1. Газеттің ішкі құрылымына тән ерекшеліктер
2. Газет айдарларының лексикалық, лингвистикалық құрылысы
3. Газет тақырыптарының лексика-семантикалық ерекшеліктері
4. Әлеуметтік факторлардың газет типтері мен олардың лексикасын қалыптастыруға тигізетін ықпалы
Газет айдарлары (рубрикалар) - газеттің ішкі құрылымынан хабардар ететін, оны танытатын басты компоненттердің бірі. Айдарлар қызметі жағынан негізгі және арнаулы болады. Бірнеше газет типтеріне ортақ жалпылама және бір ғана газет типіне тән, соған ғана лайық арнайы айдарлар да ұшырасады.
Айдарлар құрылымы жағынан тұтас, бір ғана мәселеден хабар береді. Мысалы, «Қазақ» газетінде «Сыртқы хабарлар», «Ішкі хабарлар», «Оқшау сөз» т.б. айдарларының әрқайсысы берер хабарының шығу тегін \ішкі, сыртқы\ немесе өзгелерге ұқсамайтын оқшаулығын аңғартып тұр. «Қазақ» газетіндегі «Сыртқы хабарлар» айдары қазіргі газеттердің көбіне тән «Шетел жаңалықтары» рубрикасына сәйкес.
Бірнеше газет типтеріне ортақ, рубрикалар мемлекеттік дәрежеде көтерілген саяси, әлеуметтік мәселелердің газеттерде насихатталуы барысының көрсеткіші сынды дүниеге келіп отырады. Мәселен, 1980-жылдардағы газеттерге партия, оның саясаты, мемлекет басшаларының позицияларынан туындайтын, әртүрлі көзқарастарды аңғартатын айдарлар ортақ болып келеді. Сол тұстағы айдарлардың көбі бейтарап лексика элементтерінің қатысуымен жасалған, құрылысы қарапайым. Мысалы, «Сьезд мінберінен», «Делегаттар сөйлейді». Бірнеше газет типтерінде ұзақ жылдар бойы мезгіл-мезгіл көрініп отыратын айдарларға тоқталсақ, «Алтын орақ», «Алтын дән», «Егін орағы-...» деп аталады. Бұлардың алдыңғы екеуі бағалауыштық қасиетке ие болса, соңғысы – бейтараптанған лексикалық элементтерден тұрады. Бейтараптанған лексикалық элементтер туралы М.Белбаева былай дейді: «Барлық стиль бірдей қолданыла беретін стильдік бейтарап сөздердің тобына негізгі сөздік қордағы сөздер енеді. Мысалы: тау, жер, су,, үй, киім, жүру, тыңдау, сөйлеу, ақ, қара, көк, мен, сен т.б. Стильдік бейтарап сөздер күнделікті өмірде жиі және жалпылама қолдану қасиетімен сипатталады». Яғни, бейтараптану үшін бағалаушылық қасиет болмау керек екен. Затқа, оның сапасы мен санына, іс-әрекетке айтушы немесе жеткізуші баға бермейді, жәй ғана хабарлайды. Мұндай бейтараптанған айдарлардың құрамы көбіне қарапайым, сөз, сөз тіркесі түрінде болады. Мысалы: «Тәртіптік кеңес іс үстінде» дегенде тәртіптік кеңес ісіне баға берушілік, бағалау тұрғысында көзқарас білдіру қасиеті мүлде жоқ, информация ғана беріліп тұр. Көзқарасты бейтараптандыру, уақыт пен көлем жағынан ұта түсу мақсатынан туындаған мұндай синтаксистік құрылымдар газет бетінде жиі қолданылады. Оған мысал ретінде «Бүгінгі нөмірде», «Бүгінгі оқитындарыңыз...», «Баспасөз баршаға» т.б. айдарларды келтіруге болады.
Осы бейтарап лексикамен берілген айдарларға қарама-қарсы бағалауыштық мәндегі айдарлар саны да жеткілікті. Мысалы, «Оқшау сөз», «Серке сөз», «Әділ сөз», «Дені саудың-жаны сау» т.б.
