихына зер сала отырып мәтін лингвистикасына тигізер әсерін қарастыру - «ХХ ғасырдағы баспасөз тілі» курсының негізгі мақсатын айқындайды.
Міндеттері: Қазақ баспасөзінің даму, зерттелу тарихына қысқаша шолу жасау;
- Қарастырып отырған кезеңдегі қазақ баспасөзі, баспасөз тілінің дамуына әсер еткен факторларды анықтау;
- Қазақ баспасөзі лексикасын тақырыптық-семантикалық топтарға бөліп қарастыру;
- Қазақ баспасөзі лексикасының жасалу тәсілдерін анықтау;
- Қазақ баспасөзндегі әдеби тілдің қызметін кеңейтіп, тіл мәдениетін арттырудағы рөлін анықтау.
Қандай қоғамдық құрылыс, саяси жүйеде болсын, оның даму тарихында бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) ролі өте зор. Өйткені қоғамның саяси-әлеуметтік, рухани-экономикалық өмірін күнделікті ақпарат тарату қызметінсіз көзге елестету мүмкін емес. Ал бұқаралық ақпарат құралдарының арасында теледидардың, баспасөздің қызметі қоғам үшін өлшеусіз екені белгілі. Себебі, теледидар арқылы берілетін бағдарламалар қоғам өміріндегі өзгерістерге уақытымен үн қоса отырып, сан мыңдаған көрермендермен тікелей жүздесіп, оның рухани ой санасына қозғау салып зор ықпал етеді. Яғни, тележурналистер теледидар хабарлары арқылы өмірдегі құбылыстарға баға бере отырып, оларға талдау жасайды, кемшіліктерді жою жолдарын ұсынады, пікірлердің тууына ықпал етеді, бұл ретте баспасөздің де маңызы зор. Демек, бұқаралық ақпарат құралдарының ақпарат тарату көзі ғана емес, күн өткен сайын халықтың, мемлекеттің саяси, қоғамдық мінбесіне айналғандығына көз жеткізуге болады. Халықтың күнделікті өмірімен етене араласа өмір сүріп келе жатқан теледидар көрермендерін ақпаратпен жедел қамтамасыз етуші, демократиялық үрдістер мен жариялықты қалыптастырушы негізгі фактор деп айтуымызға болады. Сондықтан да уақытпен бірге өзгеру, жаңарулар үстіндегі теледидардың атқаратын функциялары мен принциптеріне, хабарлардың түрі мен көлемі, жанр түрлеріне талапқа сай ұстанымдар қажет. Баспасөз үшін қойылатын талаптар орасан зор. Қазіргі қоғамда ақпарат жеткізу құралдарының негізгілерінің бірі – баспасөз болып табылады. Яғни, белгілі бір мемлекетте теледидар болсын, баспасөз болсын сол елде өмір сүретін халқына нақты, терең зерттеліп талданған ақпараттарды беріп өз көзқарастарын жеткізуі тиіс. Бұл жөнінде еліміздің президенті: «Бізде телевизия мен радио қазіргі техникалық дәрежеге ие болып, тез дамып келеді. Олар информацияның біздің адамгершілік байлықтарымыз бен мәдениетімізді насихаттау мен арттырудың әмбебап құралы ретінде өмірге берік енеді. Теледидар құрылымдық-функционалдық аспект. ХХ ғасыр-автомобиль, компьютер атом ядросының азайтылған, космостық кеңістіктің игерілген ғасыры. Шындығында жоғарыда аталған ғылыми техникалық революцияның көптеген жетістігінің бірде-бір бүкіл адамзат тұрмысының ұғымына тез сіңген жоқ. Оның түбегейлі дамуына да әсер еткен жоқ. Ал теледидар көрсетілімі яғни көпшілікке арналған бұл жаңалық бірден адамзатты баурап алды. Мұнда жақсылық жағына қарай өзгеріс жасалғаны анық байқалып тұр».
Бүгінгі өмір сүріп отырған кезеңіміз ғылым мен техниканың дамып-жетілген кезеңі. Бұл құбылыстың дәлелін біз бүгінгі бұқаралық ақпараттарды тарату құралдарының пәрменділігінен көруімізге болады. Қазіргі кездегі бұқаралық ақпарат құралдарының оқылатын (визуалды) мерзімді басылымдар, тыңдалатын (аудиалды-радио), әрі тыңдауға, әрі көруге болатын (аудиовизуалды-теледидар, деректі кино) болып үшке бөлінеді. бұлар бір бірінен тек коммуникативті құрылымдарымен ғана ерекшелінеді, ал функционалдық құрылымдары бір-біріне ұқсас. Бұқаралық ақпарат құралдарының, соның ішінде электронды БАҚ құралдарының бүгінгі күні ана тіліміздің дамуына тигізер әсері мол. Қазіргі қоғамдық өмірдегі ең пәрменді бұқаралық насихат құралдары-радио, телевизия, газет болса осылардың бүгінгі таңда тілдік тұрғыдан зерттелуі тең дәрежеде емес екендігін баса айтып кетуімізге болады. Бұқаралық ақпарат құралдарының ішіндегі лингвистикалық тұрғыдан ең көп зерттелген сала деп мерзімді басылымдар тілін айтуға болады. Мұның себебі БАҚ құралдарының ішінде қоғам өміріне алғаш енген насихат құралы осы мерзімді басылым. Бұл құбылыс қоғамдағы ғылыми-техникалық революцияның даму тарихына тәуелді. Себебі, қоғам өмірінде алғаш насихат құралдарының қарапайым түрлері пайда болса, біртіндеп олар күрделеніп ақпарат таратудың электронды түрлері радио мен теледидар пайда болды. Ал ақпарат тарату құралдарынан зерттелу жағынан кенже қалып келе жатқан сала ретінде радио мен теледидар тілін айтуымызға болады. Әйтсе де бұл салалардың тіліне лингвистикалық тұрғыдан ғылыми зерттеу жұмыстары болмады деп айтуға болмайды. Қазақ тілінде теледидар тілін арнайы зерттеп жазылған лингвистикалық зерттеу болмағанымен қазақ тілін зерттеуші ғалымдардың тіл білімінің телебағдарламаларға байланысты біраз мәселелерін қозғайтын мақалаларын баспасөз беттеріне кездестіріп келеміз. Бұқаралық ақпарат құралдарының ішіндегі теледидар хабарларының тілі жөніндегі мақалалардың басым көпшілігі 90-жылдардың екінші жартысынан бері қарай көбейіп келеді. Мұның бірінші себебі қарапайым халық өміріне электронды ақпарат құралдарының жақын енуі дәл осы кезбен тұспа-тұс келеді. Екіншіден 20-ғасырдың 90-жылдарынан кейінгі еліміздің егеменді мемлекет болуымен байланысты, ұлттық тіліміздің мемлекеттік мәртебе алуы, себеп болды. Яғни жас мемлекетімізге ұлттық таным, ұлттық көзқарас қалыптастыру үшін төл тілімізде мемлекет саясатын дұрыс бағытқа бұратын ұлттық арналар қажет болды. Ал бұл қоғамда аса маңызды қатынас құралы тіл арқылы, тілдің халықты ақпаратпен қамтамасыз ететін БАҚ-тағы ең пәрменді ақпарат құралы теледидар арқылы жүзеге асатын еді.
Теледидар тілінің зерттелу тарихын айтпастан бұрын біз мерзімді басылым тілінің зерттелуіне тоқталмай кете алмаймыз. Себебі, бұл ақпарат тарату құралдарының бірінші баспалдағы. Яғни, ақпарат таратудың кейінгі құралдары болып табылатын радио мен теледидар тіліндегі ерекшеліктер, сөз қолданыстар осы мерзімді басылымның тіліне негізделіп жасалып отырады. Бірақ бұл жерде біз мерзімді басылым мен электронды ақпарат құралдарының тілі бірыңғай деген ойдан аулақпыз. Олардың қолданыс мүмкіншілігінен, уақытқа тәуелділігінен тілді қолдану ерекшелігі туындап отырады. Мәселен баспасөз бетінде белгілі бір оқиғаға байланысты нақты мақала берілсе, теледидар мен радиода айтылатын ол мәселе берілетін жаңалықтың белгілі бір ғана бөлшегі болуы мүмкін. Сондықтан ол газет бетіндегі мақаладай жан-жақты тиянақтап айтыла алмай ақпарат ретінде ғана беріліп өтуі мүмкін. Мерзімді басылым тілін зерттеуге арналған еңбектерге тоқталатын болсақ лингвист ғалымдар арасында қазақ баспасөзінің тілін алғаш зерттеп еңбек жазған Н.Қарашева болды. Ғалымның ғылыми еңбегінде «Айқап» журналының тілінің грамматикалық ерекшелігіне тоқталды. Бұдан кейінгі баспасөз тілін зерттеуге арналған еңбектерден Б.Әбілқасымовтың әдеби тілді зерттеуге қатысты жазылып, газет тілінің фонетикалық-орфографиялық жүйесіне, грамматикалық ерекшеліктері барынша жан-жақты қамтылып, талданған еңбегін атауға болады. Бұдан кейінгі тіл біліміндегі мерзімді басылым тілін зерттеуге арналған ғылыми сүбелі еңбек ретінде С.Исаевтың 20-ғасырдың 20 жылдарындағы мерзімді баспасөз тілін грамматикалық тұрғыдан олардың жанрлық-стилистикалық ерекшеліктерін аша отырып талдаған әрі тіл мәдениеті мәселелері қамтылған еңбегін танимыз. Сондай-ақ, А.Алдашева «Қазақ лексикасындағы жаңа қолданыстар» (1991) атты кандидаттық диссертациясында 1970-1990 жж. қолданыстарға шолу жасайды.Бұдан кейінгі газет тіліндегі жаңа қолданыстарды талдауға арналған зерттеу ретінде зерттеуші Қ.Қадырқұловтың еңбегі екенін айтуға болады.