Айдарлар тілінің синтаксистік құрылысы, айтып кеткеніміздей, аса күрделі болмайды. Мысалы:
1.Кейде адам аттары атау тұлғада тұрады: «Абай және біз». Сондай-ақ, абстрактілі ұғымға құрылған «Ата жұрт-алтын бесік» айдарын да осы аталған құрылысқа жатқызуға болады.
2.Атаулық тіркес түрінде келетін айдарлар «Ұсыныс хат», «Жұмыр жер», «Суыт хабар», «Сүйінші дана». Мысалы, «Жұлдыз жорамал» айдары кез келген газетте кездеседі, себебі де жоқ емес, мақсат-оқырманды тарту, қызықтыру. Осы көрсетілген рубрикалардың ішінде «Суыт хабар», «Ақжолтай хабар» сияқты тіркестерде бағалаушылық сипат басым. Қалғандары – бейтараптанған. Сондай-ақ «Оймақтай ой» \ЕҚ\ айдары экспрессивті-эмоционалды лексикаға құрылған. Осы типтес «Сөз төркіні», «Өткір сұрақ»,»Жаңа басылым» - «Ана тілі» апталығында жиі ұшырасатын айдарлар.
3.Қос сөз түріндегі айдарлар: «Өлең-жыр» \ «Қазақ»\, «Ақшам-ақпарат»\ «Алматы ақшамы»\, «Нарық-саясат» \ «Жас алаш»\ компоненттері мағыналарын жоғалытпаған дербес сөздердің қосарлануының нәтижесінде пайда болған. Бірақ мұндай айдарлар кез-келген сөздердің қосарлануынан жасалмайды, компоненттері көбіне қоғамдағы актуальді құбылыстар мен ұғымдар атаулары болып келеді де, күрделі сөз қосарлану нәтижесінде екі сөздің де негізгі семаларын жинақтап бере алады.
Септік жалғаулармен келген айдарлар:
а) Жатыс септік жалғауымен: «Республикалық қазақ тілі қоғамында», «Жергілікті ұйымдарда», «Тіл тағылымы университетінде», «Тәртіптік кеңесте», «Жол полициясында», «Дөңгеленген дүние үйіңізде», «Бір шаңырақ астында», «Жұмыр жерде теңбіл доп» т.б. Осы сынды айдарлар баяндалатын оқиғаның, болған немесе болатын істің мекенін білдіреді.
б) Шығыс септігі жалғауымен: «Басқармадан», «Ел аузынан», «көңілден шыққан көрікті сөз», «Оқырман хаттарынан»
в) Барыс септік жалғауымен: «Оқырман назарына», «Қаламдастарға құлаққағыс», «Облыс назарына», «Республикалық «Қазақкітап» кітап сауда бірлестігінің назарына», «Ана тіліне» хат», «Шаңыраққа -50 жыл», «Білгенге маржан». Барыс септігінің қатысуы арқылы жасалған эллипсис тұлғалардың оларға деген зәрулік пен тілдің үнемдеу заңы нәтижесінен туындайтындығын аңғаруға болады. Сондықтан да, біздің ойымызша, кейбір зерттеушілер айтып жүргендей, эллипсис тұлғалардан тек қана орыс тілінің әсерін іздей берудің жөні жоқ. Айталық, «Білгенге маржан» конструкциясы орыс тілі әсерімен дүниеге келді деп қалай дәлелдеуге болады. Керісінше, ұлттық колорит, ұлттық бояу анық байқалады дер едік. Өйткені, қабылдаушы \адресат\ осы айдардың мәнін анық түсінуі үшін қазақтардың психологиясы мен мәдениетінен хабардар болуы тиіс.
Айдарлар негізінен төл тілдік элемент арқылы жасалады да, кірме сөздердің пайыздық мөлшері өте аз болып келеді. Синтаксистік құрылысы жағынан айдарлар көбінше сөз тіркесі күйінде келеді де сөз байланысу тәсілдерінің барлығы пайдаланылады. Аяқталған ойды білдіретін сөйлем түріндегі айдарлар да баршылық. Мысалы, «Ұлт боламын десең, ұрпағыңды ойла», «Ақылдасайық, ағайын», «Айтылмаса сөз өледі», «Дін-дәстүр діңгегі» т.б.