Жекелеген газеттер бойынша «Қазақ» газетіндегі қоғамдық-саяси лексиканы жүйелеген Б.Момынованы атасақ, О.Бүркітовтың «Қазақ әдеби тілінің публицистикалық стилі» (Алматы, 1996) атты кандидаттық диссертациясын әдеби тіліміздің стильдік тармағына арналған жаңаша бағыттағы еңбек деп айта аламыз. Қазақ тілді газеттердің құрылымы мен жүйесіне арналып жазылған Б.Момынованың «Газет лексикасы» (жүйесі мен құрылымы) атты еңбегі газет құрылымын жаңаша зерттеген докторлық диссертация екенін айта кеткеніміз жөн.
Баспасөз беттеріндегі телехабарлар жөніндегі берілген хабарлардың барлығының дерлік қозғаған мәселелері көгілдір экраннан берілетін хабарлардың тіл тазалығын қамтамасыз ету мәселесі. Мәселен осы мәселе төңірегінде бірнеше жылдар мақала жазып келе жатқан М.Серғалиев «Ой мен сөздің жарасымы» секілді т.б. мақалаларында телебағдарламаны халыққа жеткізуші дикторлардыңтілін шұбарлап сөйлеу, сөзді орынсыз қолдану мәселелеріне сын айтады. Тіл мәдениетін университет студенттеріне оқытудың мәнісін сөз ете отырып М.Серғалиев жаңа сөздердің ең көрінетін орны газет-журнлдар мен радио-теледидар екенін айта келе «Солай бола тұра, радио тілі, телевизия тілі дейтін мәселелер тасада қалып келе жатыр. Саусақпен санарлық газет мақалалары бұл олқылықты тіптен толтыра алмайды, әлі бұл тұрғыдан теориялық та, практикалық мәні бар жайлар толып жатыр. Ондағы жылдар бойы жинақталған материалдар негізінде радио тілінің де, телевизия тілінің де теориясын жасайтын да мезгіл жетті» - деп теледидар тілінің зерттелуге зәру екендігін меңзейтін пікір тудырады.Тележурналистердің экраннан берілетін сөзі жөніндегі ойлары мен баспасөз беттерінде жиі көрініп жүрген белсенді авторлардың бірі С.Шүкірұлының «Біз қалай сөйлейміз?» т.б. мақалалары да тіл тазалығы мәселелерін көтереді. Тілші А.Тасымов көгілдір экраннан берілетін жаңалықтар халыққа жеткізуші дикторлардың тіліндегі жергілікті тіл ерекшеліктерінің қолданылуын сынға алса, Р.Сыздықова, Қ.Ниеталиева сынды ғалымдар теледидар радио хабарлары тілін тіл мәдениеті тұрғысынан қарастырады.
Осылайша БАҚ тілінің тазалығы, оның тіл нормаларын дұрыс қолдану мәселесі тілшілеріміздің күнделікті үздіксіз алаңдатып келе жатқаны баспа беттеріндегі үздіксіз мақалалардың жазылып келуінен көруімізге болады. Еліміздің Елордасы Астана қаласында 1999 жылы болып өткен Республикалық ғылыми-практикалық конференцияда терминолог ғалым Ш.Құрманбайұлы Қазақ баспасөзінің терминологияны қалыптастырудағы роліне тоқтала отырып өз мақаласында бұқаралық ақпарат құралдарын терминология саласындағы проблемаларды көтеруде ат салысатын қоғамдық-саяси орган дей келе баспасөз беттерінде, телерадио арналарда журналистер тарапынан жіберіліп жататын үлкенді-кішілі кемшіліктер терминологияны жетілдіру бағытындағы жұмыстарға нұқсан келтіретінін ескерте келе «Хабар» арнасынан берілетін спорт шолушысы А.Сейтхановтың тіліндегі терминдерді қолдану олқылықтарын мысал ретінде атап өтеді.
1997 жылдың 21 мамыры күні Алматы қаласында өткен Қазақ терминологиясын қалыптастырудың ғылыми-әдістемелік негіздері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда тележурналистердің тілі туралы біршама мақалалар беріледі. Қазақстан Республикасының Мәдениет вице-министрі Б.Тілеухан осы аталған конференцияда өзінің «Бұқаралық ақпарат құралдары және тіл мәдениеті» атты мақаласында теледидар бағдарламаларында тележурналистердің тілді дұрыс пайдаланбауының салдарынан тіл мәдениетінің бұзылуы қазіргі теледидар тілінде көп кездесетіндігін атай отырып бұл мәселелердің шешілуі үшін хабар мәтіндерінің тіліне шолу жасайтын құрылым болуы қажет, егер ол болса оны жетілдіріп, күшейтіле түскені дұрыс дегенді айтады. Сонымен қатар Б.Тілеуханов аталған баяндамасында қазақ тілі мен электронды ақпарат тілі арасында туындап жатқан олқылықтардың орнын толтыру үшін «диктор мәртебесі» болу керектігіне, әр хабарды жүргізу үшін ондағы бағдарламаның жанр тіліне көңіл бөлу керектігі жөніндегі мәселелерге тоқталады.
М.Серғалиев осы жоғарыда аталған конференцияда «Телехабарлар тілінің лексикасы және тіл мәдениеті» атты баяндама жасап қазіргі телекөрсетілімдердің дені көңіл толтырарлық дәрежеге көтерілгенін айтып өтеді. Аталған конференцияда «Терминология және тілдік норма» деп аталатын баяндамасында тілші ғалым Нұргелді Уәлиев сыртқы күштің әсеріне болып жатқан сөздік құрамдағы «жылжулар», «ығысулар», «жаңғыру» мен «жаңарулар», тәрізді құбылыстардың қарқын алуы тілдік ұжымның ой-санасындағы өзгерістердің объективтенуі (көрінісі) деуге болады. Әр саладағы мамандар телекамера, микрофон алдында сөйлеп жатады. Газет, журнал бағаналарында да сала мамандары тұрақты субъектіге айналды. Бұрын кеңестік дәуірде, олар бұқаралық ақпарат құралдарында сөз субъектісі болудан гөрі, сөз объектісі ретінде көбірек көрінетін – деген түйіндермен өз мақаласында қорытынды жасайды.
Теледидар тіліне қатысты бұдан кейінгі мақалалар Алматы қаласында 1997 жылдың 21 мамыры күні Алматы қаласында өткен «Қазақ терминологиясын қалыптастырудағы ғылыми-әдістемелік негіздері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда бірқатар тіл жанашырлары БАҚ тіліне қатысты біраз проблемаларды көтерді. Тіл жанашырларының осы аталған конференцияда жасаған баяндамалары БАҚ пен қазақ тіліне қатысты мәселелерді әр түрлі тіл қабаттарына байланысты қарастырады. Біз жоғарыда БАҚ тілінің жалпы зерттелуіне тоқталып өте отырып олардың зерттелуінің бірқалыпты емес екендігіне, яғни тіл білімінде «газет тілі» ұғымы жан-жақты зерттеліп келе жатқан ұғым десек, радио тілі мен теледидар тілі жөнінде бұлай айта алмаймыз, себебі кейінгі аталған бұл екі саланың тілін арнайы зерттеген толық ғылыми еңбек қазақ тіл білімінде жоқ деп айтуымызға болады. Сондықтан теледидар тілі мен радио тілінің, газет тілінің ерекшелігін арнайы зерттеу нысаны етіп алу қазақ тіл білімінде жаңаша ғылыми зерттеу арнасын тудырады деген пікірдеміз.